Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де күш қолдану көріністеріне қарсы күрестегі ынтымақтастығының тұжырымдамасы туралы шешім
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекеттері басшылары кеңесінің 2005 жылғы 26 тамыздағы шешімі.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекеттері басшыларының кеңесі
шешті:
1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де күш қолдану көріністеріне қарсы күрестегі ынтымақтастығының тұжырымдамасы (қоса беріледі) мақұлдансын.
2. Осы Шешім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді, ал заңнамасында оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындау талап етілетін мемлекеттер үшін – тиісті хабарламаны депозитарийге тапсырған күнінен бастап күшіне енеді.
2005 жылғы 26 тамызда Қазан қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Шешімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасы үшін Молдова Республикасы үшін
Армения Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Беларусь Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
Грузия үшін Түрікменстан үшін
Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін Украина үшін
Мақұлданды
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекеттері басшылары кеңесінің 2005 жылғы 26 тамыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де күш қолдану көріністеріне қарсы күрестегі ынтымақтастығының тұжырымдамасы туралы шешімімен
ТҰЖЫРЫМДАМА
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де күш қолдану көріністеріне қарсы күрестегі ынтымақтастығы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер (бұдан әрі – ТМД-ға қатысушы мемлекеттер) өздеріне қабылдаған халықаралық міндеттемелерге және осы саладағы ұлттық заңнамаға сәйкес терроризмге және экстремизмнің өзге де күш қолдану көріністеріне қарсы күрес саласындағы (бұдан әрі – терроризм мен экстремизмге қарсы күрес) ынтымақтастық тиімділігін арттыру мақсатында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де күш қолдану көріністеріне қарсы күрестегі ынтымақтастығының осы Тұжырымдамасын (бұдан әрі – Тұжырымдама) қабылдайды.
Тұжырымдама ТМД шеңберінде терроризм мен экстремизмге қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен нысандары туралы көзқарастар жүйесін білдіреді және осындай ынтымақтастықтың мақсаттарын, міндеттері мен қағидаттарын айқындайды.
I. Жалпы ережелер
Терроризмнің географиялық ауқымының кеңеюі және қауіптілігінің артуы, терроризм мен экстремизмді туындататын өңірлік және жергілікті қарулы қақтығыстардың реттелмеуі, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс құрылымдарының халықаралық террористік қызметті жүзеге асыруға қатысуының артуы, есірткі мен қарудың заңсыз айналымы ауқымының кеңеюі қазіргі жағдайда халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жаһандық қауіп төндіреді.
Жаһандану үдерістерінің біркелкі болмауы бай және кедей елдер арасындағы, әрбір жекелеген елдегі байлар мен кедейлер арасындағы өмір сүру деңгейі алшақтығының ұлғаюына ықпал етеді, бұл наразылық білдіру нысандарының күшеюіне алып келеді. Діндер мен конфессиялар арасында толыққанды диалогтың болмауы, қоғамдарда әлеуметтік әділетсіздіктің сақталуы террористік және экстремистік көріністерге ұласу қаупі бар этносаралық, дінаралық және басқа да қайшылықтардың туындауы мен шиеленісуіне қолайлы орта қалыптастырады.
Қазіргі заманғы терроризм мен экстремизм ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мүдделеріне, бүкіл әлемдік қоғамдастыққа тікелей қауіп төндіреді. Осындай жағдайда ТМД-ға қатысушы мемлекеттер өздерінің басым міндеті ретінде халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларына негізделген тұрақты, әділетті, демократиялық және тиімді халықаралық қатынастар жүйесін әлемде қалыптастыруға жәрдемдесуді санайды.
Мұндай жүйенің негіз қалаушы буыны, халықаралық қатынастарды реттеудің басты орталығы Біріккен Ұлттар Ұйымы болып табылады және солай болып қалуға тиіс. ТМД-ға қатысушы мемлекеттер БҰҰ-ның қамқорлығымен және халықаралық құқықтың берік негізінде әлемдік қоғамдастықтың жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жасаудың жаһандық стратегиясын қалыптастырып, іске асыруын қолдайды.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер халықаралық ынтымақтастық терроризм мен экстремизмге қарсы күрестің тиімді құралына айналуға тиіс деп санайды және БҰҰ Жарғысына, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблеясының қарарларына сәйкес оның құқықтық негіздерін нығайтуды қолдайды.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер БҰҰ-ның қамқорлығымен де, өңірлік ұйымдар шеңберінде де жүзеге асырылатын халықаралық терроризмге қарсы ынтымақтастыққа белсенді қатысуға ниетті. Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес ТМД-ға қатысушы мемлекеттер үшін басым бағыттардың бірі болып табылады.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер терроризм мен экстремизмге қарсы күресті өздерінің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде қарастырады және осы бағыттағы өзара іс-қимылды одан әрі күшейтуді қолдайды. Әрбір мемлекеттің тікелей міндеті – жеке тұлғаны терроризм мен экстремизмнен қорғау, өз аумағында террористік және экстремистік қызметке, оның ішінде басқа мемлекеттердің және олардың азаматтарының мүдделеріне қарсы бағытталған қызметке жол бермеу, террористер мен экстремистерге баспана бермеу, терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қарсы күрестің тиімді жүйесін құру, террористік және экстремистік үгіт-насихаттың жолын кесу.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл жасау кезінде өздерінің барлық мүмкіндіктерін, оның ішінде ұлттық құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтердің, терроризм мен экстремизмге қарсы күресті жүзеге асыратын басқа да мемлекеттік органдардың (бұдан әрі – құзыретті органдар) әлеуетін пайдалана отырып ынтымақтасады.
II. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастығының мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары
1. Ынтымақтастықтың мақсаттары мен міндеттері:
ТМД-ға қатысушы мемлекеттерді, олардың азаматтарын және олардың аумақтарында жүрген басқа да адамдарды терроризм мен экстремизм қатерлерінен қорғауды қамтамасыз ету;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарындағы терроризм мен экстремизм қатерлерін жою;
терроризм мен экстремизмнің кез келген нысандары мен көріністеріне төзбеушілік ахуалын қалыптастыру;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында терроризм мен экстремизмнің туындауына және таралуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою, сондай-ақ террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстардың салдарын жою;
халықаралық терроризмге қарсы ынтымақтастықты нығайту;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелері, оның ішінде олардың алдын алу мәселелері бойынша келісілген тәсілдерін әзірлеу;
терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастықтың құқықтық базасын жетілдіру, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасын халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларына сәйкес дамыту және үйлестіру;
терроризм мен экстремизм қатерлері күшейген жағдайда жеке тұлға мен қоғам қауіпсіздігінің кепілі ретіндегі мемлекеттің рөлін арттыру;
құзыретті органдардың террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу және тергеп-тексеру, террористік және экстремистік қызметті жүзеге асыруға қатысы бар ұйымдар мен адамдардың қызметін анықтау және жолын кесу, сондай-ақ терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі халықаралық-құқықтық нормаларды іске асыруы.
2. Терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастықтың мақсаттарына қол жеткізу және міндеттерін шешу кезінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер мынадай қағидаттарды басшылыққа алады:
халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын қатаң сақтау;
өзара сенімді нығайту;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасын құрметтеу;
терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі халықаралық күш-жігерде «қос стандарттар» практикасын қолдануға қарсы іс-қимыл жасау;
террористік және экстремистік қызметке қатысқаны үшін жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілігінің бұлтартпастығын қамтамасыз ету;
превентивтік, құқықтық, саяси, әлеуметтік-экономикалық, үгіт-насихат және өзге де шаралардың барлық арсеналын пайдалана отырып, терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл жасаудың кешенді тәсілі;
терроризм мен экстремизмге қарсы күресте ымырасыздық таныту.
III. Терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастықтың негізгі бағыттары
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің, олардың құзыретті органдарының, сондай-ақ терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі үйлестіру мен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету үшін құрылған ТМД-ның жарғылық органдары мен салалық ынтымақтастық органдары ынтымақтастығының негізгі бағыттары мыналар болып табылады:
1. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің және тұтастай алғанда Достастықтың терроризмге қарсы әлеуетін дамыту.
2. Террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу және тергеп-тексеру, сондай-ақ олардың салдарын барынша азайту.
3. Террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстар үшін жазаның бұлтартпастығына жәрдемдесу.
4. Терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастықтың құқықтық базасын жетілдіру.
5. Терроризм мен экстремизмнің туындауына ықпал ететін факторлар мен жағдайларды талдау және олардың ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында даму және көрініс табу үрдістерін болжау.
6. Террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстардан зардап шеккен адамдарды оңалтуға көмек көрсету.
7. Жаппай қырып-жою қаруын және оны жеткізу құралдарын, радиоактивті, улы және басқа да қауіпті заттарды, материалдар мен оларды өндіру технологияларын террористік мақсаттарда пайдаланудың немесе пайдалану қатерінің алдын алу.
8. Террористік және экстремистік қызметті қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау.
9. Көліктің барлық түрлерінде, тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде және аса маңызды инфрақұрылым объектілерінде терроризмге қарсы іс-қимыл жасау.
10. Жергілікті немесе жаһандық компьютерлік желілерді террористік мақсаттарда пайдаланудың немесе пайдалану қатерінің алдын алу (кибертерроризмге қарсы күрес).
11. Терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл тиімділігін арттыру мақсатында азаматтық қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау.
12. Терроризм мен экстремизмді насихаттауға қарсы іс-қимыл жасау.
13. Халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды және ұжымдық терроризмге қарсы операцияларды қоса алғанда, халықаралық қоғамдастықтың терроризмге қарсы қызметіне қатысу, БҰҰ-ның қамқорлығымен жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жасаудың жаһандық стратегиясын қалыптастыруға жәрдемдесу жөніндегі күш-жігерді біріктіру.
14. Терроризм мен экстремизмнің барлық көріністеріне қарсы күрес саласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттермен ынтымақтастыққа мүдделі үшінші мемлекеттерге жәрдем көрсету.
15. Терроризм мен экстремизмге қарсы күрестің материалдық-техникалық базасын жетілдіру, оның ішінде терроризмге қарсы бөлімшелерді жарақтандыруға арналған арнайы техника мен жабдықтар құралдарын әзірлеу.
IV. Терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастықтың негізгі нысандары
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер мен олардың құзыретті органдарының терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастығының негізгі нысандары мыналар болып табылады:
1. Келісу бойынша терроризм мен экстремизмнің өзге де күш қолдану көріністерінің алдын алу және жолын кесу жөніндегі бірлескен және/немесе үйлестірілген профилактикалық іс-шараларды өткізу.
2. Келісу бойынша бірлескен және/немесе үйлестірілген жедел және жедел-іздестіру іс-шараларын, тергеу әрекеттерін, сондай-ақ терроризмге қарсы оқу-жаттығуларды өткізу.
3. Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес саласында ақпарат алмасу, мамандандырылған деректер банктерін құру.
4. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстарды, сондай-ақ терроризмді қаржыландыруды жасағаны үшін іздестіріліп жатқан адамдарды өзара құқықтық көмек көрсету және ұстап беру.
5. Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес саласында кадрлар даярлау және жұмыс тәжірибесімен алмасу, терроризм мен экстремизм проблематикасы бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу.
V. Тұжырымдаманы іске асыру тетігі
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Достастық шеңберінде Тұжырымдаманың ережелерін іске асыру жөніндегі халықаралық шарттар мен бірлескен бағдарламалар әзірлейді.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі өзара іс-қимылы туралы келісілген шешімдердің орындалу барысын талдауды және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекеттері басшыларының кеңесі мен Үкіметтері басшыларының кеңесіне ақпаратты тұрақты түрде дайындауды ТМД Атқарушы комитеті ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Терроризмге қарсы орталығының қатысуымен жүзеге асырады.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заң қызметі Заң консультациясы Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар