2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасының тұжырымдамасы туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 6 қарашадағы № 1016 қаулысы
Рухани және білім беру салаларын дамыту үшін ғылыми, әлеуметтік-экономикалық және ұйымдастырушылық-әдістемелік базаны одан әрі жетілдіру, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мен пайдалану тиімділігін арттыру тетіктерін әзірлеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
- Қоса беріліп отырған 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасының тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) мақұлдансын.
- Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі үш ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарын әзірлесін және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізсін.
- Орталық және жергілікті атқарушы органдар тиісті шешімдерді әзірлеу кезінде Тұжырымдаманың негізгі ережелерін басшылыққа алсын.
- Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан РеспубликасыныңПремьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің2008 жылғы 6 қарашадағы № 1016қаулысымен мақұлданған
2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасының тұжырымдамасы
Астана қаласы, 2008 жыл
Мазмұны
2. Тарихи-мәдени мұраны зерттеу мен сақтаудың қазіргі жай-күйін талдау
4. Тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттері
5. Тұжырымдаманың басым бағыттары
5.1. Ұлттық рәміздерді қалыптастыру
5.3. Ұлттық тарихи-мәдени мұраны халықаралық деңгейде насихаттау
5.4. Соңғы бес жыл ішінде анықталған тарихи-мәдени мұраны кешенді зерттеу
5.5. Жүйеленген білімді оқу процесіне енгізу
5.6. Кадр саясатын саланы дамытудың стратегиялық ресурсы ретінде іске асыру
6. Тұжырымдаманың қағидаттары мен тетіктері
7. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер
1. Кіріспе
Мәдени мұра – орны толмас құндылыққа ие рухани, мәдени, экономикалық және әлеуметтік капитал. Мұра қазіргі заманғы ғылымды, білім мен мәдениетті нәрлендіреді. Табиғи байлықтармен қатар ол ұлттық өзін-өзі құрметтеудің және әлемдік қоғамдастықтың мойындауының басты негізі болып табылады.
2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасының тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) Мемлекет басшысының 2008 жылғы 13 маусымда өткен «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.
Осы Тұжырымдамада 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) іске асырудың негізгі аспектілері мен 2007-2009 жылдарға арналған «Мәдени мұра» салалық бағдарламасын (бұдан әрі – салалық бағдарлама) іске асырудың екі жылдық қорытындылары талданып, алдағы жылдарға арналған оны іске асырудың басым бағыттары баяндалған.
Тұжырымдаманың өзектілігі Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұра құндылықтарына мемлекеттің көзқарасын жүйелі түрде жетілдіру қажеттілігімен айқындалады. Қазіргі уақытта өткен кезеңдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді қайта пайымдау және қайта бағалау үдерісі барған сайын күшейіп отырған кезде, болып жатқан оқиғаларға объективті, барабар және сындарлы тұрғыдан жауап бере отырып, мәдени мұраны сақтау мен тиімді пайдаланудың перспективаларын тереңірек түсіну қажеттілігі туындайды.
Осы Тұжырымдама 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» салалық бағдарламасын одан әрі іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуге негіз болады. Бұл – халықтың әлеуеті мен гуманистік бағытын танытқан, оның тарихи тәжірибесін байытып, ұрпақтар сабақтастығының сенімді тірегіне айналған стратегиялық ұлттық жоба.
2. Тарихи-мәдени мұраны зерттеу мен сақтаудың қазіргі жай-күйін талдау
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру Қазақстан тарихындағы шын мәнінде бұрын-соңды болмаған жемісті гуманитарлық шара болды. Отандық мәдениет пен ғылымды жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін баға жетпес жаңа тәжірибе жинақталды.
Елдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, маңызды тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бүгінде мемлекеттік музейлерде мәдени құндылықтардың екі миллионнан астам бірлігі сақтаулы.
Ұлттық мәдениет пен жазудың көпғасырлық тәжірибесін жинақтау, әлемдік ғылыми ойдың, мәдениет пен әдебиеттің үздік жетістіктері негізінде мемлекеттік тілде гуманитарлық білім берудің толыққанды қорын қалыптастыру жөнінде жұмыстар жүргізілді.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында тарих және мәдениет ескерткіштерінің 35-інде реставрациялық жұмыстар аяқталды, Қазақстан аумағындағы 30 қалашықта, қоныста, тұрақта, қорымда және қорғанда маусымдық археологиялық зерттеулер жүргізілді.
Қытайға, Түркияға, Моңғолияға, Ресейге, Жапонияға, Мысырға, Өзбекстанға, Арменияға, АҚШ-қа және Батыс Еуропа елдеріне ғылыми-іздестіру экспедициялары ұйымдастырылды. Онда Қазақстан тарихы, этнографиясы мен өнеріне қатысты, еліміздің ғылыми ортасына бұрын белгісіз болған бес мыңға жуық қолжазба мен баспа басылымдары анықталып, сатып алынды. Тек Қытайдағы экспедиция барысында Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты бұрын зерттелмеген үш жарым мыңға жуық дереккөз анықталды.
Осы зерттеулердің арқасында Қазақстан қазір қазақ хандары мен сұлтандарының Қытай, Қоқан, Хиуа және басқа да көршілес жерлердің билеушілерімен жазысқан хаттарын қамтитын көптеген дереккөздерге ие болды, бұрын белгісіз болған қыпшақ қолжазбалары анықталды.
Еуропа мемлекеттерінің кітапханалары мен дипломатиялық мұрағаттарынан жазба мәдениетінің жүздеген ескерткіштері табылды.
Шетелдерде Орталық Азияның ежелгі көшпелі халықтарының шаруашылық жүргізу ерекшеліктері мен антропологиялық типіне, олардың тілдерінің өзара ықпалы мен өзара қарым-қатынастарына қатысты этнологиялық дереккөздердің анықталғаны ерекше құнды болып табылады.
Екі бірегей ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Таңбалы археологиялық кешені ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді. Осы тізімге енгізуге ұсынылған келесі ескерткіш – ежелгі Отырар қаласы.
Мемлекеттік бағдарлама аясында 230 атаулы кітап шығарылды, олардың арасында тарих, археология, этнография бойынша бірегей сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздіктер бар. Мысалы, «Бабалар сөзі» сериясы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан бай қазақ халық фольклорын жинақтауға мүмкіндік берсе, «Қазақтардың ежелгі құқық әлемі» жинағы қазақ халқының құқықтық санасының даму тарихын ашады.
Мемлекеттік бағдарлама ТМД елдерінде ғана емес, алыс шетелдерде де үлкен резонанс тудырды. 2006 жылғы сәуірде оның тұсаукесері ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде табысты өткізілді.
Оны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен шамамен 2,7 миллиард теңге бөлінді.
Мемлекеттік бағдарлама тарихи-мәдени мұраны қалпына келтірудің тек қана утилитарлық мақсаттарымен шектелмейді. Оның басты мақсаты – қоғамдық санада оң өзгерістерге қол жеткізу, осы тұрғыдан алғанда ол маңызды идеологиялық және жалпы мемлекеттік мәнге ие.
Біріншіден, мемлекеттіліктің маңызды рухани негіздерінің бірі болып табылатын ұлттың тарихи санасының рөлін күшейту және оның ауқымын кеңейту туралы сөз болып отыр.
Мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу кезінде зерттеулер жүргізілетін тарихи кезең тұжырымдамалық тұрғыдан айқындалды. Бұл кезең қола дәуірінің соңынан және темір дәуірінің басталуынан бастап екі мың жылдан астам уақытты қамтиды.
Нәтижесінде, еуразиялық кеңістікке атты көшпелілердің шығуы және осы оқиғаның әлемдік діндер пайда болған «белді дәуірдің» рухани ахуалына ықпалы, дала өркениеті мен қазақ хандықтарының жарқын әрі драмалық тағдыры, Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың пайда болуы, өркендеуі, құлдырауы мен қайта жаңғыруы, отарлау, империялар құрамында болу, егемен мемлекет ретінде болашаққа жол іздеу сияқты тарихтың іргелі оқиғалары назарға алынды.
Екіншіден, Мемлекеттік бағдарлама ұлттық сана-сезім мен бірегейлікті қалыптастыруға және нығайтуға байланысты сұраныстарға жауап болды.
Үшіншіден, Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру елдің жаңа мәдени-тарихи келбетін қалыптастыруға алып келеді.
Төртіншіден, Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру қазақстандықтардың өз тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру үшін үлкен маңызға ие болды.
Бесіншіден, Мемлекеттік бағдарламаның елдегі этносаралық өзара түсіністікті арттыру және ұлтаралық қатынастарды үйлестіру тұрғысынан зор әлеуетін атап өту қажет.
Жалпы алғанда, Мемлекеттік бағдарлама өте маңызды нәтижелер берді, ол ел ішіндегі және шетелдегі зиялы қауым тарапынан жоғары бағаланды.
Елдің мәдени мұрасын зерттеуге, сақтауға, қалпына келтіруге және тиімді пайдалануға бағытталған шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 10 желтоқсандағы № 1203 қаулысымен Мемлекеттік бағдарламаның қисынды жалғасы болып табылатын 2007-2009 жылдарға арналған «Мәдени мұра» салалық бағдарламасы бекітілді.
«Мәдени мұра» салалық бағдарламасын іске асырудың 2 жылы ішінде (2007-2008 жылдары) тарих және мәдениет ескерткіштерінің 16-сында реставрациялық жұмыстар аяқталды, Қазақстан аумағындағы 39 қалашықта, қоныста, тұрақта, қорымда және қорғанда маусымдық археологиялық зерттеулер жүргізілді. Ұлттық мәдениет үшін ерекше маңызы бар бірегей тарихи-мәдени, сәулет және археология ескерткіштеріне қатысты 8 қолданбалы ғылыми зерттеу жүргізілді, Қазақстан тарихы, археологиясы, этнографиясы мен мәдениеті мәселелері бойынша жаңа басылымдар серияларын әзірлеу және шығару жұмыстары жалғастырылды.
2007-2008 жылдары салалық бағдарламаны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен 3,2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді.
Сонымен қатар, Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру тәжірибесі қысқа мерзім ішінде оған салынған зор рухани-мәдени және гуманистік әлеуетті толық ашуға және іске асыруға мүмкіндік бермейтін бірқатар үрдістердің бар екенін көрсетті.
Егер Мемлекеттік бағдарламада ұлттық мәдениет үшін ерекше маңызы бар орасан зор мәдени мұраны, оның ішінде фольклорды, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды анықтау, сатып алу, жинақтау және зерттеу, маңызды тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қайта жаңғырту мен археологиялық зерттеу, қазақ әдебиеті мен жазуының көпғасырлық тәжірибесін жинақтау, тарихи-мәдени мұраны кодификациялау және құжаттау сипатталса, салалық бағдарламаның мақсаты – бай тарихи-мәдени мұраны қоғам игілігіне айналдыруды қамтамасыз ету.
3. Тарихи-мәдени мұра саласындағы мемлекеттік саясат егемен Қазақстанның орнықты дамуының факторы ретінде
Мәдени мұрасыз егемен Қазақстанның қазіргі өмірі мен оның жан-жақты даму перспективаларын елестету мүмкін емес. Мәдени мұра өзіндік сананы қалыптастыру негіздерінің бірі болып табылады, гуманистік және патриоттық құндылықтар сабақтастығын орнықтыруда үлкен әлеуетке ие.
Мәдени мұраның экономикалық ресурсын жұмылдыру – елді жаңғыртудың негізі. Тарихи ортаның сақталуы республиканың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ол бүкіл қазақстандық қоғамның игілігіне айналатын жанама пайдалардың кең ауқымына жол ашады.
Мәдени мұраны сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаты – оны сақтауға кешенді түрде қарау. Осыған сәйкес, мұндай қызмет мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік даму саясаты шеңберінде ғана тиімді болады. Мәдени мұраны сақтау орнықты даму стратегиясының негізгі элементіне айналуға тиіс.
Қазақстан туризм индустриясын дамыту үшін зор мәдени әлеуетке ие, ол ел экономикасының маңызды саласына айнала алады және айналуға тиіс. Туризм тарих және мәдениет ескерткіштерін танымал етуге ықпал етеді, республиканың ел ішінде де, шетелде де жоғары беделін нығайтады.
Қазақстандық мәдени туризм моделі мәдени мұраның туризмді дамытудағы артықшылықтарын пайдалануға негізделе отырып, ұмытылған дәстүрлер мен өнер түрлерін жаңғыртуға, туристік қызығушылықтың жаңа орталықтарын құруға, арнайы маршруттар ұйымдастыруға бағытталуға тиіс. Туристік-экскурсиялық жұмыс тәуелсіз Қазақстанның мәдени мұрасының бүкіл әлеуетін пайдалана алады.
Кешенді сақтау қағидаты мемлекеттік басқару органдарының қоғамдық ұйымдармен және мемлекеттік емес сектормен әріптестік қатынастарды дамытудағы бастамашылық, бақылау және үйлестіру функцияларын қамтиды. Қолда бар барлық ресурстарды пайдалана отырып, мәдени мұраны сақтауға ведомствоаралық тұрғыдан қарауды қолдау қажет. Сақтау міндеті тек орталық атқарушы органдармен ғана емес, жергілікті атқарушы органдармен де шешілуге тиіс.
«Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобасы өзінің өмір сүрген жылдарында мемлекеттік мәдени саясатты жүргізудің сапалық тұрғыдан жаңа тәсілдерін айқындағанын, Қазақстанның зор рухани, тарихи-мәдени және гуманитарлық әлеуетін көрсеткенін атап өту қажет.
4. Тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттері
Осы Тұжырымдаманың мақсаты рухани және білім беру салаларын дамыту үшін ғылыми, әлеуметтік-экономикалық және ұйымдастырушылық-әдістемелік базаны одан әрі жетілдіру, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мен пайдалану тиімділігін арттыру тетіктерін әзірлеу болып табылады.
Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін күш-жігерді мынадай негізгі міндеттерге шоғырландыру қажет:
тарихи-мәдени мұраны сақтау және одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау;
мемлекеттік және салалық бағдарламалардың іс-шаралар жоспарын одан әрі іске асырудың тиімді тетіктері мен құралдарын әзірлеу;
Қазақстанның бай тарихи және мәдени мұрасын халықаралық деңгейде белсенді насихаттау;
мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру барысында алынған жаңа және жүйеленген білімді ғылыми айналымға енгізу жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
тарихи-мәдени мұраны туризмді дамыту үшін белсенді пайдалану проблемаларын шешу, тарих және мәдениет ескерткіштерін туристік инфрақұрылымның аса маңызды буыны ретінде қарастыру;
тарихи-мәдени мұраны халықтың қалың бұқарасына қолжетімді қоғамдық білім мен бұқаралық ақпарат саласына айналдыру жолдарын іздестіру;
Түркістан қаласы мен Отырар қалашығындағы, Есік және Берел қорғандарындағы және басқа да тарихи-мәдени кешендердегі бірқатар маңызды ескерткіштерді қазіргі заманғы талаптарға сәйкес қалпына келтіру жөніндегі шараларды әзірлеу, олардың халықты біріктіретін құндылықтар ретінде мемлекет тарихындағы рөлін ашатын жүйелі іс-шаралар өткізу;
Еуразия кеңістігінің көшпелі мәдениетінің мұрагері ретінде қазақ мәдениетінің ұлттық брендін қалыптастыру және оны халықаралық деңгейде насихаттау;
шетелдік ғалымдармен, ірі ғылыми орталықтармен бірлесіп ұлттық мұраны жан-жақты кешенді зерттеу және оны әлемдік ғылыми айналымға енгізуді қамтамасыз ету.
5. Тұжырымдаманың басым бағыттары
Тұжырымдаманы іске асырудың басым бағыттары:
1) ұлттық рәміздерді қалыптастыру;
2) мәдени туризмді дамыту;
3) ұлттық тарихи мұраны халықаралық деңгейде насихаттау;
4) соңғы бес жыл ішінде анықталған тарихи-мәдени мұраны кешенді зерттеу;
5) жүйеленген білімді оқу процесіне енгізу;
6) кадр саясатын саланы дамытудың стратегиялық ресурсы ретінде іске асыру.
5.1. Ұлттық рәміздерді қалыптастыру
Бағдарламаны іске асырудың жаңа кезеңі шеңберінде мемлекеттілігіміздің алтын қазыналары – Есік, Берел қорғандарын және Түркістан қаласы мен Отырар қалашығындағы бірқатар маңызды ескерткіштерді реставрациялау, сондай-ақ оларды ұлттық рәміздер ретінде қалыптастыру жоспарлануда.
Отырар – Ұлы Жібек жолындағы ірі сауда орталығы, онда әлемге әйгілі данышпан әл-Фараби дүниеге келген. Бұл – әлем тарихындағы ең ірі кітапхана орналасқан рухани бесік.
Түркістанда өз жері үшін жанын қиған, халқы үшін соңғы тамшы қаны қалғанша күрескен көптеген хандар мен билер, батырлар мен қаһармандар жерленген. Кеңес дәуірінде Есім, Тәуке, Жәңгір хандардың, Қазыбек бидің, Бөгенбай, Жәнібек, Жауғаш және Қойгелді батырлардың кесенелері мен жерленген орындары жойылды.
Аталған объектілердің барлығы халықты біріктіретін қасиетті рәміздер мен киелі орындар болып табылады.
5.2. Мәдени туризмді дамыту
Ұлы Жібек жолының тарихи орындары негізінде мәдени туризмді дамыту, олардың халықты біріктіретін құндылықтар ретінде мемлекет тарихындағы рөлін ашатын жүйелі іс-шаралар өткізу мемлекеттің негізгі стратегиялық бағыттарының біріне айналады. Бүгінгі күнге дейін біздің сансыз қазыналарымыз әлемдік қоғамдастыққа тиісті деңгейде таныстырылмаған және соның салдарынан мәдени туризм жандандырылмаған.
Жоғарыда аталған ұлттық рәміздер негізінде мәдени туризмді дамыту жолдарын айқындау ұсынылады. Қазақстан аумағын әлемге Ұлы Жібек жолының негізгі тармағы ретінде таныстыру, нақты маршруттар жүйесін құру қажет.
Әрбір музей-қорықтың жеке сипаттамаларын дайындау мақсатында Ұлы Жібек жолының негізгі учаскелеріндегі музей-қорықтарды дамытуды айқындайтын Бас жоспар әзірлеу жөнінде шаралар қабылданады.
Мәдени туризмді дамыту үшін барлық тарихи орындар музейлендіріледі. Бұл ретте әрбір музей халықтың жүріп өткен күрделі жолын бейнелеп, Қазақстан тарихын кезең-кезеңімен көрсететін болады. Музей-қорықтар көшпелілердің тұрмыс-тіршілігін жарқын түрде таныстырып, сол дәуірдің атмосферасын жеткізіп, оның рухын сезінуге мүмкіндік береді.
5.3. Ұлттық тарихи-мәдени мұраны халықаралық деңгейде насихаттау
Әл-Фараби мен Сұлтан әз-Захир Бейбарыс сияқты көрнекті тұлғалардың ежелгі қазақ жерінен шыққаны тарихи тұрғыдан белгілі. Алайда мұнымен шектелуге болмайды, олардың түркі мәдениетінің бір бөлігі болып табылатынын әлемдік қоғамдастыққа дәлелдеу – біздің міндетіміз.
Ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Мысыр мен Сирияға ресми сапары кезінде Дамаск қаласында әл-Фараби кесенесі мен тарихи-мәдени орталығын салу, Сұлтан әз-Захир Бейбарыс кесенесін реставрациялау, сондай-ақ Каир қаласындағы Сұлтан әз-Захир Бейбарыс мешітін реставрациялау туралы келісімге қол қойылды.
Бағдарламаны іске асырудың екінші кезеңі шеңберінде үкіметаралық келісімнің ережелерін іске асыру жөніндегі шаралар кешені жүзеге асырылатын болады. 2007 жылдан бастап Дамаск қаласында (Сирия) әл-Фарабидің тарихи-мәдени орталығы мен кесенесін салу, Каир қаласындағы (Мысыр) Сұлтан әз-Захир Бейбарыс мешітін реставрациялау жұмыстары басталды.
Берел және Есік қорғандары, Түркістан қаласы мен Отырар қалашығындағы ескерткіштер, Қазақстанның басқа да тарихи орындары туралы жоғары сапалы әрі мазмұнды деректі фильмдер жасалып, оларды «Би-би-си» және «Дискавери» сияқты әлемдік телеарналарда көрсету ұйымдастырылады. Мұндай жобалар, біріншіден, қазақ жерінің әлемдік деңгейде танылуына, екіншіден, туристер ағынының артуына ықпал ететін болады.
Халықаралық конференциялар өткізу жоспарлануда және беделді шетелдік зерттеушілермен, ірі ғылыми орталықтармен бірлесіп ұлттық мұра жалпыәлемдік мәдени құндылықтар тұрғысынан зерттелетін болады. Ұлттық мәдени мұраны жалпыәлемдік игілік ретінде мойындату мақсатында шетелдерде көрмелер ұйымдастырылады.
Астанада мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру шеңберінде табылған аса маңызды қазыналар жинақталатын халықаралық деңгейдегі ірі музей ашу туралы ұсыныстар енгізілетін болады. Бұл туристерге нақты экспонаттар арқылы сақтар мен ғұндар заманынан бүгінгі күнге дейінгі қазақ жерінің адамзат өркениетінің дамуына қосқан үлесін білуге мүмкіндік береді.
5.4. Соңғы бес жыл ішінде анықталған тарихи-мәдени мұраны кешенді зерттеу
Бүгінгі күні шетелдерден қазақ тарихына қатысты бес мыңға жуық материал көшірмесі Қазақстанға әкелінді. Жиналған мәліметтер мен материалдар ғылыми айналымға енгізіледі.
Сондай-ақ:
ірі тарихи қалалар мен қоныстарға археологиялық зерттеулер жүргізіледі;
қазақ халқы мен Орталық Азияның көшпелі халықтарының тарихына, материалдық және рухани мәдениетіне байланысты қолданбалы ғылыми зерттеулер іске асырылады;
өсіп келе жатқан ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу мақсатында мемлекеттік тілде тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша кітаптардың жаңа сериялары әзірленіп, шығарылады.
5.5. Жүйеленген білімді оқу процесіне енгізу
Бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі – туған мәдениетінің дәстүрлерін жақсы білетін, өз халқының тарихын сүйетін, елдің болашағын сеніп тапсыруға болатын ұрпақ тәрбиелеу.
Қазақстан бүгінде халықаралық қоғамдастықтың толық құқылы, құрметті әрі беделді мүшесі болып табылады. Экономикалық және әлеуметтік даму, халықтың өмір сүру деңгейі бойынша негізгі көрсеткіштерге сәйкес, еліміз бүгінде ТМД-да жетекші орындарға ие. Елде бірнеше тілді еркін меңгерген, заманауи ақпараттық технологияларды игерген белсенді әрі мақсатшыл жас ұрпақ өсіп келеді. Өз халқының рухани құндылықтарын, туған тарихының сабақтарын бойына сіңірмеген жас ұрпақ жаһандану толқынына жұтылып, түрлі догматикалық ағымдардың жетегінде кетуі мүмкін деген қауіп бар.
Осы тұрғыда мемлекеттің міндеті – жас қазақстандықтарды патриотизм, туған халқына деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу. Бұл мәселені жан-жақты талқылау және тиісті шешім қабылдау үшін ұзақ мерзімді перспективаға арналған жұмыс жоспарлары жасалып, оларды іске асыру басталады.
5.6. Кадр саясатын саланы дамытудың стратегиялық ресурсы ретінде іске асыру
Кез келген қоғамның тұрақты және дәйекті дамуының кепілі кәсіби кадрлар мәселесін тиімді шешу болып табылады.
Қазіргі уақытта жоғары білікті кадрларға өткір қажеттілік сезілуде. Кәсіби аудармашылар даярлау міндеті әлі күнге дейін лайықты шешімін тапқан жоқ. Тарихи мұра мен ұлттық фольклорды басқа тілдерге сапалы аударуды, сондай-ақ әлемдік ғылым мен қоғамдық ойдың әртүрлі салаларындағы маңызды материалдарды қазақ тіліне аударуды жүзеге асыра алатын мамандар қажет. Сонымен қатар ежелгі қазыналарды қалпына келтіру үшін реставраторлар да жеткіліксіз.
Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, мыналарды қамтамасыз ету қажет:
мамандарды – аудармашыларды, тарихшылар мен этнографтарды даярлауды қамтамасыз ету;
жас мамандардың халықаралық оқыту бағдарламаларына қатысуын қамтамасыз ету;
мәдениет қызметкерлерінің еліміздегі және шетелдегі үздік мәдениет ұйымдарының базасында тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру;
жақын және алыс шетелдерге тәжірибе алмасу сапарларын ұйымдастыру.
6. Тұжырымдаманың қағидаттары мен тетіктері
Тұжырымдаманы іске асыру мынадай қағидаттарды ескере отырып жүзеге асырылады:
1) мемлекеттік саясатты жүзеге асыру кезінде жүйелілікті, сабақтастықты қамтамасыз ету және инновациялық тәсілдерді енгізу;
2) тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау саласындағы әлемдік тәжірибені пайдалану;
3) тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау саласына заманауи инновациялық және ақпараттық технологияларды енгізу;
4) мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылған ғылыми-зерттеу және іздестіру жобаларының жалпыға қолжетімді болуын қамтамасыз ету.
Тұжырымдаманы іске асыру тетіктері:
1) 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарын әзірлеу;
2) 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасы іс-шараларының іске асырылуына мониторинг жүргізу;
3) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы нәтижелер мен жетістіктерді кеңінен насихаттау;
4) «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысында секциялар басшыларының есептерін тыңдау.
7. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер
Салалық бағдарламаны одан әрі іске асыру жөнінде ұсынылып отырған шаралар кешенін жүзеге асыру 2009-2011 жылдарға есептелген және мыналарға мүмкіндік береді:
- Қазақстанның гуманитарлық ғылым саласының теориялық және ғылыми базасын әлемдік даму үрдістері мен бағыттарына сәйкес жетілдіруге;
- елдің тарихи-мәдени мұрасын әлемдік аренада насихаттаудың халықаралық үрдістер мен бағыттарды, қазақ халқының мәдениеті мен ділінің ерекшеліктерін ескеретін бірыңғай тетігін әзірлеуге;
- мәдениеттану ғылымының тұтас бір саласын дамыту үшін жағдай жасауға;
- ұлттық тарихи мұраны халықаралық деңгейде насихаттауға;
- мәдениет саласындағы халықаралық үрдістерді тиімді ескеруге мүмкіндік беретін шетелдік ғылыми-талдау орталықтарымен іскерлік байланыстар орнатуға;
- 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасы бойынша жиналған барлық деректер мен материалдарды ғылыми айналымға енгізуге;
- «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасын іске асыру нәтижесінде алынған жүйеленген мәліметтерді орта және жоғары оқу орындарының оқулықтары мен оқу бағдарламаларына енгізуге мүмкіндік береді.
Постиндустриялық өркениет мәдени мұраның аса жоғары әлеуетін, оны сақтау және әлемдік экономиканың аса маңызды ресурстарының бірі ретінде тиімді пайдалану қажеттілігін түсінді.
Қазақстан егеменді мемлекет құрудың жаңа кезеңіне қадам басқан уақытта халықтың ұлттық даму идеясының төңірегінде топтасуы, тарихи мұраның халық бірлігі мен ел тұтастығының символына айналуы қажет.
Осы Тұжырымдама тарихи-мәдени мұраны сақтауды және тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге, 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасын тұрақты даму стратегиясының негізгі факторларының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар