7-бап. Сақтандыру сыныптарының мазмұны Сақтандыру қызметі туралы Заңы
1. Өмiрдi сақтандыру, осы баптың 2-3-тармағында көрсетілген сақтандыру түрін қоспағанда, сақтандырылушы қайтыс болған немесе ол сақтандыру мерзiмi аяқталғанға дейiн не сақтандыру шартында айқындалған жасқа дейiн өмiр сүрген жағдайда сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруды көздейтiн сақтандыру түрлерiнiң жиынтығын білдіреді.
2. Аннуитеттiк сақтандыру, осы баптың 2-4-тармағында көрсетілген сақтандыру түрін қоспағанда, шартта белгіленген мерзім ішінде пайда алушының пайдасына мерзімді төлемдер түрiнде мерзімді сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруды көздейтін жинақтаушы сақтандыру түрлерiнiң жиынтығын білдіреді.
2-1. Алынып тасталды - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
2-2. Алынып тасталды - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
2-3. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде өмірді сақтандыру сақтанушы қайтыс болған немесе бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігіне байланысты еңбекке жарамдылығын жоғалтқан немесе ол сақтандыру мерзімі аяқталғанға дейін өмір сүрген жағдайларда "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін сақтандыру түрін білдіреді.
2-4. Зейнетақы аннуитетін сақтандыру Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес мерзімді сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды көздейтін жинақтаушы сақтандыру түрін білдіреді.
3. Жазатайым оқиғадан сақтандыру, ауруға және (немесе) денсаулықтың өзге де бұзылуына байланысты тәуекелдерді сақтандыруды қоспағанда, сақтандырылушы жазатайым оқиға, кәсіби ауру салдарынан қайтыс болған, еңбекке жарамдылығын (жалпы немесе кәсіби) жоғалтқан (толық немесе iшiнара) немесе денсаулығына өзге де зиян келтiрiлген жағдайларда сақтандырылушының шығыстарын тіркелген сомада және (немесе) iшiнара немесе толық өтемақы мөлшерiнде сақтандыру төлемiн жүзеге асыруды көздейтiн сақтандыру түрлерiнің жиынтығын білдіреді.
Жазатайым жағдай дегеніміз - адамның ерік-жігеріне қарамастан басталған, сақтандырылушының организміне сырттан оның денсаулығына зиян келуіне, мертігуіне не өліміне әкеліп соққан механикалық, электрлік, химиялық немесе термикалық әсер етуі салдарынан кенеттен болған, қысқа мерзімді оқиға (жағдай).
4. Ауырған жағдайда сақтандыру сақтандырылушының ауруына және денсаулығының өзге де бұзылуына байланысты шығыстарын, оның ішінде ауруы және (немесе) денсаулықтың өзге де бұзылуы салдарынан қайтыс болуына байланысты шығыстарды тіркелген сомада және (немесе) iшiнара немесе толық өтемақы мөлшерiнде сақтандыру төлемiн жүзеге асыруды көздейтiн сақтандыру түрлерiнің жиынтығын білдіреді.
5. Осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 3)-6) тармақшаларында тізбеленген көлiк құралдарын сақтандыру көлiк құралын иеленуге, пайдалануға, оған билiк етуге байланысты тұлғалардың мүлiктiк мүдделерiне айдап әкетуді немесе ұрлауды қоса алғанда, сондай-ақ оның зақымдануы немесе жойылуы салдарынан келтiрiлген залалды iшiнара немесе толық өтемi мөлшерiнде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнің жиынтығы болып табылады.
5-1. Ғарыш объектілерін сақтандыру ғарыш объектісін иеленуге, пайдалануға, оған билік етуге байланысты тұлғаның мүліктік мүдделеріне оның бүлінуі немесе жойылуы салдарынан келтірілген залалды ішінара немесе толық өтеу мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығын білдіреді.
6. Жүктердi сақтандыру жүктi, оның ішінде багажды, тауарларды және өнімнің басқа да барлық түрлерін қоса алғанда, иеленуге, пайдалануға, оған билiк етуге байланысты тұлғаның мүлiктiк мүдделерiне тасымалдау әдiсiне қарамастан, оның зақымдануы, жойылуы, жоғалып кетуi салдарынан келтiрiлген залалды iшiнара немесе толық өтемi мөлшерiнде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнің жиынтығы болып табылады.
7. Мүлiктi сақтандыру мүлiктi иеленуге, пайдалануға, оған билiк етуге байланысты тұлғаның мүлiктiк мүдделерiне осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 3)-7) тармақшаларында тізбеленген мүлiктi қоспағанда, оның зақымдануы немесе жойылуы, ұрлануы салдарынан келтiрiлген залалды iшiнара немесе толық өтемі мөлшерiнде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнің жиынтығы болып табылады.
8. Осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 9), 10) және 11) тармақшаларында көзделген, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін қоса алғанда, залалды өтеуге міндетті тұлға көлік құралын пайдалануы салдарынан келтірген залалды ішінара немесе толық өтеу мөлшерінде үшінші тұлғаларға сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығын білдіреді.
8-1. Ғарыш объектілері иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру ғарыш объектісін пайдалануына байланысты залалды өтеуге міндетті тұлға келтірген залалды ішінара немесе толық өтеу мөлшерінде үшінші тұлғаларға сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығын білдіреді.
8-2. Кәсіби жауапкершілікті сақтандыру арнайы рұқсат (лицензия, хабарлама) негізінде жүргізілетін және (немесе) арнаулы білімді, тәжірибені және (немесе) біліктілікті талап ететін кәсіби қызмет процесіндегі немесе нәтижесіндегі қате әрекеттер (әрекетсіздік) және (немесе) олқылықтар салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келтіруге байланысты залалды ішінара немесе толық өтеу мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру түрін білдіреді.
9. Азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру, осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 9), 10), 11), 11-1) және 11-2) тармақшаларында көрсетілген сақтандыру сыныптарымен өтелетін тәуекелдерді қоспағанда, барлық тәуекелдерді сақтандыру салдарынан, залалды өтеуге міндетті сақтанушы келтірген залалдың орнын ішінара немесе толық толтыру мөлшерінде үшінші тұлғаларға сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды көздейтін сақтандыру түрлерінің жиынтығын білдіреді.
10. Заңды тұлғалардың қарыздарын сақтандыру сақтанушының (қарыз алушы-заңды тұлғаның) кредитор алдындағы міндеттемелерін орындамауы салдарынан кредитордың залалдары туындаған кезде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды көздейтін сақтандыру түрлерінің жиынтығын білдіреді.
11. Ипотекалық сақтандыру ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша кепіл мүлкін өткізгеннен кейін қарыз алушының ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша міндеттемелерді орындамауы салдарынан кредитордың мүліктік мүдделеріне келтірілген залалды ішінара немесе толық өтеу мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрін білдіреді.
12. Кепілдіктер мен кепілдемелерді сақтандыру берілген кепілдіктер мен кепілдемелерді орындау міндеті салдарынан кепілдік немесе кепілдеме берген тұлғаның мүліктік мүдделеріне келтірілген залалды ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнің жиынтығы болып табылады.
13. Басқа да қаржы шығындарынан сақтандыру осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 12)-15) тармақшаларында аталған сақтандыру тәуекелдерін қоспағанда, қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асыру нәтижесінде жұмыстан айырылу, кірісті жоғалту, қолайсыз табиғи құбылыстар, үздіксіз, болжанбаған шығыстар, нарықтық құнын жоғалту және басқа да шығындар салдарынан шығын келтірілу кезінде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнің жиынтығы болып табылады.
14. Сот шығыстарын сақтандыру сақтанушының (сақтандырылушының) соттың істі қарауына байланысты олардың көтерген шығыстары салдарынан шығындануы кезінде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнің жиынтығы болып табылады.
15. Осы баптың 11-13-тармақтарында аталған тәуекелдерді сақтандыру шарттары бойынша сақтанушының өзінің ғана тәуекелі және оның пайдасына ғана шешілетін тәуекел сақтандырылуы мүмкін.
16. Қаржы ұйымдарының шығындарын сақтандыру, осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 13), 14), 15) және 16) тармақшаларында көрсетілген сыныптарды қоспағанда, қаржы ұйымдарының қаржылық қызметтер көрсетуі нәтижесіндегі шығындарды ішінара немесе толық өтеу мөлшерінде сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін сақтандыру түрлерінің жиынтығын білдіреді.
17. Титулдық сақтандыру мүлікке меншік құқығын тоқтатқан жағдайда, сақтанушының мүліктік мүдделеріне келтірілген залалды ішінара немесе толық өтеу мөлшерінде сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін сақтандыру түрлерінің жиынтығын білдіреді.
Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.02.20 № 128 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 02.07.2018 № 166-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 18 желтоқсандағы N 126 Заңы.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы