Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының тұжырымдамасы туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 5 қыркүйектегі № 1346 қаулысы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 29 ақпандағы № 327 «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 9 ақпандағы кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің айтқан тапсырмаларын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының тұжырымдамасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Көші-қон және демография жөніндегі агенттігі мүдделі орталық атқарушы органдармен, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп, 2001 жылғы 1 шілдеге дейін осы Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі бағдарлама мен іс-шаралар жоспарын әзірлесін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан РеспубликасыныңПремьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің2000 жылғы 5 қыркүйектегі № 1346 қаулысыменмақұлданған
Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының тұжырымдамасы
Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) көші-қон процестерін ретке келтіру мен реттеудің негізгі қағидаттарының, басымдықтарының, тетіктерінің, міндеттері мен әдістерінің жүйесін білдіреді. Осы Тұжырымдамада көші-қон процестерін реттеу деп Қазақстанның ағымдағы және перспективалық қажеттіліктеріне сәйкес келетін бағыттарда адамдардың орын ауыстыруын ынталандыруға немесе шектеуге, сондай-ақ мигранттардың құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған әкімшілік және әлеуметтік-экономикалық шаралар кешені түсініледі.
Көші-қон процестері мемлекеттік қауіпсіздікке, қоғамдық келісімге, елдегі экономикалық және демографиялық жағдайға ықпал етеді.
Көші-қон саясаты Қазақстанның мемлекеттік сыртқы және ішкі саясатының құрамдас бөлігі болып табылады, оны іске асыру мемлекеттің басым міндеттерінің біріне айналуға тиіс.
Көші-қон саясатының субъектілері орталық және жергілікті атқарушы органдар болып табылады.
Көші-қон саясатын іске асыруда мемлекеттік органдардың әріптестері қоғамдық бірлестіктер болуға тиіс.
Тұжырымдама адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау негізінде жалпы мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, көші-қон саясатының негіздерін айқындайды.
Тұжырымдама елдің тұрақты дамуға көшу кезеңіне және экономиканы тұрақтандыру мен өсірудің ұзақ мерзімді перспективасына арналған.
Жақын болашақта Тұжырымдама Қазақстан Республикасындағы көші-қон процестерін реттеу жүйесін шектейтін факторлар болып табылатын мемлекеттің саяси болмысы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайына негізделеді.
Көші-қон саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілеріне негізделеді. Тұжырымдама көші-қон процестерін реттеудің отандық және шетелдік тәжірибесін ескереді.
1. Көші-қон жағдайын бағалау
Халық көші-қоны саласындағы Қазақстанның ерекшелігі мемлекеттің тарихи даму ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан көпұлтты адамдар қауымдастығының болуы болып табылады. Мәселен, 1968 жылға дейін республикаға халық көші-қонының оң сальдосы тән болды, яғни елге келген адамдар саны елден кеткен адамдар санынан едәуір асып түсті. Мысалы, 1950 жылдан 1959 жылға дейінгі және 1960 жылдан 1967 жылға дейінгі кезеңдерде республика халқының әрбір 1000 адамына шаққандағы көші-қон өсімі жылына орта есеппен тиісінше 12 және 5 адамды құрады.
Алайда 1968 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін республикадағы көші-қон процесінде кері жағдай қалыптасты, яғни елден кету қарқыны елге келу қарқынынан жоғары болды. Мысалы, 1970 жылдан 1979 жылға дейінгі және 1980 жылдан 1989 жылға дейінгі кезеңдерде республика халқының әрбір 1000 адамына шаққандағы көші-қон кемуі жылына орта есеппен тиісінше 5 және 7 адамды құрады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздік алуымен, бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағындағы трансформациялық процестердің басталуымен және жекелеген этникалық топтардың тарихи Отанына оралу мүмкіндігінің кеңеюімен Қазақстанда, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының көптеген басқа елдеріндегідей, көші-қонның теріс сальдосының өсу үрдісі қалыптасты. Мәселен, соңғы 10 жыл ішінде көші-қонның теріс сальдосы осы кезеңдегі халықтың табиғи өсімін толығымен жұтып қана қоймай (1990-жылдары 1980-жылдармен салыстырғанда туу санының күрт төмендеуі және қайтыс болғандар санының артуы есебінен табиғи өсім шамамен 2 есе қысқарды), одан 2 еседен астам асып түсті.
Қазақстан Республикасындағы көші-қон жағдайы мынадай негізгі процестермен сипатталады:
1. Эмиграцияда бұрын патшалық кезеңде Қазақстанға жер аударылған, сталиндік режим жылдарында депортацияланған, тың және тыңайған жерлерді игеруге жіберілген халықтың орыс тілді бөлігінің өкілдері басым;
2. Иммиграцияда этникалық қазақтардың келуі басым, оған мынадай жағдайлар себеп болған:
- ұлттық бірегейлігін сақтап қалуға деген ұмтылыс;
- әскери қақтығыстардың салдары;
- тарихи Отанына оралуға деген ниет.
3. Ішкі көші-қонда:
- аграрлық сектордың құлдырауы нәтижесінде ауылдық елді мекендерден халықтың кетуі;
- қала құраушы кәсіпорындар мен қайта өңдеу кешендерінің тоқтап қалуына байланысты шағын және орта қалалардан адамдардың кетуі;
- Семей полигоны мен Арал маңы аймағындағы экологиялық себептер.
4. Қазақстан Республикасының геосаяси орналасуына, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен шекараларының ашықтығына, достастық елдерінің бірыңғай келісілген саясатының болмауына және заңнамалық базаның жетілмегендігіне байланысты туындаған заңсыз көші-қон.
5. Ішкі еңбек нарығында өз еңбек ресурстарының артық болуына қарамастан, шетелдік жұмыс күшін тартуға байланысты еңбек көші-қоны.
6. Бірқатар мемлекеттердегі қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақсыздығынан туындаған босқындардың болуы.
Қазақстан Республикасының 1951 жылғы БҰҰ-ның Босқындар мәртебесі туралы конвенциясына және оған 1967 жылғы Хаттамаға қосылуы босқын мәртебесін алуға үміткер адамдарды қабылдау жөніндегі белгілі бір міндеттемелерді жүктейді.
Көші-қон проблемаларын шешу Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру перспективаларымен айқындалады.
2. Көші-қон саясатының мақсаты мен қағидаттары
Көші-қон саясатының мақсаты – көші-қон процестерін басқару, тұрақты демографиялық дамуды қамтамасыз ету, елдің мемлекеттік қауіпсіздігін нығайту және мигранттардың өз құқықтарын іске асыруы үшін жағдайлар жасау.
Қазақстан Республикасының көші-қон саясаты мынадай қағидаттарға негізделеді:
- мигранттардың құқықтарын сақтау және қорғау, оларды нәсіліне, ұлтына, тіліне, шығу тегіне, діни нанымына, саяси көзқарастарына, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығына қарай кемсітуге жол бермеу;
- көші-қон процестерін реттеу саласындағы заңдардың ережелері мен халықаралық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету;
- жеке адам мен мемлекеттің мүдделерін ұштастыру, биліктің барлық тармақтары мен қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін біріктіру;
- Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін қорғау, тең құқықты ынтымақтастық негізінде Қазақстан мен әріптес мемлекеттердің көші-қон процестеріндегі басымдықтарын келісу;
- жергілікті халық пен мигранттардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету.
3. Көші-қон саясатын іске асырудың басымдықтары мен негізгі бағыттары
Көші-қон жағдайының қазіргі жай-күйін және оның даму перспективаларын талдау мыналарды айқындауға мүмкіндік береді: біріншіден, көші-қон проблемаларын шешудегі басымдықтарды; екіншіден, өтпелі кезеңге арналған оларды шешудің негізгі бағыттары мен тетіктерін айқындауға, сондай-ақ көші-қон процестерін реттеу жөніндегі бағдарламаны және елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтануы мен тұрақты дамуы кезеңіне арналған ұзақ мерзімді перспективадағы оны іске асыру жоспарын әзірлеуге мүмкіндік береді.
Көші-қон саясатының неғұрлым маңызды басымдықтары мыналар болып табылады:
Өтпелі кезең мәселелерін шешу үшін:
- оралмандарды орналастыруға, олардың қоныстанған жерлеріне бейімделуіне және жергілікті әлеуметтік ортаға кірігуіне, қарулы қақтығыстарды бастан өткерген адамдарды психологиялық тұрғыдан оңалтуға жан-жақты жәрдемдесу;
- мәжбүрлі көші-қон ағындарын, оның ішінде заңсыз көші-қонды және одан туындайтын теріс салдарларды ескерту және болдырмау;
- босқындар деп танылған адамдардың әлеуметтік ортаға барынша жылдам кірігуі және олардың шыққан мемлекеттеріне ерікті түрде оралуы үшін жағдайларды қамтамасыз ету;
- Қазақстан Республикасының аумағында иммиграциялық бақылау жүйесін құру және дамыту;
- эмиграциялық процестерді қысқартуға және тұрақтандыруға, оның ішінде республиканың зияткерлік әлеуетінің сыртқа кетуіне жол бермеуге жәрдемдесу;
- ішкі және сыртқы еңбек көші-қонын реттеуді қамтамасыз ету;
Ұзақ мерзімді перспективада:
- әлеуметтік-экономикалық алғышарттарды қалыптастыру және осының негізінде көші-қон ағындарының бағытын өзгерту;
- Қазақстанның геосаяси тұрғыдан маңызды өңірлерінде халық санын сақтау және одан әрі қалыптастыру үшін жағдайлар жасау;
- Қазақстанның халықаралық еңбек нарығына кірігуін қамтамасыз ету, қазақстандық эмигранттардың, әсіресе білікті мамандардың оралуын ынталандыру;
- Қазақстан Республикасының аумағында көші-қонды бақылаудың бірыңғай жүйесін енгізу және жүзеге асыру арқылы иммиграциялық процестердің бақылануын қамтамасыз ету;
- шетелдегі отандастармен сындарлы қарым-қатынастарды қолдау және дамыту.
Көші-қон саясатын іске асырудың негізгі бағыттары мен тетіктері
Өтпелі кезең үшін:
1. Оралмандарды орналастыруға, олардың қоныстанған жерлеріне бейімделуіне және жергілікті әлеуметтік ортаға кірігуіне жан-жақты жәрдемдесу, қарулы қақтығыстарды бастан өткерген адамдарды психологиялық тұрғыдан оңалту.
Оралмандардың жаңа жерге кірігуі мыналарды көздейді:
- қажетті жағдайлар жасау және мемлекет кепілдік берген негізгі құқықтар мен бостандықтарды іске асыруға көмек көрсету;
- әлеуметтік қолдау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және жүзеге асыру, орналастыруға жұмсалған бюджет қаражатын қайтаруға және қайта инвестициялауға мүмкіндік беретін жүйе құру, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға және қайта даярлауға жәрдемдесу, кәсіпкерлік бастамаларды көтермелеу, әлеуметтік қорғау жүйесіне нақты қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Оралмандарға көмек көрсету бағдарламаларын өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламаларымен барынша тиімді байланыстыру мыналарды көздейді:
- жергілікті халықтың мүдделерін ескеру. Оралмандарға көмек көрсету, олардың жинақы қоныстанған аудандарында инфрақұрылымды дамыту кезінде жергілікті халық арасында наразылықтың туындауына жол бермеу қажет. Бұл ретте келген мигранттар мен жергілікті халық арасындағы этникалық, мәдени, тілдік және конфессиялық алшақтықтарды ескеру маңызды;
- жергілікті атқарушы органдар мен оралмандар үшін қолайлы тұрғылықты жерді таңдау;
- бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен пайдалана отырып, халықты оралмандарды бейімдеу және кіріктіру проблемалары туралы хабардар ету.
2. Мәжбүрлі көші-қон ағындарын ескерту және олардан туындайтын теріс салдарлардың алдын алу.
Басқа мемлекеттерден мәжбүрлі көші-қонның алдын алудың маңызды бағыты көші-қон ағындарын жан-жақты есепке алу, заңнамалық базаны жетілдіру және Қазақстан Республикасы шет мемлекеттермен екіжақты қатынастар орнатқан кезде отандастардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын зерделеу болып табылады.
Мемлекеттік басқару органдары азаматтарды қоныс аудару процестері мен олардың құқықтарын қорғауды реттейтін екіжақты және көпжақты келісімдердің тезірек жасалуына және іс жүзінде іске асырылуына жәрдемдесетін болады.
Орталық және жергілікті атқарушы органдар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде және алыс шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың көшу шарттары, оралман мәртебесін алуы және Қазақстан Республикасында тұруы туралы объективті ақпарат алуына жәрдемдесетін болады.
Қазақстан Республикасының барлық өңірлеріндегі экологиялық жағдайға мониторинг жүргізу қажет. Егер жағдай халықтың тіршілік етуі үшін белгіленген нормаларға сәйкес келмесе, орталық және жергілікті атқарушы органдар экологиялық жағдайдың бұзылу себептерін жою жөнінде іс-шаралар жүзеге асырады, ал мұны жасау мүмкін болмаған жағдайда халықты көшіру жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асырады және экологиялық жағдайдың бұзылуына әкеп соққан әрекеттері үшін барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарды осы іс-шараларды қаржыландыруға тартатын болады.
Экологиялық жағдайы қолайсыз аудандарға мигранттар ағынын шектеу жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және жүргізу қажет.
3. Мәжбүрлі иммигранттар мен босқындардың шыққан мемлекеттеріне ерікті түрде оралуы көші-қон саясатының негізгі бағыттарының бірі болып табылады, оны жүзеге асыру мыналарды көздейді:
- әрбір нақты адамға жеке көзқарас таныту;
- мүдделі адамның тұрақты тұратын жеріне оралуға деген ниетінің болуы;
- мемлекет тарапынан оралу процесіне қатысу;
- кемсітуге жол бермеу және адам құқықтарын сақтау, ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді ескеру;
- оралатын өңірдегі жағдай туралы толық және объективті ақпараттың болуы.
Орталық және жергілікті атқарушы органдар мұндай ақпаратты, оның ішінде тәуелсіз дереккөздерден алуға жәрдемдесуге тиіс. Адам құқықтары мен жеке қауіпсіздіктің сақталу жағдайын бақылайтын халықаралық және мемлекеттік емес ұйымдар маңызды рөл атқарады.
4. Көші-қонды бақылау жүйесін құру және дамыту.
Заңсыз көші-қонның жолын кесу Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, оның экономикалық мүдделері мен Қазақстан азаматтарының мүдделерін қорғаудың маңызды факторы болып табылады.
Қазақстанда қолданыстағы көші-қонды бақылау жүйесі заңсыз көші-қонға қатысты қалыптасқан жағдайға сәйкес келмейді. Сондықтан көші-қон процестерін басқаруды ұйымдастыру кезінде Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындауы, адам құқықтарын іске асыруы және мемлекеттің ұлттық мүдделерін, оның ішінде қауіпсіздігін қамтамасыз етуі үшін жағдайлар жасау негізге алынуға тиіс.
Қазақстан үшін жаңа болып табылатын, иммигранттар ағынына, ең алдымен заңсыз иммигранттарға байланысты проблемалар мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегіндегі үйлестірілген күш-жігерін талап етеді.
Қазақстанға келетін және оның аумағында болатын заңсыз иммигранттар неғұрлым мобильді және өз мақсаттарына қол жеткізу үшін әрекет етуге дайындалған, бұл ретте олар өз диаспоралары мен қауымдастықтарының көмегіне сүйенеді.
Заңсыз көші-қонның алдын алу және жолын кесу негізінде осы проблеманы шешуге кешенді көзқарас және атқарушы органдардың мынадай бағыттар бойынша бірлескен іс-қимылдары жатуға тиіс:
- иммиграциялық бақылаудың тиімді бірыңғай жүйесін құру процесін жеделдету;
- бір жағынан, мигранттардың заңды құқықтарын қорғауды, екінші жағынан, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды депортациялауды қоса алғанда, шаралар қабылдауды көздейтін көші-қон заңнамасын жетілдіру;
- босқындар деп танылған адамдардың елдің әлеуметтік-экономикалық өміріне барынша жылдам кірігуі үшін жағдайлар жасау;
- белгілі бір құқықтық мәртебесі жоқ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды уақытша орналастыруға арналған мамандандырылған орталықтар желісін құру;
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің әрқайсысымен шарттық процесті жандандыру және Достастық шеңберінде ішкі және сыртқы шекаралардағы жағдай үшін міндеттемелер мен жауапкершілікті, заңсыз көші-қонға қарсы күресті нақты айқындайтын тиісті келісімдер жасасу;
- Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде жергілікті атқарушы органдардың өздеріне ведомстволық бағынысты аумақтарда шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың болу нормалары мен қағидаларының сақталуы үшін жауапкершілігін арттыру;
- шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың келуі, болуы және кетуі мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру, олардың арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды нығайту;
- мемлекет ауқымында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың саны, орналасқан жерлері, олардан этникалық немесе өзге де негізде диаспоралар мен қауымдастықтардың қалыптасуы туралы ақпаратты тұрақты түрде алуға мүмкіндік беретін оларды бірыңғай есепке алу жүйесін (көші-қон ақпараттық орталығын) қалыптастыру.
5. Еңбек көші-қонын реттеу.
Орталық және жергілікті атқарушы органдарға шетелдік жұмыс күшін тарту мен пайдалануды бақылауды, отандық еңбек нарығын қорғауды, бос жұмыс орындарын иеленуге Қазақстан азаматтарының басым құқығын қамтамасыз етуді, Қазақстан Республикасының аумағында жүрген еңбекші мигранттарды заңдастыруды, жұмыс берушілердің еңбек шарттарының талаптарын сақтауын қоса алғанда, еңбек көші-қоны проблемаларын шешуде өзара іс-қимылды күшейту жөніндегі шараларды жүзеге асыру қажет.
Заңсыз еңбек көші-қонымен күресу, жұмыс аяқталғаннан кейін шетелдік жұмыскерлердің Қазақстаннан уақтылы кетуін бақылауды ұйымдастыру және қолданыстағы заңнаманы бұза отырып жұмысқа қабылданған шетелдіктерді депортациялау жөнінде шаралар жүзеге асырылсын.
Елдің өндіргіш күштерінің трансформациялануы күтілуде, бұл ретте батыс, солтүстік, шығыс және оңтүстік өңірлер басым дамитын болады. Орталық өңірде тау-кен өндіру және өңдеу салаларына маманданған қалалар мен кенттер басым дамуын сақтайды.
Ауыл халқы жердің табиғи құнарлылығы төмен аймақтардан жердің кадастрлық бағалау көрсеткіші 60–90 балдан төмен емес, құнарлылығы жоғары аймақтарға қоныс аударатын болады.
Ауыл шаруашылығында табиғи-климаттық жағдайлары қолайлы аймақтарда жаңа жұмыс орындарын құру күтілуде, ал жердің кадастрлық бағалау көрсеткіші 50 балдан төмен аймақтарда ауыл шаруашылығы өндірісінің қысқару процесі және соның салдарынан жұмыс орындарының азаюына байланысты халықтың кетуі сақталатын болады.
Халық саясаты өндірісі тиімсіз аймақтардан адамдарды тұруға және жұмыс істеуге қолайлы өңірлерге қоныс аударуға ықпал ететін белсенді шараларды көздейтін болады.
Еңбекке қабілетті халықтың ауылдан қалаға қазіргі көші-қоны ретке келтіріліп, жаңа арақатынас қалыптастырылады, оған сәйкес ауылда халықтың шамамен 25%-ы тұратын болады.
Жаңа жұмыс орындары экономикалық белсенді халықтың көші-қон толқынын туындатады. Халықтың көші-қоны өндірістік қуаттарды орналастыруға және жұмыс орындарын құруға сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Халықтың еңбекке қабілетті бөлігі жерді тиімді пайдаланатын және инфрақұрылымы дамыған аймақтарға қоныс аударатын болады.
Ұзақ мерзімді перспективада:
1. Бағытталған әлеуметтік-экономикалық саясат арқылы көші-қон ағындарының бағытын өзгерту негізінде халықты орналастыру.
Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қалыпқа келуіне қарай ауылдан қалаға дәстүрлі көші-қон бағытымен қатар, халықтың оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге қоныс аударуынан тұратын жаңа көші-қон бағыты пайда болуы мүмкін.
Ауылдан қалаға көші-қон, егер ол ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету қағидатын сақтай отырып, ауыл экономикасы салаларын жедел дамытуға және еңбек өнімділігін арттыруға негізделсе, қазақстандық қоғамның ұзақ мерзімді мүдделеріне сәйкес келеді.
Мемлекет орталық және жергілікті атқарушы органдар атынан инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы дамыту үшін жауапкершілікті өзінде сақтайды. Бәсекеге қабілетті жеке сектор кәсіпорындарына жұмыс күшін тарту, оның ішінде жұмыскерлерді жалдау, оларды көшіру және өмір сүру мен еңбек етудің қолайсыз жағдайларының орнын толтыратын барлық жеңілдіктер түрлерін беру кәсіпорындардың есебінен жүзеге асырылатын болады.
2. Қазақстанның халықаралық еңбек нарығына өркениетті түрде кірігуін қамтамасыз ету, эмигранттар қатарындағы білікті мамандардың оралуын ынталандыру.
Қазақстан Республикасы өзіне халықаралық шарттармен жүктелген шектеулер шеңберінде өзінің экономикалық мүдделерін, оның ішінде ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында сыртқы көші-қонды реттеуді жүзеге асыратын болады.
Шетелдік жұмыс күшін тарту кезінде Қазақстан Республикасы өзінің геосаяси және экономикалық мүдделерін басшылыққа ала отырып, бірінші кезекте жоғары біліктілікке ие, ішкі еңбек нарығында тапшы және жеткіліксіз ұсынылған кәсіптер мен мамандықтардың иелері болып табылатын еңбекші мигранттарды қабылдайтын болады.
Қазақстанға бұрын шетелге тұрақты тұруға немесе еңбек келісімшарттары бойынша кеткен отандастардың, ең алдымен ғалымдардың, жоғары білікті мамандардың басқа да санаттарының, кәсіпкерлердің – әлеуетті инвесторлардың оралуын ынталандыру маңызды міндет болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында иммиграциялық процестердің бақылануын қамтамасыз ету мыналарды көздейді:
- көші-қон бақылау бекеттері мен көші-қон инспекциясын қоса алғанда, көші-қон органдарының қызметін дамыту және жетілдіру арқылы бірыңғай иммиграциялық бақылауды енгізу және жүзеге асыру;
- баспана іздеген адамдарды қабылдау жөніндегі халықаралық міндеттемелердің орындалуы үшін саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайлар жасау;
- иммигранттардың барынша жылдам кірігуіне және олардың зияткерлік және еңбек әлеуетін республика мүддесіне пайдалану үшін жағдайлар жасауға арналған мамандандырылған бағдарламаларды әзірлеу.
4. Шетелдегі отандастармен сындарлы қарым-қатынастарды қолдау және дамыту.
Болашақта әртүрлі мемлекеттерде, ең алдымен бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының аумағында, этникалық тамырлары Қазақстанмен байланысты едәуір көп диаспоралар өмір сүретін болады. Орталық және жергілікті атқарушы органдар аталған мемлекеттермен өзара тиімді саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды басымдықпен дамыту саясатын жүргізетін және мынадай шаралар кешенін жүзеге асыратын болады:
- туыстардың өзара қарым-қатынасына, шекарадан өту және Қазақстан аумағында болу рәсімдерін жеңілдетуге жәрдемдесу;
- шет мемлекеттерде тұратын отандастарға өзге шетелдіктермен салыстырғанда еңбек қызметін жүзеге асыруға және инвестициялық жобаларға қатысуға, оқуға, Қазақстан Республикасының азаматтығы мен тұруға ықтиярхатын алуға басым қолжетімділік бөлігінде артықшылықтар беру;
- шекара маңындағы ынтымақтастықты, оның ішінде бірлескен экономикалық және мәдени жобаларды жүзеге асыруды дамыту.
5. Босқындар деп танылған адамдардың әлеуметтік ортаға барынша жылдам кірігуі үшін жағдайларды қамтамасыз ету.
Қазақстанда қалыптасқан нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайларға және нарықтық қатынастардың ерекшелігіне қарай босқындар деп танылған адамдардың әлеуметтік ортаға кірігу тетіктерін әзірлеу.
4. Көші-қон саясатының міндеттері
Көші-қон саясатын іске асыру кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдары мен қоғамдық бірлестіктердің алдында мынадай міндеттер тұр:
1. Сыртқы саясат саласында:
- оралмандардың, босқындардың, мәжбүрлі қоныс аударушылардың проблемаларын шешу тетіктерінің мемлекетаралық деңгейдегі екіжақты және көпжақты форматтарын әзірлеу және жүзеге асыру;
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қақтығыстардың алдын алу және этникалық әрі өңірлік проблемаларды бейбіт жолмен шешу саласындағы ынтымақтастығы;
- Қазақстан Республикасының көші-қон процестерін реттеу және мигранттардың шыққан мемлекеттерімен тиісті ақпарат алмасу жөніндегі мемлекетаралық шарттар жасасуы;
- көші-қон мәселелері бойынша ұлттық заңнамаларды үйлестіру;
- Қазақстанның еңбекші мигранттардың құқықтары туралы екіжақты және көпжақты келісімдерге қосылуы;
- Қазақстан Республикасының шекара маңындағы сауданы жеңілдету, мәдени, әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де байланыстарды оңайлату жөніндегі мемлекетаралық және үкіметаралық уағдаластықтарға қол жеткізуі;
- отандастардың тұратын елдерінде толыққанды саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму құқықтарын іске асыруына жәрдемдесу және олардың Қазақстанмен рухани әрі өзге де байланыстарын қамтамасыз ету;
- көші-қон проблемаларын шешу мүддесінде шет мемлекеттердің көші-қон қызметтерімен, халықаралық мемлекеттік емес және гуманитарлық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау.
2. Ішкі саясат және әлеуметтік-экономикалық салада:
- оралмандарды орналастыру, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету және қолдау үшін жағдайлар жасау;
- демографиялық және көші-қон саясатының басымдықтарын Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық реформалардың негізгі бағыттарымен келісу;
- көші-қон саясатының басымдықтарын ескере отырып, көші-қон бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
- оралмандарды орналастыру жөніндегі шаралар кешенін өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламаларының құрамына енгізу;
- республика өңірлеріндегі, еңбек, тұрғын үй және мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету салаларындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға мониторинг жүргізу;
- оралмандарға көмек көрсететін қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;
- шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағына келуі мен кетуін, сондай-ақ онда болуын бақылау мәселелерін көздейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу.
3. Заңнама саласында – көші-қон саясатына қатысты Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерін қабылдау.
4. Ақпарат саласында:
- рухани бірлік, халықтар достығы, қоғамдық және ұлтаралық келісім идеяларын қалыптастыру және тарату;
- Қазақстан халықтарының тарихы мен мәдениеті туралы білімді тарату;
- мигранттардың ұлттық әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін ескеру;
- бұқаралық ақпарат құралдарына мигранттардың құқықтық және әлеуметтік-экономикалық жағдайын объективті түрде жариялауға жәрдемдесу;
- көші-қон проблемаларын тиімді шешуге ықпал ететін оң қоғамдық пікір қалыптастыру;
- Қазақстан Республикасының халқын мигранттардың психологиясының ерекшеліктері, олардың көшу себептері мен проблемалары, бейімделу қиындықтары туралы объективті түрде хабардар ету;
- көші-қон саласындағы инвестициялық жобалар туралы ақпарат жинау және тарату жүйесін жолға қою.
5. Көші-қон саясатын іске асыру нысандары мен әдістері
Көші-қон саясатын іске асырудың негізгі нысаны бағдарламалық-нысаналы әдіс – көші-қон проблемаларын шешуге бағытталған республикалық көші-қон бағдарламасын, өзге де нысаналы бағдарламаларды, жергілікті атқарушы органдардың өңірлік бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру болып табылады. Бағдарламаларда мигранттардың әртүрлі санаттарының проблемаларын шешуге сараланған көзқарасты қоса алғанда, құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық шаралар көзделуге тиіс.
Көші-қон процестерінің мемлекеттік қауіпсіздікке, қоғамдық келісімге, елдегі экономикалық және демографиялық жағдайға жан-жақты ықпал ететінін ескере отырып, көші-қон саясатын әзірлеуге және іске асыруға орталық және жергілікті атқарушы органдар қатысуға тиіс.
(Мамандар: Мартина Н.А., Петрова Г.В.)
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заң қызметі Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық істер Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар