Қазақстан Республикасының 2023 – 2029 жылдарға арналған электр энергетикасы саласын дамыту тұжырымдамасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 263 қаулысы.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының 2023 – 2029 жылдарға арналған электр энергетикасы саласын дамыту тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілсін.
2. Тұжырымдаманы іске асыруға жауапты орталық, жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар (келісу бойынша) және өзге де ұйымдар (келісу бойынша):
1) Тұжырымдаманы іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы" қаулысында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде Тұжырымдаманың іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынсын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне жүктелсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Ә. Смайылов |
|---|
| | Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 263 қаулысымен бекітілген || - | ------------------------------------------------------------------------------------- |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 2023 – 2029 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ЭЛЕКТР ЭНЕРГЕТИКАСЫ САЛАСЫН ДАМЫТУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Мазмұны
2-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау
2.1 Саланың ағымдағы жай-күйін бағалау
2.2 Электр энергиясын өндіру және тұтыну
2.4 Электр энергиясымен жабдықтау
2.7 Электр энергетикасы саласының нарықтары
2.8 Электр энергиясының халықаралық нарығы
2.10 Электр энергетикасы саласының негізгі проблемалары
3-бөлім. Халықаралық тәжірибеге шолу
3.1 Электр энергиясы нарығының модельдері
3.4 Пайдаланылатын энергетикалық ресурстардың түрлері бойынша генерацияны дамыту
4-бөлім. Электр энергетикасы саласын дамыту пайымы
5-бөлім. Дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері
6-бөлім. Нысаналы индикаторлар мен күтілетін нәтижелер
Қазақстан Республикасының 2023 – 2029 жылдарға арналған электр энергетикасы саласын дамыту тұжырымдамасы
1-бөлім. Паспорт
Атауы: Қазақстан Республикасының 2023 – 2029 жылдарға арналған электр энергетикасы саласын дамыту тұжырымдамасы.
Әзірлеу үшін негіз: Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 қаңтардағы № ЗТ-К-17709,1 тапсырмасы.
Әзірлеуші мемлекеттік орган: Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі.
Іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар: Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі.
Іске асыру мерзімдері: 2023 – 2029 жылдар.
2-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау
2.1 Саланың ағымдағы жай-күйін бағалау
Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласы – елдің тіршілік әрекетін қамтамасыз етудің, экономиканың жұмыс істеуі мен дамуының және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізі болып табылатын аса маңызды сала. Тұтынушыларды энергиямен жабдықтаудың сенімділігі реттеуші ортаның тиімділігіне, электр энергетикасы саласының жай-күйіне, оның ішінде энергетикалық жабдықтың техникалық жай-күйіне, инвестициялар деңгейіне және басқару сапасына байланысты.
Соңғы жиырма жыл ішінде электр энергетикасында бірқатар институционалдық, нарықтық және реттеуші реформалар жүргізілді, олар оң әсерлермен қатар теріс салдарға да алып келді.
2009 жылдан 2015 жылға дейін "Инвестицияларға айырбас тариф" бағдарламасы шеңберінде электр энергиясына шекті тарифтерді реттеу құралын енгізу арқылы жөндеу науқандары, реконструкциялау, қалпына келтіру және 3 ГВт қуаттарды салу есебінен жалпы сомасы 1 триллион теңгеден сәл асатын орта мерзімді қуат резерві құрылды.
Алайда бағдарламаның аяқталуы, тарифтердің тоқтатылуы, соның салдарынан осы уақытқа дейін жалғасып келе жатқан созылмалы қаржыландырудың жеткіліксіздігі мен инвестициялық тартымдылықтың төмен деңгейі қорлардың күрт ескіруіне және энергетикалық жабдықты жаңғырту қарқынының төмендеуіне алып келді.
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап электр энергиясы нарығымен қатар генерация секторына жаңа электр станцияларын салуға және қолданыстағы қуаттарды ұстап тұруға қажетті инвестициялар көлемін тартуды қамтамасыз етуге бағытталған электр қуаты нарығы жұмыс істей бастады. Қуат нарығы энергия өндіруші ұйымдардың (бұдан әрі – ЭӨҰ) инвестициялық шығындарының өтелуіне бағытталған. Электр қуаты нарығы шеңберінде төрт жыл жұмыс істеу кезеңінде генерация секторына тартылған инвестициялар көлемі бар болғаны шамамен 300 миллиард теңгені құрады.
"Ұлттық электр желісін жаңғырту" жобасы шеңберінде I кезеңде 43 қосалқы станцияда және II кезеңде 55 қосалқы станцияда жоғары вольтты жабдық жаңғыртылды, SCADA/EMS (Supervisory Control and Data Acquisition/Energy Management Systems) диспетчерлік бақылау және басқару жүйесі орнатылды, электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі (бұдан әрі – ЭКЕАЖ) енгізілді, бұл ұлттық электр желісінің (бұдан әрі – ҰЭЖ) жұмыс сенімділігін арттырды.
"Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік 500 кВ транзитінің екінші желісін салу" (1097 км), "Шығыс арқылы өтетін Солтүстік-Оңтүстік 500 кВ транзит желісін салу" (1700 км) жобаларын іске асыру Солтүстік және Оңтүстік аймақтар арасындағы өткізу қабілетін 2100 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді, бұл электр энергиясы тапшылығы бар оңтүстік облыстарды электрмен жабдықтау сенімділігін арттырды.
"Жылу-электр энергетикасын дамыту" және "Жылумен жабдықтау жүйелерін реконструкциялауға және салуға облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне кредит беру" бағдарламалары шеңберінде 2020 жылдан 2022 жылға дейін жылумен жабдықтау жүйелерін, қосалқы станцияларды және кернеуі 35 кВ-тан жоғары электр беру желілерін реконструкциялауға, жаңғыртуға және салуға бағытталған сомасы 96,2 млрд теңге болатын 53 жоба іске асырылды.
2009 жылдан бастап Қазақстан Республикасының заңнамасында жаңартылатын энергия көздерін (бұдан әрі – ЖЭК) дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету жүйесі бекітілген. Әлемдік тәжірибені ескере отырып, ЖЭК секторындағы инвестициялық ахуалды жақсарту жөнінде мемлекеттік деңгейде шешім қабылдануы елімізде энергетиканың осы секторын дамытудың негізіне айналды.
Қазақстан энергетикасының негізін көмір энергетикасы құрайды, бұл ретте көмір кен орындары негізінен Солтүстік және Орталық Қазақстанда шоғырланған, электр энергиясының негізгі көздері де осында орналасқан. Бұдан басқа, энергетикалық қауіпсіздік мақсатында орта мерзімді перспективада көмір станциялары генерация секторында өз орнын сақтайды.
2.2 Электр энергиясын өндіру және тұтыну
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша электр энергиясын өндіру 204 электр станциясында жүзеге асырылады (74-і – дәстүрлі, 130-ы – ЖЭК). Қазақстан электр станцияларының жалпы белгіленген қуаты 24523,7 МВт, иеліктегі қуаты – 19024,3 МВт құрады.
Бұл ретте ЖЭК-тің жалпы белгіленген қуаты 2388 МВт құрайды, оның ішінде жел электр станциялары – 957 МВт, күн электр станциялары – 1149 МВт, су электр станциялары (бұдан әрі – СЭС) – 280 МВт, биогаз электр станциялары – 2 МВт.
2022 жылы Қазақстан бойынша электр энергиясын өндіру 112865,9 млн кВтсағ құрады (2020 жылы – 108085,8 млн кВтсағ, 2021 жылы – 114447,9 млн кВтсағ), бұл ретте негізгі отын көмір болып табылады (көмір станцияларының үлесі – 66,7 %, газ станциялары – 21,5 %, СЭС – 7,3 %, ЖЭК – 4,5 %).
Электр энергиясын тұтыну 112944,6 млн кВтсағ құрады (2020 жылы – 107344,8 млн кВтсағ, 2021 жылы – 113890,3 млн кВтсағ), оның 78,7 млн кВтсағы іргелес мемлекеттерден электр энергиясын импорттау есебінен жабылды.
2022 жылы барлық жылдардағы тұтынудың тарихи ең жоғары көрсеткіші тіркеліп, 16459 МВт құрады, ал генерация 15203 МВт болды, нәтижесінде Ресей Федерациясынан 1256 МВт импортталды, бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда күрт өсу болып табылады (2018 жылы – 268 МВт, 2019 жылы – 301 МВт, 2020 жылы – 300 МВт, 2021 жылы – 388 МВт) (1-диаграмма).
1-диаграмма – 2018-2022 жылдардағы ең жоғары жүктеме және генерация
Электр энергиясы мен қуаты тапшылығының себептері генерацияның жоғары авариялылығы, генерациялайтын жабдықтың техникалық шектеулері және энергия жүйесіндегі теңгерімсіздіктерді өтеу үшін маневрлік генерация қондырғылары санының шектеулілігі болып табылады (генерациялайтын қуаттардың тарихи қалыптасқан құрылымына байланысты).
2022 жылдың соңында жылу электр станцияларының (бұдан әрі – ЖЭС) генерациялайтын жабдығының 55,5 %-ының жасы 30 жылдан асады (2-диаграмма).
2-диаграмма – ЖЭС генерациялайтын жабдығының жасы
2.3 Электр энергиясын беру
Қазақстан Республикасының электр желілері электр энергиясын түрлендіруге, беруге және (немесе) таратуға арналған кернеуі 0,4-1150 кВ қосалқы станциялардың, тарату құрылғыларының және оларды жалғайтын электр беру желілерінің жиынтығын білдіреді.
Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде (бұдан әрі – ҚР БЭЖ) жүйе құраушы желінің рөлін кернеуі 220 кВ және одан жоғары өңіраралық және (немесе) мемлекетаралық электр беру желілерін қамтитын ҰЭЖ атқарады. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кернеуі 500-220 кВ болатын 83 қосалқы станция жұмыс істейді, электр беру желілерінің жалпы ұзындығы 26970,8 км құрайды.
ҰЭЖ басқаруды "Қазақстан электр желілерін басқару компаниясы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "KEGOC" АҚ) жүзеге асырады, ол электр энергиясын беру ұйымы және жүйелік оператор функцияларын қатар атқарады. Бұл ретте нарықтық қатынастарды дамыту шеңберінде "KEGOC" АҚ жүйелік операторының қызметі ашықтықты күшейтуді, нарықта кемсітушілік жағдайлар жасау тәуекелдерін болдырмауды және нарыққа қатысушылармен мүдделер қақтығысына жол бермеуді талап етеді.
Бұл ретте 2022 жылы тасымалдау кезіндегі электр энергиясының шығындары 5 % болды, ал ұлттық электр желісіндегі нормативтік техникалық шығындар шамамен 6-7 % құрайды.
Өңірлік деңгейде (ел ішінде) электр энергиясын беруді теңгерімінде кернеуі 0,4-220 кВ электр желілері бар 19 өңірлік электр желілік компания (бұдан әрі – ӨЭК) және 126 шағын энергия беруші компания жүзеге асырады.
Қазақстанның электр желілерінің орташа тозу деңгейі 66 % құрайды. Ең жоғары тозу деңгейі Қостанай облысында – 85,3 %, ең төменгісі – Астана қаласында 29,5 %.
ӨЭК-тердің шығындарының орташа деңгейі шамамен 14 % құрайды және электр желілерінің топологиясына, кернеу сыныптарына, ұзындығына және қосалқы станциялар санына байланысты 6 %-дан 18 %-ға дейін ауытқиды. Өз кезегінде, тарату желілеріндегі елеулі шығындар электр беру желілерінің көпшілігінің 40 жылдан астам пайдаланылуымен және олардың айтарлықтай ұзындығымен байланысты.
Батыс Қазақстанның электр желілері ҚР БЭЖ-нен оқшауланған күйінде қалып отыр және Батыс аймақтың жүйе құраушы желісі толығымен жүктелген, осыған байланысты транзиттік ағындардың өткізу қабілетінің жеткіліксіздігі байқалады.
Бұдан басқа, өңірлік деңгейде көптеген шағын жеке ойыншылардың болуы тұтынушылар үшін түпкілікті бағаның өсуіне айтарлықтай әсер етеді.
2.4 Электр энергиясымен жабдықтау
Электр энергиясымен жабдықтауды көтерме нарықта электр энергиясын сатып алып, оны бөлшек нарықта сататын энергиямен жабдықтаушы ұйымдар (бұдан әрі – ЭЖҰ) жүзеге асырады. 2023 жылдың басында 500-ден астам компанияның энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар. Бұл ретте іс жүзінде шамамен 140 ұйым қызметін жүзеге асырады, оның ішінде 35 ЭЖҰ-ға мемлекеттік реттеу қолданылады.
ЭЖҰ-лардың электр энергиясына тарифтері энергия өндіруші ұйымдардың босату бағалары, электр қуатының жүктемені көтеруге дайын болуын қамтамасыз ету қызметіне арналған шығыстар, электр энергиясын беру тарифтері және энергиямен жабдықтаушы ұйымның өзінің жабдықтау үстемеақысы негізінде қалыптастырылады.
Бұл ретте реттелетін ЭЖҰ үшін уәкілетті орган орташа босату тарифтерін бекітеді, олар тұтынушылар топтары бойынша сараланады: жеке тұлғалар (халық), заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер, бюджеттік ұйымдар. Әдетте, әлеуметтік шиеленіске жол бермеу мақсатында жеке тұлғалар үшін тарифтер заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдарға арналған тарифтер есебінен субсидиялау арқылы орташа босату тарифтерінен төмен белгіленеді.
Кепілдік берілген жеткізушілерде заңды тұлғалар үшін тарифтер реттелмейтін ЭЖҰ-ларға қарағанда жоғары, ал олар неғұрлым тартымды тарифтер ұсына алады, бұл тең бәсекелестікті түбегейлі жоққа шығарды. Заңды тұлғалардың кетуі халық үшін тарифтерді көтеру мүмкін болмағандықтан, заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар үшін тарифтердің өсуіне алып келеді. Өз кезегінде, реттелмейтін ЭЖҰ-лар тарифтердің төмен болуына байланысты жеке тұлғалармен шарт жасасуға мүдделі емес.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ЭЖҰ арасында тең бәсекелестік жағдайлар жасау мақсатында электрмен жабдықтау қызметтері бойынша тұтынушылар топтары арасындағы сараланған тарифтерді кезең-кезеңімен қысқарту және жою жөнінде жұмыс жүргізуде.
2.5 Жылу энергетикасы
Жылу энергиясын өндіру
Қазақстанда жылу энергиясын өндіруді 2500-ден астам жылу көзі жүзеге асырады, олардың ішінде қуаты 100 Гкал/сағ-тан асатын 118 жылу көзі және жеке тұтынушылардың жылу көздері бар.
Орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылу көздері жылу электр орталықтары (бұдан әрі – ЖЭО) және қазандықтар болып бөлінеді.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 37 ЖЭО жұмыс істейді, олардың 15-і мемлекеттік меншікте (Семей, Қостанай, Кентау, Орал, Арқалық, Шахтинск, Астана, Қызылорда, Тараз, Ақтау, Алматы қалалары).
Жылу көздерінің жалпы белгіленген қуаты 43231 Гкал/сағ құрайды. Жылу көздерінің иеліктегі қуаты 37566,7 Гкал/сағ құрады.
2022 жылы Қазақстан бойынша жылу энергиясын өндіру 94 млн Гкал/сағ құрады (2020 жылы – 91 млн Гкал/сағ, 2021 жылы – 93 млн Гкал/сағ).
Жылу энергиясын өндіру кезінде пайдаланылатын отын түрлері қазақстандық кен орындарының көмірі (~80 %), табиғи газ (~15 %) және мазут (~5 %) болып табылады.
Жылу энергиясын беру
Республика бойынша екі құбырлы есептеудегі жылу желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 12680 км құрайды. Бұл ретте желілердің шамамен 49,2 %-ы немесе 6246 мың км ауыстыруды қажет етеді. Жылу желілерінің орташа тозуы 57 % құрайды.
Жылумен жабдықтау секторы жылу энергиясын өндіруден бастап тұтынуға дейінгі кезеңде пайдалы әсер коэффициентінің төмендігімен (қазандықтар үшін орта есеппен 75 %, бүкіл жүйе үшін – 58 %), жоғары шығарындылармен және жылу шығындарымен (жылуды тасымалдау және бөлу кезеңінде 18-42 %) сипатталады.
Жылу энергиясымен жабдықтау
Жылу энергиясымен жабдықтау секторын жылу өндіруші ұйымдардан жылу энергиясын сатып алуды және оны кейіннен тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын ЭЖҰ құрайды. Көптеген өңірлерде энергия беруші ұйымдар энергиямен жабдықтау қызметін жүзеге асырады. Жылу энергиясымен жабдықтау тек орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінде жүзеге асырылады.
ЖЭО базасындағы орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері Қазақстанның Солтүстік аймағында – ҚР ЖЭО-ларының жиынтық иеліктегі жылу қуатының 64 %-ы, Оңтүстік аймақта – 19 %-ы, Батыс аймақта – 17 %-ы деңгейінде барынша дамыған.
Жылу энергетикасы ұйымдарының негізгі бөлігі жергілікті атқарушы органдардың теңгерімінде орналасқан және тарифтік қаражаттың жеткіліксіздігі салдарынан жылыту маусымының қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен субсидиялар бөлу мүмкіндігі көзделген.
2.6 Саланы цифрландыру
Саланы цифрландыру электр энергетикасы саласының барлық деңгейлерін: генерацияны, беруді, бөлуді, жабдықтауды, тұтынуды және жүйелік операторлық қызметті қамтиды.
2023 жылдың басындағы жағдай бойынша Қазақстанда Smart Grid (Ақылды желілер) енгізілген элементтері жиілікті және қуатты автоматты реттеу жүйелері (ЖҚАР), электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі (ЭКЕАЖ), қосалқы станцияны мониторингтеу және басқару жүйелері (ҚСМБЖ), технологиялық процесті басқарудың автоматтандырылған жүйесі (ТПБАЖ), орталықтандырылған аварияға қарсы автоматика жүйесі (ОАҚАЖ), диспетчерлік басқару және деректерді жинау жүйесі (SCADA/EMS), синхрофазорлық технологиялар негізіндегі мониторингтеу және басқару жүйесі (WAMS/WACS, Wide Area Monitoring System/Control), геоақпараттық жүйе (ГАЖ), биллингтік ақпараттық жүйе (БАЖ), электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы жүйесі (ЭЭТНЖ), қосалқы станция жабдығын мониторингтеу және диагностикалау жүйелері (ҚС МЖ), талшықты-оптикалық байланыс желісі (ТОБЖ), айнымалы токтың икемді беру жүйесі (FACTS, Flexible Alternating Current Transmission System), ішінара интеллектуалды электр энергиясын есепке алу аспаптары (Smart Meter) болып табылады.
Алайда жоғарыда аталған технологиялар электр энергиясын өндірудің, берудің және тұтынудың барлық деңгейлерінде енгізілмеген және/немесе олардың қамту ауқымы шектеулі.
2.7 Электр энергетикасы саласының нарықтары
Қазақстанда көтерме және бөлшек нарықтар жұмыс істейді.
Электр энергиясы мен қуатының көтерме нарығы электр энергиясының көтерме нарығынан, электр энергиясының теңгерімдеуші нарығынан, электр қуаты нарығынан, жүйелік және қосалқы қызметтер нарығынан тұрады (1-сурет).
Электр энергиясының көтерме нарығына нарыққа қатысушылар арасында жасалатын, бағалары мен жеткізу шарттары тараптардың келісімі бойынша белгіленетін шарттар негізінде жұмыс істейтін электр энергиясын сатып алу-сатудың орталықтандырылмаған және орталықтандырылған нарықтары, сондай-ақ орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдерге арналған электр энергиясының спот-саудасындағы орталықтандырылған сауда қорытындылары кіреді.
Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы 15 жылдан астам уақыт бойы имитациялық режимде, яғни теңгерімсіздіктер үшін қаржылық өзара есеп айырысуларды (нақты ақшалай есеп айырысуларды) жүзеге асырмай жұмыс істейді.
Электр қуаты нарығы Бірыңғай сатып алушының электр қуатының қолдау және дайын болуын қамтамасыз ету қызметін орталықтандырылған сатып алуын және сатуын жүзеге асыратын нарық моделін білдіреді. Қуат нарығы уәкілетті органмен жасалатын инвестициялық келісімдер шеңберіндегі ұзақ мерзімді шарттар, сондай-ақ құрамында ЖЭО бар энергия өндіруші ұйымдармен жасалатын қысқа мерзімді шарттар және алдағы күнтізбелік жылға арналған қуат қызметін сату құқығы үшін қолданыстағы энергия өндіруші ұйымдар арасында өткізілетін бәсекелес іріктеу (орталықтандырылған сауда-саттық) қорытындылары жағдайында жұмыс істейді.
1-сурет – Көтерме нарық
Жүйелік және қосалқы қызметтер нарығы жүйелік оператордың электр энергиясының көтерме нарығы субъектілеріне электр энергиясын беру, техникалық диспетчерлендіру, электр энергиясын өндіру мен тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру, қуатты резервтеу жөніндегі қызметтерді, сондай-ақ электр қуатын реттеу резервтерінің қажетті көлемдері мен құрылымын қамтамасыз ету, актив және реактив қуаттарды реттеу, энергия жүйесін кернеусіз күйден іске қосу үшін электр энергиясының көтерме нарығы субъектілерінен жүйелік оператор сатып алатын қызметтерді көрсететін қызметтер нарығы ретінде жұмыс істейді.
Электр энергиясының көтерме нарығы
Қазіргі уақытта энергия өндіруші ұйым электр энергиясын энергия өндіруші ұйымның электр энергиясына арналған шекті тарифі мен жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақы сомасы ретінде айқындалатын босату бағасынан аспайтын бағамен өткізеді. Бұл ретте шекті тарифтердің мөлшері инфляция деңгейіне индекстелмейді. Сонымен бірге 2019 жылдан бастап энергия өндіруші ұйымдар үшін жеке бағалық реттеуді белгілеу олардың арасындағы бәсекелестік жағдайларын барынша азайтып, іс жүзінде толықтай жойды.
Электр энергиясын сатып алу-сатудың екіжақты шарттарының орталықтандырылған сауда-саттықтан абсолютті басым болуы жағдайында энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен көтерме тұтынушылардың шекті тариф деңгейі төмен энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясына қол жеткізуі шектеулі. Мұндай жағдайларда жоғарыда аталған субъектілер шекті тариф деңгейі жоғары энергия көздерінен электр энергиясын сатып алуға мәжбүр.
Қазіргі уақытта электр энергиясы нарығында бірнеше ірі субъект ( "Самұрық-Энерго" АҚ, "Еуразиялық Топ" ЖШС, "ЦАЭК" АҚ, "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС) жұмыс істейді, олардың меншігінде дәстүрлі электр станцияларының, энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың едәуір бөлігі бар.
3-диаграмма – Электр қуатының бөлінуі
Бұл ретте жоғарыда аталған топтар өндірген электр энергиясына бөгде субъектілердің қол жеткізуі шектеулі. Белгіленген қуаттағы жалпы үлесі 75 %-дан асатын шектеулі тұлғалар тобының үстемдігі байқалады (3-диаграмма). Қалған 24 % үлес 30-дан астам энергия өндіруші ұйымға иелік ететін меншік иелеріне тиесілі.
Іс жүзінде елдегі түпкілікті тұтынушылар үшін негізгі тауар болып табылатын электр энергиясының бағасы өңірлер арасында айтарлықтай ерекшеленеді, бұл өз кезегінде халық пен бизнес үшін тең емес жағдайлар туғызады. Бұл ретте электр энергиясы бағаларының айырмашылығының негізгі себебі энергия өндіруші ұйымдар үшін жеке бағалық реттеуден бөлек, жергілікті атқарушы органдар мен табиғи монополияларды реттеу органының тарифтерді саралау саясаты болып табылады.
Орталықтандырылған сауда-саттық
Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру мен өткізуге жүргізілген талдау соңғы бес жыл ішінде (1-кесте) ҚР БЭЖ-нің Солтүстік және Оңтүстік аймақтарындағы тұтынушылар мен ЭЖҰ тарапынан электр энергиясына сұраныстың энергия өндіруші ұйымдардың сауда-саттыққа шығаратын электр энергиясының көлемінен едәуір асып түсетінін және қатысушылар саны ең төменгі деңгейге жеткенін көрсетеді, соның салдарынан осы кезеңдегі мәмілелер көлемі тарихи ең төменгі деңгейге дейін қысқарды.
1-кесте – Сұраныс пен ұсыныс көлемдерінің салыстырмалы кестесі, млн кВтсағ
Скачать
| || - |
Атауы
| || - |
Спот-сауда-саттық
| || - |
Ұзақ мерзімді және орта мерзімді сауда-саттық
| || - |
2018
| || - |
2019
| || - |
2020
| || - |
2021
| || - |
2022
| || - |
2018
| || - |
2019
| || - |
2020
| || - |
2021
| || - |
2022
| || - || |
ҚР БЭЖ-нің Солтүстік-Оңтүстік аймағы
| Ұсыныс көлемі | || ----------------- | - |
1042
| || - |
480
| || - |
221
| || - |
962
| || - |
165
| || - |
26006
| || - |
17334
| || - |
1425
| || - |
2338
| || - |
2066
| Сатушылар, саны | || -------------- | - |
6
| || - |
8
| || - |
4
| || - |
5
| || - |
5
| || - |
19
| || - |
8
| || - |
8
| || - |
5
| || - |
5
| Сұраныс көлемі | || ------------ | - |
539
| || - |
1163
| || - |
631
| || - |
1400
| || - |
398
| || - |
126614
| || - |
293118
| || - |
36995
| || - |
31005
| || - |
9561
| Сатып алушылар, саны | || ---------------- | - |
26
| || - |
39
| || - |
24
| || - |
20
| || - |
12
| || - |
84
| || - |
82
| || - |
69
| || - |
39
| || - |
50
| Мәмілелер көлемі | || ---------------- | - |
98
| || - |
345
| || - |
190
| || - |
794
| || - |
109
| || - |
21049
| || - |
17598
| || - |
749
| || - |
2460
| || - |
1254
| Сұраныстың ұсыныс көлеміне қатынасы | || ----------------------- | - |
52 %
| || - |
243 %
| || - |
285 %
| || - |
145 %
| || - |
241 %
| || - |
5 есе
| || - |
17 есе
| || - |
26 есе
| || - |
13 есе
| || - |
4,6 есе
| Мәмілелер / сұраныс | || -------------- | - |
18 %
| || - |
30 %
| || - |
30 %
| || - |
57 %
| || - |
27 %
| || - |
17 %
| || - |
6 %
| || - |
2 %
| || - |
8 %
| || - |
13 %
| || - |
БЭЖ-нің Батыс аймағы
| Ұсыныс көлемі | || ----------------- | - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
107
| || - |
762
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| Сатушылар, саны | || -------------- | - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
1
| || - |
1
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| Сұраныс көлемі | || ------------ | - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| Сатып алушылар, саны | || ---------------- | - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| Мәмілелер көлемі | || ---------------- | - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| || - |
0
| Сұраныстың ұсыныс көлеміне қатынасы | || ----------------------- | - |
0 %
| || - |
0 %
| || - |
0 %
| || - |
0 %
| || - |
0 %
| || - |
0 %
| || - |
0 %
| || - |
0 %
| || - |
0 %
| || - |
0 %
| Мәмілелер / сұраныс | || -------------- | - |
0 %
| || - |
0 %
| || - |
0 %
| || - |
0 %
| || - |
0 %
| || - |
0 %
| || - |
0 %
| || - |
0 %
| || - |
0 %
| || - |
0 %
2022 жылы ҚР БЭЖ-нің Солтүстік-Оңтүстік аймағындағы орталықтандырылған спот-сауда-саттықта сұраныс – 398 млн кВтсағ, ұсыныс – 165 млн кВтсағ, мәмілелер көлемі – 109 млн кВтсағ құрады, Батыс аймақта сұраныс болған жоқ, ұсыныс – 762 млн кВтсағ, мәмілелер жасалған жоқ.
Орталықтандырылған сауда-саттық нарығының жұмыс істеуіне жүргізілген талдау энергия өндіруші ұйымдардың Қазақстанда тігінен интеграцияланған энергетикалық компаниялардың жоғары шоғырлануына байланысты нарыққа қатысуға жалпы алғанда мүдделі еместігін, олардың бір-бірімен тікелей және ашық бәсекелестікке ұмтылмай, нарықты (тұтынушыларды) бөлісіп алғанын көрсетеді.
Электр энергиясының бөлшек нарығы
Электр энергиясының бөлшек нарығы – көтерме нарықтан тыс электр энергиясының бөлшек нарығы субъектілері арасында электрмен жабдықтаудың жария шарттары негізінде жұмыс істейтін қатынастар жүйесі.
Электр энергиясының бөлшек нарығы қазіргі түрінде 2004 жылы пайда болды, сол кезде электр энергиясының көтерме нарығына қосымша осы сегментті ырықтандыру жүргізілді. Осы мақсатта, атап айтқанда, өңірлік электр желілік компаниялардың электр энергиясын беру жөніндегі қызметін энергиямен жабдықтау қызметінен бөлу және заңды тұрғыдан оқшауланған кәсіпорындар түрінде ЭЖҰ құру жүзеге асырылды.
Нарықтың бәсекелес моделін енгізу жеке тәртіппен құрылған ЭЖҰ-лардың кепілдік берілген жеткізушілермен және бір-бірімен бөлшек тұтынушыларға электр энергиясын жеткізу үшін бәсекелесуін және осылайша нарықта бәсекелестікті қамтамасыз етуді көздеді.
Көріп отырғанымыздай, нарықта көптеген жеке ЭЖҰ құрылды, алайда ЭЖҰ арасында бәсекелестікті дамыту үшін тауар нарығының оңтайлы құрылымын толық қалыптастыру әлі мүмкін болмады.
Бұл ретте бөлшек нарықта ЭЖҰ арасында бәсекелестікті дамытуға тұжырымдамалық тұрғыдан мыналар кедергі келтіреді:
нарықтағы монополиялық үлестестік қатынастардың қазіргі құрылымы;
тарифтерді айқастыра субсидиялау түріндегі баға реттеу тетіктері;
бөлшек тұтынушылар белсенділігінің, әсіресе жеткізушілерді ауыстыру мәселесінде жеткілікті қалыптаспауы.
2.8 Электр энергиясының халықаралық нарығы
Электр энергиясының трансшекаралық саудасы шеңберінде Қазақстан Республикасы қазіргі уақытта екі нарықты құруға қатысады.
1. Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – ЕАЭО) ортақ электр энергетикалық нарығы (ОЭН ЕАЭО).
Бұл нарық электр энергиясының көтерме саудасының дизайны мен қағидалары әртүрлі ЕАЭО-ға мүше 5 мемлекеттің электр энергиясының көтерме нарықтарын интеграциялауға негізделген өңірлік нарық ретінде қалыптастырылуда.
Ұлттық нарықтардың ерекшеліктерін ескере отырып, тараптар ОЭН ЕАЭО қалыптастыру кезінде қолданыстағы ұлттық электр энергетикалық нарықтарды сақтап қалу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығына қатысушылар арасында электр энергиясының өзара саудасын жүзеге асыру тәсілдері:
еркін екіжақты шарттар;
мерзімді шарттар бойынша орталықтандырылған сауда-саттық (апта, ай, тоқсан, жыл);
тәуліктік алдын ала орталықтандырылған сауда-саттық;
электр энергиясының нақты сальдо-ағындарының жоспарлы мәндерден сағат сайынғы ауытқуларын реттеу болады.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ішкі көтерме нарықтарының әрбір субъектісінің ОЭН ЕАЭО-ға қатысу кезіндегі мүмкіндіктері бірінші кезекте қатысушы елдердегі энергетикалық тұрақтылық пен әлемдегі экономикалық жағдайға, генерациялайтын қуаттарды дамытуға және, әрине, электр энергетикасы саласындағы жүргізіліп жатқан саясатқа байланысты болады.
2. Орталық Азия елдерінің өңірлік электр энергиясы нарығы (CAREM – Central Asia Regional Electricity Market).
Жоба шеңберінде Орталық Азияның (бұдан әрі – ОА) бес мемлекетіне техникалық жәрдем көрсетіледі және олардың өңірлік нарықты қалыптастыру әлеуетін арттыруға қолдау көрсетіледі. Мұндай нарық өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтады, әр елдің энергетикалық секторына жеке инвестициялар тартады және экономикалық өсуге үлес қосады, сондай-ақ Орталық Азия, Ауғанстан және Пәкістан арасында электр энергиясының саудасын жолға қоюға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Орталық Азияның өңірлік электр энергиясы нарығының негізгі мақсаты мен артықшылықтары мыналар есебінен электр энергиясы нарықтарының тиімділігін арттыру болып табылады:
бастапқы энергетикалық ресурстарды пайдалануды оңтайландыру;
резервтерді бірлесіп пайдалану және төтенше жағдайларда қолдау көрсету есебінен тиісті энергетикалық жүйелердің сенімділігі мен тиімділігін арттыру;
теңгерімдеуші ресурстарды біріктіру есебінен ЖЭК негізіндегі тұрақсыз генерация көлемдерінің үнемі өсуін энергетикалық жүйелерге интеграциялау үшін жағдайларды жақсарту.
ОА елдерінің электр энергиясы нарықтарын интеграциялау үшін Орталық Азияның энергетикалық жүйелері – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан жүйелері қазірдің өзінде біріктірілгені, ал Түрікменстан 2003 жылы ажыратылғаннан кейін ОА Біріккен энергетикалық жүйесіне қосылуға ниетті екені маңызды мән-жай болып табылады.
2.9 Кәсіби кадрлар мәселелері
Электр энергетикасы саласында өндірістік персоналға ақы төлеудің төмен деңгейі сақталып отыр, осыған байланысты білікті кадрлардың жалақы деңгейі көптеген өңірлерде 1,5 – 3 есе жоғары болатын сабақтас салаларға кетуі байқалады.
4-диаграмма – Орташа жалақы
4-диаграммада ЖЭО өндірістік персоналының орташа жалақысы туралы өңір бойынша орташа жалақымен және өңірдегі өнеркәсіп секторындағы орташа жалақымен салыстырылған жиынтық ақпарат көрсетілген.
Өңір бойынша орташа жалақымен салыстырғанда ЖЭО өндірістік персоналының жалақы деңгейі тек Алматы қаласында, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында қанағаттанарлық.
Республикалық маңызы бар қалған 2 қалада және 12 өңірде ЖЭО-дағы орташа жалақы өңір бойынша орташа жалақы деңгейіне жетпейді. Бұл ретте Қызылорда облысында (өңір деңгейінің 44 %-ы) және Абай облысында (өңір деңгейінің 49 %-ы) жағдай аса күрделі.
Өңір бойынша өнеркәсіп секторындағы орташа жалақымен салыстырғанда ЖЭО өндірістік персоналының жалақы деңгейі тек Алматы қаласында, Алматы, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында қанағаттанарлық.
Республикалық маңызы бар қалған 2 қалада және 13 өңірде ЖЭО-дағы орташа жалақы өңірдегі өнеркәсіп секторындағы орташа жалақы деңгейімен бәсекеге қабілетті емес. Бұл ретте Атырау (өңірдегі өнеркәсіп секторы деңгейінің 30 %-ы), Батыс Қазақстан (өңірдегі өнеркәсіп секторы деңгейінің 34 %-ы) және Маңғыстау (өңірдегі өнеркәсіп секторы деңгейінің 37 %-ы) облыстарында жағдай аса күрделі.
5-диаграмма – ЭӨҰ кадрларының тапшылығы
ЭӨҰ сауалнамасына сәйкес, кадрлардың жетіспеушілігі бар, бұл ұйымдардың сенімді жұмыс істеуіне де теріс әсер етеді. 5-диаграммада 2022 жылдың соңындағы ел станцияларындағы өндірістік персонал тапшылығы туралы ақпарат көрсетілген. Бұл ретте "Ақтөбе ЖЭО" АҚ, "Риддер ЖЭО" АҚ, "Степногорск ЖЭО" ЖШС, "Павлодарэнерго" АҚ (ЖЭО-3), "Теплокоммунэнерго" МКК, "Екібастұзэнерго" ЖШС ұйымдарында жұмыс персоналының тапшылығы ең жоғары.
2.10 Электр энергетикасы саласының негізгі проблемалары
Авариялылық көрсеткіштерінің жоғары болуы. 2022 жылы электр станцияларында 1789 технологиялық бұзушылық орын алды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда (1456) 23 %-ға артық. Петропавл ЖЭО-2, Екібастұз, Риддер ЖЭО-ларында болған ірі аварияларды ескеру қажет. Электр желілерінде 20017 технологиялық бұзушылық орын алды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда (13525) 48 %-ға артық.
Авариялылық көрсеткіштері мен негізгі жабдықтың тозу деңгейінің өсуінің басты факторлары:
энергия кәсіпорындары акционерлерінің (құрылтайшыларының) және бірінші басшыларының жүргізілетін жөндеу науқандарының сапасы үшін жауапкершілігінің болмауы;
уәкілетті органдар мен энергетикалық компаниялар қызметкерлерінің біліктілігінің және жалпы өндірістік тәртіптің төмендеуі;
саланың инвестициялық тартымдылығының төмендеуі және соның салдарынан энергетикалық активтерді реконструкциялау, жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігінің шектелуі, бұл олардың физикалық және моральдық тозуына алып келді.
Электр энергиясы мен қуатының тапшылығы. Генерациялайтын қуаттардың жеткіліксіздігіне байланысты 2023 – 2029 жылдарға арналған электр энергиясы мен қуатының болжамды теңгерімдеріне сәйкес (20.01.2023 жылғы № 20 бұйрықпен бекітілген) мынадай тапшылық болжанады:
электр энергиясы: 2023 жылы – 0,8 млрд кВтсағ, 2024 жылы – 1,6 млрд кВтсағ, 2025 жылы – 1,6 млрд кВтсағ, 2028 жылы – 1,3 млрд кВтсағ, 2029 жылы – 5,5 млрд кВтсағ;
электр қуаты: 2023 жылы – 1414 МВт, 2024 жылы – 1239 МВт, 2025 жылы – 1354 МВт, 2026 жылы – 454 МВт, 2027 жылы – 1184 МВт, 2028 жылы – 2158 МВт, 2029 жылы – 3076 МВт.
Бұл ретте жаңа қуаттарды енгізу бойынша жоспарланған бірқатар жобалар 5 жылдан астам уақытқа кешіктіріліп іске асырылуда немесе мүлдем тоқтатылған.
Энергетикалық жүйенің тұтастығын қалыптастыру қажеттілігі. Жаңа генерациялайтын қуаттарды енгізу кезінде ұлттық электр желісін нығайту және дамыту, сондай-ақ елдің батыс бөлігіндегі реттеуші қуат әлеуетін іске қосу қажет.
Жылу энергетикасының нашар дамуы. Әлеуметтік маңыздылығына қарамастан, елдің жылу энергетикасын тиісті деңгейде дамыту жүзеге асырылмай отыр. 2023 жылдың басында көптеген өңірлердің жылу инфрақұрылымының техникалық жай-күйі қанағаттанарлықсыз күйде, жылу энергетикасы саласындағы қатынастар мен бақылау мәселелерін реттейтін салалық заңнамадағы құқықтық олқылықтар шешілмеген. Өңірлерде жылумен жабдықтауды дамыту схемалары (жоспарлары) жоқ. Бұдан басқа, нарық жылу энергиясына төмен тарифтермен, төмен инвестициялық тартымдылықпен және білікті кадрлардың болмауымен сипатталады. Сонымен бірге жергілікті жерлерде орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінің техникалық жай-күйі мен өнімділігі туралы толық және анық ақпараттың болмауы проблемасы бар, бұл саланың жай-күйін сапалы бағалауға және дамытуды жоспарлауға мүмкіндік бермейді.
Саланы цифрландыру деңгейінің жеткіліксіздігі. 2023 жылдың басындағы жағдай бойынша энергияны өндіру, беру және тұтыну процестерінде цифрландыру мен автоматтандыру деңгейінің төмендігі (қамту ауқымының шектеулілігі) мыналарға алып келеді:
деректердің сенімділігін жинау мен верификациялаудың бірыңғай жүйесінің болмауына, деректерді қолмен жинаудың басым болуына;
нақты уақыт режимінде электр режимдерінің бақылануының төмен болуына және энергетикалық жүйені басқару тиімділігінің шектелуіне;
тұтынушылардың өз энергия тұтыну режимдерін басқару мүмкіндігінің шектелуіне.
Экологиялық міндеттемелерге қол жеткізу жолындағы шектеулер. Елде көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатында саланы декарбонизациялау бағыты қабылданды. Осыған байланысты жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) мен баламалы энергетиканы дамыту арқылы экологиялық міндеттемелерді орындау басталды. Алайда энергетикалық қауіпсіздік мақсатында табиғи газдың барланған қорларының азаюын және газ тасымалдау инфрақұрылымының шектеулілігін (газ станцияларын енгізу қарқыны төмендетілетін болады) ескере отырып, орта мерзімді перспективада көмір станциялары генерация секторында өз орнын сақтайды. Ең үздік қолжетімді техникаларды (бұдан әрі – ЕҚТ), қоршаған ортаға эмиссияларды мониторингтеудің автоматтандырылған жүйесін (бұдан әрі – ЭМАЖ), көміртекті ұстау мен сақтауды, атмосферадан тікелей алуды (DAC, Direct Air Capture) енгізу көп қаражатты қажет етеді, ал осы іс-шараларға арналған шығындар қолданыстағы тариф қалыптастыру әдістемесінде көзделмеген. Осылайша, қазіргі уақытта экологиялық іс-шараларды (ЭМАЖ мен ЕҚТ енгізу, I санаттағы объектілерді пайдалану салдарын жоюды қаржылық қамтамасыз ету) қаржыландыру тетігі мен көзі жоқ. Бұдан басқа, көміртегі бейтараптығына көшу кезеңіндегі ұзақ мерзімді перспективада генерациялайтын қуаттарды енгізу және пайдаланудан шығару жоспарлары келісілмеген.
Тариф қалыптастыру жүйесінің тиімсіздігі. Тарифтердің ұзақ уақыт бойы ұстап тұрылуына байланысты салаға инвестициялардың төмен деңгейі қалыптасты, бұл жоғарыда аталған проблемаларға алып келді. Бұл проблемаларды шешу салаға жеткілікті көлемде қаражат құйылмайынша мүмкін емес, ал бұл өз кезегінде тариф саясатын қайта қарауды талап етеді. Қазіргі жағдайларда тарифтерді инфляция деңгейіне индекстеу жеткіліксіз, өйткені көптеген жылдар бойы тарифтерді жасанды түрде ұстап тұру желілердің тозуына, сондай-ақ жалақының төмен деңгейіне байланысты білікті кадрлардың кетуіне алып келді. Бұдан басқа, мемлекет тарапынан электр энергетикасы саласындағы көп қаражатты қажет ететін салымдарды жеңілдікпен кредиттеу бойынша қолдау шаралары жоқ.
Энергетикалық бақылау жүйесінің тиімсіздігі. Салада энергетикалық бақылаудың қолданыстағы жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар қажет, мысалы, қарсы міндеттемелер енгізу, энергетикалық кешен субъектілері мен олардың бірінші басшыларының жауапкершілігін арттыру, нұсқамалардың мәжбүрлеп орындалуын қамтамасыз ету, энергия кәсіпорындары мен табиғи монополиялар субъектілерінің (бұдан әрі – ТМС) сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету.
Көтерме нарық моделін дамыту қажеттілігі. Көтерме нарықтың қолданыстағы моделінде мынадай олқылықтар бар: электр энергиясын сатып алу және сату кезіндегі алыпсатарлық операциялар, өнімсіз делдалдар, электр энергиясына тең және кемсітусіз қол жеткізудің болмауы, теңгерімдеуші нарықтың имитациялық режимде жұмыс істеуі, қуат нарығында энергия өндіруші ұйымдардың қаражатты нысаналы пайдалану жөніндегі міндеттемелерінің болмауы, жүйелік және қосалқы қызметтер нарығының дамымауы және оның іс жүзінде толығымен импорттық жеткізілімдерге тәуелді болуы, тігінен интеграцияланған компаниялардың жоғары шоғырлануының сақталуы.
Институционалдық базаның болмауы. 2023 жылдың басында энергетика саласының институционалдық негізі әлсіз қалыптасты, бұл талдамалық жұмыс жүргізу, стратегия мен заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстар әзірлеу үшін Энергетиканы дамыту институтының болмауынан көрінеді. Бұдан басқа, зерттеулер мен жаңа әзірлемелер жүргізу үшін инвестициялық қолдау жоқ.
Саладағы жалақы деңгейінің төмендігі және білікті кадрлардың тапшылығы. Электр энергетикасы саласының негізгі проблемаларының бірі өндірістік персоналға ақы төлеу деңгейінің төмендігі болып табылады. Осыған байланысты білікті кадрлардың сабақтас салаларға жаппай кетуі байқалады. Энергия кәсіпорындарының еңбекақы төлеу қоры тарифтік сметамен, тиісінше тарифтермен шектелетінін атап өткен жөн.
Проблемалар мен үрдістерді талдау қорытындылары
Проблемалардың көпшілігі электр энергетикасының жекелеген салалары үшін ортақ және салааралық сипатқа ие, оларға мыналар жатады:
1) Техникалық жай-күйі және шектеулер:
электр энергиясы мен қуатының болжамды тапшылығы;
тозудың жоғары деңгейі және соның салдарынан ҚР БЭЖ энергетикалық активтерінің (генерациялайтын және энергия беруші) жоғары авариялылығы;
ҰЭЖ жекелеген энергия тораптары арасындағы өткізу қабілетінің шектелуі және ҚР БЭЖ-нің батыс аймағының оқшаулануы;
саланы цифрландыру мен автоматтандыру деңгейінің төмендігі.
2) Инвестициялық шығындар:
тарифтік реттеудің қолданыстағы жүйесіне байланысты энергетикалық активтерге инвестициялардың төмендеуі, бұл сондай-ақ меншікті шығындарды азайтуға және тиімділікті арттыруға ынталандырудың болмауына алып келеді;
тарифтерді инфляция деңгейіне индекстеуді ескеретін тариф қалыптастырудың ұзақ мерзімді мемлекеттік саясатының болмауы;
мемлекет тарапынан электр энергетикасы саласындағы көп қаражатты қажет ететін салымдарды жеңілдікпен кредиттеу бойынша қолдау шараларының болмауы.
3) Нарықтық кемшіліктер:
электр энергиясы нарығының қағидалары мен дизайнының нарықтық негіздері және нарық сегменттерін (электр энергиясын өндіру мен жабдықтауды) бағалық реттеу саясаты арасындағы қайшылықтар.
4) Реттеушілік проблемалар:
энергия беруші ұйымдардың көп болуы;
тәуелсіз Нарық кеңесінің болмауы.
5) Экологиялық міндеттемелерге қол жеткізу жолындағы шектеулер:
экологиялық саясат пен саланы тарифтік реттеу саясатының үйлеспеуі;
экологиялық іс-шараларды (ЭМАЖ мен ЕҚТ енгізу, I санаттағы объектілерді пайдалану салдарын жоюды қаржылық қамтамасыз ету) қаржыландыру тетіктері мен көздерінің болмауы;
көміртегі бейтараптығына көшу перспективасында генерациялайтын қуаттарды енгізу және пайдаланудан шығару жоспарларының келісілмеуі.
6) Институционалдық мәселелер:
электр энергетикасы саласын дамыту институтының және (немесе) ғылыми-техникалық кеңестің болмауы (талдамалық жұмыс жүргізу, экономикалық модельдеу және электр энергетикасы саласының экономикаға әсерін есептеу, заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және саланың стратегиялық пайымын қалыптастыру).
7) Әлеуметтік-экономикалық мәселелер:
энергетикалық компаниялардың жалпы өндірістік тәртібінің нашарлауы;
саладағы еңбекақының төмендігі және соған сәйкес кадрлардың жетіспеушілігі;
мемлекеттік органдар мен энергетикалық компаниялар қызметкерлерінің біліктілігінің төмендеуі.
3-бөлім. Халықаралық тәжірибеге шолу
3.1 Электр энергиясы нарығының модельдері
Электр энергетикасын реформалаудың әлемдік тәжірибесін жинақтай келе, электр энергетикасы саласының жұмыс істеуінің төрт базалық моделін бөліп көрсетуге болады:
1) тігінен интеграцияланған модель – электр энергиясын өндіруден бастап өткізуге дейінгі цикл интеграцияланған компания шеңберінде жүзеге асырылады, бұл ретте өткізу реттелетін тарифтер бойынша жүргізіледі;
2) тәуелсіз өндірушілер моделі – мәні бойынша өндірушілер арасында бәсекелестік болған жағдайда тігінен интеграцияланған модель;
3) бірыңғай сатып алушы моделі – электр энергиясын реттелетін тарифтер бойынша өткізу компанияларына сататын бірыңғай сатып алушыға электр энергиясын жеткізуге арналған шартты алу үшін өндірушілер арасындағы бәсекелестік;
4) бәсекелес модель – электр энергиясын көтерме нарығы шеңберінде электр энергиясын өндірушілер арасындағы бәсекелестік, оның негізгі сатып алушылары тұтынушымен тікелей өзара іс-қимыл жасайтын өткізу компаниялары болып табылады.
Аталған модельдердің әрқайсысының артықшылықтары да, кемшіліктері де бар, олардың үйлесімі белгілі бір елге тән ішкі факторлармен бірге электр энергетикасы саласының жұмыс істеуінің нысаналы моделін таңдауға әсер етеді. Төрт модельдің әрқайсысының артықшылықтары мен кемшіліктері 2-кестеде көрсетілген.
2-кесте – Электр энергетикасы модельдерінің артықшылықтары мен кемшіліктері
| Модельдер | Артықшылықтары | Кемшіліктері |
|---|---|---|
| Тігінен интеграцияланған модель | қалыптасқан құрылымды сақтау; бағаларды бақылау мүмкіндігі – тұтынушылар мен мемлекет үшін болжамдылық | тиімділікті арттыру үшін экономикалық ынталандырудың болмауы; саланы қаржыландыруға мемлекеттің қатысу қажеттілігі немесе шығындарды тұтынушыларға жүктеу |
| Тәуелсіз өндірушілер моделі | ең аз құрылымдық өзгерістер кезінде жеке инвесторларды тарту; бағаларды бақылау мүмкіндігі – тұтынушылар мен мемлекет үшін болжамдылық | салаға жеке капитал тарту үшін бағалар деңгейіне және нарықтың басқа құрамдас бөліктеріне қатысты мемлекеттік кепілдіктердің қажеттілігі |
| Бірыңғай сатып алушы моделі | шектеулі құрылымдық өзгерістер кезінде жеке инвесторларды тарту; бағаларды бақылау мүмкіндігі; тұтынушылар мен мемлекет үшін болжамдылық | "бірыңғай сатып алушының" жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету қажеттілігі; "бірыңғай сатып алушыдан" электр энергиясы үшін төлемнің уақтылы алынбауына байланысты энергия өндіруші ұйымдарда кассалық алшақтықтың туындауы |
| Бәсекелес модель | жеке инвесторлар үшін тартымдылық; тиімділікті арттыруға ынталандырудың болуы; саланың өзіндік дамуын ынталандыру | бағаларды бақылау мүмкіндігінің болмауы; елеулі құрылымдық өзгерістер қажеттілігі; бағалар деңгейін экономикалық негізделген деңгейге дейін түзету |
Әртүрлі елдердің электр энергетикасындағы экономикалық қатынастарды ұйымдастыру модельдері негізгі мақсатқа сәйкес және бастапқы экономикалық жағдайлардың болуын негізге ала отырып құрылды (генерациялайтын қуаттардың жеткіліктілігі, электр энергиясын өндірудің салыстырмалы көлемі, ел ішіндегі берілістің көршілес елдермен интеграциялану деңгейі, көтерме нарықтағы бағалардың экономикалық құнмен арақатынасы, қор нарығына қол жеткізу және т.б.), ал қайта құрылымдау себептеріне байланысты оның нақты жолдары мен бағыттары таңдалды.
Әртүрлі елдерде электр энергетикасын нарықтық қайта құрудың нақты жолдары әртүрлі. Сонымен бірге әрбір ел қайта құрылымдауды жүзеге асыру мүмкін болмайтын жалпы қағидаттық міндеттерді шешті. Мұндай міндеттерге мыналар жатады: электр энергетикасын жеке меншікке беру технологиясы, тәуелсіз нарық субъектілерінің түрлерін айқындау, электр энергиясы нарығын ұйымдастыру нысанын таңдау, электр энергиясы нарығында сауда мен есеп айырысу тетігін әзірлеу, электр энергиясы нарығын реттеу дәрежесін, нысаны мен әдістерін айқындау.
Ұлттық энергетиканың жұмыс істеуі мен дамуының белгілі бір дәрежеде бәсекелес нарықтық моделіне көшу саланың кәсіпорындарын қайта құрылымдау жолына түскен әрбір ел қандай да бір түрде шешуге мәжбүр болатын белгілі бір проблемалармен байланысты:
саланы функциялары бойынша бөлу, яғни электр энергиясын өндіруді оны тасымалдау мен бөлуден ажырату;
генерацияның бәсекелес нарығын құру;
электр энергетикасы шаруашылығының инфрақұрылымын қалыптастыру;
мемлекеттік реттеудің неғұрлым ұстамды саясатын қолдану;
бағаны тек оның жоғарғы шегін шектеу арқылы реттеу, пайда нормасын шектеу арқылы реттеуден бас тарту;
электр энергиясын беру функциясын оны бөлуден және өткізуден ажырату;
электр энергиясымен сауда жасау саласында бәсекелестік үшін жағдайларды біртіндеп қалыптастыру;
ұлттық электр энергетикасына шетелдік инвестициялар тарту;
тәуелсіз жүйелік операторларды құру.
Жекелеген елдің электр энергетикасындағы проблемаларды шешу және кәсіпорындарды қайта құрылымдау жолын таңдау негізінен ұлттық ерекшелікпен ғана емес, сондай-ақ әрбір нақты мемлекеттің инвестициялық мүмкіндіктерімен де байланысты.
Функционалдық бөлу және бәсекелес тетікті енгізу негізінде ұлттық энергетикалық компанияларды қайта құрылымдау процестерінің мәні мен мазмұнына жүргізілген талдау нәтижесінде қазіргі кезеңде электр энергиясының көтерме нарығы белгілі бір дәрежеде қалыптасқан және көптеген елдерде оң нәтижелерге, атап айтқанда, тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға, электр энергетикасы жұмысының тиімділігін өсіруге және сала өнімдерінің бағасын төмендетуге қол жеткізілген деген қорытынды жасауға болады.
Осылайша, әлемдік тәжірибені негізге ала отырып, Қазақстанда электр энергиясының көтерме нарығының моделі реформаланатын болады.
3.2 Электр энергетикасында өзін-өзі реттейтін ұйымдарды ұйымдастыру және олардың жұмыс істеу тәжірибесі
Электр энергетикасы саласындағы төрт өзін-өзі реттейтін ұйымның – Ресей Федерациясының, Еуропалық Одақтың, Америка Құрама Штаттарының Техас штатының (ERCOT – Electric Reliability Council of Texas), сондай-ақ Солтүстік Американың электрмен жабдықтау сенімділігі жөніндегі корпорациясының (NERC – North American Electric Reliability Corporation) халықаралық тәжірибесі USAID (United States Agency for International Development) "Орталық Азия энергетикасы" жобасы үшін TETRA TECH ES, INC компаниясы дайындаған Қазақстанның нарық кеңесі – жаңа модель туралы есептен алынған.
Нарық кеңесі (Ресей Федерациясы). Нарық кеңесі электр энергиясы нарығының коммерциялық инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету, электр энергиясының көтерме және бөлшек нарықтарының тиімді өзара байланысын орнату, электр энергетикасы саласына инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау және электр энергетикасы мәселелері бойынша көтерме және бөлшек нарыққа қатысушылардың ортақ ұстанымын қалыптастыру, сондай-ақ электр энергиясы нарығында өзін-өзі реттеуді ілгерілету мақсатында құрылған.
Нарық кеңесі көтерме нарық субъектілерінің тізілімін жүргізеді; көтерме нарық регламенттерінің нысандарын, үлгілік шарттарды әзірлейді; көтерме нарық субъектілері мен электр энергетикасының басқа субъектілері арасындағы дауларды сотқа дейін реттеу (делдалдық) процестерін ұйымдастырады; көтерме нарық субъектілеріне қатысты мүліктік және қолданыстағы айыппұл санкцияларын қолдану жүйесі мен тәртібін, оның ішінде Электр энергиясының көтерме нарығынан шығаруды белгілейді; көтерме және бөлшек нарықтардың қағидалары жобаларын және оларға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды дайындауға қатысады; көтерме нарық субъектілерінің көтерме нарық нормалары мен қағидаларын сақтауын бақылайды; ЖЭК негізінде өндірілетін электр энергиясы көлемін білікті генерациялайтын объектілер бойынша растайды; көтерме және бөлшек нарықтардағы баға ахуалына мониторинг жүргізеді; меншік иесі пайдаланудан шығару туралы өтініш берген электр станциясын пайдаланудан ықтимал шығару салдарынан электр энергиясының (қуатының) көтерме және бөлшек нарықтарындағы тұтынушылар үшін экономикалық салдарға бағалау жүргізеді.
ERCOT (Техас, АҚШ). Техаста ашық нарықта жұмыс істейтін ондаған қосылған көтерме және бөлшек электр энергиясын жеткізушілері бар энергетикалық жүйе жұмыс істейді. ERCOT – штаттың энергетикалық жүйесінің жұмысын, сондай-ақ көтерме және бөлшек нарықтардың жұмысын басқаратын, бұл ретте беру жүйесіне кемсітусіз ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін тәуелсіз коммерциялық емес ұйым. ERCOT штаттың коммуналдық қызметтерді реттеу жөніндегі комиссиясының реттеуінде болады.
ERCOT-тың негізгі жауапкершілігі штаттың шамамен 26 миллион тұрғыны үшін энергетикалық жүйенің сенімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында сұраныс пен ұсынысты теңгеруді қамтамасыз ету және электр энергиясының ағынын басқару болып табылады.
ERCOT сондай-ақ электр энергиясын жеткізушілер мен энергия өндіруші ұйымдар арасындағы биржалық мәмілелерді мониторингтеу және басқару, орындалатын операциялардың ERCOT белгілеген қағидалар мен ережелерге сәйкестігін бақылау арқылы электр энергиясы нарығында бәсекеге қабілеттіліктің сақталуын қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, басқа ұйымдастырылған нарықтардағы сияқты, ERCOT-та нарықты бақылау жөніндегі тағайындалған бақылаушы бар, оның рөлі нарықтың бәсекеге қабілеттілігін, нарыққа қатысушылар тарапынан ықтимал немесе нақты теріс пайдаланушылықтарды бағалау және нарықтың жұмыс істеуін жақсарту жөнінде ұсынымдар әзірлеу болып табылады. Сонымен қатар реттеуші органдар да нарықты бақылап, нарықта қалыптасқан бағаларды қоса алғанда, нәтижелердің әділдігі мен негізділігін қамтамасыз етеді.
2021 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша ERCOT жүйелік әкімшілендіру тарифі есебінен қаржыландырылатынын мәлімдеді, оның мөлшері 1 МВтсағ үшін 55,5 центті, яғни 1 кВтсағ үшін 0,0555 центті құрайды. Техас тұрғындарының көпшілігі үшін бұл электр энергиясы үшін төленетін ай сайынғы шоттың шамамен 50-60 центі ERCOT-ты қаржыландыруға жұмсалатынын білдіреді.
NERC (Солтүстік Американың электрмен жабдықтау сенімділігі жөніндегі корпорациясы). NERC – Солтүстік Американың энергетикалық жүйелерінің жоғары вольтты деңгейде (Bulk Power System немесе BPS) сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін құрылған халықаралық ұйым. Оның миссиясы энергетикалық жүйенің сенімділігі мен қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін тәуекелдерді тиімді азайтуды қамтамасыз етуден тұрады, осы мақсатта ол "сенімділік стандарттарын әзірлейді және қолданады; маусымдық және ұзақ мерзімді сенімділікті жыл сайын бағалайды; жоғары вольтты деңгейдегі энергетикалық жүйелерге мониторинг жүргізеді, сондай-ақ сала персоналын оқытады, даярлайды және сертификаттайды". NERC жауапкершілік аймағы АҚШ-тың құрлықтық бөлігін, Канаданы және Мексикадағы Төменгі Калифорния штатының солтүстік бөлігін қамтиды. NERC Солтүстік Америкадағы электрмен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз ету жөніндегі ұйым (ERO – Electric Reliability Organisation) болып табылады, оның қызметіне АҚШ-тың Федералдық энергетикалық реттеу комиссиясы (бұдан әрі – FERC) (Federal Energy Regulatory Commission) және Канаданың мемлекеттік органдары қадағалау жүргізеді. NERC юрисдикциясына шамамен 400 миллион адамға қызмет көрсететін жоғары вольтты электрмен жабдықтау жүйелерінің тұтынушылары, иелері мен операторлары кіреді.
NERC-тің жыл сайынғы бизнес-жоспары мен бюджеті FERC-тің бекітуіне жатады, ал бекітілгеннен кейін NERC-ті жыл сайын қаржыландыру негізінен тұтынушыларға қызмет көрсететін ұйымдардың жарналары есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл жарналар "электр энергиясына сұраныс" қағидаты бойынша бөлінеді. Канадада да әрбір провинцияның нақты заңдары мен қағидаларына сәйкес осындай қаржыландыру тетіктері көзделген. Өңірлік ұйымдарды қаржыландыруға қойылатын талаптар NERC пен FERC қарауға және бекітуге тиіс тиісті бизнес-жоспарлар мен бюджеттерде жеке қаралады. АҚШ-та өңірлік ұйымдарға арналған төлемдер тұтынушыларға қызмет көрсететін ұйымдар үшін NERC-тің жалпы төлемдеріне енгізілген. NERC сондай-ақ үшінші тараптардың қаржыландыруы, оқыту, тестілеу, семинарлар, бағдарламалық қамтамасыз ету қызметтері үшін төлемдер және электр желілерінің сенімділігін бұзғаны үшін салынатын айыппұлдардың пайыздық бөлігін аудару есебінен қаржыландырылады.
Nord Pool (Солтүстік Еуропа). Nord Pool тобы Еуропаның 16 елінде электр энергиясын саудалау, клиринг, шарттар жасасу және тәуліктік алдын ала және күн ішіндегі нарықтарда ілеспе қызметтер көрсету бөлігінде жетекші еуропалық электр энергиясы нарығының жұмысын қамтамасыз етеді. Скандинавия елдері, Еуропа құрлығы және Балтық елдері арасындағы жүйеаралық байланыстар ірі нарық құруға мүмкіндік берді, бұл энергиямен жабдықтау сенімділігін арттырды, сондай-ақ энергия өндірудің әртүрлі көздеріне қол жеткізуге жол ашты. Солтүстік және Балтық өңірлеріндегі, Біріккен Корольдіктегі (Ұлыбритания), Орталық Батыс Еуропадағы (Австрия, Бельгия, Франция, Германия, Люксембург және Нидерландыны қамтитын) және Польшадағы Nord Pool нарықтарында 20 елден шамамен 360 кәсіпорын сауда жасайды.
Nord Pool қуатпен сауда жасалмайтын нарықтарға қарағанда тек электр энергиясы саудаланатын нарықтарға жатады (қуатпен сауда жасалмайтын нарықтар), мысалы, Ресейдегідей қуат үшін төлем мен сауда бар нарықтардан ерекшеленеді. Nord Pool электр энергиясы нарықтарында тұтынушылар генерациялайтын қуаттардың болуына ақы төлемейді, ал электр энергиясын жеткізушілер қуат үшін төлем алмайды.
Nord Pool нарық жүйесі төрт тәуелсіз нарықтан – спот, фьючерстік, опциондық және базалық нарықтардан тұрады. Скандинавия электр энергиясы нарығының мынадай ерекшеліктері бар: бірыңғай сауда қағидалары, электр энергиясын сатып алу мен сату үшін трансшекаралық баждардың болмауы, орталықтандырылған нарықта электр энергиясын екі нысанда саудалау (электр энергиясын физикалық жеткізу, яғни өндірушіден тұтынушыға электр энергиясын тікелей жеткізу және қаржы құралдары).
Қазақстанда әлемдік тәжірибені ескере отырып, Нарық кеңесі де реформаланып, жетілдірілетін болады.
3.3 Цифрландыру
Заттар интернеті
PricewaterhouseCoopers (PwC) бағалауы бойынша Ресейдің электр энергетикасы желілік кешенінде заттар интернетін енгізу кезінде қосалқы станцияларды, электр беру желілерін және желінің басқа да элементтерін қашықтан мониторингтеу есебінен олардың бақылануын жақсартуға баса назар аудару қажет. Мұндай жобалар пайдалану мен жөндеу шығындарын азайтуға, сонымен қатар технологиялық және коммерциялық шығындардың алдын алуға көмектеседі.
Электр энергиясын өндіру саласына келетін болсақ, онда Internet of Things (бұдан әрі – IoT) (заттар интернеті) қолдану отын шығынын азайтуға мүмкіндік береді, ал қазіргі уақытта отынды сатып алуға станциялардың операциялық шығындарының жартысынан астамы жұмсалады. Сарапшылардың болжамы бойынша 2025 жылға дейін электр энергетикасында IoT енгізуден түсетін жалпы экономикалық әсер 532 млрд рубльге жетеді, оның 180 млрд рублі энергия шығындарының алдын алудан құралады.
Энергетика саласындағы IoT негізіндегі шешімдер жабдықтың жұмыс істеуі барысында қалыптасатын үлкен деректер массивтерін өңдеу және талдау үшін жасанды интеллект (бұдан әрі – ЖИ) және машиналық оқыту функцияларымен жиі үйлестіріледі. Технологиялар объектілердің жұмысындағы айқын емес заңдылықтарды анықтауға, кәсіпорынды тура мағынасында "естуге" және осы ақпарат негізінде жаңа деңгейде диалог құруға көмектеседі. Әлемдік тәжірибеде деректерді жинау және талдау құралдарының көмегімен негізгі жұмыс процестерін толық автономды режимде тиімді бақылауға және басқаруға қабілетті электр станциялары пайда болуда. Мысалы, ЖИ мен машиналық оқыту мүмкіндіктері газ турбиналарын мониторингтеу және реттеу міндеттерін орындауға толық жеткілікті – бүкіл әлем бойынша мыңдаған кәсіпорында бұл міндеттер белгілі бір дәрежеде автоматтандырылған.
Ресейдің электр энергетикасындағы табысты IoT жобаларының мысалдары ретінде "Интер РАО Электрогенерация" компаниясындағы жобаны келтіруге болады. Компанияда енгізілген технологиялық ақпаратты жинау, беру және есептеу жүйесі отынның артық жағылуын қысқартуға көмектеседі және жұмыс сенімділігін арттырады. Жүйенің отынды жыл сайын 130 млрд рубль үнемдеуге мүмкіндік беретінін ескере отырып, жобаның өтелу мерзімі 5–7 жыл деп бағаланады.
Датчиктерді орнатудың техникалық мүмкіндігі жоқ жерлерде міндет персоналды eSOMS (electronic Shift Operations Management System, пайдаланым бойынша ауысымды басқарудың электрондық жүйесі) жүйелерімен жабдықтау есебінен шешіледі. "Росэнергоатом" корпорациясы мұндай шешімдерді Смоленск және Воронеж атом электр станцияларында (бұдан әрі – АЭС) енгізді, онда олардың көмегімен объектілерді аралау, есептер жасау және тарихи деректерді салыстыру міндеттерін оңтайландыруға, сондай-ақ болжамдық модельдер құруға мүмкіндік туды.
Роботтандыру
Электр энергетикасында электр станциялары персоналы үшін қауіпсіз еңбек ортасының жаңа деңгейін құруға инвестициялар өсуде, мұндағы озық бағыттардың бірі – еңбек жағдайларының төтенше сипатына төзімді және қашықтан басқарылатын роботтарды коммерциялық пайдалануға енгізу. Мұндай шешімдер де ЖИ/IoT технологияларына негізделген, ал соңғы уақытта олардың мүмкіндіктеріне роботтағы камералардан алынған кескінге интерактивті құрамдас бөлікті қосатын кеңейтілген шындық функциясы қосылуда.
Батыс елдерінде жоғары вольтты электр беру желілерін диагностикалау және қызмет көрсету функцияларын орындайтын роботтар әзірленіп, енгізілуде. Мұндай механизмдер желі сымдарына ілінеді, ал олардың әрекеттерін жерден контроллердің көмегімен оператор басқарады. Роботтар сымдардағы проблемалық учаскелерді анықтауға мүмкіндік беретін датчиктермен және бейнекамералармен жабдықталған.
Қысы ұзақ болатын аудандарда электр беру желілеріндегі қар мен мұзды тазалайтын робот-тазалағыштар пайдаланылады, оның үстіне кейбір модельдер болттар мен сомындарды бұрап босатуға және қайта бұрауға, сымдардағы бөгде заттарды алып тастауға қабілетті. АЭС-терде де роботтандыру жүргізілуде: мысалы, роботтарға реакторлардың бастапқы контурларын ультрадыбыс арқылы тексеру міндеттері беріледі.
Ақылды желілер (Smart Grid)
Электр желілерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесі бүкіл әлемде әлі де шешімін таппай отыр: тіпті осы тұрғыдан алғанда салыстырмалы түрде қолайлы елдердің өзінде желілердің 100 %-дық істен шығуға төзімділігіне қол жеткізу мүмкін емес. АҚШ-та бұл көрсеткіш 99,97 %-ды құрайды, жылына орын алатын бірнеше ғана іркіліс 100-150 млрд АҚШ доллары көлемінде шығынға әкелуі мүмкін.
Осы мәселені шешу үшін Smart Grid технологиялар тобы – «ақылды электр желісі» технологиялары қолданылады. Негізінен, бұл бүгінгі таңда белсенді дамып келе жатқан бірнеше тұжырымдама негізінде құрылған, орталықтандырылуы азайтылған, басқарылуы жоғары автоматтандырылған инфрақұрылым. Олардың қатарына тұтынуды есепке алуға арналған озық инфрақұрылым және нақты уақыт режимінде жүктемелердің бөлінуі мен желінің қолжетімді ресурсын визуализациялауға арналған әртүрлі шешімдер жатады.
Еуропалық Одақта қабылданған Smart Grid тұжырымдамасы заманауи телекоммуникациялық және ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, таратылған шағын генерацияны энергетикалық жүйелерге толық интеграциялауды көздейді. Сондай-ақ таратылған генерацияны қамтитын, таратылған бейімделгіш автоматика жүйесін дамыту, компьютерлік технологиялар мен заманауи басқару жүйелерін кеңінен пайдалану есебінен желілердің белсенді және бейімделгіш қасиеттерін қалыптастыратын тарату электр желілеріне басымдық беретін Smart Grid тұжырымдамасының түсіндірмелері де бар.
Smart Grid тұжырымдамасындағы энергетикалық жүйелердің негізгі қасиеттерінің бірі авариялық ауытқулар кезінде өзін-өзі қалпына келтіру және теріс әсерлерге қарсы тұру болып табылады.
Smart Grid тұжырымдамасын игерудің көрнекі әрі нәтижелі екі мысалы – Оңтүстік Кореядағы Jeju Smart Grid Demonstration Project және Австралиядағы Smart Grid Smart City (SGSC).
Jeju Smart Grid Demonstration Project. Оңтүстік Корея энергияның 97 %-ына дейін импорттады, ал елдің климаттық ерекшеліктері энергетикалық автономияға деген қажеттілікті күшейтті: күзде жағалау аудандарында Тынық мұхиты тайфундары өтеді, олардың көпшілігі Чеджу аралының жағалауында байқалады. Jeju Smart Grid Demonstration Project жобасы 2009 жылы іске қосылып, 2013 жылға дейін Чеджу аралында сынақтан өткізілді. Күн сәулесі мол әрі желді климатымен ерекшеленетін бұл арал Micro Grid тұжырымдамасын іске асыру үшін мінсіз орын болып табылады. 6 мың үйді қамтитын жобаға Кореяның Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрлігі (MOTIE) жетекшілік етеді. 2030 жылға қарай аралды СО2 шығарындыларына қатысты бейтарап және энергетикалық тұрғыдан тәуелсіз ету жоспарлануда. Жобаны іске асыруға 169 компания қатысады.
Белгіленген жоспарлар орындалған жағдайда, 2030 жылға қарай Оңтүстік Корея барлық энергиясының 11 %-ын жаңартылатын энергия көздерінен (2012 жылы 2,1 %-бен салыстырғанда) өндіреді, 230 млн тонна СО2 шығарындыларын жояды, 50 мың жұмыс орнын құрады, жаңа технологияларға ішкі сұраныс есебінен 74 трлн вон (64 млрд АҚШ доллары) алады, энергия импортына жұмсалатын 47 трлн воннан (40 млрд АҚШ доллары) астам қаражатты үнемдейді, құны 3,2 трлн вон (2,8 млрд АҚШ доллары) болатын жаңа зауыттар салу қажеттілігінен арылады және өз әзірлемелерінің экспорты есебінен 49 трлн вон (42 млрд АҚШ доллары) табыс табады деп күтілуде.
Smart Grid Smart City (SGSC). Австралиядағы Smart Grid Smart City (SGSC) жобасы Австралия Үкіметі тарапынан Ausgrid, Energy Australia және олардың серіктестері: IBM Australia, GE Energy Australia, Sydney Water және Ньюкасл қалалық кеңесімен бірлесіп әзірленіп, қаржыландырылды. Жобаны қаржыландыру 100 млн АҚШ доллары көлеміндегі мемлекеттік гранттан және жоба консорциумының 400 млн АҚШ доллары көлеміндегі қаражатынан тұрды. Жоба 2010 жылы басталып, 2014 жылы ресми түрде аяқталды.
Жүйенің жұмыс нәтижелерін талдау 20 жыл ішінде 9,5-тен 28 млрд АҚШ долларына дейінгі экономикалық пайда алуға мүмкіндік беретінін көрсетеді, жеке тұтынушылар жылына 156-дан 2 мың АҚШ долларына дейін үнемдей алады.
Ресейде Smart Grid технологиясын «Россети» компаниясы 10 пилоттық жоба шеңберінде енгізуде: бұл – компанияның өз әзірлемесі, ол электр энергиясының шығындарын 225,3 млн кВтсағ-қа қысқартуға және жөндеу жұмыстарын оңтайландыру деңгейін 35,8 млрд рубль сомасына жеткізуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Алғашқы «цифрлық» 110 кВ қосалқы станциялардың (бұдан әрі – ҚС) бірі 2018 жылы Красноярск қаласында ашылды. ҚС релелік қорғанысты, аварияға қарсы автоматиканы және АСУ-ды қамтамасыз етуге арналған iSAS бағдарламалық-техникалық кешені – қосалқы станцияны қорғау мен басқарудың интеграцияланған жүйесі негізінде орындалған. Цифрландыру есебінен әртүрлі мақсаттағы кабельдердің санын 10 есеге: 150-160 км-ден шамамен 15 км-ге дейін қысқартуға мүмкіндік туды. Жалпы алғанда, қосалқы станция алдыңғы буындағы ұқсас объектілерден 5 %-ға арзан болды, ал болашақта автоматтандырудың жоғары деңгейі, мониторинг пен басқарудың жаңа сапасы есебінен оның жұмысының сенімділігін арттыруды, сондай-ақ жедел персоналдың болмауын ескере отырып, ҚС 30 жыл пайдалану кезеңінде шамамен 75 млн рубль экономикалық тиімділік беруі тиіс.
Электр энергиясына сұранысты басқару
Телекоммуникациялардың дамуы, автоматтандыру және автоматика жүйелерінің кеңінен таралуы, сондай-ақ дамыған электр энергиясы нарықтарының эволюциясы сұранысты басқару тұжырымдамасының пайда болуына алып келді. Бұл тұжырымдама тиісті экономикалық немесе технологиялық жағдайлар туындаған кезде тұтынушылардың жабдықтарына мақсатты түрде әсер ету арқылы сұраныстың икемділігін арттыруды көздейді.
Энергия нарығындағы ең арзан қуат тұтынушылардың өз сұранысын басқару мүмкіндігі түрінде болады. Ол инвестициялар тұрғысынан нарыққа ешқандай шығын түсірмейді, бірақ ағымдағы міндеттерді, мысалы, реттеу міндеттерін кез келген генерация түріне қарағанда жақсы шешеді. Бұған қоса, сұранысты басқару белгілі бір ауқымға жеткен кезде қуаттың ең жоғары жүктемесін жабуға арналған энергетикалық инфрақұрылымды салуға жұмсалатын елеулі қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Электр энергиясына сұранысты басқарудың негізгі мақсаттары – электр энергиясы нарығындағы бағаларды төмендету үшін де, электр станциялары мен электр желілерін артық әрі капиталды көп қажет ететін көлемде салудың алдын алу үшін де қажетті энергетикалық жүйедегі ең жоғары жүктемені азайту, энергетикалық жүйені басқаруды оңтайландыру және жаңартылатын энергия көздерін интеграциялау.
Сұранысты басқаруға өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы, коммерциялық және тұрмыстық тұтынушылардың әртүрлі жабдықтары қатыса алады.
Тұтынушылардың сұранысты басқаруға қатысуының негізгі мүмкіндіктері тұтыну кестесін бағасы төмен кезеңдерге ауыстырумен, өндірістік процесті тоқтатумен немесе оның қарқындылығын төмендетумен, жарықтандыру, желдету және ауаны баптау жүйелерін толық немесе ішінара ажыратумен, сондай-ақ резервтік қуат көздерін іске қосу немесе желіден ажырап, өз тұтынуын резервтік қуат көзінен қамтамасыз ете отырып, оқшауланған режимде жұмыс істеу арқылы өз көздерін пайдаланумен байланысты.
Сұранысты басқару бағдарламаларын пайдалану есебінен энергетикалық жүйедегі ең жоғары жүктемені төмендету әлеуеті әртүрлі бағалаулар бойынша ең жоғары жүктеме көлемінің 10-15 %-ын құрайды.
Электр энергиясы нарығында жаңа функция ретінде агрегаторларды құру – басқарылатын сұраныс көлемінің өсуін, жеке инвестицияларды тартуды және бәсекелестіктің артуын қамтамасыз ететін негізгі серпін болып табылады.
Тәжірибе көрсеткендей, нормативтік құрылымның маңызды элементі – тәуелсіз агрегаторлардың нарықта жұмыс істеуіне рұқсат беру. Мысалы, АҚШ-тың кейбір нарықтарында сұранысты басқару көлемінің 80 %-дан астамын дәл осы тәуелсіз агрегаторлар қамтамасыз етеді (2015 жылғы деректер бойынша PJM-де 82 %), дегенмен жеткізушілер де агрегаторлардың рөлін атқара алады.
Техникалық қызмет көрсету мен жөндеуді автоматтандыру
Объектілерді жөндеу жұмыстары мен техникалық қызмет көрсету (ТҚКжЖ) – энергетика сегментіндегі ірі жүйе құраушы компаниялардың бизнес-процестерінің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі. FSA бағытын (далалық жағдайларда сервистік қызмет көрсетуді автоматтандыру жүйелері) бүгінде электр энергетикасындағы ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі деп атауға болады. Бұл саладағы IT-шешімдер бригада объектіге барғаннан кейін тапсырманың мәртебесі туралы деректерді жедел алуға, желідегі ақауларды тіркеу кезінде тапсырмалардың қайталануын болдырмауға, жұмыстардың орындалуын бақылауды күшейтуге және сервистік инженерлер мен жөндеу бригадаларының жұмыс процестеріндегі әдеттегі кемшіліктерді жоюға мүмкіндік береді.
Осы саладағы заманауи шешімдердің басқа өнеркәсіптік ақпараттық жүйелермен: ERP, EAM және CMMS жүйелерімен интеграциялану және масштабталу мүмкіндіктері кең. Олар мобильді платформалармен (Android, Windows 8.1/10) үйлесімділікті қолдайды, NFC технологиясымен үйлесімді және кез келген сымсыз байланыс арналары арқылы нақты уақыт режимінде деректермен жедел алмасуды қамтамасыз етеді.
2018 жылдың соңында «Кубаньэнерго» ЖАҚ осындай жүйені өз тәжірибесінде қолдана бастады және оған шамамен 800 қызметкерді қосты.
Орталықтандырылған мониторинг
Жылу электр станциялары мен су электр станциялары сегментінде энергетикалық блоктардың техникалық жай-күйін орталықтандырылған мониторингтеу, өнеркәсіптік қауіпсіздік қағидаларының сақталуын бақылау және персоналдың жұмысын қадағалау шешімдеріне сұраныс жоғары әрі өзекті болып табылады.
Мұндай объектілерде диспетчерлік залдар әрдайым болғаны түсінікті, алайда орталықтандырылған мониторинг тұжырымдамасының нақты іске асуы салыстырмалы түрде жақында ғана мүмкін болды. Бұған деректер алмасу хаттамаларының (FC, iSCSI және т.б.) дамуы ықпал етті, олар аумақтық жағынан бір-бірінен алшақ орналасқан мониторинг жүйелерін орталық пунктпен сенімді байланыстыруға мүмкіндік берді. Орталықтандырылған мониторингті дамытуда виртуалдандыру технологиялары да маңызды рөл атқарды. Олар объектінің жергілікті IT-ресурстарына түсетін жүктемені азайтуға, ал деректермен жұмыс істеуге қатысты аса маңызды міндеттерді қашықтағы деректерді өңдеу орталығында шешуге мүмкіндік береді.
Әлемдік тәжірибе негізінде Қазақстанда саланы одан әрі цифрландыру қажет, осыған байланысты «Интеллектуалды энергетикалық жүйе» енгізілетін болады.
3.4 Пайдаланылатын энергетикалық ресурстар түрлері бойынша генерацияны дамыту
Франция. 2021 жылғы қарашада елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ядролық реакторлар құрылысын қайта бастау туралы стратегиялық шешім қабылданды және 2050 жылға дейінгі кезеңде негізгі басымдық атом электр станцияларына беріледі.
Қолданыстағы 56 ядролық реактордың пайдалану мерзімін 50 жылға дейін ұзарту жоспарлануда, бұған дейін қауіпсіз пайдалану мерзімі 40 жыл деп есептелген. Сондай-ақ жаңа буындағы EPR-2 үлгісіндегі алты жаңа реактор салынады. Олардың құрылысы 2028 жылы басталып, пайдалануға беру 2035 жылға жоспарланған. Жобаға кемінде 50,5 млрд еуро инвестиция салынады. Бұдан бөлек, осындай тағы сегіз энергоблок салу көзделген, олар кейінірек пайда болады.
Францияның энергетикалық теңгеріміндегі үлесі әзірге аз болып отырған жаңартылатын энергия көздері бөлігінде жел генераторларымен салыстырғанда күн энергетикасына басымдық беріледі.
Күннен алынатын энергия көлемін 10 есеге, ал желден алынатын энергия көлемін екі есеге арттыру жоспарлануда. Ол үшін 50 теңіз жел электр станциялары паркі құрылады. Қазіргі уақытта елде тұтынылатын барлық электр энергиясының 70 %-дан астамы АЭС-те өндіріледі (бұл көрсеткішті 80 %-ға жеткізу жоспарлануда). Күн энергетикасының үлесіне 2 %-ға дейін, жел энергетикасына – 8 %, газ бен көмірге – барлық генерация көлемінің 9 %-ына дейін тиесілі. Бұл ретте АЭС-тердің үлкен қуаттарының арқасында Франция тұтынатын электр энергиясынан артық электр энергиясын өндіреді және оны Германия мен Италияға экспорттайды.
Германия. Германия үкіметінің бағалауы бойынша, 2022 жылы ел табиғи газдың шамамен 35 %-ын Ресейден импорттайды (2021 жылы – 55 %), оның басым бөлігін жылыту мен өнеркәсіпте пайдаланады.
2021 жылы Германияда табиғи газды пайдалану арқылы өндірілген электр энергиясы жалпы электр энергиясы өндірісінің шамамен 15 %-ын құрады. 2022 жылы электр энергиясын өндірудегі газ үлесінің төмендегені байқалады. Германия газдың энергетикалық кешендегі үлесін азайтуды жеделдетуге және келесі қыс маусымына қор қалыптастыруға тиіс бірқатар қадамдарды белгіледі.
Үкімет компанияларға көмір электр станцияларын баламалы энергия көзі ретінде пайдалануды кеңейту мүмкіндігін береді. Бұл ретте парниктік газдар шығарындыларын қысқарту жөніндегі экологиялық мақсаттарға қол жеткізудің кешігуі ескеріледі. Көмірді пайдалану туралы заң 2024 жылғы 31 наурызға дейін қолданыста болады, осы уақытқа дейін үкімет ресейлік газға тұрақты балама қалыптастыруға үміттенеді.
Үкімет өнеркәсіпті газ тұтынуды азайтуға ынталандыратын аукциондар жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Германиядағы көмір жылу электр станцияларының жалпы қуаты 45 ГВт құрайды және олар елдегі барлық электр энергиясының шамамен үштен бірін өндірген. 2022 жылдың өзінде қуаты 12,5 ГВт болатын жылу электр станцияларын электр желісінен ажырату жоспарланған болатын.
Бұған дейін Германия 2022 жылға қарай атом энергетикасынан бас тарту туралы шешім қабылдаған болатын. Алайда елдің климатты қорғау саласындағы ұлттық және халықаралық мақсаттарға қол жеткізуі үшін Германия Федеративтік Республикасы экологиялық таза электр энергиясына көшуді жеделдетуі тиіс. 2050 жылға қарай елдегі көмірқышқыл газы шығарындылары 1990 жылғы көрсеткіштердің 80-95 пайызын құрауы тиіс.
Жапония. Жапония 2011 жылы «Фукусима-1» АЭС-індегі апаттан кейін тоқтатылған АЭС-тердің жұмысын қайта жандандыру арқылы энергетикалық тәуелділігін қысқартуға ниетті. Атом объектілеріне қойылатын талаптар қатаңдатылды, АЭС-тердің 30 энергоблогының тек бірнешеуі ғана жұмыс істейді. Фукусима префектурасындағы АЭС апатына дейін Жапонияның энергетикалық теңгеріміндегі атом энергетикасының үлесі шамамен 30 % болған, ал қазір бұл көрсеткіш шамамен 4 %-ды құрайды, негізгі жүктеме жылу электр станцияларына түсті. Ел үкіметі жақын болашақта АЭС-тердің бір бөлігін қайта іске қосуға үміттенеді.
Жапония өзінің энергетикалық тәуелсіздігін АЭС есебінен ғана емес, жасыл энергетиканы дамыту және энергия тасымалдаушыларды жеткізу көздерін әртараптандыру арқылы да арттырады.
2030 жылға дейін 150 трлн иен (1,16 трлн АҚШ доллары) көлемінде жаңа инвестициялар тарту жоспарлануда. Бұл инвестициялар мынадай бастамаларды қамтитын жол картасын іске асыруға бағытталады: компаниялар үшін болжамдылықты арттыра отырып, өсу мен инновацияларға бір мезгілде ықпал ететін көміртегіге бағдарланған өсуге негізделген баға белгілеуді барынша пайдалану; энергия тиімділігі стандарттары сияқты реттеу шараларын және ұзақ мерзімді ауқымды инвестицияларды ілгерілетуге көмек көрсету сияқты қаржылық қолдауды біріктіретін инвестицияларды ынталандыру шараларын пакет ретінде пайдалану; 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларының көлемін 46 %-ға қысқарту; 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу.
АҚШ. АҚШ атом электр станциялары көміртексіз электр энергиясының жартысынан астамын өндіреді, сондықтан экологиялық таза энергия саласындағы мақсаттарға қол жеткізу үшін осы станциялардың жұмысына қолдау көрсетіледі. Америка Құрама Штаттары қаржылық қиындықтарға байланысты жабылу қаупі төніп тұрған коммерциялық атом электр станцияларын қолдауға 6 млрд АҚШ долларын бөледі.
Британдық және америкалық компаниялар көмір электр станцияларын атом электр станцияларына қайта бейіндеу жобалары бойынша электрондық платформа мен конструкторлық шешімдер әзірлеуде. Жылу электр станциялары мен жылу электр орталықтарында көмір қазандықтарының орнына модульдік реакторлар орналастыру және қайта жабдықтауды 2030 жылға қарай бастау ұсынылады. Шағын модульдік реакторларды (бұдан әрі – ШМР) ЖЭС пен ЖЭО-ға орнату жаңа АЭС салумен салыстырғанда шығындарды 35 %-ға азайтады деп жоспарлануда, ал алғашқы реакторлар 2027 жылға қарай пайда болады, қайта жабдықтау процесін 2030 жылдан бастауға болады. Әзірге жобаға қатысушылар көмір генерациясы газ генерациясынан кейін екінші орында тұрған АҚШ-та жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің деректері бойынша, ШМР құрылысын салу атом энергетикасын дамытудың ең перспективалы нұсқасы болып табылады. Бір энергоблоктың қуаты 300 МВт-қа дейін жететін ШМР-дің негізгі артықшылықтары – құрылыстың жеделдігі (технологияға байланысты 3-5 жыл), ықшамдылығы (қажетті алаң шамамен 6 га), үнемділігі (отынды қайта тиеу әрбір 3-7 жыл сайын, кейбір жағдайларда 30 жыл сайын жүргізіледі), кәдеге жарату (кәдеге жаратуға жұмсалатын шығындар аз).
Қытай. Атмосфераға көмірқышқыл газын шығару бойынша әлемде бірінші орын алатын Қытай сонымен қатар баламалы энергия көздеріне жетекші инвестиция салушы ел болып табылады. 2016 жылы Қытайдағы барлық электр энергиясының шамамен үштен екісі көмірден өндірілді, ал төрттен бірі экологиялық таза көздерден алынды, электр энергиясының жалпы өндірісіндегі АЭС үлесі 3,4 пайызды құрады. Тек соңғы бір жылдың ішінде Қытай атом электр станцияларының жиынтық қуатын 27 ГВт-тан 34 ГВт-қа дейін арттырды – бұл ел тарихындағы ең елеулі өсім.
Қытай басшылығының мақсаты: 2030 жылы қуаты 130 ГВт болатын 110 АЭС салу, бұл атмосфераға парниктік газдар шығарындыларын қысқарту жоспарларын іске асыруға мүмкіндік береді. Ол үшін Бейжің жыл сайын төрттен алтыға дейін жаңа реакторды пайдалануға береді. Қытайда өндірілген реакторлар ҚХР аумағында ғана емес, Орталық Азия елдері мен Пәкістан арқылы өтетін «Жаңа Жібек жолы» деп аталатын бағыт бойындағы көршілес мемлекеттерде де орналастырылады.
Үндістан, Пәкістан және Оңтүстік Корея. Өңірдің басқа елдері де бейбіт атом энергетикасынан бас тартуға асықпайды. Үндістан экономикасы жылына 6-7 пайызға өсіп келеді, алайда электр энергиясын берудегі іркілістер мен ескірген инфрақұрылым елдің дамуына кедергі келтіруде. Бейжің сияқты Нью-Дели де баламалы энергетиканы дамытуға басымдық береді. Сонымен қатар елдің саяси элитасы Үндістан электр энергиясын өндірудің барлық мүмкіндіктерін, соның ішінде атом электр станцияларын да пайдалануы тиіс деген пікірде. Мамыр айында Үндістан үкіметі он жаңа реактор салу туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта ел аумағында 21 АЭС жұмыс істейді.
Көршілес Пәкістан да электр энергиясын берудегі іркілістермен және ескірген инфрақұрылыммен күресуде. Қазіргі уақытта елде төрт шағын реактор пайдаланылуда; 2030 жылға дейін үкімет тағы жетеуін салуды жоспарлап отыр. Жаңа АЭС салуға Қытай да қатысады.
Сонымен қатар Оңтүстік Кореяның шағын аумағында қазірдің өзінде 25 АЭС жұмыс істейді. Тағы үшеуі құрылыс сатысында, екеуі 2029 жылға дейін пайдалануға берілуі тиіс. Билік жоспарларына сәйкес, елдің энергетикалық теңгеріміндегі атом энергетикасының үлесі 30-дан 40 пайызға дейін артуы тиіс.
Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа елдерінде де осы тақырып бойынша белсенді талқылаулар жүргізілуде. Вьетнам сегіз, Таиланд бес жаңа реактор салуды жоспарлап отыр. Малайзия мен Филиппин де бір-бір реакторды іске қосуды жоспарлауда.
Генерация құрылымының әлемдік тәжірибесін ескере отырып, Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін одан әрі дамытумен қатар, баламалы энергетиканы, атап айтқанда, атом энергетикасын дамыту орынды.
4-бөлім. Электр энергетикасы саласын дамытудың пайымдауы
Жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік экономикадағы тұрақты өзгерістерді, сондай-ақ халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстан Республикасына кез келген уақытта сын-қатерлер мен қауіптерді қабылдауға дайын, тұрақты, тиімді және икемді электр энергетикасы саласына жедел әрі толық көшу қажет.
Электр энергетикасы саласын дамыту мынадай бағыттарға шоғырландырылады:
техникалық қайта жарақтандыру электр және жылу энергиясына болжамды қажеттілікті өтеуді, энергиямен және жылумен жабдықтаудың сенімділігін, электр желілерінің транзиттік әлеуетін күшейтуді, қолданыстағы объектілерді жаңғырту және жаңа генерация салу, Батыс Қазақстанның энергетикалық жүйесін Қазақстанның БЭЖ-мен біріктіру есебінен электр желілеріндегі шығындарды азайтуды қамтамасыз етеді;
цифрлық трансформация адамның қатысуынсыз бастапқы деректерді жинауды ұйымдастыруды, деректерді беру / сақтау / қорғау / өңдеу инфрақұрылымын құруды, энергиямен жабдықтау сенімділігін басқару және мониторингтеу жүйесін құруды, тұтынушыларға арналған клиенттік сервистерді дамытуды қамтамасыз етеді;
тариф белгілеу жүйесін жетілдіру энергетикалық кәсіпорындардың шығындарын өтеуге мүмкіндік береді, бұл кейіннен активтердің техникалық жай-күйін жақсартады, энергиямен жабдықтау қауіпсіздігін арттырады (авариялылықты төмендету), ең үздік қолжетімді техникаларды енгізуге мүмкіндік береді, сала қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартады;
орталықтандырылған электр энергиясын сатып алу-сату моделін енгізу және электр энергиясының теңгерімдеуші нарығын нақты уақыт режимінде іске қосу бөлігінде электр энергиясының көтерме сауда нарығын реформалау нарыққа қатысушылар арасындағы толық бәсекелестік қағидатын, тұтынушылар үшін электр энергиясы тарифін орташалауды, көтерме нарық субъектілері үшін тең жағдайларды, субъектілердің электр энергиясын өндіру-тұтыну ауытқуларын азайтуды, жүйелік және қосалқы қызметтер нарығын жетілдіруді, экспорттық әлеуетті дамытуды қамтамасыз етеді. Бұл ретте бірыңғай сатып алушы тұжырымдамасы шеңберіндегі міндеттер сәтті шешілген жағдайда, электр энергиясын бірыңғай сатып алушы тетігін алып тастау арқылы электр энергиясы нарығын одан әрі ырықтандыру мәселесі қаралатын болады;
Нарық кеңесін жетілдіру электр энергетикасының институционалдық негізін нығайтуды және энергетикалық кәсіпорындардың, электр энергиясын тұтынушылардың және әлеуетті инвесторлардың мүдделерін шоғырландыруды қамтамасыз етеді;
жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік экономикадағы тұрақты өзгерістерді, экологиялық міндеттемелерді, сондай-ақ халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстан Республикасына кез келген уақытта сын-қатерлер мен қауіптерді қабылдауға дайын, тұрақты, тиімді және икемді электр энергетикасы саласына жедел әрі толық көшу қажет;
электр энергетикасы саласындағы экологиялық міндеттемелерді орындау жаңартылатын энергетиканы (маневрлік қуаттарды қатар дамыта отырып) және таратылған генерацияны одан әрі дамыту, энергия үнемдеу шараларын қолдану, көмір станцияларында АСМ мен көміртекті ұстау және сақтау технологияларын қолдану арқылы жүзеге асырылады;
Технологиялық құзыреттер салалық орталығының функциялары мен өкілеттіктерін кеңейту электр энергетикасы саласын дамыту проблемаларын кешенді зерттеуге және оларды шешу жөнінде жүйелі шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, талдамалық жұмысты, экономикалық модельдеуді және электр энергетикасы саласының экономикаға әсерін есептеуді орталықтандырылған түрде жүргізу, заңнаманы жетілдіру және саланы дамытудың стратегиялық пайымдауын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу қамтамасыз етіледі.
5-бөлім. Дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері
Электр энергетикасы саласын дамыту мынадай қағидаттарды сақтауға негізделетін болады:
Қазақстан Республикасының электр энергетикасы кешенін елдің шаруашылық-экономикалық және әлеуметтік кешендерінің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін аса маңызды жүйе ретінде басқарудың біртұтастығы;
сенімділік, экологиялық тазалық және тұтынушы үшін электрмен жабдықтаудың қолжетімділігі параметрлері белгіленген жағдайда Қазақстанның БЭЖ жұмыс істеуі мен оны басқарудың техникалық-экономикалық тиімділік көрсеткіштерін арттыру;
клиентке бағдарлану – белгіленген сенімділік параметрлері жағдайында энергия тұтынушылардың сұранысын толық қанағаттандыру және тұтынушыларға электр және жылу энергиясын жеткізушілерді таңдау құқығына кепілдік беретін нарықта бәсекелестік жағдайлар жасау арқылы электр және жылу энергиясы нарығына қатысушылардың құқықтарын қорғау;
саланы дамытудың теңгерімді және ұзақ мерзімді стратегиясын және деректерге негізделген саясатты әзірлеу бөлігінде электр энергетикасының институционалдық негізін дамыту;
саланы әртараптандыру және цифрлық трансформациялау, соның нәтижесінде электр энергетикасы кешеніндегі барлық процестердің толық ашықтығы, жариялылығы мен сапасы қамтамасыз етіледі, барлық секторлардың жұмыс тиімділігі артады, есепке алу мен жедел-технологиялық басқарудың зияткерлік жүйесі құрылады, тұтынушының рөлі артады, төмен көміртекті және таратылған энергетика ауқымды түрде дамиды, ел экономикасындағы электр энергетикасының рөлі артады;
Қазақстан Республикасының жасыл экономикаға көшуі жағдайында энергия көздерінің экологиялық тазалығын қамтамасыз ету, электр энергетикасы саласындағы экологиялық міндеттемелерді орындау үшін ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануды ынталандыратын және инвестициялар тартатын экологиялық-экономикалық тетіктерді енгізу және жағдайлар жасау.
Тұжырымдамада көзделген пайымдау, қағидаттар мен тәсілдер электр энергиясын тұтынушылардың сұранысын қамтамасыз етуге және электр және жылу энергиясы нарығына қатысушылардың құқықтарын қорғауға, Қазақстан Республикасының электр энергетикасы кешенінің озық дамуын, қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Осылайша, ағымдағы жағдайды, халықаралық тәжірибені және Тұжырымдамада көзделген жаһандық үрдістерді, электр энергетикасы саласын дамытудың пайымдауы мен қойылған мақсатқа қол жеткізуге арналған негізгі қағидаттарды талдау негізінде мынадай бағыттар бойынша міндеттерді іске асыру көзделеді:
1-бағыт. Технологиялық қайта жарақтандыру
1. Қазақстанның электр қуаттарын орналастырудың перспективалық схемасын әзірлеу
Қазақстанның электр қуаттарын орналастырудың перспективалық схемасы әзірленетін болады. Бұл ұзақ мерзімді перспективаға арналған генерациялайтын қуаттардың құрылымын (пайдаланудан шығарылатын объектілерді айқындай отырып) және электр желілері объектілерін қалыптастыруға, электр энергиясын өндіру мен тұтынудың перспективалық теңгерімін қамтамасыз етуге және электр энергиясы мен қуат тапшылығының алдын алуға арналған жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
2. Қолданыстағы генерациялайтын қуаттарды жаңғырту және жаңа қуаттарды салу, оның ішінде АЭС-ті перспективалық дамыту
Қолданыстағы қуаттарды жаңғырту және жаңа қуаттарды салу (көмір станцияларын одан әрі дамыту, инвестициялық келісімдер жасау, генерацияның маневрлік режимі бар генерация қондырғыларын салу бойынша аукциондар өткізу шеңберінде) жүзеге асырылатын болады. Бұл туындаған энергетикалық қуат тапшылығы мен маневрлік генерацияның жетіспеушілігі жағдайында негізгі міндет болып табылады. 2035 жылға дейінгі Энергетикалық теңгерімге сәйкес перспективалық алаңдар айқындалып, пысықталады, энергетикалық қуаттарды одан әрі салу жөніндегі белгілі бір жобаларды, оның ішінде АЭС-терді іске асыруды қамтамасыз ету шаралары қабылданады**.**
Қазақстанда шағын модульдік ядролық реакторларды перспективалық пайдалану мәселесі қаралатын болады.
3. Электр байланыстарын күшейту және Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикалық жүйесін біріктіру
Елдің бірыңғай энергетикалық жүйесін (БЭЖ) қалыптастыруды аяқтау, елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыру және Қазақстан Республикасы БЭЖ-нің транзиттік әлеуетін Оңтүстік және Батыс аймақтардың электр байланыстарын күшейту есебінен арттыру мақсатында электр желілерін жаңғырту және салу жүзеге асырылатын болады, оның ішінде мынадай жобаларды іске асыру көзделеді:
Батыс Қазақстанның энергетикалық жүйесін Қазақстан Республикасының БЭЖ-мен біріктіру;
өңірлік электр желілерін жаңғырту және кеңейту;
электр энергиясын беруші ұйымдардың электр желілерін күрделі жөндеу, жаңғырту және реконструкциялау.
4. Өңірлердің жылу энергетикасын дамытудың мастер-жоспарларын әзірлеу
Жылу энергетикасын дамыту мастер-жоспарларын әзірлеу әдістемесі бекітіледі. Олар тиісті аумақтың ерекшеліктерін ескере отырып, жылу энергиясымен қамтамасыз ету қызметіне перспективалық қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында тиісті аумақтағы жылумен жабдықтау және жылу көздері схемаларын қоса алғанда, жылу энергетикасын дамыту жөніндегі шаралар кешенін қамтитын болады.
Жылу энергетикасын дамыту мастер-жоспарларында мыналар көзделеді:
нақты жай-күйі, тиімділік көрсеткіштері;
жылумен жабдықтау схемалары мен жылу көздерін дамыту;
стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу, жылумен жабдықтаудың әртүрлі жүйелерінің оңтайлы үйлесімін (ағымдағы және перспективалық сұранысты) қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешені;
негізгі тиімділік көрсеткіштерінің жоспарлы мәндері;
сенімділік пен жылумен жабдықтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаға зиянды әсерді барынша азайту, энергия және ресурс үнемдейтін технологияларды дамыту, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту, қаржыландыруды қамтамасыз ету және басқа да факторлар талаптарын ескере отырып, оңтайлы шешімдер қабылдау;
қол жеткізу әдістерін айқындау (оның ішінде тарифтік реттеу, қаржылық қолдау арқылы), орталықтандырылған жылумен жабдықтауды міндетті түрде қолдану аймақтарын айқындау.
5. «Интеллектуалды энергетикалық жүйе» жүйесін енгізу
Цифрлық трансформация шеңберінде Қазақстанның интеллектуалды энергетикалық жүйесі енгізілетін болады. Бұл жабдықтар мен тұтынушылар деңгейінен бастапқы деректерді жинауды ұйымдастыруды, ақпаратты беру, сақтау, қорғау және өңдеу инфрақұрылымын, өңірлік энергетикалық жүйелердің режимдерін орталықсыздандырылған басқару шешімдерін әзірлеу мен енгізуді (қуатты, кернеуді, жиілікті реттеуді, сондай-ақ сенімділіктің қажетті деңгейін ұстап тұруды қамтиды), қатысушыларға олардың белсенділігін ынталандыру үшін қажетті ақпаратты уақтылы беруді, синхрофазорлық өлшеулер негізінде энергетикалық жүйенің мүмкіндіктерін бағалауды және жедел шешімдер қабылдауды, таратылған генерацияны, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін интеграциялаудағы техникалық кедергілерді азайтуды, зияткерлік талдау және шешім қабылдауды қолдау жүйелерін әзірлеу мен енгізуді (оның ішінде штаттан тыс жағдайларды болжау, алдын алу, оқшаулау және жою құралдарын), FACTS құрылғыларын енгізуді және оларды реттеуге тартуды қамтамасыз етеді.
Түпкілікті тұтынушы тарапындағы цифрландыру аса маңызды болып табылады. Пассивті және көп жағдайда хабарсыз пайдаланушылардан олар электрмен жабдықтау жүйесіндегі белсенді әрі зерделі қатысушыларға айналады, өздерінің энергетикалық сауаттылығын арттырады, сондай-ақ «жергілікті энергия көздері және сұранысты басқару субъектілері» ретінде әрекет ету мүмкіндігіне ие болады.
2-бағыт. Таза энергетиканы дамыту
6. Жаңартылатын энергия көздерінің жаңа электр қуаттарын салу
Бұл міндет «ЖЭК энергетикалық аймақтары» тұжырымдамасының тәсілдерін іске асыру арқылы орындалатын болады. Ол ресурстық әлеуеті жоғары (жел, күн сәулесі) барынша перспективалы алаңдарды айқындауды, Үкімет тарапынан алаңдарды дайындауды (қажетті инфрақұрылымды салуды), әлеуетті инвесторлар үшін «түсінікті және ашық» ойын қағидаларын жасауды, электрондық аукциондар арқылы конкурстық іріктеуді көздейді.
Мемлекет басшысының 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 %-ға, 2050 жылға қарай баламалы энергия көздерін ескере отырып, 50 %-ға жеткізу жөнінде нақты нысаналы индикаторлар көзделген.
Бұдан басқа, жаңа стандарттарды енгізуді және оларға сәйкес келмейтіндерге айыппұл санкцияларын салуды көздейтін жаңа Экологиялық кодекстің қабылдануы бірқатар қымбат экологиялық іс-шараларды талап етеді, бұл дәстүрлі станциялардың электр энергиясының құнын арттырады. Осыған байланысты жасыл энергетиканың бәсекеге қабілеттілігі артады.
7. ESG қағидаттарын енгізу
Энергетиканы трансформациялау, төмен көміртекті даму және климаттың өзгеруі мәселелерін шешуге бағытталған тиісті заңнамалық актілер немесе жеке стратегиялық құжаттар әзірленетін болады.
ESG қағидаттарын енгізудің негізгі бағыттары айқындалатын болады. ESG тұрақты инвестицияларға арналған жүйе болып табылады, оның шеңберінде инвесторлар бизнестің қаржылық және операциялық көрсеткіштерін ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік, экологиялық және басқарушылық тәуекелдерін де бағалайды. ESG қағидаттарына көшу елдің энергетикалық компанияларын экология мәселелері бойынша басқару құрылымын қайта құруға, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға ерекше назар аударуға ынталандыруы тиіс.
Осылайша, әлемдік тәжірибеге талдау жүргізуді ескере отырып, ESG қағидаттары бойынша энергия өндіруші ұйымдарға қойылатын талаптар айқындалып, заңнамалық деңгейде регламенттелетін болады және олар 2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі. Энергия өндіруші ұйымдарға қоршаған ортаға теріс әсерді бағалау және азайту жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және олардың іске асырылуы туралы есептер ұсыну қажет болады. Алынған деректер негізінде ESG талаптарына сәйкес келетін энергия өндіруші ұйымдарға мемлекеттік қолдау шараларына басымдықпен қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалады.
Компаниялардың ESG қағидаттарын сақтау жөніндегі ұзақ мерзімді стратегиялары мен саясатын әзірлеу, сондай-ақ тиісті рейтингті айқындау инвесторларға (оның ішінде шетелдік инвесторларға) энергетикалық компаниялардың қызметін экологиялық және әлеуметтік көрсеткіштер, сондай-ақ ақша ағындары тұрғысынан бағалауға мүмкіндік береді.
ESG қағидаттарына сәйкестікті сипаттайтын мынадай жоспарлы көрсеткіштер бекітіледі:
экологиялық әсерді төмендету деңгейлері;
көрсетілетін қызметтердің сапасы көрсеткіштері;
елдің энергетикалық кәсіпорындарындағы жарақаттану деңгейін төмендету;
жалақы мен әлеуметтік төлемдер көрсеткіштерінің өсуі;
компаниялардың экономикалық және қаржылық көрсеткіштерінің, оның ішінде тартылатын инвестициялардың жұмсалуына қатысты ашықтығы мен қолжетімділігі.
3-бағыт. Электр энергетикасы саласын нарықтық дамыту
8. «Инвестицияларға айырбастау тарифі» бағдарламасын енгізу
Бағдарлама шығындардың болжамды өсуі жағдайында инфляция деңгейіне индекстеу көзделетін ұзақ мерзімді тарифтік саясатты, қуатқа арналған шекті тарифтерді арттыруды, 10 жылдан бастап қайтару мерзімі бар инвестициялық келісімдер бойынша лимиттерді ұлғайтуды көздейді.
Бұл ретте энергия өндіруші ұйымдар меншік иелерінің рөлі станцияларға техникалық аудит жүргізу негізінде басым жобаларды айқындау, инвестициялық жобаларға өз қаражатын салу, нысаналы көрсеткіштер мен іс-шараларды орындау (негізгі генерациялайтын жабдықтың тозуын азайту, отынның үлестік шығынын төмендету, экологиялық көрсеткіштерді жақсарту), қаражатты пайдаланудың ашықтығын күшейту (субъектілердің ашық сатып алулары, жария тыңдаулар өткізу), жүргізілетін жөндеу жұмыстарының сапасы үшін жауапкершілік алу арқылы күшейтіледі.
Электр энергиясын беру саласында бағдарлама тартылған активтерге техникалық аудит жүргізу тәжірибесін енгізуді, монополистердің экономикалық және техникалық жай-күйін жеке бағалауды, шағын монополиялық компанияларды бірыңғай өңірлік компанияға біріктіру арқылы олардың қызметін оңтайландыруды, монополистерді ұзақ мерзімді сенімгерлік басқару шарттары негізінде мамандандырылған басқарушы компанияларға беруді, «СЕМ техникалық реттеу» тетігін енгізуді, делдалдық қызмет атқаратын электр энергиясын беруші монополиялық компанияларды жоюды көздейді.
Нарық моделін трансформациялау электр энергетикасы саласына инвестицияларды тиімді әрі экономикалық тұрғыдан негізделген түрде тарту, оның ішінде айқын және болжамды тарифтік саясатты қалыптастыру, тарифтерді жыл сайынғы инфляция деңгейіне индекстеу, жылу және электр энергиясы тарифтерін өзара субсидиялауды алып тастау (бұл ЖЭО-лардың электр энергиясы нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін жақсартады), атаулы көмек шараларын әзірлеу, сондай-ақ негізгі генерациялайтын және желілік активтерді сатып алуға жеңілдікті шарттармен кредиттік қаражат тарту есебінен инвестициялық ахуалды жақсартумен қатар жүреді.
Тарифтік реттеу саласындағы мемлекеттік саясат тарифтер деңгейін он жылға дейінгі кезеңге айқындауға және оларды инфляция деңгейіне индекстеуді көздеуге бағытталатын болады. Қазіргі жағдайларда тарифтерді инфляция деңгейіне индекстеу жеткіліксіз, өйткені ұзақ жылдар бойы тарифтер жасанды түрде тежеліп келді, бұл желілердің тозуына, сондай-ақ еңбекақы деңгейінің төмен болуына байланысты білікті кадрлардың кетуіне алып келді.
Энергетиктердің жалақы деңгейін өңірлік деңгейге дейін арттыру мүмкіндігі болады. Кадрлардың тұрақтамауын қысқарту және энергетиктердің жалақысын арттыру өңір шегінде жалақы деңгейі бойынша тең жағдайлар жасаған кезде ғана мүмкін болады. Жылу энергиясына тарифтерді тежеу және тұтынушылар топтары бойынша тарифтерді саралау, оның ішінде электр энергиясына тарифті арттыру есебінен жүзеге асырылатын қолданыстағы тәсіл өткеннің еншісінде қалады. Меншік иесі инвестициялардың бір бөлігін қайтарымдылық шартымен өз қаражаты немесе тартылған қаражат есебінен салады, ал тариф іс-шаралардың өтелімділігі және меншік иелерінің қаражатын қайтару қағидаты негізінде қалыптастырылады.
Бұдан бөлек, тұтынушылардың жекелеген санаттарын тарифтердің өсу әсерінен қорғау үшін бүгінгі тәжірибені ескере отырып, атаулы субсидиялау жағдайлары жасалады. Бұл ретте ел экономикасы мен халқы арасында энергия үнемдеу және энергия тиімділігі қағидаттарын белсенді енгізу мәселелері ынталандырылады, оның шеңберінде тұтынылатын энергия көлемін шамамен 10-20 %-ға төмендетуге қол жеткізуге болады.
Жылу энергетикасының әлеуметтік аспектісін ескере отырып, инвестициялар тартуды ынталандыратын және инвестициялардың қайтарылуына кепілдік беретін, жылу энергетикасын қаржыландырудың қолданыстағы тетіктерін қамтитын гибридті модель енгізіледі.
Тарифтік реттеуді өзгерту экологиялық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Секторды декарбонизациялау мақсаттарына қол жеткізу энергетикалық компанияларды қолдау тетігін қайта қарау арқылы жүзеге асырылады, бұл ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуді ынталандырады (бұл шығыстарды арттырады).
9. Энергетика мен энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жобаларын жылдық 7 %-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша жеңілдікпен кредиттеу мәселесін пысықтау
Энергетика мен энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жобаларын түпкілікті қарыз алушылар үшін жылдық 7 %-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша, 20 жылдан аспайтын мерзімге, кәсіпорынның жоба сомасының кемінде 20 %-ы мөлшерінде өзінің қатысуымен «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ арқылы қаржыландыру мәселесі пысықталатын болады.
Қаржыландыру көзі бюджет қаражаты және нарықтық қорландыру 85/15 арақатынасында болады. Бюджет қаражаты бюджет кредиті және «Қазақстанның Даму Банкі туралы» Заңда белгіленген ковенанттардың орындалуын қамтамасыз ету үшін «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайту нысанында бөлінетін болады.
Қаржыландыру алу үшін энергетика саласының субъектісі «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ға құжаттар пакетін ұсынады, олардың тізбесі «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ның ішкі актілерімен бекітіледі. Қаржыландыруды ұсыну тәртібі мен мерзімдері «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ның ішкі актілерімен айқындалады.
10. Электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сатуға көшу
Электр энергиясын генерациялау секторында екіжақты шарттардан бас тартуға және электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сатуға көшуге негізделген толық бәсекелестік қағидаттары қамтамасыз етіледі. Бұл ретте бір Тұлғалар тобына кіретін энергия өндіруші ұйымдар мен тұтынушылар арасындағы екіжақты шарттар ерекшелік болып табылады.
Сонымен қатар нарықтың жекелеген субъектілері үшін көтерме тұтынушыларға электр энергиясын бірыңғай сатып алушыдан өткізудің орташа өлшенген бағасының қымбаттауына алып келмейтін, техникалық және қаржылық сипаттағы қарсы міндеттемелері бар тікелей келісімшарттарды сақтау мүмкіндігі қаралатын болады.
Электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сатуға көшу мыналарды қамтамасыз етеді:
саланың тиімділігін арттыруды және заманауи экологиялық стандарттарға көшуді ескере отырып, қолданыстағы генерациялайтын қуаттарды уақтылы жаңғырту және жаңа қуаттарды салу үшін қолайлы инвестициялық орта құру;
генерациялайтын қуаттардың құрамын оңтайландыру, оның ішінде электр энергетикалық тәуелсіздік, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін дамыту және оларды энергетикалық жүйеге интеграциялау тұрғысынан оңтайландыру;
жекелеген нарық қатысушыларының нарықтық билігін пайдалану мүмкіндігін болдырмау;
тәуліктің нақты бір сағатында барлық көтерме тұтынушылар үшін электр энергиясының бірыңғай және орташа өлшенген бағасын белгілеу және тиісінше олар үшін нарықта тең жағдайлар жасау;
өнеркәсіптік кәсіпорындар тауарларының сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін сақтау;
нарықтық тетіктерді дамыту, тұтынушыларды белсенді қатысуға (сұранысты басқаруға) ынталандыру, толық ашықтықты қамтамасыз ету және тұтынушылардың нарықтағы рөлін күшейту.
11. Нақты уақыт режимінде электр энергиясының теңгерімдеуші нарығын реформалау және іске қосу
Электр энергетикалық жүйенің қысқа мерзімді перспективада тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында электр энергиясының теңгерімдеуші нарығын нақты уақыт режимінде (қаржылық өзара есеп айырысумен) енгізу, сондай-ақ жүйелік қызметтер нарығын жетілдіру жүзеге асырылады. Бұл қадам заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді, жаңа қағидаларды қабылдауды, қажетті бағдарламалық қамтамасыз етуді баптауды, теңгерімдеуші нарықтың есеп айырысу орталығын және теңгерім провайдерлерін айқындауды талап етеді. Бұл ретте тәуліктік кестеге енгізілген электр энергиясының жоспарлы көлемдерін сатып алу-сатуға және ақы төлеуге көшу қажет болады, ал одан барлық ауытқулар электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы арқылы реттелетін болады.
12. Әлемдік энергетикадағы Қазақстанның позициясын нығайту, оның ішінде экспорттық әлеуетті дамыту үшін жағдайлар жасау
Өңірлік электр желілерін одан әрі дамыту және Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің нарықтарын интеграциялау есебінен параллель жұмыс істеудің артықшылығы пайдаланылатын болады. Энергетикалық қуаттардың өсуі және ел ішінде энергетикалық ресурстарды тиімді тұтыну отандық энергетикалық кәсіпорындардың көршілес мемлекеттердің энергетикалық нарықтарына шығуын қамтамасыз етеді. Негізгі басымдық ЕАЭО-ның Ортақ электр энергетикалық нарығын және Орталық Азия елдерінің өңірлік электр энергиясы нарығын құру шеңберінде, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азия бағыттары бойынша перспективалық жеткізілімдерді ескере отырып жасалады.
13. Электр энергетикасы саласының кәсіби кадрларға қажеттілігін қамтамасыз ету жоспарын әзірлеу
Электр энергетикасы саласының кәсіби кадрларға қажеттілігін қамтамасыз ету жоспары әзірленеді, оның шеңберінде орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективаға арналған кадрларға қажеттілікті мониторингтеу мен талдаудың тиімді жүйесі әзірленетін болады. Кәсіптік стандарттарды енгізу аяқталып, энергетикалық кәсіпорындардың шетелдік жоғары оқу орындарымен және әріптестермен ынтымақтастығы кеңейтіледі.
14. Электр энергетикасының институционалдық негіздерін қамтамасыз ететін орган ретінде Нарық кеңесін жетілдіру және қайта құру
Тиімділікті арттыру мақсатында жергілікті контексті және халықаралық тәжірибенің озық практикасын талдау негізінде Нарық кеңесінің жаңа моделі енгізіледі. Нарық кеңесінің арнайы функцияларын ұлттық заңнамада бекіту, басқарудың мықты құрылымын және қағидалар мен рәсімдерді орындау мәдениетін қалыптастыру, ұйым мүшелерінің шешім қабылдау жөніндегі өкілеттіктерін күшейту, сондай-ақ нарық қатысушылары үшін дауларды шешу (делдалдық) рәсімін енгізу Нарық кеңесі міндеттерінің тиімді орындалуына ықпал етеді.
15. «ҚОРЭМ» АҚ жанындағы Технологиялық құзыреттер салалық орталығының зерттеу қызметі бөлігіндегі функционалын кеңейту
Елдің климаттық міндеттемелерін ескере отырып, электр энергетикасы саласын дамытудың сенімділігін, тиімділігін, қолжетімділігін, қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығын қамтамасыз ететін электр энергетикасы саласын дамыту проблемаларын зерттеу және әзірлемелер жүргізу үшін Технологиялық құзыреттер салалық орталығының функциялары мен өкілеттіктері кеңейтіледі.
Бұл ретте Технологиялық құзыреттер салалық орталығы қызметін қаржыландыру бюджеттен тыс қаражат есебінен қамтамасыз етіледі.
6-бөлім. Нысаналы индикаторлар және күтілетін нәтижелер
Нысаналы индикатор 1.
Енгізілетін электр қуаттарының жинақталған көлемі – 2029 жылға қарай 11,7 гигаватт.
Күтілетін нәтижелер:
1. Экономика мен халықтың электр энергиясына қажеттілігін 100 % өтеу;
2. Экономика мен халықтың жылу энергиясына қажеттілігін 100 % өтеу;
3. Қазақстан Республикасының біріккен энергетикалық жүйесінің жұмыс істеуі.
4. Электр энергиясын өндіру және тұтыну бойынша деректерді есепке алудың, жинаудың және өңдеудің заманауи жүйелерімен 100 % жабдықтау.
Нысаналы индикатор 2.
Жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының үлесі – 2029 жылға қарай жалпы өндіріс көлемінің 12,5 %-ы.
Күтілетін нәтиже:
Жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемін 2022 жылмен салыстырғанда 2,8 есеге ұлғайту.
Нысаналы индикатор 3.
Генерация секторындағы әлеуетті инвестициялардың жиынтық қайтарым көлемі – 2029 жылға қарай 2,8 трлн теңгеге дейін.
Күтілетін нәтиже:
Қолданыстағы генерациялайтын қуаттар инфрақұрылымының негізгі активтерінің тозуын 2022 жылмен салыстырғанда 10 %-ға төмендету.
| | Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына қосымша || - | -------------------------------------------------------------------------------------------------- |
Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары
Жүктеп алу
| № | Реформалардың / негізгі іс-шаралардың атауы | Аяқтау нысаны | Аяқтау мерзімі | Жауапты орындаушылар |
|---|---|---|---|---|
1
| || - |
2
| || - |
3
| || - |
4
| || - |
5
| 1-бағыт: Технологиялық қайта жарақтандыруНысаналы индикатор. Енгізілетін электр қуаттарының жинақталған көлемі – 2029 жылға қарай 11,7 гигаватт:2023 жыл – 0,5 гигаватт; 2024 жыл – 1,6 гигаватт;2025 жыл – 3,5 гигаватт; 2026 жыл – 4,8 гигаватт;2027 жыл – 6,8 гигаватт; 2028 жыл – 9,3 гигаватт. | ||||
|---|---|---|---|---|
| 1 | Электр қуаттарын орналастырудың перспективалық схемасын әзірлеу | электр қуаттарын орналастыру схемасы | 2023 жылғы шілде | ЭМ, ЭТРМ, ҚР энергетикалық кәсіпорындары (келісу бойынша), «KEGOC» АҚ (келісу бойынша) |
| 2 | Қолданыстағы генерациялайтын қуаттарды жаңғырту және жаңа қуаттарды салу, оның ішінде: | пайдалануға беру актілері | 2029 жылғы желтоқсан | ЭМ, ҚР энергетикалық кәсіпорындары (келісу бойынша) |
| 2.1 | Шағын модульдік реакторларды перспективалық пайдалану мәселесін қарау | Үкіметке ұсыныс | 2026 жылғы желтоқсан | ЭМ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ (келісу бойынша) |
| 2.2 | БГҚ электр қуаттарын енгізу көлемі (Алматы қ., Түркістан және Қызылорда облыстары) | пайдалануға беру актілері | 2026 жылғы желтоқсан | ЭМ, ҚР энергетикалық кәсіпорындары (келісу бойынша) |
| 2.3 | Энергия өндіруші ұйымдармен жасалған 12 инвестициялық келісімді іске асыру арқылы енгізілетін электр қуаттарының көлемі | пайдалануға беру актілері | 2027 жылғы желтоқсан | ЭМ, ҚР энергетикалық кәсіпорындары (келісу бойынша) |
| 3 | Оңтүстік және Батыс аймақтарды күшейту, Батыс аймақты Қазақстан Республикасының БЭЖ-мен біріктіру, оның ішінде: | пайдалануға беру актілері | 2028 жылғы желтоқсан | ЭМ, «KEGOC» АҚ (келісу бойынша) |
| 3.1 | Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары арасында 220 кВ транзиттің екінші тізбегін салу | пайдалануға беру актілері | 2023 жылғы желтоқсан | ЭМ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ (келісу бойынша), «KEGOC» АҚ (келісу бойынша) |
| 3.2 | Алматы қаласының кабельдік желілерін реконструкциялау | пайдалануға беру актілері | 2025 жылғы желтоқсан | ЭМ, ҰЭМ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ (келісу бойынша) |
| 3.3 | Қазақстанның БЭЖ Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту. Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Жетісу және Алматы облыстарында 500-220 кВ электр желілері объектілерін салу (іске асыру кезеңі 2023-2027 жж.) | пайдалануға беру актілері | 2027 жылғы желтоқсан | ЭМ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ (келісу бойынша), «KEGOC» АҚ (келісу бойынша) |
| 3.4 | Батыс Қазақстанның энергетикалық жүйесін Қазақстанның БЭЖ-мен біріктіру. Электр желілері объектілерін салу (іске асыру кезеңі 2023-2028 жж.) | пайдалануға беру актілері | 2028 жылғы желтоқсан | ЭМ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ (келісу бойынша), «KEGOC» АҚ (келісу бойынша) |
| 4 | Өңірлердің жылу энергетикасын дамыту мастер-жоспарларының әдістемесін әзірлеу | әдістеме | 2024 жылғы желтоқсан | ЭМ |
| 5 | «Интеллектуалды энергетикалық жүйе» жүйесін құру | пайдалануға беру актілері | 2023-2029 жылдар | ЭМ, «KEGOC» АҚ (келісу бойынша), «ҚОРЭМ» АҚ (келісу бойынша), ҚР энергетикалық кәсіпорындары (келісу бойынша) |
| 2-бағыт: Баламалы энергетиканы дамытуНысаналы индикатор. Жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының үлесі – 2029 жылға қарай жалпы өндіріс көлемінің 12,5 %-ы:2023 жыл – 5 %; 2024 жыл – 5,5 %;2025 жыл – 6 %; 2026 жыл – 7 %;2027 жыл – 8 %; 2028 жыл – 10 %. | ||||
| 6 | Жаңартылатын энергия көздерінің жаңа электр қуаттарын салу, оның ішінде:Жаңартылатын энергия көздерінің енгізілетін электр қуаттарының көлемі | пайдалануға беру актілері | 2025 жылғы желтоқсан / 2029 жылғы желтоқсан | ЭМ, ҚР энергетикалық кәсіпорындары (келісу бойынша) |
| 7 | ESG қағидаттарын енгізу жөніндегі жол картасын әзірлеу | жол картасы | 2026 жылғы желтоқсан | ЭМ, ЭТРМ, ҰЭМ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ (келісу бойынша), «Астана» ХҚО (келісу бойынша) |
| 3-бағыт. Электр энергетикасы саласын нарықтық дамытуНысаналы индикатор. Генерация секторындағы әлеуетті инвестициялардың жиынтық қайтарым көлемі – 2029 жылға қарай 2,8 трлн теңгеге дейін:2023 жыл – 400 млрд теңгеге дейін; 2024 жыл – 400 млрд теңгеге дейін; 2025 жыл – 400 млрд теңгеге дейін;2026 жыл – 400 млрд теңгеге дейін; 2027 жыл – 400 млрд теңгеге дейін; 2028 жыл – 400 млрд теңгеге дейін. | ||||
| 8 | «Инвестицияларға айырбастау тарифі» қағидатын енгізу | жол картасы | 2023 жылғы наурыз | ҰЭМ, ЭМ, БҚДА, ЭТРМ, «Атамекен» ҰКП (келісу бойынша) |
| 9 | Энергетика мен энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жобаларын жылдық 7 %-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша жеңілдікпен кредиттеу мәселесін пысықтау | Үкіметке ұсыныс | 2023 жылғы желтоқсан | ҰЭМ, ҚМ, ЭМ, «Атамекен» ҰКП (келісу бойынша) |
| 10 | Электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сату тетігін енгізу | заңнамалық түзетулер қабылдау | 2023 жылғы шілде | ЭМ, ҰЭМ, «KEGOC» АҚ (келісу бойынша), «ЖЭК жөніндегі ҚЕО» ЖШС (келісу бойынша) |
| 11 | Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығын нақты уақыт режимінде іске қосу | заңнамалық түзетулер қабылдау | 2023 жылғы шілде | ЭМ, ҰЭМ, БҚДА, «KEGOC» АҚ (келісу бойынша) |
| 12 | ЕАЭО ортақ электр энергетикалық нарығын енгізу | ЕАЭО қағидалары | 2025 жылғы желтоқсан | ЭМ, ҰЭМ, БҚДА, «KEGOC» АҚ (келісу бойынша), «ҚОРЭМ» АҚ (келісу бойынша) |
| 13 | Электр энергетикасы саласының кәсіби кадрларға қажеттілігін қамтамасыз ету жоспарын әзірлеу | жоспар | 2024 жылғы желтоқсан | ЭМ, ЗТБ (келісу бойынша), ҚР энергетикалық кәсіпорындары (келісу бойынша) |
| 14 | Нарық кеңесін реформалау | Заң жобасы | 2023 жылғы желтоқсан | ЭМ, ҰЭМ, БҚДА, Нарық кеңесі (келісу бойынша) |
| 15 | «ҚОРЭМ» АҚ қызмет түрін зерттеу жұмыстары бөлігінде кеңейту | Қоғам Жарғысына өзгерістер енгізу | 2024 жылғы желтоқсан | ЭМ, ҚМ, «ҚОРЭМ» АҚ (келісу бойынша), Нарық кеңесі (келісу бойынша) |
Қысқартулардың толық жазылуы:
АҚ – акционерлік қоғам;
БҚДА – Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі;
ЖШС – жауапкершілігі шектеулі серіктестік;
«ЖЭК жөніндегі ҚЕО» – «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы»;
ЗТБ – заңды тұлғалар бірлестігі;
ИИИДМ – Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі;
ҚМ – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі;
ҰӘҚ – Ұлттық әл-ауқат қоры;
ҰКП – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы;
ҰЭМ – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі;
ХҚО – халықаралық қаржы орталығы;
ЭМ – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі;
ЭТРМ – Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі;
«ҚОРЭМ» – «Қазақстандық электр энергиясы мен қуаты нарығының операторы»;
«KEGOC» – «Қазақстан электр желілерін басқару компаниясы» (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company).
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заң қызметі Заң консультациясы Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік [істер мен даулар] Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсіндірме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар