1993 жылғы 24 қыркүйектегі Тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидаларының 1996 жылғы 18 қазанда ТМД Үкімет басшылары кеңесі қабылдаған редакциясындағы 9-тармағын түсіндіру туралы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының 2002 жылғы 10 қыркүйектегі № 01-1/2-02 консультативтік қорытындысы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитеті ТМД Экономикалық Сотына 1993 жылғы 24 қыркүйектегі Тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидаларының 1996 жылғы 18 қазанда Үкімет басшылары кеңесі қабылдаған редакциясындағы 9-тармағын қолдану мәселесіне қатысты түсіндірме беру туралы сұрау салумен жүгінді. Аталған тармақта: «тауар, егер ол 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімнің қатысушы мемлекеттерінің кедендік аумағынан шыққан болып саналса, осы Қағидаларда белгіленген шығу критерийлеріне сәйкес келсе, аталған Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірінің резиденті экспорттаса және аталған Келісімге қатысушы басқа мемлекеттің кедендік аумағынан осы Келісімге қатысушы мемлекеттің резиденті әкелсе, тауар сол мемлекеттің кедендік аумағынан шыққан болып есептеледі. Бұл ретте резидент деп осы мемлекеттің аумағында құрылған ұйым немесе осы мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын жеке тұлға түсініледі» деп көзделген.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің резиденттері арасында жоғарыда көрсетілген редакциядағы Тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидаларының 9-тармағын қолдануға қатысты келіспеушіліктер туындауына байланысты, ТМД Атқарушы комитеті аталған Келісімге қатысушы мемлекеттің елінен шыққан тауарды импорттау қандай жағдайларда осы Келісімге қатысушы басқа мемлекеттердің резиденттеріне тарифтік преференциялар беруге әкеп соғатынын және бұл ретте тауар шыққан елдің резиденттері мен тауар әкелінетін елдің резиденттері арасында тікелей шаруашылық-шарттық байланыстың болуы міндетті ме екенін түсіндіруді сұрайды.
Іс бойынша ұсынылған материалдарды зерттеп, Регламенттің 127-тармағына сәйкес Экономикалық Сот мынадай қорытынды береді.
ТМД Атқарушы комитетінің сұрау салуының мәні бойынша жауап беру мақсатында Тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидаларының 9-тармағын қолдануды түсіндіру осы Қағидалар ажырамас бөлігі болып табылатын Еркін сауда аймағын құру туралы келісімнің 3-бабының 1-тармағы ережелерін (Еркін сауда аймағын құру туралы келісімнің 3-бабының 4-тармағы), сондай-ақ қатысушы мемлекеттер арасындағы қатынастарда қолданылатын өзге де халықаралық шарттардың нормаларын ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс.
Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің өзара саудасында тарифтік преференциялар беру 1993 жылғы 24 қыркүйектегі Экономикалық одақ құру туралы шартты іске асыру жөніндегі шаралардың бірі болып табылады (Еркін сауда аймағын құру туралы келісімнің кіріспесі), атап айтқанда, оған қатысушы мемлекеттердің ортақ экономикалық кеңістігін қалыптастыру мақсатына қол жеткізуге бағытталған (Экономикалық одақ құру туралы шарттың 2-бабы). Өз кезегінде, ортақ экономикалық кеңістік тауарлардың, қызметтердің, жұмыс күшінің және капиталдың еркін қозғалысын, сондай-ақ қатысушы мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуды көздейді (Экономикалық одақ құру туралы шарттың кіріспесі). Сондықтан Еркін сауда аймағын құру туралы келісімде көзделген кедендік баждарды, сондай-ақ оларға баламалы әсер ететін салықтар мен алымдарды алып тастау Келісімге қатысушы мемлекеттердің дәл өзара саудасының теңгерімділігін қамтамасыз етуге және олардың ішкі экономикалық жағдайын тұрақтандыруға бағытталған (Еркін сауда аймағын құру туралы келісімнің кіріспесі). Көрсетілген ережелерді ескере отырып, Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің тарифтік преференцияларды тек олардың арасындағы өзара сауда шеңберінде ғана бере алатыны туралы қорытынды жасауға болады.
Қағидалардың 9-тармағында тауардың Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттің кедендік аумағынан шыққан болып танылуының мынадай шарттары көрсетілген: 1) тауар осы Қағидаларда белгіленген оның шығу критерийлеріне сәйкес келуге тиіс; 2) бұл тауарды Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттің резиденті экспорттауға тиіс; 3) тауарды осы Келісімге қатысушы басқа мемлекеттің кедендік аумағынан аталған Келісімге қатысушы мемлекеттің резиденті әкелуге тиіс.
Тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидаларында «экспортталады» термині анықталмаған. Ал 1995 жылғы 10 ақпандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Кеден заңнамасының негіздерінің 90-бабына сәйкес, тауарлар экспорты — тауарлар осы аумаққа қайта әкелу міндеттемесінсіз кедендік аумақтан тыс жерге шығарылатын кедендік режим. Бұл ұғымды 1998 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) экспорттау және импорттау кезінде жанама салықтарды алу қағидаттары туралы келісім де осылайша айқындайды. Аталған Келісімнің 1-бабына сәйкес, экспорт деп Тараптардың кедендік аумақтарынан тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) оларды кері әкелу міндеттемесінсіз әкету түсініледі. Бұл ретте Тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидаларының 9-тармағының талаптарына сәйкес, әкетуді Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттің резиденті, яғни осы мемлекеттің аумағында құрылған ұйым немесе осы мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын жеке тұлға жүзеге асыруға тиіс.
Тауарды әкелуге келетін болсақ, осы Келісімге қатысушы мемлекеттер арасындағы өзара саудада тарифтік преференциялар беру шарттарын айқындайтын Еркін сауда аймағын құру туралы келісімнің 3-бабының 1-тармағында әкелінетін тауар осы мемлекеттің (тауарды әкелетін мемлекеттің) кедендік аумағына арналуға тиіс екені белгіленген. Аталған тармақтың қағидасында (1994 жылғы 15 сәуірдегі Келісімнің редакциясында да, 1999 жылғы 2 сәуірдегі Хаттаманың редакциясында да), атап айтқанда, тарифтік преференциялар «Уағдаласушы тараптардың бірінің кедендік аумағынан шыққан және басқа Уағдаласушы тараптардың кедендік аумақтарына арналған» тауарларды әкелуге және (немесе) әкетуге қатысты екені белгіленген.
Тауардың белгілі бір мемлекеттің аумағына арналуы Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің резиденттері жасасатын шарттардың негізінде айқындалады. Бұл тауар шыққан ел мемлекетінің резиденті мен тауар әкелінетін елдің резиденті арасында жасалған шарт та, сондай-ақ делдал — Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттің резиденті қатысатын шарт та болуы мүмкін (мысалы, комиссия шарты, Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің резиденттері арасындағы күрделі шаруашылық байланыстарды қамтамасыз ететін жеткізілім шарттары). Бұл ретте тауар Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттің резиденті тарапынан аталған Келісімге қатысушы басқа мемлекеттің кедендік аумағынан әкелінуге тиіс.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты мынадай қорытындыларға келді.
Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттен шыққан тауарды әкелу аталған Келісімге қатысушы басқа мемлекеттердің резиденттеріне тарифтік преференциялар беруге мынадай шарттар болған кезде әкеп соғады:
1) тауар Тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидаларында белгіленген шығу критерийлеріне сәйкес келуге тиіс;
2) тауарды Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттің резиденті осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің біріне әкетуге мәлімдеуге тиіс;
3) тауар Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы, тауарды импорттайтын мемлекеттің кедендік аумағына арналуға тиіс;
4) тауар Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттің резиденті тарапынан осы Келісімге қатысушы басқа мемлекеттің кедендік аумағынан Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің резиденттері арасындағы шарт негізінде әкелінуге тиіс.
Тауар шыққан елдің резиденттері мен тауар әкелінетін елдің резиденттері арасында тікелей шаруашылық-шарттық байланыстың болуы міндетті болып табылмайды.
Төраға А.Б. Каженов
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Жолдаулар