Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Конвенция / Резолюция / Концепция / Қазақстан Республикасындағы материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту тұжырымдамасы туралы

Қазақстан Республикасындағы материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту тұжырымдамасы туралы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасындағы материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту тұжырымдамасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 29 сәуірдегі № 408 қаулысы

Қазақстан Республикасының Үкіметі

ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) мақұлдансын.

2. Тұжырымдаманы іске асыруға жауапты мемлекеттік орган болып Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі айқындалсын.

3. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдары Тұжырымдаманы іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.

4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

*Қазақстан РеспубликасыныңПремьер-Министрі                                                     С. Ахметов*

Қазақстан Республикасы Үкіметінің2013 жылғы 29 сәуірдегі № 408 қаулысыменмақұлданған

Қазақстан Республикасындағы материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту тұжырымдамасы

1. Қазақстан Республикасындағы материалдық емес мәдени мұраны дамытудың пайымдауы

Қазақстан Республикасы халқының материалдық емес мәдени мұрасы ұлттық мәдениеттің аса маңызды құрамдас бөлігі, ұлттық сана-сезімнің негізі бола отырып, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтады және Қазақстан мәдениетін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 21 желтоқсандағы Заңымен ратификацияланған 2003 жылғы 17 қазандағы «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» халықаралық конвенцияға (бұдан әрі – Конвенция) қосылуы Қазақстан халқының материалдық емес мәдени құндылықтарын қорғау, танымал ету және дамыту жөніндегі тиімді қызмет үшін негіздер жасайды.

Материалдық емес мәдени мұра деп қауымдастықтар, топтар және кейбір жағдайларда жекелеген адамдар өздерінің мәдени мұрасының бір бөлігі ретінде таныған әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді, таныстыру және білдіру нысандарын, білімдер мен дағдыларды, сондай-ақ оларға байланысты құралдарды, заттарды, артефактілер мен мәдени кеңістіктерді білдіреді. Ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан мұндай материалдық емес мәдени мұра қоршаған ортаға, табиғатпен өзара іс-қимылға және тарихқа байланысты қауымдастықтар мен топтар тарапынан үнемі жаңғыртылып отырады және оларда өзіндік ерекшелік пен сабақтастық сезімін қалыптастырады, сол арқылы мәдени әртүрлілік пен адам шығармашылығына құрметпен қарауға ықпал етеді.

Қазақстан Республикасындағы материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту тұжырымдамасының (бұдан әрі – Тұжырымдама) мақсаттары үшін адам құқықтары жөніндегі қолданыстағы халықаралық-құқықтық актілерге және қауымдастықтар, топтар мен жекелеген адамдар арасындағы өзара құрмет талаптарына, сондай-ақ Конвенцияның ережелеріне сәйкес келетін материалдық емес мәдени мұра ғана назарға алынады.

Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі қызметті қазақстандық қоғамның өзіндік сәйкестігіне, ұлттық және мемлекеттік сана-сезімнің, білімділіктің және мәдениетаралық өзара түсіністіктің нығаюына терең ықпал еткен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жалғасы ретінде жүзеге асырған орынды. Осы Бағдарлама шеңберінде тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін зерделеу мен қайта жаңғырту, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, Таңбалы археологиялық ландшафтының петроглифтерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу бойынша елеулі жұмыстар жүргізілді. Енді материалдық емес мәдени мұраны қорғау бойынша да осындай жұмыстарды жүзеге асыратын уақыт келді.

Осы Тұжырымдамада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) материалдық емес мәдени мұра элементтері – қауымдастықтар, топтар және кейбір жағдайларда жекелеген адамдар өздерінің мәдени мұрасының бір бөлігі ретінде таныған, тарихи және мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұра элементтерінің тізбесіне енгізілетін әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер, таныстыру және білдіру нысандары, білімдер мен дағдылар, сондай-ақ оларға байланысты құралдар, заттар, артефактілер мен мәдени кеңістіктер;

2) Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұра элементтерінің тізбесі – Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұра құндылықтары туралы деректер банкін қамтитын ақпараттық жүйе;

3) материалдық емес мәдени мұраны қорғау – осы мұраның өміршеңдігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданатын шаралар, оның ішінде оны сәйкестендіру, құжаттау, зерттеу, сақтау, қорғау, танымал ету, оның рөлін арттыру, мәдени құндылықтарды, негізінен, формальды және формальды емес білім беру арқылы беру, сондай-ақ осындай мұраның түрлі аспектілерін қайта жаңғырту;

4) материалдық емес мәдени мұраны жеткізушілер – Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұрасын жасау, сақтау және қайта жаңғыртуда маңызды рөл атқаратын, мәдени әртүрлілікті байытатын және адамның шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал ететін жергілікті және этникалық қауымдастықтар, топтар және кейбір жағдайларда жекелеген адамдар;

5) материалдық емес мәдени мұраның көрініс табу салалары – ауызша дәстүрлер мен білдіру нысандары, оның ішінде материалдық емес мәдени мұраны жеткізуші ретіндегі тіл; орындаушылық өнер; әдет-ғұрыптар, салт-жоралар, мерекелер; табиғат пен ғаламға қатысты білімдер мен әдет-ғұрыптар; дәстүрлі қолөнерге байланысты білімдер мен дағдылар.

Ағымдағы жағдайды талдау

2004–2011 жылдар кезеңінде табысты іске асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан тарихындағы бұрын-соңды болмаған жемісті гуманитарлық акция болды. Халықтың аса бай әлеуеті көрсетіліп, отандық мәдениет пен ғылымды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін баға жетпес тәжірибе жинақталды.

Бағдарламаны іске асыру барысында 73 тарихи және мәдени объектіде қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, Қазақстан аумағындағы 37 ежелгі қалашықта, қоныста, тұрақта, қорымда және қорғанда маусымдық археологиялық зерттеулер жүргізілді, бұл ата-бабаларымыздың тарихы туралы білімімізді байытты. Қытайға, Түркияға, Моңғолияға, Ресейге, Жапонияға, Мысырға, Өзбекстанға, Арменияға, АҚШ-қа және Батыс Еуропа мемлекеттеріне ғылыми-іздестіру экспедициялары ұйымдастырылды, соның нәтижесінде ел ішінде және шетелдерде Қазақстанның тарихы, этнографиясы мен өнері бойынша еліміздің ғылыми ортасына бұрын белгісіз болған бес мыңға жуық қолжазба мен баспа басылымдары анықталып, сатып алынды. Қазақстанның тарихы, археологиясы және этнографиясы бойынша ұлттық мәдениет үшін ерекше маңызы бар 30-дан астам ғылыми-қолданбалы зерттеу жүргізілді.

Бағдарлама шеңберінде 600 атаулы кітап басылып шығарылды, олардың арасында Қазақстан тарихы, археологиясы, этнографиясы мен мәдениеті бойынша бір жарым миллион данадан астам таралыммен шыққан бірегей сериялар бар. Олардың қатарында «Бабалар сөзі», «Әлемдік философиялық мұра», «Әлем әдебиетінің кітапханасы», «Қазақ халқының ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі философиялық мұрасы», «Қазақ әдебиетінің тарихы» сияқты еңбектер бар.

Алғаш рет отандық ескерткіштерге түгендеу жүргізіліп, республикалық және жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің тізімдері бекітілді. Осылайша, Қазақстанның бірнеше облысының (Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар және т.б.) және Алматы қаласының тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағы жарық көрді.

2010 жылы Мәдениет министрлігі «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» және «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» атты бірегей жобалардың таныстырылымын сәтті өткізді. Бұл – қазақтың дәстүрлі әуендерін түпнұсқалық орындауда жинау, дайындау (өңдеу, қайта жаңғырту, цифрлау) және CD дискілерге шығару жөніндегі ауқымды жұмыс.

«Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру ұлттық сана-сезім мен бірегейлікті қалыптастыру және нығайту жөніндегі сұраныстарға жауап болды, елдің жаңа мәдени-тарихи келбетін қалыптастыруға ықпал етті және қазақстандықтардың өз тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруда үлкен маңызға ие болды.

Алайда бүгінгі күні рухани мұраны зерттеуге, жинауға және танымал етуге байланысты проблемалар толық көлемде шешімін таппай отыр. Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерінің тізімі сияқты материалдық емес мәдени мұраның тізбесі де қалыптастырылуға тиіс. Тек осылай ғана олардың нақты санын, қазіргі сақталу жағдайын, материалдық емес мұраның қандай түрлері жойылып кету қаупінде тұрғанын анықтауға болады.

CACSA (Қолөнерді қолдау жөніндегі Орталық Азия қауымдастығы) 2005 жылғы деректері бойынша, Қазақстан дәстүрлі халық қолөнерін дамыту және сақтау жөнінен Орталық Азияда соңғы орында тұрған. Осыған байланысты мынаны атап өткен жөн. ХХ ғасырдың ортасына дейін Қазақстан аумағындағы ауылдық жерлерде халықтың басым бөлігі киіз басу, кілем тоқу сияқты дәстүрлі қолөнермен айналысқан, ал бүгінде осы мұраны сақтаушыларды саусақпен санауға болады. Дәстүрлі қолөнерді жалғастырушылардың саны қарқынды урбандану процесіне, жастардың қалаға жаппай көшуіне, түрлі себептер бойынша қолдан жасалған бұйымдарға сұраныстың төмендеуіне байланысты едәуір азайды. Қолөнер бұйымдарына сұраныс көп жағдайда шетелдік қонақтар тарапынан туындайды. Мәселен, өткен ғасырдың соңында бірегей қазақ кілемдерін шетелдіктер жаппай сатып алып, кейін елден тыс жерлерге әкеткен. Егер бұрын мұндай кілемдерді әрбір үйдің дерлік ішкі жабдықтарынан көруге болатын болса, бүгінде оларды негізінен музейлерден ғана табуға болады. Ал Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде негізінен сақталған дәстүрлі кілем тоқумен айналысатын әйелдердің жасы 60–70-тен асады.

Дәстүрлі музыкалық аспаптарда күй орындау қазақ халқының материалдық емес мәдени мұрасы болып табылады. Қазақстан аумағында күй орындаудың бірнеше мектебі бар екені белгілі. Ғалымдардың айтуынша, бұрын түрлі себептермен күй мектептерінің жойылып кеткен жағдайлары болған. Бүгінгі таңда Қазақстанда дәстүрлі күй мектептерінің ізбасарлары санаулы ғана қалды. Олар – Арқа мектебінің өкілдері Ф. Түткабеков пен Қ. Садвақасов, Маңғыстау мектебінің өкілі А. Үсенбаев және басқалар. Материалдық емес мәдени мұраның осындай тікелей жеткізушілерінің өмірден өтуі Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының кейбір түрлерінің біржола жоғалуына әкеп соғуы мүмкін. Сақталған күй мектептерінің дәстүрлерін жалғастыру үшін жоғарыда аталған күйшілердің ізбасарларын тәрбиелеуге қажетті жағдайлар жасау керек.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда ұлттық шығармашылық ұжымдар фольклорлық экспедицияларға қаражаттың жетіспеуіне байланысты репертуар тапшылығын сезінуде. Фольклортанушылардың қолда бар зерттеулері, халық хореографиясы, ауызша және музыкалық мұра, сәндік-қолданбалы өнер мамандарының еңбектері жеткілікті дәрежеде қайта басылып шығарылмаған. Жергілікті атқарушы органдардың мәдениет басқармалары жанынан көркемөнерпаздар шығармашылық ұжымдарын ұйымдастыру қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты өзіндік мәдениет үшін күрделі проблема болып отыр.

Тағы бір маңызды проблема – кадрлар даярлау. Бүгінгі күні елімізде фольклортанушылар, дәстүрлі халық музыкасын зерттеушілер айтарлықтай тапшы. Жоғары оқу орындарында осы мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік гранттар саны жеткіліксіз, ал ақылы оқыту бағасы жыл сайын өсіп келеді.

Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұрасын танымал ету проблемасы баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының ерекше назарын талап етеді. Бұл сала бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің басым бағыттарының біріне айналуға тиіс.

Осыған байланысты материалдық емес мәдени мұрамызды қайта жаңғырту, қорғау және дамыту мақсатында осы Тұжырымдаманы қабылдау қажеттілігі туындады. Тұжырымдамада материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттері мен оларды іске асыру тетіктері айқындалған.

Шетелдік тәжірибе

Қазіргі уақытта Конвенцияны ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе оған қосылу арқылы материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі міндеттемелерді жүз қырық тоғыз мемлекет өзіне алды.

Бұл ретте материалдық емес мәдени мұраны қорғау, есепке алу, сәйкестендіру, құжаттау, зерттеу және оның рөлін арттыру жөніндегі шараларды іске асыру мақсатында мемлекеттер тиісті заңдар қабылдаған.

Мәселен, Қытайда «Материалдық емес мәдени мұра туралы» Заң 2011 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді. Аталған Заң материалдық емес мәдени мұраны барлық ұлт өкілдері ұрпақтан ұрпаққа беретін және өздерінің мәдени мұрасының бір бөлігі ретінде қарастыратын, сондай-ақ дәстүрлі мәдениетке қатысты заттар мен орындарды қамтитын түрлі мәдени көріністердің фактілері ретінде қарастырады. Оларға мыналар жатады: дәстүрлі ауыз әдебиеті туындылары және оларды жеткізетін тіл; дәстүрлі өнер, каллиграфия, музыка, би, драма, халық өнері және акробатика; дәстүрлі технологиялар, медицина және күнтізбе; дәстүрлі салт-жоралар, фестивальдер және басқа да халықтық әдет-ғұрыптар; дәстүрлі халықтық спорт түрлері мен ойын-сауықтар. Бұдан басқа, заңда материалдық емес мәдени мұраны зерттеу тәртібі, «материалдық емес мәдени мұра заттарының каталогын» қалыптастыру тәртібі регламенттелген, сондай-ақ материалдық емес мәдени мұра саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін азаматтардың, заңды тұлғалардың және шетелдік ұйымдардың жауапкершілігі белгіленген.

Кейбір мемлекеттер материалдық емес мәдени мұра мәселелерін реттеуді тиісті саладағы, атап айтқанда мәдениет саласындағы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жүзеге асырған.

Мәселен, Өзбекстан Республикасының 2001 жылғы 30 тамыздағы «Мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңында «мәдени мұра объектілері» – материалдық және материалдық емес мәдени мұра объектілері, «материалдық емес мәдени мұра объектісі» – тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылық: әдет-ғұрыптар, халық шығармашылығы (сөз өнері, би, музыка, қойылымдар), сондай-ақ олармен және халықтық көркем кәсіптермен әрі қолданбалы өнермен байланысты білімдер, дағдылар, құралдар, артефактілер, мәдени кеңістіктер сияқты ұғымдар белгіленген. Сондай-ақ Өзбекстанда материалдық емес мәдени мұраға түгендеу жүргізу жұмыстары әлдеқашан басталған, материалдық емес мәдени мұраның өңірлік және ұлттық тізілімдері құрылуда. Бұл іс-шараларға Өзбекстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Өзбекстан Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы, Өзбекстан Республикасының Ғылым академиясы және басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар тартылған. Бүгінгі күні Өзбекстандағы материалдық емес мәдени мұраны дамытуға арналған Мемлекеттік бағдарлама әзірленуде.

Қырғызстанда материалдық емес мәдени мұраны сақтау бойынша белгілі бір жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, мұнда Қырғызстанның рухани игілігі болып табылатын «Манас» қырғыз эпосы туралы Заң қабылданған, ал 2012 жылы «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» Заң қабылданды. Қырғызстаннан адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне материалдық емес мәдени мұраның үш жауһары енгізілген.

2008 жылы Ресейде «Ресей Федерациясы халықтарының материалдық емес мәдени мұрасын 2009–2015 жылдарға сақтау және дамыту тұжырымдамасы» қабылданды, оған сәйкес Ресейде тұратын халықтардың мұрасы мемлекет тарапынан ерекше қамқорлыққа алынды, материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі түрлі шаралар іске асырылуда. Сондай-ақ материалдық емес мәдени мұраға арналған веб-портал жұмыс істейді.

Материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі әлемдік тәжірибеде Латын Америкасы мен Азия елдері бай тәжірибесімен ерекшеленеді. Мысалы, Венесуэла Конвенция қабылданғанға дейін, 2003 жылдан бастап материалдық және материалдық емес мәдени мұра тізбесін жасауды қолға алған. Бүгінде бұл тізбеге аталған мұраның 100 мыңнан астам элементі енгізілген. Венесуэланың Жоғарғы соты осы тізбедегі барлық элементтердің заңмен қорғалатынын жариялады. Бұл, ең алдымен, жойылып кету қаупі төніп тұрған мәдени мұра объектілеріне қатысты.

Ал Латын Америкасындағы материалдық емес мәдени мұра объектілеріне ең бай ел ретінде танылған Колумбияда жыл сайын шамамен 700 дәстүрлі мереке мен карнавал өткізіледі. 2002 жылдан бастап Колумбия үкіметі ЮНЕСКО-мен бірлесіп, ел халқына материалдық емес мәдени мұраның маңызын түсіндіру мақсатында ауқымды іс-шараларды ұйымдастыруға кірісті. Осы жұмыстың нәтижесінде материалдық емес мәдени мұра туралы деректер базасы құрылды, телеарналар арқылы материалдық емес мәдени мұра туралы сюжеттер мен бағдарламалар дайындалып көрсетілді, семинарлар мен кездесулер өткізілді.

Азия елдеріне келетін болсақ, материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту мәселелері бойынша Оңтүстік Корея көш бастап тұр. Оңтүстік Кореяда ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен жұмыс істейтін, Азия және Тынық мұхиты елдерінің материалдық емес мәдени мұрасын құжаттаумен айналысатын өңірлік орталық бар. Аталған орталық Азияның көптеген елдерінде материалдық емес мәдени мұраның арнайы тізіміне объектілер енгізу бойынша белсенді қызмет жүргізеді. Сондай-ақ Оңтүстік Кореяда осы саланы зерттейтін бірнеше ғылыми-зерттеу институты құрылған.

Тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттері

Тұжырымдаманың мақсаты – Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұрасын қорғау, дамыту және танымал ету үшін қолайлы жағдайлар жасау.

Тұжырымдаманың міндеттері:

1) материалдық емес мәдени мұраны сәйкестендіру, құжаттау, зерттеу;

2) Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын сақтаумен айналысатын мәдениет ұйымдары мен мұраны жеткізушілерге қолдау көрсету;

3) жойылып кету қаупі төнген материалдық емес мәдени мұраны сақтау және қайта жаңғырту;

4) материалдық емес мәдени мұраны қорғау саласында жұмыс істейтін мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру;

5) материалдық емес мәдени мұраны ел ішінде және шетелде кеңінен танымал ету;

6) материалдық емес мәдени мұра саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.

Тұжырымдаманы іске асыру кезеңдері

Тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңінде (2013–2014 жылдар) мынадай шараларды жүргізу жоспарланады:

1) Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының Ұлттық тізбесін жасау үшін өлшемшарттарды айқындау;

2) Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының Ұлттық және өңірлік тізілімдерін құру;

3) Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын зерделеу мақсатында ғылыми экспедициялар ұйымдастыру;

4) материалдық емес мәдени мұра тақырыбы бойынша дөңгелек үстелдер, семинарлар және басқа да іс-шаралар ұйымдастыру;

5) дәстүрлі музыканы сақтау және танымал етуге арналған халықаралық, республикалық конкурстар мен фестивальдер ұйымдастыру;

6) Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасына арналған веб-сайттың қызметін іске асыру;

7) Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының үздік үлгілерін ЮНЕСКО тізімдеріне ұсыну;

8) материалдық емес мәдени мұраны қорғау саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру;

9) материалдық емес мәдени мұра саласында баспа өнімдерін шығару;

10) материалдық емес мәдени мұраны бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты танымал ету;

11) Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын сақтауға бағытталған, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың жобаларына қолдау көрсету.

Тұжырымдаманы іске асырудың екінші кезеңінде (2015–2016 жылдар) мынадай шаралар іске асырылатын болады:

1) материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен дамытудың сынақтан өткен тетіктері мен нысандарын мемлекеттің стратегиялық жобаларына интеграциялау;

2) материалдық емес мәдени мұраны сақтауға бағытталған мәдениет ұйымдарының әлеуметтік мәртебесін арттыру;

3) материалдық емес мәдени мұраны анықтауға, сақтауға және дамытуға бағытталған мемлекеттік мәдениет ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту және олардың ғылыми, әдістемелік және кадрлық қамтамасыз етілуін жетілдіру;

4) материалдық емес мәдени мұраны қорғауға және дамытуға бағытталған іс-шараларға қолдау көрсету.

Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер

Тұжырымдаманы енгізуден күтілетін негізгі нәтижелер мыналар болуға тиіс:

1) дәстүрлі мәдениетке қолдау көрсету арқылы ауылдық жерлерді дамыту, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету;

2) Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу және оны халықаралық деңгейде танымал ету;

3) материалдық емес мәдени мұраның әртүрлі әлеуметтік топтар үшін кеңінен қолжетімді болуын қамтамасыз ету;

4) Қазақстанның халық шығармашылығының өңірлік дәстүрлерін анықтау және жүйелеу;

5) жойылып кету қаупі төнген материалдық емес мәдени мұраны анықтау және сақтау;

6) дәстүрлі қолөнермен айналысатын қолөнершілерді өз жұмыстарын көрсету және ықтимал сату мақсатында көрмелерге қатысуға тарту;

7) халықтың қоғамдық-мәдени іс-шараларға қатысуын жандандыру;

8) дәстүрлі ұлттық мәдениетпен, халық шығармашылығымен айналысатын ұйымдардың тиімді мәдени инфрақұрылымын құру, материалдық-техникалық базасын нығайту;

9) Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұрасын сақтау және дамыту саласында білікті мамандар әлеуетін қалыптастыру.

Бұдан басқа, Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде рухани құндылықтарды жаңғырту арқылы ұлттық мәдениетке қауіп төндіретін жаһандану мен «бұқаралық мәдениетке» қарсы тұруға, жастарды жағымсыз әлеуметтік құбылыстардың, радикалды діни ағымдардың ықпалынан қорғауға, олардың бойында патриоттық, ізгілік қасиеттерін қалыптастыруға, отбасылық және қоғамдық қатынастарды тұрақтандыруға ықпал етуге болады.

Осы тұрғыда материалдық емес мәдени мұраны сақтау және дамыту саласында қалыптасқан кешенді проблемаларды осы процеске қатысушылардың, оның ішінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың, мәдениет, білім беру, ғылыми ұйымдардың, шығармашылық одақтардың, қоғамдық бірлестіктердің қызметін үйлестіру арқылы шешу мүмкіндігіне назар аудару қажет.

2. Материалдық емес мәдени мұраны дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері

Материалдық емес мәдени мұраны дамытудың негізгі қағидаттары:

1) мемлекеттік саясатты жүзеге асыру кезінде жүйелілік пен сабақтастықты қамтамасыз ету;

2) материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту саласындағы әлемдік тәжірибені пайдалану;

3) материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту саласына заманауи инновациялық және ақпараттық технологияларды енгізу;

4) материалдық емес мәдени мұра саласында жүзеге асырылған ғылыми-зерттеу және іздестіру жобаларының жалпыға қолжетімді болуын қамтамасыз ету;

5) мемлекеттік органдармен, шығармашылық одақтармен, қоғамдық және ғылыми ұйымдармен ынтымақтастық орнату.

Материалдық емес мәдени мұраны дамытудың негізгі бағыттарын Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрліктері, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы және Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы жанында жұмыс істейтін Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Қазақстан ұлттық комитеті үйлестіреді.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі материалдық емес мәдени мұраның ұлттық тізбесіне енгізілген материалдық емес мәдени мұра элементтерінің сақталуы мен дамуын қамтамасыз етеді және оның құжаттамалық қамтамасыз етілуін жүргізеді; материалдық емес мәдени мұра элементтерінің жай-күйіне бақылау (мониторинг) жүргізеді; материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту саласында кадрлар даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға ықпал етеді; Конвенцияның іске асырылу барысы туралы есептерді дайындайды және ЮНЕСКО-ға ұсынады.

Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы Қазақстанның өтінімдерін ЮНЕСКО тізімдеріне дайындау және ұсыну процесін үйлестіреді; Конвенцияны ұлттық және өңірлік деңгейлерде іске асыруға халықаралық және ұлттық сарапшыларды тартуға жәрдемдеседі; Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Қазақстан ұлттық комитетінің қызметін үйлестіреді.

Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Қазақстан ұлттық комитетінің негізгі функцияларына Конвенцияның мақсаттарына қол жеткізуге жәрдемдесу, Тұжырымдаманы дайындауға және іске асыруға қатысу, материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі шараларды қабылдау бойынша ұсынымдар әзірлеу, осы саладағы озық халықаралық тәжірибеге қатысты консультациялар беру, бастамашыл топтар мен қауымдастықтар ұсынатын Қазақстанның материалдық емес мәдени мұра элементтерін ЮНЕСКО тізімдеріне және материалдық емес мәдени мұраның ұлттық тізбесіне енгізу туралы өтінімдерді қарау кіреді.

Өз қызметі шеңберінде Ұлттық комитет материалдық емес мәдени мұраны жасау, сақтау және беру ісімен айналысатын қауымдастықтардың, топтардың және тиісті жағдайларда жекелеген адамдардың оны қорғауға кеңінен қатысуын қамтамасыз етеді.

Материалдық емес мәдени мұраны дамытудың құралдары:

1) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2011–2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары;

2) «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы;

3) бұқаралық ақпарат құралдары.

Тұжырымдаманы іске асыруды қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат есебінен және сол қаражат шегінде жүзеге асырылатын болады.

3. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

1. Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы «Мәдениет туралы» Заңы.

2. Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 21 желтоқсандағы «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заңы.

3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 ақпандағы № 96 «Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2011–2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары туралы» қаулысы.

Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Послания