Қоршаған ортаны қорғауға байланысты қаралған азаматтық істер
Қазақстанда өндіру және қайта өңдеу өндірісі дамыған және соңғы бес жыл ішінде бұл салалардың өсу қарқыны ұлғая түсуде. Қоршаған ортаның ластануына, тұтас алғанда Қазақстан экологиясының бұзылуына әкелетін ірі өндіріс обектілері салынып, қатарға қосылуда.
Көп жылдар бойы республикада жиырма миллиард тоннадан астам қалдықтар жиналса, оның үштен бірі улы.
Бұл қалдықтардың басым бөлігі – кен өндіру және қазбаларды қайта өңдеу өндірісі, қара металл, мұнай-химия кәсіпорындары, құрылыс материалдары өндірісі қызметінің нәтижесі.
Ірі компаниялар мен үкіметтің ауаның ластануына қарсы күрес бағдарламаларын жасақтауына қарамастан Қазақстанның экологиясы әлі де көп жақсартуды қажет етеді. Көмірсутегін өндіру кезіндегі ілеспе және табиғи газды жою үлкен мәселе болып отыр.
Ілеспе газды факелдерде жағу кезінде азот қышқылының, күкірт диоксидінің, күйенің ауаға шығарылуы орын алады.
Ең зиян өндірістер- Өскемендегі қорғасын-мырыш өндіру, Шымкенттегі қорғасын-фосфатты, Тараздағы фосфор өндіру орындары мен Ақтөбедегі хрокәсіпорыны Ең лас атмосфералық ауа Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Атырау облыстарында.
Қазақстан қалаларында ауаны ластауға көп үлес қосып отырған автокөлік транспорты. Пайдаланылатын жанар май сапасының төмендігі, пайдаланылған газды тазарту сузгіштерінің болмауы, көлік шаруашылығындағы жылжымалы құрам жағдайының төмендігі, қалалардағы автокөлік санының артуы атмосфераға көп көлемдегі көміртек, қорғасын және т.б. тотықтарының шығарылуына әкеледі. Республиканың он бес қаласында атмосфералық ауаның лас заттармен ластануы жоғары деңгейде.
Ол қалалардың ішінде - Зыряновск, Ақтау, Теміртау, Тараз, Петропаволь, Шымкент, Алматы бар. Қалалардағы ауаның ластану деңгейінің жоғарылығы өндіріс технологияларының ескіруі, тазарту құрылғыларының тиімсіздігі, пайдаланылатын отын сапасының төмендігі салдарынан болып отыр. Негізгі ластаушы заттар – шаң, күкірт диокиді, азот диоксиді, көмірсутегі, фенол, қорғасын, күкіртті сутек, хлорлы сутек, аммиак және т.б.
Бұлардың әр қайсысы денсаулыққа өзінше теріс әсер береді. Мысалы, шаң тыныс жолдарының, бауыр, қан ауруын тудырады. Қазақстанның ең шаңды қалалары- Ақтау, Атырау, Жезқазған, Семей, Өскемен. Көміртек тотығының жоғары деңгейі Алматы, Ақтөбе, Қарағанда, Қостанай, Петропаволь, Павлодар, Семей және басқа да қалаларда байқалады.
Қазіргі уақытта әр қызметтің экономикалық тиімділік факторы маңызды орынға ие болуда, осылайша қоршаған ортаны сауықтыруға және табиғи ресурстарды пайдалануды оңтайландыруға бағытталған жаңа қалдықсыз, қалдығы аз, ресурсты үнемдеу технологиялары, қазіргі заманға сай тазарту құрылғылары және т.б. енгізілуде.
Алайда, сот практикасы көрсеткендей, біздің заңдылықтарда ластағаны үшін төлем төлеудің икемді механизмі, қоршаған ортаны қорғауға қатысты қызметке салық салу жеңілдігі, яғни дамыған Еуропа елдеріндегідей «жасыл» салық, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған кәсіпкерлік, инновациялық қызметті қолдау және кәсіпкерлерді шығарылатын қалдықтар мен қоршаған ортаға зиянды заттардың тасталуы мен шығарылу көлемін азайтуға ынталандыруға және өндіріс қалдықтарын қайтадан пайдалануға тартуға бағытталған басқа да механизмдер, яғни кәсіпорындармен қоршаған ортаны қорғауға экономикалық ынталандыру жолдары қарастырылмаған.
ҚР Экологиялық Кодексінде қарастырылған ынталандыру шаралары заңнамаларда оны жүзеге асырудың нақты жолдарын белгілейтін қажетті нормалардың болмауы салдарынан сұраусыз қалып отыр.
Сот талқылауына істерді дайындау және тағайындау
Қоршаған ортаға байланысты шағым арыздарды сот өндірісіне қабылдау кезіндегі сот тәжірибесі Азаматтық іс жүргізу кодексінің 150,151,247-баптары талаптарына сәйкес келеді және дұрыс болып саналады.
Жіктеуішке енгізілген құжаттарды зерделеуден талап арыздардың формасы мен мазмұны АІІК 14-тарауы талаптарына сәйкес келетіндігін көрсетті.
Сот ісін жүргізу тілі тәртібінің бұзылғандығы анықталған жоқ. Сот талқылауына істерді дайындау тиісті тәртіп бойынша жүргізіледі.
Дайындық кезінде істің дұрыс шешілуі үшін маңызды болып саналатын жағдайлар нақтыланады.
Тараптардың құқықтық қатынастары анықталады. Іске қатысатын тұлғалардың құрамы туралы мәселе шешіледі. Тараптарға сот талқылауына дәлелдерді ұсыну тәртібі түсіндіріледі. Істі сот талқылауына дайындау мерзімі , сондай-ақ істі қарау мерзімі сақталған.
Соттардың арыздарды қараусыз қалдыру туралы, арыздарды қабылдаудан бас тарту туралы және іс бойынша өндірісті тоқтату туралы ұйғарымдарының сараптамасы соттармен көрсетілген мәселелерді шешу кезінде процессуальдық заң нормаларының сақталғандығы көрінеді, сот актілерінде дәлелдер мен қабылданған шешімнің негіздері келтірілген.
Талап арыздарды қайтару негіздері
Талап арызды қайтару ҚР АІІК 154-бабымен қарастырылған.
Судья талап арызды, егер:
1) талапкер істердің осы санаты үшін дауды сотқа дейін алдын ала шешудің шартта немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртібін сақтамаса және осы тәртіпті қолдану мүмкіндігі жойылмаса;
2) іс осы соттың соттауына жатпаса;
3) арызды әрекетке қабілетсіз адам берсе;
4) арызға оған қол қоюға өкілеттігі жоқ адам қол қойса;
5) осы немесе басқа бiр соттың не төреліктің немесе аралық соттың iс жүргiзуiнде сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша iс болса;
5-1) егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде өзгеше көзделмесе, тараптар арасында заңға сәйкес осы дауды төреліктiң немесе аралық соттың шешуіне беру туралы келісім жасалса;
6) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 242-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, коммуналдық мүлікті басқаруға құқылы орган жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органның осы затты қабылдаған күнінен бастап бір жыл өткенге дейін жылжымайтын затқа коммуналдық меншікті тану туралы өтінішпен сотқа жүгінсе; 7) бұл туралы талап қоюшы мәлімдесе, қайтарып жібереді.
- Судья арызды қайтару туралы дәлелді ұйғарым шығарады, онда арыз берушіге, егер іс осы соттың соттауына жатпайтын болса, қандай сотқа жүгіну не істі қозғауға кедергі келтіретін мән-жайларды қалай жою қажет екендігін көрсетеді. Талап арызды қайтару туралы ұйғарым ол сотқа түскен күннен бастап бес күн мерзімде шығарылуға және арызға қоса тіркелген барлық құжаттармен арыз берушіге тапсырылуға және жіберілуге тиіс.
- Егер талап қоюшы жол берілген бұзушылықты жоятын болса, арызды қайтару талап қоюшының сол жауапкерге, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қоюмен сотқа қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.
- Арызды қайтару туралы судьяның ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін. Негізінен талап арыздарды қайтару тәжірибесі дұрыс болып табылады, заң талаптарының бұзылуы анықталған жоқ.
Соның ішінде, Павлодар облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының ұйғарымымен «Мир экологии» ҚҚ-ның ӨШВ «Казахавтодор» РМК Павлодар облыстық филиалына қатысты қоғамдық тыңдауды, 2014 жылғы 05 желтоқсандағы қоғамдық тыңдау хаттамасын, 2015-2018 жылдарға арналған табиғат қорғау іс- шаралары бағдарламасын және 2015 жылғы 11 наурыздағы қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатын заңсыз деп тану туралы талап арызы кері қайтарылды.
Талап арызды кері қайтаруға негіз болған жағдай, ол 2015 жылғы 05 маусымдағы сот төрешісінің ұйғарымымен талап арызда жауапкер туралы мәліметтер көрсетілмегендіктен арыз қозғалыссыз қалдырылған болатын.
Берілген талап арызда жауапкер ретінде ӨШВ «Казахавтодор» РМК Павлодар облыстық филиалы көрсетілген, алайда ҚР АІЖК 48- бабы 1- тармағымен жауапкерлер ретінде заңды тұлғалар қарастырылған.
Осыған байланысты, аталған талап арыз ҚР АІЖК 155- бабы 2- тармағына сәйкес берілмеген болып есептеледі және судьяның ұйғарымымен оған қоса тіркелген барлық құжаттармен бірге талап қоюшыға қайтарылады.
Сондай-ақ, Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2015 жылғы 25 тамыздағы ұйғарымымен «ҚР Энергетика Министрлігінің мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитеті Жамбыл облысы бойынша экология Департаменті» РММ-нің С.И.Пакке қатысты жұмысын тоқтату жөніндегі талап арызы талапкер өкілі- департамент басшысы М.Конысбенковадан талап арызды кері қайтару туралы өтінішінің түсуіне байланысты кері қайтарылды.
Соттылық
ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 30-бабымен мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар тараптары заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын азаматтар, заңды тұлғалар болып табылатын мүлiктiк және мүлiктiк емес даулар жөнiндегi, корпоративтік даулар жөніндегі азаматтық iстердi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қаржы ұйымдарын және бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдау туралы азаматтық істерді қарайтындығы қарастырылған.
Қаржы ұйымдарын және бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдау туралы істерді қоспағанда, көрсетілген азаматтық істер бойынша талап талапкер шартта не Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген дауды сотқа дейін реттеу тәртібін сақтаған кезде қойылуы мүмкін.
(Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 17 қарашадағы «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сот төрелігін іске асыруды одан әрі жеңілдету, төрешілдік рәсімдерді азайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңымен енгізілген өзгерістерді ескере отырып) ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 32-бабы 3-тармағына сәйкес заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің қызметінен туындайтын талап та филиалдың немесе өкілдіктің орналасқан жері бойынша қойылуы мүмкін.
Көрсетілген нормалар бойынша бұл санаттағы істер мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотымен қаралады. Астана қаласы Есіл аудандық сотының 2015 жылғы 19 қаңтардағы ұйғарымымен «ҚР Энергетика Министрлігінің мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитеті Астана қаласы бойынша экология Департаменті» РММ-нің А.Д.Абдировке, Б.М.Бейсембаевқа қатысты залалды өндіру туралы шағым арызы кері қайтарылды. Бұл ретте, талапкермен жауапкерлердің мекенжайы Астана қаласы, Жеңіс көшесі, 71 үй (111), 48 пәтер және Тлендиев к-сі, 15 үй, 4 корпус 97 пәтер деп көрсетілген.
Көрсетілген мекенжайлар Астана қаласы Сарыарқа ауданының территориясына кіреді. Сот, жауапкерлер сот құзырына жататын аймақта тұрмайтындықтан, талап арызды жауапкерлер тұратын мекенжай бойынша Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотына шағымдануы қажеттігі туралы ұсыныспен кері қайтарды.
Сырттай өндіріс тәртібі бойынша соттардың азаматтық істерді қарау практикасы туралы
Істің сырттай өндірісте қаралуына отырыстың уақыты мен орны туралы тиісті хабардар бола тұра жауапкердің сот отырысына келмеуі, келмейтіндігі туралы дәлелді себептерді хабарламауы және өзінің қатысынсыз істі қарауды сұрамауы негіз болады.
Процессуальдық құжаттарды жасақтау сапасы
Сот актісінің айқын құрылымы болу керек, стилистік және граматикалық дұрыс жазылуы керек. Сондықтан, шешімді қабылдау кезінде судьялар процессуалдық заңнаманың заңдылық, негізділік және дәлелділік туралы талабын орындаумен қатар, оның мазмұны мен ресімделуіне де жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені, процессуалдық құжаттардың сауатты мазмұны мен дұрыс ресімделуі судьялардың жоғарғы кәсіби мәдениетінің көрсеткіші және сот талқылауына қатысушылар мен басқа да тұлғаларға құрмет көрсетуі болып табылады.
Қазақстан Республикасы соттарының сот актілері азаматтық іс жүргізу кодексінің, сондай-ақ «Сот шешiмi туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі N 5 нормативтік қаулысы (ҚР Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 29 маусымдағы №6 және 2009 жылғы 12 қаңтардағы №2 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістер және толықтыруларымен бірге) ережелеріне сәйкес ресімделуге жатады. Сот актілері компьютерлік тәсілмен дайындалады.
Сот актілерін зерделеу көрсеткендей, сот актілерін дайындау кезінде соттармен шешінің мазмұнына қойылатын талаптар орындала бермейді, оларды немқұрайлы дайындау, тіпті анық орфографиялық және грамматикалық қателіктер жіберу фактілері де кездеседі. Бұл процессуалдық құжаттың құқықтық бағасын төмендетеді.
АІІК-нің 221 бабы 3-тармағына сәйкес шешімнің кіріспе бөлігінде шешімнің шығарылған күні мен орны; шешім шығарған соттың атауы; соттың құрамы; сот отырысының хатшысы; тараптар; іске қатысушы басқа адамдар және өкілдер; даудың нысанасы немесе мәлімделген талап көрсетіледі.
Орын алған сот практикасына сүйене отырып, шешімнің кіріспе бөлігінде өкілдердің құзыретін куәландыратын құжаттар (сенімхат, ордер) туралы мәліметтерді берілген күнімен бірге көрсету керек.
Сонымен қатар, Атырау облыстық сотының судьялары шешімнің қарар бөлігінде залал келтіруге тиісті сомманы қай шотқа аудару керектігі және банктік реквизиттері толық көрсетілмейді.
Бұл санаттағы іс өте күрделі болып келеді, судьялар тараптармен келтірілген дәлелдерді тексереді, зерттейді, шешімнің дәлелді бөлігінде оған құқықтық баға береді.
Тұтастай алғанда, шешім «Сот шешiмi туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі N 5 нормативтік қаулысының талаптарына сәйкес келеді.
Қоршаған ортаны ластау субектілері, қоршаған ортаны қорғау объектілері
Қоршаған ортаға келтірілген залалды өндіру жөніндегі істер бойынша талапкер ретінде қоршаған ортаны қорғау қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың аймақтық құрылымдары, шаруашылық субектілері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен азаматтар қатысады.
Ластау субъектілері (залал келтіретіндер) ретінде кез келген мемлекеттік және мемлекеттік емес, ұлттық және шетелдік заңды және жеке тұлғалар қатыса алады.
Ластау көздері қоршаған ортаға лас заттарды немесе басқа да зиянды қалдықтарды шығаратын обектілер болып табылады.
Қоршаған ортаны ластау тәсілдері болып табылатындар:
1) белгіленген нормалар мен ережелерді бұзу арқылы жүзеге асырылатын шаруашылық қызметтер;
2) табиғат пайдалануға байланысты емес басқа да заңға қайшы қызметтер;
3) апаттар мен қираулар;
4) ел аумағына экологиялық қауіпті тауарлар мен заттардың әкелінуі;
Экологиялық құқық бұзушылық обектілері болып табиғи ресурстармен (топырақ, жер қойнауы, су, орман және басқа да өсімдіктер, жануарлар дүниесі) қатар, табиғат ресурстарына жатпайтын табиғи обектілер (ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, атмосфералық ауа, Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктер және т.б.) табылады.
Сонымен бірге, экологиялық құқық бұзушылық обектілері болып ауарайы мен табиғи экологиялық жүйелер, табиғат пайдалану саласындағы басқарушылық қатынастар, меншік құқығы қатынастары мен басқа да табиғат ресурстарына құқықтары табылуы мүмкін.
«ҚР Энергетика Министрлігінің мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облысы бойынша экология Департаменті» РММ «Теңізшевройл» ЖШС-нен 34 131 297 879 теңге көлеміндегі экологиялық залал сомасын өндіру туралы сотқа шағым түсірді. Атырау облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2015 жылғы 01 сәуірдегі шешімімен талап арыздан бас тартылды.
Іс материалдарынан белгілі болғандай, талапкер сотқа төмендегідей дәлелдемелер келтірген. Яғни, 2010 жылғы 10 маусымда жаңа рұқсат құжатының берілуіне байланысты бұрын берілген 2009 жылғы 01 желтоқсандағы рұқсат құжатының күші жойылады. 2010 жылғы 10 маусымдағы рұқсат құжатта ластағыш заттарды шығаруға 12 708,91042 тоннадан/жылына аспайтындай көлемде, өндірістік және тұтыну қалдықтарын орналастыруға (сақтау) 7 882,482 тоннадан/жылына аспайтындай көлемде лимиттер қарастырылып, ал лас заттарды лақтыруға лимит қарастырылмаған.
Бұл экологиялық рұқсат құжатының қызмет ету мерзімі 2010 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленген. Сондай-ақ, 2011 жылдың 01 қаңтары мен 15 қаңтары аралығында қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатынсыз эмиссиялар жүзеге асырылған.
Сотта «Теңізшевройл» ЖШС қоршаған ортаға эмиссияны Қазақстан Республикасы қоршаған ортаны қорғау министрлігі экологиялық реттеу және бақылау Комитетімен берілген 2009 жылдың 01 желтоқсанынан 2011 жылдың 31 желтоқсанына дейін күші бар 2009 жылғы 01 желтоқсандағы рұқсат құжаты негізінде жүзеге асырғаны белгілі болды.
Сонымен бірге, өндірістік қажеттілікке (мұнай өндіруді арттыру, шарасыз жағу, 800 қондырғысындағы қосу-реттеу жұмыстары, РПН Т1-Т8 резервуарларын пайдалану, жаңа және жаңартылған қондырғыларды іске қосу) байланысты Серіктестік 2010 жылғы 10 маусымда Қазақстан Республикасы қоршаған ортаны қорғау министрлігі экологиялық реттеу және бақылау Комитетімен берілген рұқсат құжаты негізінде қосымша эмиссия көлеміне 2010 жылдың 10 маусымынан 2010 жылдың 31 желтоқсанына дейін күші бар қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат құжатын алған.
Сондай-ақ, 2011 жылғы 15 сәуірде Серіктестік Қазақстан Республикасы қоршаған ортаны қорғау министрлігі экологиялық реттеу және бақылау Комитетімен берілген рұқсат құжаты негізінде 2011 жылдың 15 сәуірінен 2011 жылдың 31 желтоқсанына дейін күші бар қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат құжатын алған.
Сот Талапкердің жаңа рұқсат құжатын алуына байланысты бұрынғы рұқсат құжаты автоматты түрде күшін жояды деген дәлелдерін төмендегілер негізінде негізсіз деп есептейді.
Рұқсат құжатын алу кезінде, 2009 жылдың 01 желтоқсанында және 2010 жылдың 10 маусымында қолданыста болған ЭК 77-бабы 3-тармағы 4) тармақшасында қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат берген орган оны жаңа рұқсат бергеннен кейін күшін жоюы мүмкін екендігі қарастырылдған. ҚР 2011 жылғы 10 қаңтардағы Заңымен ЭК 77-бабының 2 және 3 тармақтарына өзгерістер енгізіліп, 2-тармақта «тоқтатылуы мүмкін» деген сөз «тоқтатылады» деген сөзбен ауыстырылды, 3-тармақта «оның күшін жоюы мүмкін» деген сөздер «оның күшін жою бойынша Қазақстан Республикасының заңдарымен қарастырылған шаралар қабылдайды» деп ауыстырылды. Алайда, сотпен қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат берген органмен қолданыстағы рұқсат құжатының күшін жою жөнінде жазбаша ескерту берілмегендігі анықталды.
Осылайша, мемлекеттік уәкілетті орган болып саналатын Экологиялық реттеу және бақылау Комитеті 2010 жылы «Теңізшевройл» ЖШС-не қосымша эмиссия көлеміне рұқсат бере отырып, бұрынғы қолданыстағы рұқсаттың күшін жоймауға шешім қабылдаған. Сондай-ақ, бұл жағдай Атырау облысы бойынша экология Департаментімен Қазақстан Республикасы экологиялық заңдылықтарының талаптарын сақтауы бойынша «Теңізшевройл» ЖШС-нің 2010 жылдың 15 наурызынан 2011 жылдың 5 қаңтарына дейінгі аралықтағы қызметіне жүргізген жоспарлы тексеру актісімен де расталып отыр. Тексеру қорытындысы бойынша 2011 жылғы 05 қаңтардағы акт жасақталған.
Тексеру актісінде кәсіпорын 2010 жылы төмендегідей қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттарына сәйкес табиғат пайдалануды жүзеге асырғандығы көрсетілген: 2009 жылғы 01 желтоқсандағы рұқсат 344,18 тоннадан/жылына аспайтындай көлемде ластағыш заттарды шығаруға құқық береді.
Өндіріс пен тұтыну қалдықтарын орналастыру үшін қоршаған ортаға эмиссияға бірнеше рұқсаттар берілген:
Экологиялық реттеу және бақылау Комитетімен берілген 2009 жылдың 01 желтоқсанынан 2011 жылдың 31 желтоқсанына дейін күші бар 2010 жылы 262 504,084 тоннадан аспайтындай көлемде өндірістік және тұтыну қалдықтарын орналастыруға (сақтау) құқық беретін 2009 жылғы 01 желтоқсандағы рұқсат;
Экологиялық реттеу және бақылау Комитетімен берілген 2010 жылдың 10 маусымынан 2010 жылдың 31 желтоқсанына дейін күші бар 7 882,482 тоннадан аспайтындай көлемде өндірістік және тұтыну қалдықтарын орналастыруға (сақтау) құқық беретін 2010 жылғы 10 маусымдағы рұқсат;
Сондай-ақ, тексеру актісінде кәсіпорын қоршаған ортаға эмиссияны Қазақстан Республикасы қоршаған ортаны қорғау министрлігі экологиялық реттеу және бақылау Комитетімен берілген 2009 жылғы 01 желтоқсандағы табиғат пайдалануға рұқсат құжаты негізінде жүзеге асырғандығы көрсетілген.
Рұқсат құжатымен 2010 жылы 56 588,7 тоннадан/жылына , 2011 жылы 57 964,76 тоннадан/жылына аспайтын көлемде ластағыш заттарды шығаруға құқық берілген.
Сонымен бірге Серіктестікпен 2010 жылы 10 маусымда Қазақстан Республикасы қоршаған ортаны қорғау министрлігі экологиялық реттеу және бақылау Комитетімен берілген 2010 жылы қоршаған ортаға 12 708,91042 тоннадан/жылына аспайтын көлемде ластағыш заттарды шығаруға құқық беретін қосымша рұқсат құжаты алынған.
Сонымен қатар, Атырау облысы бойынша экология Департаментімен Қазақстан Республикасы экологиялық заңдылықтарының талаптарын сақтауы бойынша «Теңізшевройл» ЖШС-нің 2011 жылдың 06 қаңтарынан 2011 жылдың 18 қарашасына дейінгі аралықтағы қызметіне жоспарлы тексеру жүргізілген. Тексеру қорытындысы бойынша 2011 жылғы 07 қарашадағы акт жасақталған.
Тексеру актісінде кәсіпорын 2011 жылы қоршаған ортаға эмиссияны төмендегідей табиғат пайдалануға рұқсат құжаты негізінде жүзеге асырғандығы көрсетілген: 2009 жылғы 01 желтоқсандағы рұқсат, 7,033,3663 тоннадан/жылына аспайтын көлемде ластағыш заттарды шығаруға құқық береді; 2011 жылғы 15 сәуірдегі рұқсат, 4256,7552 тоннадан/жылына аспайтын көлемде ластағыш заттарды шығаруға құқық береді.
Жоғарыда көрсетілген актілердің ешкіммен күші жойылмаған және қолданыста бар.
Осылайша, экология Департаменті жоспарлы тексеру барысында «Теңізшевройл» ЖШС-нің 2010 және 2011 жылдарғы эмиссияға барлық қажетті рұқсат құжаттарының бар екендігін дәлелдеп, негізгі рұқсатқа қосымша рұқсат алудың негізділігін растады.
Мемлекеттік экологиялық сараптаманың 2010 жылғы 19 наурыздағы талдау қорытындысы, 2009 жылғы 01 желтоқсандағы, 2010 жылғы 10 маусымдағы берілген рұқсат құжаттар 2010 жылғы 10 маусымдағы рұқсаттың негізгі рұқсат құжатына қосымша берілгендігін көрсетті. Қолданыстағы заңдылық қоршаған ортаға қосымша эмиссия көлеміне рұқсат беруге тыйым салмайды.
Сондай-ақ, сот қарауы кезінде жауапкермен талап мерзімінің өткендігін қолдану туралы шағым берілді. Атырау облысы бойынша экология Департаменті 2011 жылғы 05 қаңтарда және 2011 жылғы 07 қарашада Қазақстан Республикасы экологиялық заңдылықтарының талаптарын сақтауы бойынша «Теңізшевройл» ЖШС-нің қызметіне тексеру жүргізген кезде экологиялық заңдылықтардың бұзылғандығы туралы білуі керек еді.
Сотпен талап мерзімінің өтуі қолданылды. Шешімге апелляциялық және кассациялық сот алқасына шағым жасалып, өзгеріссіз қалдырылды. «Қазақстан Республикасы Энергетика Министрлігінің мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитеті Ақмола облысы бойынша экология Департаменті» ММ (бұдан әріДепартамент) « Гормолзавод» ЖШС-нен 4 160 407 теңге көлемінде залал өндіру жөнінде, төмендегілерді көрсете отырып, сотқа шағым түсірді. Департамент Ақмола облыстық прокуратурасының 2014 жылғы 05 наурыздағы ұсынысын орындау мақсатында «Гормолзавод» ЖШС –нің табиғат қорғау заңдылығын сақтауына камералдық бақылау орнатқан.
Департаменттің камералдық бақылауы нәтижесінде кәсіпорынның 2012 жылдың 01 қаңтарынан 22 мамырына дейінгі аралықта қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатынсыз өз жұмысын жүзеге асырғаны белгілі болды.
«Гормолзавод» ЖШС тапсырылған декларацияға сәйкес 2012 жылдың 1, 2 тоқсанында қоршаған ортаға эмиссия үшін Салық кодексінің 492-бабы 3-тармағы және 495-бабы 10-тармағымен белгіленген тәртіпте, он еселенген көлемде төлемақы жасаған.
Сонымен бірге, талапкер Экологиялық кодекстің 101-бабы 5- тармағына сәйкес қоршаған ортаға эмиссиялар үшiн төлемақы бойынша салықтық мiндеттемелердi атқару табиғат пайдаланушыны қоршаған ортаға келтiрген залалды өтеуден босатпайтындығын көрсетеді.
Өз жұмысын қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатынсыз жүргізуі нәтижесінде «Гормолзавод» ЖШС ауаға ластағыш заттарды шығару арқылы қоршаған ортаға залал келтірген. Экономикалық залал есебіне сәйкес қоршаған ортаға 4 160 407 теңге сомасында залал келтірілген. Іс материалдарынан қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат «Гормолзавод» ЖШС-мен 2012 жылғы 22 мамырда алынғандығын көруге болады.
Талапкермен Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қоршаған ортаны ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау ережесін бекіту туралы» Қаулысына және ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 26 қаңтардағы №24 «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 маусымдағы №535 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулысына сәйкес, аталған қаулыда көрсетілген формула бойынша есептелген 4 160 407 теңге сомасында залал есебі шығарылды.
Сотпен есептеулер тексеріліп, дұрыстығы анықталды. Жауапкердің Департаменттің экономикалық залал бағасын анықтау үшін бір айлық мерзімді сақтамауына қатысты дәлелдемелері белгіленген мерзім түбегейлі болы есептелмейтіндіктен даудың мәніне әсер етпейді Ақмола облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2015 жылғы 15 қаңтардағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, мемлекет пайдасына «Гормолзавод» ЖШС 4 160 407 теңге залал өндірілді.
Соттар қоршаған ортаға келтірілген залал өндіру есебін тексермейді, олар экология департаментімен ұсынылған есепті негізге алады.
Сонымен, «Қазақстан Республикасы Энергетика Министрлігінің мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облысы бойынша экология Департаменті» РММ (бұдан әрі -Атырау облысы бойынша экология Департаменті) «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» және «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» Компанияларының (бұдан әрі - жауапкерлер) үстінен 20 763 165 тенге көлемінде экологиялық залал сомасын өндіру жөнінде сотқа шағым түсіріп, 2013 жылғы 17 қазанда «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясымен мұнай мен газды кешенді дайындаудың факельдік қондырғысында 220 000 ст.м 3 көлеміндегі күкіртсізденген отындық газдың жануына жол беріліп, нәтижесінде қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатынсыз ауаға ластағыш заттардың шығуы жүзеге асқанын алға тартты. Келтірілген деректер 2014 жылғы 07 сәуірдегі тексеру нәтижесі туралы актімен расталады.
Бұл дерек бойынша Аджип ККО компаниясына қатысты ҚР ӘҚБ кодексінің 243-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, нәтижесінде 3 096 953 тенге сомасында айыппұл салынған. Бұл шығарынды бойынша ауаны ластағаны үшін залал бағасы 20 763 165 тенге көлемінде анықталды. Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2015 жылғы 26 ақпандағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылды.
Сотпен қаулы етілді: «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясынан мемлекет пайдасы үшін 20 763 165 тенге өндірілсін. «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясынан мемлекет кірісіне 622 895 тенге көлемінде мемлекеттік баж салығы өндірілсін.
Талап арыздың қалған бөлігінен бас тартылды. Атырау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2015 жылғы 18 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешіміне өзгеріс енгізілді.
«Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясынан қоршаған ортаға келтірілген залал сомасы мемлекет пайдасына шешілген 20 763 165 тенге 15 226 321 тенгеге дейін, мемлекет кірісіне өндірліген мемлекеттік баж салығы 622 895 тенгеден 456 789 тенге азайтылды, сот шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды. «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясының апелляциялық шағымы ішінара қанағаттандырылды.
Апелляциялық сот алқасымен жеке ұйғарым шығарылып, «Қазақстан Республикасы Энергетика Министрлігінің мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облысы бойынша экология Департаменті» РММ басшысының назарына талапкердің заңдылықты сақтамау фактілері орын алғандығы, алдағы уақытта бұндайға жол бермеу керектігі берілді.
Сот шешімін өзгертуге зиян келтіру кезеңі мен залал өндіру мөлшерін анықтау кезінде бірінші сот сатысының төмендегі жағдайларға сүйенгені негіз болды: жауапкер 2013 жылдың 24 қыркүйегінен 2013 жылдың 17 қазаны аралығында тиісті рұқсат құжатынсыз ауаға ластағыш заттарды шығарды, талапкердің есебі бойынша бұдан келтірілген залал 20 763 165 тенгені құрады; Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 маусымдағы №535 «Қоршаған ортаны ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау ережесін бекіту туралы» қаулысына (бұдан әрі - Ереже) сәйкес залалды есептеу өндірісінде талапкер шығарылған (тасталған) ластағыш заттардың саны мен көлемі туралы мәліметтерді жоғарылатылған К/2-1,5 экологиялық тәуекел коэффициентіне сүйене отырып шығарған.
Апелляциялық сатыдағы сот шешімнің негізіне алынған бірінші сот сатысының тұжырымын қате деп таныды. Апелляциялық сот алқасы Ереженің №2 қосымшасына сәйкес көрсетілген өлшем заң бұзушылықтың осы түрі залал келтірген заңды тұлға тарапынан соңғы үш жыл ішінде төрттен онға дейін кездескен жағдайда қолданылады деп есептейді.
Есептеу өнідірісі кезінде талапкермен көрсетілген коэффициентті негізсіз есептеуге жол берілген, өйткені АІІК 65, 66-баптарына сәйкес істі апелляциялық қарау кезінде бірнеше мәрте заң бұзу, яғни залал келтірген заңды тұлға тарапынан төрттен онға дейінгі заң бұзу жағдайы дәлелденген жоқ.
Осыған байланысты, заң бұзушылықтың осы түрі залал келтірген заңды тұлға тарапынан соңғы үш жыл ішінде бірден төртке дейін кездескен жағдайдағы сол Ережемен белгіленген К2-1,1 экологиялық тәуекел коэффициенті қолданылады. Залалды төмендетілген К2-1,1 коэффициентімен қайта есептеу кезіндегі сома 15 226 321 тенгені құрады. Есеп апелляциялық сот сатысының тапсырмасы бойынша талапкер өкілдерімен жүргізілді.
Нормативтік құқықтық актілер
Қоршаған ортаға қатысты туындаған дауларды реттейтін негізгі нормативтік-құқықтық актілер:
ҚР Конституциясы, 09 қаңтар 2007 жылғы ҚР Экологиялық кодексі,
ҚР Азаматтық кодексі,
ҚР Жер кодексі,
ҚР Су кодексі,
24 маусым 2010 жылғы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Заңы,
07 шілде 2006 жылғы «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» ҚР Заңы.
Сондай-ақ, соттармен қоршаған ортаны қорғау саласындағы Қазақстан Республикасымен бекітілген халықаралық шарттар, оның ішінде Қазақстан Республикасының 23 қазан 2000 жылғы Заңымен бекітілген ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысу және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша (бұдан әрі –Орхусс конвенциясы) сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенция нормалары да қолданылады.
Халықаралық ықтымақтастықтағы көпшілікке танылған экологиялық принциптер мен бағыттар қоршаған орта жөніндегі Стокгольм декларациясымен (1972),
Бүкілдүниежүзілік табиғат хартиясымен (1982), қоршаған орта және даму жөніндегі Декларациямен (Рио-деЖанейро, 1992), «XXI ғасыр Күн тәртібімен» (Рио-де-Жанейро, 1992), мыңжылдық саммит (Нью-Йорк, 2000), тұрақты даму жөніндегі бүкілдүниежүзілік саммит декларацияларымен (Йоханнесбург, 2002)[2] және басқа да халықаралық актілермен белгіленген. Бұл актілер зор халықаралық беделге ие және халықаралық конвенцияларда, көптеген мемлекеттердің, соның ішінде Қазақстан Республикасының (әрі қарай-ҚР) құқығында жүзеге асырылуда.
Қазақстан әртүрлі халықаралық комиссиялар мен қоршаған ортаны қорғау, жаһандық және аймақтық деңгейдегі тұрақты даму мәселелері жөніндегі халықаралық келісімдерді дайындау мен жүзеге асыруға бағытталған процестердің мүшесі және белсенді қатысушысы болып саналады.
Олардың ішінде – БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі Комиссиясы;
Орталық Азия елдерінің тұрақты даму жөніндегі мемлекетаралық комиссиясы;
Дүниежүзілік кәсіпкерлер кеңесінің тұрақты даму жөніндегі еуразиялық аймақтық торабы;
ТМД гидрометеорология жөніндегі мемлекетаралық Кеңесі;
«Еуропа үшін қоршаған орта» және «Азия үшін қоршаған орта жіне тұрақты даму» процесстері бар.
БҰҰ даму бағдарламасымен, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен (WWF) және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық дами түсуде.
Барлығы, есеп бойынша, ҚР 60-тан аса халықаралық шарттар тікелей немесе жанама түрде қоршаған ортаны қорғау саласын (оның ішінде, қоршаған ортаған эмиссиялар, озон қабатын булы газдардың шығарылуынан қорғау, кемелермен ластаудың алдын алу, қауіпті химиялық заттарды сату және тасымалдау, қауіпті өндіріс объектілеріндегі өнеркәсіптік қауіпсіздік, апаттардың, трансшекаралық әсерлердің алдын алу және т.б.мәселелер) қозғайды.
ҚР Кодексі 2007 жылғы 9 қаңтардағы №212-Ш «Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі » (әрі қарай-«Экологиялық кодекс» немесе «ЭК») ҚР ратификацияланған халықаралық шарттардың кодекс ережелерінен басымдығын көрсетеді (ЭК 2-бабы 2-тармағы). 2015 жыл ішінде төмендегідей нормативтік актілер қабылданды, олар:
«Шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерінің тізбесін бекіту туралы» (Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы №27 бұйрығы.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2015 жылғы 20 ақпанда №10301 болып тіркелді);
«Қоршаған ортаны қорғау саласындағы лицензияланатын қызмет түріне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін бекіту туралы» (Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің 2015 жылғы 14 қаңтардағы №6 бұйрығы.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2015 жылғы 26 ақпанда №10333 болып тіркелді).
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 22 сәуірдегі № 252 "Қоршаған ортаны ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 маусымдағы № 535 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қаулысы.
Сонымен бірге, аталған санаттағы істерді шешу барысында соттар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2000 жылғы 22 желтоқсандағы № 16 «Соттардың қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарын қолдану тәжірибесі туралы», 2010 жылғы 24 желтоқсандағы № 20 «Соттардың Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі 27-тарауының нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулыларын басшылыққа алады.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкендігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды.
Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
Құжатты жүктеп алу
-
О некоторых вопросах применения судами экологического законодательства
37 рет жүктеп алынды -
Соттардың Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын азаматтық істер бойынша қолдануының кейбір
34 рет жүктеп алынды -
Споры связанные с охраной окружающей среды - иски физических лиц
36 рет жүктеп алынды