Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Консультативтік қорытынды / 1992 жылғы 20 наурыздағы Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісімнің 5-бабының екінші бөлігін түсіндіру туралы

1992 жылғы 20 наурыздағы Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісімнің 5-бабының екінші бөлігін түсіндіру туралы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

1992 жылғы 20 наурыздағы Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісімнің 5-бабының екінші бөлігін түсіндіру туралы

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының 2014 жылғы 14 сәуірдегі № 01-1/3-13 консультативтік қорытындысы

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты құрамында:төрағалық етуші – ТМД Экономикалық Сотының Төрағасы Л.Э. Каменкова,ТМД Экономикалық Сотының судьялары: Э.Н. Нагорная, В.Х. Сейтимова,Бас кеңесші О.Н. Романованың қатысуымен,сот отырысының хатшысы Т.Е. Медведеваның қатысуымен,экономика саласындағы даулар бойынша істерді шешетін жоғары арбитраждық, шаруашылық, экономикалық және басқа да соттар төрағалары кеңесінің түсіндіру туралы сұрауы бойынша істі ашық сот отырысында қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Экономика саласындағы даулар бойынша істерді шешетін жоғары арбитраждық, шаруашылық, экономикалық және басқа да соттар төрағалары кеңесі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотына (бұдан әрі – Экономикалық Сот, Сот) 1992 жылғы 20 наурыздағы Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісімнің (бұдан әрі – 1992 жылғы 20 наурыздағы келісім, Келісім) 5-бабының екінші бөлігін түсіндіру туралы сұраумен жүгінді. Өтініш беруші өзара құқықтық көмек көрсету шетелдік соттың тапсырмасы бойынша қамтамасыз ету шараларын қабылдау сияқты процестік әрекетті орындауды қамти ма деген мәселені түсіндіруді сұрайды.

Судья-баяндамашы В.Х. Сейтимованы тыңдап, 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің нормаларын, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің процестік заңнамасын талдап, іс бойынша қолда бар өзге де материалдарды, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігінде өзара құқықтық көмек көрсету тәртібін реттейтін халықаралық шарттарды зерделеп, Бас кеңесші О.Н. Романованың, маман А.А. Лукашанецтің қорытындыларын талқылай келе, ТМД Экономикалық Соты төмендегіні атап өтеді.

1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 5-бабының екінші бөлігін түсіндіру 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 31-бабының 1-тармағында бекітілген халықаралық шарттарды түсіндірудің жалпы қағидасына сәйкес жүзеге асырылады: «шарттың терминдеріне олардың мәнмәтінінде берілетін әдеттегі мағынаға, сондай-ақ шарттың объектісі мен мақсаттарына сәйкес адал ниетпен түсіндірілуге тиіс».

ТМД Экономикалық Соты 2007 жылғы 21 ақпандағы № 01-1/2-06 Экономикалық Соттың шешімін назарға алады. Аталған шешімге сәйкес, «1992 жылғы 20 наурыздағы Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісімге қатысушы мемлекеттер өзара құқықтық көмек көрсету, құжаттардың тілін таңдау, шаруашылық даулар бойынша шетелдік шешімдерді тану және орындауға келтіру кезінде 1993 жылғы 22 қаңтардағы және 2002 жылғы 7 қазандағы азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы Конвенциялардың ережелері (тиісінше 82-бап және 118-баптың 3-тармағы) 1992 жылғы 20 наурыздағы Келісімге қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін қозғамайтынын, сондай-ақ оның нормаларының арнайы сипатын ескере отырып, Келісімді басшылыққа алуға тиіс».

1992 жылғы 20 наурыздағы келісім 1992 жылғы 19 желтоқсанда күшіне енді. Келісімге қатысушылар: Әзербайжан Республикасы, Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы, Украина.

Кіріспеден туындайтындай, Келісім Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы әртүрлі мемлекеттерде орналасқан субъектілер арасындағы шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және барлық шаруашылық жүргізуші субъектілерге Достастық кеңістігінде өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған.

Келісімнің реттеу нысанасы «шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы шарттық және өзге де азаматтық-құқықтық қатынастардан, олардың мемлекеттік және өзге де органдармен қатынастарынан туындайтын істерді шешу, сондай-ақ олар бойынша шешімдерді орындау мәселелері» болып табылады (1-бап).

Түсіндіру нысанасы болып табылатын 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 5-бабының екінші бөлігінде «өзара құқықтық көмек көрсету құжаттарды табыс ету мен жіберуді және процестік әрекеттерді орындауды, атап айтқанда, сараптама жүргізуді, Тараптарды, куәларды, сарапшыларды және басқа да адамдарды тыңдауды қамтиды» деп көзделген. Бұл норма шетелдік соттардың сот тапсырмаларын орындау тәртібімен жүзеге асырылатын құқықтық көмектің көлемін айқындайды. Ол құжаттарды табыс ету және жіберу нысанында, сондай-ақ процестік әрекеттерді орындау нысанында, атап айтқанда, сараптама жүргізу, Тараптарды, куәларды, сарапшыларды және басқа да адамдарды тыңдау сияқты әрекеттерді қамтиды.

ТМД Экономикалық Соты Келісімнің 5-бабының екінші бөлігінде көрсетілген әрекеттердің құқықтық табиғаты мен мақсатын айқындауды қажет деп санайды.

1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 5-бабының екінші бөлігінде көрсетілген процестік әрекеттер (сараптама жүргізу, Тараптарды, куәларды, сарапшыларды және басқа да адамдарды тыңдау) біртектес болып табылады және азаматтық процестегі жарыспалылық қағидаты негізінде сот дауы бойынша дәлелдемелер жинауда тараптарға жәрдем көрсетуге бағытталған, яғни белгілі бір (тар) мағынаға ие. Өзара құқықтық көмек көрсетудің бір нысаны болып табылатын аталған процестік әрекеттер дауды дұрыс әрі уақтылы шешуді, негізделген шешім шығаруды қамтамасыз ету мақсатында қолданылады және тараптардың мүліктік мүдделерін қозғамайды.

Өзара құқықтық көмек көрсетудің құжаттарды табыс ету және жіберу сияқты нысанына қатысты Экономикалық Сот бұл әрекеттердің дәлелдемелер жинауға қатысы жоқ екенін және процеске қатысушыларды сот дауына қатысты мәселелер бойынша хабардар етуге бағытталғанын атап өтеді. Келісімнің түсіндіріліп отырған нормасында құжаттарды табыс ету және жіберу процестік әрекеттерге жатқызылмаған. 1992 жылғы 20 наурыздағы Келісімге қол қойылған кезде мұндай тәсіл 1970 жылғы 18 наурызда Гаагада жасалған Азаматтық немесе сауда істері бойынша шетелде дәлелдемелер алу туралы конвенцияның «өзге де процестік әрекеттер» ұғымына сот құжаттарын табыс ету кірмейтіні туралы ережелеріне (1-бап) сәйкес келген.

Соттың пікірінше, түсіндіріліп отырған норманың құрылымы бойынша мазмұны құқықтық көмек көрсету тәртібімен орындалуы мүмкін процестік әрекеттер тізбесінің ашық, толық емес сипатын көрсетеді. Бұл 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 5-бабының екінші бөлігінде аталған әрекеттермен қатар өзге де процестік әрекеттерді орындауды көздеуі мүмкін. Бұл ұстанымды маман А.А. Лукашанецтің қорытындысы да растайды. Оған сәйкес, «атап айтқанда» деген кіріспе сөз белгілі бір жайтты нақтылау және атап көрсету үшін қолданылады, «мысалы», «оның ішінде» деген мағынаны білдіреді және түсіндіріліп отырған норманың мәнмәтінінде ойды білдіру тәсілін көрсетеді.

Экономикалық Сот экономика саласындағы даулар бойынша істерді шешетін жоғары арбитраждық, шаруашылық, экономикалық және басқа да соттар төрағалары кеңесінің (бұдан әрі – Төрағалар кеңесі) шаруашылық даулар бойынша өзара құқықтық көмек көрсету мәселелеріне қатысты келісілген ұстанымын назарға алады. Мәселен, Төрағалар кеңесінің 2006 жылғы 13 маусымдағы № 30 және 2007 жылғы 10 қыркүйектегі № 38 шешімдерімен бекітілген экономика саласындағы дауларды шешетін жоғары сот Пленумы қаулысының жобасында: «Келісімнің 5-бабының екінші тармағында көрсетілген құқықтық көмек нысандарының тізбесі толық болып табылмайды. Сұрау салушы мемлекеттің соты қажетті процестік әрекеттің сипатын дербес айқындайды. Ол сот құжаттарын, оның ішінде сот отырысының күні мен орны туралы хабарламаларды табыс етуді, жекелеген процестік әрекеттерді орындауды, тараптың заңды мекенжайын анықтау туралы өтініш жасауды, дәлелдемелерді ұсынуды, оның ішінде сараптама жүргізуді, куәларды, тараптарды, сарапшыларды тыңдауды қамтуы мүмкін» деп бекітілген.

Өзара құқықтық көмек көрсету кезінде жасалуы мүмкін процестік әрекеттердің ашық тізбесін белгілеу Келісімнің мақсаттарына сәйкес келеді және экономика саласындағы сот ісін жүргізу саласында интеграцияның неғұрлым жоғары деңгейіне ұмтылумен үйлеседі. Осыған байланысты Сот өзара құқықтық көмектің көлемі Келісім Тараптары үшін осындай қажеттілік туындаған сайын даму үрдісіне ие деп есептейді.

Экономикалық Сот 1992 жылғы 20 наурыздағы Келісімге қол қойылған кезде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің процестік заңнамасында өзара құқықтық көмек көрсету туралы сот тапсырмаларын өзара орындауға қатысты нормалар болмағанын атап өтеді (Беларусь Республикасының 1991 жылғы 5 маусымдағы Шаруашылық процестік кодексі, Ресей Федерациясының 1992 жылғы 5 наурыздағы Арбитраждық процестік кодексі, Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының арбитраждық соттарының шаруашылық дауларды шешу тәртібі туралы» Заңы, Қырғыз Республикасының 1992 жылғы 4 мамырдағы «Қырғыз Республикасының арбитраждық соттарының шаруашылық дауларды шешу тәртібі туралы» Заңы). Соттың пікірінше, осы мән-жай түсіндіріліп отырған норманың тұжырымындағы ерекшеліктерді түсіндіреді: онда өзара құқықтық көмек көрсету институты туралы жалпы ескертумен қатар процестік әрекеттерді орындаудың жекелеген бағыттары берілген. Келісім шеңберінде өзара құқықтық көмек көрсету көлемін одан әрі дамыту, жалпы алғанда, және атап айтқанда, 5-баптың екінші бөлігінің мәнмәтінінде осы Келісім бабының төртінші бөлігінің ережелерімен өзара байланыста қарастырылуға тиіс. Оған сәйкес, «құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмаларды орындау кезінде көмек сұратылатын құзыретті соттар мен өзге де органдар өз мемлекетінің заңнамасын қолданады».

Келісімге қатысушы мемлекеттердің өзара құқықтық көмек көрсету мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерін талдау қазіргі уақытта олардың шетелдік соттың тапсырмасы бойынша орындалуы мүмкін процестік әрекеттер тізбесін айқындау бөлігіндегі мазмұны жалпы алғанда 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 5-бабының екінші бөлігінің ережелерімен үйлесетінін және ашық сипатта екенін көрсетеді.

Беларусь Республикасының Шаруашылық процестік кодексінің 244-бабына сәйкес, «шаруашылық сот Беларусь Республикасының заңнамалық актілерінде және (немесе) халықаралық шарттарында белгіленген тәртіппен өзіне берілген шетелдік соттар мен шет мемлекеттердің құзыретті органдарының жекелеген процестік әрекеттерді жасау туралы тапсырмаларын (шақыру қағаздары мен басқа да құжаттарды табыс ету, жазбаша дәлелдемелер алу, сараптама жүргізу, оқиға орнында қарап-тексеру және т.б.) орындайды».

Бұл ретте Беларусь Республикасы Жоғары Шаруашылық Соты Президиумының 2013 жылғы 26 маусымдағы № 25 қаулысымен бекітілген Беларусь Республикасының шаруашылық соттарының шетелдік тұлғалардың қатысуымен істерді қарауының және құқықтық көмек көрсетуінің кейбір мәселелері жөніндегі Әдістемелік ұсынымдарда «өзара құқықтық көмек мынадай нысандарда көрсетіледі: шаруашылық сот ісін жүргізуге қатысатын шетелдік тұлғаларға құжаттарды (атап айтқанда, шақыру қағаздары мен басқа да құжаттарды) табыс ету, шетелден іс бойынша дәлелдемелерді алу және ұсыну (куәлардан жауап алу, жазбаша дәлелдемелер алу, сараптама жүргізу, оқиға орнында қарап-тексеру және басқа да әрекеттер (Беларусь Республикасының Шаруашылық процестік кодексінің 244-бабы), қолданыстағы шетелдік заңнама және оны қолдану практикасы туралы ресми құқықтық ақпарат беру, шетел құқығының мазмұнын анықтау» көзделген (50-тармақ).

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 423-бабының 1-тармағына сәйкес, «Қазақстан Республикасының соттары өздеріне Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында көзделген тәртіппен берілген шетелдік соттардың жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырмаларын (хабарламалар мен басқа да құжаттарды табыс ету, тараптардан, куәлардан түсініктемелер алу, сараптама жүргізу және оқиға орнында қарап-тексеру және т.б.) орындайды».

Ресей Федерациясының Арбитраждық процестік кодексінің 256-бабында «арбитраждық сот Ресей Федерациясының халықаралық шартында немесе федералдық заңында белгіленген тәртіппен өзіне берілген шетелдік соттар мен шет мемлекеттердің құзыретті органдарының жекелеген процестік әрекеттерді орындау туралы тапсырмаларын (шақыру қағаздары мен басқа да құжаттарды табыс ету, жазбаша дәлелдемелер алу, сараптама жүргізу, оқиға орнында қарап-тексеру және басқа да әрекеттер) орындайды» деп бекітілген.

Мазмұны ұқсас нормалар Әзербайжан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде (456.1-бап); Армения Республикасының Азаматтық процестік кодексінде (247-бап); Қырғыз Республикасының Азаматтық процестік кодексінде (378-бап); Тәжікстан Республикасының Экономикалық процестік кодексінде (235-бап); Украинаның Шаруашылық процестік кодексінде (127-бап) қамтылған.

Өтініш беруші қойған: «өзара құқықтық көмек көрсету шетелдік соттың тапсырмасы бойынша қамтамасыз ету шараларын қабылдау сияқты процестік әрекетті орындауды қамти ма?» деген мәселеге қатысты Экономикалық Сот 1992 жылғы 20 наурыздағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына жүгінуді қажет деп санайды.

Келісімге қатысушы мемлекеттердің процестік заңнамасында талап қоюды немесе өтініш берушінің мүліктік мүдделерін қамтамасыз ету, дәлелдемелерді қамтамасыз ету, сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету, алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдау тәртібін реттейтін нормалар бар.

Келісімге қатысушы мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілерінде қамтамасыз ету шараларының ұғымы берілген, одан олардың мақсаттық тағайындалуы туындайды.

Мәселен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы № 2 нормативтік қаулысында «азаматтық сот ісін жүргізудегі қамтамасыз ету шаралары деп Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде және басқа да заңнамалық актілерінде көзделген, жауапкердің (борышкердің) сот актісін мәжбүрлеп орындатуды қиындатуы немесе мүмкін болмайтындай етуі мүмкін әрекеттерінің алдын алуға бағытталған процестік тыйым салу шаралары түсініледі» деп бекітілген.

Ресей Федерациясы Жоғары Арбитраждық Соты Пленумының 2006 жылғы 12 қазандағы № 55 қаулысында қамтамасыз ету шаралары «талап қоюды қамтамасыз етуге (талап қоюды қамтамасыз ету шаралары), өтініш берушінің мүліктік мүдделерін қамтамасыз етуге (алдын ала қамтамасыз ету шаралары) немесе сот актілерінің орындалуын қамтамасыз етуге (сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету шаралары) бағытталған шұғыл уақытша шаралар» ретінде айқындалған.

Тәжікстан Республикасының Экономикалық кодексінде қамтамасыз ету шаралары «талап қоюды немесе өтініш берушінің мүліктік мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған шұғыл уақытша шаралар» ретінде көзделген (89-бап).

Жүргізілген талдау қамтамасыз ету шараларының құқықтық табиғаты бойынша дауды мәні бойынша шешуге байланысты емес процестік әрекеттер болып табылатынын, олардың мақсаты сот шешімінің толық әрі уақтылы орындалу мүмкіндігіне кепілдік беру екенін көрсетеді. Қамтамасыз ету шаралары өтініш берушінің мүліктік мүдделерін қорғауға, жауапкердің (борышкердің) ықтимал әрекеттерінің жолын кесуге бағытталған, сот процесіне қатысушылардың мүліктік құқықтарын қалпына келтіруді қамтамасыз етеді. Аталған шаралар өзінің мәні бойынша шектеу сипатында болады және процестік мәжбүрлеу сипатына ие. Олардың ерекшелігі – сот ісін жүргізудің кез келген сатысында қысқартылған дәлелдемелер көлемін талдау негізінде жедел тәртіппен қабылдануы мүмкін екендігінде, сондай-ақ залал келтірудің алдын алу мақсатында процесс басталғанға дейін тараптар арасында болған қатынастарды сақтауға ықпал ететіндігінде. Осылайша, қамтамасыз ету шаралары дәлелдемелер жинауға байланысты емес.

Құқықтық көмек көрсету шеңберінде қамтамасыз ету шараларын қолдану практикасы туралы жоғары, жоғары арбитраждық, шаруашылық, экономикалық соттардан келіп түскен ақпарат шетелдік соттың тапсырмасы бойынша қамтамасыз ету шараларын қабылдау құқықтық көмектің көлеміне кірмейтінін немесе құқықтық көмек көрсету аясында қамтамасыз ету шараларын қабылдауға байланысты сот практикасының жоқ екенін көрсетеді.

Беларусь Республикасының Жоғары Шаруашылық Соты (қазіргі уақытта – Беларусь Республикасының Жоғарғы Соты) өз ақпаратында Беларусь Республикасының шаруашылық соттарының өндірісінде шетелдік сот қарастырып жатқан іс шеңберінде Келісімнің 5-бабына сәйкес талап қоюды қамтамасыз ету бойынша құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті қанағаттандыру жағдайлары жоқ екенін хабарлады. Беларусь Республикасының Жоғары Шаруашылық Соты (қазіргі уақытта – Беларусь Республикасының Жоғарғы Соты) 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімге қатысушы мемлекеттердің аумағында құқықтық көмек көрсету шеңберінде талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қабылдаудың бірыңғай тетігін әзірлеу қажеттігі туралы пікір білдірді.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Келісімге қатысушы мемлекеттердің құзыретті соттарынан Қазақстан Республикасының соттарына өтініштер түспегенін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының соттары құқықтық көмек көрсету шеңберінде талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қабылдау мәселесі бойынша Келісімге қатысушы мемлекеттердің құзыретті соттарына жүгінбегенін хабарлады.

Қырғыз Республикасының Жоғарғы Соты Қырғыз Республикасының құзыретті соттарының 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 5-бабында көзделген құқықтық көмек көрсету шеңберінде талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қолдану фактілері жоқ екенін хабарлады. Бұл ретте Қырғыз Республикасының ұлттық заңнамасында шетелдік соттың тапсырмасы бойынша талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қабылдау тәртібі реттелмеген. Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес, «сот тапсырмасы» ұғымы дәлелдемелер жинау қажеттілігінің бір түрі ретінде «шетелдік соттың талап қоюды қамтамасыз ету туралы тапсырмасы» ұғымын қамтымайды.

Ресей Федерациясының Жоғары Арбитраждық Соты өз ұстанымын білдіріп, өзара құқықтық көмек көрсету тек құжаттарды табыс ету мен жіберуді, өзге де процестік әрекеттерді, атап айтқанда, сараптама жүргізуді, тараптарды, куәларды, сарапшыларды және басқа да адамдарды тыңдауды ғана қамтитынын мәлімдеді.

Бұл ретте халықаралық құқықтық көмектің мазмұнын құрайтын әрекеттер тізбесінің ашық болуы осындай көмек көрсету шеңберінде шетелдік соттардың қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы актілерін тану мүмкіндігі мәселесін өзекті етеді. Келісімнің 7-бабында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құзыретті соттарының заңды күшіне енген шешімдерін, яғни істі мәні бойынша қарауды аяқтайтын тек түпкілікті сот актілерін өзара тану және орындауға келтіру міндеті тікелей көзделген.

Аралық сот актілеріне жататын қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы ұйғарымдарды мәжбүрлеп орындату аталған халықаралық шарттың нормаларында көзделмеген. Жоғары Арбитраждық Сот Ресей Федерациясының процестік заңнамасы да кәсіпкерлік және өзге де экономикалық қызметті жүзеге асыру кезінде туындайтын даулар мен басқа да істер бойынша шетелдік соттар қабылдаған шешімдер ғана танылуы және орындалуға келтірілуі мүмкін деген ұстанымға негізделетінін көрсетті. Қарсы тарапты шақырмай, дәлелдемелердің шектеулі шеңберін бағалау арқылы жедел сот рәсімі шеңберінде шығарылатын қорғау құралы ретіндегі қамтамасыз ету шаралары сот талқылауының барлық тараптарының мүдделерін теңгерімді бағалауға негізделмейді. Сондай-ақ Ресей Федерациясының арбитраждық соттарының практикасында Келісімге қатысушы мемлекеттердің құзыретті соттарының құқықтық көмек көрсету шеңберінде қамтамасыз ету шараларын қабылдау мәселесі бойынша Ресей Федерациясының құзыретті соттарына жүгінуінің жекелеген жағдайлары кездесетіні атап өтілді. Алайда арбитраждық соттар жоғарыда баяндалған тәсілдерге сүйене отырып, Келісімге қатысушы мемлекеттердің шетелдік соттарының қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы тапсырмаларын орындаудан бас тартады. Бұл мүдделі тұлғаның тиісті қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы өтінішхатпен құзыретті сотқа жүгінуіне кедергі келтірмейді.

Украинаның Жоғары Шаруашылық Соты 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 5-бабының екінші бөлігіне сәйкес өзара құқықтық көмек көрсету деп тек құжаттарды табыс ету мен жіберу, процестік әрекеттерді орындау ғана түсінілетінін есептейді. Украинаның Шаруашылық процестік кодексінің нормаларында талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қабылдау құқықтық көмек көрсету жөніндегі ықтимал әрекет ретінде бөліп көрсетілмеген. 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімде ТМД-ның бір елінде басқа ТМД мемлекетінде қабылданған қамтамасыз ету шаралары туралы қаулыларды тану және орындау жөніндегі ережелер көзделмеген.

Түрікменстан Жоғарғы Сотының, Тәжікстан Республикасының Жоғары Экономикалық Сотының ақпараты бойынша, осы мемлекеттердің құзыретті соттары өзара құқықтық көмек көрсету шеңберінде талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қолданбайды.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының өзара құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша шарттық құқықтық базасын 1992 жылғы 20 наурыздағы Келісіммен қатар 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенция және 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы Конвенция құрайды. Бұл ретте Сот аталған конвенциялардың өзара құқықтық көмек көрсету көлемін реттейтін нормалары (6-бап) ТМД Экономикалық Сотының түсіндіру нысанасы болмағанына назар аударады. Сонымен қатар осы конвенциялардың қолданыстағы нормаларында (6-бап), Келісімдегідей (5-бап), процестік әрекеттерді орындау туралы айтумен қатар нақтылайтын тізбе беріледі, онда қамтамасыз ету шараларын қолдану сияқты процестік әрекет көрсетілмеген. 2002 жылғы 7 қазандағы Конвенцияда талап қоюды қамтамасыз ету мақсатында мүлікке, оның ішінде банк шоттарындағы ақша қаражатына тыйым салу түріндегі қамтамасыз ету шарасын қолдану өзара құқықтық көмек көрсету шеңберінен тыс шығарылған және осы Конвенцияның соттардың шешімдерін тану және орындау рәсіміне жататын 54-бабында көзделген.

Экономикалық Сот Келісімнің 5-бабының екінші бөлігінде көрсетілген процестік әрекеттер тізбесінің ашық сипатына қарамастан, процестік әрекеттер көлемінің нақтыланбауы және Келісім шеңберінде құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмаларды орындау мәселелері бойынша жалпы тәсілдердің болмауы оларды практикада қолдануда қиындықтар туғызатынын атап өтеді. Осыған байланысты Сот Достастық кеңістігінде өзара құқықтық көмек көрсету шеңберінде қамтамасыз ету шараларын қолдану бойынша біркелкі практиканы қалыптастыру мақсатында қамтамасыз ету шараларына қатысты тапсырмаларды орындауға қабылдау немесе қабылдаудан бас тарту мәселелері бойынша көпжақты (екіжақты) деңгейде бірыңғай тетік әзірлеу орынды деп санайды.

Осылайша, 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 5-бабының екінші бөлігін, Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасын, Достастық шеңберінде өзара құқықтық көмек көрсету саласындағы халықаралық уағдаластықтарды іске асыру практикасы туралы ақпаратты, ТМД шеңберінде жасалған құқықтық көмек туралы өзге де халықаралық шарттарды талдап, сондай-ақ Келісімнің 5-бабының төртінші бөлігінің ережелерін ескере отырып, ТМД Экономикалық Соты төмендегіні анықтайды.

Түсіндіріліп отырған нормада баяндалған өзара құқықтық көмек көрсету шеңберіндегі процестік әрекеттер тізбесінде қамтамасыз ету шараларын қабылдау сияқты процестік әрекет көзделмеген.

Сонымен бірге бұл норма процестік әрекеттер бөлігінде ашық сипатқа ие. Осыған байланысты Соттың пікірінше, Келісімге қатысушы сұрау салушы мемлекеттің құзыретті соты өзара құқықтық көмек көрсету тәртібімен қажетті процестік әрекеттің түрін дербес айқындайды. Сот тапсырмаларын орындау кезінде Келісімге қатысушы сұрау салынған мемлекеттің құзыретті соты әрбір нақты жағдайда Келісімнің 5-бабының төртінші бөлігінің нормаларына сәйкес өз мемлекетінің заңнамасын қолданады.

Баяндалғандардың негізінде, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты туралы ереженің 5, 16-тармақтарын, ТМД Экономикалық Соты Регламентінің 134¹, 150-тармақтарын басшылыққа ала отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты мынадай қорытындыға келді.

1. 1992 жылғы 20 наурыздағы Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісімнің 5-бабының екінші бөлігінде баяндалған өзара құқықтық көмек көрсету шеңберіндегі процестік әрекеттер тізбесінде қамтамасыз ету шараларын қабылдау сияқты процестік әрекет көзделмеген.

Аталған Келісімнің 5-бабының екінші бөлігінің нормасы ашық сипатқа ие.

2. 1992 жылғы 20 наурыздағы Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісімге қатысушы сұрау салушы мемлекеттің құзыретті соты өзара құқықтық көмек көрсету тәртібімен орындалуы үшін процестік әрекеттің түрін дербес айқындайды. Әрбір нақты жағдайда құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы қабылдау (қабылдаудан бас тарту) және оны орындау тәртібі туралы мәселені Келісімге қатысушы сұрау салынған мемлекеттің құзыретті соты осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес қарайды.

3. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігінде өзара құқықтық көмек көрсету шеңберінде қамтамасыз ету шараларын қолдану мәселелері бойынша біркелкі практиканы қалыптастыру мақсатында қамтамасыз ету шараларына қатысты тапсырмаларды орындауға қабылдау немесе қабылдаудан бас тарту мәселелері бойынша көпжақты (екіжақты) деңгейде бірыңғай тетік әзірлеу орынды деп танылады.

4. Консультативтік қорытындының көшірмесі экономика саласындағы даулар бойынша істерді шешетін жоғары арбитраждық, шаруашылық, экономикалық және басқа да соттар төрағалары кеңесіне, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтеріне, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жоғарғы, жоғары арбитраждық, шаруашылық, экономикалық және экономика саласындағы даулар бойынша істерді шешетін өзге де жоғары соттарына және мәлімет үшін ТМД Атқарушы комитетіне жіберілсін.

5. Консультативтік қорытынды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотының мәртебесі туралы 1992 жылғы 6 шілдедегі келісімге қатысушы мемлекеттердің басылымдарында және бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға жатады.

Төраға                                                 Л.Э. Каменкова

 

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар