Еңбек даулары туралы Заңның кері күші оларды қолданысқа енгізгеннен кейін туындаған қатынастарға қолданылады
АК-нің 4-бабына сәйкес азаматтық заң құжаттарының керi күшi болмайды және өздерi күшiне енгiзiлгеннен кейiн пайда болған қатынастарға қолданылады. Азаматтық заң құжаттарының заңдық күшi өздерi күшiне енгiзiлгенге дейiн пайда болған қатынастарға бұл оларда тiкелей көзделген реттерде қолданылады.
К. сотқа КеАҚ-қа бұйрықтарды заңсыз деп тану және күшін жою, жұмысқа қайта алу, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақыны өндіріп алу және моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюмен жүгінді.
Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 12 мамырдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы № 2 аудандық сотының 2020 жылғы 6 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылды. КеАҚ филиалының К.-ға сөгіс түрінде тәртіптік жазаны қолдану туралы 2019 жылғы 5 тамыздағы бұйрығы заңсыз деп танылды және күші жойылды.
Талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылды.
Сот актілерінен анықталғандай, талап қоюшы 2011 жылғы 5 қаңтардағы еңбек шарты негізінде филиал басшысы лауазымына жұмысқа қабылданған.
2012 жылғы 3 қазаннан бастап 2016 жылғы 10 қазанға дейінгі кезеңде тараптар арасында талап қоюшыны ұйым ішінде ауыстыруға байланысты бірқатар қосымша келісімдер жасалды.
2016 жылғы 10 қазандағы бұйрықпен талап қоюшы Саран қалалық бөлімшесінің басшысы лауазымына ауыстырылды.
2018 жылғы 17 мамырдағы қосымша келісіммен 2011 жылғы 5 қаңтардағы еңбек шарты жаңа редакцияда жазылған.
2019 жылғы 8 қаңтардағы қосымша келісіммен жұмыскер 120 000 теңге лауазымдық айлықақымен уақтылы-сыйлықақы төлеміне ауыстырылды.
Лауазымдық айлықақысы 120 000 теңге болатын кесімді-сыйлықақы төлеміне ауысуына байланысты жұмыскер мен жұмыс беруші арасында 2019 жылғы 27 мамырдағы № 13 қосымша келісім жасалды.
2019 жылғы 5 тамыздағы бұйрықпен талап қоюшы Еңбек кодексінің 64-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес 2019 жылғы 1 жартыжылдыққа арналған кіріс жоспарын орындамаудан көрінетін лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
2019 жылғы 22 қазандағы бұйрықпен талап қоюшымен еңбек шарты тараптардың келісімі бойынша Еңбек кодексінің 49-бабының 1) тармақшасына, 50-бабының 3-тармағына және 96-тармағына сәйкес ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған күні үшін 50 күнтізбелік күн мөлшерінде өтемақы және 2 лауазымдық жалақы мөлшерінде өтемақы төлей отырып бұзылды.
Еңбек кодексінің 50-бабының 3-тармағына сәйкес еңбек шартында жұмыскермен келісім бойынша жұмыс берушінің осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптарды сақтамай, өтемақы төлемін алумен еңбек шартын бұзу құқығы көзделуі мүмкін, оның мөлшері еңбек шартында айқындалады.
2019 жылғы 22 қазандағы бұйрыққа сәйкес талап қоюшымен еңбек шарты тараптардың келісімі бойынша Еңбек кодексінің 49-бабының 1) тармақшасына, 50-бабының 3-тармағына және 96-тармағына сәйкес ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған күні үшін 50 күнтізбелік күн мөлшерінде өтемақы және 2 лауазымдық жалақы мөлшерінде өтемақы төлене отырып, бұзылды. Негіздеме ретінде 2019 жылғы 20 қыркүйектегі тәртіптік комиссия отырысының хаттамасы және 2019 жылғы 27 мамырдағы № 13 қосымша келісім көрсетілген.
НҚ-ның 27-тармағына сәйкес егер сот тараптардың келісімі бойынша Еңбек кодексінің 50-бабы 3-тармағында көзделген тәртіппен еңбек шарты бұзылған адамды жұмысқа қайта алу туралы дауды қарау кезінде еңбек шартында жұмыскердің келісімі бойынша жұмыс берушінің еңбек шартын жұмыскерге хабарлама жібермей және бұзу күнін нақтыламай, бірақ мөлшері еңбек шартында айқындалатын өтемақы төлей отырып бұзу құқығы көзделген деген тұжырымға келсе, жұмыскер жұмысқа қайта алынуы мүмкін емес.
2019 жылғы 27 мамырдағы қосымша келісімнің 8.1-тармағының 1) тармақшасында тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын бұзу көзделген. Қосымша келісімнің 4.1-тармағының 3) тармақшасында жұмыс берушінің еңбек қатынастары шеңберінде 2 лауазымдық жалақы мөлшерінде өтемақы төлей отырып, Еңбек кодексінің 50-бабының 3-тармағын қолдану құқығы бекітілген.
Көрсетілген мән-жайлар кезінде тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп тану үшін негіздердің жоқтығы туралы соттардың тұжырымдары заңды.
Жаңа редакциядағы Еңбек кодексінің 50-бабын даулы құқықтық қатынастарға қолдануға қатысты.
АК-нің 4-бабына сәйкес азаматтық заң құжаттарының керi күшi болмайды және өздерi күшiне енгiзiлгеннен кейiн пайда болған қатынастарға қолданылады. Азаматтық заң құжаттарының заңдық күшi өздерi күшiне енгiзiлгенге дейiн пайда болған қатынастарға бұл оларда тiкелей көзделген реттерде қолданылады.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 4 мамырдағы № 321-VІ Қазақстан Республикасының Заңында оның күші ол қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған қатынастарға қолданылатыны айтылмаған.
Өтінішхатта «Құқықтық актілер туралы» Заңның азаматтардың жағдайын жақсартатын нормативтік құқықтық актінің кері күші бар деген 43-бабына жасалған сілтеме негізсіз деп танылды, өйткені осы нормада Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағы 5) тармақшасының жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды.
«Қазақстан Республикасы Конституциясы 14-бабының 1 және 2-тармақтарына, 24-бабының 2-тармағына, 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына ресми түсіндірме беру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999 жылғы 10 наурыздағы № 2/2 қаулысында қамтылған түсініктемелерге сәйкес, көрсетілген конституциялық нормаға сәйкес құқық бұзушылықтар үшін азаматтардың заңдық жауапкершілігін реттейтін және жауапкершіліктің жаңа түрлерін белгілейтін немесе оны жаңа санкциялар енгізу жолымен күшейтетін заңдардың кері күші болмайды.
Осыдан «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабындағы «жағдайын жақсартатын» немесе «жағдайын нашарлататын» деген сөздер құқық бұзушылықтар үшін азаматтардың заңды жауапкершілігін реттейтін заңдарға ғана қолданылатыны және олар реттейтін қатынастарға қатысушылардың теңдігін тануға негізделген азаматтық заңнамаға қолданылмайтыны туындайды.
Демек, 2020 жылғы 4 мамырдағы Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін жұмыскермен келісім бойынша жұмыскерге хабарлама жібермей және бұзу күнін нақтыламай, бірақ мөлшері еңбек шартымен айқындалатын өтемақы төлене отырып, жұмыс берушінің еңбек шартын бұзу құқығы көзделген бұрын жасалған еңбек шарттарының ережелері жұмыскерлердің жағдайын нашарлатпайды, өйткені бұл шарттар Еңбек кодексінің 50-бабының ескі редакциясының қолданылу кезеңінде тараптардың келісімімен келісілген және еңбек шартында өзінің заңды күшін жойған жоқ. Еңбек кодексінің 49-бабының 2) тармақшасы тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын бұзу үшін негіз болып табылады.
Е. ЖШС-ға еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп тану, жұмысқа қайта алу, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақыны өндіріп алу, еңбек шартының 16.10-тармағын жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
2023 жылғы 31 шілдедегі бұйрықпен талап қоюшымен еңбек шарты үш айлық лауазымдық жалақы мөлшерінде өтемақы төлене отырып, Еңбек кодексінің 49-бабының 1) тармақшасы және еңбек шартының 16.10-тармағы негізінде бұзылды.
Іс бойынша тараптар арасында еңбек шарты 2017 жылғы 6 қаңтарда жасалғаны және 16.10-тармақтың сол кездегі қолданыстағы Еңбек кодексінің 50-бабы 3-тармағының редакциясына сәйкес келетіні анықталды.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, еңбек шартын жасасу кезінде жұмыс берушіге жұмыскердің келісімінсіз тиісті өтемақы төлеумен еңбек қатынастарын бұзуға мүмкіндік беретін КК-нің 50-бабы 3-тармағының нормасы қолданылғанын, ал талап қоюшы шарт талабын дауламағанын негізге алды.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоя отырып және іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдай отырып, еңбек шарты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен тоқтатылуы және бұзылуы мүмкін деген тұжырымға келді. Еңбек шарты тоқтатылған сәтте қолданыстағы еңбек заңнамасынан жұмыс берушіге өтемақы төлеумен жұмыскердің келісімінсіз еңбек шартын бұзуға құқық беретін норма алып тасталды.
ЖС сот алқасы апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жоя және сот шешімін күшінде қалдыра отырып, апелляциялық сатыдағы сот тараптар арасында еңбек шарты өзгерістер енгізілгенге дейін жасалғанын және Еңбек кодексінің 50-бабының 3-тармағын алып тастау фактісі бұрын жасалған еңбек шартының дауланып отырған 16.10-тармағының заңсыздығын куәландыра алмайтынын назарға алмағанын көрсетті.
АК-нің 383-бабына сәйкес шарт тараптар үшiн оны жасасу кезiнде қолданылып жүрген заңдармен белгiленген мiндеттi ережелерге (императивтiк қалыптарға) сәйкес келуге тиiс.
Егер шарт жасалғаннан кейiн шарт жасалған кезде қолданылып жүрген ережелерден өзгеше, тараптар үшiн мiндеттi ережелер заңдармен белгiленген болса, жасалған шарттың ережелерi оның күнi бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға да қолданылады деп заңдармен белгiлегендегiден басқа жағдайларда, өз күшiн сақтайды.
Осыған байланысты, жоғарыда көрсетілген Заң қабылданғанға дейін жасалған еңбек шартында КК-нің 50-бабының 3-тармағының бұрын қолданылған нормаларының болуы және қолданылуы еңбек заңнамасын бұзу болып табылмайды.
Соттылық
«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының (бұдан әрі - НҚ) 5-тармағына сәйкес еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын даулар бойынша талаптар жауапкердің – заңды тұлға органының орналасқан жері бойынша немесе дауда жауапкер ретінде болатын жұмыс беруші жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша жалпы азаматтық сот ісін жүргізу қағидалары бойынша сотқа қойылуға жатады.
АПК-нің 29-бабының екінші бөлігіне сәйкес заңды тұлғаға талап қою құрылтай құжаттарына сәйкес және (немесе) Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген мекенжайға сәйкес заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша сотқа беріледі.
АПК-нiң 30-бабының үшiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен филиалдың немесе өкiлдiктiң орналасқан жерi бойынша талап қоюлар берiлген кезде тек заңды тұлғалар ғана жауапкер бола алады.
Қорытылатын санаттағы істер бойынша соттылық мәселелері қиындық туғызбайды.
Мысалы, Өскемен қалалық сотының ұйғарымымен Ж.-ның ЖШС-ға залалды өндіру, үстеме жұмыс үшін ақы төлеу, моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюға қатысты азаматтық іс мәні бойынша қарау үшін соттылығы бойынша Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына берілді.
Соттың ұйғарымы дұрыс, өйткені жауапкер - заңды тұлға Астана қаласы, Д.Қонаев көшесі мекенжайында орналасқан және тіркелген, еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын даулар бойынша талап қоюлар жауапкердің орналасқан жері бойынша азаматтық сот ісін жүргізудің жалпы қағидалары бойынша сотқа берілуге тиіс.
Бұдан басқа, соттардың назарын Еңбек кодексінің 19-бабының талаптарына аудару қажет деп есептеймін, оған сәйкес шетелдік заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің басшысы осы заңды тұлға атынан жұмыс берушінің барлық құқықтарын жүзеге асырады және барлық міндеттерін атқарады. Демек, қызметкер филиал басшысының заңды тұлғаның мүдделерін білдіру құқығын алдын ала тексеріп, шетелдік заңды тұлға филиалының орналасқан жері бойынша талап қоюмен жүгінуге құқылы.
Жұмыс беруші оңалтылған не банкрот болған жағдайда еңбек дауларының соттылығын айқындау мәселесі
Сонымен АПК-нің 35-бабы сегізінші бөлігінің ережелеріне сәйкес оңалту рәсімін және олардың банкроттығы рәсімін қолдану туралы шешім шығарған судья, соттылығы АПК-нің 31-бабында белгіленген даулар бойынша істерді қоспағанда, оңалту рәсімі және олардың банкроттығы рәсімі шеңберінде туындайтын даулар бойынша, оның ішінде борышкер жасасқан мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы, борышкердің мүлкін қайтару туралы, оңалтуды немесе банкроттықты басқарушының талап қоюлары бойынша дебиторлық берешекті өндіріп алу туралы істерді қарайды.
Ақтөбе қалалық сотының 2021 жылғы 15 ақпандағы ұйғарымымен Ж.-ның ЖШС-ға жұмыстан шеттету, шығару туралы, жұмысқа қайта алу, үстеме жұмыс үшін жалақыны өндіріп алу туралы, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақыны өндіру, өсімпұлды, моральдық зиянды өндіру туралы бұйрықтардың күшін жою туралы талап қоюы осы соттың соттылығына жатпайтындықтан, КК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасы негізінде қайтарылған.
Сот талап қоюды қайтара отырып, Ақтөбе облысы МАЭС-тің шешімімен Серіктестікке қатысты оңалту рәсімі қолданылғанын, осыған байланысты АПК-нің 35-бабының 8-бөлігіне сәйкес іс экономикалық соттың қарауына жататынын көрсетті.
Заңды күшіне енген Ақтөбе облысы МАЭС-тің 2016 жылғы 14 қазандағы шешімімен Серіктестікке қатысты оңалту рәсімі іс жүзінде қолданылған.
«Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 67-бабының 5, 7) тармақшаларының ережелеріне сәйкес сот борышкер жауапкер ретiнде әрекет ететін мүлiктiк сипаттағы даулар бойынша iсті өзiнiң іс жүргiзуiне қабылдайды, сондай-ақ оңалту рәсіміне қатысушылар арасындағы дауларды шешеді.
Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 16) тармақшасына сәйкес еңбек дауы – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келісімдердің, еңбек және (немесе) ұжымдық шарттардың, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша жұмыскер (жұмыскерлер) мен жұмыс беруші (жұмыс берушілер), оның ішінде бұрын еңбек қатынастарында болғандар арасындағы келіспеушіліктер.
Тараптар арасындағы дау еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтыны, еңбек заңнамасының нормаларына және еңбек шарттарының талаптарына негізделгені және оңалту рәсімін жүзеге асырумен байланысты еместігі анықталды.
Сот АПК-нің 35-бабы сегізінші бөлігінің ережелерін дұрыс қолданбағандықтан, сот алқасының 2021 жылғы 12 наурыздағы ұйғарымымен мәселені бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға бере отырып, сот ұйғарымының күші жойылды.
Жұмыс беруші банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған жағдайда еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын даулар (жұмысқа қайта алу, жалақыны өндіріп алу және т.б. туралы) жалпы юрисдикция соттарында қаралуға және шешілуге жатады, АПК-нің 35-бабының сегізінші бөлігі ережелерінің нормалары еңбек дауларына қолданылмайды.
Мемлекеттік баж
СК-нің 610-бабы 7-тармағының талаптарына сәйкес мүлiктiк емес сипаттағы талап қою арыздарынан – 0,5 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж алынады.
СК-нің 951-бабы 1-тармағының талаптары негізінде моральдық зиян – жеке тұлғалардың өзiндiк мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының бұзылуы, кемсiтiлуi немесе олардан айырылуы.
АПК-нің 149-бабының талаптарына сәйкес, талап қоюға мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қоса беріледі.
СК-нің 616-бабының 1) тармақшасына сәйкес соттарда талап қоюшылар еңбекке ақы төлеу сомасын өндіріп алу туралы талап қою және еңбек қызметіне байланысты басқа да талаптар бойынша мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
Талап қою қанағаттандырылған жағдайда сот АПК-нің 117-бабына сәйкес мемлекет кірісіне мемлекеттік бажды оны төлеуден босатылмаған жауапкерден өндіріп алуға міндетті.
Соттардың АПК-нің 149-бабы 1-бөлігінің 2) тармақшасын бұза отырып, мемлекеттік баж төленбеген талап қоюларды соттың іс жүргізуіне қабылдаған жекелеген жағдайлары анықталды.
Іс материалдарынан анықталғандай, А. ЖШС-ға жалақыны, бос тұрып қалғаны үшін өтемақыны, моральдық зиян өтемақысын өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен күшінде қалдырылған Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының 2022 жылғы 13 сәуірдегі шешімімен ЖШС-дан А.-ның пайдасына жалақыны өндіру бойынша берешекті, тұрақсыздық айыбын, моральдық зиян өтемақысын, өкілдің көмегіне ақы төлеу шығыстары өндірілді.
ЖШС-ға 2021 жылғы 22 маусымнан бастап 2021 жылғы тамызға дейін А.-ның еңбек қызметінің кезеңіне зейнетақы аударымдары мен басқа да міндетті төлемдерді жүргізу міндеті жүктелді.
Дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібін сақтау
Еңбек кодексінің 159-бабының талаптарын қолдану практикасы
АПК-нің 148-бабы талап қоюдың нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптардың тізбесін қамтиды. АПК-нің 148-бабы 1-тармағының алтыншы бөлігіне сәйкес, егер бұл заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе, арызда жауапкерге жүгінудің сотқа дейінгі тәртібін сақтау туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс.
Еңбек тәртібінің 159-бабының 1-тармағына сәйкес жұмыс беруші мен микрокәсіпкерлік субъектінің, жұмыскерлерінің саны он бес адамнан аспайтын коммерциялық емес ұйымның жұмыскері, үй жұмыскері, заңды тұлғаның жеке-дара атқарушы органы, заңды тұлға атқарушы органының басшысы, сондай-ақ заңды тұлғаның алқалы атқарушы органының басқа да мүшелері арасында туындайтын дауларды қоспағанда, жеке еңбек дауларын – келісу комиссиялары, ал реттелмеген мәселелер не келісу комиссиясы шешімінің орындалмауы бойынша дауларды соттар қарайды.
Яғни жұмыс беруші мен микрокәсіпкерлік субъектінің, жұмыскерлерінің саны он бес адамнан аспайтын коммерциялық емес ұйымның жұмыскері, үй жұмыскері, заңды тұлғаның жеке-дара атқарушы органы, заңды тұлға атқарушы органының басшысы, сондай-ақ заңды тұлғаның алқалы атқарушы органының басқа да мүшелері арасында туындайтын даулар бойынша келісу комиссиясында дауды алдын ала қарауды сақтау талап етілмейді.
Келісу комиссиясына жүгіну туралы талап еңбегі Қазақстан Республикасының арнайы заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен реттелетін жұмыскерлердің жекелеген санаттарына, оның ішінде әскери қызметте тұратын жұмыскерлерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметшілерге қолданылмайды.
Нормативтік база
Қорытылатын санаттағы істерді қарау кезінде қолдануға жататын негізгі нормативтік құқықтық актілер:
Қазақстан Республикасының Конституциясы;
1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (Жалпы бөлім);
1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (Ерекше бөлім) (бұдан әрі - АК);
2015 жылғы 31 қазандағы № 377-V Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі (бұдан әрі - АПК);
2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V ҚРЗ Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі (бұдан әрі - Еңбек кодексі);
2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VI ҚРЗ Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) (бұдан әрі - СК);
2015 жылғы 29 қазандағы № 375-V ҚРЗ Кәсіпкерлік кодексі;
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI ҚРЗ Кодексі;
«Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Қазақстан Республикасының Заңы;
«Нотариат туралы» 1997 жылғы 14 шілдедегі № 155-I Қазақстан Республикасының Заңы;
«Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» 1998 жылғы 22 сәуірдегі № 220-1 Қазақстан Республикасының Заңы;
«Акционерлік қоғамдар туралы» 2003 жылғы 13 мамырдағы № 415 Қазақстан Республикасының Заңы;
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының:
«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2017 жылғы 6 қазандағы № 9;
«Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7;
«Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5;
«Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдануы туралы» 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 9 нормативтік қаулылары.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы