Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ақпараттық кеңістігін қалыптастыру тұжырымдамасы туралы
Шешім, Мәскеу қаласы, 1996 жылғы 18 қазан
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Үкіметтері басшыларының кеңесі шешті:
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ақпараттық кеңістігін қалыптастыру тұжырымдамасы (қоса беріледі) бекітілсін.
- Жоғарыда аталған Тұжырымдаманы іске асыру мақсатында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы Хатшылығына Достастық органдары мен Достастық мемлекеттерінде ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға жауапты ұйымдардың өзара іс-қимылын ұйымдастырушылық қамтамасыз ету жүктелсін.
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы Хатшылығы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің уәкілетті өкілдерінің және Достастық органдарының, Достастыққа қатысушы мемлекеттердің мүдделі ведомстволарының, ұлттық және халықаралық ғылыми ұйымдар мен бірлестіктердің қатысуымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ақпараттық кеңістігін қалыптастыру тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі құжаттар мен іс-шараларды дайындаудың Перспективалық жоспары жобасын әзірлеуді аяқтап, оны 1997 жылы Достастық Үкіметтері басшылары кеңесінің қарауына енгізсін.
1996 жылғы 18 қазанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы Хатшылығында сақталады, ол осы Шешімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін Молдова Республикасының Үкіметі үшін
Армения Республикасының Үкіметі үшін Ресей Федерациясының Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін
Грузия Үкіметі үшін Турікменстан Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін Украина Үкіметі үшін
Қосымша
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ақпараттық кеңістігін қалыптастыру тұжырымдамасы
Аннотация
ТМД-ның ақпараттық кеңістігін қалыптастыру тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) Үкімет басшылары кеңесінің 1995 жылғы 3 қарашадағы шешіміне сәйкес және Үкімет басшылары кеңесінің 1996 жылғы 12 сәуірдегі хаттамалық шешімін орындау мақсатында әзірленді.
Тұжырымдама ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қызметтің әртүрлі салаларындағы, ең алдымен ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы бұрын қабылданған келісімдеріне негізделеді.
Тұжырымдаманы әзірлеу кезінде ТМД Атқарушы Хатшылығы Үкімет басшылары кеңесінің 1995 жылғы 26 мамырдағы ТМД-ның бірыңғай ақпараттық кеңістігін қалыптастыру жөніндегі келісілген саясатты жүргізу туралы және 1995 жылғы 3 қарашадағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық кеңістігін қалыптастыру тұжырымдамасының жобасын әзірлеу туралы шешімдерін орындау мақсатында ұйымдастырған және өткізген мемлекеттер мен Достастық органдарының уәкілетті өкілдерінің жұмыс отырыстары мен консультациялық кездесулерінің материалдары пайдаланылды.
Тұжырымдаманы әзірлеу кезінде ақпараттық саясатты қалыптастыру және іске асыру жөніндегі ұсыныстар, Экономикалық одақтың Мемлекетаралық экономикалық комитетінде, ТМД Парламентаралық Ассамблеясында, «Мир» мемлекетаралық телерадио компаниясында, ТМД мемлекеттік ақпарат агенттіктері басшылары кеңесінде, Достастықтың басқа органдарының ақпараттық қызметтерінде дайындалған материалдар, ИТАР-ТАСС, «Интерфакс» ақпарат агенттігінің, «Интервидение» халықаралық үкіметтік емес ұйымының, Халықаралық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының материалдары, БҰҰ, Еуропалық Одақ, ұлттық және халықаралық ғылыми ұйымдар мен бірлестіктердің құжаттары, басқа да ұйымдардың материалдары пайдаланылды.
Тұжырымдама ұсынымдық сипатта болады, Достастық мемлекеттерінің қалыптасқан ақпараттық жақындасуын негізге алады және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің келісілген қызмет салаларындағы ынтымақтастығы мүддесінде мемлекетаралық ақпарат алмасуды дамыту мақсаттары мен басымдықтары жөніндегі келісілген көзқарастар жүйесін білдіреді.
Тұжырымдаманың негізгі ережелері мыналарды көрсетеді:
ТМД-ның ақпараттық кеңістігін қалыптастыру жөніндегі мемлекетаралық деңгейде келісілген саясатты жүргізудің басым мақсаттары мен мүдделерін;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық және телекоммуникациялық қызметтерді дамыту саласындағы ынтымақтастығының қағидаттары мен ұйымдастырушылық негіздерін;
мемлекетаралық деңгейде келісілген мемлекетаралық ақпарат алмасуды дамыту жөніндегі іс-шаралар мен бағдарламаларды іске асыру тетіктері мен шарттарын.
Тұжырымдама Достастық мемлекеттерінде әзірленген ақпараттандыру мен байланыс жүйелерін дамыту жөніндегі ұлттық бағдарламалардың негізгі ережелерін ескере отырып жасалды.
Негізгі терминдер мен анықтамалар
ТМД-ның ақпараттық кеңістігі – қызметтің келісілген салалары бойынша тиісті мемлекетаралық шарттар негізінде өзара іс-қимыл жасайтын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық ақпараттық кеңістіктерінің жиынтығы.
ТМД-ның ақпараттық кеңістігін қалыптастыру – ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қызметтің келісілген салаларындағы ынтымақтастығы мүддесінде және ақпарат таратудың халықаралық қағидаттарына сәйкес азаматтардың, кәсіпорындардың, ұйымдар мен Достастық мемлекеттерінің басқару органдарының ақпараттық қажеттіліктерін қамтамасыз ету және қанағаттандыру мақсатында мемлекетаралық ақпарат алмасуды өзара тиімді негізде дамыту жөніндегі мемлекетаралық деңгейде келісілген іс-шаралар мен шарттардың жиынтығы.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық инфрақұрылымы – Достастық мемлекеттерінде бар ақпараттық ресурстардың, теле-, радио-, телефон, телефакс, арнайы, спутниктік, пошта, телеграф байланысы құралдарының және оларды ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қызметтің келісілген салаларындағы ынтымақтастығы мүддесінде пайдалану шарттарының жиынтығы.
Ақпарат – ұсынылу нысанына қарамастан, адамдар, заттар, фактілер, оқиғалар, құбылыстар мен процестер туралы мәліметтер.
Құжатталған ақпарат (құжат) – сәйкестендіруге мүмкіндік беретін деректемелері бар материалдық жеткізгіште тіркелген ақпарат.
Ақпараттық технология – ақпаратты жасау, жинау, беру, сақтау, іздеу, өңдеу және тарату үшін ақпараттық-есептеу техникасы мен байланыс жүйелерін пайдалану әдістері мен тәсілдерінің жүйесі.
Ақпараттық ресурстар – ақпараттық жүйелерде (кітапханаларда, архивтерде, қорларда, деректер банктерінде және басқа да ақпараттық жүйелерде) пайдалануға ыңғайлы әрі жарамды нысанда дайындалған және жүйеленген құжаттар мен құжаттар массивтері.
Ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің, технологиялардың және оларды қамтамасыз ету құралдарының меншік иесі – аталған объектілерді иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын, сондай-ақ оларға иелік ету, пайдалану және билік ету өкілеттіктерін іске асыратын субъект.
Ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің, технологиялардың және оларды қамтамасыз ету құралдарының иесі – аталған объектілерді иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын, сондай-ақ заңда белгіленген шектерде оларға билік ету өкілеттіктерін іске асыратын субъект.
Ақпарат пайдаланушысы (тұтынушысы) – қажетті ақпаратты алу үшін ақпараттық жүйеге немесе делдалға жүгінетін және оны ақпараттың меншік иесі немесе иесі белгілеген тәртіпке сәйкес пайдаланатын субъект.
Кіріспе
Жаңа саяси және экономикалық жағдайларда мемлекетаралық ақпарат алмасу ТМД мемлекеттері үшін ақпараттық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі ауқымды міндетке айналды.
Осы міндетті қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар негізінде шешу үшін Достастық мемлекеттерінің ақпараттық кеңістігін қалыптастыру жөніндегі келісілген саясатты әзірлеу және жүргізу қажет.
Тұжырымдама тәуелсіздік пен өзара тиімділік қағидаттары, ақпараттық жүйелерді құру және дамыту кезінде халықаралық стандарттарды пайдалану, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің техникасы мен технологияларын кеңінен қолдану негізінде мемлекетаралық ақпарат алмасуды одан әрі дамыту жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыру үшін қажетті шарттарды айқындауды көздейді.
Тұжырымдама мынадай аса маңызды міндеттерді шешуге бағытталған:
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекетаралық ақпарат алмасуды дамыту саласындағы ынтымақтастығының басым бағыттарын айқындау;
ұлттық мүдделер мен басымдықтарды ескере отырып, осыған дайын барлық мемлекеттермен тәуелсіз және өзара тиімді ынтымақтастық саясаты арқылы келісілген қызметті іске асыру тетігін ұсыну.
Көрсетілген міндеттерді шешу сапалық тұрғыдан жаңа ақпараттық ортаны құру және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ақпараттық кеңістігін қалыптастыру процестерінің бастамасы болып табылады.
1. Жалпы ережелер
Трансұлттық экономикалық құрылымдардың, ақпараттық және телекоммуникациялық жүйелердің пайда болуы экономиканың және қоғамның индустриялық даму бағдарынан ақпараттық бағдарға көшуін көрсетеді. Жаһандық ақпараттық жүйелер әлемді біртұтас жүйеге біріктіреді және барлық мемлекеттерді ақпараттық тұрғыдан өзара тәуелді етеді, бұл қоғам өмірінің әртүрлі салаларындағы ақпараттық өзара іс-қимыл сапасына барынша назар аударуды талап етеді.
Ақпараттық өзара іс-қимыл проблемаларын шешу ынтымақтастықтың қандай да бір саласында кезекті қадам жасалғанға дейін жүзеге асырылуға тиіс.
ТМД-ның ақпараттық кеңістігін қалыптастыру реформаларды неғұрлым толық үйлестіруге, тауарлар, қызметтер, капитал және жұмыс күші нарықтарының жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайлар жасауға, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында мүлікті меншікке сатып алу, иелену, пайдалану және оған билік ету құқығының тең болуын қамтамасыз етуге, түрлі салаларда келісілген саясат жүргізуге мүмкіндік береді.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық кеңістікті қалыптастыру тұрғысындағы міндеттері ішкі ақпараттық саясатты жүргізумен және ұлттық ақпараттық кеңістікті дамытумен шектелмейді. Бұл міндеттер сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттерге әлемдік ақпараттық инфрақұрылымның дамуынан барынша пайда алуға мүмкіндік беретін мүмкіндіктерді кеңейту жолдары мен құралдарын анықтаумен де байланысты.
ТМД-ның ақпараттық кеңістігін қалыптастыру саласында Достастықтың барлық мемлекеттеріне ортақ және әрбір мемлекетке тән заңдылықтар бар. Мұндай ерекшеліктердің себебі – ақпараттық кеңістіктің барлық элементтері де, жекелеген мемлекеттердің қоғамдық құрылымдары да бір мезгілде дамудың бірдей сатысында тұрған жоқ. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің даму процесі біркелкі емес және әрбір мемлекеттің әлемдік ақпараттық кеңістікке ену жылдамдығы әртүрлі болуы мүмкін.
Жоғарыда баяндалғандарды негізге ала отырып, Тұжырымдама мыналарды көздейді:
ТМД-ның ақпараттық кеңістігін қалыптастыру және дамыту кезеңдерін;
ақпараттық саладағы өзара іс-қимылдың нормативтік-құқықтық базасын дамытуды;
келісілген салалардағы ақпараттық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруды;
әлеуметтік және мәдени байланыстарды дамытуды;
ақпарат саласындағы ұлттық мүдделерді қорғауды.
Тұжырымдама ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпарат және ақпараттандыру саласындағы ынтымақтастығының негізі болып табылады және ұлттық ақпараттандыру бағдарламалары мен қызметтің келісілген салаларындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың нысаналы бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады.
2. ТМД-ның ақпараттық кеңістігін қалыптастыру мен дамытудың мақсаттары мен міндеттері
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық кеңістігін қалыптастыру жөніндегі жұмыстардың басты мақсаты – қызметтің келісілген салаларындағы ынтымақтастықты дамыту ісінде ұлттық және ортақ мүдделерді ескере отырып, Достастық мемлекеттерінің ұлттық ақпараттық кеңістіктерінің өзара тиімді негізде өзара іс-қимылын қамтамасыз ету.
Достастық мемлекеттерінің ортақ мүдделерінің құрамында мыналарды атауға болады: азаматтардың байланыстарын сақтау және дамыту;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер мен Достастық органдарының тыныс-тіршілігі туралы ашық ақпаратты кедергісіз және цензурасыз тарату;
білім беруді, ғылымды, техниканы және мәдениетті дамыту;
тиісті мемлекетаралық шарттар негізінде азаматтардың, кәсіпорындар мен ұйымдардың, мемлекеттік басқару органдарының қызметтің әртүрлі келісілген салалары бойынша ұлттық және халықаралық ақпараттық ресурстарға қол жеткізуін қамтамасыз ету;
ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа және есірткі бизнесіне қарсы күресте іс-қимылдарды үйлестіру;
төтенше жағдайлар, табиғи апаттар мен зілзалалар саласында өзара іс-қимыл жасау, осы мәселелер бойынша уақтылы хабардар ету және оларды жою кезінде ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз ету;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық ресурстарын өзара тиімді пайдалануға жағдай жасау.
Бірлескен күш-жігер арқылы ғана тиімді шешуге болатын бірқатар маңызды нақты міндеттер бар.
- Ақпараттық өнімдерді трансшекаралық тарату туралы мемлекетаралық құжаттарды әзірлеу және қабылдау.
- Ұлттық ақпараттық ресурстарға қол жеткізу тетігін әзірлеу және бекіту.
- Ақпараттық-телекоммуникациялық қызметтер көрсету, Достастық мемлекеттеріндегі ақпараттандыру құралдарын өндірудің ұлттық өнеркәсіптік әлеуетін кооперация және халықаралық еңбек бөлінісі негізінде сақтау және дамыту жөнінде келісілген шаралар қабылдау.
- Достастық мемлекеттерінде бұрын құрылған ғылыми-техникалық әлеует пен ақпараттық инфрақұрылымды пайдалану жөнінде бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру.
Осы мақсаттар, мүдделер мен міндеттер Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ақпараттық кеңістігін қалыптастыру тұжырымдамасының негізгі ережелерін әзірлеу үшін айқындаушы негіз болды.
3. ТМД-ның ақпараттық кеңістігін қалыптастыру мен дамытудың негізгі қағидаттары
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық кеңістігін қалыптастыру мынадай негізгі қағидаттарды ескере отырып жүзеге асырылады:
егемен мемлекеттердің өз ақпараттық кеңістігін дербес қалыптастыру құқығын сақтау;
Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының, басқа да халықаралық құжаттардың және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ақпарат алмасу саласындағы жасалған шарттарының негізгі қағидаттарын сақтау;
мемлекетаралық ақпарат алмасудың өзара тиімділігі;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әрқайсысының ақпараттық қауіпсіздігінің жеткілікті деңгейін қамтамасыз ету;
ақпараттық инфрақұрылымды және ақпараттық-коммуникациялық қызметтер саласын дамыту жөніндегі мемлекетаралық іс-шараларды іске асыруға әрбір мемлекеттің қатысуының экономикалық орындылығы;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қолданыстағы ақпараттық инфрақұрылымын сақтау, дамыту және тиімді пайдалану;
ақпарат саласындағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығына қатысты тәсілдерді әзірлеу және келісу кезінде халықаралық құқық нормаларын сақтау және ұлттық мүдделерді ескеру;
Достастық мемлекеттерінің ұлттық ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін келісілген ғылыми-техникалық саясат жүргізу; мемлекеттік қаржыландыру көздерімен қатар әртүрлі тартылған қаражатты пайдалану;
ақпараттық қызметтер мен өнімдерге баға белгілеуді, салық салуды, кедендік баждар мен алымдарды реттеуге қатысты келісілген тәсілдерді әзірлеу;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде болып жатқан оқиғалар, сондай-ақ Достастық органдарының қызметі туралы ақпарат алу және тарату құқығында тараптардың теңдігін тану;
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында мемлекетаралық қарым-қатынастың, ақпарат алмасудың және оны таратудың тұрақты әрі жедел арналарының мүмкіндіктерін кеңейтуге өзара мүдделілік таныту.
Аталған қағидаттар ақпараттық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі қызметті мемлекетаралық деңгейдегі басым міндеттердің бірі ретінде айқындайды және ол Достастықтың Мемлекет басшылары кеңесі мен Үкімет басшылары кеңесінің тұрақты бақылауында болуға тиіс.
4. ТМД-ның ақпараттық кеңістігін қалыптастыру мен дамытудың нормативтік-құқықтық тетіктері
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық кеңістігін қалыптастыру мен дамыту мүдделері Достастықтың әрбір мемлекетінің осы саладағы ұлттық нормативтік-құқықтық базаны дамыту жөніндегі мынадай бірінші кезектегі қызмет бағыттарын айқындайды:
ақпаратқа, ақпараттық ресурстарға, ақпараттық құрылымдар мен технологияларға меншік қатынастарын реттеу;
ақпаратқа қол жеткізуді реттеу;
ақпараттық және телекоммуникациялық жүйелердің жұмыс істеу қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
халықаралық құқық негізінде субъектілердің авторлық құқықтарын қорғау.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер үшін ақпарат саласындағы заңнаманы жетілдірудің аса маңызды бағыттары халықаралық ұйымдардың жұмысына өз өкілдерінің қатысуы, сондай-ақ олардың арасында құқықтық ақпарат алмасуды ұйымдастыру болып табылады.
Достастық мемлекеттерінің ақпараттық кеңістігін қалыптастыру міндетінің нормативтік-құқықтық аспектілерін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық кеңістігін қалыптастыру мүдделері мен басым бағыттарына сәйкес ақпараттық өзара іс-қимылдың жекелеген секторлары, элементтері мен нысандары бойынша талқылаған орынды.
5. ТМД-ның ақпараттық кеңістігіндегі ақпараттық ресурстарды қалыптастыру, қолдау және пайдалану
Ұлттық ақпараттық ресурстарды бірлесіп пайдалану мемлекетаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады. Осы мақсатты іске асыру үшін жергілікті және шетелдік пайдаланушылардың ұлттық ресурстарға қол жеткізуі үшін өзара тиімді жағдайлар жасау қажет.
Мемлекеттік басқару органдарының ақпараттық ресурстарына, заңнама жөніндегі деректер базаларына, сондай-ақ әлеуметтік саладағы ынтымақтастықтың басқа да бағыттарына қол жеткізуді ұйымдастыру кезінде ақпаратпен өзара тиімді алмасуға негізделген тәсілдер жүзеге асырылады.
Мемлекеттік деңгейде мынадай мәселелер шешіледі:
ақпараттық ресурстарға қол жеткізу рәсімдерін заңнамалық тұрғыдан реттеу;
ақпараттық ресурстардың меншік иелерінің, иелерінің және пайдаланушыларының құқықтары мен міндеттері;
ақпараттық қызмет көрсетудің тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз ету.
6. ТМД-ның ақпараттық кеңістігіндегі ақпараттық процестерді қолдау және қамтамасыз ету құралдарын құру мен дамыту
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер ақпараттық-телекоммуникациялық қызметтер секторын дамыту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады және мемлекетаралық шарттар мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды мәнге ие және ақпарат алмасудың жаңа мүмкіндіктерін туғызатын жағдайларда ақпараттық процестерді жүзеге асыру үшін қолайлы ахуалды қамтамасыз етеді.
Мемлекетаралық құжат айналымының жеделдігін арттыру үшін Достастық мемлекеттерінде құжаттарды электрондық түрде беру мәселесін шешуге мүмкіндік беретін жағдайлар жасалады.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер ақпараттық-телекоммуникациялық қызметтер көрсететін кәсіпорындар мен ұйымдардың мемлекетаралық ынтымақтастығы тетіктерін қалыптастыру үшін экономикалық, институционалдық және құқықтық жағдайлар жасайды, оның ішінде кәсіпорындар мен ұйымдардың ақпараттық-телекоммуникациялық қызметтердің ортақ нарығын дамыту мақсатында жаңа және ең жаңа технологияларды сатып алу, игеру және өз қажеттіліктеріне бейімдеу қабілетін қамтамасыз етеді.
7. ТМД-ның ақпараттық кеңістігінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық кеңістігін қалыптастырудың маңызды проблемаларының бірі олардың әрқайсысының өз ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі және өзінің ақпараттық егемендігін қорғауы болып табылады. Осы мәселелерді уақтылы шешу үшін ТМД-ға қатысушы әрбір мемлекет ақпараттық саясаттағы «қайшылықтарға» және өзінің ақпараттық егемендігіне төнетін қатерлерге уақтылы мониторинг жүргізеді.
Ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ақпараттық қауіпсіздікке қатер төндіргені немесе оны бұзғаны үшін жауаптылыққа тарту мәселелерін практикалық тұрғыдан шешу Достастықтың әрбір мемлекетінде олардың ұлттық заңнамасында, халықаралық құқық нормаларында, сондай-ақ тиісті мемлекетаралық шарттарда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
8. ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы ақпарат алмасудың автоматтандырылған жүйесі (ТМД АААЖ)
ТМД АААЖ Достастық мемлекеттерінің ақпараттық кеңістігінің құрамдас бөлігі болып табылады және негізінен Достастық мемлекеттерінің мемлекеттік билік және басқару органдарының өзара, сондай-ақ Достастық органдарымен ақпарат алмасуын қамтамасыз етуге арналған.
ТМД АААЖ шеңберінде құрылатын қосалқы жүйелердің құрамы және олар автоматтандыратын функциялар ТМД-ға қатысушы мемлекеттер қабылдаған көпжақты шарттар негізінде айқындалады.
Достастық мемлекеттерінің ТМД АААЖ шеңберінде жұмыс істейтін қосалқы жүйелерін интеграциялау олардың ақпараттық және техникалық негіздерін барынша сақтауға және жинақталған тәжірибе мен ғылыми-техникалық әлеуеттің сабақтастығын қамтамасыз етуге тиіс.
ТМД АААЖ-ны құру мен оның жұмыс істеуін нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамалық актілеріне, Достастық мемлекеттерінің мемлекетаралық шарттарына негізделуге тиіс.
9. ТМД-ның ақпараттық кеңістігін қалыптастыру мен дамытудың ұйымдастырушылық негіздері
Достастық мемлекеттерінің ақпараттық кеңістігін қалыптастыру туралы шешімдерді іске асыру ақпарат және ақпараттандыру саласындағы қатынастарды ұйымдастыру мен құқықтық реттеуді қамтамасыз ететін қолданыстағы және әзірленіп жатқан мемлекетаралық шарттар пакеті негізінде жүзеге асырылады.
Достастық мемлекеттерінде ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға жауапты ұйымдардың өзара іс-қимылын ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді ТМД Атқарушы Хатшылығы Достастықтың басқа органдарымен бірлесіп жүзеге асырады.
ТМД-ның ақпараттық кеңістігінің құрамдас бөлігі болып табылатын мемлекетаралық ақпараттық жүйелерді құру міндеті тиісті мемлекетаралық салалық органдар арқылы шешіледі. Олар өз жұмысын мемлекетаралық деңгейде қабылданған шешімдерді, оның ішінде осы Тұжырымдаманы басшылыққа ала отырып жүргізеді.
10. ТМД-ның ақпараттық кеңістігін қалыптастыру мен дамыту кезеңдері
ТМД-ның ақпараттық кеңістігін қалыптастыру мен дамыту – ТМД-ға қатысушы мемлекеттерден ұлттық және мемлекетаралық деңгейлерде нормативтік-құқықтық, техникалық және қаржылық мәселелердің кең ауқымын шешу процесінде күш-жігерді үйлестіруді талап ететін ауқымды әрі күрделі міндет.
Жалпылама түрде ақпараттық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі қызмет стратегиясы мынадай екі негізгі кезеңді қамтуға тиіс.
Бірінші кезең – 1996–1997 жылдар. Бірінші кезеңде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер мен Достастық органдарының ақпараттық өзара іс-қимылының құқықтық, техникалық және ұйымдастырушылық мәселелері пысықталады. Осы жұмыстың нәтижелері мемлекетаралық деңгейде келісілген ТМД-ның ақпараттық кеңістігін қалыптастыру тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі құжаттар мен іс-шараларды дайындаудың Перспективалық жоспарында ұсынылуға тиіс.
Мемлекетаралық деңгейде және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің шаруашылық қызмет субъектілерінің тікелей байланыстары деңгейінде ынтымақтастықты ақпараттық қолдау тетігі келісілетін болады.
Екінші кезең – 1998–2000 жылдар. Осы кезеңде Достастық мемлекеттерінің азаматтарына, мемлекеттік басқару органдарына және шаруашылық қызмет субъектілеріне келісілген салалардағы ұлттық ақпараттық ресурстар мен әлемдік ақпараттық қорларға кеңінен қол жеткізуді қамтамасыз ету көзделеді.
Қызметтің келісілген салалары бойынша мемлекетаралық ақпарат алмасудың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимылы тереңдетіледі.
Ақпарат және ақпараттандыру саласындағы мемлекетаралық кооперация үшін құқықтық, саяси, экономикалық және техникалық жағдайлар жасалады.
Мемлекетаралық ақпарат алмасуды жүзеге асыру тетіктері негізінен келісіледі.
Достастық мемлекеттерінің ақпараттық кеңістігін қалыптастыру жөніндегі бірлескен мемлекетаралық іс-шаралардың нақты мазмұны ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық мүдделері мен басымдықтарымен, Достастықтың Мемлекет басшылары кеңесі мен Үкімет басшылары кеңесінің шешімдерімен айқындалады және көпжақты әрі екіжақты негізде келісілетін мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларда көрсетіледі.
11. ТМД-ның ақпараттық кеңістігін қалыптастыру мен дамытуды қамтамасыз етудің қаржылық-экономикалық қағидаттары
Ақпараттық кеңістікті қалыптастыру мақсаттарына қол жеткізу үшін айтарлықтай қаржыландыру көлемі қажет.
Қаржыландыру көздері мыналар болуы мүмкін:
мемлекетаралық органдардың өздерінің ақпараттық жүйелерін дамытуға арналған бюджет қаражаты;
халықаралық бағдарламалар бойынша техникалық жәрдемдесу бағдарламасы шеңберінде алынатын қаражат;
мемлекеттік емес ұйымдардың, коммерциялық құрылымдардың, қоғамдық қорлардың және т.б. қаражаты.
Қорытынды
Ақпарат және ақпараттандыру саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастық жеткілікті дәрежеде серпінді дамып келеді.
Қалыптасқан үрдіс мынадай: осы салада бұрын қабылданған шарттарда жинақталған әлеует дәл қазір жұмыс істей бастайды және Достастық мемлекеттерінде ынтымақтастықты жолға қою мен нақты практикалық шешімдер қабылдау үшін жеткілікті нормативтік-құқықтық база қызметін атқарады.
ТМД-ның ақпараттық кеңістігін қалыптастыру тұжырымдамасы Достастық мемлекеттерінің ақпарат және ақпараттандыру саласындағы ынтымақтастығының негіздемелік бағдарламасын қалыптастырудың негізі болады және ақпарат пен ақпараттандыру саласындағы ұлттық ақпараттандыру бағдарламалары мен нысаналы халықаралық ынтымақтастық бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық істер Қылмыстық істер Әкімшілік істер Даулар Қорғау Төрелік істер Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері [Декларация] [Жарлық] [Бұйрық] [Қаулы] [Шешім] [Баяндама] [Қорытынды] [Өтініш] [Қорытынды] [Конвенция] [Шарт] [Меморандум] [Әдістеме] [Нормалар] [Нота] [Қағидалар] [Бағдарлама] [Жарғы] [Хартия] [Бап] [Түсініктеме] [Резолюция] [Регламент] [Хаттама] [Жоба] [Бағдарлама] [Қағидалар] [Жолдау]