1993 жылғы 22 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Жарғысының 8-бабының бірінші бөлігін түсіндіру туралы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының 2007 жылғы 22 наурыздағы № 01-1/6-06 консультативтік қорытындысы
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитеті Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 1993 жылғы 22 қаңтардағы Жарғысының 8-бабының бірінші бөлігін қолдануды түсіндіру туралы, атап айтқанда, Достастыққа қатысушы мемлекеттердің ТМД-ның қауымдастырылған мүшесі мәртебесін қандай жағдайларда және қандай тәртіппен иелене алатыны жөнінде сұрау салумен жүгінді. Сондай-ақ ТМД Атқарушы комитеті халықаралық ұйымның қауымдастырылған мүшесі болып табылатын мемлекеттің мәртебесін түсіндіруді сұрайды.
- Түсіндіру қажеттілігі 2005 жылғы 26 тамыздағы Бейтарап Түрікменстанның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысуының негізгі қағидаттары туралы Мемлекет басшылары кеңесі шешімінің 2-тармағын іске асыру шеңберінде Түрікменстанның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қауымдастырылған мүшелігі туралы келісім жобасын әзірлеу барысында туындады және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Жарғысының 8-бабының бірінші бөлігінің ережелерін әртүрлі түсінуіне байланысты болды.
- Ұсынылған материалдарды, Достастықтың құрылтай құжаттарын және ТМД органдарының қызметіне қатысты халықаралық-құқықтық актілерді зерттеп, 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының (бұдан әрі – 1969 жылғы Вена конвенциясы) ережелерін ескере отырып, ТМД Экономикалық Соты Регламентінің 127-тармағына сәйкес мынадай қорытынды береді.
1. Халықаралық үкіметаралық ұйымдарға (бұдан әрі – халықаралық ұйымдар) мүшелік институты.
Мүшелік институты халықаралық ұйымдардың құрылтай құжаттарымен және өзге де актілерімен реттеледі. Мемлекеттердің халықаралық ұйымдарға мүшелігінің негізгі нысаны – толыққанды мүшелік. Толыққанды мүшелерге халықаралық ұйымды құрған мемлекеттер (бастапқы мүшелер) және оған тиісті тәртіппен қосылған мемлекеттер (қосылған мүшелер) жатады. Халықаралық ұйымдардың доктринасы мен қызмет тәжірибесінде толыққанды мүшелер әдетте «мүше мемлекеттер» деп аталады.
Толыққанды мүшелер халықаралық ұйымға мүшеліктен туындайтын құқықтар мен міндеттердің толық көлеміне ие болады. Сонымен бірге мемлекеттердің егеменді теңдігі қағидатын, яғни мемлекеттік егемендікті іске асыру еркіндігін ескере отырып, мемлекет ұйым қызметінің жекелеген салаларына қатыспау құқығына ие және бұл оның толыққанды мүше ретіндегі мәртебесіне нұқсан келтірмейді.
Бірқатар халықаралық ұйымдардың (ЮНЕСКО, Еуропалық одақ, Еуропа Кеңесі, ТМД және басқалары) құрылтай құжаттарында немесе өзге де актілерінде мемлекеттердің осы ұйымдардың қызметіне қауымдастырылған немесе «ішінара» мүше ретінде шектеулі түрде қатысу мүмкіндігі бекітілген.
Халықаралық ұйымдардың қызмет тәжірибесі құқықтары шектеулі мүшелер мәртебесінің мазмұнына қатысты бірыңғай тәсілдің жоқ екенін көрсетеді. Олардың құқықтық жағдайы халықаралық ұйымның құрылтай құжаттарымен немесе өзге де актілерімен реттеледі және мемлекет пен ұйымның уәкілетті лауазымды тұлғалары атынан жасалатын арнайы келісімдерде, мысалы, қауымдастырылған мүшелік туралы келісімде нақтыланады.
Халықаралық ұйымның «ішінара» мүшелері, әдетте, ұйымның басты немесе атқарушы органдары болып табылмайтын бір немесе бірнеше нақты белгіленген мамандандырылған органдардың қызметіне ғана қатысады. «Ішінара» мүшелер ұйымның өздері қатысатын органдарының қызметін ғана қаржыландырады.
2. Халықаралық ұйымның қауымдастырылған мүшесінің құқықтық жағдайы.
«Қауымдастырылған» термині (ағылш. «associate» немесе француз. «associe») біріктірілген, қосылған, ынтымақтасатын деген мағынаны білдіреді.
Қауымдастырылған мүше мәртебесін енгізу толыққанды мүшелікке ие болу үшін белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін, бірақ халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатуға мүдделі автономиялық немесе тәуелді (отарлық) аумақтардың осы ұйымдардың қызметіне қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта халықаралық ұйымның қауымдастырылған мүшесі деп ұйымға қатысуы ұйым тұрғысынан тиімді немесе орынды болып табылатын, алайда белгілі бір жағдайларға байланысты оған толыққанды мүше ретінде қосыла алмайтын немесе қосылуды қаламайтын мемлекетті (өзге де ұжымдық құрылымды) түсінеді (ОПЕК, ЮНЕСКО, Дүниежүзілік туристік ұйым). Еуропа Кеңесі мен Еуропалық одақта қауымдастырылған мүшелік толыққанды мүшелікке өтудің міндетті бастапқы кезеңі болып табылады.
Халықаралық ұйымның қауымдастырылған мүшесі болып оның мүшесі болып табылмайтын мемлекет (үшінші мемлекет) бола алады. Қауымдастырылған мүше мәртебесін берудің шарты ретінде халықаралық ұйым мемлекеттен оның мақсаттары мен қағидаттарын тануды; ұйым шеңберінде жасалған халықаралық шарттардың белгілі бір тізбесіне қосылуды; қауымдастырылған мүшелік туралы келісім жасалғанға дейін қабылданған халықаралық ұйымның жекелеген актілерін мемлекет үшін міндетті деп тануды талап етуге құқылы.
Халықаралық ұйымның қауымдастырылған мүшелерінің өкілеттіктерінің көлемін ұйымның өзі айқындайды. Мәселен, ЮНЕСКО-ның қауымдастырылған мүшелері Бас конференция мен ЮНЕСКО-ның өзге де органдарының жұмысына дауыс беру құқығынсыз қатысады, оларға барлық жұмыс құжаттары, баяндамалар мен есептер жіберіледі. ОПЕК-тің қауымдастырылған мүшелері хатшылықтың қызметтерін пайдаланады және ОПЕК органдарының отырыстарына олардың шақыруы бойынша дауыс беру құқығынсыз қатысады. Еуропа Кеңесінде қауымдастырылған мүшелер ұйым мүшелерінің жалпы жиналысына ғана қатысады, ал Батыс Еуропа одағында толыққанды мүшелердің барлығы қолдаған шешімдерге тосқауыл қою құқығына ие емес.
Осылайша, халықаралық ұйымның қауымдастырылған мүшесі ұйымның құрылтай және өзге де құжаттарында, қауымдастырылған мүшелік туралы келісімде бекітілген ынтымақтастықтың жекелеген салаларына ғана қатысады. Қауымдастырылған мүшелердің халықаралық ұйым органдарының жұмысына қатысуы органдар шеңбері бойынша да (ынтымақтастық салаларына байланысты), нысаны бойынша да шектеледі: отырыстарға байқаушы ретінде немесе кеңесші дауыс беру құқығымен қатысу, кейде жекелеген органдарда немесе белгілі бір мәселелер бойынша дауыс беруге қатысу мүмкіндігі беріледі. Қауымдастырылған мүше халықаралық ұйымның басты органдары қабылдайтын шешімдерді қабылдауға қатыспайды, ұйым қызметінің принципті мәселелері бойынша дауыс беру құқығына ие болмайды, ұйымның атқарушы органдарына сайлана алмайды. Халықаралық ұйым органдарының отырыстарына қауымдастырылған мүшелердің қатысуы, әдетте, кворумды айқындау кезінде есепке алынбайды. Қауымдастырылған мүшенің қаржылық міндеттемелері өзі қатысатын қызмет салаларына, ұйым органдарының саны мен түріне байланысты айқындалады.
Халықаралық ұйымның қауымдастырылған мүшесінің міндеттеріне ұйымның мақсаттары мен қағидаттарын тану және сақтау, ұйым шеңберінде оның қатысуымен жасалған келісімдерді сақтау, өзі қатысатын қызмет салалары мен органдарды қаржыландыру кіреді.
Қауымдастырылған мүшенің халықаралық ұйымның материалдық немесе процестік нормаларын бұзуы соңғысының оған толыққанды мүшелерге қолданылатын тәртіппен санкциялар қолдануына әкеп соғады. Мұндай санкциялар мүшелікті тоқтата тұру немесе ұйым мүшелігінен шығару, толыққанды мүшелікке қабылдаудан бас тарту, дауыс беру құқығын тоқтата тұру, ынтымақтастықтың белгілі бір салаларынан және/немесе ұйымның жекелеген органдарының жұмысынан шеттету және басқа да шаралар түрінде көрініс табуы мүмкін.
ТМД Экономикалық Соты халықаралық ұйым мүшелерінің ұйым шеңберінде жасалған халықаралық шарттарда көзделген құқықтары мен міндеттерінің ерекше сипатын атап өтеді. Халықаралық шарттар құқығының жалпыға танылған pacta sunt servanda («шарттар орындалуға тиіс») қағидатын ескере отырып, қауымдастырылған мүше халықаралық ұйым қызметіне қатысуының шектеулі сипатына қарамастан, өзі қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардан туындайтын құқықтар мен міндеттердің толық көлеміне ие болады.
Қауымдастырылған мүшелік туралы келісім ұйым мен мемлекет арасында ұйымның құрылтай құжаттары және өзге де актілері негізінде жасалады әрі мемлекеттің ұйым қызметіне қатысуының негізгі мәселелерін реттейді, атап айтқанда:
- ынтымақтастық салалары және мемлекет қатысатын органдар шеңбері;
- мемлекеттің халықаралық ұйым органдарының жұмысына қатысу тәртібі және осы органдар қабылдайтын актілердің қауымдастырылған мүше мемлекет үшін заңдық күші;
- мемлекет қосылатын халықаралық шарттардың тізбесі;
- мемлекеттің халықаралық ұйым қызметіне қатысуының қаржылық аспектілері;
- қауымдастырылған мүшелік туралы келісімнің күшіне ену және тоқтатылу тәртібі;
- шарт жасасушы тараптардың қалауы бойынша өзге де мәселелер.
3. Мемлекеттердің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы қызметіне қатысуының құқықтық мәртебесі мен нысандары.
Мемлекеттердің ТМД қызметіне қатысу нысандары және олардың құқықтық мәртебесі Достастықтың құрылтай құжаттарымен реттеледі: 1991 жылғы 8 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы Келісіммен (бұдан әрі – 1991 жылғы 8 желтоқсандағы Келісім), 1991 жылғы 8 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы Келісімге 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Хаттамамен (бұдан әрі – 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Хаттама), 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алма-Ата декларациясымен, 1993 жылғы 22 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Жарғысымен (бұдан әрі – Жарғы).
Аталған құжаттар мен Достастық шеңберінде қабылданған өзге де құқықтық актілерді талдау ТМД қызметіне мемлекеттердің қатысу нысандарын белгілеу үшін пайдаланылатын терминологияда бірізділіктің жоқ екенін көрсетеді: «мемлекет», «құрылтайшы мемлекет», «қатысушы мемлекет», «мүше мемлекет», «қауымдастырылған мүше мемлекет».
Жарғының 7-бабының бірінші бөлігіне сәйкес Достастықтың құрылтайшы мемлекеттеріне 1991 жылғы 8 желтоқсандағы Келісімге және 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Хаттамаға Жарғы қабылданғанға дейін қол қойған және оларды ратификациялаған мемлекеттер жатады.
1991 жылғы 8 желтоқсандағы Келісім мен 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Хаттамадан айырмашылығы, «ТМД-ға қатысушы мемлекет» термині Жарғыда қолданылмайды. ТМД Экономикалық Соты 1994 жылғы 31 наурыздағы № 01/94 шешімінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер деп 1991 жылғы 8 желтоқсандағы Келісімге, сондай-ақ 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Хаттамаға қол қойған және осы шарттардың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындаған мемлекеттерді таниды (қазіргі уақытта 12 мемлекет).
Жарғының 7-бабының екінші және үшінші бөліктерінің нормаларына сәйкес ТМД-ға мүше мемлекеттер деп мыналар түсініледі:
- Достастықтың құрылтайшы мемлекеттері, олар Жарғыны Мемлекет басшылары кеңесі қабылдағаннан кейін бір жыл ішінде оның міндеттемелерін өзіне қабылдаған;
- Достастықтың мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін және Достастыққа мүше барлық мемлекеттердің келісімімен оған қосылу арқылы Жарғыда қамтылған міндеттемелерді өзіне қабылдайтын өзге мемлекеттер.
Аталған іс-шараларды ТМД-ға қатысушы он мемлекет жүзеге асырған. ТМД-ның құрылтайшы мемлекеттері болып табылатын, бірақ Жарғыға қол қоймаған ТМД-ға қатысушы мемлекеттер (Украина, Түрікменстан) де-юре ТМД-ға мүше мемлекеттер ретінде қарастырыла алмайды.
Жарғының ережелерін талдау ТМД Экономикалық Сотына Достастық қызметіне мемлекеттің қатысу мүмкіндігі (мемлекетте тиісті құқықтар мен міндеттердің туындауы) Жарғыда ТМД-мен шарттық байланыстың болуымен негізделген деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Осыдан Достастық қызметіне тек Жарғы негізінде ТМД-ға мүше мемлекеттер және қауымдастырылған мүшелік туралы келісім негізінде ТМД-ның қауымдастырылған мүше мемлекеттері ғана қатыса алады деген қорытынды туындайды.
Достастыққа мүше мемлекет ТМД халықаралық ұйымы мүшелігінен туындайтын құқықтар мен міндеттердің толық көлеміне ие болады. Жарғыда Достастық қызметіне ТМД-ның құрылтайшы және/немесе қатысушы мемлекеттері болғанымен, ТМД-ға мүше мемлекеттер болып табылмайтын мемлекеттердің қатысуына мүмкіндік беретін ережелер жоқ. Достастықтың құрылтайшы мемлекеттері Жарғының IX бөліміне сәйкес Жарғыға қол қою, оны ратификациялау және ратификациялау кезінде белгілі бір ескертпелер жасау құқығына ие. Достастықтың өзге де құрылтай құжаттарында ТМД қызметіне қатысуды шарттық реттеу қажеттілігі бекітілген (1991 жылғы 8 желтоқсандағы Келісімнің 7-бабы, 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алма-Ата декларациясы, 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Хаттама).
4. Жарғыға қол қоймаған Достастыққа қатысушы мемлекеттердің құқықтық жағдайы.
1969 жылғы Вена конвенциясының 31-бабы 3-тармағының «b» тармақшасына сәйкес шарттарды түсіндіру кезінде шарттың кейінгі қолданылу практикасы ескерілуге тиіс, өйткені ол қатысушылардың шартты түсіндіруге қатысты ұстанымын анықтауға мүмкіндік береді. Достастық актілерінде «мүше мемлекет» және «қатысушы мемлекет» терминдерін қолдану тәжірибесін, атап айтқанда, олардың бір құжат мәтінінде өзара алмастырылып қолданылуын, сондай-ақ «ТМД-ға қатысушы мемлекет» терминінің Достастық қызметіне толыққанды қатысуды білдіру үшін пайдаланылуын зерттей отырып, ТМД Экономикалық Соты Достастық құжаттарында аталған терминдердің синонимдер ретінде қолданылатыны туралы қорытындыға келді.
Жарғыға қол қоймаған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Достастық қызметіне қатысуын талдау ТМД Экономикалық Сотына Жарғыға қол қоймаған осы мемлекеттердің ТМД-ға мүше мемлекеттердің үнсіз де, ашық та білдірілген келісімі болған жағдайда ТМД-ның толыққанды мүшесінің құқықтары мен міндеттерін іс жүзінде қабылдағаны туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Жарғыға қол қоймаған ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Достастықтың жарғылық және өзге де органдарының (ТМД Мемлекет басшылары кеңесі, ТМД Үкімет басшылары кеңесі, ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесі, Мемлекетаралық статистикалық комитет, ТМД Атқарушы комитеті, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Терроризмге қарсы орталығы және басқалары) отырыстарына дауыс беру құқығымен қатысады және олардың өткізілуін қаржыландырады, салалық ынтымақтастық органдарын құруға қатысады. Аталған мемлекеттердің өкілдері ТМД органдарының басшылық құрамына (ТМД Атқарушы комитеті, ТМД Экономикалық кеңесі және Экономикалық кеңес жанындағы Экономикалық комиссия) кірген, соның ішінде ТМД Мемлекет басшылары кеңесіне төрағалық еткен (2003 жылғы 29 қаңтардағы ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің шешімі).
ТМД Экономикалық Соты ТМД-ның жұмыс істеу қағидаттарының бірі – Достастық органдарының құрылымын жетілдіру және реформалау туралы 1999 жылғы 2 сәуірдегі Мемлекет басшылары кеңесі шешімінің (бұдан әрі – 1999 жылғы 2 сәуірдегі шешім) 3-тармағында бекітілген әрбір қатысушы мемлекеттің ТМД-ның кез келген органына қатысу мәселесін дербес шешетініне назар аударады.
Соттың бұрын атап өткенін ескере отырып, мүше мемлекеттің ынтымақтастықтың бір немесе бірнеше саласына, сондай-ақ Достастықтың белгілі бір органына қатыспау туралы шешімі оның ТМД-ға мүше мемлекет ретіндегі құқықтық мәртебесіне әсер етпейді.
Достастық қызметінің практикасы ТМД-ның жоғары органдарының шешімдерді консенсус негізінде қабылдау тәртібінен бас тартуына алып келді. Қазіргі уақытта ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің, Үкімет басшылары кеңесінің және Сыртқы істер министрлері кеңесінің шешімдері дауыс беру арқылы қабылданады, уәкілетті лауазымды тұлғалар қол қояды және ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің 1999 жылғы 2 сәуірдегі шешімінің 7-тармағына сәйкес оларға қатысқан мемлекеттер үшін міндетті болып табылады. Олардың жекелегенеулері күшіне енуі үшін мемлекеттердің арнайы мемлекетішілік рәсімдерді орындауы талап етіледі. Бұл ТМД Экономикалық Сотына аталған шешімдерді халықаралық шарттардың өзіндік бір нысаны ретінде саралауға мүмкіндік береді.
Осылайша, ТМД қызметінің принципті мәселелерін, атап айтқанда, ТМД органдарын құру, реформалау және олардың қызметін тоқтату, сондай-ақ олардың қызметіне қатысу мәселелерін шешу халықаралық шарттар құқығының нормаларымен реттеледі. 1969 жылғы Вена конвенциясының 40-және 55-баптарының ережелерін ескере отырып, халықаралық шарттар негізінде құрылған Достастық органдарын реформалау және тарату туралы шешімді, олардың нысанына қарамастан, егер шартта өзгеше тәртіп көзделмесе, тиісті халықаралық шартқа қатысушы мемлекеттер ғана сол халықаралық шарт жасалған нысанда қабылдай алады.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде ТМД Экономикалық Соты қалыптасқан халықаралық әдет-ғұрып күшіне (ТМД қызметінің бүкіл кезеңі бойы тұрақты түрде қайталанған практика және мемлекеттердің осы практиканы өздері үшін міндетті деп тануы) сәйкес Достастықтың құрылтайшы мемлекеттері болып табылатын, бірақ Жарғыға қол қоймаған ТМД-ға қатысушы мемлекеттер ТМД-ның іс жүзіндегі толыққанды мүшелері болып табылады деген қорытындыға келеді; оларға Жарғыны белгіленген тәртіппен өздері үшін міндетті деп таныған мемлекеттерге қолданылатын Жарғының дәл сол нормалары қолданылады. Достастық құжаттарында қолданылатын «ТМД-ға қатысушы мемлекет» және «ТМД-ға мүше мемлекет» терминдері синонимдер ретінде қарастырылуға тиіс.
5. ТМД-ның қауымдастырылған мүшесі мәртебесін иелену шарттары мен тәртібі.
ТМД-ның қауымдастырылған мүшесі мәртебесін иелену шарттары мен тәртібі Жарғының 8-бабының бірінші бөлігінде айқындалған, оған сәйкес ТМД-ға мүше болып табылмайтын мемлекет Мемлекет басшылары кеңесінің шешімі негізінде және қауымдастырылған мүшелік туралы келісіммен айқындалатын шарттарда Достастыққа қауымдастырылған мүше ретінде қосыла алады. Мемлекет қауымдастырылған мүшенің құқықтары мен міндеттерін осындай Келісім күшіне енген сәттен бастап иеленеді.
Достастыққа мүше болуды заңдық тұрғыдан ресімдеудің болмауына байланысты Жарғыға қол қоймаған, бірақ ТМД-ның құрылтайшы мемлекеттері болып табылатын ТМД-ға қатысушы мемлекеттер (ТМД-ның іс жүзіндегі мүше мемлекеттері) формалды түрде ТМД-ның қауымдастырылған мүшесі мәртебесін үшінші мемлекеттер сияқты, атап айтқанда, Жарғының 8-бабының бірінші бөлігінде бекітілген қағидалар бойынша иеленеді.
Іс жүзінде Жарғыға қол қоймаған Достастыққа қатысушы мемлекеттің Достастықтың қауымдастырылған мүшесі мәртебесін иелену ниетін білдіруі оның ТМД қызметіне қатысуға қатысты құқықтық жағдайын өзгерту қажеттігін білдіреді. Мұндай мемлекеттер қауымдастырылған мүшелік туралы келісім күшіне енген сәттен бастап Достастыққа мүше мемлекет мәртебесінен айырылады.
Мемлекеттің ТМД-ның қауымдастырылған мүшесі мәртебесін иелену шарттары мыналар болып табылады:
- мемлекеттің Жарғыда бекітілген Достастықтың мақсаттары мен қағидаттарын тануы;
- мемлекеттің Достастық қызметінің жекелеген салаларына қатысу ниетін білдіруі;
- ТМД-ға мүше мемлекеттердің ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің шешімін қабылдау арқылы білдірілген, ТМД-ның қауымдастырылған мүшесі мәртебесін беруге келісуі;
- осы мемлекет пен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы арасында мемлекеттің Достастықтағы қауымдастырылған мүшелігі туралы келісім жасасу.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде және түсіндіру туралы сұрау салудың мәнін негізге ала отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты мынадай қорытындыларға келді.
- Халықаралық ұйымның қауымдастырылған мүшесі деп халықаралық ұйымның құрылтай құжаттарымен және мемлекет пен ұйым арасында жасалатын қауымдастырылған мүшелік туралы арнайы келісіммен айқындалатын шектеулі құқықтар көлеміне ие бола отырып, арнайы келісім негізінде ұйым қызметіне қатысатын мемлекетті түсінеміз.
Халықаралық ұйымның қауымдастырылған мүшесі, әдетте:
- халықаралық ұйымның құрылтай құжаттарында және қауымдастырылған мүшелік туралы келісімде бекітілген ынтымақтастық салаларына ғана қатысады;
- халықаралық ұйым органдарының жұмысына қатысу кезінде шектеулі құқықтарға ие болады;
- өзі қатысатын халықаралық ұйымның қызмет салалары мен органдарын ғана қаржыландырады;
- халықаралық ұйымның басты органдарының шешімдерін қабылдауға, сондай-ақ оның қызметінің принципті мәселелерін шешуге қатыспайды;
- халықаралық ұйымның атқарушы органдарына сайлана алмайды.
Қауымдастырылған мүше халықаралық ұйым шеңберінде өзі жасасқан халықаралық шарттардан туындайтын құқықтар мен міндеттердің толық көлеміне ие болады.
- Жарғыға 1993 жылғы 22 қаңтарда қол қоймаған ТМД-ға қатысушы мемлекет, сондай-ақ кез келген үшінші мемлекет Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Жарғысының 8-бабының бірінші бөлігінде көзделген тәртіппен Достастықтың қауымдастырылған мүшесі мәртебесін иелене алады.
Жарғыға 1993 жылғы 22 қаңтарда қол қоймаған ТМД-ға қатысушы мемлекеттің, сондай-ақ кез келген үшінші мемлекеттің қауымдастырылған мүше мәртебесін иелену шарттары мыналар болып табылады:
- мемлекеттің Жарғыда бекітілген Достастықтың мақсаттары мен қағидаттарын тануы;
- мемлекеттің Достастық қызметінің жекелеген салаларына қатысу ниетін білдіруі;
- ТМД-ға мүше мемлекеттердің Достастықтың қауымдастырылған мүшесі мәртебесін беруге келісуі, бұл келісім ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің шешімін қабылдау арқылы білдіріледі;
- осы мемлекет пен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы арасында мемлекеттің Достастықтағы қауымдастырылған мүшелігі туралы келісім жасасу.
Мемлекет Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының қауымдастырылған мүшесінің құқықтары мен міндеттерін қауымдастырылған мүшелік туралы келісім күшіне енген сәттен бастап иеленеді.
Төраға А.Ш. Керимбаева
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заң қызметі Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық істер Қазақстанның заң компаниясы Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар