Ерлі-зайыптылар арасында мүлікті бөлу туралы даулар
Ерлі-зайыптылардың ортақ меншігіне қатысты негізгі ережелер мынадай заңдарға бекітілген:
1.ҚР Конституциясы. Азаматтардың сот арқылы қорғалу құқығына Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабымен кепілдік берілген. Осы нормамен әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар екендігі бекітілген.
2.ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексі ҚР АІЖК-іде азаматтық дауларды шешудің процестік мәселелері көрсетілген. Тиісінше ерлі-зайыптылар (бұрынғы ерлі-зайыптылар) ортақ мүлікті бөлу себебі бойынша келіспеген кезде даулар сот тәртібімен қаралады.
3.ҚР Азаматтық кодексі
ҚР АК-іде азаматтық құқықтар мен міндеттердің туындау, өзгеру және тоқтату мәселелері реттеледі. Бірлескен меншікке қатысушылардың арасындағы ортақ мүлікті бөлужің жалпы қағидасы ҚР АК-нің 221-бабында белгіленген.
Осы нормада мұндай бөлу қатысушылардың әрқайсысының ортақ мүлікке үлесін алдын ала анықтағаннан кейін мүмкін болатыны көрсетілген.
Ортақ меншiктi бiрлескен меншiкке қатысушылар арасында бөлу, сондай-ақ олардың бiреуiнiң үлесiн бөлiп шығару бірлескен меншік үлестік меншікке өзгергенде және қатысушылардың әрқайсысының мүлесі анықталғанда ғана мүмкін. Егер дау ерлі-зайыптылардың бірлескен меншігі туралы болса, онда үлесті бөліп шығару мүмкін емес – ортақ мүлік бөлінеді. Ортақ мүлікті бөлу (бөліп шығару) тәртібі АК-нің 218, 221-баптарында белгіленген.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 37-бабында ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу ерлi-зайыптылардың кез келгенiнiң талап етуі бойынша некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiнде де, ол бұзылғаннан кейiн де, сондай-ақ кредит берушi ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң үлесiнен өндiрiп алу үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы талабын мәлiмдеген жағдайда да жүргiзiлуi мүмкiн. Ерлiзайыптылардың ортақ мүлкi олардың келiсiмi бойынша ерлi-зайыптылар арасында бөлiнуi мүмкiн..
Осы құқық нормасында бөлу нұсқалары, соның ішінде ерлізайыптылардың арасындағы келісім бойынша да нұсқалар көзделген. Мұндай ортақ мүлікті бөлу туралы шар қарапайым жазбаша нысанда жасалады және міндетті түрле нотариалды куәландырылуы тиіс.
2014 жылдың қарашасында Кодекстің 37-бабында өзгерістер енгізілді, соған сәйкес дау туған жағдайда, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу, сондай-ақ ерлi-зайыптылардың осы мүлiктегi үлестерiн айқындау медиация тәртібімен немесе сот тәртiбiмен жүргiзiледi. Бұл норма татуластыру рәсімдерінің қолданылуын кеңейтуге бағытталған.
Осы бапта ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу кезiнде сот кәмелетке толмаған баланың мүдделерін ескере отырып, ерлiзайыптылардың талап етуi бойынша ерлi-зайыптылардың әрқайсысына қандай мүлiктің берiлуге жататынын айқындайтыны көзделген. Егер ерлiзайыптылардың бiреуiне құны оған тиесiлi үлестен асатын мүлiк берiлсе, екінші жұбайға тиісті ақшалай немесе өзге өтемақы алып берiледі.
Кәмелетке толмаған балалар үшін сатып алған мүлікті бөлу тәртібі ерекше реттелген. Мәселен, тек қана кәмелетке толмаған балалардың қажеттерiн қанағаттандыру үшiн сатып алынған заттар (киiм-кешек, аяқкиiм, мектеп және спорт керек-жарағы, музыкалық аспаптар, балалар кiтапханасы және басқалары) бөлуге жатпайды және балалары өзімен бiрге тұратын жұбайға өтемақысыз берiледi. Ерлi-зайыптылар өздерiнiң кәмелетке толмаған ортақ балаларының атына ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi есебiнен салған салымдары сол балаларға тиесiлi болып есептеледi және ерлiзайыптылардың ортақ мүлкiн бөлген кезде есепке алынбайды.
Сонымен қатар ерлi-зайыптылардың некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiнде ортақ мүлкiн бөлген жағдайда ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiнiң бөлiнбеген бөлiгi, сондай-ақ ерлi-зайыптылардың некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiнде бұдан әрі жинаған мүлкi олардың бiрлескен ортақ меншiгiн құрайтыны туралы норма бекітілген.
Талап қою мерзімінің ескіруіне қатысты некесi (ерлі-зайыптылығы) бұзылған ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы ерлiзайыптылардың талаптарына неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған кезден бастап талап-арыз ескіруінің үш жылдық мерзiмi қолданылатыны көрсетілген. «Соттардың некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы iстердi қараған кезде заңды қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2000 жылғы 28 сәуірдегі № 5 нормативтік қаулысының 20-тармағының талаптарына сәйкес некесi (ерлі-зайыптылығы) бұзылған ерлiзайыптылардың (Кодекстің 37-бабының 6-тармағы) ортақ меншiгiн бөлу туралы талап қоюдың үш жылдық өту мерзiмiн неке (ерлі-зайыптылық) тоқтатылған уақыттан (неке (ерлі-зайыптылық) сотта бұзылған кезде - шешiм заңды күшiне енген күннен, неке (ерлі-зайыптылық) тіркеуші органдарда бұзылған кезде - азаматтық хал-актiлерiн тiркеу кiтабында некенi (ерлізайыптылықты) бұзу тiркелген күннен) бастап емес, жұбайлар өз құқығының бұзылғаны туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап есептеледi (АК 180-бабының 1-тармағы).
Бірлескен меншікке қатысушылардың арасындағы ортақ мүлікті бөлудің жалпы қағидасы Азаматтық кодекс нормаларында белгіленген. Ерлізайыптылардың мүлкі олардың әрқайсысының ортақ мүлікке құқығының үлесі алдын ала анықталғаннан кейін бөлінеді. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу кезінде үлестердің анықталуы осы кодекстің 38-бабында көрсетілген.
Егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлiзайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу және осы мүлiктегi үлестерiн айқындау кезiнде ерлi-зайыптылардың әрқайсысының үлесi тең деп танылады.
Егер жұбайлардың бiреуi дәлелсiз себептермен табыс таппаса немесе ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн екінші жұбайдың келісімінсіз отбасының мүдделерiне нұқсан келтiрiп жұмсаса, сот кәмелетке толмаған балалардың мүдделерiн негiзге ала отырып және (немесе) ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мүдделерiн негiзге ала отырып, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi олардың үлестерiнiң теңдiгi негiзiн ескермеуге құқылы.
Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу кезiнде ерлi-зайыптылардың ортақ борыштары олардың арасында өздерiне берiлген үлеске барабар түрде бөлiнедi.
Үлестің теңдігі принципінен қалыс қалу немесе нақты мүлікті ерлізайыптылардың біреуіне беру туралы шешім қабылдаған кезде, сот өз шешімінде тиісті негіздемені келтіруге міндетті.
Ерлі-зайыптылардың (бұрынғы ерлі-зайыптылардың) ортақ мүлкін бөлу бірлескен меншіктің бұрынғы қатысушыларын кредиторлар алдындағы тиісті міндеттемелерден босатпайды. Тараптардың меншігіне өтетін заттармен қатар шарт бойынша мүлікті бөлу кезінде тараптардың әрқайсысы орындайтын үшінші тұлғалардың алдындағы мүліктік міндеттемелерді де көрсету керек.
Мүлікті сот тәртібімен бөлу кезінде сот шешімде бірлескен меншікке бұрынғы қатысушылардың қарыздарды төлеу міндеті көрсетіледі. Мұндай жағдайда қарыздар тиесілі үлеске барабар бөлінеді.
«Соттардың некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы iстердi қараған кезде заңды қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2000 жылғы 28 сәуірдегі № 5 нормативтік қаулысы.
Нормативтік қаулы ортақ мүліктің құрамы мәселелерін, бөлуге жататын мүліктің құнын айқындау, банктік салымды ерлі-зайыптылардың біреуінің атына бөлу тәртібін түсіндіретін нормаларды қамтиды.
Мәселен, осы нормативтік қаулының 16-тармағына сәйкес істi қараған мезгілде ерлi-зайыптылардың иелiгiнде болған немесе үшiншi тұлғада болған ортақ мүлiктерi бөлуге жататын мүлiктердiң құрамына кiредi. Егер сот ерлiзайыптылардың бiрi ортақ мүлiктi иелiктен шығарғанын немесе өз қалауы бойынша, жұбайының қарсылығына және отбасының мүддесiне қарамастан сатып жiбергенiн немесе мүлiктi жасырғанын анықтаса, онда бөлу кезiнде бұл мүлiк немесе оның құны есепке алынады. Сол сияқты ерлiзайыптылардың ортақ қарызы (Кодекстің 38-бабының 3-тармағы) және отбасы мүддесiнен туындаған мiндеттемелер жөнiндегi талаптар құқығы ескеріледi.
Сонымен қатар, некеге (ерлі-зайыптылыққа) отыру кезiнде ерлiзайыптылардың бiрiне, бiрақ некеге (ерлі-зайыптылыққа) отырғанға дейiн тиесiлi болған, жеке қаражатына сатып алынған, сыйға тартылған, мұраға немесе өзге ақысыз мәмілелер бойынша алынған мүлiк, сондай-ақ ерлiзайыптылардың ортақ қаражаты есебiнен бiрiнiң жеке басына пайдалануға сатып алынған заттар, қымбат бағалы және басқа асыл заттардан басқалары Кодекстің 35-бабына сәйкес ортақ меншiк болып саналмайды және бөлуге жатпайды.
Егер отбасылық қарым-қатынас және ортақ шаруашылықты жүргiзу нақты тоқтатылғаннан кейiн жұбайлар бiрлесiп мүлiк сатып алмаған болса, сот Заңның 34-бабының 2-тармағына сәйкес олардың ортақ шаруашылықты жүргiзу уақытына дейiнгi ортақ меншiгi болып келген мүлiктердi ғана бөле алады.
Нормативтік қаулының 17-тармағында бөлуге жататын мүліктің құны тараптардың келісімі болмаған кезде сот сарапшының қорытындысы, соның ішінде мүлікті бағалау жөніндегі мемлекеттік органның қорытындысы негізінде айқындайды.
Нормативтік қаулының 18-тармағына сәйкес ерлі-зайыптылардың ортақ мүлiктерiн бөлген кезде үшiншi тұлғаның (мәселен, басқа мүшелермен бiрге қатысқан шаруа (фермерлiк) қожалығының немесе ұжымшар ауласының, үлестiк жарнасын толық төлемеген және соған байланысты меншiк құқығын иемденбеген ерлi-зайыптылардың бiреуi (немесе екеуi де) мүшесi болып саналатын тұрғын үйдiң, құрылыс немесе басқа кооперативтердiң, т.б.) мүдделерi қозғалған жағдайда Кодекстің 22-бабының 3-тармағына сәйкес бұл талапты жеке өндiрiске шығаруға құқылы екенiн ескеру қажет.
Егер некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу және ерлi-зайыптылар мүлiктерiн бөлу туралы iстi қараған кезде (олар кооперативтiң пәтердi, саяжайды, гаражды және құрылыс немесе тұрғын үйлердi пайдалануға бергенi үшiн үлестерiн толық төлемеген жағдайда), тараптардың бiреуi, үлестi бөлудi талап етпей, оның өзi жиналған үлестiң қандай бөлiгiне құқылы екендiгін анықтап берудi сұраса, сот мұндай талапты жиналған үлеске құқы бар басқа адамдар болмаған жағдайда, бұл дау кооператив құқықтарын қозғамағандықтан, оны жеке өндiрiске бөліп шығармай-ақ қарауға құқылы.
Нормативтік қаулының 19-тармағына сәйкес ерлі-зайыптылардың бiреуiнiң атына салынған банктiк салымдар Кодекстің 37-бабындағы ереже бойынша бөлiнедi.
Ортақ мүлiктер есебiнен жұбайлардың кәмелетке толмаған өз балаларының атына салған салымдары Кодекстің 37-бабының 4-тармағына сәйкес сол балаларға тиесiлi болып есептеледi және ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi болып табылатын мүлiктердi бөлген кезде есепке алынбайды.
Егер үшiншi адамдар ерлi-зайыптыларға ақша берiп, соңғылары оны несие ұйымдарындағы өз аттарына салған болса, онда үшiншi тұлға АК-нiң нормалары бойынша тиiстi соманы қайтару жөнiнде талап қоюға құқылы, ол талап жеке өндiрiсте қарауға жатады. Шаруа (фермерлiк) қожалықтар мүшелерiнiң немесе бұрынғы ұжымшар ауласы мүшелерiнiң және басқа тұлғалардың осы шаруа (фермерлiк) қожалығының немесе бұрынғы ұжымшар ауласының мүшелерi болып саналатын ерлi-зайыптыларға қойылатын талаптарын осындай тәртiппен шешуге болады.
«Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер жөніндегі заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 10 шілдедегі № 2 нормативтік қаулысы.
Осы қаулының 16-тармағы бірлесіп жинаған ЖШС мүлкін бөлу туралы дауды шешу тәртібін реттейді. Қатысушының үлесі ЖШС-ның жарғылық капиталына жұбайлардың бірлесіп жинаған мүлкінің есебінен енгізілуі мүмкін, ол «Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабының 2-бөлігіне сәйкес, жұбайлардың бірлескен меншігі болып табылады. Бұл ретте ортақ мүлікті бөлісу туралы дау туындаған кезде ЖШС мүлкі бағасының қатысушының үлесіне сәйкес бөлігі оның құрамына кіреді.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкендігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды.
Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.