Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Консультативтік қорытынды / 1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы келісімнің 6-бабының 2-тармағын түсіндіру туралы

1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы келісімнің 6-бабының 2-тармағын түсіндіру туралы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы келісімнің 6-бабының 2-тармағын түсіндіру туралы

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотының 2012 жылғы 29 қарашадағы № 01-1/4-12 консультативтік қорытындысы

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты құрамында: төрағалық етуші – ТМД Экономикалық Сотының Төрағасы Л.Э. Каменкова, ТМД Экономикалық Сотының судьялары: С.Ж. Жолдыбаев, А.Ш. Керімбаева, Т.Н. Молчанова, сот отырысының хатшысы Т.Е. Медведева, ТМД Экономикалық Сотының Бас кеңесшісі В.Н. Чаушник, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитетінің өкілі В.Н. Вежновец қатысуымен, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитетінің түсіндіру туралы сұрау салуы бойынша істі ашық сот отырысында қарап,

АНЫҚТАДЫ:

ТМД Атқарушы комитеті ТМД Экономикалық Сотына 1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы келісімнің (бұдан әрі – 1992 жылғы 13 наурыздағы келісім, Келісім) 6-бабының 2-тармағын түсіндіру туралы сұрау салумен жүгінді.

Сұрау салуға Ресей Федерациясының азаматы, прокуратура органдарының қызметкері В.А. Федяниннің өтініші негіз болды. Оған кемінде 20 жыл еңбек сіңірген жылдары болған кезде зейнетақымен қамсыздандыру құқығын танудан және ақшалай қамтылымына ай сайынғы қосымша төлемдер төлеуден бас тартылған. Бас тартуға Ресей Федерациясының заңнамасында 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімге қатысушы басқа мемлекеттердің оқу орындарында заң мамандығы бойынша оқу кезеңдерін прокуратура органдары қызметкерлерінің қызмет өтіліне есепке алу көзделмегені негіз болған.

Осыған байланысты ТМД Атқарушы комитеті мынаны түсіндіруді сұрайды:

1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы Келісімге қатысушы мемлекеттердің прокуратура органдары қызметкерлеріне зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтіліне (қызмет өтіліне) аталған Келісімге қатысушы мемлекеттердің оқу орындарында заң мамандығы бойынша оқу кезеңдері, егер қызмет өткерілетін мемлекет заңнамасында Келісімге қатысушы басқа мемлекеттердің аумағында оқу уақытын еңбек сіңірген жылдарға есепке алу көзделмесе, есепке алына ма?

Баяндамашы судья Т.Н. Молчанованы, ТМД Атқарушы комитетінің өкілі В.Н. Вежновецті тыңдап, Бас кеңесші В.Н. Чаушниктің қорытындысын талқылап, 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімнің нормаларын талдап, іс материалдарын зерделей келе, ТМД Экономикалық Соты мынаны атап өтеді.

1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімнің 6-бабының 2-тармағын түсіндіру 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 31-бабында бекітілген шартты түсіндірудің жалпы қағидасына сәйкес жүзеге асырылады. Атап айтқанда, шарт адал ниетпен, оның терминдеріне мәнмәтінінде берілуге тиіс әдеттегі мағынаға сәйкес, сондай-ақ шарттың объектісі мен мақсаттарын ескере отырып түсіндіріледі; оның мәнмәтінімен қатар шартты қолданудың кейінгі практикасы және халықаралық құқықтың кез келген тиісті нормалары ескерілуге тиіс.

ТМД Экономикалық Соты Келісімнің 6-бабының 2-тармағын түсіндіру кезінде Келісімге қатысушы мемлекеттердің екіжақты халықаралық шарттарының, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Бас прокурорларының прокуратура органдары мен мекемелеріндегі қызметті жалпы еңбек өтіліне және еңбек сіңірген жылдарына өзара есепке алу туралы 1997 жылғы 6 қаңтардағы келісімнің (бұдан әрі – 1997 жылғы 6 қаңтардағы келісім), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердегі прокуратура органдары мен мекемелеріндегі қызметті жалпы еңбек өтіліне және еңбек сіңірген жылдарына өзара есепке алу туралы 1998 жылғы 25 қарашадағы келісімнің (бұдан әрі – 1998 жылғы 25 қарашадағы келісім) ережелерін қолданды.

Сонымен қатар ТМД Экономикалық Соты еңбек өтілі мен еңбек сіңірген жылдарды есепке алу мәселелеріне қатысты бұрын қабылдаған 2002 жылғы 23 мамырдағы № 01-1/4-2001 және 2005 жылғы 7 сәуірдегі № 01-1/6-04 шешімдерін ескереді.

1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімге қатысушылар: Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Молдова Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы, Украина болып табылады. Молдова Республикасы Келісімге қол қою кезінде «бұл мәселелер екіжақты келісімдермен реттеледі» деген ескертпе жасаған.

Келісімнің атауы мен преамбуласынан туындайтындай, оның мақсаты азаматтардың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарын қорғау, сондай-ақ КСРО құрамында болған кезеңде өз аумағында немесе басқа республикалардың аумағында зейнетақымен қамсыздандыру құқығын иеленген және бұл құқықты Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумағында іске асыратын еңбекке қабілетсіз адамдарға қатысты қатысушы мемлекеттердің міндеттемелерін орындау болып табылады.

1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімнің 6-бабының 2-тармағында Келісімге қатысушы мемлекеттердің азаматтарына зейнетақы алу құқығын белгілеу үшін, оның ішінде жеңілдікті шарттармен және еңбек сіңірген жылдары үшін берілетін зейнетақыларды тағайындау кезінде осы мемлекеттердің кез келгенінің аумағында, сондай-ақ осы Келісім күшіне енгенге дейінгі уақытта бұрынғы КСРО аумағында жинақталған еңбек өтілі есепке алынатыны көзделген.

Аталған норманы талдау ТМД Экономикалық Сотының 2005 жылғы 7 сәуірдегі № 01-1/6-04 шешімінде қамтылған. Онда Келісімге қатысушы мемлекеттер азаматтарының еңбек өтілін айқындау кезінде мыналар есепке алынуға тиіс екені атап өтілген: біріншіден, Келісімге қатысушы кез келген мемлекеттің аумағындағы еңбек қызметі; екіншіден, бұрынғы КСРО аумағындағы еңбек қызметі, яғни Келісім күшіне енгенге дейін, 1992 жылғы 13 наурызға дейінгі кезеңдегі еңбек қызметі.

Бұрынғы КСРО аумағында 1990 жылғы 15 мамырдағы «КСРО азаматтарын зейнетақымен қамсыздандыру туралы» КСРО Заңы қолданылған. Онда еңбек зейнетақыларын: жасына байланысты, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша, еңбек сіңірген жылдары үшін тағайындау мақсатында жұмыс өтілін есептеу тәртібі айқындалған. Алайда бұл Заң прокуратура қызметкерлеріне еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлеуді көздемеген. Заңның 67-бабына сәйкес, жұмыс өтіліне есептелетін еңбек қызметінің түрлеріне, атап айтқанда, еңбек шарты негізінде орындалатын жұмыс, кооперативтерге мүшелік, қызметкер мемлекеттік әлеуметтік сақтандыруға жататын кез келген басқа жұмыс, сондай-ақ жоғары және орта арнаулы оқу орындарында, училищелерде, мектептерде және кадрлар даярлау, біліктілікті арттыру мен қайта даярлау курстарында, аспирантурада, докторантурада және клиникалық ординатурада оқу жатқызылған.

Осылайша, 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісім күшіне енгенге дейінгі уақыт үшін, Келісімнің 6-бабының 2-тармағының ережелерінен туындайтындай, Келісімге қатысушы мемлекеттердің азаматтарына оқу орындарында білім алған кезеңдері зейнетақы алу құқығын белгілеу үшін бұрынғы КСРО заңнамасына сәйкес жұмыс өтіліне есептеледі.

Келісімнің еңбек өтілін есепке алуға қатысты 6-бабының 2-тармағының нормативтік нұсқамасын түсіндіру мақсатында, сұрау салуда қойылған мәселеге қатысты ТМД Экономикалық Соты Уағдаласушы Тараптардың «еңбек өтілі» терминіне қандай мағына бергенін және бұл ұғымға жоғары оқу орнында оқу кезеңі кіретін-кірмейтінін анықтау қажет деп есептейді.

Прокуратура органдары қызметкерлерінің еңбек өтілі мен еңбек сіңірген жылдарын есептеу мәселесі бойынша 1998 жылғы 25 қарашадағы келісім қолданылатынын атап өткен жөн. Оның преамбуласында көрсетілгендей, бұл келісім 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісім негізінде қабылданған. Алайда аталған келісімдерде қолданылатын терминдердің анықтамалары қамтылмаған.

Экономикалық Сот 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімге қатысушы мемлекеттер жасасқан, азаматтардың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктеріне қатысты қатынастарды реттейтін және осындай анықтамаларды көздейтін екіжақты халықаралық шарттарды назарға алады.

Мәселен, Беларусь Республикасы Үкіметі мен Украина Үкіметі арасындағы 1995 жылғы 14 желтоқсандағы азаматтардың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы келісімде еңбек (сақтандыру) өтілі деп Уағдаласушы Тараптардың заңнамасында осындай деп айқындалатын немесе танылатын еңбек және өзге де қызметтің немесе сақтандыру жарналарын төлеудің ұзақтығы есептеледі.

Беларусь Республикасы Үкіметі мен Молдова Республикасы Үкіметі арасындағы 1995 жылғы 12 қыркүйектегі азаматтардың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы келісімде еңбек (сақтандыру) өтілі – Уағдаласушы Тараптардың заңнамасына сәйкес осындай деп танылатын, зейнетақымен қамсыздандыруға сақтандыру жарналары төленген еңбек және өзге де қызметтің ұзақтығы деп бекітілген.

Ресей Федерациясы Үкіметі мен Молдова Республикасы Үкіметі арасындағы 1995 жылғы 10 ақпандағы азаматтардың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы келісімде еңбек (сақтандыру) өтілі Тараптардың заңнамасына сәйкес осындай деп танылатын, зейнетақымен қамсыздандыруға сақтандыру жарналары төленетін еңбек және өзге де қоғамдық пайдалы қызметтің ұзақтығы ретінде айқындалған.

Анықтамаларды салыстырмалы талдау мынаны көрсетеді:

  • терминнің атауында «еңбек өтілі» деген ұғыммен қатар «сақтандыру» деген нақтылау бар;
  • еңбек өтілі еңбек қызметінің ұзақтығын құрайды;
  • көрсетілген қызметті еңбек өтіліне есепке алудың міндетті шарты зейнетақымен қамсыздандыруға сақтандыру жарналарын төлеу болып табылады;
  • еңбек өтіліне Тараптардың заңнамасына сәйкес еңбек қызметі деп танылатын өзге де қызмет енгізілуі мүмкін;
  • жоғары оқу орнында оқу сияқты еңбек қызметі деп танылатын өзге де қызметті еңбек (сақтандыру) өтіліне енгізу мүмкіндігі Тараптардың заң шығарушысының қарауына жатқызылған.

Баяндалғандар ТМД Экономикалық Сотына 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімде де «еңбек өтілі» терминіне дәл осындай мағына берілген деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Келісім қатысушы мемлекеттердің еңбек өтіліне өзге де қызметті, оның ішінде жоғары оқу орындарында оқу кезеңдерін есепке алу жөніндегі міндеттемелерін көздемейді. Мұны Келісімнің 6-бабы 3-тармағының бірінші бөлігіндегі зейнетақылар еңбек өтіліне есептелетін жұмыс кезеңдері үшін алынған жалақыдан (табыстан) есептелетіні туралы норма да растайды.

Прокуратура органдары қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру мақсатында жоғары оқу орындарында оқу кезеңдерін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің прокуратура органдары мен мекемелеріндегі еңбек өтіліне және еңбек сіңірген жылдарына енгізу 1998 жылғы 25 қарашадағы келісімде де көзделмеген.

Аталған Келісімге қатысушы мемлекеттер: Әзербайжан Республикасы, Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Молдова Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Украина болып табылады. Әзербайжан Республикасы Келісімге: «Әзербайжан Республикасы 1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы келісімге қатысушы болып табылмайды» деген ескертпемен қол қойған.

1998 жылғы 25 қарашадағы келісімнің мазмұнына 1997 жылғы 6 қаңтардағы ведомствоаралық келісім негіз болған.

ТМД Экономикалық Сотының 2002 жылғы 23 мамырдағы № 01-1/4-2001 шешімінде 1998 жылғы 25 қарашадағы келісімнің 2-бабын қолдану түсіндіріліп, аталған бапқа сәйкес Келісімге қатысушы мемлекеттердің еңбек өтілі мен еңбек сіңірген жылдарын, оның ішінде жеңілдікті тәртіппен есептелгендерін өзара тануы прокуратура прокурорлары мен тергеушілеріне, прокуратураның ғылыми және білім беру мекемелерінің ғылыми және педагогикалық қызметкерлеріне еңбек сіңірген жылдары үшін жалақыға (ақшалай қамтылымға) ішкі заңнамада көзделген мөлшерде үстемеақылар (қосымша төлемдер) төлеу үшін ғана жүзеге асырылуға тиіс екені атап өтілген. Бұл ретте Келісімнің 2-бабы мәнмәтінінде «еңбек өтілі» термині Келісімге қатысушы мемлекеттердің ішкі заңнамасына сәйкес еңбек сіңірген жылдарға есептелетін арнайы еңбек өтілі ретінде түсініледі. 1998 жылғы 25 қарашадағы келісімнің 2-бабы прокуратура қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы осындай өтілді өзара тану мәселелерін қозғамайды.

ТМД Экономикалық Сотының 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына жүргізген талдауы прокуратура органдарындағы қызметті өткеру және прокуратура қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін құқықтық реттеуде, оның ішінде жоғары оқу орындарында оқу кезеңдерін еңбек сіңірген жылдарға енгізу мәселесінде айырмашылықтар бар екенін көрсетті.

Беларусь Республикасында прокуратура қызметкерлері мемлекеттік қызметшілер болып табылады және оларды зейнетақымен қамсыздандыру 1992 жылғы 17 сәуірдегі «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Беларусь Республикасының Заңына сәйкес, 2003 жылғы 14 маусымдағы «Беларусь Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» Беларусь Республикасының Заңында белгіленген талаптар мен нормалар ескеріле отырып жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызмет өтілін есептеу мәселелері «Беларусь Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» Беларусь Республикасының Заңымен және Беларусь Республикасы Министрлер Кеңесінің 1997 жылғы 13 мамырдағы № 471 «Мемлекеттік қызмет өтілін есептеу тәртібі мен шарттары туралы ережені бекіту туралы» қаулысымен реттеледі. Аталған нормативтік құқықтық актілерде жоғары оқу орындарында оқу кезеңдерін мемлекеттік қызмет өтіліне енгізу көзделмеген. Бұған белгілі бір шарттармен 1990 жылғы 28 шілдеге дейін партия мектептерінде оқу кезеңдері, сондай-ақ мемлекеттік билік және басқару органдарының жолдамасы бойынша қайта даярлау және біліктілікті арттыру кезеңдері кірмейді.

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңына сәйкес прокуратура органдары құқық қорғау органдарына жатады. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңымен реттеледі. Еңбек сіңірген жылдарды есептеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 26 тамыздағы № 803 «Әскери қызметшілерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап әскери немесе арнаулы атақтары, сыныптық шендері мен нысанды киім кию құқықтары жойылған адамдарға еңбек сіңірген жылдарын есептеу, біржолғы жәрдемақыларды тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» қаулысының негізінде жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңында құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқу кезеңдері құқық қорғау қызметінің өтіліне (еңбек сіңірген жылдарына) есептелетіні көзделген. Прокуратура органдары қызметкерлеріне еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындау мақсатында басқа оқу орындарында оқу кезеңдері есепке алынбайды.

Қырғыз Республикасында 2009 жылғы 17 шілдедегі «Қырғыз Республикасының прокуратурасы туралы» Заңға сәйкес прокуратура органдары мен мекемелеріндегі қызмет мемлекеттік қызметтің түрі болып табылады. Прокуратура қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру әскери прокурорларды қоспағанда, мемлекеттік зейнетақылық әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамаға сәйкес жалпы негіздерде жүзеге асырылады. Әскери прокурорларды зейнетақымен қамсыздандыру 1993 жылғы 7 мамырдағы «Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қырғыз Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

Қырғыз Республикасының 1997 жылғы 21 шілдедегі «Мемлекеттік зейнетақылық әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңында жоғары оқу орындарында оқу уақыты сақтандыру жарналары төленген жағдайда сақтандыру өтіліне есептелетіні, ал сақтандыру жарналары төленбеген жағдайда – оқу 1999 жылғы 19 ақпанға дейін жүзеге асырылған болса, есепке алынатыны көзделген.

Ресей Федерациясында прокуратура органдары мен мекемелеріндегі қызмет федералдық мемлекеттік қызмет болып табылады. Прокуратура қызметкерлері 1992 жылғы 17 қаңтардағы «Ресей Федерациясының прокуратурасы туралы» Федералдық заңның талаптарын ескере отырып, федералдық мемлекеттік қызмет лауазымы бойынша міндеттерді атқаратын федералдық мемлекеттік қызметшілер болып табылады. Прокурорларды, ғылыми және педагогикалық қызметкерлерді зейнетақымен қамсыздандыру Ресей Федерациясының ішкі істер органдарында қызмет өткерген адамдар үшін заңнамада белгіленген шарттарға, нормалар мен тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады. Прокуратураның өзге қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру мемлекеттік қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

Прокуратура қызметкерлерінің еңбек сіңірген жылдарын есептеу тәртібі Ресей Федерациясы Үкіметінің 1994 жылғы 12 тамыздағы № 942 «Ресей Федерациясының прокуратура органдары мен мекемелерінің қызметкерлеріне және олардың отбасыларына еңбек сіңірген жылдарын есептеу, зейнетақыларды тағайындау және төлеу тәртібі туралы» қаулысында көзделген. Мемлекеттік аккредиттеуден өткен жоғары немесе орта кәсіптік білім беру ұйымында заң мамандығы бойынша оқу уақыты оның нысанына қарамастан, жалпы алғанда 5 жыл шегінде, 2 ай оқу 1 ай қызмет ретінде есептеліп, еңбек сіңірген жылдарына енгізіледі. Бұл ретте, егер тиісті мемлекетаралық келісімдерде өзгеше көзделмесе, оқу кезеңдері Ресей Федерациясының, сондай-ақ КСРО мен КСРО құрамындағы республикалардың оқу орындарында өткен жағдайда еңбек сіңірген жылдарына есептелетіні белгіленген.

Украинада прокуратура қызметкерлерінің еңбек сіңірген жылдарын есептеу және зейнетақы тағайындау мәселелері 1991 жылғы 5 қарашадағы «Прокуратура туралы» Украина Заңымен реттеледі. Аталған заңға сәйкес зейнетақы алу құқығын беретін еңбек сіңірген жылдарға жоғары заң оқу орындарында оқыған уақыттың жартысы есептеледі.

Баяндалғандарды ескере отырып, ТМД Экономикалық Соты 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісім күшіне енгенге дейінгі кезең үшін азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру туралы бұрынғы КСРО заңнамасына сәйкес оқу орындарында оқу кезеңдері зейнетақы алу құқығын белгілеу мақсатында жұмыс өтіліне есептеледі деп санайды.

1992 жылғы 13 наурыздағы Келісім Келісімге қатысушы мемлекеттердің азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру құқығын, оның ішінде осы мемлекеттердің аумағында жинақтаған еңбек өтілін есепке алу арқылы іске асыруға кепілдік береді. Сонымен бірге 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісім қатысушы мемлекеттердің жоғары оқу орындарында оқу кезеңдерін еңбек өтіліне есепке алу жөніндегі міндеттемелерін көздемейді.

Жоғары оқу орындарында, оның ішінде прокуратура органдары қызметкерлерінің заң мамандығы бойынша оқу кезеңдерін зейнетақымен қамсыздандыру мақсатында еңбек өтіліне және еңбек сіңірген жылдарына есепке алу Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында көзделуі мүмкін. Бұл қорытынды 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімнің 1-бабының мазмұнынан туындайтын аумақтық қағидаға, оған сәйкес Келісімге қатысушы мемлекеттердің азаматтары мен олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру олар тұратын мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатынына, сондай-ақ Келісімнің 6-бабының 1-тармағындағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің азаматтарына зейнетақы олардың тұрғылықты жері бойынша тағайындалатыны туралы нормаға негізделеді.

Жоғарыда баяндалғандардың негізінде және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты туралы ереженің 5, 16-тармақтарын және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты Регламентінің 1271, 143-тармақтарын басшылыққа ала отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты 1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы келісімнің 6-бабының 2-тармағын қолдануды түсіндіру кезінде мынадай қорытындыларға келді:

1. 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімнің 6-бабының 2-тармағының ережелері Келісім күшіне енгенге дейінгі уақыт үшін азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру туралы бұрынғы КСРО заңнамасына сәйкес оқу орындарында оқу кезеңдерін еңбек өтіліне есепке алуды көздейді.

2. 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің оқу орындарында заң мамандығы бойынша оқу кезеңдері прокуратура органдары қызметкерлеріне зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтіліне (қызмет өтіліне), егер мұндай есепке алу тұрғылықты жері бойынша мемлекеттің заңнамасында көзделсе, есептеледі.

3. Консультативтік қорытындының көшірмесін ТМД Атқарушы комитетіне және мәлімет үшін – ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің үкіметтеріне, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бас прокуратураларына, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Бас прокурорларының үйлестіру кеңесіне жіберу.

4. Консультативтік қорытынды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотының мәртебесі туралы 1992 жылғы 6 шілдедегі Келісімге қатысушы мемлекеттердің бұқаралық ақпарат құралдарында және Достастық басылымдарында міндетті түрде жариялануға жатады.

Төраға                                             Л.Э. Каменкова

ТМД Экономикалық Сотыныңұйымдастыру жұмысы және қамтамасыз етубөлімінің бастығы                                     И.А. Малашенко

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Әдістеме Норма Нота Ереже Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ереже Жолдаулар