Сот прокуратураның анықтау органдарының заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеу туралы
Жалпы зиянды өтеу азаматтық құқықтық жауаптылықтың теріс қылықтық түріне жатады. Келтірілген зиянды өтеу бойынша міндеттемелер туындау үшін заң әдебиетінде құқық бұзушылықтың заңды классикалық құрамын, яғни жауаптылық шарттарын анықтау қажеттілігіне жүгіну керектігі көрсетілген. Бұл, біріншіден кінәнің орын алуы, себебі осы жағдайда ғана жәбірленушіде келтірілген зиянды өтеуге негіз пайда болады. Екіншіден құқық нормаларын, объективті жүріс-тұрыс ережелерін бұзып іс әрекет жасаған адамның құқыққа қарсы іс қимылы, оның нәтижесінде жоғарыда айтқандай жәбірленушінің субъективті мүдделерін қорғау қажеттілігі туындайды.
Келтірілген зиян үшін жауаптылық институты өз бастамасын конституциялық құқықтан ала отыра, әр түрлі субъектілердің азаматтыққұқықтық жауапкершілік түрлерін қамтитын Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 47-тарауымен реттеледі. Олар:
- заңды тұлғаның немесе азаматтың өз қызметкерлері келтірген зиян үшін жауапкершілігі;
- мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ олардың лауазымды адамдары келтірген зиян үшін жауапкершілік;
- анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура және сот органдарының заңсыз іс-әрекеттерімен келтірілген зиян үшін жауапкершілік;
- кәмелет жасқа толмағандар келтірген зиян үшін жауапкершілік;
- әрекетке қабілетсіз деп танылған, әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған, өз іс-әрекетінің мәнін түсінуге қабілетсіз азамат келтірген зиян үшін жауапкершілік;
- қоршаған ортаға жоғары қауіп туғызатын қызмет арқылы келтірілген зиян үшін жауапкершілікжіне т.б.
Аталмыш тарауда азаматтың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің жеткіліксіздігі салдарынан келтірілген зиянды өтеу және моральдық зиянды өтеу туралы мәселелер де қарастырылған.
Жоғарыда аталып өткен азаматтық материалдық құқық нормаға сәйкес мемлекеттік органдардың заң актілеріне сәйкес келмейтін актілерді шығаруының салдарынан келтірілген зиян актіні шығарған органдар мен лауазымды адамдардың кінәсіне қарамастан, сот шешімі негізінде өтелуге тиіс. Зиян мемлекеттік қазына есебінен өтеледі. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары өз органдары мен лауазымды адамдары келтірген зиян үшін сот тәртібімен жауап береді. Мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының әкімшілік басқару саласындағы заңсыз іс әрекетінен келтірілген зиян осы органдардың иелігіндегі ақшаның есебінен жалпы негіздерде өтеледі. Олар жеткіліксіз болған кезде зяин мемлекеттік қазынанын есебінен субсидарлық жолмен өтеледі.
Мысалы, талапкер Ж-ва З.Р. жауапкерлер «Оңтүстік Қазақстан облысы тұтынушылар құқығын қорғау бойынша департаменті» ММ-не, «Оңтүстік Қазақстан облысы табиғат ресурстары мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» ММ-не қатысты 09.09.2014 жылы шығарылған №1570 бұйрықты, 04.08.2014 жылы дайындалған №2755 хабарландыруды заңсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінген. Талапкердің талап арызы төмендегідей негізделеді: «Оңтүстік Қазақстан облысы табиғат ресурстары мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» ММ-нің 30.07.2013 жылғы №0003155 Қорытындысымен қоршаған ортаға эмиссия жасауға 31№12№2017 жылға, яғни 5 жыл мерзімге рұқсат берілген.
Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 58-бабына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптама өткізу барысындағы келіспеушіліктер өзара сөйлесу немесе сот тәртібімен қарастырылып шешілуі тиіс. Алайда талапкердің айтуынша қоршаған ортаға эмиссия жасауға рұқсат беру Қорытындысын тартып алу мәселесі бойынша З.Р. Ж-ва мен қоршаған ортаны қорғау бойынша тиісті өкілетті орган тарапынан ондай өзара сөйлесу жүргізілмеген. Сонымен қатар, З.Р.Ж-ова тарапынан экологиялық рұқсаттамамен белгіленген табиғатты пайдаланудың экологиялық норма талаптары мен шарттары бұзылмаған, қоршаған ортаға, жергілікті халықтын денсаулығына ірі мөлшерде зиян зардаптар келтірілмеген.
Бірінші сот сатысында анықталғаны, З.Р.Ж-аның арызы негізінде Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік санитарлы – эпидемиологиялық қадағалау комитеті департаментімен Шымкент қаласы Ташкент шоссесінде орналасқан «Ж-ов» автобазарындағы ас дайындайтын пештердің атмосфераға зиянды заттарды шығарудың шекті нормативтік жобасына 04.06.2013 жылғы №17-6-492 санитарлық-эпидемиологиялық Қорытынды берілген.
Зиянды заттарды шығарудың шекті нормативтік жобасы Қазақстан Республикасы Денсаулық Министрлігінің эпидемиологиялық қадағалау комитеті департаментінің 04.06.2013 жылғы №17-6-492 Қорытындысы және деОңтүстік Қазақстан облысы табиғат ресурстары мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» ММ-нің 30.07.2013 жылғы жер телімдеріне жеке меншік құқығын белгілейтін актісі негізіндеатмосфераға зиянды заттарды шығарудың шекті нормативтік жобасына мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы берілген. «Тұтынушылар құқығын қорғау бойынша Агенттіктің Оңтүстік Қазақстан облысы тұтынушылар құқығын қорғау бойынша департаменті» ММ-не және «Оңтүстік Қазақстан облысы табиғат ресурстары мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» ММ-не арнайы табиғатты қорғау прокуратурасымен заң нормаларын бұзғаны, нақтырақ айтқанда З.Р.Ж-ва мен Р.Ж-втың тарапынан автобазарға ықшамдап мемлекеттік орман қорына қатысты жер құрамынан жер телімдерін заңсыз пайдалану туралы ұсыныс жолданған.
Зиянды заттарды шығарудың шекті нормативтік жобасы жер телімінің иесімен келісілмеген. Сонымен қатар, сол кезде қолданыста болған Мемлекеттік қызмет көрсету Стандартының 11-тармағына сәйкес З.Р. Ж-аның арызы оның, оның өкілеттігін куәландыратын құжатсыз қабылданған. Сол себепті прокуратура «Ж-ов» автобазары үшін зиянды заттарды шығарудың шекті нормативтік жобасына, 03.07.2013 жылғы №000642 мемлекеттік экологиялық экспертизаның оң Қорытындысын және 30.07.2013 жылғы №0002155 қоршаған ортаға эмиссия шығаруға рұқсатты қайтарып алу туралы мәселені қарауды ұсынады.
Бірінші сот сатысында тағы да анықталғаны, 05.11.2009 жылғы №9519, 9521, 9517 сыйға тарту шартына сәйкес қайтыс болған талапкердің жолдасы – Р.Ж-ов, өзінің ұлы Н.Ж-қа Шымкент қаласы Ташкент шоссесінде орналасқан, кадастарлық номері №19-309-153-002 көтерме сауда саттық базарының құрлысына, автотұрақ, көркейту, сауда қатары мен автокөліктерді сатуды ұйымдастыруға бөлінген кадастарлық номері №19-309-153-021, №19- 309-153-022 жер телімидеріне жеке меншік құқығын сыйға тартқан.
Алайда аталмыш сыйға тарту шарты «Қозғалмайтын мүліктерге құқықты мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Яғни Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 118-бабына сәйкес Н.Ж-тың жоғарыда көрсетілген жер телімдеріне құқығы пайда болмаған. Бұл жерде айтар жайт, жеке нотариус Г.И-ның 08.01.2015 жылы хатына сәйкес аталмыш жер телімдері Р.Ж-тың қайтыс болғаннан кейін, іс бойынша сыйға тарту шарты негізінде мұралық мүлік тізіміне кірмеген.
Сонымен қатар, Н.Ж-ов өзіне тиесілі барлық мүліктерді басқару және қолданып пайдалану үшін З.Р. Ж-аға 25.11.2013 жылы сенім хат берген. Алайда, жоғарыда айтып өткендей, жер телімдері Н.Ж-тың жеке меншігінде емес, әрі 2013 жылы санитарлық-эпидемиологиялық Қорытынды алу кезінде З.Р. Ж-ова жолдасынан атынан өкілеттік етуге құзіреті болмаған.
Осы айтылғандар негізінде Оңтүстік Қазақстан облысы арнайы ауданаралық экономикалық соттың 22.05.2015 жылғы шешімімен жеке кәсіпкер З.Р.Ж-аның жауапкерлер «Оңтүстік Қазақстан облысы тұтынушылар құқығын қорғау бойынша департаменті» ММ-не, «Оңтүстік Қазақстан облысы табиғат ресурстары мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» ММ-не қатысты 09.09.2014 жылы шығарылған №1570 бұйрықты, 04.08.2014 жылы дайындалған №2755 хабарландыруды заңсыз деп тану туралы талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер бойынша апелляциялық сот алқасының 05№08№2015 жылғы қаулысымен 8 бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, жеке кәсіпкер З.Р.Ж-ың апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1072-бабы 4- тармағына сілтеме жасай отыра, апелляциялық сот сатысы талапкердің апелляциялық уәждерін қанағаттандырудан біздің ойымызша негізді түрде бас тартқан. Себебі, міндетті түрде мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікке меншік құқығы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 118-бабына сәйкес сондай тіркеуден соң ғана пайда болмақ. Нақты жағдайда, талапкердің құқығы бұзылмады деуге толық болады, өйткені ол жер телімдері мен «Ж-ов» автобазарының меншік иесі емес. Ал оның ұлы Н.Ж-ов болса жер телімдеріне өз құқықтарын мемлекеттік тіркеуден өткізгеннен кейін «Ж-ов» автобазары үшін атмосфераға зиянды қалдықтарды шығарудың шекті нормативтік жобасына қоршаған ортаны эмиссиялауға рұқсат беру туралы арызбен тиісті құзіретті органға жүгінуге толық құқығы бар.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкендігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды.
Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.