Мүлікті бағалау нәтижелерін даулау жөніндегі азаматтық істерді қарау туралы
Нормативтік- құқықтық база Қазақстан Республикасында меншік құқығы Қазақстан Республикасының Конституциясымен (6, 25, 26- баптары),
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен (әрі қарай - АК)
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi N 94 «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңымен,
Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 30 қарашадағы N 109 «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Заңының Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі N 5 «Тұрғын үйге меншік құқығына қорғауға байланысты дауларды шешудің кейбір мәселелері туралы» Нормативтік қаулысымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының 1999 жылғы 9 шілде N 10 «Тұрғын үйге меншік құқы туралы заңдарды қолданудың кейбір мәселелері туралы»нормативтік қаулысымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 20 сәуірдегі N 3 «Меншік иесімен тасталған тұрғын үйге құқық жөніндегі дауларды соттардың қарау практикасы туралы» Нормативтік қаулысымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі N 6 «Соттардың жер заңдарын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Нормативтік қаулысымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы N 8 «Соттардың мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін еріксіз иеліктен шығару жөніндегі заңдарды қолдануының кейбір мәселелері туралы» Нормативтік қаулылары басшылыққа алынды.
Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 30 қарашадағы N 109 «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Заңының 17- бабында бағалау қызметін жүзеге асыру кезінде бағалаушы мен тапсырыс берушінің арасында туындайтын даулардың сот тәртібімен шешілетіні көрсетілген. Алайда, мұндай даулар бойынша арыздардың қандай өндірісте және қандай тәртіппен қаралатыны іс жүргізу нормаларымен реттелмеген.
Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңы 68-бабының 2014 жылғы 29 желтоқсанға дейінгі редакциясында: «Борышкердің мүлкін бағалауды сот орындаушысы өкілетті орган бекіткен борышкердің мүлкін бағалау әдістемесіне сәйкес оның нарықтық құны мен нақты тозуын ескере отырып жүргізеді. Бұл ретте өндіріп алушы мен борышкер арасында қол жеткізілген бағалау туралы келісім ескерілуі мүмкін. Егер жекелеген заттарды бағалау қиындық тудырса не борышкер немесе өндіріп алушы сот орындаушысының жүргізген бағалауына қарсылық білдірсе, сот орындаушысы мүлік құнын анықтау үшін маман тағайындайды.
Маманның бағалауына келіспейтін атқарушылық іс жүргізу тарабы Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен танысқан (көшірмесін, хабарламасын алған) кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде оған дауласуға құқылы. Жүргізілген бағалаумен келіспеген жағдайда, сот орындаушысы қайта бағалауды тағайындайды, бұл ретте, қайта бағалау жөніндегі маманға ақы төлеуді атқарушылық іс жүргізудің бағалаумен келіспеген тарабы жүргізеді» деп көрсетілді.
Яғни бағалауға келіспеушілікті шешудің тәртібі анық болмады. Бір жағынан бағалау нәтижесін сотқа он күн мерзім ішінде даулауға болатыны көрсетілгенімен, екінші жағынан егер тарап келіспесе қайта бағалау тағайындалатыны көрсетілді.
Сонымен қатар, Қазақтан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы N 2 «Соттардың атқарушылық іс жүргізу жөніндегі заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 11-тармағының 2014 жылдың желтоқсанына дейінгі редакциясында «Маманның мүлікті бағалауына дау айтылатын болса, онда ол іс талап қою тәртібімен жүргізіліп, қажет болған жағдайда сот орындаушысы қосымша жауапкер ретінде іске қатыстырылады.
Сот "Қазақcтан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақтан Республикасы Заңы талаптарының сақталуын тексереді, мүлікті бағалау кезінде анықталған мән-жайларды меншік құқығын тоқтату кезінде мүліктің нарықтық бағасы негізге алына отырып бағалануын көздейтін АК-нің 257-бабының ережелерін ескере отырып бағалайды
Мүліктің нарықтық құны деп бәсекелестік жағдайларда иеліктен шығарылуы мүмкін мүлік бойынша ықтимал сатып алушылар үшін осы мүлік туралы барлық қолжетімді мәліметтер ұсынылған кезде әлдеқайда ықтимал баға қойылуын түсінген жөн» деп көрсетілді.
«Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Жоғары Төрелік соты Пленумының кейбір қаулыларының және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларының күші жойылды деп тану туралы» ҚР Жоғарғы Сотының 2014 жылғы 24 желтоқсандағы №3 нормативтік қаулысымен Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңы 68-бабына және Қазақтан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы N 2 «Соттардың атқарушылық іс жүргізу жөніндегі заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 11- тармағына өзгерістер енгізілген.
Бұл өзгерістерге сәйкес бағалаумен келіспеген атқарушылық іс жүргізу тарапы шағымын сот орындаушысының әрекеттеріне шағым жасау үшін Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен беретіні көзделген.
Мүліктің құны атқару құжатын орындау барысында айқындалған бағасына сәйкес келмеді деген уәж бойынша сот орындаушысының ісәрекеттеріне шағым келтірілген жағдайда сот оның Заңның 68- бабының талаптарын сақтағандығын тексеруі тиіс екені көрсетілген.
Яғни, заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты атқарушылық өндіріс барысындағы бағалау есебімен келіспеушілікерге қатысты дауларды сот АІЖК-нің 240-5-бабында белгіленген қағидалар бойынша сот орындаушысының әрекеттеріне шағым жасау үшін белгіленген тәртіппен қарайтыны бекітілді. Осы өзгерістер енгізілгенге дейін бағалауды даулауға қатысты нормаларда болған қарама-қайшылықтар, айқынсыздықтар заңның дұрыс түсіндірілмеуіне, бір санаттағы істер бойынша әр түрлі шешімдердің қабылдануына негіз болған.
Мұндай арыздар бір соттарда шағым ретінде қаралса, келесі бір соттарда талап қою тәртібімен қаралып-шешілген. Тағы бір соттарда мұндай арыздарды сот өндірісіне қабылдаудан бас тартылуы тиіс.
Мысалы, талапкер Т.А.К жауапкер «UK-CONSULTING» бағалау әрекетіне дау айту туралы талабында №2-4146 атқару өндірісі бойынша сот орындаушысы Д.Т. қаулысымен «UKCONSULTING» ЖШС-нің маманы қатыстырылып, бағалау жүргізілгендігін, бағалау жүргізу барысында «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» туралы Заң талаптары бұзылғандығын, осыған орай бағалау есебін заңсыз деп тануды сұраған. Аталған арыз Шығыс Қазақстан облысы, Семей қалалық сотына қабылданып, аталған соттың 7 сәуір 2015 жылғы шешімімен бағалаушының бағалау жүргізу әрекеті негізді екендігін, осыған орай арыз қаңағаттандырудан бас тартылған.
«Соттардың атқарушылық іс жүргізу жөніндегі заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы №2 нормативтік қаулысының 11 тармағында «мүліктің құны атқару құжатын орындау барысында айқындалған бағасына сәйкес келмеді деген уәж бойынша сот орындаушысының іс-әрекеттеріне шағым келтірілген жағдайда сот оның Заңның 68-бабының талаптарын сақтағандығын тексеруі тиіс.
Сот "Қазақcтан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңы талаптарының сақталуын тексереді, мүлікті бағалау кезінде анықталған мән-жайларды меншік құқығын тоқтату кезінде мүліктің нарықтық бағасы негізге алына отырып бағалануын көздейтін АКнің 257-бабының ережелерін ескере отырып бағалайды. Аталған Нормативтік қаулы 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген. Ал дауланып отырған бағалау есебі 20.01.2015 жылы түзілген.
ҚР АІЖК-нің 240-5 бабының 1 бөлігінде «өндiрiп алушы немесе борышкер сот орындаушысының атқарушылық iс жүргiзу процесiндегi әрекетiне (әрекетсiздiгiне) не осындай iс-әрекеттер жасаудан бас тартуына шағым жасауы мүмкiн. Шағым iс-әрекет жасалған (iс-әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының iс-әрекет жасау уақыты, орны туралы хабардар етiлмеген өндiрiп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгiлi болған күннен бастап он күн iшiнде сот орындаушысы қызмет көрсететiн учаскедегi аудандық сотқа берiледi» деп көрсетілген.
Сондықтан талапкер жеке түрде бағалаушының әрекетіне дау айта алмайды, дау АІЖК-нің 240-5 бабының шенберінде шешілуі тиіс. Яғни соттың аталған талап арызды өндіріске қабылдап, шешім қабылдауы негізсіз. Ұқсас жағдай Қарағанды облысы, Қазыбек би аудандық №2 сотының талапкер Р.И.Никонович, «Магнит» ЖШС-і жауапкер БТА Банк АҚ-ы, сот орындаушысы, Жылжымайтын мүліктерді бағлау бюросы ЖШС-і бағалау есебін жарамсыз деп тану туралы 02.02.2015 жылғы шешімінде де орын алған.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкендігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды.
Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.