Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Конвенция / Резолюция / Концепция / ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ МЕНШІКТІҢ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҰЙЫМЫН ҚҰРУ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ

ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ МЕНШІКТІҢ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҰЙЫМЫН ҚҰРУ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ МЕНШІКТІҢ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҰЙЫМЫН ҚҰРУ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ

Стокгольм қаласында 1967 жылғы 14 шілдеде қабылданған Конвенция

(1967 жылғы 14 шілдеде Стокгольмде қол қойылған және 1979 жылғы 2 қазанда өзгертілген)

Өзара тиімділік мүддесінде егемендік пен теңдік қағидаттарын құрметтеу негізінде мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты жақсартуға үлес қосуды қалайтын, шығармашылық қызметті ынталандыру мақсатында бүкіл әлемде зияткерлік меншікті қорғауға жәрдемдесуге ұмтылатын, өнеркәсіптік меншікті қорғау және әдеби және көркем туындыларды қорғау саласында құрылған Одақтардың дербестігін толық құрметтей отырып, олардың әкімшілігін жаңғыртуға және тиімділігін арттыруға ұмтылатын Уағдаласушы тараптар төмендегілер туралы келісті.

1-бап. Ұйымды құру

Осы Конвенциямен Зияткерлік меншіктің дүниежүзілік ұйымы құрылады.

2-бап. Анықтамалар

Осы Конвенцияның мағынасында:

(i) «Ұйым» Зияткерлік меншіктің дүниежүзілік ұйымын (ДЗМҰ) білдіреді;

(ii) «Халықаралық бюро» зияткерлік меншік жөніндегі Халықаралық бюроны білдіреді;

(iii) «Париж конвенциясы» 1883 жылғы 20 наурызда қол қойылған Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі конвенцияны, оның кез келген қайта қаралған редакцияларын қоса алғанда, білдіреді;

(iv) «Берн конвенциясы» 1886 жылғы 9 қыркүйекте қол қойылған Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі конвенцияны, оның кез келген қайта қаралған редакцияларын қоса алғанда, білдіреді;

(v) «Париж одағы» Париж конвенциясымен құрылған Халықаралық одақты білдіреді;

(vi) «Берн одағы» Берн конвенциясымен құрылған Халықаралық одақты білдіреді;

(vii) «Одақтар» Париж одағын, арнайы Одақтарды және осы Одаққа байланысты жасалған арнайы келісімдерді, Берн одағын, сондай-ақ 4-баптың (iii) тармақшасына сәйкес Ұйым әкімшілігін өзіне қабылдаған, зияткерлік меншікті қорғауға жәрдемдесуге арналған кез келген басқа халықаралық келісімді білдіреді;

(viii) «зияткерлік меншік» мыналарға қатысты құқықтарды қамтиды:

  • әдеби, көркем және ғылыми туындыларға;
  • әртістердің орындаушылық қызметіне, дыбыс жазбаларына, радио және телевизиялық хабарларға;
  • адам қызметінің барлық салаларындағы өнертабыстарға;
  • ғылыми жаңалықтарға;
  • өнеркәсіптік үлгілерге;
  • тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне, фирмалық атауларға және коммерциялық белгілерге;
  • жосықсыз бәсекелестіктен қорғауға,

сондай-ақ өндірістік, ғылыми, әдеби және көркем салалардағы зияткерлік қызметке қатысты барлық басқа құқықтарды қамтиды.

3-бап. Ұйымның мақсаттары

Ұйымның мақсаттары:

(i) мемлекеттердің ынтымақтастығы арқылы және тиісті жағдайларда кез келген басқа халықаралық ұйыммен өзара іс-қимыл жасау арқылы бүкіл әлемде зияткерлік меншікті қорғауға жәрдемдесу;

(ii) Одақтардың әкімшілік ынтымақтастығын қамтамасыз ету.

4-бап. Функциялары

3-бапта баяндалған мақсаттарға қол жеткізу үшін Ұйым өзінің тиісті органдары арқылы және әрбір Одақтың құзыретін құрметтей отырып:

(i) бүкіл әлемде зияткерлік меншікті қорғауды жақсартуға және осы саладағы ұлттық заңнамаларды үйлестіруге бағытталған шараларды әзірлеуге жәрдемдеседі;

(ii) Париж одағының, осы Одаққа байланысты құрылған арнайы Одақтардың және Берн одағының әкімшілік функцияларын орындайды;

(iii) зияткерлік меншікті қорғауға жәрдемдесуге арналған кез келген басқа халықаралық келісімді іске асыру жөніндегі әкімшілікті өзіне қабылдауға немесе осындай әкімшілікке қатысуға келісім бере алады;

(iv) зияткерлік меншікті қорғауға жәрдемдесуге арналған халықаралық келісімдер жасасуға ықпал етеді;

(v) зияткерлік меншік саласында заңдық-техникалық көмек сұрайтын мемлекеттерге өз ынтымақтастығын ұсынады;

(vi) зияткерлік меншікті қорғауға қатысты ақпаратты жинайды және таратады, осы салада зерттеулер жүргізеді және оларды ынталандырады, сондай-ақ осындай зерттеулердің нәтижелерін жариялайды;

(vii) зияткерлік меншікті халықаралық қорғауды жеңілдететін қызметтердің жұмысын қамтамасыз етеді және тиісті жағдайларда осы салада тіркеуді жүзеге асырады, сондай-ақ осындай тіркеуге қатысты мәліметтерді жариялайды;

(viii) кез келген басқа тиісті әрекеттерді жүзеге асырады.

5-бап. Мүшелік

(1) 2-баптың (vii) тармақшасында айқындалған Одақтардың кез келгенінің мүшесі болып табылатын кез келген мемлекет Ұйымның мүшесі бола алады.

(2) Одақтардың ешқайсысының мүшесі болып табылмайтын кез келген мемлекет те мынадай шарттар сақталған жағдайда Ұйымның мүшесі бола алады:

(i) ол Біріккен Ұлттар Ұйымының, Біріккен Ұлттар Ұйымымен байланысы бар мамандандырылған мекемелердің бірінің немесе Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мүшесі болып табылса не Халықаралық Сот Статутының тарабы болса; немесе

(ii) оны Бас Ассамблея осы Конвенцияның тарабы болуға шақырса.

6-бап. Бас Ассамблея

(1) (a) Осы Конвенцияның тарабы болып табылатын және Одақтардың кез келгенінің мүшелері болып табылатын мемлекеттерден тұратын Бас Ассамблея құрылады.

(b) Әрбір мемлекеттің үкіметі бір делегатпен ұсынылады, оның орынбасарлары, кеңесшілері және сарапшылары болуы мүмкін.

(c) Әрбір делегацияның шығыстарын оны тағайындаған үкімет көтереді.

(2) Бас Ассамблея:

(i) Үйлестіру комитетінің ұсынуы бойынша Бас директорды тағайындайды;

(ii) Ұйымға қатысты Бас директордың есептерін қарайды және бекітеді, сондай-ақ оған барлық қажетті нұсқаулар береді;

(iii) Үйлестіру комитетінің есептерін қарайды және бекітеді, оның қызметін мақұлдайды және оған нұсқаулар береді;

(iv) Одақтар үшін ортақ шығыстардың екі жылдық бюджетін қабылдайды;

(v) 4-баптың (iii) тармақшасында көзделген халықаралық келісімдерді іске асыру жөніндегі әкімшілікке қатысты Бас директор ұсынған шараларды мақұлдайды;

(vi) Ұйымның қаржылық регламентін қабылдайды;

(vii) Біріккен Ұлттар Ұйымының тәжірибесін ескере отырып, Хатшылықтың жұмыс тілдерін айқындайды;

(viii) 5-баптың (2) (ii) тармақшасында көзделген мемлекеттерді осы Конвенцияның тарабы болуға шақырады;

(ix) Ұйымның мүшелері болып табылмайтын қандай мемлекеттерге және қандай үкіметаралық немесе халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға оның отырыстарына бақылаушылар ретінде қатысуға рұқсат етілетінін айқындайды;

(x) осы Конвенция шеңберінде өзге де тиісті функцияларды орындайды.

(3) (a) Әрбір мемлекет бір немесе бірнеше Одақтың мүшесі болып табылатынына қарамастан, Бас Ассамблеяда бір дауысқа ие болады.

(b) Бас Ассамблея мүшелері мемлекеттердің жартысы кворумды құрайды.

(c) (b) тармақшасының ережелеріне қарамастан, егер қандай да бір сессияда өкілдік етілген мемлекеттердің саны мүшелердің жартысынан аз, бірақ үштен біріне тең немесе одан көп болса, Бас Ассамблея шешімдер қабылдай алады; алайда, оның өз Регламентіне қатысты шешімдерінен басқа барлық шешімдері төмендегі шарттар сақталған жағдайда ғана күшіне енеді. Халықаралық бюро аталған шешімдерді Бас Ассамблеяға өкілдік етпеген мүше мемлекеттерге жібереді және оларды шешімдер жіберілген күннен бастап үш ай мерзім ішінде осы шешімдерді қолдайтынын, оларға қарсы екенін немесе қалыс қалатынын жазбаша түрде хабарлауға шақырады. Егер осы мерзім өткеннен кейін осылайша дауыс берген немесе қалыс қалғанын хабарлаған мемлекеттердің саны сессияның өзінде кворумға қол жеткізу үшін жетіспеген мемлекеттер санына жетсе, онда мұндай шешімдер қажетті көпшілік дауыстың сақталуы шартымен күшіне енеді.

(d) (e) және (f) тармақшаларының ережелерін сақтай отырып, Бас Ассамблея өз шешімдерін берілген дауыстардың үштен екі көпшілігімен қабылдайды.

(e) 4-баптың (iii) тармақшасында көзделген халықаралық келісімдерді іске асыру жөніндегі әкімшілікке қатысты шараларды мақұлдау үшін берілген дауыстардың төрттен үш көпшілігі талап етіледі.

(f) Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 57 және 63-баптарының ережелеріне сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымымен келісімді мақұлдау үшін берілген дауыстардың оннан тоғыз көпшілігі талап етіледі.

(g) Бас директорды тағайындау (2-тармақтың (i) тармақшасы), Бас директор ұсынған халықаралық келісімдерді іске асыру жөніндегі әкімшілікке қатысты шараларды мақұлдау (2-тармақтың (v) тармақшасы) және штаб-пәтерді көшіру (10-бап) үшін қажетті көпшілік дауыс Бас Ассамблеяда ғана емес, сонымен қатар Париж одағы Ассамблеясында және Берн одағы Ассамблеясында да алынуға тиіс.

(h) Қалыс қалған дауыстар есепке алынбайды.

(i) Делегат тек бір мемлекетті ғана білдіре алады және тек сол мемлекеттің атынан дауыс бере алады.

(4) (a) Бас Ассамблея Бас директордың шақыруы бойынша әрбір екінші күнтізбелік жылы кезекті сессияға жиналады.

(b) Бас Ассамблея Үйлестіру комитетінің талабы бойынша немесе Бас Ассамблеяға мүше мемлекеттердің төрттен бірінің талабы бойынша Бас директор шақыратын кезектен тыс сессияға жиналады.

(c) Сессиялар Ұйымның штаб-пәтерінде өткізіледі.

(5) Осы Конвенцияның тарабы болып табылатын, бірақ Одақтардың ешқайсысының мүшесі болып табылмайтын мемлекеттер Бас Ассамблеяның отырыстарына бақылаушылар ретінде жіберіледі.

(6) Бас Ассамблея өзінің Регламентін қабылдайды.

7-бап. Конференция

(1) (a) Осы Конвенцияның тарабы болып табылатын мемлекеттерден, олардың қандай да бір Одақтың мүшелері болып табылатынына немесе табылмайтынына қарамастан, тұратын Конференция құрылады.

(b) Әрбір мемлекеттің үкіметі бір делегатпен ұсынылады, оның орынбасарлары, кеңесшілері және сарапшылары болуы мүмкін.

(c) Әрбір делегацияның шығыстарын оны тағайындаған үкімет көтереді.

(2) Конференция:

(i) зияткерлік меншік саласындағы ортақ мүддені білдіретін мәселелерді талқылайды және Одақтардың құзыреті мен дербестігін ескере отырып, осындай мәселелер бойынша ұсынымдар қабылдай алады;

(ii) Конференцияның екі жылдық бюджетін қабылдайды;

(iii) Конференция бюджеті шегінде заңдық-техникалық көмек көрсетудің екі жылдық бағдарламасын қабылдайды;

(iv) 17-бапта көзделген тәртіппен осы Конвенцияға түзетулер қабылдайды;

(v) Ұйымның мүшелері болып табылмайтын қандай мемлекеттерге және қандай үкіметаралық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға оның отырыстарына бақылаушылар ретінде қатысуға рұқсат етілетінін айқындайды;

(vi) осы Конвенция шеңберінде өзге де тиісті функцияларды орындайды.

(3) (a) Әрбір мүше мемлекет Конференцияда бір дауысқа ие болады.

(b) Мүше мемлекеттердің үштен бірі кворумды құрайды.

(c) 17-баптың ережелерін сақтай отырып, Конференция шешімдерді берілген дауыстардың үштен екі көпшілігімен қабылдайды.

(d) Осы Конвенцияның тарабы болып табылатын, бірақ Одақтардың ешқайсысының мүшесі болып табылмайтын мемлекеттердің жарналарының мөлшері тек аталған мемлекеттердің делегаттары қатысатын дауыс беру арқылы айқындалады.

(e) Қалыс қалған дауыстар есепке алынбайды.

(f) Делегат тек бір мемлекетті ғана білдіре алады және тек сол мемлекеттің атынан дауыс бере алады.

(4) (a) Конференция Бас директордың шақыруы бойынша Бас Ассамблеямен бір уақытта және сол жерде кезекті сессияға жиналады.

(b) Конференция мүше мемлекеттердің көпшілігінің талабы бойынша Бас директор шақыратын кезектен тыс сессияға жиналады.

(5) Конференция өзінің Регламентін қабылдайды.

8-бап. Үйлестіру комитеті

(1) (a) Осы Конвенцияның тарабы болып табылатын және Париж одағының Атқарушы комитетінің немесе Берн одағының Атқарушы комитетінің не осы екі Атқарушы комитеттің де мүшелері болып табылатын мемлекеттерден тұратын Үйлестіру комитеті құрылады. Алайда, егер осы Атқарушы комитеттердің кез келгені оны сайлаған Ассамблея мүшелері елдерінің санының төрттен бірінен астамын құраса, онда осындай Атқарушы комитет өз мүшелерінің арасынан Үйлестіру комитетінің мүшелері болатын мемлекеттерді олардың саны жоғарыда аталған төрттен бір мөлшерден аспайтындай етіп тағайындайды; бұл ретте Ұйымның штаб-пәтері орналасқан аумақтағы мемлекет аталған төрттен бір мөлшерді айқындау кезінде есепке алынбайды.

(b) Үйлестіру комитетінің әрбір мүше мемлекетінің үкіметі бір делегатпен ұсынылады, оның орынбасарлары, кеңесшілері және сарапшылары болуы мүмкін.

(c) Үйлестіру комитеті Конференцияның бағдарламасына немесе бюджетіне және оның күн тәртібіне тікелей қатысты мәселелерді не осы Конвенцияның тарабы болып табылатын, бірақ Одақтардың ешқайсысының мүшесі болып табылмайтын мемлекеттердің құқықтары мен міндеттеріне әсер ететін Конвенцияға түзетулер енгізу жөніндегі ұсыныстарды қараған кезде, осындай мемлекеттердің төрттен бірі Үйлестіру комитетінің отырыстарына оның мүшелерімен бірдей құқықтармен қатысады. Конференция әрбір кезекті сессиясында осындай отырыстарға қатысу үшін мемлекеттерді сайлайды.

(d) Әрбір делегацияның шығыстарын оны тағайындаған үкімет көтереді.

(2) Егер әкімшілігін Ұйым жүзеге асыратын басқа Одақтар Үйлестіру комитетінде дербес түрде өкілдік етуді қаласа, олардың өкілдері Үйлестіру комитетіне мүше мемлекеттердің арасынан тағайындалуға тиіс.

(3) Үйлестіру комитеті:

(i) екі немесе одан да көп Одақтар үшін немесе бір немесе бірнеше Одақтар мен Ұйым үшін ортақ мүддені білдіретін барлық әкімшілік, қаржылық және өзге де мәселелер бойынша, атап айтқанда, Одақтар үшін ортақ шығыстар бюджеті бойынша Одақтардың органдарына, Бас Ассамблеяға, Конференцияға және Бас директорға кеңес береді;

(ii) Бас Ассамблеяның күн тәртібінің жобасын дайындайды;

(iii) Конференцияның күн тәртібінің жобасын, сондай-ақ бағдарламасы мен бюджетінің жобаларын дайындайды;

(iv) алып тасталды;

(v) Бас директордың өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін немесе Бас директор лауазымы бос қалған кезде Бас Ассамблеяға осы лауазымға тағайындау үшін кандидатты ұсынады; егер Бас Ассамблея бұл кандидатты тағайындамаса, Үйлестіру комитеті басқа кандидатты ұсынады; бұл рәсім кандидат Бас Ассамблеямен тағайындалғанға дейін қайталанады;

(vi) егер Бас директор лауазымы Бас Ассамблеяның екі сессиясының арасындағы кезеңде бос қалса, жаңа Бас директор қызметіне кіріскенге дейінгі мерзімге Бас директордың міндетін атқарушыны тағайындайды;

(vii) осы Конвенцияға сәйкес өзіне жүктелген барлық басқа функцияларды орындайды.

(4) (a) Үйлестіру комитеті Бас директордың шақыруы бойынша жылына бір рет кезекті сессияларға жиналады. Әдетте, Комитет Ұйымның штаб-пәтерінде жиналады.

(b) Үйлестіру комитеті Бас директордың өз бастамасы бойынша, Төрағаның өтініші бойынша немесе Үйлестіру комитеті мүшелерінің төрттен бірінің талабы бойынша шақыратын кезектен тыс сессияға жиналады.

(5) (a) 1-тармақтың (a) тармақшасында аталған Атқарушы комитеттердің бірінің немесе екеуінің де мүшесі болып табылатынына қарамастан, әрбір мемлекет Үйлестіру комитетінде бір дауысқа ие болады.

(1) Үйлестіру комитеті мүшелерінің жартысы кворумды құрайды.

(2) Делегат тек бір мемлекетті ғана білдіре алады және тек сол мемлекеттің атынан дауыс бере алады.

(6) (a) Үйлестіру комитеті өз пікірін білдіреді және шешімдерді берілген дауыстардың жай көпшілігімен қабылдайды. Қалыс қалған дауыстар есепке алынбайды.

(b) Егер жай көпшілікке қол жеткізілген болса да, Үйлестіру комитетінің кез келген мүшесі дауыс беруден кейін бірден дауыстарды арнайы есептеуді талап ете алады, ол мынадай тәртіппен жүргізіледі: Париж одағының Атқарушы комитеті мен Берн одағының Атқарушы комитетіне мүше елдердің атаулары көрсетілген екі бөлек тізім жасалады; әрбір мемлекеттің дауысы ол енгізілген әрбір тізімде оның атауына қарсы жазылады. Егер осы арнайы есептеу жай көпшілікке әрбір тізім бойынша қол жеткізілмегенін көрсетсе, ұсыныс қабылданбаған болып есептеледі.

(7) Үйлестіру комитетінің мүшесі болып табылмайтын Ұйымның кез келген мүше мемлекеті Комитет отырыстарына талқылауға қатысу құқығымен, бірақ дауыс беру құқығынсыз бақылаушылар ретінде өкілдік ете алады.

(8) Үйлестіру комитеті өзінің Регламентін қабылдайды.

9-бап. Халықаралық бюро

(1) Халықаралық бюро Ұйымның Хатшылығы болып табылады.

(2) Халықаралық бюроны Бас директор басқарады, оның екі немесе одан да көп Бас директордың орынбасарлары болады.

(3) Бас директор кемінде 6 жыл мерзімге тағайындалады. Ол белгілі бір мерзімдерге қайта тағайындалуы мүмкін. Алғашқы тағайындау және ықтимал кейінгі тағайындау мерзімдері, сондай-ақ тағайындаудың барлық өзге де шарттары Бас Ассамблеямен айқындалады.

(4) (a) Бас директор Ұйымның бас лауазымды тұлғасы болып табылады.

(b) Ол Ұйымның атынан өкілдік етеді.

(c) Ол Бас Ассамблея алдында есеп береді және Ұйымның ішкі және сыртқы істеріне қатысты оның нұсқауларын орындайды.

(5) Бас директор бюджеттер мен бағдарламалардың жобаларын, сондай-ақ қызмет туралы мерзімді есептерді дайындайды. Ол оларды мүдделі мемлекеттердің үкіметтеріне, сондай-ақ Одақтар мен Ұйымның құзыретті органдарына береді.

(6) Бас директор және ол тағайындаған кез келген персонал мүшесі Бас Ассамблеяның, Конференцияның, Үйлестіру комитетінің және кез келген басқа комитеттің немесе жұмыс тобының барлық отырыстарына дауыс беру құқығынсыз қатысады. Бас директор немесе ол тағайындаған персонал мүшесі осы органдардың лауазымы бойынша хатшысы болып табылады.

(7) Бас директор Халықаралық бюроның міндеттерін тиімді орындау үшін қажетті персоналды тағайындайды. Ол Үйлестіру комитетінің мақұлдауынан кейін Бас директордың орынбасарларын тағайындайды. Тағайындау шарттары Бас директордың ұсынысы бойынша Үйлестіру комитеті бекітетін персонал туралы регламентпен айқындалады. Персоналды іріктеу және қызмет жағдайларын айқындау кезінде жұмыс қабілеттілігінің, құзыреттіліктің және адалдықтың жоғары деңгейін қамтамасыз ету қажеттілігі аса маңызды фактор болып табылады. Персоналды мүмкіндігінше кең географиялық негізде іріктеудің маңыздылығына тиісті назар аударылады.

(8) Бас директор мен персонал міндеттерінің сипаты тек халықаралық сипатта болады. Өз міндеттерін орындау кезінде олар Ұйымнан тыс қандай да бір үкіметтен немесе биліктен нұсқаулар сұрамауға және алмауға тиіс. Олар халықаралық лауазымды тұлғалар ретіндегі мәртебесіне күмән келтіруі мүмкін кез келген әрекеттен аулақ болуға тиіс. Әрбір мүше мемлекет Бас директор мен персонал міндеттерінің тек халықаралық сипатын құрметтеуге және олардың өз міндеттерін орындауына ықпал етуге әрекет жасамауға міндеттенеді.

10-бап. Штаб-пәтер

(1) Ұйымның штаб-пәтері Женева қаласында орналасады.

(2) Оның орнын ауыстыру туралы шешім 6-баптың 3-тармағының (d) және (g) тармақшаларында көзделген тәртіппен Бас Ассамблеямен қабылдануы мүмкін.

11-бап. Қаржы

(1) Ұйымның екі бөлек бюджеті болады: Одақтар үшін ортақ шығыстар бюджеті және Конференция бюджеті.

(2) (a) Одақтар үшін ортақ шығыстар бюджетінде бірнеше Одақ үшін мүддені білдіретін шығыстар көзделеді.

(b) Бұл бюджет мынадай көздерден қаржыландырылады:

(i) Одақтардың жарналарынан, бұл ретте әрбір Одақтың жарна мөлшері осы Одақтың мүддесі үшін жүзеге асырылатын жалпы шығыстардың үлесін ескере отырып, осы Одақтың Ассамблеясымен айқындалады;

(ii) Халықаралық бюро көрсететін, қандай да бір Одаққа тікелей қатысы жоқ және Халықаралық бюроның заңдық-техникалық көмек көрсетуіне жатпайтын қызметтер үшін төлемдерден;

(iii) Халықаралық бюроның қандай да бір Одаққа тікелей қатысы жоқ жарияланымдарын сатудан түскен түсімдерден немесе осындай жарияланымдарға құқықтарды беруден түскен түсімдерден;

(iv) 3-тармақтың (b) (iv) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, Ұйымның пайдасына берілген сыйлықтардан, өсиет етілген қаражаттан және субсидиялардан;

(v) Ұйымның рентасынан, пайыздарынан және басқа да әртүрлі кірістерінен.

(3) (a) Конференция бюджетінде Конференция сессияларын өткізуге және заңдық-техникалық көмек бағдарламасын жүзеге асыруға арналған шығыстар көзделеді.

(b) Бұл бюджет мынадай көздерден қаржыландырылады:

(i) осы Конвенцияның тарабы болып табылатын, бірақ Одақтардың ешқайсысының мүшесі болып табылмайтын мемлекеттердің жарналарынан;

(ii) Одақтардың осы бюджетке аударымдарынан, бұл ретте әрбір Одақтың аударым мөлшері осы Одақтың Ассамблеясымен айқындалады және кез келген Одақ аталған бюджетке аударым жасаудан бас тарта алады;

(iii) Халықаралық бюроның заңдық-техникалық көмек саласында көрсететін қызметтері үшін алынатын қаражаттан;

(iv) (a) тармақшасында көзделген мақсаттарға арналған Ұйымның пайдасына берілген сыйлықтардан, өсиет етілген қаражаттан және субсидиялардан.

(4) (a) Конференция бюджетіне өз жарнасын айқындау үшін осы Конвенцияның тарабы болып табылатын, бірақ Одақтардың ешқайсысының мүшесі болып табылмайтын әрбір мемлекет белгілі бір сыныпқа жатқызылады және оның жылдық жарнасы төмендегідей белгіленген бірліктер саны негізінде төленеді:

А сыныбы ______________________________ 10

В сыныбы ______________________________ 3

С сыныбы ______________________________ 1

(b) Осындай әрбір мемлекет 14-баптың 1-тармағында көзделген әрекеттерді жүзеге асырумен бір мезгілде өзі жатқызылғысы келетін сыныпты көрсетеді. Кез келген осындай мемлекет өзінің сыныбын өзгерте алады. Егер мемлекет неғұрлым төмен сыныпты таңдаса, ол бұл туралы Конференцияның кезекті сессиясында мәлімдеуге тиіс. Кез келген осындай өзгеріс сессиядан кейінгі күнтізбелік жылдың басынан бастап күшіне енеді.

(c) Осындай әрбір мемлекеттің жылдық жарнасы осы мемлекеттің бірліктер саны барлық аталған мемлекеттердің Конференция бюджетіне төленуге жататын жарналарының жалпы сомасындағы үлесіне пропорционалды болады.

(d) Жарналар әр жылдың бірінші қаңтарынан бастап төленеді.

(e) Егер жаңа қаржы кезеңі басталғанға дейін бюджет қабылданбаса, қаржылық регламентке сәйкес алдыңғы жылдың бюджеті деңгейіндегі бюджет қолданылады.

(5) Осы Конвенцияның тарабы болып табылатын, бірақ Одақтардың ешқайсысының мүшесі болып табылмайтын және осы бапта көзделген қаржылық жарналарды төлеу бойынша берешегі бар кез келген мемлекет, сондай-ақ осы Конвенцияның тарабы болып табылатын және Одақтардың кез келгенінің мүшесі болып табылатын, бірақ Одақтардың кез келгеніне өзінің жарналарын төлеу бойынша берешегі бар кез келген мемлекет, егер оның берешегінің сомасы одан алдыңғы екі толық жыл үшін төленуге тиісті жарналар сомасына тең немесе одан асатын болса, өзі мүшесі болып табылатын Ұйым органдарында дауыс беру құқығынан айырылады. Алайда, егер осындай органдар төлемнің кешіктірілуі ерекше және болдырмауға болмайтын мән-жайларға байланысты болғанына көз жеткізсе, олардың кез келгені осындай мемлекетке дауыс беру құқығын пайдалануға рұқсат бере алады және берешек сақталған кезеңде де бұл құқықты пайдалануға мүмкіндік бере алады.

(6) Халықаралық бюроның заңдық-техникалық көмек саласында көрсететін қызметтері үшін төленуге тиісті төлемдердің мөлшерін Бас директор белгілейді және бұл туралы Үйлестіру комитетіне есеп береді.

(7) Ұйым Үйлестіру комитетінің мақұлдауымен тікелей үкіметтерден, мемлекеттік және жеке ұйымдардан, қауымдастықтардан немесе жеке тұлғалардан сыйлықтар, өсиет етілген қаражат және субсидиялар ала алады.

(8) (a) Ұйымның Одақтар мен осы Конвенцияның тарабы болып табылатын, бірақ Одақтардың ешқайсысының мүшесі болып табылмайтын әрбір мемлекет жүзеге асыратын біржолғы төлемдерден қалыптастырылатын айналым қоры болады. Егер айналым қоры жеткіліксіз болып қалса, оны ұлғайту мәселесі шешіледі.

(b) Әрбір Одақтың біржолғы төлемінің мөлшері және оның қорды ұлғайтуға ықтимал қатысуы Одақтың Ассамблеясымен айқындалады.

(c) Осы Конвенцияның тарабы болып табылатын, бірақ Одақтардың ешқайсысының мүшесі болып табылмайтын әрбір мемлекеттің біржолғы төлемінің мөлшері және қорды кез келген ұлғайтуға оның үлесі қор құрылған немесе оны ұлғайту туралы шешім қабылданған жылдағы осы мемлекеттің жылдық жарнасына пропорционалды болады. Бұл пропорция мен төлем шарттары Бас директордың ұсынысы бойынша Үйлестіру комитетінің пікірін тыңдағаннан кейін Конференциямен белгіленеді.

(9) (a) Ұйымның штаб-пәтері орналасқан мемлекетпен жасалатын штаб-пәтер туралы келісімде айналым қоры жеткіліксіз болған жағдайларда осы мемлекеттің аванстар беретіндігі көзделеді. Мұндай аванстардың сомалары және оларды беру шарттары әрбір жағдайда осы мемлекет пен Ұйым арасындағы арнайы келісімнің нысанасы болып табылады. Осындай мемлекет аванстар беруге міндетті болған уақыт ішінде ол Үйлестіру комитетінде лауазымы бойынша бір орынға ие болады.

(b) (a) тармақшасында аталған мемлекет те, Ұйым да аванстар беруге қатысты міндеттемені жазбаша хабарлама арқылы денонсациялауға құқылы. Денонсация хабарлама жасалған жылдан кейінгі үш жыл өткен соң күшіне енеді.

(10) Шоттарды тексеруді қаржылық регламентте көзделген тәртіппен бір немесе бірнеше мүше мемлекет немесе сыртқы аудиторлар жүзеге асырады. Олар Бас Ассамблеямен өздерінің келісімі бойынша тағайындалады.

12-бап. Құқық қабілеттілігі; артықшылықтар мен иммунитеттер

(1) Ұйым әрбір мүше мемлекеттің аумағында осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес Ұйымның мақсаттарына қол жеткізу және оның функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті құқық қабілеттілігін пайдаланады.

(2) Ұйым Швейцария Конфедерациясымен және болашақта штаб-пәтері орналасуы мүмкін кез келген басқа мемлекетпен штаб-пәтер туралы келісімдер жасасады.

(3) Ұйым өзінің мақсаттарына қол жеткізу және функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті болуы мүмкін артықшылықтар мен иммунитеттерді Ұйымға, оның лауазымды тұлғаларына және барлық мүше мемлекеттердің өкілдеріне қамтамасыз ету мақсатында басқа мүше мемлекеттермен екіжақты немесе көпжақты келісімдер жасаса алады.

(4) Бас директор келіссөздер жүргізе алады және Үйлестіру комитетінің мақұлдауынан кейін 2 және 3-тармақтарда аталған келісімдерді Ұйым атынан жасасады және қол қояды.

13-бап. Басқа ұйымдармен қарым-қатынастар

(1) Ұйым, егер бұл орынды болса, басқа үкіметаралық ұйымдармен жұмыс қатынастарын орнатады және ынтымақтастық жасайды. Осындай ұйымдармен жасалған кез келген жалпы келісімді Бас директор Үйлестіру комитетінің мақұлдауынан кейін жасасады.

(2) Ұйым өзінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен, сондай-ақ мүдделі үкіметтердің келісімімен ұлттық ұйымдармен, үкіметтік немесе үкіметтік емес ұйымдармен консультациялар мен ынтымақтастық жүргізу жөнінде тиісті шараларды жүзеге асыра алады. Мұндай шараларды Бас директор Үйлестіру комитетінің мақұлдауынан кейін жүзеге асырады.

14-бап. Конвенцияға қол қою, оны ратификациялау және оған қосылу

(1) 5-бапта аталған мемлекеттер осы Конвенцияның тарабы және Ұйымның мүшесі бола алады:

(i) Конвенцияға ратификациялау туралы ескертусіз қол қою арқылы;

(ii) ратификациялау туралы ескертумен қол қою арқылы, одан кейін ратификациялау грамотасын депоненттеу арқылы; немесе

(iii) қосылу туралы актіні депоненттеу арқылы.

(2) Осы Конвенцияның кез келген басқа ережесіне қарамастан, Париж конвенциясының, Берн конвенциясының немесе осы екі конвенцияның да тарабы болып табылатын мемлекет осы Конвенцияның тарабы бола алады, бірақ ол бір мезгілде ратификациялауға немесе қосылуға тиіс не ол бұған дейін ратификациялаған немесе қосылған болуы тиіс:

  • не Париж конвенциясының Стокгольм актісіне тұтастай немесе оның 20-бабының 1 (b) (i) тармақшасында көзделген алып тастаумен ғана;
  • не Берн конвенциясының Стокгольм актісіне тұтастай немесе оның 28-бабының 1 (b) (i) тармақшасында көзделген алып тастаумен ғана.

(3) Ратификациялау грамоталары немесе қосылу туралы актілер Бас директорға депоненттеледі.

15-бап. Конвенцияның күшіне енуі

(1) Осы Конвенция Париж одағына мүше он мемлекет және Берн одағына мүше жеті мемлекет 14-баптың 1-тармағында көзделген әрекеттерді жүзеге асырғаннан кейін үш ай өткен соң күшіне енеді; бұл ретте егер мемлекет екі Одақтың да мүшесі болып табылса, ол екі топта да есепке алынатыны түсініледі. Осы күні екі Одақтың да мүшелері болып табылмайтын, бірақ 14-баптың 1-тармағында көзделген әрекеттерді осы күнге дейін кемінде үш ай бұрын жүзеге асырған мемлекеттер үшін де Конвенция күшіне енеді.

(2) Кез келген басқа мемлекет үшін осы Конвенция 14-баптың 1-тармағында көзделген әрекеттерді жүзеге асырған күннен кейін үш ай өткен соң күшіне енеді.

16-бап. Ескертпелер

Осы Конвенцияға қатысты ешқандай ескертпелерге жол берілмейді.

17-бап. Түзетулер

(1) Осы Конвенцияға түзетулер енгізу туралы ұсыныстарды Ұйымның кез келген мүше мемлекеті, Үйлестіру комитеті немесе Бас директор өз бастамасы бойынша енгізе алады. Мұндай ұсыныстарды Бас директор Конференцияда қаралғанға дейін кемінде алты ай бұрын Ұйымның мүше мемлекеттеріне жібереді.

(2) Түзетулерді Конференция қабылдайды. Егер түзетуді қабылдау осы Конвенцияның тарабы болып табылатын, бірақ Одақтардың ешқайсысының мүшесі болып табылмайтын мемлекеттердің құқықтары мен міндеттеріне әсер ететін болса, мұндай мемлекеттер де дауыс беруге қатысады. Ұсынылатын барлық басқа түзетулер бойынша осы Конвенцияның тарабы болып табылатын және Одақтардың кез келгенінің мүшелері болып табылатын мемлекеттер ғана дауыс береді. Түзетулер дауыстардың жай көпшілігімен қабылданады, бұл ретте Конференция Париж одағы Ассамблеясы мен Берн одағы Ассамблеясы өздерінің тиісті конвенцияларының әкімшілік ережелеріне түзетулер қабылдауға қатысты әрқайсысында қолданылатын қағидаларға сәйкес алдын ала қабылдаған түзету ұсыныстары бойынша ғана дауыс береді.

(3) Кез келген түзету Конференция осындай түзетуді қабылдаған кезде 2-тармаққа сәйкес түзету ұсынысы бойынша дауыс беруге құқылы болған Ұйымға мүше мемлекеттердің төрттен үш бөлігінен олардың әрқайсысының конституциялық рәсіміне сәйкес жүзеге асырылған қабылдау туралы жазбаша хабарламаларды Бас директор алғаннан кейін бір ай өткен соң күшіне енеді. Осылайша қабылданған түзетулер түзету күшіне енген кезде Ұйымның мүшелері болып табылатын немесе осы күннен кейін оның мүшелері болатын барлық мемлекеттер үшін міндетті болады, алайда мемлекеттердің қаржылық міндеттемелерін ұлғайтатын кез келген түзету оны қабылдағаны туралы хабарлаған мемлекеттер үшін ғана міндетті болады.

18-бап. Денонсация

(1) Кез келген мүше мемлекет Бас директордың атына хабарлама жіберу арқылы осы Конвенцияны денонсациялай алады.

(2) Денонсация Бас директор осындай хабарламаны алған күннен бастап алты ай өткен соң күшіне енеді.

19-бап. Хабарламалар

Бас директор барлық мүше мемлекеттердің үкіметтеріне мыналар туралы хабарлайды:

(i) осы Конвенцияның күшіне ену күні туралы;

(ii) қол қоюлар немесе ратификациялау грамоталарын не қосылу туралы актілерді депоненттеу туралы;

(iii) осы Конвенцияға кез келген түзетудің қабылдануы және осындай түзетудің күшіне ену күні туралы;

(iv) осы Конвенцияны денонсациялау туралы.

20-бап. Қорытынды ережелер

(1) (a) Осы Конвенция ағылшын, испан, орыс және француз тілдеріндегі бір ғана данада жасалады, оның әрбір мәтіні бірдей түпнұсқалық күшке ие болады және Швеция Үкіметіне сақтауға тапсырылады.

(b) Осы Конвенцияға 1968 жылғы 13 қаңтарға дейін Стокгольмде қол қоюға болады.

(2) Ресми аудармалардың мәтіндерін Бас директор мүдделі үкіметтермен консультациялардан кейін неміс, итальян және португал тілдерінде, сондай-ақ Конференция айқындайтын басқа тілдерде әзірлейді.

(3) Бас директор осы Конвенцияның және Конференция қабылдаған әрбір түзетудің тиісінше куәландырылған екі данасын Париж немесе Берн одағына мүше мемлекеттердің үкіметтеріне, осы Конвенцияға қосылған кезде әрбір мемлекеттің үкіметіне, сондай-ақ кез келген басқа мемлекеттің үкіметіне оның өтініші бойынша жібереді. Үкіметтерге жіберілетін Конвенцияның қол қойылған мәтінінің көшірмелерін Швеция Үкіметі куәландырады.

(4) Бас директор осы Конвенцияны Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тіркейді.

21-бап. Өтпелі ережелер

(1) Бірінші Бас директор қызметіне кіріскенге дейін осы Конвенцияда Халықаралық бюроға немесе Бас директорға жасалған сілтемелер тиісінше Өнеркәсіптік, әдеби және көркем меншікті қорғау жөніндегі Біріккен халықаралық бюроларға (Зияткерлік меншікті қорғау жөніндегі Біріккен халықаралық бюролар (БИРПИ) деп те аталады) немесе олардың Директорына жасалған сілтемелер болып есептеледі.

(2) (a) Одақтардың кез келгенінің мүшелері болып табылатын, бірақ осы Конвенцияның тарабы болмаған мемлекеттер, егер олар қаласа, осы Конвенция күшіне енген күннен бастап бес жыл ішінде осы Конвенцияның тараптары болғандай құқықтарды пайдалана алады. Осындай құқықтарды пайдаланғысы келетін кез келген мемлекет бұл туралы Бас директорға жазбаша түрде хабарлайды; мұндай хабарлама оны алған күннен бастап күшіне енеді. Осындай мемлекеттер аталған мерзім аяқталғанға дейін Бас Ассамблея мен Конференцияның мүшелері болып есептеледі.

(b) Осы бес жылдық мерзім өткеннен кейін мұндай мемлекеттер Бас Ассамблеяда, Конференцияда және Үйлестіру комитетінде дауыс беру құқығынан айырылады.

(c) Осы Конвенцияның тараптары болғаннан кейін мұндай мемлекеттер дауыс беру құқығына қайта ие болады.

(3) (a) Париж немесе Берн одағына мүше, бірақ осы Конвенцияның тараптары болып үлгермеген мемлекеттер болғанға дейін Халықаралық бюро мен Бас директор тиісінше Өнеркәсіптік, әдеби және көркем меншікті қорғау жөніндегі Біріккен халықаралық бюролар және олардың Директоры ретінде де қызмет атқарады.

(b) Осы Конвенция күшіне енген күні аталған Бюроларда жұмыс істеген персонал (a) тармақшасында аталған өтпелі кезең ішінде Халықаралық бюрода да жұмыс істейтін болып есептеледі.

(4) (a) Париж одағына мүше барлық мемлекеттер Ұйымның мүшелері болғаннан кейін осы Одақ Бюросының құқықтары, міндеттері мен мүлкі Ұйымның Халықаралық бюросына өтеді.

(b) Берн одағына мүше барлық мемлекеттер Ұйымның мүшелері болғаннан кейін осы Одақ Бюросының құқықтары, міндеттері мен мүлкі Ұйымның Халықаралық бюросына өтеді.

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Заңгерлік компания Қазақстан Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар