73-бап. Азаматтық талапкер ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның іс-әрекетімен келтірілген мүліктік немесе моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап қойған жеке немесе заңды тұлға азаматтық талапкер болып танылады.
2. Азаматтық талапкердің өзi қойған талапты қолдау мақсатында:
1) күдіктің, айыптаудың мәнiн бiлуге;
2) дәлелдемелердi ұсынуға;
3) қойылған талап бойынша түсiнiктеме беруге;
4) қылмыстық iске қосып тігу үшiн материалдарды ұсынуға;
5) өтiнiшхаттар мен қарсылық білдірулерді мәлiмдеуге, ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақтар мен түсiнiктемелер беруге;
6) аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға, өкiлiнің болуына;
7) өзiнiң қатысуымен жүргiзiлген тергеу әрекеттерiнiң хаттамаларымен танысуға;
8) өзiнiң өтiнiшхаты бойынша немесе өкiлiнiң өтiнiшхаты бойынша жүргiзiлген тергеу әрекеттерiне прокурордың, тергеушiнiң немесе анықтаушының рұқсатымен қатысуға;
8-1) қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс туралы іс бойынша бұйрықтық іс жүргізуді қолдануға келісім білдіруге;
9) тергеп-тексеру аяқталғаннан кейiн iстiң азаматтық талап қоюға қатысты материалдарымен танысуға және одан, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, кез келген мәлiметтi және кез келген көлемде жазып алуға;
10) өзiнiң мүддесiн қозғайтын қабылданған шешiмдер туралы бiлуге және мәлiмделген азаматтық талап қоюға қатысты процестік шешiмдердiң көшiрмелерiн алуға;
11) азаматтық талап қоюдың кез келген сот сатысында қаралуына қатысуға;
12) сот жарыссөздерiнде сөйлеуге;
13) сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертулер беруге;
14) қылмыстық процестi жүргізетін органның әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешiмдерiне шағым келтіруге;
15) соттың үкiмi мен қаулыларына азаматтық талап қоюға қатысты бөлiгiнде шағым жасауға;
16) азаматтық талап қою бөлiгiнде iс бойынша келтірілген шағымдар, прокурордың өтінішхаттары және наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылықтар беруге;
17) мәлiмделген шағымдардың, прокурор өтінішхаттарының және наразылықтардың сотта қаралуына қатысуға;
18) алып тасталды - ҚР 10.01.2018 № 132-VI Заңымен (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі);
19) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы мәлімдеуге құқығы бар.
3. Азаматтық талапкер осы Кодекстiң 71-бабының сегiзiншi бөлiгiнде көзделген мiндеттерді көтереді.
4. Азаматтық талапкер, сондай-ақ заңда көзделген басқа да құқықтарға ие болады және басқа да мiндеттерді көтереді.
Ескерту. 73-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.12.2017 № 118-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.01.2018 № 132-VI (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы