7-бап. Тауар таңбасын тiркеуден бас тартудың өзге де негiздерi Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы Заңы
1. Тауар таңбалары ретiнде:
1) осы Заңның 6-тарауына сәйкес тіркелуі жарамсыз деп танылған немесе оның қолданысы тоқтатылған тауар белгілерін қоспағанда, бiртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге қатысты басқа тұлғаның атына неғұрлым ертерек басымдықпен Қазақстан Республикасында тiркелген және халықаралық шарттарға орай қорғалатын тауар белгілерімен немесе сол тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге қатысты сол тұлғаның бірдей тауар белгілерімен;
2) тауарлар мен қызметтердiң кез келген түрiне қатысты Қазақстан Республикасында белгiленген тәртiппен жалпыға бiрдей белгiлi деп танылған тауар таңбаларымен;
3) бiртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге (кері қайтарып алынғандарынан және тоқтатылғандарынан басқа) қатысты басқа тұлғаның атына неғұрлым ертерек басымдықпен тiркеуге мәлімделген белгiлемелермен немесе сол тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге қатысты сол тұлғаның ұқсас белгілерімен;
4) алып тасталды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;
5) егер тауар таңбасын тіркеу дараландыру үшін тауар шығарылған жердің атауы тіркелген тауарларға қатысты жүзеге асырылса, тауар шығарылған жердiң осы атауын пайдалану құқығы иесiнiң атына тiркелетiн тауар таңбасының қорғалмайтын элементi ретiнде олар енгiзiлуi мүмкiн жағдайларды қоспағанда, кез келген тауарларға қатысты Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар шығарылған жер атауларымен бiрдей немесе олар айырғысыз дәрежеге дейiн ұқсас белгiлемелер тiркелуге жатпайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тауар белгілерінің қандай да біреуімен айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілемені бiртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге қатысты тауар белгісі ретінде тіркеуге тауар белгісі иесінің жазбаша келісімі берілген жағдайда жол беріледі.
Егер иесі заңды тұлға болып табылса, онда жазбаша келісім фирмалық бланкіде ұсынылуға, оған уәкілетті адам қол қоюға және заңды тұлғаның мөрімен (бар болған жағдайда) бекемделуге тиіс, ал егер иесі жеке тұлға болса, онда қолтаңбаны нотариат куәландыруға тиіс.
2. Тауар таңбалары ретiнде:
1) олардың неғұрлым ертерек басымдығы болған жағдайда басқа тұлғалардың атындағы Қазақстан Республикасында қорғалатын өнеркәсiптi үлгiлер;
2) алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
3) өтiнiм берiлген күнi авторлық құқықтарды бұзушылықпен Қазақстан Республикасында белгiлi әдебиет, ғылым және өнер туындыларының атаулары, белгiлi өнер туындылары мен олардың фрагменттерi;
4) осы адамдардың, олардың мұрагерлерiнiң немесе құқық мирасқорларының жеке мүлiктiк емес құқықтарын бұза отырып, олардың тектерiн, есiмдерiн, бүркеншiк аттарын және солардан таралатын есiмдердi, портреттерi мен факсимилелерiн қайталайтын, сондай-ақ егер бұл белгiлер Қазақстан Республикасы тарихы мен мәдениетiнiң игiлiгi болып табылса, олар тиiстi құзыреттi органның рұқсатынсыз тiркелмейдi.
3. Мәдениет саласындағы уәкілетті органмен келісілудің болмауы Қазақстан Республикасының тарихы мен мәдениеті игiлiгiн жаңғыртатын белгілемені тауар белгісі ретінде тіркеуден бас тартуға негіз болып табылады.
4. Осы бапта көзделген бас тартуға негіздер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес тауар белгілері ретінде Қазақстан Республикасының аумағында құқықтық қорғау алуға мәлімделген белгілемелерге қатысты да қолданылады.
Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.06.2018 № 161-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 26 шілдедегі N 456 Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасында тауар белгілерін, қызмет көрсету белгілерін, географиялық нұсқамаларды және тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеуге, құқықтық қорғауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастарды реттейді.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы