Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Конвенция / Резолюция / Концепция / «Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезе» интеграциялық ақпараттық жүйесін құру тұжырымдамасы туралы және Қазақстан Республикасында 2011–2013 жылдарға арналған «Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезе» интеграциялық ақпараттық жүйесін құру тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жоспарды бекіту туралы

«Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезе» интеграциялық ақпараттық жүйесін құру тұжырымдамасы туралы және Қазақстан Республикасында 2011–2013 жылдарға арналған «Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезе» интеграциялық ақпараттық жүйесін құру тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жоспарды бекіту туралы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

«Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезе» интеграциялық ақпараттық жүйесін құру тұжырымдамасы туралы және Қазақстан Республикасында 2011–2013 жылдарға арналған «Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезе» интеграциялық ақпараттық жүйесін құру тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жоспарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 3 шілдедегі № 771 қаулысы

      «Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезе» интеграциялық ақпараттық жүйесін құру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған «Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезе» интеграциялық ақпараттық жүйесін құру тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) мақұлдансын.

      2. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында 2011–2013 жылдарға арналған «Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезе» интеграциялық ақпараттық жүйесін құру тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жоспар (бұдан әрі – Жоспар) бекітілсін.

      3. Тұжырымдаманы іске асыруға жауапты мемлекеттік орган болып Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі айқындалсын.

      4. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары:

      1) Тұжырымдама мен Жоспарды іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;

      2) жартыжылдық қорытындылары бойынша Тұжырымдама мен Жоспарда көзделген іс-шаралардың іске асырылу барысы туралы ақпаратты тиісті жылдың 10 шілдесі мен 10 қаңтарына дейін Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне ұсынсын.

      5. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 20 шілде мен 20 қаңтардан кешіктірмей Тұжырымдама мен Жоспардың орындалу барысы туралы жиынтық ақпаратты Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынсын.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

*      Қазақстан Республикасының      Премьер-Министрі                       К. Мәсімов*

Қазақстан Республикасы Үкіметінің2011 жылғы 3 шілдедегі № 771 қаулысыменмақұлданған

«Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезе» интеграциялық ақпараттық жүйесін құру

ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Кіріспе

      Осы Тұжырымдама Қазақстан Республикасында «Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезе» интеграциялық ақпараттық жүйесін (бұдан әрі – Бірыңғай терезе АЖ) іске асыру стратегиясын ашады. Әлемдік тәжірибені және экспорттық-импорттық әрі транзиттік операцияларды жүзеге асыру барысында бизнес-құрылымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл процестерін біріздендіру мен стандарттауды қамтамасыз етудің қалыптасқан практикасын ескереді. Тұжырымдама сыртқы сауда процестерінің барлық қатысушыларының пайдасы мен экономикалық мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен күш-жігерді іске асыруға бағытталған.

      Тұжырымдама БТ ИАЖ құру мәселелерін шешудің жалпы мақсаттарын, міндеттерін, тәсілдері мен қағидаттарын қамтиды.

1-бөлім. Белгілі бір саланың, қызмет саласының (салаларының) даму пайымы

1. Ағымдағы жағдайды талдау

      Көптеген елдерде, оның ішінде Қазақстанда да халықаралық саудаға қатысатын компанияларға экспортқа, импортқа және транзитке қатысты реттеуші талаптарды сақтау тәртібімен мемлекеттік органдарға ақпарат пен құжаттардың едәуір көлемін үнемі дайындап, ұсынуға тура келеді. Бұл ақпарат пен құжаттама өздерінің нақты жүйелері мен қағаз құжаттарының үлгілерін пайдаланатын әртүрлі мекемелердің тұтас бірқатарына жіберіледі. Осындай ауқымды талаптар оларды орындауға байланысты шығындармен бірге мемлекеттік басқару органдары мен іскерлік орта үшін елеулі ауыртпалық болып табылады және халықаралық сауданың дамуына елеулі кедергі келтіруі мүмкін.

      Қазақстан Республикасында халықаралық сауда саласындағы қолданыстағы рәсімдердің әкімшілік жүйесі күрделі және ашық емес. Мемлекеттік органдар сыртқы экономикалық қызметке (бұдан әрі – СЭҚ) қатысушылардың мүдделерін ескермейді. СЭҚ қатысушыларының мемлекеттік органдарға жеке қатысуы мемлекеттік қызметшілер арасындағы сыбайлас жемқорлыққа ықпал етеді. Қажетті құжаттар мен рәсімдердің, тартылған ведомстволар мен ұйымдар функцияларының қайталануы орын алады. Іс жүзінде СЭҚ қатысушысы мемлекеттік органдар арасында және бір мемлекеттік органның ішінде байланыстырушы буын болып табылады және қажетті құжаттарды алу процесін жеделдетуге тырыса отырып, мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз етеді. Қазақстанда бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту және рұқсат беру жүйесін оңайлату мақсатында оны оңтайландыру, рұқсат беру құжаттарының санын едәуір қысқарту, оларды беру талаптары мен рәсімдерін жеңілдету бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн, алайда бұл жұмыс тек бастапқы кезең болып табылады.

      Сауда рәсімдерін жеңілдету және үйлестіру қажеттілігі экспорттық, импорттық және транзиттік операциялар саласындағы заңнамада көзделген ауқымды ақпарат пен көптеген құжаттарды дайындау және ұсыну кезінде ерекше айқын байқалады. Халықаралық жеткізілімдер жүйесінде жүк қозғалысы тиісті жүк құжаттамасымен сүйемелденуге тиіс. Ол орта есеппен 40 құжатты, 200 деректер элементін қамтиды, олардың 30-ы кемінде 30 рет қайталанады және деректердің 60–70 %-ын кемінде бір рет қайта теруді талап етеді.

      Орта есеппен алғанда, жөнелту алдындағы жүктің әрбір қосымша кідірген күні сауда көлемін кемінде 1 %-ға, ал тасымалданатын тауарлар ерекше сақтау жағдайларын талап еткен жағдайда шамамен 7 %-ға қысқартады.

      Сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі жұмыстың мақсаты сауда ортасы, әкімшілік органдар және басқа да қатысушы тараптар үшін халықаралық сауда процестері мен рәсімдерін жеңілдету және олардың тиімділігін арттыру болып табылады. Соңғы онжылдықта Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы (БҰҰ ЕЭК), Дүниежүзілік банк сияқты халықаралық ұйымдар сауда рәсімдерін жеңілдету және трансшекаралық алмасу мәселелеріне көп көңіл бөліп келеді.

      Сауда рәсімдерін жеңілдету мен трансшекаралық алмасудың негізгі шешімдерінің бірі – СЭҚ-тың барлық қатысушыларына импорттық, экспорттық және транзиттік операцияларды жүзеге асыру үшін бақылаушы органдар талап ететін ақпаратты бір жерде, бірыңғай нысанда және бір агенттікке ғана ұсынуға мүмкіндік беретін Бірыңғай терезе АЖ-ны іске асыру болып табылады.

      Әлемде экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезе тетігінің бірқатар модельдері жұмыс істейді және іске асырылуда.

      Сингапур моделі. «TradeNet» жүйесі (Бірыңғай терезе АЖ) 1989 жылдан бастап жұмыс істейді, «SNS» компаниясы пайдалануға береді және әзірлеуші «CrimsonLogic» компаниясы қолдайды. «TradeNet» – мемлекеттік стандарттармен белгіленген форматта бизнес-құжаттармен электрондық алмасу жүйесі, ол Сингапурдың сауда қоғамдастығы мүшелерін байланыстырады. Өткен кезең ішінде жүйе айтарлықтай дамыды. Жүйе қызметтері ақылы болып табылады: алымдар, салықтар мен баждар жүйеде автоматты түрде есептеледі және сауда кәсіпорындарының банктік шоттарынан есептен шығарылады.

      Сингапур моделінің мәні – СЭҚ қатысушысы құжаттарды электрондық түрде бірыңғай электрондық терезеге бір рет ұсынады, одан барлық құжаттар электрондық түрде барлық мемлекеттік органдарға өздігінен таратылады және сыртқы экономикалық қызметке қатысушыға оларды әрбір мемлекеттік органға жеке-жеке жіберудің қажеті болмайды.

      Маврикий моделі. Маврикийдегі Бірыңғай терезе АЖ «Crimson Logic» сингапурлық компаниясымен ынтымақтастықта іске асырылған. «Trade Net» жүйесі мемлекет пен жеке секторлар арасындағы әріптестік қатынастар шеңберінде кезең-кезеңімен енгізілді. Бұл жүйе импорттық және экспорттық жүктердің айналымына қатысы бар әртүрлі тараптар арасында құжаттарды электрондық түрде жіберу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Бағалауларға сәйкес, жүйені пайдалану даулы емес декларациялар бойынша кедендік тазарту уақытын 4 сағаттан 15 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді, бұл ретте қаражатты үнемдеудің болжамды мөлшері жалпы ішкі өнімнің (бұдан әрі – ЖІӨ) 1 %-ы деңгейінде бағаланады.

      Швед моделі. Шведтің Бірыңғай терезе АЖ кеден жүйесі шеңберінде іске асырылған және 150-ден астам қызмет ұсынатын «Виртуалды кеден қызметі» ретінде белгілі. Импорттық және экспорттық декларациялар Интернет арқылы және БҰҰ-ның Сауда рәсімдерін жеңілдету және электрондық бизнес орталығының (бұдан әрі – UN/CEFACT) стандартының көмегімен өңделуі мүмкін. БТ ИАЖ саудаға қатысты барлық реттеуші ережелерді қамтиды және кәсіпорындарға Интернет және/немесе Short message system (SMS) арқылы болып жатқан өзгерістер туралы жаңартылған деректерді автоматты түрде алуға мүмкіндік береді. Жүйе толығымен мемлекет есебінен қаржыландырылады және барлық қызметтер тегін ұсынылады.

      Швед моделінің мәні мен негізі – СЭҚ қатысушылары құжаттарды электрондық түрде әрбір мүдделі органға ұсынады, содан кейін олар бірыңғай дерекқорға біріктіріледі, одан мемлекеттік органдар кейіннен СЭҚ қатысушысының мемлекеттік органдар берген қолда бар рұқсат беру құжаттары туралы ақпаратты алады.

      Сенегал моделі. Сенегал мысалындағы Бірыңғай терезе АЖ электрондық құжаттарды алдын ала жинауды жүзеге асыратын «ORBUS» жүйесімен (2004 жылы пайдалануға енгізілген) ұсынылған. Сенегалдың «TRADE-X» деп аталатын кедендік ақпараттық жүйесі декларацияланған құжаттарды қабылдауды, тәуекелдерді талдауды, кедендік бақылаудан кейінгі бақылауды және статистиканы жүргізуді жүзеге асырады. Бұған қоса, «CORUS» деп аталатын электрондық төлем жүйесі енгізілуде.

2. Бірыңғай терезе АЖ-ның мақсаты мен міндеттері

      Бірыңғай электрондық терезе – экспорттық-импорттық және транзиттік операцияларға қатысатын тараптарға экспорт, импорт және транзит саласындағы мемлекеттік органдардың талаптарын орындау мақсатында құжаттар мен ақпаратты бірыңғай өткізу арнасын пайдалана отырып ұсынуға мүмкіндік беретін құрал. Егер ақпарат электрондық түрде ұсынылса, деректердің жекелеген элементтері тек бір рет қана ұсынылады.

      Бірыңғай терезе АЖ құрудың мақсаты сауда рәсімдерін жеделдету және жеңілдету, СЭҚ қатысушылары мен мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуды жақсарту және оның тиімділігін арттыру болып табылады.

      Негізгі міндеттері:

      1) құжаттарды/деректерді бір жерде және тек бір рет ұсыну;

      2) құжаттарды/деректерді бірыңғай синхрондалған өңдеу;

      3) барлық мемлекеттік органдар арасындағы уақтылы шешімдер/коммуникациялар негізінде бірыңғай шешім қабылдау.

3. Бірыңғай терезе АЖ-ны іске асыру моделі

      Әлемдік практикада бар модельдерді қарау және Қазақстандағы ағымдағы жағдайды талдау нәтижесінде Бірыңғай терезе АЖ моделі швед моделінің қағидаттарына сингапур моделінің элементтерін қосу негізінде қалыптасты. Бірыңғай терезе АЖ моделі төмендегідей көрініс табады (1-схема).

      СЭҚ қатысушысы электрондық цифрлық қолтаңба алу үшін Ұлттық куәландыру орталығына жүгінеді. Бұдан кейін ол сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының (бұдан әрі – СЭҚ ТН) тауар кодына байланысты мемлекеттік органдардың рұқсат беру құжаттарын беру үшін қажетті барлық мәліметтер мен ақпарат жүйелендірілген бірыңғай кіріс ақпараты құжатын (бұдан әрі – БКАҚ) толтырады және БКАҚ-ты Бірыңғай терезе АЖ-ға жібереді. Ол өз кезегінде БКАҚ-ты әртүрлі рұқсаттарды алу үшін министрліктер мен ведомстволарға жібереді. Рұқсаттар электрондық нысанда беріледі және кейіннен мүдделі мемлекеттік органдар, оның ішінде кеден органдары да өз бетінше пайдаланады.

      БКАҚ-ты қарау нәтижелері бойынша Бірыңғай терезе АЖ мәлімделген кедендік рәсім шеңберінде тауарды шығаруға қатысты оң немесе теріс жауап береді, теріс жауап берілген жағдайда бас тарту себептері көрсетіледі. Бұл ретте құжаттардың қағаз жеткізгіштерін ұсыну талап етілмейді.

 

1-схема. «Бірыңғай терезе» АЖ моделі.

4. «Бірыңғай терезе» АЖ іске асырудың алдын ала мерзімдері

Әртүрлі елдердің экспорттық-импорттық операциялар бойынша «Бірыңғай терезе» АЖ-не ұқсас жобаларды енгізу тәжірибесі іске асыру мерзімдерінің әртүрлі екенін көрсетеді.

Жалпы алғанда, «Бірыңғай терезе» АЖ 3 жыл ішінде (2011–2013 жылдары) іске асырылатын болады.

Техникалық-экономикалық негіздемені дайындау және «Бірыңғай терезе» АЖ-ін одан әрі енгізу барысында көрсетілген мерзімдер нақтыланатын болады.

5. Күтілетін нәтиже

Сыртқы экономикалық қызмет саласындағы әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған «Бірыңғай терезе» АЖ-ін іске асыру жалпы алғанда кедендік рәсімдердің тиімділігін арттыруға және елдің сыртқы сауда айналымын ұлғайтуға, сондай-ақ әкімшілік рәсімдердің ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және сыртқы сауда қатынастарына қатысушылардың шығындарын төмендетуге алып келеді. Бұл ретте «Бірыңғай терезе» АЖ-ін іске асырудан түсетін пайда макро және микро деңгейлерде де алынатын болады.

Мемлекеттік органдар үшін пайдасы:

1) ресурстарды неғұрлым тиімді және ұтымды бөлу;

2) салықтар, баждар, алымдар түріндегі төлемдердің толық түспеу проблемасын жою (және нәтижесінде олардың көлемін ұлғайту);

3) сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың заңнама талаптарын орындау деңгейін арттыру;

4) экономикалық қауіпсіздікті арттыру;

5) адалдық пен ашықтықты арттыру.

«Бірыңғай терезе» АЖ қолданыстағы мемлекеттік жүйелер мен процестердің интеграциясын жетілдіруге, сонымен бірге мемлекеттік органдардың қызмет етуінің және олардың кәсіпорындармен жұмыс істеуінің неғұрлым ашық әрі қарапайым әдістерін ынталандыруға мүмкіндік береді.

Мысалы, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар барлық қажетті ақпарат пен құжаттарды бірыңғай өткізу арнасы арқылы ұсынатындықтан, осы ақпаратты барлық мемлекеттік мекемелер арасында жедел әрі дәлірек пайдалану және тарату үшін неғұрлым тиімді жүйелер құруға болады. Бұл сондай-ақ сыртқы сауда саласындағы қызметке қатысы бар мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіру мен ынтымақтастықты нығайтуға алып келеді.

Жеке сектор үшін пайдасы:

Бизнес үшін негізгі артықшылық – «Бірыңғай терезе» АЖ сыртқы экономикалық қызметке қатысушыға экспорттық-импорттық және транзиттік операцияларға қатысы бар барлық мемлекеттік мекемелерге барлық қажетті ақпарат пен құжаттаманы бір рет ұсынуға арналған бірыңғай арнаны қамтамасыз етеді.

«Бірыңғай терезе» АЖ мемлекеттік органдарға ұсынылған ақпарат пен құжаттарды неғұрлым жылдам әрі дәл өңдеуге, сондай-ақ салықтарды алуға мүмкіндік береді. Ашықтық пен болжамдылықтың артуы мемлекеттік те, жеке де секторларда сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерінің шектелуіне алып келеді.

«Бірыңғай терезе» АЖ-нің үйлестіру тетігі ретінде жұмыс істеуі қолданыстағы заңнама және оның сақталуы туралы ақпаратқа жедел қол жеткізуді қамтамасыз етеді, бұл сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруға байланысты әкімшілік шығындарды азайтуға және бизнестің заңнама талаптарын неғұрлым қатаң орындауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2-бөлім. Белгілі бір саланы, қызмет аясын (салаларды) дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері

1. «Бірыңғай терезе» АЖ-нің негізгі қағидаттары мен функциялары

«Бірыңғай терезе» АЖ-ін іске асыру мен оның жұмыс істеуінің негізгі қағидаттары:

1) құжаттарды/деректерді электрондық форматта беру;

2) ақпараттық жүйенің орталықтандырылған архитектурасын қолдану;

3) елдің барлық өңірлерін қамту;

4) Қазақстан Республикасының халықаралық сауда саласындағы барлық реттеушілік талаптары мен рәсімдерін қамту.

Алға қойылған міндеттерді шешу үшін мыналар қажет:

1) экспорттық-импорттық операциялар кезінде рұқсат беру құжаттарын мақұлдау және беру бөлігінде ақпарат пен құжаттар алмасу процесін автоматтандыруды жүзеге асыру;

2) құжаттарды беру нысандары мен рәсімдерін оңтайландыру және стандарттау;

3) барлық қатысушылардың өз міндеттерін орындауы үшін жүйеге орталықтандырылған және ашық қол жеткізуін қамтамасыз ету.

Алға қойылған міндеттерді негізге ала отырып, «Бірыңғай терезе» АЖ-нің негізгі функциялары мыналар болып табылады:

1) экспорттық-импорттық және транзиттік операцияларды жүзеге асыру барысында құжаттарды/деректерді жинау, өңдеу және сақтау;

2) сыртқы сауда қатынастарына қатысушыларға ақпарат пен консультациялар ұсыну, оның ішінде қолданыстағы заңнамаға және сыртқы саудаға қатысты басқа да құжаттарға қашықтан қол жеткізуді қамтамасыз ету;

3) мемлекеттік дерекқорлар мен куәландыру орталығын пайдалана отырып, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды сәйкестендіру;

4) мемлекеттік органдардың сыртқы сауда операцияларына қатысушылар туралы тіркеу мәліметтерін және олардың талап етілетін рұқсат беру құжаттарының бар-жоғы туралы ақпаратты пайдалануы;

5) тартылған органдар мен ұйымдар арасында, сондай-ақ тартылған ведомстволар мен сыртқы сауда қатынастарына қатысушылар арасында электрондық құжаттармен/деректермен және хабарламалармен алмасу;

6) экспорттық-импорттық және транзиттік операцияларды жүзеге асыру рәсімдерін жүргізу үшін құжаттарды электрондық түрде барлық мүдделі мемлекеттік органдарға беру;

7) тартылған ведомстволар қызметінің нәтижелеріне мониторинг жүргізу және құрылған дерекқорлар арқылы статистикалық ақпарат пен тиісті деректерді алу;

8) электрондық Үкіметтің төлем шлюзін (бұдан әрі – ЭҮТШ) пайдалана отырып, мемлекеттік құрылымдардың қызметтері үшін электрондық түрде ақы төлеу мүмкіндігін қамтамасыз ету.

«Бірыңғай терезе» АЖ пайдаланушыларын сәйкестендіру ұсынылған тіркеу деректерін тиісті мемлекеттік дерекқорлармен және электрондық цифрлық қолтаңбаның куәландыру орталығымен салыстырып тексеру арқылы жүзеге асырылады.

Сыртқы сауданы реттеуге тартылған бақылаушы органдарға бірыңғай терезенің ақпараттық жүйесінде мемлекеттік дерекқорларға (заңды тұлғалардың, жеке тұлғалардың, Е-лицензиялау) және СЭҚ-қа қатысушылардың бірыңғай дерекқорына қол жеткізу қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл мұндай деректерді қатысушылардың өздері ұсыну қажеттілігін болдырмауға, тиімділікті арттыруға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және рәсімнің құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

2. «Бірыңғай терезе» АЖ-не қойылатын жалпы талаптар

«Бірыңғай терезе» АЖ импортқа, экспортқа және транзитке қатысты барлық реттеушілік талаптарды, оның ішінде «бірыңғай аялдама» қағидаты бойынша жұмыс істей алатын өткізу пункттерін орындау мақсатында бірыңғай өткізу арнасы арқылы құжаттарды электрондық форматта ұсыну мүмкіндігін қамтамасыз ететін функциялар жиынтығын қолдауы тиіс.

Сыртқы сауда қатынастарына қатысушылар ақпаратты бірыңғай нысанда тек бір рет ұсынады, ал тартылған органдар мен ұйымдар оның көшірмесін электрондық форматта алады. Бұл ретте сақталатын ақпараттың жаңартылуы қамтамасыз етіледі, дерекқорда құжаттың әрдайым соңғы көшірмесі сақталады.

«Бірыңғай терезе» АЖ мынадай негізгі жалпы талаптарға сәйкес болуы тиіс:

1) дерекқордың толықтығын қамтамасыз ету. Дерекқорға (жалпыға қолжетімді) мыналар енгізілуі тиіс: сыртқы сауда рәсімдеріне қатысты барлық нормативтік құжаттар, барлық тиісті мемлекеттік органдардың қолданыстағы талаптары, мемлекеттік органдар мен қызметкерлердің байланыс деректері, практикалық мысалдар, құжаттарды өңдеу нормативтері;

2) деректерді сақтаудың сенімділігі мен қауіпсіздігі. Деректерді физикалық және ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан сенімді сақтау қамтамасыз етілуі тиіс. «Бірыңғай терезе» АЖ сыртқы қауіпсіздікті (кез келген түрдегі шабуылдарға төзімділікті), сондай-ақ ішкі қауіпсіздікті (жүйені мақсатсыз пайдалануға немесе құпия ақпаратты ұрлауға байланысты қатерлерді) қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар деректерді сақтаудың сенімділік деңгейін және резервтік көшіру жүйесін қамтамасыз ету қажет;

3) «Бірыңғай терезе» АЖ-ні пайдалану мен оған қол жеткізудің қарапайымдылығы. Клиенттердің барлық топтары үшін сервиске қол жеткізу нұсқалары (қолдау көрсету орталығы) қамтамасыз етілуі тиіс. Кез келген нұсқада қол жеткізу рәсімі қарапайым әрі ашық болуы керек;

4) өзгеріп отыратын талаптарға байланысты өзгерістер енгізу мүмкіндігі. Рәсімдер, талаптар және т.б. өзгерген жағдайда «Бірыңғай терезе» АЖ-нің тиімділігін сақтауға жеткілікті өзгерістер енгізудің техникалық мүмкіндігі көзделуі тиіс. «Бірыңғай терезе» АЖ функцияларды тиімді кеңейтуге, атап айтқанда, жаңа интерфейстер мен мүмкіндіктерді қосуға мүмкіндік береді, өйткені «Бірыңғай терезе» АЖ-ні пайдалану барысында құжаттарды ресімдеуді одан әрі оңайлату көзделеді;

5) халықаралық талаптарға сәйкес келетін деректер моделі. «Бірыңғай терезе» АЖ-ін іске асыру кезінде халықаралық талаптарға сәйкес келетін Дүниежүзілік кеден ұйымының деректер моделі қолданылатын болады. Бұл ішкі деректер моделін өзгертпей-ақ халықаралық стандарттарға көшуге мүмкіндік береді;

6) есептілік жасау қабілеті. «Бірыңғай терезе» АЖ-нің аса маңызды қасиеті қажетті басқарушылық ақпаратты жылдам ұсыну қабілеті болуы тиіс. «Бірыңғай терезе» АЖ бір түймені басу арқылы бірнеше есепті қалыптастыруға қабілетті болуы тиіс. Есептердің тізбесі мен форматы «Бірыңғай терезе» АЖ-ін әзірлеу кезеңінде айқындалып, бейінді министрліктермен және басқа да тартылған құрылымдармен келісілетін болады.

3. «Бірыңғай терезе» АЖ-ін іске асыру тетігі

«Бірыңғай терезе» АЖ-ін іске асыруға жауапты орган болып Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі айқындалды. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі жанынан «Бірыңғай терезе» АЖ-ін енгізу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобын құру көзделген.

«Бірыңғай терезе» АЖ-ін тиімді іске асыру мақсатында мыналар қажет:

1) 2011–2013 жылдарға арналған «Экспорттық-импорттық операциялар бойынша «Бірыңғай терезе» интеграциялық ақпараттық жүйесін құру тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жоспарды» (бұдан әрі – Жоспар) бекіту;

2) қаржыландыру көлемдері мен көздерін айқындау;

3) «Бірыңғай терезе» ИАЖ-ін іске асыру мерзімдерін айқындау.

Бұл ретте Жоспарда мынадай негізгі бөлімдер көзделеді:

1) ұйымдастырушылық мәселелер;

2) бизнес-процестерді талдау және Интеграцияланған кедендік тарифті қалыптастыру;

3) ұлттық деректерді үйлестіру;

4) құқықтық ортаны құру;

5) «Бірыңғай терезе» АЖ-ін ақпараттандыру;

6) «Бірыңғай терезе» АЖ-нің халықаралық интеграциясы.

Осылайша, «Бірыңғай терезе» АЖ тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі Жоспар шеңберінде «Бірыңғай терезе» АЖ-ін іске асыру бірқатар нақты шешімдер қабылдауды талап етеді.

Бастапқы кезеңде Интеграцияланған кедендік тарифті (бұдан әрі – ИКТ) құру және бизнес-процестерге талдау жүргізу маңызды болып табылады.

ИКТ – бұл әкелу, әкету немесе транзит кезінде қолданылатын барлық тарифтік және тарифтік емес шаралар туралы, оның ішінде белгілі бір тауарға қатысты барлық мемлекеттік талаптар туралы ақпараттың жүйелендірілген және кодталған тізбесі. Осы тізбеде ТН ВЭД-тің әрбір кодына ИКТ коды сәйкес келеді.

ИКТ-ны қолданысқа енгізу тауарлардың әрбір түрі бойынша барлық белгіленген талаптарды ғана емес, сондай-ақ рұқсат беру құжатын қай министрлік немесе ведомство беретінін де айқындауға мүмкіндік береді.

ИКТ мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді жақсартуға мүмкіндік береді және сауда қоғамдастығын, инвесторларды және мемлекетті «Бірыңғай терезе» АЖ-ін пайдалана отырып, тауарларды импорттауға, экспорттауға немесе транзиттеуге қатысты барлық кедендік және тиісті реттеушілік талаптар туралы ақпаратпен қамтамасыз етеді.

ИКТ құру шекарадан өтетін тауарларға қойылатын реттеушілік талаптар бойынша «Бірыңғай терезе» АЖ-не қол жеткізуді жеңілдетеді және әкімшілік әрі құқықтық талаптар туралы ақпаратты жүйелі түрде жаңартуға мүмкіндік береді, ал тіркелген пайдаланушылар өздерін қызықтыратын реттеушілік өзгерістер туралы электрондық хабарлама ала алады.

UN/CEFACT ұйымының «Бірыңғай терезе» АЖ-не және қағазсыз саудаға қатысты кезеңдік тәсіліне сәйкес, бизнес-процестерді талдау бизнес-процестер мен құжаттарды оңайлатуға, үйлестіруге және автоматтандыруға қатысты басқа да шараларды іске асыруға дейін қабылдануы тиіс бірінші қадам ретінде ұсынылады.

Бизнес-процесс – белгілі бір мақсатпен қабылданатын шаралардың дәйектілігі. «Бірыңғай терезе» АЖ шеңберінде бизнес-процеске мынадай анықтама беруге болады: Бизнес-процесс – тауарларды әкелуді/әкетуді немесе транзиттеуді жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды алу және мемлекеттік органдарға ұсыну мақсатында СЭҚ-қа қатысушылар орындайтын логикалық өзара байланысты әрекеттер қатары.

Халықаралық ұсынымдардың ережелерін ескере отырып, әрбір бизнес-процесті (құжатты) қайта қарау және терең зерделеу, әрбір бизнес-процеске талдау жүргізу (бизнес-процесті сипаттау, бизнес-процесті модельдеу, нормативтік реттеу, автоматтандыру және басқа бизнес-процестермен интеграциялау мүмкіндігі) талап етіледі.

Бизнес-процестерді талдау нәтижелері сауда рәсімдерін (оның ішінде коммерциялық, көліктік, нормативтік және қаржылық рәсімдерді) оңайлатуға, құжаттамаға қойылатын талаптарды жеңілдетуге және оларды автоматтандыру үшін деректерді стандарттауға жүйелі түрде кірісуге мүмкіндік береді. Демек, барлық мемлекеттік органдардың құжаттарды алуы үшін деректердің бірыңғай жиынтығын келісу (ұлттық деректерді үйлестіру) мүмкін болады.

Жүргізілген жұмыстың негізінде «Бірыңғай терезе» АЖ-нің құқықтық ортасын құру үшін нормативтік құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізу қажет болады және осыдан кейін ғана «Бірыңғай терезе» АЖ-ін құруға арналған техникалық-экономикалық негіздеме мен техникалық тапсырманы әзірлеу қажет.

Бұл ретте экспорттық-импорттық операцияларды жүзеге асыру кезінде «Бірыңғай терезе» АЖ-ін заңнамалық және ақпараттық тұрғыдан қалыптастыру мынадай мәселелермен шектелуі тиіс:

1) бизнес-процестерді барлық мемлекеттік органдардың функциялары тұрғысынан емес, тауарларды әкелуді немесе әкетуді және транзиттеуді жүзеге асыру үшін бизнес орындайтын әкімшілік рәсімдер тұрғысынан ғана қарастыру;

2) «Бірыңғай терезе» АЖ-не бизнестің әкімшілік рәсімдеріне қатысы жоқ ведомствоаралық ақпарат алмасу мәселелерін енгізбеу;

3) «Бірыңғай терезе» АЖ-не Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен және коммерциялық ұйымдарымен өзара іс-қимылы мәселелерін енгізбеу;

4) «Бірыңғай терезе» АЖ-не жеке пайдалануға арналмаған тауарлардың орнын ауыстыру мәселелерімен байланысты емес азаматтардың кедендік шекара арқылы орын ауыстыруы және көші-қон мәселелерін енгізбеу.

«Бірыңғай терезе» АЖ-не мемлекеттік органдар, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар, сондай-ақ халықаралық саудаға қатысы бар ұйымдар қатысады.

СЭҚ-қа қатысушылар тарапынан ақпараттық жүйені пайдаланушылар болып «Бірыңғай терезе» АЖ-ін пайдалануға мүдделі барлық заңды және жеке тұлғалар табылады.

Мемлекеттік органдар тарапынан «Бірыңғай терезе» АЖ-мен оны құрудың бастапқы кезеңінде мынадай органдар өзара іс-қимыл жасайды:

1) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі;

2) Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі;

3) Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрлігі;

4) Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі;

5) Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрлігі;

6) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі;

7) Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі;

8) Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігі;

9) Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрлігі;

10) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі;

11) Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі.

«Бірыңғай терезе» АЖ-ін әзірлеу және практикалық іске асыру барысында осы Тұжырымдаманың жекелеген ережелері тиісті құжаттарда толықтырылуы, нақтылануы және егжей-тегжейлі көрсетілуі мүмкін.

3-бөлім. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

Осы Тұжырымдаманы іске асыру және қойылған міндеттерді шешу бизнес-процестерді талдау қорытындылары бойынша мынадай нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асырылады деп болжанады:

1) Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Кодексі;

2) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі «Автомобиль көлігі туралы» Заңы;

3) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы «Лицензиялау туралы» Заңы;

4) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі «Экспорттық бақылау туралы» Заңы;

5) Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 маусымдағы «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Заңы;

6) Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 10 маусымдағы «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңы;

7) Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңы;

8) Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы «Техникалық реттеу туралы» Заңы;

9) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 қаңтардағы «Инвестициялар туралы» Заңы;

10) Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 10 шілдедегі «Есірткі құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен оларды теріс пайдалануға қарсы іс-қимыл шаралары туралы» Заңы;

11) Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі «Патент заңы»;

12) Қазақстан Республикасының «2012–2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңы.

Көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің тізбесі «Бірыңғай терезе» АЖ-ін іске асыру жөніндегі жұмысты жүргізу барысында қайта қаралатын болады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің2011 жылғы 3 шілдедегі № 771 қаулысыменбекітілген

Қазақстан Республикасында 2011–2013 жылдарға арналған «Экспорттық-импорттық операциялар бойынша «Бірыңғай терезе» интеграциялық ақпараттық жүйесін құру тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі ЖОСПАР

Скачать

№Іс-шараның атауыЖауапты мемлекеттік органІске асыру мерзімдеріҚаржылық шығындарАяқталу нысаны
 12345
 Ұйымдастырушылық мәселелер    
1.«Е-терезе» ИАЖ-ін енгізуді қаржыландыру мәселелерін РБК-ның қарауына шығаруҚМ, мүдделі мемлекеттік органдар2011 жылғы 3-тоқсанТалап етілмейдіРБК шешімі
2.Орта мерзімді кезеңге арналған мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына «Е-терезе» ИАЖ-ін іске асыру жөніндегі іс-шараларға бюджет қаражатының шығыстарын енгізу бөлігінде өзгерістер енгізуҚМ, «Е-терезе» ИАЖ-іне қатысушы мемлекеттік органдар2012–2013 жылдарға арналған бюджетті нақтылау кезіндеТалап етілмейдіҮкімет қаулылары
3.«Е-терезе» ИАЖ-ін іске асыру мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен консультациялық семинарлар, тренингтер өткізуҚМ2012 жылғы 4-тоқсанХалықаралық ұйымдардың демеушілік қаражаты есебіненМемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастыққа арналған семинарлар, тренингтер
 ИКТ қалыптастыру және бизнес-процестерді талдау    
4.«Е-терезе» ИАЖ-інің интеграцияланған кедендік тарифін әзірлеуҚМ, мүдделі мемлекеттік органдар2011 жылғы 3-тоқсанТалап етілмейді«Е-терезе» ИАЖ-інің ИКТ-сы
5.«Е-терезе» ИАЖ-інің интеграцияланған кедендік тарифін қабылдауҚМ, мүдделі мемлекеттік органдар2012 жылғы 20 шілдеТалап етілмейдіҮкіметке ақпарат
6.Қазақстан Республикасындағы экспорттық-импорттық операциялардың бизнес-процестеріне талдау жүргізуҚМ, мүдделі мемлекеттік органдар2011 жылғы 4-тоқсанТалап етілмейдіБизнес-процестердің сипаттамасы бар тізбесі
7.«Е-терезе» ИАЖ-інің интеграцияланған кедендік тарифі ақпараттық жүйесін әзірлеушіге арналған техникалық тапсырманы әзірлеу және бекітуҚМ, мүдделі мемлекеттік органдар2012 жылғы 1-тоқсанҚР кеден қызметін жаңғырту бағдарламасы шеңберіндеТехникалық тапсырма
 Ұлттық деректерді үйлестіру    
8.Мемлекеттік органдардың құжаттары мен талаптарының бірыңғай тізбесін қалыптастыруҚМ, мүдделі мемлекеттік органдар2012 жылғы 1-тоқсанТалап етілмейдіБірыңғай тізбе
9.Сыртқы сауданың экспорттық-импорттық операциялары кезінде пайдаланылатын құжаттарды оңайлату және стандарттау (Саудаға арналған келісілген нысандарды әзірлеу жөніндегі нұсқаулық)Мүдделі мемлекеттік органдар2012 жылғы 20 шілдеТалап етілмейдіҮкіметке ақпарат
10.Бірыңғай кіріс ақпараты құжатын қалыптастыру және ұлттық деректерді үйлестіруҚМ, мүдделі мемлекеттік органдар2012 жылғы 20 шілдеТалап етілмейдіҮкіметке ақпарат
 «Е-терезе» ИАЖ-ін іске асыру үшін құқықтық орта құру    
11.БҰҰ-ның Сауда рәсімдерін оңайлату және электрондық іскерлік операциялар орталығының (БҰҰ СЕФАКТ) № 35 ұсынымына сәйкес «Е-терезе» ИАЖ қызметінің құқықтық ортасын құру үшін талдау жүргізу және мынадай мәселелерге қатысты құжаттарды әзірлеу: - ұйымдық құрылым; - сәйкестендіру, түпнұсқалығын тексеру, авторизациялау; - деректерді қорғау тетігі; - деректердің дәлдігі мен тұтастығына кепілдік беру тетігі; - дауларды шешу тетігі және т.б.ҚМ, мүдделі мемлекеттік органдар2013 жылғы 20 қаңтарТалап етілмейдіҮкіметке ақпарат
 Жобаны ақпараттандыру    
12.«Е-терезе» ИАЖ-інің ТЭН-ін әзірлеуге тендер өткізуҚМ2012 жылғы 1-тоқсанШығыстар 2012–2014 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады«Е-терезе» ИАЖ-ін әзірлеушіні айқындау
13.Қазақстан Республикасында «Е-терезе» ақпараттық жүйесін іске асыру жөніндегі ТЭН-ді бекітуҚМ, мүдделі мемлекеттік органдар2012 жылғы 2-тоқсанТалап етілмейдіҚаржы министрінің бұйрығы
14.«Е-терезе» ИАЖ бағдарламалық қамтамасыз етуін құру жөніндегі ТТ әзірлеуҚМ, мүдделі мемлекеттік органдар2012 жылғы 3-тоқсанРеспубликалық бюджеттен қаржыландырылатын ТЭН шеңберіндеТехникалық тапсырма
15.«Е-терезе» ИАЖ-ін іске асыру үшін пилоттық министрліктерді және «Е-терезе» ИАЖ-ін толық көлемде іске асыру кезеңдерін айқындауВАК, мүдделі мемлекеттік органдар2012 жылғы 4-тоқсанТалап етілмейдіЖобаны іске қосу мерзімдері мен кезеңдері туралы Премьер-Министрдің өкімі
16.«Е-терезе» ИАЖ пилоттық жобасын іске қосу және оны кейіннен пысықтауҚМ, мүдделі мемлекеттік органдар2013 жылғы 20 шілдеШығыстар әзірленген ТЭН-ге сәйкес 2012–2014 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде нақтыланатын боладыҮкіметке есеп
17.Пилоттық мемлекеттік органдардың «Е-терезе» ИАЖ-ін пайдалануға енгізуіҚМ, пилоттық мемлекеттік органдар2013 жылғы 20 шілдеШығыстар әзірленген ТЭН-ге сәйкес 2012–2014 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде нақтыланатын боладыҮкіметке есеп
18.Мемлекеттік органдарды «Е-терезе» ИАЖ жобасына кезең-кезеңімен қосуҚМ, мүдделі мемлекеттік органдарТиісті жылдың 20 қаңтары немесе 20 шілдесіШығыстар әзірленген ТЭН-ге сәйкес 2012–2014 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде нақтыланатын боладыҮкіметке есеп
 Жобаның халықаралық интеграциясы    
19.«Е-терезе» ИАЖ-і іске қосылғаннан кейін оның жұмысын және Кеден одағына мүше мемлекеттердің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау мүмкіндігін талдауҚМ, мүдделі мемлекеттік органдар2014 жылғы 20 қаңтарТалап етілмейдіҮкіметке есеп

Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:

ИАЖ – интеграциялық ақпараттық жүйе

ИКТ – интеграцияланған кедендік тариф

ВАК – «Экспорттық-импорттық операциялар бойынша «Бірыңғай терезе» интеграциялық ақпараттық жүйесін құру жөнінде ұсыныстар әзірлеу комиссиясы

ҚМ – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі

БҰҰ – Біріккен Ұлттар Ұйымы

РБК – Республикалық бюджеттік комиссия

СЕФАКТ – Сауда рәсімдерін оңайлату және электрондық іскерлік операциялар орталығы

ТЭН – техникалық-экономикалық негіздеме

ТТ – техникалық тапсырма

Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар