Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Конвенция / Резолюция / Концепция / «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамының жақын шетел нарықтарына шығу тұжырымдамасы туралы

«Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамының жақын шетел нарықтарына шығу тұжырымдамасы туралы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

«Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамының жақын шетел нарықтарына шығу тұжырымдамасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 17 ақпандағы № 147 қаулысы

Қазақстан Республикасының экономикасын ұзақ мерзімді орнықты өсіру міндетін жақын шетел елдерінің экономикаларын интеграциялаудың артықшылықтары негізінде «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Қазақстанның Даму Банкі) қызмет аясын Қазақстан Республикасының шегінен тыс кеңейту арқылы іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамының жақын шетел нарықтарына шығу жөніндегі қоса беріліп отырған тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) мақұлдансын.

2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда, Сыртқы істер, Қаржы, Экономика және бюджеттік жоспарлау, Энергетика және минералдық ресурстар, Көлік және коммуникация, Ауыл шаруашылығы министрліктері, Қазақстан Республикасының Ақпараттандыру және байланыс агенттігі, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша) өз құзыреті шегінде:

1) екі ай мерзімде Қазақстанның Даму Банкіне мыналарды ұсынсын:

жақын шетел елдеріндегі саяси, экономикалық, қаржылық және әлеуметтік жағдайға, сондай-ақ қазақстандық бизнестің шетелге шығуының ықтимал пайдасы мен қатерлеріне, қызмет салаларына және ықтимал әріптестеріне қатысты талдау мен ақпаратты;

жақын шетел елдерінің нормативтік құқықтық базасына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына талдау, сондай-ақ Қазақстанның Даму Банкінің шетелде инвестициялық қызметін жүзеге асыруы жөніндегі ұсыныстар мен ұсынымдарды;

2) тұрақты негізде, бірақ жылына кемінде бір рет Қазақстанның Даму Банкіне саяси, экономикалық, қаржылық және әлеуметтік жағдайдағы болған өзгерістер, Қазақстанның Даму Банкінің шетелдегі табысты қызметіне ықпал ететін қабылдаушы елдердегі жұмыс жөніндегі ұсыныстар мен ұсынымдар туралы ақпарат беруді ұйымдастырсын;

3) Тұжырымдаманың ережелерін іске асыру мақсатында өзге де жәрдем көрсетсін.

3. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі, Қазақстанның Даму Банкі (келісім бойынша) жартыжылдық қорытындылары бойынша, жыл сайын 1 ақпаннан және 1 тамыздан кешіктірмей, Қазақстан Республикасының Үкіметіне Тұжырымдаманың іске асырылуы туралы ақпарат ұсынсын.

4. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда, Мәдениет, ақпарат және спорт, Сыртқы істер министрліктері Қазақстанның Даму Банкімен бірлесіп, Қазақстанның Даму Банкінің шетелдегі қызметін тиісті таныстыру және имидждік сүйемелдеуді қамтамасыз етсін.

5. (2006 жылғы 17 тамыздағы № 776 қаулымен күші жойылды).

6. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі С.М. Мыңбаевқа жүктелсін.

7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

Қазақстан РеспубликасыныңПремьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкіметінің2005 жылғы 17 ақпандағы № 147қаулысыменМАҚҰЛДАНҒАН

«Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамының жақын шетел нарықтарына шығу тұжырымдамасы

Кіріспе

«Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамының жақын шетел нарықтарына шығу тұжырымдамасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан халқына «Бәсекеге қабілетті Қазақстанға, бәсекеге қабілетті экономикаға, бәсекеге қабілетті ұлтқа» атты Жолдауында берген тапсырмаларына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003–2006 жылдарға арналған Бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 2.6.13-тармағына, Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамыту тұжырымдамасын, Қазақстан Республикасының 2003–2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясын (бұдан әрі – Стратегия) және Қазақстан Республикасы Үкіметінің басқа да негізгі бағдарламалық құжаттарын іске асыру мақсатында әзірленді.

Тұжырымдама нұсқаулық сипатқа ие және Қазақстанның Даму Банкінің жақын шетел нарықтарына (Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай Халық Республикасы және басқа да қабылдаушы елдер) шығуы кезінде 2007 жылға дейінгі кезеңге арналған сыртқы кредиттік саясатын айқындау үшін негіз болып табылады. Ол отандық тауар өндірушіні нығайтуға, оның сыртқы нарықтарға шығуына жәрдемдесуге, осылайша Қазақстанның әлемдік экономикаға интеграциялануы, экономика салаларын әртараптандыру және дамудың шикізаттық бағыттылығынан арылу арқылы елдің орнықты дамуына қол жеткізуге бағытталған.

Тұжырымдамада белгіленген басымдықтар мен шектеулер Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының, елдегі және әлемдік нарықтардағы экономикалық ахуалдың өзгеруін ескере отырып түзетілуі мүмкін.

1. Қазақстанның Даму Банкінің шетелге шығу мүмкіндіктерін талдау

1. Мүмкіндіктер

Қазақстанның Даму Банкінің шетелге шығу мүмкіндіктеріне мыналар жатады:

Қазақстанның ұтымды қаржы саясаты және орта мерзімді перспективадағы жақсы экономикалық болжамдар аясында экономикасының дамуының одан әрі жақсаруы және осыған байланысты Standard & Poor's рейтингтік агенттігінің Қазақстанның шетел валютасындағы міндеттемелері бойынша тәуелсіз кредиттік рейтингін ВВВ-/А-3 деңгейіне дейін, ал ұлттық валютадағы міндеттемелері бойынша ВВВ/А-3 деңгейіне дейін көтеруі;

елдегі қаржы ресурстарының едәуір көлемі;

қазақстандық бизнестің шетелге шығу процесінің қарқын алуы;

мемлекеттің отандық бизнеске ел ішінде де, оның шегінен тыс жерлерде де көмек көрсетуі және қолдауы;

қарыз капиталының әлемдік нарықтарындағы қолайлы жағдай;

«Орталық Азия ынтымақтастығы» (ОАЫ), Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) сияқты мемлекетаралық ұйымдар шеңберінде экономикалық интеграцияның тереңдеуі;

сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы екіжақты және көпжақты халықаралық шарттардың жасалуы;

елде инвестициялық қолдаудың әртүрлі құралдары бар мамандандырылған даму институттары жүйесінің құрылуы;

Қазақстанның Даму Банкінің инвестициялық институт ретіндегі бәсекелестік артықшылықтары.

2. Қатерлер

Қазақстанның Даму Банкінің шетелге шығуына байланысты қатерлерге мыналар жатады:

экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы мен болжап білу мүмкін еместігі, осы елдерде нарықтық қатынастарды қалыптастыру процесінің аяқталмауы және болжап болмайтындығы, оның ішінде өндіріс құралдарына меншік құқығына, қаржы, банк және басқа жүйелердің жұмыс істеуіне байланысты проблемалар және тағы басқалар;

саяси тұрақсыздық, қабылдаушы елдерде заңнаманың және шетелдік инвестицияларды қорғау практикасының дамымауы;

Қазақстанның Даму Банкінің шетелде филиалдары мен өкілдіктерінің, сондай-ақ шетелде жобаларды қаржыландыру бойынша практикалық тәжірибесінің болмауы.

2. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері

Тұжырымдаманың мақсаты Қазақстанның Даму Банкінің қызмет аясын Қазақстан Республикасының шегінен тыс кеңейту арқылы жақын шетел елдерінің экономикаларын интеграциялаудың артықшылықтары негізінде елдің орнықты дамуына қол жеткізуге жәрдемдесу болып табылады.

Тұжырымдаманың міндеттері Қазақстанның Даму Банкінің қызметінің негізгі бағыттары мен жақын шетел нарықтарына шығу процесіне қатысатын мүдделі органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл нысандарын, Қазақстанның Даму Банкінің шетелге шығуы мен онда қызметін жүзеге асыруын қамтамасыз ететін жағдайларды, сондай-ақ оларды қамтамасыз ету жөніндегі қажетті шараларды белгілеу болып табылады.

3. Қазақстанның Даму Банкінің жақын шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдардың негізгі бағыттары

Қазақстанның Даму Банкінің нарықтарға шығуы Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық саясатындағы жаңа элемент болып табылады және осы процесті мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан тиісті ұйымдастыру мен қолдауды көздейді.

1. Қазақстанның Даму Банкінің жақын шетел нарықтарына шығу процесінде мүдделі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылының негізгі нысандары

Қазақстанның Даму Банкінің жақын шетел нарықтарына шығу процесінің кешенді сипатын ескере отырып, оның тиімді қызметін қамтамасыз ету мақсатында мүдделі мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде оған саяси, ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық және өзге де қолдау көрсетеді.

Мүдделі мемлекеттік органдар Қазақстанның Даму Банкінің жақын шетел нарықтарына шығу процесінде өз құзыретіне сәйкес оған өз құзыреті шегінде жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс, оның ішінде:

Қазақстанның Даму Банкіне мерзімді негізде болжамды қабылдаушы елдердегі саяси, экономикалық, қаржылық және әлеуметтік жағдай, перспективалар, мүмкіндіктер, артықшылықтар мен қатерлер туралы талдамалық ақпаратты, сондай-ақ Қазақстанның Даму Банкінің осы ақпарат негізінде шетелде қазақстандық мемлекеттік инвестициялық институттың барынша тиімді қызметін ұйымдастыру және жүзеге асыру үшін нақты елдерді, салаларды, нысандарды, ықтимал әріптестерді және басқаларды айқындауына бағытталған қолда бар ұсыныстар мен ұсынымдарды ұсыну.

Бұл тәуекелдерді азайтуға, қазақстандық бизнестің және Қазақстанның Даму Банкінің ықтимал экономикалық шығындарының алдын алуға, Қазақстан Республикасының басқа елдермен экономикалық ынтымақтастығының тиімділігіне теріс әсер ететін даулы жағдайларды болдырмауға мүмкіндік береді.

Осы зерттеулерді жүргізу үшін «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы» АҚ сияқты мамандандырылған ұйымдар тартылатын болады.

Қазақстанның Даму Банкінің шетелге шығуы мен қызметін құқықтық қолдау нысанында жұмыс жүргізілуге тиіс. Ол болжамды қабылдаушы елдердің тиісті заңнамалық базасын талдауды, проблемаларды және оларды шешу жолдарын айқындауды, заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді жетілдіруді, екіжақты және көпжақты халықаралық шарттардың нормаларын нақтылауды және сол сияқтыларды қамтиды.

Қазақстанның Даму Банкінің жақын шетелде тиімді қызмет етуі үшін тиісті құралдар мен технологияларды пайдалана отырып, процесті ақпараттық сүйемелдеуді де қамтамасыз ету қажет.

Қазақстанның Даму Банкінің шетелге шығуы мен қызметін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік органдар мен даму институттарының қызметін, олардың Қазақстанның Даму Банкімен тиісті өзара іс-қимылын тікелей үйлестіру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстанның Даму Банкінің акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқықтарын жүзеге асыратын мемлекеттік уәкілетті органмен (бұдан әрі – Уәкілетті орган) жүргізілуге тиіс.

2. Қазақстанның Даму Банкінің жақын шетел нарықтарына шығу жөніндегі қызметінің негізгі бағыттары

1. Ықпал ету факторлары

Қазақстанның Даму Банкінің жақын шетел нарықтарына шығу ауқымы мен мерзімдеріне мыналар ықпал ететін болады:

Қазақстанның Даму Банкіне заңнамаға сәйкес айқындалған қаржы құралдарының жиынтығы;

Қазақстанның және қабылдаушы елдің мүддесі үшін инвестицияларды жүзеге асыру мақсатында нарықтың қолжетімділігі;

елдердегі Қазақстанның Даму Банкінің мақсаттарына, басымдықтары мен талаптарына сәйкес келетін төлем қабілетті инвестициялық сұраныстың көлемі, оның ішінде қазақстандық бизнестің меншікке қажетті қатысу үлесіне, инвестицияланатын өндірістердің Қазақстандағы өндіріспен технологиялық байланысына, өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне, өндіріс пен өнім сапасына, қарыз алушының ашықтығына және тағы басқаларға қатысты талаптар;

Қазақстанның Даму Банкінің инвестициялық қолдауының рұқсат етілетін ауқымын айқындайтын капиталдандыру деңгейі;

инвестицияларды жүзеге асыру кезінде жол берілетін қаржылық тәуекелдер деңгейі;

Қазақстанның Даму Банкінің басқа қатысушылармен қаржылық тәуекелдерді жабу және бөлісу көлемі.

Халықаралық деңгейдегі қызмет Қазақстанның Даму Банкі менеджментінің кәсібилігіне, оның халықаралық стандарттар мен рәсімдерді сақтауына қойылатын талаптардың жоғары болуын көздейді. Қазақстанның Даму Банкін жаңа жағдайларда жұмыс істеуге тиісті функционалдық және ұйымдастырушылық бейімдеу қажет болады.

Қазақстанның Даму Банкінің жақын шетелге шығу процесін жеңілдету мақсатында оның өкілдіктерін құру көзделеді. Бұл өкілдіктердің міндеттері ақпарат іздеу, жергілікті шаруашылық жүргізуші субъектілермен, екінші деңгейдегі банктермен, елдің мемлекеттік билік органдарымен ынтымақтастық орнату және жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізу болады. Олар арқылы алынған ақпарат қазақстандық инвестициялардың шетелге одан әрі шығуын жүзеге асыру үшін ынтымақтастық схемаларын әзірлеу мақсатында пайдаланылатын болады.

2. Қызметтің негізгі бағыттары

Қазақстанның Даму Банкінің шетелдегі қызметінің негізгі инвестициялық басымдықтары Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысымен бекітілетін Даму Банкінің кредиттік саясаты туралы меморандумда (бұдан әрі – Меморандум) айқындалады.

Қазақстанның Даму Банкі жақын шетел нарықтарында өз қызметін жүзеге асыру кезінде мыналарға ерекше назар аударуға тиіс:

Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібі кәсіпорындарымен технологиялық байланысы бар немесе олардың дамуын қамтамасыз ететін, оның ішінде оларды шикізатпен және жартылай фабрикаттармен қамтамасыз ететін, қазақстандық тауар өндірушілердің шетелдегі өндірістік объектілерді сатып алуын көздейтін жобаларға;

Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін дамытуға, қазақстандық өнім экспортының ілгерілеуіне және кеңеюіне ықпал ететін инфрақұрылымдық жобаларға;

Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстанның Даму Банкіне ұсынған, Қазақстан Республикасының резиденттері емес тұлғалардың жобаларына, олар бойынша Қазақстанның Даму Банкінің кредиттерін қамтамасыз ету үшін қарыз алушы елдердің мемлекеттік кепілдіктері берілетін жағдайларда.

Осыны ескере отырып, Қазақстанның Даму Банкінің шетелдегі инвестициялауының ықтимал бағыттары ретінде мыналар ұсынылады:

жақын шетел елдеріндегі өндірістер, оның ішінде қазақстандық өнімді тұтынушылар, сондай-ақ Қазақстандағы өңдеуші өндірістермен технологиялық байланысы бар, шикізат немесе жартылай фабрикаттар жеткізушілер. Олар қазақстандық өндірушілердің қосылған құн жасау тізбегін ұзартуды және оның көлемін арттыруды қамтамасыз етеді, аумақтық-өндірістік кластерлердің құрылуына ықпал етеді (ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы машина жасау, химия және мұнай-химия және тағы басқалар);

жоғары технологиялық өндірістер секторы, атап айтқанда, қазақстандық кәсіпорындарда жоғары ғылымды қажетсінетін технологияларды енгізуге ықпал ететін ғарыштық аспап жасау;

Қазақстанда бар өңдеуші қуаттарды жұмыс істеп тұрған және кеңейіп жатқан технологиялық тізбектерге қосуды көздейтін, қазақстандық өнімнің жақын және әлемдік нарықтарға шығуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бірлескен өндірістер. Бұл нарықтардың сыйымдылығы Қазақстандағыдан жоғары болуы мүмкін (мысалы, ауыл шаруашылығы машина жасау кәсіпорындарын Ресей кәсіпорындарының немесе жақын шетелдің басқа елдері кәсіпорындарының технологиялық тізбектеріне қосу);

әлемдік экономиканың жаһандануы жағдайында Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін дамытуға ықпал ететін инфрақұрылымдық жобалар;

Қазақстан экономикасын дамытудың, өңірлік және әлемдік өндіріс пен бөлу жүйелеріне интеграциялаудың стратегиялық міндеттерін шешуді қамтамасыз ететін объектілер мен өндірістер (су ресурстарын пайдалану, электр энергетикасы және басқалар);

қазақстандық өнім экспортының ілгерілеуі мен кеңеюін қамтамасыз ететін инфрақұрылым (терминалдар, қоймалар, порттар, сервистік өндірістер және тағы басқалар);

қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдерін сатып алатын резидент еместерді экспорттық кредиттеу.

Бұдан әрі жобалар бойынша жұмыс барысында жақын шетел елдері экономикасының перспективалы секторларының тізбесі жаңа нарықтық факторларды ескере отырып түзетілуі мүмкін.

3. Инвестициялық жобаларды іріктеу өлшемшарттары

Қазақстанның Даму Банкінің жақын шетел нарықтарында қаржылық қолдау көрсетуі үшін инвестициялық жобаларды іріктеудің негізгі өлшемшарттары Меморандумға сәйкес келуге тиіс, оның ішінде:

инвестициялық жобалардың Меморандумда айқындалған басымдықтарға сәйкестігі;

жобаның пайдалылығы мен өтелімділігі;

жобаны іске асыру нәтижесінде өндірілетін өнімді өткізудің қамтамасыз етілуі және шикізат базасының жеткіліктілігі;

жобалық шешімдердің технологиялық және техникалық негізділігі;

экологиялық талаптардың сақталуы;

жобалық құжаттаманың сапасы мен толықтығы;

институционалдық пысықталуы, білікті менеджменттің болуы;

кредиттің қамтамасыз етілуінің болуы;

қарыз алушыға қойылатын талаптардың орындалуы (кредит қабілеттілігі, төлем қабілеттілігі, қаржылық тұрақтылығы және тағы басқалар).

Қазақстанның Даму Банкінің жақын шетел нарықтарындағы қызметі қабылдаушы елдің нарығында жұмыс істейтін отандық өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарымен, өндірістік және көлік инфрақұрылымымен, ұлттық компаниялармен және мемлекеттік қатысуы бар басқа да шаруашылық жүргізуші субъектілермен, сондай-ақ Қазақстандағы және шетелдегі қазақстандық жеке бизнес өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау арқылы жүзеге асырылатын болады.

Сондай-ақ екіжақты және көпжақты ынтымақтастық негізінде қазақстандық даму институттарының әлеуеті мен мүмкіндіктері пайдаланылатын болады.

4. Қазақстанның Даму Банкінің инвестициялық қызметінің нысандары

Қазақстанның Даму Банкі шетелде мынадай қызмет түрлерін жүзеге асыратын болады:

Меморандумға сәйкес келетін инвестициялық жобаларды орта мерзімді және ұзақ мерзімді кредиттеу, оның ішінде оларды басқа қаржы институттарымен бірлесіп қаржыландыру;

Меморандумға сәйкес келетін инвестициялық жобаларды басқа қаржы институттарының кредиттеуін қамтамасыз ету үшін кепілдіктер беру;

капиталдың сыртқы нарығында қаржы ресурстарын тарту;

инвестициялық банкинг, консалтинг;

Қазақстанның Даму Банкі туралы заңнамада және қабылдаушы елдің заңнамасында көзделген өзге де қызмет түрлері.

3. Тәуекелдерді бағалаудың негізгі тәсілдері

Жақын шетел нарықтарына шығу кезінде болжамды қабылдаушы елдердегі саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайларды кешенді түрде ескеру қажет.

Қазақстанның Даму Банкі инвестицияларды жүзеге асыру кезінде тәуекелдерді басқа қатысушылармен бірге жабатын және бөлісетін болады. Ол қарыз алушылар, іске асырылып жатқан жобалар туралы даму институттары арасында ақпарат алмасуға, басқа қатысушылармен қатысу жоспарларын келісуге ықпал ететін болады. Бұл отандық инвестициялардың жақын шетел нарықтарына табысты шығуын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Жақын шетел елдерінде экспорттық операциялар мен инвестициялық жобаларды кредиттеу кезінде жобаларды іске асыруға байланысты саяси және өзге де тәуекелдерді сақтандыру мақсатында «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ, сондай-ақ басқа да шетелдік және отандық сақтандыру ұйымдары белсенді түрде тартылатын болады.

Қазақстанның Даму Банкі халықаралық даму институттарымен, жергілікті коммерциялық банктермен, сондай-ақ қазақстандық коммерциялық банктермен немесе олардың жақын шетелдегі еншілес құрылымдарымен бірлесіп кредиттеу арқылы тәуекелдерді бөлісетін болады.

Қазақстанның Даму Банкінің жақын шетел елдеріндегі қандай да бір инвестициялық жобаға қатысу туралы шешім қабылдауы кезінде экономикалық тұрақтылық пен елдің кредит қабілеттілігін өлшеудің халықаралық стандарты болып табылатын халықаралық рейтингтік агенттіктер беретін тәуелсіз кредиттік рейтингтер, сондай-ақ Қазақстанның Даму Банкінің әлеуетті қарыз алушылары – жобаларды іске асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің рейтингтері де ескерілетін болады.

4. Тұжырымдаманы іске асыру тетіктері

Тұжырымдаманы іске асыру тетіктері ретінде мыналар көзделеді:

- Қазақстанның Даму Банкі туралы қолданыстағы заңнамада, Меморандумда, Қазақстанның Даму Банкінің ішкі құжаттарында көзделген тетіктерді пайдалану;

- Қазақстанның Даму Банкінің шетелге шығуын дайындау процесінде оның мүдделі мемлекеттік органдармен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимылы, оның ішінде мемлекеттің Қазақстанның Даму Банкінің шетелдегі қызметіне саяси, экономикалық, қаржылық және ақпараттық қолдау көрсетуі;

- шетелдік заңнаманы, нарықтарды зерделеу, Меморандумға сәйкес әріптестер мен жобаларды мұқият іріктеу (тиісті ұлттық мемлекеттік және өзге де реттеуші органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимылды іздестіру және жолға қою, рұқсат беру, тіркеу және басқа да рәсімдерді орындау);

- сыртқы нарықтарда жұмыс істейтін, өз өндірісін шетелде кеңейтіп жатқан қазақстандық шаруашылық жүргізуші субъектілермен әріптестік қатынастар орнату және қолдау;

- халықаралық және ұлттық қаржы ұйымдарымен және даму институттарымен ынтымақтастық жасау;

- Қазақстанның Даму Банкінің жақын шетел нарықтарындағы тиімді қызметін қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстанның Даму Банкі туралы заңнаманы, оның ішкі нормативтік актілерін жетілдіру;

- қабылдаушы елдердің ерекшеліктерін, заңнамалық және экономикалық жағдайларын ескере отырып, Қазақстанның Даму Банкінің қаржы құралдары мен қызметтерін бейімдеу.

Осы тетіктер мен шараларды кешенді түрде іске асыру, сондай-ақ Қазақстанның Даму Банкінің мүдделі мемлекеттік органдармен қызметін тиісті деңгейде үйлестіру Қазақстанның Даму Банкінің сыртқы нарықтарға шығу процесіне қатысушылардың барлығының әлеуеті мен мүмкіндіктерін оңтайлы пайдалануды қамтамасыз етуге және оның қабылдаушы елдердегі қызметін тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

5. Қажетті ресурстар және қаржыландыру көздері

Қазақстанның Даму Банкінің сыртқы нарықтарға шығу міндетін шешу үшін Қазақстанның Даму Банкінің капиталын одан әрі ұлғайту көзделеді, бұл 2005 жылға және одан кейінгі жылдарға арналған Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарларында көзделуге тиіс.

6. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтиже

Тұжырымдаманы табысты іске асыру Қазақстанның Даму Банкінің қызмет аясын Қазақстаннан тыс жерлерге кеңейтуге, қазақстандық капиталды шетелге шығаруға, оның сыртқы нарықтарды игеруіне; қазақстандық өңдеуші кәсіпорындардың қатысуымен қосылған құнның технологиялық және экономикалық тізбектерін құруға және дамытуға, сол арқылы экономика салаларын әртараптандыруға және ел дамуының шикізаттық бағыттылығынан арылуға ықпал етуге тиіс.

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсіндірме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсіндірме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар