8-бап. Ұсынылатын деректердің құпиялылық және қорғалу кепілдіктерін қамтамасыз ету Мемлекеттік статистика туралы Заңы
1. Бастапқы статистикалық деректер құпия болып табылады және осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәліметтерді қоспағанда, оны мемлекеттік статистика органдары тек қана статистикалық ақпаратты түзу мақсатында пайдаланады. Мемлекеттік статистика органдары бастапқы статистикалық деректерді жинау, өңдеу және сақтау кезінде осы деректердің құпиялылығын қамтамасыз етеді.
2. Мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің респондентке қатысты бастапқы статистикалық деректерді пайдалануына, оның ішінде өздері бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асырған кезде пайдалануына жол берілмейді.
3. Респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді қалыптастыру жөніндегі қызметіне орталық және жергілікті атқарушы органдардың және өзге де тұлғалардың араласуына жол берілмейді.
4. Уәкілетті орган қалыптастыратын дерекқордағы мынадай мәліметтер:
1) дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) немесе заңды тұлғаның атауы;
2) экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптауышы бойынша экономикалық қызмет түрі;
3) алып тасталды - ҚР 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
3-1) экономика секторларының сыныптауышы бойынша коды;
3-2) меншік нысандары мен түрлерінің сыныптауышы бойынша коды;
4) бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
5) әкімшілік-аумақтық объектілердің сыныптауышы бойынша коды;
6) заңды тұлғалардың, филиалдар мен өкілдіктердің, сондай-ақ дара кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыскерлер саны жөніндегі мөлшерлік сыныптауышы бойынша коды;
7) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жалпыға қолжетімді ақпаратқа жататын респонденттер туралы ақпарат құпия болып табылмайды.
5. Осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде және осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәліметтерді қоспағанда, респондентті тікелей немесе жанама анықтауға немесе ол туралы бастапқы статистикалық деректерді айқындауға мүмкіндік беретін статистикалық ақпарат және дерекқор құпия болып табылады және ол респонденттің келісімі болғанда ғана таратылуы мүмкін.
Сыртқы сауда қызметі және сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның сұратуы бойынша мәліметтер Қазақстан Республикасының үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары және сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес жүргізілетін тергеп-тексеру мақсаттары үшін ұсынылады.
Сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның сұратуы бойынша мәліметтер Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес сыртқы сауда қызметін кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеуді қолдану мақсаттары үшін ұсынылады.
Осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген, ұсынылған мәліметтерді сыртқы сауда қызметі және сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары және сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссияға, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің, шет мемлекеттердің, шет мемлекеттер одағының құзыретті органдарына беруі мүмкін.
6. Дерекқорды ғылыми және ғылыми-техникалық қызметте Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, сәйкестендірілмеген түрінде ұсынуға және пайдалануға жол беріледі.
6-1. Осы баптың 4-тармағына сәйкес құпия болып табылмайтын мәліметтерді ұсынуға жол беріледі.
7. Мемлекеттік құпияларды қамтитын статистикалық ақпаратты беру тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.
Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 08.06.2015 № 317-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 30.12.2020 № 397-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.07.2024 № 115-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы № 257-IV Заңы.
Осы Заң мемлекеттік статистикалық қызмет процесінде, сондай-ақ әкімшілік деректердің сапасын айқындау кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді және қоғамның, мемлекет пен халықаралық қоғамдастықтың ресми статистикалық ақпаратқа деген сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы