8-бап. Фильмдердің жас сыныптамасы Кинематография туралы Заңы
1. Қазақстан Республикасында шығарылған барлық фильмдерге және Қазақстан Республикасының аумағына прокаттау мақсатында әкелінетін (жеткізілген) фильмдерге мынадай жас санаттары беріле отырып, жас сыныптамасы жүзеге асырылады:
1) "6 жасқа дейін" - алты жасқа толмаған балаларға арналған фильмдер;
2) "6 жастан бастап" - алты жасқа толған балаларға арналған фильмдер;
3) "12 жастан бастап" - он екі жасқа толған балаларға арналған фильмдер;
4) "14 жастан бастап" - он төрт жасқа толған балаларға арналған фильмдер;
5) "16 жастан бастап" - он алты жасқа толған балаларға арналған фильмдер;
6) "18 жастан бастап" - он сегіз жасқа толған көрермендерге арналған фильмдер;
7) "21 жастан бастап" - жиырма бір жасқа толған көрермендерге арналған фильмдер.
2. Фильмдерді "6 жасқа дейін", "6 жастан бастап", "12 жастан бастап", "14 жастан бастап" және "16 жастан бастап" жас санаттарына жатқызу өлшемшарттары "Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өлшемшарттарға сәйкес келеді.
"18 жастан бастап" жас санатына:
Қазақстан Республикасының Конституциясында және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған ақпаратты қоспағанда, балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпаратты;
кинотуындының сюжеті мен көркемдік міндеті тұрғысынан ақталуы шартымен, өзін-өзі өлтірудің, адам өлтірудің, отбасылық өмір проблемалары мен ажырасудың, есірткіге және алкогольге тәуелділіктің, аурулардың, бейәлеуметтік жүріс-тұрыстың, жалаңаштанудың, жыныстық қатынас немесе басқа да эротикалық әрекеттер көріністерінің сипатталуын және (немесе) бейнеленуін;
дөрекі жаргон, былапыт сөздердің, нормативтік емес лексиканың эпизодтық қолданылуын қамтитын фильмдер жатады.
"21 жастан бастап" жас санатына:
Қазақстан Республикасының Конституциясында және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған ақпаратты қоспағанда, кез келген көріністердің сипатталуын және (немесе) бейнеленуін қамтитын;
дөрекі жаргон, былапыт сөздерді, нормативтік емес лексиканы қолданудағы шектеулерді қамтымайтын фильмдер жатады.
3. Кодын ашатын техникалық құрылғылар қолданыла отырып, ақылы негізде таратылатын фильмдерді қоспағанда, телеарналарда "18 жастан бастап" жас санаты бар фильмді - жергiлiктi уақытпен сағат 22-ден кейін таңғы сағат 06-ға дейiн, "21 жастан бастап" жас санаты бар фильмді жергiлiктi уақытпен сағат нөлден кейін таңғы сағат 06-ға дейiн прокаттауға жол берiледi.
Қазақстан Республикасының аумағында "21 жастан бастап" жас санаты бар фильмді кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда жергілікті уақытпен сағат 22-ден кейін таңғы сағат 06-ға дейін прокаттауға жол беріледі.
4. Қазақстан Республикасының аумағында прокаттау куәлiгiн алған және (немесе) фильмдер прокаттауды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар көрерменге фильмнiң жас санаты туралы ақпарат беруге мiндеттi.
5. Фильмдердің "6 жасқа дейін", "6 жастан бастап", "12 жастан бастап", "14 жастан бастап", "16 жастан бастап" және "18 жастан бастап" жас санаты белгісі Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
Фильмдердің "21 жастан бастап" жас санаты белгісі ромбтағы "21+" белгісімен және (немесе) "жиырма бір жасқа толған көрермендерге арналған" деген сөз тіркесі түріндегі мәтіндік ескертумен белгіленеді.
6. Фильмнің жас санаты туралы ақпарат Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасының талаптарына сәйкес көрсетілуге және көрермендер үшін қолжетімді болуға тиіс.
Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 29.09.2022 № 143-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.06.2024 № 94-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Осы Заң кинематография саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және оның құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы