1993 жылғы 24 желтоқсандағы Инвестициялық қызмет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің 10-бабының екінші бөлігін түсіндіру туралы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотының 2010 жылғы 22 наурыздағы № 01-1/5-09 консультативтік қорытындысы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты мынадай құрамда:төрағалық етуші – ТМД Экономикалық Сотының Төрағасы Ф. Абдуллоев,ТМД Экономикалық Сотының судьялары: С.Ж. Жолдыбаев, Л.Э. Каменкова, А.Ш. Керімбаева, Т.Н. Молчанова,ТМД Экономикалық Сотының Бас кеңесшісі А.И. Анищенконың,ТМД Атқарушы комитетінің өкілі Е.В. Козяктың қатысуымен,сот отырысының хатшысы Т.Е. Медведеваның қатысуымен,Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің түсіндіру туралы сұрауы бойынша істі ашық сот отырысында қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитеті Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотына 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Инвестициялық қызмет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің (бұдан әрі – 1993 жылғы 24 желтоқсандағы келісім, Келісім) 10-бабының екінші бөлігін түсіндіру туралы сұраумен жүгінді. Сұрауда Келісімде ұлттық заңнаманың қолайсыз өзгеруінен қорғау кепілдігін іске асыру тетігі айқындалмағаны, ал жекелеген мемлекеттердің құқықтық актілерінде инвесторларға салынған инвестицияларды қорғау кепілдіктерін беру мәселесі реттелмегені не оларды берудің бірқатар шарттарға тәуелді етілгені атап өтілген.
Осыған байланысты ТМД Атқарушы комитеті мыналарды түсіндіруді сұрайды:инвестиция салынатын мемлекет заңнамасындағы қандай өзгерістер осы мемлекеттің аумағында Тараптар бұрын құрған кәсіпорындардың қызмет жағдайларын нашарлататын шараларға жатады;инвестицияларға қатысты инвестиция салынатын мемлекет заңнамасының қолайсыз өзгеруінен қорғау кепілдігі қандай кәсіпорындарға қолданылады және оны іске асыру тәртібі қандай.
Баяндамашы судья Т.Н. Молчанованы тыңдап, Бас кеңесші А.И. Анищенконың қорытындысын талқылап, 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің, ТМД шеңберіндегі басқа халықаралық келісімдердің нормаларын, қатысушы мемлекеттердің инвестициялық қызмет саласындағы заңнамасын және іс бойынша өзге де материалдарды зерделеп, талдай келе, Экономикалық Сот мынаны атап өтеді.
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 10-бабының екінші бөлігін түсіндіру 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 31-бабында бекітілген халықаралық шарттарды түсіндірудің жалпы қағидасына сәйкес жүзеге асырылады: «шарттың терминдеріне олардың мәнмәтінінде және шарттың объектісі мен мақсаттары тұрғысынан берілуге тиіс әдеттегі мағынасына сәйкес адал түсіндірілуі керек».
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісім Өзбекстан Республикасы үшін 1993 жылғы 24 желтоқсаннан, Беларусь Республикасы үшін – 1994 жылғы 21 қарашадан, Қазақстан Республикасы үшін – 1994 жылғы 21 қарашадан, Тәжікстан Республикасы үшін – 1994 жылғы 21 қарашадан, Қырғыз Республикасы үшін – 1996 жылғы 19 қаңтардан, Молдова Республикасы үшін – 2002 жылғы 3 қыркүйектен бастап күшіне енді және қолданыста.
Әзербайжан Республикасы, Армения Республикасы, Түрікменстан, Украина Келісімді оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдер аяқталғанға дейін уақытша қолданады. Украина Келісімге ескертпелермен қол қойды, олардың бірі Келісімнің 10-бабының бірінші бөлігін алып тастайды. Депозитарийдің мәліметтері бойынша, Ресей Федерациясы үшін 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімді уақытша қолдану 2002 жылғы 3 сәуірден бастап тоқтатылды.
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 10-бабында қатысушы мемлекеттер инвестициялық қызметке қатысты өз заңнамаларын жақындастыру жөніндегі міндеттемелерін айқындады (бірінші бөлік) және инвестиция салынатын мемлекеттің заңнамасы қолайсыз өзгерген жағдайда кепілдік белгіледі (екінші бөлік).
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 10-бабының екінші бөлігіне сәйкес, «егер Тараптың инвестиция салынатын мемлекеттің инвестицияларға қатысты заңнамасы өзгерген немесе осы Келісімнің күші жойылған жағдайда, осы мемлекеттің аумағында Тараптар бұрын құрған кәсіпорындардың қызмет жағдайлары нашарласа, онда кейінгі бес жыл ішінде осы кәсіпорын тіркелген кезде қолданыста болған нормалар қолданылады».
Заңнаманың қолайсыз өзгеруінен қорғау кепілдігінің мәні шетелдік инвестор үшін инвестиция салынатын мемлекеттің заңнамасын нашарлатуға бес жыл мерзімге мораторий белгілеу арқылы тұрақты режимді қамтамасыз етуден тұрады («тұрақтандыру ескертпесі»).
Осы норманы сөзбе-сөз түсіндіру Экономикалық Сотқа тұрақтандыру ескертпесін қолдану үшін мынадай шарттардың бір мезгілде болуын талап ететін қорытынды жасауға мүмкіндік береді:біріншіден, инвестиция салынатын Тарап заңнамасының инвестицияларға қатысты өзгеруі немесе Келісімнің күшін жою;екіншіден, осы мемлекеттің аумағында Тараптар бұрын құрған кәсіпорындардың қызмет жағдайларының нашарлауы;үшіншіден, инвестиция салынатын Тарап заңнамасының өзгеруі (немесе Келісімнің күшін жою) мен кәсіпорындар қызметі жағдайларының нашарлауы арасында себеп-салдарлық байланыстың болуы.
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 10-бабының мәнмәтінінен «инвестицияларға қатысты заңнама» және «инвестициялық қызмет мәселелері жөніндегі заңнама» ұғымдарын өзара алмастырылатын ұғымдар ретінде қарастыруға болатыны туындайды.
Келісімнің 10-бабының екінші бөлігінде пайдаланылатын «инвестицияларға қатысты заңнама» ұғымының көлемін айқындау кезінде осы баптың талданып отырған норманың алдында формальды және логикалық тұрғыдан орналасқан бірінші бөлігін басшылыққа алу қажет. Келісімнің 10-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, «Тараптар инвестициялық қызмет мәселелері жөніндегі өз заңнамаларын, оның ішінде Тараптардың инвестициялары бар кәсіпорындарды құру тәртібі мен олардың ұйымдық-құқықтық нысандары, салық салу, еңбек қатынастары, инвестицияларды салуға қатысты аумақтық және салалық шектеулер, экологиялық және санитариялық-гигиеналық сараптама, олардың қызметін есепке алу және есептілік мәселелері бойынша заңнамаларын жақындастыру мақсатында шаралар қабылдайды». Норманың тұжырымдалуы инвестицияларға қатысты заңнама салалары тізбесінің ашық, толық емес сипатта екенін көрсетеді.
Осыған байланысты Экономикалық Сот Келісімнің 10-бабының бірінші бөлігінде тікелей аталмағандарын қоса алғанда, инвестициялық қызмет мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілетін кез келген өзгерістер олардың салалық тиесілігіне қарамастан, аталған баптың екінші бөлігінің диспозициясына жататынын атап өтеді.
Сонымен бірге 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімді дамыту мақсатында ТМД-ға қатысушы мемлекеттер 1997 жылғы 28 наурызда Инвестордың құқықтарын қорғау туралы конвенцияны (бұдан әрі – 1997 жылғы 28 наурыздағы Конвенция, Конвенция) қабылдады, онда заңнаманың қолайсыз өзгеруінен қорғау кепілдігі қолданылмайтын салалар айқындалды. 1997 жылғы 28 наурыздағы Конвенция Армения Республикасы үшін 1999 жылғы 21 қаңтардан, Беларусь Республикасы үшін – 1999 жылғы 21 қаңтардан, Тәжікстан Республикасы үшін – 1999 жылғы 21 қаңтардан, Қазақстан Республикасы үшін – 2000 жылғы 16 мамырдан, Қырғыз Республикасы үшін – 2000 жылғы 11 шілдеден, Молдова Республикасы үшін – 2002 жылғы 2 қазаннан бастап күшіне енді және қолданыста. Конвенцияға қол қойған Ресей Федерациясы 2007 жылғы 20 сәуірде депозитарийге оның қатысушысы болмау ниеті туралы хабарлады.
Инвестиция салынатын мемлекеттің (реципиент мемлекеттің) заңнамасы қолайсыз өзгерген жағдайда кепілдікті белгілейтін Конвенцияның 5-бабына сәйкес, бастапқы шарттар мен инвестициялық қызмет режимінің бес жылдық мерзім ішінде сақталуы қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіпті қорғау, қоршаған орта, адамгершілік және халық денсаулығы, салық салу мәселелеріне қатысты заңнаманың өзгеруіне, сондай-ақ алып тастаулар тізбесіне қолданылмайды.
Бұл қағида 1997 жылғы 28 наурыздағы Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің заңнамасында көрініс тапқан. Мәселен, Тәжікстан Республикасының 2007 жылғы 12 мамырдағы № 260 «Инвестициялар туралы» Заңының 3-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, инвестициялау жағдайларының нашарлауы деп Тәжікстан Республикасының Конституциясына және ұлттық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, адамгершілік пен әдеп мәселелеріне байланысты Тәжікстан Республикасының заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ заңнаманың жаңа актілерін қабылдау танылады.Осындай норма Қырғыз Республикасының 2003 жылғы 27 наурыздағы № 66 «Қырғыз Республикасындағы инвестициялар туралы» Заңының 2-бабының 2-тармағында да көзделген.
Экономикалық Сот 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 30-бабының ережелеріне сүйене отырып және 1997 жылғы 28 наурыздағы Конвенцияның 5-бабының төртінші және бесінші бөліктерінің нормалары 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 10-бабының екінші бөлігінің нормасын нақтылайтынын ескере отырып, Конвенцияға қатысушы мемлекеттер арасындағы қатынастарда инвестиция салынатын мемлекеттің заңнамасының қолайсыз өзгеруінен қорғау кепілдігі Конвенцияның 5-бабының бесінші бөлігінде белгіленген шектеулер ескеріле отырып қолданылады деп есептейді.
Конвенция Әзербайжан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы және Украина үшін күшіне енбегенін ескере отырып, осы мемлекеттердің инвесторларына қатысты 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 10-бабының екінші бөлігінің ережелері Конвенцияның 5-бабының бесінші бөлігінде белгіленген заңнаманың қолайсыз өзгеруінен қорғау кепілдігінің қолданылу саласына қатысты шектеулерсіз қолданылады.
Тұрақтандыру ескертпесін қолдану шарттарының бірі, атап өтілгендей, мемлекеттің инвестиция салынатын аумағында бұрын құрылған Тараптар кәсіпорындарының қызмет жағдайларының нашарлауы болып табылады. Шетелдік инвестициялары бар кәсіпорындардың қызмет жағдайларын нашарлататын шаралардың мазмұнын ашу мақсатында ұлттық заңнамаға жүгіну қажет.
Мәселен, Өзбекстан Республикасының 1998 жылғы 30 сәуірдегі № 611-I «Шетелдік инвесторлардың құқықтарына кепілдіктер мен оларды қорғау шаралары туралы» Заңының 3-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, инвестициялау жағдайларының нашарлауы деп мынадай жағдайларды көздейтін Өзбекстан Республикасының заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ заңнаманың жаңа актілерін қабылдау танылады:
шетелдік инвесторға төленетін дивидендтер түрінде алынатын кірістерге салынатын пайда салығының мөлшерін (мөлшерлемесін) ұлғайту;инвестициялау көлеміне сандық шектеулер және инвестициялар мөлшеріне қатысты өзге де қосымша талаптар енгізу;кәсіпорындардың жарғылық қорларындағы (жарғылық капиталдарындағы) шетелдік инвестордың үлестік қатысуына шектеулер енгізу;жеке тұлғалар болып табылатын шетелдік инвесторлардың визаларын ресімдеу және ұзарту бойынша қосымша рәсімдерді енгізу және т.б.
Шетелдік инвестициялары бар кәсіпорындардың қызмет жағдайларын нашарлататын шаралардың мазмұнын мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілер туралы заңнамасы негізінде де ашуға болады. Мәселен, Армения Республикасының 2002 жылғы 3 сәуірдегі № ЗР-320 «Құқықтық актілер туралы» Заңының 46-бабына сәйкес, олардың қатарына құқықтар мен бостандықтарды шектейтін не жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін, не заңды немесе жеке тұлғалардың міндеттерін белгілейтін және өзгертетін, не міндеттерді орындау тәртібін, заңды немесе жеке тұлғалардың қызметіне қатысты қадағалау мен бақылау тәртібін белгілейтін немесе өзгертетін, сондай-ақ олардың құқықтық жағдайын өзгеше түрде нашарлататын нормативтік құқықтық актілерді жатқызуға болады.
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасын талдау шетелдік инвестициялары бар кәсіпорындардың қызмет жағдайларын нашарлататын нормалардың мынадай негізгі санаттарын бөліп көрсетуге мүмкіндік береді:
кәсіпорындарға бұрын белгіленген міндеттермен салыстырғанда қосымша немесе ұлғайтылған міндеттер жүктейтін нормалар;кәсіпорындардың қолда бар құқықтарын шектейтін немесе олардан айыратын нормалар.
Осылайша, Экономикалық Сот 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімге қатысушы мемлекеттің заңнамасына енгізілетін, осы мемлекеттің аумағында Тараптар бұрын құрған кәсіпорындардың қызмет жағдайларын нашарлататын өзгерістерге салалық тиесілігіне қарамастан, инвестицияларға қатысты заңнамаға енгізілген, нәтижесінде кәсіпорындардың қызмет жағдайлары объективті түрде нашарлайтын, яғни оларға бұрын белгіленген міндеттермен салыстырғанда қосымша немесе ұлғайтылған міндеттер жүктелетін не олардың қолда бар құқықтары шектелетін немесе олардан айырылатын өзгерістер жататыны туралы қорытындыға келеді.
1997 жылғы 28 наурыздағы Конвенция күшіне енген Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Молдова Республикасы және Тәжікстан Республикасы арасындағы қатынастарда 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 10-бабының екінші бөлігінде белгіленген реципиент мемлекеттің заңнамасының қолайсыз өзгеруінен қорғау кепілдігі Конвенцияның 5-бабының бесінші бөлігі ескеріле отырып қолданылады және қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіпті қорғау, қоршаған орта, адамгершілік және халық денсаулығы, салық салу салаларындағы заңнаманың өзгеруіне, сондай-ақ алып тастаулар тізбесіне қолданылмайды.
Инвестицияларға қатысты инвестиция салынатын мемлекеттің заңнамасының қолайсыз өзгеруінен қорғау кепілдігі қандай кәсіпорындарға қолданылатыны туралы мәселеге қатысты Экономикалық Сот мынаны атап өтеді.
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 10-бабының екінші бөлігінің мәтінінен тікелей «Тараптар бұрын құрған кәсіпорындар» деп Келісімге қатысушы мемлекеттер құрған кәсіпорындар, яғни мемлекеттік кәсіпорындар немесе мемлекеттік меншік үлесі бар кәсіпорындар түсінілетіні туындайды. Келісімнің преамбуласында баяндалған өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты тереңдету мақсатын, сондай-ақ Келісімнің өзге де ережелерін негізге ала отырып, Экономикалық Сот осы норманы кеңейтілген түрде түсіндіреді.
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 2-бабына сәйкес, басқа қатысушы мемлекеттердегі әрбір Тараптың инвесторлары болып мемлекеттерден басқа заңды және жеке тұлғалар да табылады. Бұл ретте Тараптардың инвестициялары деп «Тараптардың инвесторлары пайда (кіріс) алу, әлеуметтік тиімділікке қол жеткізу мақсатында кәсіпкерлік және қызметтің басқа да түрлерінің объектілеріне салатын мүліктік, қаржылық, зияткерлік құндылықтардың барлық түрлері» түсініледі (Келісімнің 3-бабы).
Тараптардың инвесторлары 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімге қатысушы басқа мемлекеттердің аумағында инвестицияларды мынадай жолдармен жүзеге асырады: толығымен Тараптардың инвесторларына тиесілі кәсіпорындарды, сондай-ақ осындай кәсіпорындардың филиалдарын құру; инвестиция салынатын жердегі заңды және жеке тұлғалармен бірлесіп құрылатын кәсіпорындарға үлестік қатысу; кәсіпорындарды, ғимараттарды, құрылыстарды, кәсіпорындарға қатысу үлестерін, пайларды, акцияларды, облигацияларды, сондай-ақ инвестиция салынатын мемлекеттің аумағында қолданылатын ұлттық заңнамаға сәйкес бағалы қағаздарды сатып алу; инвестиция салынатын мемлекеттің аумағында қолданылатын заңнамаға қайшы келмейтін инвестицияларды жүзеге асыру жөніндегі өзге де қызмет түрлері (Келісімнің 4-бабы).
1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 31-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, «егер шартқа қатысушылардың осындай ниеті болғаны анықталса, терминге арнайы мағына беріледі».
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 2-4-баптарының нормаларын талдау Келісім Тараптарының заңнаманың өзгеруінен қорғау кепілдігінің қолданылу аясын тек мемлекеттік меншік нысанындағы кәсіпорындармен шектеу ниетін білдірмейтінін көрсетеді.
Осылайша, Экономикалық Сот 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 10-бабының екінші бөлігінде пайдаланылатын «Тараптар бұрын құрған кәсіпорындар» ұғымы «Тараптардың инвестициялары бар кәсіпорындар» ұғымына тең деген қорытындыға келеді. Осыған байланысты инвестиция салынатын мемлекеттің заңнамасының қолайсыз өзгеруінен қорғау кепілдігі меншік нысанына қарамастан, қатысушы мемлекеттердің инвесторлары құрған кәсіпорындарға қолданылады.
Инвестиция салынатын мемлекеттің заңнамасының қолайсыз өзгеруінен қорғау кепілдігін іске асыру тәртібі мәселесі бойынша Экономикалық Сот мынаны атап өтеді.
Мемлекет халықаралық міндеттемелерді адал орындау қағидатына сәйкес инвестор үшін инвестиция салынатын жердегі тұрақты құқықтық режимді қамтамасыз етуге міндетті. Экономикалық Сот 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 10-бабының екінші бөлігінің нормасы тікелей қолданылатын императивтік норма болып табылады және инвестиция салынатын мемлекеттің заңнамасы қолайсыз өзгергені фактісі анықталған кезде мемлекеттер оны құзыретті органдары арқылы қолдануға тиіс деп есептейді.
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 21-бабына сәйкес, Тараптардың инвесторлары мен Тараптардың инвестициялары бар кәсіпорындардың мемлекеттік органдармен даулары олардың өзара келісімі бойынша шешіледі немесе белгіленген тәртіппен инвестиция салынатын жердегі соттарда қаралуға жатады не дау тараптарының келісімі бойынша төрелік сотта қаралады. Осы баптың мазмұнынан, Келісімнің 10-бабының екінші бөлігінде көзделген Келісімге қатысушы мемлекеттің инвесторы қызметінің жағдайларын нашарлатуға мораторийді құзыретті мемлекеттік органдар қолданбаған жағдайда, инвестордың құқықтарын қорғау сотта (төрелік сотта) жүзеге асырылуы мүмкін екені туындайды, бұл ұлттық заңнамада да расталады.
Мәселен, Әзербайжан Республикасының 1992 жылғы 15 қаңтардағы № 57 «Шетелдік инвестицияларды қорғау туралы» Заңының 42-бабына сәйкес, шетелдік инвесторлар мен шетелдік инвестициялары бар кәсіпорындардың Әзербайжан Республикасының мемлекеттік органдарымен даулары «Әзербайжан Республикасында соттарда қаралуға жатады немесе тараптардың келісімі бойынша, оның ішінде шетелде де, төрелік талқылау тәртібімен қаралуы мүмкін».
Тәжікстан Республикасының 2007 жылғы 12 мамырдағы № 260 «Инвестициялар туралы» Заңының 22-бабының екінші бөлігінде: «Инвестициялық дауларды жасалған шарттарға сәйкес шешу мүмкін болмаған жағдайда, даулар Тәжікстан Республикасының соттарында, сондай-ақ тараптардың келісімі бойынша айқындалатын халықаралық төрелік сотта, төрелік сотта Тәжікстан Республикасының заңнамалық актілеріне және халықаралық-құқықтық актілеріне сәйкес шешіледі» деп белгіленген.
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімде көзделген заңнаманың қолайсыз өзгеруінен қорғау кепілдігін іске асырудың ұлттық тәртібінен басқа, 1997 жылғы 28 наурыздағы Конвенцияда инвестордың құқықтық режимінің тұрақтылығын қамтамасыз етудің халықаралық-құқықтық тетігі қосымша белгіленген. Конвенцияның 5-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, «егер осы Конвенция Тараптар үшін күшіне енгеннен кейін Тараптар инвестицияларға қатысты, мүдделі бір немесе бірнеше Тараптың пікірінше, инвестициялық қызметтің шарттары мен режимін нашарлататын заңнамалық нормаларды өзгертсе, бұл мәселе Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотының және/немесе өзге де халықаралық соттардың немесе халықаралық төрелік соттардың қарауына енгізілуі мүмкін».
Осы норманың мазмұнынан Келісімге қатысушы мемлекеттің 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімге сәйкес өз инвесторларын қорғау мақсатында инвестиция салынатын жердегі ұлттық заңнамадағы өзгерістерге инвестициялық қызмет жағдайларын нашарлату тұрғысынан баға беру мәселесін халықаралық соттың қарауына бастамашылық жасай алатыны туындайды.
Осылайша, 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің, 1997 жылғы 28 наурыздағы Конвенцияның нормаларын және қатысушы мемлекеттердің заңнамасын талдау инвестиция салынатын мемлекеттің заңнамасының қолайсыз өзгеруінен қорғау кепілдігі мынадай тәртіппен іске асырылуы мүмкін екенін көрсетеді:
инвестор 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 21-бабында көзделген тәртіппен – мемлекеттің құзыретті органымен келісу арқылы немесе инвестиция салынатын жердегі соттарға жүгіну арқылы, ал дау тараптарының келісімі бойынша төрелік соттарға (халықаралық төрелік соттарға) жүгіну арқылы;
инвестор мемлекеті (инвестициялардың шыққан елі) Конвенцияның 5-бабының төртінші және бесінші бөліктерінде көзделген тәртіппен – мәселені халықаралық соттардың немесе халықаралық төрелік соттардың қарауына енгізу арқылы.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Соты туралы ереженің 5, 16-тармақтарын және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Соты Регламентінің 1271, 139, 143-тармақтарын басшылыққа ала отырып, ТМД Экономикалық Соты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің сұрауы бойынша мынадай түсіндірме беру қажет деп есептейді.
1. 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Инвестициялық қызмет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қатысушы мемлекеттің осы мемлекеттің аумағында Тараптар бұрын құрған кәсіпорындардың қызмет жағдайларын нашарлататын заңнамасындағы өзгерістерге салалық тиесілігіне қарамастан, инвестицияларға қатысты заңнамаға енгізілген, нәтижесінде кәсіпорындардың қызмет жағдайлары объективті түрде нашарлайтын, яғни оларға бұрын белгіленген міндеттермен салыстырғанда қосымша немесе ұлғайтылған міндеттер жүктелетін не олардың қолда бар құқықтары шектелетін немесе олардан айырылатын өзгерістер жатады.
1997 жылғы 28 наурыздағы Инвестордың құқықтарын қорғау туралы Конвенцияға қатысушы мемлекеттің заңнамасының қолайсыз өзгеруінен қорғау кепілдігі Конвенцияның 5-бабының бесінші бөлігіне сәйкес қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіпті қорғау, қоршаған орта, адамгершілік және халық денсаулығы, салық салу мәселелеріне қатысты заңнаманың өзгеруіне, сондай-ақ алып тастаулар тізбесіне қолданылмайды.
2. Инвестиция салынатын мемлекеттің заңнамасының қолайсыз өзгеруінен қорғау кепілдігі 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Инвестициялық қызмет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің инвесторлары құрған кәсіпорындарға меншік нысанына қарамастан қолданылады.
3. Инвестиция салынатын мемлекеттің заңнамасының қолайсыз өзгеруінен қорғау кепілдігі мынадай тәртіппен іске асырылуы мүмкін:
инвестор 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Инвестициялық қызмет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің 21-бабында көзделген тәртіппен – мемлекеттің құзыретті органымен келісу арқылы немесе инвестиция салынатын жердегі соттарға жүгіну арқылы, ал дау тараптарының келісімі бойынша төрелік соттарға (халықаралық төрелік соттарға) жүгіну арқылы;
инвестор мемлекеті (инвестициялардың шыққан елі) 1997 жылғы 28 наурыздағы Инвестордың құқықтарын қорғау туралы Конвенцияның 5-бабының төртінші және бесінші бөліктерінде көзделген тәртіппен – мәселені халықаралық соттардың немесе халықаралық төрелік соттардың қарауына енгізу арқылы.
4. Консультативтік қорытындының көшірмесі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетіне жіберілсін және мәлімет үшін – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтеріне жолдансын.
5. Консультативтік қорытынды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының басылымдарында және 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Инвестициялық қызмет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға жатады.
Төраға Ф. Абдуллоев
Конституция Заң Кодекс Нормативтік Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар