Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 2003 жылғы 18 қыркүйектегі шешімімен бекітілген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының халықаралық-құқықтық құжаттарының жобаларын әзірлеу жөніндегі Әдістемелік ұсынымдардың халықаралық шарттарға қатысты бөлігіндегі ережелерін түсіндіру туралы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының 2007 жылғы 9 қарашадағы № 01-1/3-07 консультативтік қорытындысы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының құрамы: төрағалық етуші – ТМД Экономикалық Сотының Төрағасы А.Ш. Керімбаева, ТМД Экономикалық Сотының судьялары: Ф. Абдуллоев, С.Ж. Жолдыбаев, В.И. Мирошник, Т.Н. Молчанова, сот отырысының хатшысы Т.Е. Медведева, ТМД Экономикалық Сотының Бас кеңесшісі Е.В. Кузнецованың қатысуымен, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитетінің түсіндіру туралы сұрауы бойынша істі ашық сот отырысында қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитеті (бұдан әрі – ТМД Атқарушы комитеті) ТМД Экономикалық Сотына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының халықаралық-құқықтық құжаттарының жобаларын әзірлеу жөніндегі Әдістемелік ұсынымдардың (бұдан әрі – Әдістемелік ұсынымдар) халықаралық шарттарға қатысты бөлігіндегі ережелерін түсіндіру туралы сұраумен жүгінді. Аталған Әдістемелік ұсынымдар ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің 2003 жылғы 18 қыркүйектегі шешімімен бекітілген.
ТМД Атқарушы комитеті төмендегілерді түсіндіруді сұрайды:
1) мемлекеттің органдары (үкімет, министрлік, ведомство) халықаралық шарттар жасасуға құқылы ма (олардың шарттық құқық қабілеттілігі бар ма) және олар жасасқан халықаралық шарттардың тарапы кім болып табылады;
2) «түзетулер» термині халықаралық шарттың жекелеген баптарына өзгерістер енгізуді білдіре ме, әлде бұл термин шартты тұтастай қайта қарауды да қамти ма;
3) көпжақты шарттарға түзетулер енгізу рәсімі, оның ішінде шарт мәтінін оның барлық қатысушылары арасындағы қатынастарда өзгертуге бағытталған түзетулер енгізу рәсімі қандай және шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманың құқықтық мәртебесі қандай?
ТМД Атқарушы комитетінің сұрауы халықаралық-құқықтық құжаттарға, олардың құрылымына, баяндалу тіліне, ресімдеу тәртібіне, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібіне қойылатын негізгі талаптарды қамтитын Әдістемелік ұсынымдардың 1.4, 1.7, 6.3, 6.10, 7.1–7.7-тармақтарына қатысты.
Әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің шешіміне Түрікменстанды қоспағанда, ТМД-ға қатысушы барлық мемлекеттер қол қойған, Түрікменстан өз мүдделі еместігін мәлімдеген. Әдістемелік ұсынымдар Достастық органының актісі болып табылады және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы нормашығармашылық процеске жүйелі әрі біріздендірілген сипат беру, Достастыққа қатысушы мемлекеттердің сарапшыларына, сондай-ақ халықаралық-құқықтық құжаттардың жобаларын әзірлеу кезінде органдарға практикалық көмек көрсету мақсатында қабылданған.
Әдістемелік ұсынымдар өзінің сипаты мен мақсатты бағытына байланысты мәтінде қолданылатын терминдердің анықтамаларын қамтымайды. Сонымен бірге ТМД шеңберінде халықаралық шарттардың жобаларын келісу тәжірибесі мемлекеттердің өкілдері мен сарапшылары арасында халықаралық шартқа қатысты «тарап», «өзгеріс», «түзету», «қайта қарау» сияқты терминдерді біркелкі түсінбеу жағдайларының бар екенін көрсетеді. Осы мән-жай ТМД Атқарушы комитетінің сұраумен жүгінуіне негіз болды.
Баяндамашы судья Т.Н. Молчанованы тыңдап, ТМД Экономикалық Сотының Бас кеңесшісі Е.В. Кузнецованың қорытындысын талқылап, Әдістемелік ұсынымдарды халықаралық шарттарға қолданылатын бөлігінде зерделеп, 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының (бұдан әрі – 1969 жылғы Вена конвенциясы) ережелерін, ТМД шеңберінде халықаралық шарттарды әзірлеу және жасасу тәжірибесін, Достастық мемлекеттерінің заңнамасын, 1969 жылғы Вена конвенциясын әзірлеуге қатысты БҰҰ Халықаралық құқық комиссиясының материалдарын, халықаралық құқық доктринасын ескере отырып, Экономикалық Сот Регламентінің 127-тармағына сәйкес ТМД Экономикалық Соты төмендегідей қорытынды беруді қажет деп санайды.
1. Әдістемелік ұсынымдардың 6.3-тармағында мемлекеттерге халықаралық шарттың преамбуласына енгізу үшін ұсынылатын шарт тараптарын белгілеу формуласы қамтылған: «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер үкіметтерінің атынан, бұдан әрі Жоғары Уағдаласушы Тараптар деп аталатындар». Сонымен бірге Әдістемелік ұсынымдар халықаралық шарттар жасасуға уәкілетті субъектілердің шеңберін айқындау өлшемшарттарын белгілемейді. 1969 жылғы Вена конвенциясының 2-бабы 1-тармағының «а» тармақшасына сәйкес халықаралық шарттар жасасу құқығы (халықаралық шарттық құқық қабілеттілік) мемлекеттің әмбебап құқық субъектілігінің элементтерінің бірі болып табылады. Халықаралық шарттан туындайтын барлық құқықтар мен міндеттерге ие болатын және шарт бойынша қабылданған міндеттемелерді орындамағаны үшін жауаптылықта болатын субъект – мемлекет.
1969 жылғы Вена конвенциясында «қатысушы» термині шарттың өзі үшін міндеттілігіне келісім берген және оған қатысты шарт күшіне енген мемлекетті белгілеу үшін қолданылады (2-баптың 1-тармағының «g» тармақшасы). Шарттық практикада халықаралық шартқа қатысты «қатысушы», «тарап», «субъект» терминдері, шарттың тарапы бір мезгілде бірнеше мемлекет болған жағдайларды қоспағанда, синонимдер ретінде қарастырылады.
Халықаралық құқық субъектісі ретінде мемлекет өзінің құқық субъектілігін халықаралық құқықтар мен міндеттерді мемлекет атынан туындататын заңдық маңызы бар әрекеттер жасайтын органдары мен лауазымды адамдары арқылы жүзеге асырады. Мемлекет өзінің органдары мен лауазымды адамдарының ресми мәртебеде жасаған әрекеттері үшін жауапты болады (БҰҰ Бас Ассамблеясының 2001 жылғы 12 желтоқсанда мақұлдаған Халықаралық құқыққа қайшы әрекеттері үшін мемлекеттердің жауапкершілігі туралы баптар жобасының 4-бабы).
Мемлекеттік органдар өздерінің лауазымды адамдары арқылы 1969 жылғы Вена конвенциясының 7-бабының 1-тармағына сәйкес тек «шарт мәтінін қабылдау... не мемлекеттің шарттың өзі үшін міндеттілігіне келісімін білдіру мақсатында» мемлекетті білдіреді. Мемлекет атынан өкілдік ететін органдардың арасындағы айырмашылық олардың шарттық процеске қатысу үшін өкілеттіктерін ұсыну рәсіміне байланысты айқындалады. 1969 жылғы Вена конвенциясының 7-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекет басшысы, үкімет басшысы, сыртқы істер министрі, сондай-ақ мемлекеттер халықаралық конференцияларда немесе халықаралық ұйымда аккредиттеген өкілдер, дипломатиялық өкілдік басшысы (тек шарт мәтінін қабылдауға қатысты) өздерінің атқаратын функцияларына байланысты арнайы өкілеттіктерді ұсынбастан мемлекетті білдіреді. Халықаралық шарттар жасасу өкілеттіктері мемлекеттің басқа органдарына да берілуі мүмкін. Мысалы, Қырғыз Республикасының 1999 жылғы 21 шілдедегі «Қырғыз Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңымен халықаралық шарттар жасасу құқығы Парламентке берілген (3-баптың 3-тармағы).
Мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар халықаралық шарттар жасасу кезінде мемлекет атынан әрекет етеді, халықаралық шарттық құқық қабілеттілікке ие болмайды және халықаралық шарттардың тарапы бола алмайды.
ТМД Экономикалық Соты Әдістемелік ұсынымдардың 6.3-тармағының екінші абзацында қолданылатын халықаралық шарттардың тараптарын белгілеу формуласы жалпы алғанда 1969 жылғы Вена конвенциясының ережелеріне және қалыптасқан практикаға сәйкес келеді деп есептейді, алайда шарттың тарапы бір мезгілде бірнеше мемлекет болатын жағдайларды ескермейді (2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартқа Өзбекстан Республикасының қосылуы туралы 2006 жылғы 25 қаңтардағы хаттамада шарттың бір тарапы ретінде Өзбекстан Республикасы, ал екінші тарапы ретінде шарттың барлық қатысушылары көрсетілген).
Достастық шеңберіндегі, сондай-ақ басқа мемлекеттердегі шарттық ынтымақтастық тәжірибесі бірқатар халықаралық шарттарда тараптар ретінде үкіметтер, министрліктер мен ведомстволар көрсетілетінін дәлелдейді. Мысалы, үкіметтер атынан 1992 жылғы 15 мамырдағы Сыртқы экономикалық қызмет саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасалған; министрліктер атынан 1994 жылғы 17 ақпандағы Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы ішкі істер министрліктерінің ынтымақтастығы туралы келісім жасалған.
Алайда Достастыққа қатысушы барлық мемлекеттердің халықаралық шарттар туралы заңнамасы үкіметтердің, министрліктер мен ведомстволардың атынан халықаралық шарттар жасасу мүмкіндігін көздей отырып, мұндай шарттарды мемлекет жасасқан шарттар ретінде қарастырады (мысалы, Әзербайжан Республикасының 1995 жылғы 13 маусымдағы «Әзербайжан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау және күшін жою тәртібі туралы» Заңының 2-бабы; Беларусь Республикасының 1991 жылғы 23 қазандағы «Беларусь Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңының 1-бабы; Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңының 2-бабы; Өзбекстан Республикасының 1995 жылғы 22 желтоқсандағы «Өзбекстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңының 7-бабы).
ТМД Экономикалық Соты халықаралық шарттарда үкіметті, министрлікті, ведомствоны тарап ретінде көрсету 1969 жылғы Вена конвенциясының 2-бабы 1-тармағының «g» тармақшасының және 7-бабының мазмұнына сәйкес келмейді деп есептейді. Осыған байланысты халықаралық шарттардың жобаларын әзірлеу кезінде ТМД Экономикалық Соты мынадай формуланы пайдалануды ұсынады: «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер үкіметтерінің (министрліктерінің, ведомстволарының) атынан, бұдан әрі Жоғары Уағдаласушы Тараптар деп аталатындар».
2. Достастықтың халықаралық-құқықтық құжаттарына, оның ішінде халықаралық шарттарға өзгерістер енгізу және оларды ресімдеу тәртібі Әдістемелік ұсынымдардың 1.7, 6.10, 7.1–7.7-тармақтарымен реттеледі. Құжатта «өзгерістер мен толықтырулар» термині қолданылады және халықаралық шарттарға қатысты «түзету», «қайта қарау» терминдері пайдаланылмайды.
Халықаралық шарттарға түзетулер енгізу институты мемлекеттердің, оның ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттерінің тәжірибесінде кеңінен қолданылады. 1969 жылғы Вена конвенциясының 39-бабына сәйкес «түзету» термині шарттың өзгертілуіне қатысты, бұл өзгеріс оны өзгертуге келісім білдірген мемлекеттер-қатысушылар арасындағы қатынастарда қолданылады. Сондықтан Әдістемелік ұсынымдардың ТМД халықаралық-құқықтық құжаттарын өзгерту туралы ережелері оларға түзетулер енгізуге қатысты деп қарастырылуға тиіс.
Көпжақты халықаралық шартқа енгізілетін түзету болып жекелеген қатысушылар арасындағы қатынастарда арнайы келісім жасасу арқылы шартты өзгерту, бұл ретте шарттың өзге қатысушыларына осындай келісімге қосылу құқығын бермеу (inter se келісімі) және 1969 жылғы Вена конвенциясының 41-бабында көзделген қағидаларды сақтау, сондай-ақ шарт мәтінінде анықталған арифметикалық, орфографиялық, грамматикалық және басқа да қателерді түзету (1969 жылғы Вена конвенциясының 48-бабының 3-тармағы, 79-бабы) есептелмейді.
Осылайша, 1969 жылғы Вена конвенциясына сәйкес түзету халықаралық шарттың өзгертілетін ережелерінің саны мен маңыздылығына қарамастан, оның кез келген өзгертілуі ретінде қарастырылады.
1969 жылғы Вена конвенциясында халықаралық шартқа қатысты «қайта қарау» термині қолданылмайды. Мемлекеттердің, оның ішінде Достастық мемлекеттерінің шарттық тәжірибесінде «қайта қарау» ұғымы көбінесе халықаралық шартты тұтастай жалпы өзгерту, оның нәтижесінде шарттың мақсаты мен нысанасы өзгеруі мүмкін болатын жағдайды белгілеу үшін қолданылады (1970 жылғы 19 маусымдағы Патенттік кооперация туралы шарттың 60-бабы, оған 2007 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 138 мемлекет қатысады). Осылайша, қайта қарау халықаралық шартқа түзетулер енгізудің жеке жағдайы болып табылады.
Халықаралық шартқа өзгерістер енгізу мәтінді өзгерту немесе толықтыру, не шарттың жекелеген ережелерін алып тастау арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл ретте шарттық практикада енгізілетін өзгерістерді белгілеу үшін негізінен «өзгеріс», «түзету», «қайта қарау» терминдері қолданылады. Осыған байланысты ТМД Экономикалық Соты халықаралық шарттарға енгізілетін түзетулерді белгілеу үшін олардың сипатын ескере отырып, «түзету», «өзгеріс», «қайта қарау» терминдерін пайдалануды және Әдістемелік ұсынымдарға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынады (1.7-тармақ, 6.10-тармақтың сегізінші абзацы, 7.1–7.7-тармақтар).
3. Халықаралық шартқа түзетулер енгізу кез келген атаумен аталатын жеке халықаралық шарт жасасу арқылы жүзеге асырылады. Түзетулер енгізу туралы құжат көбінесе «Түзетулер енгізу туралы келісім» немесе «Түзетулер енгізу туралы хаттама» деп аталады (бұдан әрі – түзетулер туралы хаттама).
Халықаралық шартқа түзетулер енгізу рәсімі, оның ішінде оны қайта қарау тәртібі өзгертілетін халықаралық шарттың өзімен айқындалады. 1969 жылғы Вена конвенциясының 39-бабына сәйкес, егер шартта өзге қағидалар көзделмесе, «Шарттарды жасасу және олардың күшіне енуі» атты II бөлімде баяндалған нормалар қолданылады. Олардан халықаралық шартқа түзетулер енгізу өзгертілетін халықаралық шартты жасасу тәртібімен бірдей тәртіпте және оның деңгейін (мемлекетаралық, үкіметаралық, ведомствоаралық) сақтай отырып жүзеге асырылатыны туындайды.
ТМД Экономикалық Соты халықаралық шарттарға түзетулер енгізу халықаралық ұйымдардың органдарының шешімдерін қабылдау арқылы жүзеге асырылмайтынын атап көрсетеді, өйткені халықаралық ұйымдардың құқықтық табиғатына байланысты мұндай шешімдер ұсынымдық сипатта болады. Бұған халықаралық ұйымдардың жоғары органдарының отырыстарында түзетулер туралы хаттаманы қабылдау жағдайлары (2002 жылғы 7 қазандағы ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің, Үкімет басшылары кеңесінің, Сыртқы істер министрлері кеңесінің және Экономикалық кеңесінің Регламентін бекіту туралы ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің шешімімен бекітілген рәсім қағидаларының 16-қағидасы), сондай-ақ шартқа сәйкес оның орындалуын бақылау үшін арнайы құрылған органдарға шарттың объектісі мен мақсаттарын қозғамайтын әкімшілік немесе техникалық сипаттағы түзетулер қабылдау құқығын беру жағдайлары (1993 жылғы 13 қаңтардағы Химиялық қаруды әзірлеуге, өндіруге, жинақтауға және қолдануға тыйым салу және оны жою туралы конвенцияның XV бабының төртінші және бесінші бөліктері, оған ТМД-ға қатысушы барлық мемлекеттерді қоса алғанда, 182 мемлекет қатысады) жатпайды.
1969 жылғы Вена конвенциясында түзетулер туралы хаттама дербес халықаралық шарт ретінде қарастырылатынын ескере отырып, оған ескертпелер жасау, күшіне ену және халықаралық шарттар үшін көзделген тәртіппен күшіне енгізу рәсіміне қатысты тиісті қағидалар қолданылады. Түзетулер туралы хаттамаға қатысушы болмаған, бірақ негізгі шарттың қатысушысы болып табылатын мемлекетті бұл хаттама байланыстырмайды.
Сонымен бірге өзгертілетін шарт пен оған түзетулер енгізу туралы хаттама өзара байланысты халықаралық-құқықтық құжаттар болып табылады: халықаралық шарттың барлық қатысушы мемлекеттері ұсынылып отырған түзетулер туралы хабардар етілуге, осындай ұсыныстарға қатысты шешім қабылдауға, келіссөздерге және түзетулер туралы хаттаманы жасасуға қатысу құқығына ие болуға тиіс (1969 жылғы Вена конвенциясының 40-бабының 2-тармағы). Түзетулер туралы хаттама мен оған өзгерістер енгізілетін шарттың арақатынасы осы құжаттардың кез келгенінде айқындалады, мысалы: «Хаттама Шарттың ажырамас бөлігі болып табылады» (2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманың 2-бабы).
Әдістемелік ұсынымдар түзетулер туралы хаттаманы қабылдаудың құқықтық салдарын белгілемейді, алайда Достастықтың құқықтық құжаттарын немесе олардың жекелеген ережелерін күшін жойды деп тану мүмкіндігін бекітеді (1.6-тармақтың үшінші абзацы, 1.7-тармақтың үшінші абзацы). 1969 жылғы Вена конвенциясының 40-бабының 4 және 5-тармақтары, сондай-ақ 54–64-баптары мемлекеттердің әртүрлі санаттары (шарттың бастапқы редакциясына қатысушы мемлекеттер, түзетулер туралы хаттамаға қатысушы мемлекеттер, екі актіге де қатысушы мемлекеттер) арасындағы қатынастарда қолданылуға жататын нормаларды айқындауға мүмкіндік береді, сондай-ақ халықаралық шарттарды тоқтату негіздерінің тізбесін қамтиды.
Түзетулер туралы хаттаманың күшіне енуі халықаралық шарттың жаңа редакциясын қалыптастырады, алайда, әдетте, түзетулер туралы хаттамаға қатысушы мемлекеттер арасындағы қатынастарда халықаралық шарттың тоқтатылуына әкеп соқпайды. Дегенмен қатысушы мемлекеттер түзетулер туралы хаттама күшіне енген кезде өзгертілетін шарттың хаттамаға қатысушылар арасындағы қатынастарда қолданылуын тоқтататыны, оның жекелеген ережелері қолданылуға жатпайтыны немесе қолданысын тоқтататыны туралы уағдаласа алады. «Күшін жояды» деген Әдістемелік ұсынымдардың тұжырымдамасы 1969 жылғы Вена конвенциясының мәтінінде қолданылмайды және әдетте ұлттық заңнамада пайдаланылады.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, ТМД Экономикалық Соты туралы ереженің 5, 16-тармақтарын және ТМД Экономикалық Соты Регламентінің 127, 143, 148-тармақтарын басшылыққа ала отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты мынадай қорытындыларға келді.
1. Халықаралық шарттың түріне қарамастан, халықаралық шарттың тарапы халықаралық шарт бойынша құқықтар мен міндеттерге ие болатын және ол бұзылған жағдайда жауаптылықта болатын мемлекет болып табылады.
Мемлекет халықаралық шарт жасасуға уәкілеттік берген орган халықаралық шарттық құқық қабілеттілікке ие болмайды және мұндай шарттың тарапы болып табылмайды.
2. Халықаралық шартқа түзету шарттың жекелеген ережелерінің де, тұтастай халықаралық шарттың да (шартты қайта қарау) оны өзгертуге келісім білдірген мемлекеттер-қатысушылар арасындағы қатынастарда өзгертілуін білдіреді.
3. Халықаралық шартқа түзетулер түзетулер туралы хаттама түрінде немесе өзге де нысанда халықаралық шарт жасасу арқылы енгізіледі. Түзетулер енгізу рәсімі өзгерістер енгізілетін халықаралық шарттың нормаларымен, ал олар болмаған жағдайда – 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының ережелерімен айқындалады.
4. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сарапшыларына және Достастық органдарына халықаралық шарттардың жобаларын әзірлеу кезінде мынадай тұжырымдар мен терминдерді пайдалану ұсынылсын:
– қатысушылардың субъектілік құрамын айқындау кезінде: «(атауы) мемлекеті және (атауы) мемлекеті, бұдан әрі Тараптар (Жоғары Уағдаласушы Тараптар) деп аталатындар, үкіметтерінің (министрліктерінің, ведомстволарының) атынан»;
– халықаралық шарттың мәтініне енгізілетін түзетулерді олардың сипатын ескере отырып белгілеу үшін: «түзету», «өзгеріс», «қайта қарау»;
– түзетулер туралы хаттаманы қабылдаудың оған қатысушылар үшін құқықтық салдарын айқындау кезінде: «халықаралық шарттың қолданысы тоқтатылады», «халықаралық шарттың (нөмірі көрсетілген) баптарының қолданысы тоқтатылады», «халықаралық шарттың (нөмірі көрсетілген) баптары қолданылуға жатпайды».
5. Консультативтік қорытындының көшірмесі ТМД Атқарушы комитетіне, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесіне, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің үкіметтеріне, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сыртқы істер министрліктеріне жіберілсін.
6. Консультативтік қорытынды 1992 жылғы 6 шілдедегі ТМД Экономикалық Сотының мәртебесі туралы Келісімге қатысушы мемлекеттердің басылымдарында және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.
Төраға А.Ш. Керімбаева
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Келісім меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсіндірме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар