1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімнің 3-бабының 1-тармағының ережелерін қолдану туралы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотының 1998 жылғы 2 қарашадағы № 01-1/4-98 консультативтік қорытындысы
Беларусь Республикасының Министрлер Кеңесі Экономикалық Сотқа 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімнің 3-бабының 1-тармағын түсіндіру және мынадай сұрақтарға жауап беру туралы сұрау салумен жүгінді:
қандай салықтар мен алымдар кедендік баждарға баламалы әсер ететін болып табылады;
3-баптың 1-тармағы жанама салық салу мәселелерін реттей ме, яғни қосылған құн салығы мен акциздер осы тармақта көзделген, кедендік баждарға баламалы әсер ететін салықтар бола ала ма;
3-баптың 1-тармағының қолданылуы ішкі заңнамаға сәйкес әкелінетін (әкетілетін) тауарларға қатысты алынатын барлық жалпы мемлекеттік салықтарға қолданыла ма?
Экономикалық Сот Беларусь Республикасының Үкіметі ұсынған материалдарды зерделеп, 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасын және еркін сауда мәселелеріне қатысты екіжақты шарттардың ережелерін талдай келе, осы Келісімнің 3-бабының 1-тармағының ережесін қатысушы мемлекеттердің біркелкі түсінбейтіндігі туралы қорытындыға келді. Келісімнің 19-бабында көзделген Уағдаласушы Тараптар арасындағы келіспеушіліктерді реттеу тәртібін назарға ала отырып, Экономикалық Сот жоғарыда аталған сұрау салу бойынша консультативтік қорытынды беру туралы шешім қабылдады.
1993 жылғы 24 қыркүйектегі Экономикалық одақ құру туралы Шарттың ережелерін іске асыру мақсатында Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттер тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің еркін қозғалысы үшін жағдайларды қамтамасыз ететін міндеттер кешенін айқындады, атап айтқанда:
өзара саудада кедендік баждарды, баламалы әсер ететін салықтар мен алымдарды және сандық шектеулерді біртіндеп жою;
тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің еркін қозғалысына кедергі келтіретін өзге де тосқауылдарды жою;
еркін сауда аймағының тиісінше әрі тиімді жұмыс істеуі үшін қажет болған шамада Уағдаласушы Тараптардың заңнамасын үйлестіру және/немесе біріздендіру.
Қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімде қатысушы мемлекеттер үшін тарифтік те, тарифтік емес те сипаттағы бірқатар жеңілдіктер көзделген. 3-баптың 1-тармағында мыналар белгіленген: «Уағдаласушы Тараптар Уағдаласушы Тараптардың бірінің кедендік аумағынан шыққан және басқа Уағдаласушы Тараптардың кедендік аумағына арналған тауарларды әкелу және/немесе әкету кезінде кедендік баждарды, баламалы әсер ететін салықтар мен алымдарды, сондай-ақ сандық шектеулерді қолданбайды. Осы сауда режимінен алып тастаулар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын құжаттармен ресімделеді». Бұл ретте еркін сауда режимінен алып тастаулар деп осы Келісімде көзделмеген сыртқы сауданы реттеу шаралары белгіленетін тауарлар тізбесі түсініледі.
8-баптың 1-тармағында «Уағдаласушы Тараптар басқа Уағдаласушы Тараптардың кедендік аумағынан шыққан тауарларға ұлттық тауарлар үшін белгіленген деңгейден асатын мөлшерде фискалдық сипаттағы салықтар мен алымдарды тікелей немесе жанама түрде салмайды» деп айқындалған.
5-бап Уағдаласушы Тараптарға барлық алымдар мен төлемдерді (3-бапта көрсетілген кедендік баждарды, салықтарды және оларға теңестірілген алымдарды қоспағанда) нақты тікелей шығындар шегінде белгілеуді міндеттейді. Бұл қағида сандық шектеулерге; лицензиялауға; валюталық бақылауға; статистикалық есепке алуға; құжаттарға, құжаттамаға және құжаттарды куәландыруға; талдаулар мен тексерулерге және т.б. қатысты алымдар мен формальдылықтарға қолданылады. Осылайша, қарастырылып отырған Келісімнің мақсаты осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумағы бойынша тауарлардың еркін қозғалысы үшін жағдайлар жасау болып табылады.
Келісім нормаларының мазмұны оның негізіне еркін сауда аймақтарын құру туралы халықаралық шарттарда, атап айтқанда 1947 жылғы 30 қазандағы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімде (ГАТТ) бекітілген қағидаттар мен мақсаттарға сәйкес келетін қағидаттар мен мақсаттар алынған деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Мәселен, ГАТТ-тың 1-бабы 1-тармағының бірінші бөлігі «импорт пен экспортқа салынатын немесе соларға байланысты алынатын, не импорт немесе экспорт үшін төлемдерді шетелге аударуға салынатын кедендік баждар мен алымдардың кез келген түріне қатысты...» барынша қолайлы жағдай жасау режимін көздейді.
Сонымен бірге 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісім ГАТТ-тан айырмашылығы, осы Келісімге қатысушы мемлекеттер Уағдаласушы Тараптардың бірінің кедендік аумағынан шыққан және басқа Уағдаласушы Тараптардың кедендік аумағына арналған тауарларды әкелу және/немесе әкету кезінде тек кедендік баждар мен алымдарды ғана емес, сонымен қатар баламалы әсер ететін салықтарды да алмайтынын белгілейді.
Өзара саудада кедендік баждарды, баламалы әсер ететін салықтар мен алымдарды қолданудан бас тарту 1994 жылғы 15 сәуірдегі Келісімге қатысушы мемлекеттердің еркін сауда туралы оған дейін де, одан кейін де жасалған екіжақты шарттарында, сондай-ақ экономикалық интеграцияның белгілі бір нысанын мақсат ететін өзге де келісімдерде, мысалы, 1992 жылғы 13 қарашадағы Ресей Федерациясының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Еркін сауда туралы келісімде, 1996 жылғы 10 қаңтардағы Ресей Федерациясының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Сыртқы экономикалық қызметті реттеудің бірыңғай тәртібі туралы келісімде, 1995 жылғы 6 қаңтардағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы арасындағы Кеден одағы туралы келісімде де бекітілген.
Алайда қарастырылып отырған Келісімде, сондай-ақ еркін сауда туралы екіжақты шарттарда баламалы әсер ететін салықтар мен алымдар ұғымы ашылмаған және мұндай салықтар мен алымдардың нақты тізбесі қамтылмаған. Келісімнің 3-бабының 1-тармағының қолданылу аясына жататын салықтар мен алымдар шеңберін айқындау, ең алдымен, «баламалы әсер» ұғымының мәнін түсінуді көздейді. «Эквивалент» сөзі (латынның aequivalens сөзінен шыққан) «басқа бір нәрсеге тең құнды, мәндес немесе сәйкес келетін, оны алмастыратын не оның көрінісі ретінде қызмет ететін нәрсе» деп түсіндіріледі.
Экономикалық Соттың пікірінше, Келісімнің 3-бабының 1-тармағында көзделген кедендік төлемдердің әсерінің баламалылығы осы төлемдердің қызмет ететін мақсаттарын анықтау, олардың тағайындалуын бағалау негізінде айқындалуы мүмкін.
Бұл ретте Келісім жасалған кезде жекелеген қатысушы мемлекеттерде экспорт пен импорт салығы туралы заңдар қолданыста болғанын ескеру қажет. Атап айтқанда, мұндай Заң 1992 жылғы 10 қаңтарда Беларусь Республикасында қабылданған. Экспорт пен импорт салығы тауардың келісімшарттық құнына пайызбен есептелді, тек фискалдық сипатта болды, тауарды әкелу мен әкетудің шарты болып табылды және республиканың ішкі нарығын экономикалық қорғау мақсатын көздеді. Кедендік тариф туралы Заңның қабылдануына, кедендік баж мөлшерлемелерінің бекітілуіне байланысты экспорт пен импорт салығы туралы Заң және Беларусь Республикасы Үкіметінің осы салық мөлшерлемелері туралы қаулысы күшін жойды. Осылайша, аталған салық өзінің мазмұны мен әсері (мақсаты) бойынша кедендік бажға баламалы болды. Оны алу мәні бойынша кедендік бажды алмастырды.
Келісімге қатысушы мемлекеттерден келіп түскен мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта осы мемлекеттердің заңнамасында кедендік баждарға баламалы әсер ететін салықтарды алу көзделмеген.
Қосылған құн салығы мен акциздердің 1994 жылғы 15 сәуірдегі Келісімнің 3-бабының 1-тармағының қолданылу аясына жататыны туралы сұраққа, Экономикалық Соттың пікірінше, аталған салықтарды есептеу мен алу ерекшеліктерін ескере отырып жауап беруге болады.
Қосылған құн салығы мен акциздердің кедендік баждарға ортақ бірқатар белгілері бар:
оларды төлеуді төлеуші тікелей шекарада жүзеге асырады;
салық салу объектісі кедендік құн болып табылады;
төлемдерге бақылау жасау кеден органдарына жүктелген және оларды төлеу тауарларды әкелу кезінде еркін айналымға шығаруға, тиісінше, мемлекеттердің аумағынан әкетуге кеден органдарының шешім қабылдауы үшін қажетті шарттардың бірі болып табылады.
Дәл осы ортақ белгілер қосылған құн салығы мен акциздерді кедендік төлемдер қатарына жатқызуға негіз болды. Кеден ісін құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық реттеу қағидаттарын айқындайтын 1995 жылғы 10 ақпандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Кеден заңнамасының негіздері 103-бабында кедендік төлемдердің мынадай тізбесін көздейді: кедендік баж; қосылған құн салығы; акциздер; кеден органдарының лицензиялар беруі және лицензиялардың қолданылуын қайта жаңартқаны үшін алымдар; кедендік ресімдеу жөніндегі маманның біліктілік аттестатын беру және аттестаттың қолданылуын қайта жаңарту үшін алымдар; кедендік ресімдеу үшін кедендік алымдар; тауарларды сақтау үшін кедендік алымдар; тауарларды кедендік алып жүру үшін кедендік алымдар; ақпарат беру және консультация беру үшін төлем; алдын ала шешім қабылдағаны үшін төлем; кедендік аукциондарға қатысқаны үшін төлем; өзге де кедендік төлемдер.
Қосылған құн салығы мен акциздер кедендік бажбен қатар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің бірқатар заңнамалық актілерінде (Беларусь Республикасы Кеден кодексінің 110-бабы, Ресей Федерациясы Кеден кодексінің 110-бабы, Қырғыз Республикасы Кеден кодексінің 110-бабы, Өзбекстан Республикасы Кеден кодексінің 103-бабы және т.б.), сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыртқы сауда кедендік статистикасының 1994 жылғы 9 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары кеңесінің шешімімен бекітілген Бірыңғай әдіснамасында кедендік төлемдер қатарына енгізілген.
Алайда қосылған құн салығы мен акциздер сияқты кедендік төлемдердің кедендік баждармен ортақ формальды және мазмұндық белгілерінің болуы оларды кедендік баждармен баламалы әсер ететін төлемдер ретінде сипаттауға жеткілікті негіз бермейді.
Бір жағынан кедендік баждар, екінші жағынан қосылған құн салығы мен акциздер тең мәнді мақсаттарды көздемейді, ал бұл, жоғарыда көрсетілгендей, олардың әсерін баламалы деп сипаттауға негіз болар еді. Келісімге қатысушы мемлекеттердің кедендік тариф туралы заңнамасы тарифті елдің ішкі (ұлттық) тауар нарығын әлемдік нарықпен өзара іс-қимыл жасау жағдайында мемлекеттік реттеу және сауда саясатының құралы ретінде қарастырады. Кедендік тарифтің және, тиісінше, кедендік баждың негізгі мақсаттары мыналар болып табылады:
мемлекетке әкелінетін тауарлардың тауарлық құрылымын ұтымды ету;
мемлекеттің аумағында тауарлар экспорты мен импортының, валюталық кірістер мен шығыстардың ұтымды арақатынасын сақтау;
мемлекеттегі өндіріс пен тауарларды тұтыну құрылымындағы прогрессивті өзгерістер үшін жағдайлар жасау;
мемлекеттің экономикасын шетелдік бәсекелестіктің қолайсыз әсерінен қорғау.
Қосылған құн салығы мен акциз кедендік төлемдер ретінде осындай мақсаттарды көздемейді, өйткені олар мемлекеттің аумағында туындайтын тауарлық сұранысты есепке алу негізінде мемлекеттік кірістер алудың өзінің негізгі мақсатын жоғалтпайды. Сонымен қатар мемлекет қосылған құн салығы мен акциздерді алу кезінде жеңілдіктер беру арқылы ішкі нарықта да, сыртқы экономикалық қызметте де баға саясатын жүзеге асырады.
Қосылған құн салығын алудың ұлттық жүйелерінде экспортталатын тауарларды салық салудан босату түріндегі жеңілдік шетелде тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі үшін жағдайлар жасауға бағытталған протекционистік шара ретінде кеңінен қолданылады. Тиісінше, импорт кезінде олардың құнын теңестіру мақсатында қосылған құн салығы алынады, бұл жағдайда ол өтемдік рөл атқарады.
Жанама салықтардың бір жағынан ішкі салықтар, екінші жағынан кедендік төлемдер ретіндегі қосарлы табиғаты, сондай-ақ Келісімнің 3-бабының 1-тармағы редакциясының жеткілікті дәрежеде айқын болмауы онда қамтылған салықтардан босатуға қатысты ережені әртүрлі түсіндіруге себеп болады. Мұны еркін сауда туралы екіжақты шарттардың ұқсас нормаларын қолдану кезінде Келісімге қатысушы мемлекеттердің жекелеген жағдайларда еркін сауда режимінен алып тастаулар тізбесіне қосылған құн салығы мен акциздерді енгізу фактісі растайды.
Келісімнің 3-бабының 1-тармағының ережесін мемлекеттердің әртүрлі түсінуіне Келісімнің қосылған құн салығы мен акциздерді олардың жанама сипаттағы ішкі салықтар ретіндегі экономикалық табиғатына сәйкес алу қағидаты туралы мәселені шешпейтіні де ықпал етеді. Келісімнің 8-бабы Уағдаласушы Тараптардың басқа Уағдаласушы Тараптардың кедендік аумағынан шыққан тауарларға ұлттық тауарлар үшін белгіленген деңгейден асатын мөлшерде фискалдық сипаттағы салықтар мен алымдарды тікелей немесе жанама түрде салмау міндеттемесін ғана белгілейді. Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасы (екіжақты халықаралық шарттарды ескере отырып) салықтарды алу тәртібі, есептеу тәсілі, салық салу объектілерінің аясы және мөлшерлемелері бойынша айтарлықтай ерекшеленеді. Екі негізгі қағидат қолданылады: шыққан ел қағидаты және тағайындалған ел қағидаты.
Осы істі сот отырысында қарауға дайындау тәртібімен Экономикалық Сот алған мәліметтерге сәйкес, Ресей Федерациясы ТМД елдерімен саудада шыққан ел қағидатын қолданады. Молдова Республикасы тағайындалған ел қағидатын қолдана отырып, сонымен бірге Ресей Федерациясымен және Беларусь Республикасымен экспорттық операциялар кезінде қосылған құн салығын алады. Қырғыз Республикасы Қазақстан Республикасымен және Өзбекстан Республикасымен өзара қарым-қатынастарында тағайындалған ел қағидатын қолданады, ал ТМД-ның басқа елдерімен саудада тауарларды экспорттау кезінде де, импорттау кезінде де қосылған құн салығы алынбайды. Келісімге қатысушы мемлекеттерде акциз салығын алу кезінде де осындай жағдай қалыптасқан.
Салықтарды алудың әртүрлі қағидаттарын қолдану бірқатар жағдайларда экспортқа немесе импортқа қосарланған салық салуға, жекелеген мемлекеттердің бюджет кірістерінің жоғалуына әкеледі, тауардың ұлттық бәсекеге қабілеттілігі саласында проблемалар туғызады, бұл ұлттық салық заңнамасы біріздендірілмеген жағдайда тауарлардың еркін қозғалысына және еркін сауда аймағының тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіреді.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде Экономикалық Сот мынадай қорытындыларға келді.
1. Кедендік баждарға баламалы әсер ететін кедендік төлемдер (1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімнің 3-бабының 1-тармағы) деп осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірінің кедендік аумағынан шыққан және 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы басқа мемлекеттердің кедендік аумағына арналған тауарларды әкелу және/немесе әкету кезінде қолданылатын, осы Келісімнің 5-бабында көзделген алымдарды қоспағанда, тарифтік сипаттағы кедендік баждар, салықтар мен алымдар танылады.
2. Жанама салық салу мәселелері 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімнің 3-бабының 1-тармағымен реттелетін нысана болып табылмайды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің 1995 жылғы 10 ақпандағы Кеден заңнамасының негіздерімен және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы жекелеген мемлекеттердің кеден кодекстерімен кедендік төлемдер қатарына жатқызылған қосылған құн салығы мен акциздер осы тармақта көзделген төлемдермен баламалы әсер ететін төлемдер ретінде қарастырыла алмайды.
1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімнің 3-бабының 1-тармағының ережесін біркелкі қолдану және еркін сауда аймағының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында Экономикалық Сот мынадай
ҰСЫНАДЫ
1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттерге.
Келісімнің 3-бабының 1-тармағының тұжырымын әлемдік практикада сыналған халықаралық шарттардың, атап айтқанда 1947 жылғы 30 қазандағы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің (ГАТТ) ұқсас ережелеріне сәйкес нақтылау.
Келісімді жанама салық салу тетігін және оны біріздендіру рәсімін белгілейтін нормалармен толықтыру не көрсетілген мәселе бойынша жеке келісім жасасу.
* Төраға А.Б. Каженов*
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар