7-бап. Міндетті экологиялық сақтандыру шарты және оны жасасу тәртібі Мiндетті экологиялық сақтандыру туралы Заңы
1. Міндетті экологиялық сақтандыру сақтандырушы мен сақтанушы арасында осы Заңға, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне және Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес жасалатын шарт негізінде жүзеге асырылады.
Шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар өз қызметін міндетті экологиялық сақтандыру шартын жасаспай жүзеге асыруға құқылы емес.
Шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрін сол бір объектінің екі және одан көп иесі жүзеге асырған кезде міндетті экологиялық сақтандыру шарты сақтандыру полисінде объектінің барлық иелерін сақтандырылушылар ретінде көрсете отырып, олардың кез келгенімен жасалады.
2. Міндетті экологиялық сақтандыру шартында сақтандырылушы шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асырған кезде авария нәтижесінде келтірілген экологиялық залал салдарынан туындаған міндеттемелер бойынша сақтандыру төлемін жүзеге асыру көзделеді.
3. Міндетті экологиялық сақтандыру шарты міндетті сақтандырудың осы түрі (сыныбы) бойынша қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалуға тиіс.
Сақтанушы сақтандырушыны таңдауға ерікті.
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандырушы сақтанушыға міндетті экологиялық сақтандыру шартын жасасудан бас тартуға құқылы емес.
4. Міндетті экологиялық сақтандыру шарты сақтандырушының сақтандыру полисін электрондық нысанда ресімдеуі арқылы жасалады.
Сақтанушының өтініші міндетті экологиялық сақтандыру шартын жасасу үшін негіз болып табылады.
Міндетті экологиялық сақтандыру шартында көрсетуге жататын талаптардың толық болмағаны үшін сақтандырушы жауапты болады.
Міндетті экологиялық сақтандыру шарты бойынша оның жекелеген талаптарының толық болмауы салдарынан дау туындаған жағдайда, дау сақтанушының пайдасына шешіледі.
4-1. Сақтанушының қалауы бойынша міндетті экологиялық сақтандыру шарты сақтандырушыға жазбаша жүгіну не сақтанушы мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстар алмасу арқылы жасалуы мүмкін.
5. Сақтандыру полисі, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 826-бабында тізбелеп көрсетілген талаптардан басқа, сақтандырушының бір сақтандыру жағдайы бойынша жауапкершілігінің шекті көлемінің мөлшерін қамтуға тиіс.
Міндетті экологиялық сақтандыру бойынша сақтандыру полисінің мазмұны мен оны ресімдеу жөніндегі талаптар Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленеді.
6. Алып тасталды - ҚР 02.01.2021 № 401-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен. Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 401-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының Заңы 2005 жылғы 13 желтоқсандағы N 93-III ҚРЗ.
Осы Заң міндетті экологиялық сақтандыру саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді және оны жүргізудің құқықтық, экономикалық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы