Иелену мерзіміне байланысты мүлікке меншік құқығын тану туралы
Жылжымайтын мүлікке иелену мерзіміне байланысты меншік құқығын тану туралы талаптар жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тану туралы өзге де талаптар сияқты мүліктің орналасқан жеріндегі сотқа қойылады және талап қою тәртібімен қаралады.
АК-нің 240-бабына сәйкес мүлiктiң меншiк иесi болып табылмайтын, бiрақ өзiнiң жеке қозғалмайтын мүлкiндей жеті жыл бойы, не өзге мүлiктi кем дегенде бес жыл адал, ашық және ұдайы иеленген азамат немесе заңды тұлға ол мүлiкке меншiк құқығын (иелену мерзiмiн) алады.
Иелену мерзімі бойынша жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тану үшін міндетті түрде үш шарт орындалуы қажет:
- иелену мерзімі бойынша меншік құқығын тануды талап етіп отырған тұлға мүліктің иесі болып табылмайды;
- мүлікті тұлға өз мүлкіндей адал, ашық және ұдайы иеленген;
- тұлға мүлікті 10 жыл бойы (3 жыл талап қою мерзімі + 7 жыл АКнің 240 бабының 1-тармағына сәйкес), не өзге мүлiктi кем дегенде 8 жыл(3 жыл талап қою мерзімі + 5 жыл АК-нің 240- бабының 1-тармағына сәйкес) иеленуі тиіс.
Бұл санаттағы азаматтық істерді қарау барысында соттар талапкердің мүлікті адал, ашық және ұдайы иеленгенін бекітетін дәлелдемелерін зерттеуі қажет.
Атап айтқанда, дәлелдеме ретінде төмендегі мән-жайлар танылуы мүмкін:
- талапкер мен оның отбасы мүшелері даулы тұрғын үйде тіркелген;
- талапкер мүлікті күтіп-ұстауға байланысты барлық төлемдерді төлеп келген, оның ішінде мүлік салығын, коммуналдық төлемдерді төлеп отырған;
- талапкер тұрғын үйдізаңды жолмен иемденген; - талапкер тұрғын үйді ашық түрде иемденіп отырғанын ешкімнен жасырмайды( куә ретінде көршілерінің жауаптарымен растаулы мүмкін);
- талапкердің мүлікті үздіксіз, өзінің құқығын басқа үшінші тұлғаларға бермей иемденуі.
Иелену мерзiмiне жүгiнетiн азамат немесе заңды тұлғаның өздерi құқықты мирасқорлары болып табылатын тұлғаның осы затқа иелiк еткен уақытының бәрiн өз иелiгiне қосып алуына болады. Иелену мерзімінің өтуі затты иеленген кезден басталады. Жоғарыда аталған мән-жайлар толығымен бекітілген жағдайда талапты қанағаттандыру туралы шешім қабылданады.
Егер сотқа талап қойылған уақытқа дейін мүлікті сатқан тұлға қайтыс болған болса, онда бұл жағдайларда мүлікке меншік құқығын тану туралы талап қойылады. Мұндай талаптар жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша қойылады. Жауапкер ретінде коммуналдық тұрғын үй қорын басқаруға өкілетті жергілікті атқарушы орган көрсетіледі.
АК-нің 13-бабына сәйкес азаматтың құқық қабiлеттiлiгi ол туған кезден басталып қайтыс болған соң тоқтатылады. Сәйкесінше, мүлікті сатып алған тұлға сотқа жүгінген уақытта оның бұрынғы иесінің меншік құқығы оның қайтыс болуына байланысты тоқтаған болып есептеледі. Егер де оның мұрагерлері жоқ болса, не болмаса олар мұраға құқық беретін куәлікті алу үшін нотариалдық кеңсеге жүгінбеген болса, мүліктің меншік иесі жоқ болып саналады.
Иесiз қалған мүлiктi есепке алу, сақтау, одан әрi пайдалану және сату жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруды коммуналдық меншiктi басқаруға уәкiлеттi органдар жүзеге асыратындықтан және мұндай талаптар бойынша олардың мүдделері қозғалатындықтан, аталған органдар жауапкер ретінде көрсетіледі.
Мұндай мәміле іс жүзінде жасалған болып саналады, себебі мүлікті сатқан тұлға көзі тірісінде оны дауламаған, онымен келіскен. Мәміле іс жүзінде жасалып, құжат жүзінде ресімделмей қалған. Мұны заңдастырып, өзінің меншік құқығын тіркеу үшін мүлікті сатып алған тұлға АК-нің 259- бабының негізінде меншік құқығын тану туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы.
Мысалы, 15.07.2015 жылы Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының шешімімен талапкер Т.И.-дың жауапкер Қапшағай қалалық мемлекеттік техинспекцияның ауыл шаруашылығы бөліміне жылжитын мүліктеріне меншік құқығын тану туралы талабы қанағаттандырудан бас тартылған. Талапкер 01.11.2008 жылы С.О.-дан сатып алған жол тегістегіш және дәнекерлеу агрегаты техникаларына меншік құқығын тануды сұраған. Жауапкер техникалардың құқық меншігін растайтын құжаттары болмауына байланысты талапкердің атына тіркеуден бас тартқан. Сот иелену мерзімін қолданып талапкерге техникаларға меншік құқығын тануға жатпайды, азаматтық заңнамада техникаларға меншік құқығын танудың өзге тәртібі қаралған, деп тұжырымға келген.
Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының 10.04.2015 жылғы шешімімен талапкер К.К.-ның жауапкерлер О.С., А.Т., М.С.-ға қойған пәтердің ¾ бөлігіне иелену мерзімінің ескеруіне байланысты меншік құқығын тану туралы талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Істің мән-жайына қарағанда, талапкер 28.02.2006 жылы Көкшетау қаласындағы Абай көшесі №146 үй 8-пәтердің ¼ бөлігін В.Р.-дан сатып алған. Пәтер 28.10.1994 жылғы пәтерді жекешелендіру шартына сәйкес жауапкерлердің ортақ меншігі болған. 26.06.2003 жылғы сату-сатып алу шарты бойынша пәтердің ¼ бөлігі В.Р.-ға тиесілі болған. Талапкер жауапкерлердің Қазақстан Республикасынан көшіп кеткендерін және өзінің пәтерде 2006 жылдан бері тұрып, адал, ашық, ұдайы пайдаланып келе жатқанын көрсетіп, иелену мерзіміне сәйкес пәтердің ¾ бөлігіне меншік құқығын тануды сұраған. Пәтердің ¾ бөлігінің меншік иелері болғандықтан, сот АК-нің 240 бабының 1-бөлігін қолданып, иелену мерзімі ескірген деген негізбен меншік құқығын тануға жатпайды, деп санаған.
Сондай-ақ, жоғарыда аталған сотпен 05.05.2015 жылы қаралып, талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған талапкер С.К.-ның жауапкер Көкшетау қалалық әкімдігіне иелену мерзіміне сай жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тану туралы азаматтық іс бойынша талапкер өзіне 11.11.1994 жылы «Казпочта» АҚ-да жұмыс істеп жүргенінде беріліп, содан беріп иеленіп келе жатқан Көкшетау қаласы Саин көшесі №28 а үйдің 305 бөлмесіне меншік құқығын тануды сұраған. Сотта аталған бөлменің Көкшетау қалалық әкімдігінің 02.11.2012 жылғы қаулысымен коммуналдық меншік объектісі болып бекітіліп, «Көкшетау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ-нің меншігіне оралымды басқаруға беріліп, соңғының құқығы 26.12.2006 жылы Көкшетау қалалық Әділет басқармасында мемлекеттік тіркеуге алынғаны анықталған. Даулы бөлменің мемлекет меншігінде болуына байланысты иелену мерзімін қолданып оған талапкердің меншік құқығын танудан бас тартылған.
Ал, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі N 5 «Тұрғын үйге меншік құқығына қорғауға байланысты дауларды шешудің кейбір мәселелері туралы» Нормативтік қаулысы 12- тармағына сәйкес заңсыз алынған жер учаскесінде орналасқан және оған қажетті рұқсаттарды алмай немесе сәулет және құрылыс нормалары мен ережелерін бұза отырып өз бетімен салынған тұрғын үйге, АК 240-бабымен белгіленген иелену мерзімінің өтуі қолданылмайды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкендігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды.
Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Құжатты жүктеп алу
-
Сот шешімі заңсыз салынған құрылысқа меншік құқын тану жайлы
65 рет жүктеп алынды