1992 жылғы 20 наурыздағы Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісімнің 9-бабының г) тармақшасын түсіндіру туралы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының 2014 жылғы 26 сәуірдегі № 01-1/4-13 консультативтік қорытындысы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының құрамында: төрағалық етуші – ТМД Экономикалық Сотының Төрағасы Л.Э. Каменкова, ТМД Экономикалық Сотының судьялары: Э.Н. Нагорная, В.Х. Сейтимова, Бас кеңесші Т.В. Сысуевтің қатысуымен, сот отырысының хатшысы Т.Е. Медведева, экономика саласындағы даулар бойынша істерді шешетін жоғары арбитраждық, шаруашылық, экономикалық және басқа да соттар төрағалары кеңесінің түсіндіру туралы сұрауы бойынша істі ашық сот отырысында қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Экономика саласындағы даулар бойынша істерді шешетін жоғары арбитраждық, шаруашылық, экономикалық және басқа да соттар төрағаларының кеңесі (бұдан әрі – Төрағалар кеңесі) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотына (бұдан әрі – Экономикалық Сот, Сот) 1992 жылғы 20 наурыздағы Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісімнің (бұдан әрі – 1992 жылғы 20 наурыздағы келісім, Келісім, Киев келісімі) 9-бабының г) тармақшасын түсіндіру туралы сұраумен жүгінді.
Сұрау салуға ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық соттарының 1992 жылғы 20 наурыздағы Келісім ережелерін қолдану практикасы туралы материалдарды жинақтау нәтижелері негіз болды. Өтініш берушінің көрсетуінше, соттар шетелдік сот шешімдерін орындауға келтіруден Келісімнің 9-бабының г) тармақшасын басшылыққа ала отырып бас тартады. Бір қатысушы мемлекеттің аумағында екінші қатысушы мемлекеттің соты даудың мәні бойынша өздерінің дауға қатысушы тарапты хабардар ету туралы тапсырмаларының орындалу нәтижелерін алғанға дейін шығарған шешімдерін орындауға келтіруден бас тарту жағдайлары орын алуда. Келісімде тараптарды сот процесі туралы хабардар ету тәртібі нақтыланбағанын ескере отырып, Келісімнің 9-бабының г) тармақшасын біркелкі қолдану мақсатында өтініш беруші ТМД Экономикалық Сотынан осы тармақтың ережесіне түсіндірме беруді және тарапты сот процесі туралы тиісінше хабардар ету деп нені түсіну керектігін түсіндіруді сұрайды.
Судья-баяндамашы Э.Н. Нагорнаяны тыңдап, 1992 жылғы 20 наурыздағы Келісімнің нормаларын, шетелдік сот шешімдерін тану және орындауға келтіру мәселелері бойынша қатысушы мемлекеттердің заңнамасы мен сот практикасын, сұрауға қатысты ТМД шеңберіндегі халықаралық уағдаластықтарды талдап, іс материалдарын зерделеп, Бас кеңесші Т.В. Сысуевтің қорытындысын талқылай келе, Сот мынаны атап өтеді.
1992 жылғы 20 наурыздағы Келісімнің 9-бабының г) тармақшасын түсіндіру 1969 жылғы 23 мамырда Вена қаласында жасалған Халықаралық шарттар құқығы туралы конвенцияның 31-бабының 1-тармағында бекітілген халықаралық шарттарды түсіндірудің жалпы қағидасына сәйкес жүзеге асырылады, атап айтқанда: «адал ниетпен, шарттың мәнмәтініндегі терминдерге берілетін әдеттегі мағынаға сәйкес, сондай-ақ шарттың объектісі мен мақсаттарын ескере отырып».
Түсіндіру мақсатында Экономикалық Сот 2007 жылғы 21 ақпандағы № 01–1/2–06 Келісімнің 5, 7-баптарын түсіндіру туралы шешімінде, 2011 жылғы 20 маусымдағы № 01–1/3–10 Келісімнің 9-бабын түсіндіру туралы консультативтік қорытындысында және 2014 жылғы 14 сәуірдегі № 01–1/3–13 Келісімнің 5-бабының екінші бөлігін түсіндіру туралы консультативтік қорытындысында баяндалған өз түсіндірмелері мен тұжырымдарын ескереді.
Аталған Келісім 1992 жылғы 19 желтоқсанда күшіне енді. Оның қатысушылары: Әзербайжан Республикасы, Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы, Украина болып табылады.
Келісім шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу, өзара құқықтық көмек көрсету, сот шешімдерін орындау тәртібін реттейді.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер құзыретті соттардың заңды күшіне енген шешімдерін өзара тану және орындау міндеттемесін қабылдады (Келісімнің 7-бабы). ТМД Экономикалық Сотының 2007 жылғы 21 ақпандағы № 01–1/2–06 шешімінде атап өтілгендей, «Келісім құқықтық көмек көрсету кезінде құзыретті соттар мен өзге де органдардың тікелей байланыс жасау нормасын бекіте отырып, олардың өзара қарым-қатынасының жеңілдетілген тәртібін белгілеуді мақсат етті, оның артықшылықтары, ең алдымен, шаруашылық даулар бойынша істерді жедел қараудан және заңды күшіне енген шетелдік сот шешімдерін орындаудан тұрады».
1992 жылғы 20 наурыздағы Келісімнің 9-бабында «Келісімге қатысушы мемлекет сотының шешімін орындауға келтіруден, егер осы шешім өзіне қарсы бағытталған Тараптың өтініші бойынша ғана, егер осы Тарап орындауға келтіру сұралып отырған жердегі құзыретті сотқа мынадай мән-жайлардың бар екенін растайтын дәлелдемелерді ұсынса, бас тартылуы мүмкін екендігі белгіленген:
а) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы сұрау салынған мемлекеттің соты бұрын сол Тараптар арасындағы, сол нысана және сол негіздер бойынша іс жөнінде заңды күшіне енген шешім шығарған;
б) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы үшінші мемлекеттің не Достастыққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің құзыретті сотының сол Тараптар арасындағы, сол нысана және сол негіздер бойынша дау жөніндегі танылған шешімі бар;
в) дау осы Келісімге сәйкес құзыретсіз сотпен шешілген;
г) екінші Тарап сот процесі туралы хабардар етілмеген;
д) шешімді мәжбүрлеп орындатуға ұсынудың үш жылдық мерзімі өтіп кеткен».
Экономикалық Сот 2011 жылғы 20 маусымдағы № 01–1/3–10 консультативтік қорытындысында Келісімнің 9-бабын түсіндіру кезінде берілген мынадай түсіндірмелерді назарға алады:
Келісім тараптары шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты істер бойынша сот шешімдерін орындау тәртібін өздерінің сот шешімдерін орындау режиміне барынша жақын және үшінші елдермен қатынастарда қолданылатын режимнен өзгеше етіп белгіледі;
1992 жылғы 20 наурыздағы Келісімнің 9-бабының нормасын қолдану үшін мынадай шарттардың болуы қажет: шешім өзіне қарсы бағытталған тараптың өтініші; осы тараптың құзыретті сотқа жүгінуі; шешім өзіне қарсы бағытталған тараптың бапта көрсетілген дәлелдемелерді ұсынуы;
соттың бас тарту негіздерін өз бастамасы бойынша тексеруіне жол берілмейді.
Шетелдік сот шешімін орындауға келтіруден бас тарту негіздерінің бірі шешім өзіне қарсы бағытталған тараптың «екінші Тарап сот процесі туралы хабардар етілмегені» туралы дәлелдеме ұсынуы болып табылады (Келісімнің 9-бабының г) тармақшасы).
Соттың пікірінше, осы норманың мәнмәтінінде сот процесі туралы хабардар ету деп тарапты сот процесі туралы ақпараттандыруға (хабарлауға) бағытталған әрекеттерді түсіну қажет. Мұндай әрекеттерді Келісім шеңберінде қатысушы мемлекеттердің құзыретті соттары мен өзге де органдары істі мәні бойынша қарау сатысында, оның ішінде өзара құқықтық көмек көрсету шеңберінде жүзеге асырады. Бұл ретте Сот 1992 жылғы 20 наурыздағы Келісімнің 5-бабының екінші бөлігін түсіндіру туралы 2014 жылғы 14 сәуірдегі № 01–1/3–13 консультативтік қорытындысын назарға алады, оған сәйкес құжаттарды табыстау және жіберу өзара құқықтық көмек көрсетудің нысандарының бірі ретінде процеске қатысушыларды сот дауына қатысты мәселелер бойынша ақпараттандыруға бағытталған. Жоғарыда баяндалғанды Келісімнің 5-бабының төртінші бөлігінің ережелерімен өзара байланыста қарастыра отырып, Сот «құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмаларды орындау кезінде құқықтық көмек сұратылатын құзыретті соттар мен өзге де органдар өз мемлекетінің заңнамасын қолданады» деп атап өтті.
1992 жылғы 20 наурыздағы Келісімге қатысушы бірқатар мемлекеттердің ұлттық процестік кодекстерінде шетелдік тұлғаларға сот процесі туралы хабарлау шетел мемлекетінің құзыретті органдарына тапсырма жіберу арқылы, яғни өзара құқықтық көмек көрсету тәртібімен жүзеге асырылатыны тікелей көзделген.
Мәселен, Беларусь Республикасының Шаруашылық процестік кодексінің 241-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, егер Беларусь Республикасындағы шаруашылық соты қарайтын іске қатысатын шетелдік тұлғалар Беларусь Республикасынан тыс жерде болса немесе тұрса, оларға сот талқылауы туралы шаруашылық соттың ұйғарымы арқылы шетел мемлекетінің әділет мекемесіне немесе басқа да құзыретті органына тапсырма жіберу жолымен хабарланады.
Ресей Федерациясының Арбитраждық процестік кодексінің 253-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, Ресей Федерациясындағы арбитраждық сот қарайтын іске қатысатын шетелдік тұлғалар Ресей Федерациясының шегінен тыс жерде болса немесе тұрса, мұндай тұлғаларға сот талқылауы туралы арбитраждық соттың ұйғарымы арқылы шетел мемлекетінің әділет мекемесіне немесе басқа да құзыретті органына тапсырма жіберу жолымен хабарланады.
Тәжікстан Республикасының Экономикалық процестік кодексінің 232-бабында, егер Тәжікстан Республикасының экономикалық соты қарайтын іске қатысатын шетелдік тұлғалар Тәжікстан Республикасының шегінен тыс жерде болса немесе тұрса, мұндай тұлғаларға сот талқылауы туралы экономикалық соттың ұйғарымы арқылы шетел мемлекетінің әділет органдарына немесе басқа да құзыретті органына тапсырма жіберу жолымен хабарланатыны көзделген. Іске қатысатын шетелдік тұлғаларға сот талқылауы туралы байланыс құралдары арқылы хабарлануы мүмкін.
Сонымен бірге Келісімге қатысушы басқа мемлекеттердің процестік заңнамасында шетелдік заңды және жеке тұлғаларға сот талқылауы туралы сот тапсырмаларын жіберу арқылы хабарлау тәртібі жеке реттелмеген. 1992 жылғы 20 наурыздағы Келісімге қатысушы осы мемлекеттердің экономикалық (шаруашылық) даулар бойынша сот төрелігін жүзеге асыру тәртібін реттейтін процестік кодекстерінің нормаларын зерделеу ұлттық заң шығарушылардың ең алдымен осы мемлекетте орналасқан немесе тұратын заңды және жеке тұлғаларға қолданылатын сот хабарламаларын жіберу мен табыстаудың жалпы қағидаларын егжей-тегжейлі белгілейтінін және бұл қағидаларды шетелдік заңды және жеке тұлғаларға да тарататынын көрсетеді.
Мәселен, Армения Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 243-бабына, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 413-бабына, Қырғыз Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 392-бабына, Өзбекстан Республикасының Шаруашылық процестік кодексінің 222-бабына сәйкес, процеске қатысушыларға сот отырысының немесе жеке процестік әрекетті жүргізудің уақыты мен орны туралы сот ұйғарымының көшірмесін немесе өзге де хабарламаны хабарланатын тұлғаның орналасқан жері немесе тұрғылықты жері бойынша жіберу арқылы сот хабарлайды. Хабарлама табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы не адресатқа тікелей сотта немесе оның орналасқан жері бойынша табыстау арқылы жіберіледі. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда кейде телефонограмма, жеделхат, факсимильдік байланыс немесе электрондық пошта арқылы не өзге де байланыс құралдарын пайдалану арқылы хабарлауға жол беріледі. Хабарлама хабарланатын тұлғаның сот талқылауына дайындалуы және сотқа келуі үшін жеткілікті уақыты болатындай етіп жіберілуге тиіс. Егер сот отырысы басталғанға дейін немесе жеке процестік әрекет жүргізілгенге дейін сотта адресаттың өзіне жіберілген хабарламаны алғаны туралы мәліметтер болса, сондай-ақ қолданылатын заңда көзделген өзге де жағдайларда (мысалы, адресат хабарламаны алудан бас тартқан және бұл бас тарту тіркелген жағдайда) процеске қатысушы тиісінше хабардар етілген болып есептеледі.
Ұлттық процестік заңдармен реттелген сот процесі туралы хабарлау тәртібі біркелкі емес, алайда негізінен бір жағынан, дауды қараудың белгіленген мерзімін қысқарту арқылы қоса алғанда, процеске тиісті қатысушылардың өз құқықтарын тиісінше қорғауын қамтамасыз етуге, екінші жағынан, істі қарайтын соттың мұндай хабарлауға жұмсайтын шығындарын барынша азайтуға мүмкіндік беретін тиімді әрі үнемді хабарлауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Сот сондай-ақ Келісімге қатысушы мемлекеттердің жоғары сот сатыларының түсіндірмелері мен шетелдік заңды және жеке тұлғаларға сот процесі туралы хабарлау тәртібі жөніндегі сот практикасын назарға алады.
Беларусь Республикасы Жоғары Шаруашылық Соты Пленумының 2011 жылғы 31 қазандағы № 21 «Беларусь Республикасының шаруашылық соттарының шетелдік тұлғалардың қатысуымен істерді қарауының кейбір мәселелері туралы» қаулысының 31–34-тармақтарына сәйкес, Беларусь Республикасының шаруашылық соттары Беларусь Республикасының халықаралық шарттарында көзделген тәртіппен шетелдік соттарға немесе шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарына жекелеген процестік әрекеттерді жасау туралы (оның ішінде шаруашылық сот ісін жүргізуге қатысушыға сот шақыру қағаздары мен басқа да құжаттарды табыстау туралы) тапсырмалармен жүгінуге құқылы. Беларусь Республикасы шарттық-құқықтық қатынастарда тұрған шетелдік соттарға немесе шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарына құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмалармен жүгіну халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Беларусь Республикасының Шаруашылық процестік кодексінің 241-бабының үшінші бөлігінде көзделген тәртіптен өзгеше, Беларусь Республикасынан тыс жерде орналасқан шетелдік тұлғаларды хабардар етудің өзге тәртібі Беларусь Республикасының халықаралық шарттарында тікелей көзделген жағдайларда ғана қолданылуы мүмкін. Құқықтық көмек көрсету туралы халықаралық шарттардың талаптары сақталған жағдайда, егер талап арызда өзгеше тікелей көрсетілмесе, сот құжаттарын мүдделі тұлғаларға Беларусь Республикасынан тыс жерге тапсырысты пошта жөнелтілімімен бір мезгілде жіберуге, сондай-ақ оларды Беларусь Республикасындағы шетелдік тұлғалардың тиісті өкілдеріне табыстауға жол беріледі. Осы қаулының 39–41-тармақтарына сәйкес, шаруашылық сот Беларусь Республикасының заңнамалық актілерінде және (немесе) халықаралық шарттарында белгіленген тәртіппен өзіне берілген шетелдік соттар мен шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарының жекелеген процестік әрекеттерді жасау туралы, оның ішінде сот шақыру қағаздары мен басқа да құжаттарды табыстау туралы тапсырмаларын Шаруашылық процестік кодекске сәйкес орындайды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулысында шетелдік соттар мен төреліктердің шешімдерін орындауға келтіру туралы өтінішхатқа қоса берілуге жататын құжаттардың тізбесі белгіленген, оған, соның ішінде, «шешім шығарылған тарапқа немесе тараптың процестік әрекетке қабілетсіздігі жағдайында оның өкіліне сот процесі туралы тиісінше хабарланғанын растайтын дәлелдемелер» кіреді. Мұндай шешімді мәжбүрлеп орындатудан бас тартудың негізі сот шешімін мәжбүрлеп орындатуға рұқсат беру сұралып отырған екінші тараптың істің сот процесі туралы хабарланбаған тараптың қатысуынсыз қаралғанын растайтын дәлелдемелерді ұсынуы болып табылады (30-тармақ).
Ресей Федерациясы Жоғары Арбитраждық Соты Пленумының 1999 жылғы 11 маусымдағы № 8 «Ресей Федерациясының арбитраждық процеске қатысты халықаралық шарттарының қолданылуы туралы» қаулысының 16–20-тармақтарына сәйкес, арбитраждық процеске қатысушыға құжаттарды табыстауды қоса алғанда, жекелеген процестік әрекеттерді жасау туралы тапсырмаларды орындау Ресей Федерациясы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда және Ресей Федерациясының ұлттық заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады. Сот тапсырмалары, әдетте, Ресей Федерациясының Әділет министрлігі арқылы шетел мемлекеттеріне жіберіледі. Құқықтық көмек көрсету туралы халықаралық шарттардың талаптары сақталған жағдайда, сот құжаттарын мүдделі тұлғаларға шетелге пошта арқылы бір мезгілде жіберуге, Ресейдегі шетелдік тұлғалардың тиісті өкілдеріне табыстауға және т.б. жол беріледі. Соттар Киев келісімінің 5-тармағында Әзербайжанға, Арменияға, Беларуське, Қазақстанға, Қырғызстанға, Молдоваға, Тәжікстанға, Түрікменстанға, Өзбекстанға, Украинаға жіберілетін сот тапсырмаларын орындаудың ерекше тәртібі көзделгенін ескеруі қажет. Ресей Федерациясының арбитраждық соттарының сот тапсырмалары аталған мемлекеттерге пошта байланысы арқылы, аудармасыз, осы мемлекеттердің аумағында экономикалық дауларды шешуге құзыретті соттарға тікелей жіберіледі.
Ресей Федерациясының Жоғары Арбитраждық Соты (2014 жылғы 11 ақпандағы № ВАС-С01/УМПС-202 шығыс хаты) Киев келісімінде шет мемлекеттің сотында жүргізіліп жатқан процесс туралы тараптарды хабарлау тәртібі нақтыланбағанына қарамастан, Ресей Федерациясының арбитраждық соттары мұндай хабарлау халықаралық құқықтық көмек көрсету шеңберінде сот құжаттарын табыстау туралы тапсырма жіберу арқылы жүзеге асырылады, ал сұрау салынған мемлекет оны өз заңнамасына сәйкес орындайды деген ұстанымды басшылыққа алатынын растады. Ресей Федерациясының арбитраждық соттары іске қатысатын тұлғаларға (жауапкерлер мен үшінші тұлғаларға) сот құжаттарын табыстау қолданылатын халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес жүзеге асырылуға тиіс деген ұстанымды ұстанады (ресми хабарлау тұжырымдамасы). Бұл ретте іске қатысушы тарап жүзеге асыратын және хабарланатын тұлғаның сот талқылауының күні, уақыты мен орны туралы тиісті мәліметтерді нақты алуын қамтамасыз ететін хабарлау (тиімді хабарлау тұжырымдамасы), жалпы ереже бойынша, тиісінше хабарлау деп танылмайды (Мәскеу қаласы Арбитраждық сотының № А40-88300/2011 ісі).
Сонымен бірге Ресей Федерациясының Жоғары Арбитраждық Соты халықаралық құқықта ұқсас немесе жақын мәндегі халықаралық шарттар нормаларының басымдығы мен арақатынасы туралы қатаң нормалар болмаған жағдайда, Ресей Федерациясының арбитраждық соттары қазіргі уақытта хабарлау тәсілін таңдаған кезде рәсім тұрғысынан неғұрлым қарапайым әрі тиімді болып табылатын және шетелдік тұлғаның тиісінше, сот талқылауына қатысу немесе талап арызға жазбаша пікір ұсыну мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті мерзімде хабарланғанына анық көз жеткізуге мүмкіндік беретін тәсілге басымдық беретінін хабарлады. Осы тұрғыдан алғанда, Ресей Федерациясының арбитраждық соттарының Беларусь Республикасында орналасқан тұлғаларға хабарлауы мерзім тұрғысынан Киев келісімімен реттелген рәсімді пайдаланғаннан гөрі пошта арқылы жүзеге асырылған жағдайда қарапайым әрі тиімді болуы мүмкін.
Тәжікстан Республикасының Жоғары экономикалық сотының жауабына сәйкес (2014 жылғы 10 қаңтардағы № 5/14 шығыс хаты), егер Экономикалық процестік кодексте немесе Тәжікстан Республикасы таныған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, шетелдік тұлғаларға Тәжікстан Республикасының экономикалық соты сот отырысының немесе жеке процестік әрекеттің уақыты мен орны туралы Тәжікстан Республикасының заңды тұлғалары мен азаматтарына қолданылатын қағидалар бойынша (сот ұйғарымының көшірмесін табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберу жолымен) хабарлайды. Тәжікстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан немесе тұратын шетелдік тұлғаларға хабарлау үшін өзге қағида көзделген (жоғарыда келтірілген Тәжікстан Республикасының Экономикалық процестік кодексінің 232-бабы).
Түрікменстан Жоғарғы сотының хабарлауынша, Түрікменстанның Арбитраждық соты «Түрікменпошта» арқылы тапсырысты хат-хабармен процеске қатысатын шетелдік тұлғаларға істі іс жүргізуге қабылдау, іс бойынша іс жүргізуді қозғау және сот талқылауына дайындау туралы қаулыны жіберу жолымен бастапқыда тікелей хабарлайды және сонымен қатар аталған шаруашылық жүргізуші субъектінің орналасқан жері бойынша құзыретті сотқа көрсетілген шаруашылық жүргізуші субъектіге қаулыны табыстау туралы өтінішпен сот тапсырмасын жібереді; кейіннен істі қарауға тағайындау туралы ұйғарым да осындай тәртіппен жіберіледі (2013 жылғы 27 желтоқсандағы № 110п/1345 шығыс хаты).
Қырғыз Республикасының экономикалық соттарының практикасында шетелдік заңды тұлғаларға, әдетте, сот отырысының уақыты мен орны туралы ұйғарымдардың көшірмелерін адресатқа табысталғаны туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта арқылы жіберу жолымен хабарланады. Бас тарту жағдайларында соттар Қырғыз Республикасының азаматтық-процестік заңнамасын басшылыққа алады, онда Киев келісімінің 9-бабының г) тармақшасына ұқсас норма бар (Қырғыз Республикасының Жоғарғы Сотының Экономикалық Соттың сұрауына берген 2014 жылғы 13 қаңтардағы № 07-4/38 хаты).
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ақпаратынан (2014 жылғы 20 ақпандағы № 9-2-5/1460 шығыс хаты) Қазақстан Республикасының соттары негізінен сот тапсырмаларын жіберу тәртібін ұстана отырып, хабарлаудың өзге де тәсілдеріне, мысалы, пошта жөнелтілімдері арқылы хабарлауға жол беретіні көрінеді (Павлодар облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2013 жылғы 10 қаңтардағы және 2013 жылғы 27 мамырдағы, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2013 жылғы 9 тамыздағы, Шығыс Қазақстан облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2013 жылғы 14 мамырдағы ұйғарымдары).
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының 2006 жылғы 23 тамыздағы № 170 өкімімен бекітілген «Қазақстан Республикасының соттарының құқықтық көмек көрсету тәртібі және шет мемлекеттердің соттарына құқықтық көмек сұрап жүгіну тәртібі туралы» уақытша нұсқаулықта хабарламаларды табыстау шетел мемлекеттерінің соттары мен құзыретті мекемелерінің жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырмаларына жатқызылған (3-тармақ). Сот хабарламаларын, сондай-ақ тапсырма бойынша өзге де құжаттарды табыстау қолданыстағы заңнамада көзделген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады (8-тармақ).
Осылайша, Келісімге қатысушы мемлекеттерде тарапқа сот процесі туралы өзара халықаралық құқықтық көмек көрсету жөніндегі сот тапсырмаларын жіберу тәртібімен де, ақпараттандыруды қамтамасыз ететін ұлттық заңнамада көзделген өзге де тәртіппен де хабарлауға жол беріледі. Бұл ретте шешім шығарған соттың хабарлауды реттейтін ұлттық заңнама қағидаларын сақтауының өзі шешім шығарылған мемлекетте оны орындауға келтіру сұралып отырған сот, шешім өзіне қарсы шығарылған тараптың уәждері мен дәлелдемелері негізінде хабарлау тиісінше жүзеге асырылмаған деп есептеген жағдайда, 1992 жылғы 20 наурыздағы Келісімнің 9-бабының г) тармақшасына сәйкес шешімді орындауға келтіруден бас тарту мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ал сот тапсырмасы арқылы хабарланған жағдайда даусыз дәлелдемелер мен сот актісін орындаудың қосымша кепілдіктері пайда болады.
Сот Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық соттарының мұндай практикасы осы Келісімнің ережелеріне қайшы келмейді деп есептейді, өйткені онда тарапты сот процесі туралы хабарлау тәртібі нақты егжей-тегжейлі регламенттелмеген.
ТМД Экономикалық Соты Ресей Федерациясының Жоғары Арбитраждық Сотының «Киев келісімінің нормаларын шетелдік соттарда жүргізіліп жатқан сот талқылаулары туралы хабарлау рәсімін реттейтін өзге де арнайы халықаралық шарттардың нормаларымен арақатынасы туралы мәселе өзекті әрі шешуді талап етеді» деген ұстанымын назарға алады (2014 жылғы 11 ақпандағы № ВАС-С01/УМПС-202 шығыс хаты). Мәселен, Келісімге қатысушы бірқатар мемлекеттер шетелдік тұлғаларға сот процесі туралы хабарлау тәртібін арнайы реттейтін әмбебап халықаралық шарттарға қатысушы болып табылады. Атап айтқанда, Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы, Украина 1954 жылғы 1 наурызда Гаага қаласында жасалған Азаматтық процесс мәселелері жөніндегі конвенцияға қатысушылар болып табылады. Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Ресей Федерациясы, Украина 1965 жылғы 15 қарашада Гаага қаласында жасалған Азаматтық немесе сауда істері бойынша сот және соттан тыс құжаттарды шетелде табыстау туралы конвенцияға қатысушылар болып табылады.
1965 жылғы Гаага конвенциясының 2 және 3-баптарына сәйкес, сот және соттан тыс құжаттарды табыстау сұрау салушы мемлекеттің органы немесе сот лауазымды адамының құжаттарды табыстау туралы сұрау салуды сұрау салынатын мемлекеттің осындай сұрау салуларды қабылдауға тағайындалған орталық органына жіберуі арқылы жүзеге асырылады. Сұрау салынатын мемлекетте адресатқа сот және соттан тыс құжаттарды одан әрі табыстауды осы орталық орган аталған Конвенцияның 5-бабында белгіленген тәсілдермен жүзеге асырады.
1965 жылғы Гаага конвенциясының 10-бабына сәйкес, егер сұрау салынатын мемлекет қарсылық білдірмесе, аталған Конвенция мыналарға кедергі келтірмейді:
1) шетелде жүрген тұлғаларға сот құжаттарын тікелей пошта арқылы жіберу мүмкіндігіне;
2) сұрау салушы мемлекеттің сот және өзге де лауазымды адамдарының немесе басқа да құзыретті тұлғаларының сұрау салынатын мемлекеттің сот және өзге де лауазымды адамдарының немесе басқа да құзыретті тұлғаларының қызметтерін тікелей пайдалана отырып, сот құжаттарын табыстау мүмкіндігіне;
3) сот талқылауына қатысатын кез келген тұлғаның сұрау салынатын мемлекеттің сот және өзге де лауазымды адамдарының немесе басқа да құзыретті тұлғаларының қызметтерін тікелей пайдалана отырып, сот құжаттарын табыстау мүмкіндігіне.
Сот Ресей Федерациясы мен Украинаның 1965 жылғы Гаага конвенциясына қосылған кезде осы Конвенцияның 10-бабын қолдануға қатысты ескертпелер жасағанын атап өтуді қажет деп санайды.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында шетелдік сот шешімдерін тану және орындауға келтіру мәселелері Келісіммен қатар, 2002 жылғы 7 қазанда Кишинев қаласында жасалған Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенцияда (бұдан әрі – Кишинев конвенциясы), 1993 жылғы 22 қаңтарда Минск қаласында жасалған Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенцияда және 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенцияға 1997 жылғы 28 наурызда Мәскеу қаласында қол қойылған Хаттамада (бұдан әрі – Минск конвенциясы), сондай-ақ Достастыққа қатысушы мемлекеттердің азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы екіжақты халықаралық шарттарында реттеледі. Мысалы, Ресей Федерациясы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы 1992 жылғы 22 желтоқсандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартта, Ресей Федерациясы мен Қырғыз Республикасы арасындағы 1992 жылғы 14 қыркүйектегі Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартта, Қырғыз Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы 1997 жылғы 5 тамыздағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартта, Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы 1997 жылғы 27 ақпандағы Азаматтық және отбасылық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартта, Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы 1997 жылғы 10 маусымдағы Азаматтық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартта, Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы 1997 жылғы 2 маусымдағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартта, Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы 1996 жылғы 26 тамыздағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы шартта. Аталған халықаралық шарттарда да тарапқа сот процесі туралы тиісінше хабарланбауына байланысты шетелдік сот шешімдерін орындауға келтіруден бас тарту көзделген (сотқа шақыру қағазы уақтылы және тиісінше табысталмаған).
Сот 1992 жылғы 20 наурыздағы Келісімнің 5, 7-баптарын түсіндіру туралы 2007 жылғы 21 ақпандағы № 01–1/2–06 шешімінде баяндалған мынадай тұжырымдарды ұстанады: «1992 жылғы 20 наурыздағы Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісімге қатысушы мемлекеттер өзара құқықтық көмек көрсету, құжаттардың тілін таңдау, шаруашылық даулар бойынша шетелдік шешімдерді тану және орындауға келтіру кезінде Келісімді басшылыққа алуға тиіс, бұл ретте 1993 жылғы 22 қаңтардағы және 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенциялардың ережелері (тиісінше 82-бап және 118-баптың 3-тармағы) 1992 жылғы 20 наурыздағы Келісімге қатысушылардың құқықтары мен міндеттеріне нұқсан келтірмейтінін, сондай-ақ оның нормаларының арнайы сипатта екенін ескеру қажет».
Осыған ұқсас ұстаным Беларусь Республикасы Жоғары Шаруашылық Соты Пленумының 2011 жылғы 31 қазандағы № 21 «Беларусь Республикасының шаруашылық соттарының шетелдік тұлғалардың қатысуымен істерді қарауының кейбір мәселелері туралы» қаулысында баяндалған, оның 4-тармағында қарастырылып отырған халықаралық шарттарды қолданудың нақты арақатынасы берілген.
Сот Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарында арбитраждық, шаруашылық және экономикалық соттар шешімдерін өзара орындау тәртібі туралы 1998 жылғы 6 наурызда Мәскеу қаласында қол қойылған Келісімді назарға алады. Бұл Келісім 1992 жылғы 20 наурыздағы Келісімді дамыту мақсатында жасалған және Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы үшін 2001 жылғы 9 қаңтардан, Қырғыз Республикасы үшін 2003 жылғы 21 тамыздан бастап күшіне енді. Сот қатысушы мемлекеттер экономикалық ынтымақтастықты дамыту мүддесінде бір Уағдаласушы Тараптың құзыретті сотының шешімдерін екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында кедергісіз орындауды қамтамасыз ету қажеттілігін мойындай отырып, 3-бапта «бір Уағдаласушы Тараптың құзыретті сотының заңды күшіне енген шешімі екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында даусыз тәртіппен орындалады» деп белгілегенін атап өтеді. Осы Келісімнің 5-бабына сәйкес, борышкердің банктік шотынан ақша қаражатын өндіріп алу өндіріп алушының осы Келісімге сілтеме қамтылған төлем құжаты негізінде жүзеге асырылады, ол Келісімнің 3-бабында көрсетілген құжаттармен және борышкердің сот отырысына қатысқанын растайтын немесе борышкердің сот процесі туралы тиісті хабарламаны уақтылы алғанын растайтын құзыретті сот куәландырған құжатпен бірге борышкерге қызмет көрсететін банкке тікелей ұсынылады. Дегенмен аталған Келісімнің 9-бабының бесінші бөлігі 1992 жылғы 20 наурыздағы Келісімнің 8 және 9-баптарының ережелері сақталмаған жағдайда сот шешімін орындауға келтіруден өндіріп алушыға бас тартылуы мүмкін екенін көздейді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабында, 1995 жылғы 26 мамырда Минск қаласында жасалған Адам құқықтары мен негізгі бостандықтары туралы ТМД конвенциясының 6-бабының 1-тармағында, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің конституцияларында әрбір адамның өз ісін құзыретті, тәуелсіз және бейтарап соттың әділ әрі жария түрде қарауына құқығы бекітілген.
Әділ сот талқылауына құқықты қамтамасыз ететін аса маңызды процестік қағидалардың бірі – барлық қатысушы мемлекеттердің процестік заңдарында бекітілген тараптардың процестік теңдігі қағидаты. Осы қағидаттың құрамдас элементі тараптың тыңдалу құқығы, яғни сот отырысына қатысу, сотқа өз түсініктемелерін беру, мәлімдемелер жасау, өтінішхаттар мәлімдеу, іс бойынша өз ұстанымын дәлелдеу құқығы болып табылады. Сот іске қатысатын тұлғалардың өздерінің процестік құқықтарын жүзеге асыруы үшін жағдай жасауға және тиісті процестік кепілдіктердің сақталуын бақылауға міндетті.
Тараптардың процестік теңдігі қағидатын іске асыру кепілдігі соттың сот процесіне қатысушыларға сот талқылауының күні, уақыты және орны туралы қолданылатын процестік заңнамада көзделген тәртіппен тиісінше хабарлау міндеті болып табылады. Тиісінше хабарланбаған тұлғаның қатысуынсыз істі қарау және шешім шығару мемлекеттердің процестік заңдарында сот процесінің әділ сот төрелігінің негіздерімен үйлеспейтін елеулі кемшілігі ретінде қарастырылады және шығарылған шешімнің күшін жоюға әкеп соғады.
Тиісінше хабарланбағанын дәлелдеу міндеті шешімнің орындалуына қарсылық білдіретін тарапқа жүктеледі. Алайда 1992 жылғы 20 наурыздағы Келісімнің 8-бабына сәйкес, шешімді орындауға келтіру туралы өтініш білдірген тарап та сот шешімін орындауға келтіру туралы өтінішхатқа екінші тараптың сот процесі туралы тиісінше хабарланғанын растайтын дәлелдемелерді қоса беруге міндетті.
1992 жылғы 20 наурыздағы Келісім шеңберіндегі уағдаластықтарды іске асыру кезінде көптеген мемлекеттердің соттары шетелдік сот шешімін орындау туралы сот ісін жүргізуді бастаған тұлға ұсынған шешім өзіне қарсы шығарылған тараптың сот процесі туралы тиісінше хабарланғанын растайтын дәлелдемелерді де (8-бап), сондай-ақ осы іс жүргізу шеңберінде шешім өзіне қарсы шығарылған тарап ұсынған тиісінше хабарланбағаны туралы дәлелдемелерді де (Келісімнің 9-бабының г) тармақшасы) мәні бойынша зерттейді. Шешім өзіне қарсы шығарылған тараптың сот процесі туралы тиісінше хабарланғанын растайтын дәлелдемелердің болуы Келісімге қатысушы мемлекеттердің соттары тарапынан оны орындауға келтіру туралы сот қаулысын шығарудың шарты ретінде қарастырылады. Келісімге қатысушы мемлекеттің соты шешімін орындауға келтіруден бас тарту үшін шешуші болып табылатын шарт мынадай тұжырымда аталған: «…тек осы Шешім өзіне қарсы бағытталған Тарап орындауға келтіру сұралып отырған жердегі құзыретті сотқа мынадай мән-жайларды растайтын дәлелдемелерді ұсынған жағдайда ғана: …екінші Тарап сот процесі туралы хабардар етілмеген…».
Экономикалық Соттың пікірінше, 1992 жылғы 20 наурыздағы Келісімнің 9-бабының г) тармақшасын қолдану және шешім өзіне қарсы шығарылған тараптың сот процесі туралы хабарлануының тиісті сипатын бағалау кезінде Келісімге қатысушы мемлекеттердің соттары нақты мемлекетте қолданылатын халықаралық шарттар нормалары мен ұлттық заңнама нормаларының арақатынасын шешуге, тараптар ұсынған хабарлау (хабарламау) дәлелдемелерін олардың қатыстылығы, жол берілетіндігі, анықтығы және жеткіліктілігі тұрғысынан жиынтықта бағалауға, бұл ретте шешім өзіне қарсы шетелдік сот шығарған тараптың әділ сот талқылауына және сот арқылы қорғалуына құқығын қамтамасыз ету қажеттігін ескеруге тиіс.
Ресей Федерациясы Жоғары Арбитраждық Соты Пленумының 1999 жылғы 11 маусымдағы № 8 «Ресей Федерациясының арбитраждық процеске қатысты халықаралық шарттарының қолданылуы туралы» қаулысының 3-тармағында осыған байланысты мынадай нұсқау бар: «Сот халықаралық шарттардың нормаларында белгіленген қағидаларды қолдана отырып, осы қағидалардың уақыт пен кеңістікте қолданылуын 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 3-бөлімінің 2-бөліміне сәйкес айқындайды. Сот екіжақты халықаралық шарттың өңірлік және жалпы сипаттағы көпжақты халықаралық шарттарға қатысты арнайы нормативтік акт болып табылатынын ескереді».
Беларусь Республикасы Жоғары Шаруашылық Соты Пленумының 2011 жылғы 31 қазандағы № 21 «Беларусь Республикасының шаруашылық соттарының шетелдік тұлғалардың қатысуымен істерді қарауының кейбір мәселелері туралы» қаулысының 4-тармағына сәйкес, Беларусь Республикасы құқықтық көмек көрсету туралы екіжақты халықаралық шарттар жасасқан мемлекеттердің шетелдік тұлғалары қатысатын істерді қарау кезінде осы шарттардың ережелері қолданылады.
Экономикалық Сот сот процесі туралы тұлғаны хабарлау сол тұлғаға сот отырысына қатысуға немесе соттың жеке процестік әрекетін жасау кезінде қатысуға және өз құқықтарын қорғауға нақты мүмкіндік беруге тиіс деп есептейді, осыған байланысты хабарланатын тұлға сот отырысының немесе жеке процестік әрекетті жасаудың уақыты мен орны туралы хабардар болуға тиіс. Хабарламаны жіберу тәртібі мен мерзімдері хабарланатын тұлғаның сот талқылауына дайындалуы және сотқа келуі үшін жеткілікті уақыты болатындай болуы керек. Істі қарайтын сот процеске қатысушыларға сот талқылауының уақыты мен орны туралы хабарланғанын растайтын дәлелдемелер болмаған кезде отырыс өткізуге немесе жеке процестік әрекетті жасауға құқылы емес. Мүдделі тұлғалардың қайсыбірі сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланбаған жағдайда оның қатысуынсыз қабылданған сот қаулысының күші ол шығарылған елде жойылуға жатады.
Соттың пікірінше, тарапты сот процесі туралы хабарлау тәртібінің егжей-тегжейлі нақтыланбауы Келісімді қолдану кезінде қиындықтар туғызады. Осыған байланысты Сот Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде тарапты сот процесі туралы хабарлаудың біркелкі практикасын қалыптастыру мақсатында көпжақты (екіжақты) деңгейде хабарлаудың бірыңғай тәртібін әзірлеу орынды деп есептейді. Мұндай нақтылау халықаралық тәжірибені, оның ішінде 1965 жылғы 15 қарашада Гаага қаласында жасалған Азаматтық немесе сауда істері бойынша сот және соттан тыс құжаттарды шетелде табыстау туралы конвенцияның ережелерін ескере отырып жүргізілуі мүмкін.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Соты туралы ереженің 5, 16-тармақтарын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Соты Регламентінің 134, 150-тармақтарын басшылыққа ала отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты мынадай қорытындыларға келді.
1. 1992 жылғы 20 наурыздағы Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісімнің 9-бабының г) тармақшасын қолдану мақсатында тарапты сот процесі туралы хабарлау оның сот талқылауына қатысуына және өз құқықтарын қорғауына нақты мүмкіндік беруге тиіс. Хабарламаны жіберу тәртібі мен мерзімдері хабарланатын тараптың сот талқылауына дайындалуы және сотқа келуі үшін жеткілікті уақыты болатындай болуы керек.
2. Келісімге қатысушы мемлекеттерде тарапты сот процесі туралы хабарлауға халықаралық құқықтық көмек көрсету жөніндегі сот тапсырмаларын жіберу тәртібімен де, осы консультативтік қорытындының 1-тармағында баяндалған өлшемдердің сақталуын қамтамасыз ететін ұлттық заңнамада көзделген өзге де тәртіппен жол беріледі.
3. Тараптың сот процесі туралы тиісінше хабарлануын осы консультативтік қорытындының 1 және 2-тармақтарының ережелерін ескере отырып түсіну қажет.
4. Тарапты сот процесі туралы хабарлаудың біркелкі практикасын қалыптастыру мақсатында көпжақты (екіжақты) деңгейде хабарлаудың бірыңғай тәртібін әзірлеу орынды деп танылады.
5. Консультативтік қорытындының көшірмесі экономика саласындағы даулар бойынша істерді шешетін жоғары арбитраждық, шаруашылық, экономикалық және басқа да соттар төрағаларының кеңесіне; Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтеріне; ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің азаматтық, жоғары арбитраждық, шаруашылық, экономикалық және экономика саласындағы даулар бойынша істерді шешетін өзге де жоғары соттарына және мәлімет үшін ТМД Атқарушы комитетіне жіберілсін.
6. Консультативтік қорытынды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының мәртебесі туралы 1992 жылғы 6 шілдедегі келісімге қатысушы мемлекеттердің басылымдарында және бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға жатады.
Төраға Л.Э. Каменкова
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Әдістеме Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Хабарламалар