Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Консультативтік қорытынды / 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімнің 3-бабының 1-тармағын түсіндіру туралы

1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімнің 3-бабының 1-тармағын түсіндіру туралы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімнің 3-бабының 1-тармағын түсіндіру туралы

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының 2010 жылғы 28 мамырдағы № 01-1/7-09 консультативтік қорытындысы

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты мынадай құрамда:

төрағалық етуші – ТМД Экономикалық Сотының Төрағасы Ф. Абдуллоев,

ТМД Экономикалық Сотының судьялары: С.Ж. Жолдыбаев, Л.Э. Каменкова, А.Ш. Керимбаева, Т.Н. Молчанова,

ТМД Экономикалық Сотының Бас кеңесшісі В.А. Юкевичтің, ТМД Атқарушы комитетінің өкілі В.Н. Вежновецтің қатысуымен,

сот отырысының хатшысы Т.Е. Медведеваның қатысуымен,

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитетінің түсіндіру туралы сұрауы бойынша істі ашық сот отырысында қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитеті Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотына 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімнің 1999 жылғы 2 сәуірдегі 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Хаттаманың редакциясындағы 3-бабының 1-тармағын түсіндіру туралы сұраумен жүгінді.

ТМД Атқарушы комитеті өз сұрауында 1994 жылғы 15 сәуірдегі Келісімнің 3-бабының 1-тармағының қолданылуы Келісуші Тараптардың бірінің кедендік аумағынан шыққан, басқа Келісуші Тараптың кедендік аумағына экспортталған және кейіннен Келісімге қатысушы мемлекеттің шаруашылық жүргізуші субъектілері олардың арасындағы қолданыстағы шарттық қатынастар шеңберінде сапасының тиісті болмауына байланысты жеткізушіге немесе дайындаушы кәсіпорынға қайтарған тауарларға қолданыла ма деген мәселені түсіндіруді сұрайды.

Баяндамашы судья А.Ш. Керимбаеваны тыңдап, ТМД Экономикалық Сотының Бас кеңесшісі В.А. Юкевичтің қорытындысын және іс материалдарын талдай келе, ТМД Экономикалық Соты мынаны атап өтеді.

1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімнің 3-бабының 1-тармағын түсіндіру 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 31-бабында бекітілген халықаралық шарттарды түсіндірудің жалпы қағидасына сәйкес жүзеге асырылады: «шарт адал ниетпен, шарттың мәнмәтініндегі терминдерге берілуге тиіс кәдімгі мағынасына сәйкес, сондай-ақ шарттың объектісі мен мақсаттарын ескере отырып түсіндірілуге тиіс». Түсіндіру барысында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының еркін сауда аймағының жұмыс істеу тәртібін реттейтін халықаралық құқықтық актілері, 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасы ескеріледі.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы еркін сауда аймағының құқықтық негізін мынадай халықаралық құқықтық актілер құрайды: 1993 жылғы 24 қыркүйектегі Экономикалық одақ құру туралы шарт; 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісім; 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 1999 жылғы 2 сәуірдегі Хаттама (бұдан әрі – 1999 жылғы 2 сәуірдегі Хаттама); Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары кеңесінің 1993 жылғы 24 қыркүйектегі шешімімен бекітілген Тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидалары; Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары кеңесінің 2000 жылғы 30 қарашадағы шешімімен бекітілген Тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидалары (бұдан әрі – 2000 жылғы 30 қарашадағы Қағидалар). 2009 жылғы 20 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы Тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидалары туралы келісім күшіне енгеннен кейін осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидалары қолданылатынын ескеру қажет.

1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісім және 1999 жылғы 2 сәуірдегі Хаттама Әзербайжан Республикасы, Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Грузия, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Молдова Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Украина үшін күшіне енді. Ресей Федерациясы мен Түрікменстан осы Келісімді оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдер аяқталғанға дейін уақытша қолданады. 1999 жылғы 2 сәуірдегі Хаттама Ресей Федерациясы үшін осы уақытқа дейін күшіне енген жоқ. 1999 жылғы 2 сәуірдегі Хаттамаға Түрікменстан қол қойған жоқ.

1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісім 1993 жылғы 24 қыркүйектегі Экономикалық одақ құру туралы шарттың тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің еркін қозғалысына, келісілген сыртқы экономикалық және кеден саясатына негізделген ортақ экономикалық кеңістікті қалыптастыру және дамыту туралы ережелерін іске асыру мақсатында жасалды. Келісімге қатысушы мемлекеттер еркін сауда аймағын құрудағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету қажеттігін растай отырып, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің еркін қозғалысы үшін жағдайлар қалыптастыруды басым бағыт ретінде айқындады.

1994 жылғы 15 сәуірдегі Келісімнің 1999 жылғы 2 сәуірдегі 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Хаттаманың редакциясындағы (бұдан әрі – 1994 жылғы 15 сәуірдегі Келісім, Келісім) 3-бабының 1-тармағына сәйкес, қатысушы мемлекеттер «Келісуші Тараптардың бірінің кедендік аумағынан шыққан және басқа Келісуші Тараптардың кедендік аумақтарына арналған тауарларды әкелуге және (немесе) әкетуге кедендік баждарды, сондай-ақ оларға баламалы әсер ететін салықтар мен алымдарды және сандық шектеулерді қолданбауға» міндеттенді.

ТМД Экономикалық Соты осы норманы түсіндіру бұрын Келісімге қатысушы бір мемлекеттің кедендік аумағынан Келісімге қатысушы басқа мемлекеттің кедендік аумағына әкетілген сапасы тиісті емес тауарларды шаруашылық жүргізуші субъектілердің қайтаруына байланысты туындайтын құқықтық қатынастарға оның қолданылу-қолданылмауы туралы мәселеге қатысты жүзеге асырылатынын атап өтеді.

1994 жылғы 15 сәуірдегі Келісімнің 3-бабының 1-тармағының мазмұнынан тауарларға осы нормада белгіленген шарттар орындалған кезде, атап айтқанда: тауарлар Келісуші Тараптардың бірінің кедендік аумағынан шығуы және басқа Келісуші Тараптардың кедендік аумақтарына арналуы жағдайында преференциялық режим қолданылатыны туындайды.

Тауарлардың шығу критерийлері және тауарлардың шығарылған елін айқындау тәртібі 1994 жылғы 15 сәуірдегі Келісімнің 3-бабының 4-тармағына сәйкес оның ажырамас бөлігі болып табылатын Тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидаларында көзделеді. 2000 жылғы 30 қарашадағы Қағидалардың 1-тармағына сәйкес, «тауардың шығарылған елі деп тауар толық өндірілген немесе жеткілікті дәрежеде өңделген/қайта өңделген Келісімге қатысушы мемлекет есептеледі». Бұл ретте тауар аталған Қағидаларда белгіленген шығу критерийлеріне, сондай-ақ тауарды кедендік шекаралар арқылы өткізу шарттарына сәйкес келген жағдайда Келісімге қатысушы мемлекеттердің кедендік аумақтарында еркін сауда режимін пайдаланады. Мәселен, 2000 жылғы 30 қарашадағы Қағидалардың 9-тармағының «а» және «б» тармақшаларындағы нормалар тауардың Келісімге қатысушы мемлекеттердің резиденттері арасындағы шарт/келісімшарт негізінде экспортталуын және тиісінше бір қатысушы мемлекеттің кедендік аумағынан басқа қатысушы мемлекеттің кедендік аумағына әкелінуін көздейді.

Кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарларға қатысты кедендік баждарды қолданбаудың шарты сондай-ақ тауардың Келісімге қатысушы басқа мемлекеттердің кедендік аумақтарына арналуы болып табылады, бұл 1994 жылғы 15 сәуірдегі Келісімге қатысушы мемлекеттердің резиденттері жасасатын шарттар негізінде белгіленуі мүмкін.

Шарт (келісімшарт) тауар қозғалысының бағытын, тауардың өзі өндірілген Келісімге қатысушы мемлекеттің кедендік аумағынан ол арналған Келісімге қатысушы мемлекеттің кедендік аумағына өткізілу тәртібін айқындайды.

1995 жылғы 10 ақпандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекет басшылары кеңесінің шешімімен қабылданған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің кеден заңнамасының негіздері (бұдан әрі – Кеден заңнамасының негіздері) «мемлекеттің кедендік шекарасы арқылы өткізу» ұғымын «тауарларды ... кез келген тәсілмен мемлекеттің кедендік аумағына әкелу немесе осы аумақтан әкету жөніндегі әрекеттерді жасау» ретінде түсіндіреді (11-баптың 6-тармағы).

ТМД Экономикалық Сотының пікірінше, түсіндірілетін норманың мәтінінде қамтылған «тауарларды әкелу және (немесе) әкету» деген сөздерді тауарды өндірушіден тұтынушыға дейін кедендік шекара арқылы өткізу ретінде түсіну қажет.

Баяндалғандарды ескере отырып, ТМД Экономикалық Соты 1994 жылғы 15 сәуірдегі Келісімнің 3-бабының 1-тармағы нормасының реттеу объектісі Келісімге қатысушы бір мемлекеттің кедендік аумағынан шығатын және Келісімге қатысушы басқа мемлекеттердің кедендік аумақтарына арналған тауарларды әкетуге байланысты құқықтық қатынастар болып табылады деген қорытындыға келеді. Осыған байланысты сапасының тиісті болмауына байланысты бұрын экспортталған тауарларды кері әкелу кезінде туындайтын құқықтық қатынастар аталған норманың қолданылу аясына жатпайды.

Бұл қорытынды 1947 жылғы 30 қазандағы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің (ГАТТ 1947) ережелерін қарау кезінде де расталады, оның қағидаларын 1994 жылғы 15 сәуірдегі Келісімге қатысушы мемлекеттер осы Келісімді жасасу кезінде басшылыққа алған. Мәселен, ГАТТ 1947-нің 1-бабының 1-тармағына сәйкес, неғұрлым қолайлы жағдай режимі «әкелуге және әкетуге салынатын немесе олармен байланысты кез келген түрдегі кедендік баждар мен алымдарға қатысты» беріледі. Көріп отырғанымыздай, реттеу мақсаттары ұқсас болғанымен, түсіндірілетін норма аталған ГАТТ 1947 нормасынан айырмашылығы, «олармен байланысты» деген сөздерді қамтымайды. Бұл Келісуші Тараптардың Келісімге қатысушы мемлекеттердің кедендік аумақтарына тауарларды әкелуге және (немесе) әкетуге ғана байланысты құқықтық қатынастарды реттеуге ниет білдіргенін және тауарларды әкелуге және (немесе) әкетуге жанама түрде байланысты құқықтық қатынастарды, атап айтқанда шаруашылық жүргізуші субъектілердің сапасы тиісті емес тауарларды қайтару жөніндегі қатынастарын қамтымайтынын көрсетеді.

Тауарларды кедендік шекара арқылы өткізу тәртібі, оның ішінде сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру кезінде өткізу тәртібі 1994 жылғы 15 сәуірдегі Келісімге қатысушы мемлекеттердің кеден заңнамасының нормаларымен реттеледі. Келісімге қатысушы мемлекеттердің кедендік аумағынан шығатын және басқа қатысушы мемлекеттердің кедендік аумақтарына арналған тауарларды әкету әртүрлі кедендік режимдерді, оның ішінде экспорт режимін қолдана отырып жүзеге асырылады. Тауарлар экспорты деп тауарлар мемлекеттің кедендік аумағынан тыс жерге оларды осы аумаққа міндетті түрде қайта әкелу міндеттемесінсіз әкетілетін кедендік режим түсініледі (Кеден заңнамасы негіздерінің 90-бабы). Экспорт режиміне сәйкес мемлекеттің кедендік аумағынан әкетілген тауарлар олар өндірілген (дайындалған) мемлекетке кері әкелінген кезде реимпорт кедендік режиміне орналастырылады (Кеден заңнамасы негіздерінің 25-бабы).

1994 жылғы 15 сәуірдегі Келісімге қатысушы мемлекеттердің кеден заңнамасын зерделеу реимпорт режимі бұрын кедендік аумақтан әкетілген және осы аумаққа қайта әкелінген тауарларды кедендік аумақта кедендік баждар мен салықтарды өндіріп алмай, сондай-ақ осы тауарларға экономикалық саясат шараларын қолданбай орналастыруды және пайдалануды көздейтінін көрсетеді (2007 жылғы 4 қаңтардағы Беларусь Республикасының № 204-З Кеден кодексінің 210-бабының 1-тармағы; 2003 жылғы 5 сәуірдегі Қазақстан Республикасының № 401-II Кеден кодексінің 121-бабы; 2004 жылғы 12 шілдедегі Қырғыз Республикасының № 87 Кеден кодексінің 89-бабы; 2003 жылғы 28 мамырдағы Ресей Федерациясының № 61-ФЗ Кеден кодексінің 234-бабының 1-тармағы; 2004 жылғы 3 қарашадағы Тәжікстан Республикасының № 1209 Кеден кодексінің 234-бабының бірінші бөлігі және басқалары).

1994 жылғы 15 сәуірдегі Келісімге қатысушы мемлекеттердің кеден қызметтерінен келіп түскен ақпаратқа сәйкес, реимпорт кедендік режиміне орналастырылған тауарлар ұлттық заңнамада көзделген шарттар сақталған жағдайда кедендік баждарды, сондай-ақ баламалы мәні бар өзге де салықтар мен алымдарды төлеуден босатылады.

Бұл ереже осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы қолданыстағы шарттық қатынастар шеңберінде сапасының тиісті болмауына байланысты жеткізушіге немесе дайындаушы кәсіпорынға қайтарылатын тауарларға да қатысты қолданылады (Беларусь Республикасының Мемлекеттік кеден комитетінің 2010 жылғы 15 наурыздағы № 08/2804 хаты; Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі жанындағы Кедендік бақылау комитетінің 2010 жылғы 12 сәуірдегі № КТК-2-3-16/2696 хаты; Қырғыз Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік кеден қызметінің 2010 жылғы 12 наурыздағы № 25-9/1002 хаты; Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Кеден қызметінің 2010 жылғы 9 наурыздағы № 8/13-1413 хаты және басқалары).

Баяндалғандардың негізінде, ТМД Экономикалық Соты туралы ереженің 5 және 16-тармақтарын, ТМД Экономикалық Соты Регламентінің 127¹ және 143-тармақтарын басшылыққа ала отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімнің 3-бабының 1-тармағын қолдануды түсіндіру кезінде мынадай қорытындыларға келді.

1. 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімнің 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 1999 жылғы 2 сәуірдегі Хаттаманың редакциясындағы 3-бабының 1-тармағының қолданылуы Келісуші Тараптардың бірінің кедендік аумағынан шыққан, басқа Келісуші Тараптың кедендік аумағына экспортталған және кейіннен Келісімге қатысушы мемлекеттің шаруашылық жүргізуші субъектілері олардың арасындағы қолданыстағы шарттық қатынастар шеңберінде сапасының тиісті болмауына байланысты жеткізушіге немесе дайындаушы кәсіпорынға қайтарған тауарларға таралмайды.

2. Консультативтік қорытындының көшірмесі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетіне және мәлімет үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері мен кеден қызметтеріне жіберілсін.

3. Консультативтік қорытынды ТМД Экономикалық Сотының мәртебесі туралы 1992 жылғы 6 шілдедегі келісімге қатысушы мемлекеттердің басылымдарында және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.

Төраға                                             Ф. Абдуллоев

ТМД Экономикалық Соты ТөрағасыХатшылығының басшысы                             Г.В. Симонян

2010 жылғы 29 маусым

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заң қызметі Заң консультациясы Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстандағы заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар