12-бап. Уәкілетті органның мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тiркеуі Бағалы қағаздар рыногы туралы Заңы
1. Мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеу үшін эмитент уәкілетті органға электрондық нысанда мынадай құжаттарды:
1) ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісімі бар, еркін нысанда жасалған, акционерлік қоғамның уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған өтінішті;
2) облигацияларды шығару, орналастыру, айналысқа жiберу және өтеу, облигацияларды орналастыру нәтижесiнде эмитент алған қаражатты пайдалану тәртiбi, облигацияларды шығару көлемi, саны мен түрi, облигациялардың номиналды құны, облигацияларды ұстаушылардың құқықтары туралы мәлiметтер қамтылған мемлекеттік емес облигацияларды шығару туралы эмитент органы шешiмiнiң көшiрмесiн не облигациялық бағдарламаның шығарылу көлемі туралы мәліметтер қамтылған облигациялық бағдарламаны шығару туралы эмитент органы шешімінің көшірмесін;
3) мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектiсiн (облигациялық бағдарлама проспектiсiн);
4) эмитент жарғысының көшірмесін (болған кезде);
5) қамтамасыз етілген облигациялар шығарылған жағдайда, эмитент міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етудің болуын растайтын құжаттарды;
6) алып тасталды – ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
7) облигацияларды ұстаушылардың өкілімен жасалған шарттың көшірмесін (облигацияларды ұстаушылардың өкілімен шарт жасасу міндеті осы Заңның талаптарында көзделген және (немесе) шарт жасасу эмитенттің бастамасымен болған жағдайда);
8) алып тасталды – ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
9) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған эмитенттер үшін эмитенттің кірісін оның қатысушылары арасында бөлу тәртібін;
10) эмитенттің аудиторлық есептермен расталған, соңғы екі қаржы жылы үшін жылдық қаржылық есептілігінің (эмитенттің еншілес ұйымдары болған жағдайда шоғырландырылған қаржылық есептілігінің) көшірмелерін, сондай-ақ аудиторлық есептердің көшірмелерін (жаңадан құрылған эмитенттерді қоспағанда);
11) мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тіркеуге құжаттарды берер алдында соңғы тоқсанның аяғындағы не мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тіркеуге құжаттарды берер алдында соңғы тоқсаннан кейінгі айдың 25-күніне дейін ұсынған жағдайда, соңғы тоқсанның алдындағы тоқсанның аяғындағы жағдай бойынша эмитенттің қаржылық есептілігінің көшірмесін ұсынуға міндетті;
Аяқталған қаржы жылы үшін қаржылық есептіліктің аудиторлық есебі болмаған жағдайда, эмитент ағымдағы жылғы 1 қаңтар – 1 маусым аралығындағы кезеңде уәкілетті органға соңғы аяқталған жылдың алдындағы екі жыл үшін қаржылық есептілікті және көрсетілген кезең үшін қаржылық есептіліктің аудиторлық есебін ұсынады. Аяқталған қаржы жылы үшін аудиторлық есеп пен қаржылық есептілікті эмитент Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жылдық қаржылық есептілік бекітілген күннен бастап бір ай ішінде ұсынады.
2. Мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының бейрезидент-эмитенті уәкілетті органға электрондық нысанда қосымша мынадай құжаттарды ұсынуға міндетті:
1) Қазақстан Республикасының бейрезиденті-эмитент орналасқан мемлекеттің заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының бейрезиденті-эмитенттің заңды тұлға ретінде тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі, дұрыстығын нотариат куәландырған оның қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса тіркеледі;
2) Қазақстан Республикасының бейрезиденті-эмитенттің құрылтай құжаттарының көшірмелері, дұрыстығын нотариат куәландырған оның қазақ және орыс тілдеріндегі аудармалары қоса тіркеледі;
3) шетел мемлекетінің қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органының облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеуге өтініш беру күніне дейін үш айдағы кезеңде Қазақстан Республикасының бейрезиденті-эмитенттің пруденциялық нормативтерді және бейрезиденттің уәкілетті органы белгілеген өзге де нормалар мен лимиттерді сақтауы туралы хаты (егер Қазақстан Республикасының бейрезиденті-эмитент қаржы ұйымы болып табылса);
3. Құрылтайшылар (жалғыз құрылтайшы) жарғылық капиталды төлегеннен кейін ғана эмитент мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеуге құжаттарды ұсынуға құқылы.
4. Өзара сақтандыру қоғамдарының мемлекеттік емес облигациялар шығаруға құқығы жоқ.
5. Ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келген кезде уәкілетті орган мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады және эмитентке мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеу туралы куәлік пен облигациялар шығарылымы проспектісін (облигациялық бағдарлама проспектісін) электрондық нысанда жібереді.
6. Мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды мемлекеттік тіркеу үшін эмитент уәкілетті органға электрондық нысанда мынадай құжаттарды ұсынады:
1) ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісімі бар, еркін нысанда жасалған, эмитенттің уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған өтініш;
2) өзгерістер және (немесе) толықтырулар ескерілген электрондық түрдегі облигациялар шығарылымы проспектісі (облигациялық бағдарлама проспектiсі);
3) облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге негіз болған эмитент органы отырысы шешімінің (хаттамасының) көшірмесі немесе хаттамасынан үзінді көшірме.
7. Облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды мемлекеттік тіркеу үшін ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келген кезде уәкілетті орган эмитентке электрондық нысанда мыналарды жібереді:
1) мемлекеттiк емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк (мемлекеттік емес облигациялар саны азайған және (немесе) олардың түрі, айналыс мерзімі өзгерген және (немесе) эмитенттің атауы өзгерген және (немесе) тұрған жері өзгерген кезде);
2) өзгерістер және (немесе) толықтырулар ескерілген мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісі (облигациялық бағдарлама проспектісі).
8. Осы баптың 1-тармағының 4), 10) және 11) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды, егер осы құжаттар мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) немесе мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы (облигациялық бағдарлама) проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды мемлекеттік тіркеу үшін құжаттар ұсынылатын күнге дейін қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында орналастырылған болса, эмитент уәкілетті органға ұсынбайды.
9. Мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеу тәртібі, сондай-ақ мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеуге арналған құжаттарға қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
10. Осы баптың талаптары айналыс мерзімі он екі айдан аспайтын облигацияларға, жеке орналастыруға жататын облигацияларға қолданылмайды.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 2 шілдедегі N 461 Заңы.
Осы Заң эмиссиялық бағалы қағаздардың және өзге де қаржы құралдарының шығарылуы, орналастырылуы, айналысы және өтелуi процесiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды, бағалы қағаздар нарығы субъектiлерiнiң құрылуы мен олардың қызметiнің ерекшелiктерiн реттейдi, бағалы қағаздар нарығының қауiпсiз, ашық және тиiмдi жұмыс iстеуiн, инвесторлардың және бағалы қағаздарды ұстаушылардың құқықтарының қорғалуын, бағалы қағаздар нарығына қатысушылардың адал бәсекелестігін қамтамасыз ету мақсатында бағалы қағаздар нарығын реттеу, бақылау және қадағалау тәртiбiн айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы