332-бап. Жердi бүлдiру ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының
- Жердi өнеркәсіптік, тұрмыстық немесе өзге де шығарындылармен немесе қалдықтармен қоқыстау, сол сияқты пестицидтерді, улы химикаттарды, тыңайтқыштарды, өсiмдiктердiң өсуiн ынталандырғыштарды немесе өзге де қауiптi химиялық, радиоактивтi немесе биологиялық заттарды сақтау, пайдалану, тасымалдау немесе көму кезінде олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу салдарынан жерді улау, ластау немесе шаруашылық немесе өзге де қызметтің зиянды өнімдерімен өзгеше бүлдіру, егер бұл іс-әрекеттер ірі залал келтіруге әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса немесе адамның денсаулығына зиян келтірсе, –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, мынадай:
1) аса ірі залал келтіруге немесе өзге де ауыр зардаптардың басталуына алып келген;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда немесе төтенше экологиялық жағдай аймағында не экологиялық зілзала аймағында ірі залал келтіруге алып келген іс-әрекеттер –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда аса ірі залал келтіруге немесе өзге де ауыр зардаптардың басталуына алып келген іс-әрекеттер –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1400000226#z1
Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы