Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Консультативтік қорытынды / 1992 жылғы 20 наурыздағы Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісімнің 9-бабын түсіндіру туралы

1992 жылғы 20 наурыздағы Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісімнің 9-бабын түсіндіру туралы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

1992 жылғы 20 наурыздағы Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісімнің 9-бабын түсіндіру туралы

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының 2011 жылғы 20 маусымдағы № 01-1/3-10 консультативтік қорытындысы

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты құрамында:төрағалық етуші – ТМД Экономикалық Сотының Төрағасы Ф. Абдуллоев,ТМД Экономикалық Сотының судьялары: С.Ж. Жолдыбаев, Л.Э. Каменкова, А.Ш. Керімбаева, Т.Н. Молчанова,ТМД Экономикалық Сотының Бас кеңесшісі О.Н. Романованың қатысуымен,сот отырысының хатшысы Т.Е. Медведеваның қатысуымен,Тәжікстан Республикасының Жоғары экономикалық сотының түсіндіру туралы сұрауы бойынша істі ашық сот отырысында қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Тәжікстан Республикасының Жоғары экономикалық соты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотына 1992 жылғы 20 наурыздағы Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісімнің (бұдан әрі – 1992 жылғы 20 наурыздағы келісім, Келісім) 9-бабын түсіндіру туралы сұраумен жүгінді. Өтініш беруші 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімде көзделген осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің сот шешімдерін орындауға келтіруден бас тарту негіздерінің тізбесі толық болып табыла ма және экономикалық саладағы істерді қарайтын 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімге қатысушы мемлекеттердің соттары 9-бапта көрсетілмеген, бірақ ұлттық заңнамада көзделген негіздер бойынша, атап айтқанда жария тәртіпке қайшы келу себептері бойынша сот шешімдерін орындауға келтіруден бас тартуға құқылы ма деген мәселені түсіндіруді сұрайды.

Баяндамашы судья А.Ш. Керімбаеваны тыңдап, 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің, ТМД шеңберіндегі басқа да халықаралық шарттардың нормаларын, 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімге қатысушы мемлекеттердің шетелдік сот шешімдерін тану және орындауға келтіру мәселелері жөніндегі заңнамасын талдап, іс материалдарын зерделеп, ТМД Экономикалық Сотының Бас кеңесшісі О.Н. Романованың, маман Л.П. Ануфриеваның қорытындыларын талқылай келе, ТМД Экономикалық Соты төмендегіні атап өтеді.

1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 9-бабын түсіндіру 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 31-бабының 1-тармағында бекітілген халықаралық шарттарды түсіндірудің жалпы қағидасына сәйкес жүзеге асырылады: «шарттың терминдеріне олардың мәнмәтінінде берілетін әдеттегі мағынаға, сондай-ақ шарттың объектісі мен мақсаттарына сәйкес адал ниетпен түсіндірілуге тиіс».

1992 жылғы 20 наурыздағы келісім шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібін, құқықтық көмек көрсетуді, сот шешімдерін орындауды реттейді. Депозитарийдің мәліметтері бойынша, 1992 жылғы 20 наурыздағы келісім 1992 жылғы 19 желтоқсанда күшіне енді. Келісімге қатысушылар: Әзербайжан Республикасы, Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы, Украина.

Бұған дейін ТМД Экономикалық Соты 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 5, 7-баптарын түсіндіру туралы 2007 жылғы 21 ақпандағы № 01-1/2-06 шешімінде осы Келісімде өзара құқықтық көмек көрсету және шетелдік сот шешімдерін орындау кезінде құзыретті соттар мен өзге де органдардың өзара қарым-қатынасының жеңілдетілген тәртібі белгіленгенін атап өткен болатын. Оның артықшылықтары, ең алдымен, осы халықаралық шартқа қатысушы мемлекеттердің заңды күшіне енген сот шешімдерін жедел орындаудан көрінеді. 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімде сот шешімін орындауға келтіруден бас тарту негіздерінің осы Келісімде және оған қатысушы мемлекеттердің заңнамасында көзделген негіздермен арақатынасы туралы мәселе қарастырылмаған.

Түсіндіру нысанасы болып табылатын 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 9-бабында шешімді орындауға келтіруден шешім өзіне қарсы шығарылған тараптың өтініші бойынша, егер осы тарап орындауға келтіру сұралып отырған жердегі құзыретті сотқа төмендегілерді растайтын дәлелдемелер ұсынса ғана бас тартылуы мүмкін екендігі көзделген:

а) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы сұрау салынған мемлекеттің соты бұрын дәл сол тараптар арасындағы, дәл сол нысана мен дәл сол негіз бойынша іс жөнінде заңды күшіне енген шешім шығарған;

б) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы үшінші мемлекеттің не Достастық мүшесі болып табылмайтын мемлекеттің құзыретті сотының дәл сол тараптар арасындағы, дәл сол нысана мен дәл сол негіз бойынша дауға қатысты танылған шешімі бар;

в) дау осы Келісімге сәйкес құзыретсіз сотпен шешілген;

г) екінші тарап процес туралы хабардар етілмеген;

д) шешімді мәжбүрлеп орындатуға ұсынудың үш жылдық ескіру мерзімі өтіп кеткен.

1992 жылғы 20 наурыздағы келісімге қатысушы мемлекеттерде шетелдік сот шешімдерін тану және орындау халықаралық шарттармен және ұлттық заңнамамен реттеледі. Шетелдік шешімдерді орындаудан бас тарту негіздерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді талдау олардың мазмұны көп жағдайда 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 9-бабының ережелеріне сәйкес келетінін көрсетеді, сонымен бірге сандық және терминологиялық сипаттағы белгілі бір алшақтықтар да бар. Атап айтқанда, 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімге қатысушы бірқатар мемлекеттердің заңнамасында шетелдік сот шешімін танудан және орындауға келтіруден 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 9-бабында көрсетілмеген өзге де негіздер бойынша, оның ішінде орындау орны мемлекетінің жария тәртібіне қайшы келу себептері бойынша бас тарту мүмкіндігі көзделген.

Беларусь Республикасының Шаруашылық процестік кодексінің 248-бабы бірінші бөлігінің сегізінші абзацына сәйкес, егер «шетелдік сот шешімін орындау Беларусь Республикасының жария тәртібіне қайшы келетін болса», шаруашылық сот шетелдік сот шешімін толық немесе ішінара танудан және орындауға келтіруден бас тартады.

Ресей Федерациясының Арбитраждық процестік кодексінде арбитраждық сот «шетелдік сот шешімін орындау Ресей Федерациясының жария тәртібіне қайшы келетін болса» (244-баптың бірінші бөлігінің жетінші тармағы) шетелдік сот шешімін толық немесе ішінара танудан және орындауға келтіруден бас тартатыны бекітілген.

Тәжікстан Республикасының Экономикалық сот ісін жүргізу кодексінде экономикалық сот «шетелдік сот шешімін орындау Тәжікстан Республикасының жария тәртібіне қайшы келетін болса» (223-баптың бірінші бөлігінің жетінші абзацы) шешімді толық немесе ішінара танудан және орындауға келтіруден бас тартатыны көзделген. 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімге қатысушы жекелеген мемлекеттердің заңнамасында шетелдік сот шешімін танудан және орындауға келтіруден бас тартудың қарастырылып отырған негізі өзгеше тұжырымдалған.

Мәселен, шет мемлекеттер соттарының шешімдерін мәжбүрлеп орындаудан және танудан «егер шешімді орындау Әзербайжан Республикасының егемендігіне және заңнамасының негізгі қағидаттарына қайшы келетін болса» (Әзербайжан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 465.1.5-бабы) бас тартуға жол беріледі.

Егер «шетелдік сот шешімін орындау Қырғыз Республикасының егемендігіне нұқсан келтіруі немесе Қырғыз Республикасының қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін болса» (Қырғыз Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 434-бабының жетінші тармағы), сот шетелдік сот шешімін толық немесе ішінара танудан және орындауға келтіруден бас тартады.

ТМД Экономикалық Соты көрсетілген терминологиялық айырмашылықтарға қарамастан, 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімге қатысушы мемлекеттердің процестік заңнамасында бір ғана құқықтық санат – жария тәртіп туралы ескерту көзделген деп есептейді. Осы ескертуді қолдана отырып, мемлекет шешімді орындаудың салдары ұлттық құқық жүйесінің негіздеріне қайшы келетін жағдайда оны өз аумағында орындауға жол бермейді.

Сот 9-баптың нормасын түсіндіру кезінде Келісімнің мақсаттарын және оларды іске асыру тәсілдерін, сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттер құқығының базалық қағидаттарының ортақтығын ескереді.

1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің мақсаттарын айқындайтын преамбулада қатысушы мемлекеттердің үкіметтері шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және барлық шаруашылық жүргізуші субъектілерге өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге ерекше мән береді.

1992 жылғы 20 наурыздағы келісімде қатысушы мемлекеттердің сот шешімдерін орындауға келтірудің жеңілдетілген тәртібінің белгіленуі, оның ұлттық сот органдары шешімдерін орындау тәртібіне жақындатылуы құқықтық жүйелердің жақындығына негізделген және мемлекеттердің экономикалық сот ісін жүргізу саласындағы неғұрлым жоғары интеграция деңгейіне ұмтылысын растайды.

ТМД Экономикалық Соты преамбулада көрсетілген мақсаттар 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің қатысушы мемлекеттер аумағында құқықтық көмек көрсетудің және сот шешімдерін орындаудың ерекше тәртібін құруға бағытталған нормаларында іске асырылатынын атап өтеді. Атап айтқанда, 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 6-бабы ресми құжаттарды заңдастыруды талап етпейді:

«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің бірінің аумағында өз құзыреті шегінде белгіленген нысан бойынша мекеме немесе арнайы уәкілеттік берілген тұлға берген немесе куәландырған және ресми мөрмен бекітілген құжаттар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы басқа мемлекеттердің аумағында қандай да бір арнайы куәландырусыз қабылданады.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің бірінің аумағында ресми құжаттар ретінде қарастырылатын құжаттар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы басқа мемлекеттердің аумағында ресми құжаттардың дәлелдемелік күшіне ие болады».

1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің Уағдаласушы Тараптары шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты істер бойынша сот шешімдерін орындау тәртібін өздерінің сот шешімдерін орындау режиміне барынша жақын етіп белгіледі, бұл үшінші елдермен қарым-қатынаста қолданылған режимнен ерекшеленеді. Мәселен, 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 7-бабының бірінші және екінші бөліктерінде «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер құзыретті соттардың заңды күшіне енген шешімдерін өзара таниды және орындайды», «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы бір мемлекеттің құзыретті соттары шығарған шешімдер Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы басқа мемлекеттердің аумағында орындалуға жатады» деп көзделген.

1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 8-бабына сәйкес, мүдделі тұлға (өндіріп алушы) соттың шетелдік сот шешімін танудың арнайы рәсімін жүргізбестен, оны орындауға келтіру туралы өтінішхатты сұрау салынған мемлекеттің заңнамасына сәйкес оны орындауға уәкілетті органға тікелей жібереді. Бұл ретте өтінішхатқа шетелдік сот берген атқару парағы және осы бапта көрсетілген басқа да құжаттар қоса беріледі.

1992 жылғы 20 наурыздағы келісімге қатысушы мемлекеттердің сот шешімдерін орындауға келтіру тәртібін жеңілдету үрдісіне Достастықтың құқықтық көмек көрсету және шаруашылық қызмет саласындағы шетелдік сот шешімдерін орындауға келтіру мәселелері бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған кейінгі шарттық практикасы да нұсқайды. Мәселен, 1998 жылғы 6 наурыздағы Достастыққа қатысушы мемлекеттердің аумақтарында арбитраждық, шаруашылық және экономикалық соттардың шешімдерін өзара орындау тәртібі туралы келісімнің 5-бабында өндіріп алушының төлем құжаты негізінде борышкердің ақша қаражатын даусыз тәртіппен есептен шығару мүмкіндігі көзделген.

1992 жылғы 20 наурыздағы келісімге қатысушы мемлекеттердің осы салада екіжақты шарттар жасасуы неғұрлым тығыз интеграцияның дәлелі болып табылады. 2001 жылғы 17 қаңтардағы Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Беларусь Республикасының шаруашылық соттары мен Ресей Федерациясының арбитраждық соттарының сот актілерін өзара орындау тәртібі туралы келісімнің 1-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, «Тараптардың құзыретті соттарының сот актілері арнайы тану рәсімін қажет етпейді және шешім шығарған соттардың атқарушылық құжаттары негізінде өз мемлекеті соттарының сот актілерімен бірдей тәртіппен орындалады».

1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 9-бабының мазмұнынан оны қолдану үшін мынадай шарттардың болуы қажеттігі туындайды:

шешім өзіне қарсы шығарылған тараптың өтініш білдіруі;

осы тараптың құзыретті сотқа жүгінуі;

шешім өзіне қарсы шығарылған тараптың аталған дәлелдемелерді ұсынуы.

Аталған бапта «тек осы Тарап орындауға келтіру сұралып отырған жердегі құзыретті сотқа ... дәлелдемелерді ұсынған жағдайда ғана» деген тұжырымның қолданылуы 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімге қатысушы мемлекеттің сот шешімін орындауға келтіруден бас тартуға аталған шарттардың жиынтығы болған кезде ғана жол берілетінін білдіреді.

1992 жылғы 20 наурыздағы келісімде құзыретті соттың шешімді орындауға келтіруден бас тарту мүмкіндігі тек шешім шығарылған тараптың бастамасы бойынша көзделген. Соттың бас тарту негіздерін өз бастамасы бойынша тексеруіне 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің нормалары жол бермейді. Келісім шетелдік соттардың шешімдерін орындауға келтіруден бас тарту негіздерін рәсімді тараптың өзі немесе құзыретті мемлекеттік сот бастауына қарай бөлмейді. Мұндай бөлу, мысалы, 1958 жылғы 10 маусымдағы Шетелдік төрелік шешімдерді тану және орындауға келтіру туралы БҰҰ Конвенциясында (V бап) халықаралық коммерциялық төрелік шешімдерін тану және орындауға келтіруді құқықтық реттеудің халықаралық көздерінде көзделген.

1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 9-бабын қолдану мүдделі тараптың сот шешімін орындауға келтіру сұралып отырған жердегі құзыретті сотқа жүгінуіне байланысты. 1992 жылғы 20 наурыздағы келісім құзыретті соттар деп шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы шарттық және өзге де азаматтық-құқықтық қатынастардан, олардың мемлекеттік және өзге де органдармен қатынастарынан туындайтын істер бойынша шешімдерді орындау қарауына жататын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сот органдарын айқындайды (1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 1-бабы)*.

*1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 7-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы бір мемлекеттің құзыретті соты жауапкердің мүлкіне өндіріп алуды қолдану бөлігінде шығарған шешімдері Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы басқа мемлекеттің аумағында осы мемлекеттің соты тағайындаған немесе заңнамасында айқындалған органдар арқылы орындалуға жатады».

1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің 9-бабын қолдану шарттарының бірі мүдделі тараптың осы бапта көрсетілген дәлелдемелерді құзыретті сотқа ұсынуы болып табылады.

ТМД Экономикалық Соты 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің қатысушы мемлекеттердің шаруашылық даулар бойынша сот шешімдерін орындау тәртібін реттейтін нормаларының құқықтық табиғатын бағалай келе, олардың ұлттық заңнамаға жүгінуді көздемейтін императивтік сипатын атап өтеді. 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің нормаларында орындау ісін қозғау үшін қажетті шарттар мен құжаттар тізбесіне (8-бап), орындауға келтіруден бас тартуға (9-бап) қатысты біркелкі баяндалған қағидалар қамтылған.

Экономикалық Сот 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің ұлттық заңнаманы қолдануды бекітетін 5-бабының төртінші бөлігінің нормасы өзге нысананы – құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмаларды орындауды реттейтініне назар аударады. Осыған байланысты Келісімнің 9-бабын қолдану осы Келісімнің 5-бабының ережелерін қолдануға тәуелді емес.

1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің нормаларын талдау Сотқа 9-бапта қамтылған дәлелдемелер тізбесі сот шешімін орындауға келтіруден бас тарту негіздерін толық қамтиды деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді. 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімге қатысушы мемлекеттердің сот шешімдерін орындауға келтіруден өзге негіздер бойынша, оның ішінде жария тәртіпке қайшы келу себебі бойынша бас тартуға жол берілмейді. Мұндай бас тарту осы Келісімге тиісті өзгерістер енгізілген жағдайда ғана мүмкін болады.

1992 жылғы 20 наурыздағы келісімге қатысушы мемлекеттердің осы халықаралық шарттан туындайтын міндеттемелерді орындауы халықаралық құқықтың pacta sunt servanda – «әрбір қолданыстағы шарт оның қатысушылары үшін міндетті және олар оны адал ниетпен орындауға тиіс» деген негізгі қағидатына (1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 26-бабы) негізделуге тиіс.

Достастыққа қатысушы мемлекеттер арасындағы қатынастарда қабылданған міндеттемелерді адал орындау қағидаты 1993 жылғы 22 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Жарғысының 3-бабында өз көрінісін тапты. Халықаралық шарттардың ішкі нормативтік құқықтық актілерге қатысты басымдығы қағидаты 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында бекітілген. Достастыққа қатысушы мемлекеттердегі халықаралық және ұлттық құқықтың үйлесуі мен өзара іс-қимылының жалпы қағидаттары халықаралық шарттардың, оның ішінде 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімнің ережелеріне бірінші кезекте жүгінуді негіздейді.

Осылайша, ТМД Экономикалық Соты 1992 жылғы 20 наурыздағы Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісімге қатысушы мемлекеттің сот шешімін орындауға келтіруден бас тарту негіздерінің 9-бапта белгіленген тізбесі толық болып табылады деген қорытындыға келеді. Осыған байланысты 1992 жылғы 20 наурыздағы келісімге қатысушы мемлекеттің сот шешімін орындауға келтіруден өзге негіздер бойынша, оның ішінде орындауға келтіру сұралып отырған мемлекеттің жария тәртібіне қайшы келу себебі бойынша бас тартуға болмайды.

Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты туралы ереженің 5, 16-тармақтарын және ТМД Экономикалық Соты Регламентінің 1271-тармағын басшылыққа ала отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты мынадай қорытындыларға келді.

1. 1992 жылғы 20 наурыздағы Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісімнің 9-бабында белгіленген сот шешімін орындауға келтіруден бас тарту негіздерінің тізбесі толық болып табылады.

1992 жылғы 20 наурыздағы келісімге қатысушы мемлекеттің сот шешімін орындауға келтіруден өзге негіздер бойынша, оның ішінде орындауға келтіру сұралып отырған мемлекеттің жария тәртібіне қайшы келу себебі бойынша бас тартуға болмайды.

2. Консультативтік қорытындының көшірмесі Тәжікстан Республикасының Жоғары экономикалық сотына, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтеріне, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономика саласындағы даулар бойынша істерді қарайтын жоғарғы, жоғары арбитраждық, шаруашылық, экономикалық және өзге де жоғары соттарына және мәлімет үшін – ТМД Атқарушы комитетіне жіберілсін.

3. Консультативтік қорытынды 1992 жылғы 6 шілдедегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотының мәртебесі туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің басылымдарында және бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға жатады.

Төраға           (қолы)           Ф. Абдуллоев

 

Конституция Заң Кодекс Нормативтік Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Указ Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсіндірме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар