Заем шартына байланысты даулар
Заем шарты бойынша шартты (мәмілені) жасау, өзгерту, бұзу және міндеттемелерді орындаумен байланысты даулар қаралған істердің басым көпшілігі микронесиелік ұйымдардың, ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорларының талаптары негізінде заем шарты бойынша алған міндеттемелерін орындамаумен байланысты.
Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» 2011 жылғы 28 қаңтардағы №401 - IV Заңының 1 бабының 1 тармағына сәйкес, заем шарты бойынша шартты (мәмілені) жасау, өзгерту, бұзу және міндеттемелерді орындаумен байланысты даулар туралы істер, медиацияны қолдану саласына жататынына қарамастан, осы санаттағы дауларды қарау барысында, соттардың медиаторларды сирек тартатынын көруге болады.
Арыздарды қабылдау, қайтару, қабылдаудан бас тарту, қозғалыссыз және қараусыз қалдыру
Мысалы, Ақмола облысы Сандықтау аудандық сотының 28 қаңтар 2014 жылғы ұйғарымымен талап қоюшы «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ-ы филиалының жауапкер С.Ю. Умароваға заем шарты бойынша қарызды өндіру туралы талап арызы қараусыз қалдырылған (№2- 7/2014).
ҚР АІЖК-нің 249-бабының 9- тармақшасына сәйкес, талап арызды қайтарып алу туралы өтініш берілсе, ал жауапкер істі мәні бойынша қарауды талап етпесе, сот арызды қараусыз қалдырады.
Соттың ұйғарымында, талап қоюшы заем шарты бойынша қарызды өндіруді сұраған, бірақ істі қарау барысында, талап қоюшының өкілі Г.З. Оспановадан жауапкер қарызын толық өтегеніне байланысты, талап арызды кері қайтару туралы арыз түскен, ал жауапкер істі мәні бойынша қарауды талап етпегенін көрсеткен.
Судья талап арызды қабылдау барысында, мүдделі тұлғаның өз мүддесін сот арқылы қорғау үшін сотқа жүгіну құқығы бар - жоғын және сотқа жүгіну белгіленген іс жүргізу тәртібімен жасалып отыр ма, жоқ па, тексеруге міндетті.
Заңға сәйкес талап қою құқығының, яғни іс жүргізуді қозғау құқығының бір шарты - талап қоюшы осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген дауды алдын - ала сотқа дейін шешудің міндетті тәртібін сақтауы және осы тәртіпте қолдану мүмкіндігінің жоғалмауы.
Соттар, заем сомасын өндіру туралы істерді қарау барысында, талап қоюшы заңда белгіленген дауды алдын - ала сотқа дейін шешудің міндетті тәртібін сақтамаған және осы тәртіпті қолдану мүмкіндігі жоғалмаған деген негізбен арыздарды қараусыз қалдырады.
Алайда сот, ұйғарымында талап қоюшы нақты қандай тәртіптің сақталмағанын және істі қозғауға кедергі келтіріп отырған мән-жайларды қалай жою қажет екендігін көрсетпейді.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот шешімі туралы» 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 26 тармағына сәйкес, арызды ҚР АІЖК-нің 249-бабының 1-тармағына сай қараусыз қалдырғанда, сот ұйғарымда істің сотта қаралуына кедергі келтіріп отырған мән-жайларды қалай жоюға болатынын көрсетуге тиіс.
Талаптың ескіру мерзімін қолдану.
Талаптың ескiруi - адам құқығының немесе заңмен қорғалатын мүдденiң бұзылуынан туындайтын талаптың қанағаттандырылуы мүмкiн болатын заңмен белгіленген уақыт кезеңi.
Талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың істі қараудан бас тартуына негіз болмайды. Талап қою құқығы адамның өзінің субъективті азаматтық құқығының бұзылғаны туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады. Осы 7 күннен бастап талап қою мерзімі есептеледі.
Осыған орай, талап қою мерзімінің басталуымен меншік иесінің қандай құқығының бұзылғанына байланысты екендігін анықтау маңызды. Талаптың ескiруi деп құқығы бұзылған тұлғаның талабы бойынша құқығын қорғау үшін белгіленген мерзім танылады.
Талап қоюдың жалпы мерзiмi үш жыл болып белгiленедi.
ҚР АК-тің 715-бабына сәйкес, заем шарты бойынша бiр тарап (заем берушi) басқа тараптың (заемшының) меншiгiне (шаруашылық жүргiзуiне, оралымды басқаруына) ақша немесе тектiк белгiлерiмен айқындалған заттарды бередi, ал осы Кодексте немесе шартта көзделген жағдайларда оларды беруге мiндеттенедi, ал заемшы заем берушіге дәл осындай ақша сомасын немесе осы тектегi және сападағы заттардың тең мөлшерiн уақытында қайтаруға мiндеттенедi.
ҚР АК-тің 160-бабының 1-тармағына сәйкес, заңдық салдар туғызу ниетiн көздемей, тек көз алдау үшiн ғана жасалған жалған мәмiле жарамсыз болады.
Заем шартына қол қойып, кредит сомасын қайтару туралы шартқа сай мінедеттемелерді бұзу
ҚР АК-нің 715-бабына сәйкес, заем шарты бойынша бiр тарап (заем берушi) басқа тараптың (заемшының) меншiгiне (шаруашылық жүргiзуiне, оралымды басқаруына) ақша немесе тектiк белгiлерiмен айқындалған заттарды бередi, ал осы Кодексте немесе шартта көзделген жағдайларда оларды беруге мiндеттенедi, ал заемшы заем берушіге дәл осындай ақша сомасын немесе осы тектегi және сападағы заттардың тең мөлшерiн уақытында қайтаруға мiндеттенедi.
ҚР АК-нің 272-бабына сәйкес мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда - iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиiс.
ҚР АК-нің 718-бабының 1-тармағына сәйкес, қарыз нысанасын пайдаланғаны үшiн қарыз алушы шартта айқындалған мөлшерде қарыз берушiге сыйақы төлейдi.
Міндеттемені орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбын өндіру
ҚР АК-тің 293-бабына сәйкес, борышқор мiндеттемесiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте, атап айтқанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алған ретте несие берушiге төлеуге мiндеттi, заңдармен немесе шартпен белгiленген ақша сомасы айып төлеу (айыппұл, өсiм) деп танылады. Айып төлеу туралы талап бойынша несие берушi оған келтiрiлген залалдарды дәлелдеуге мiндеттi емес.
Тұрақсыздық айыбы – міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің ең кеңінен тараған әдісі. Оның негізгі мәні несие берушіні өтелуге жататын келтiрiлген залалдардың көлемін дәлелдеу қажеттігі міндетінен босату болып табылады. Яғни, несие беруші өз мүддесінің бұзылуына байланысты және оның бұзылған мүддесін ақшалай бағалау мүмкін емес болғанда немесе бағалау қиындық туғызса, мiндеттеменi бұзғаны үшiн борышқор жауапқа тартылатын жағдай болған кезде мiндеттеменiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшін айып өндiрiп алу мүмкіндігі туындайды.
Тұрақсыздық айыбының мағынасы мiндеттеменiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағанына байланысты орын алған залалға және келтірілген залалдың көлеміне қарамастан, сонымен бірге міндеттемені орындаудың уақыты өтіп кеткен жағдайда, борышқордың несие берушіге төлеуге міндетті ақшалай соманың заңдармен не шартпен белгіленетінінде. Тұрақсыздық айыбының міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің басқа әдістеріне тән ортақ ерекшеліктерімен қатар айырмашылықтары да бар.
Тұрақсыздық айыбы орындалмаған не тиісінше орындалмаған міндеттеме бойынша орнын толтыру өтемі функциясын ғана емес, ынталандыру функциясын да атқарады. Тұрақсыздық айыбының негізгі міндеті келтірілген залалдың орнын толтыру.
Тұрақсыздық айыбы – борышқордың міндеттемені бұзғаны үшін мәжбүрлі түрде экономикалық ықпал ету шарасы№
Міндеттемені орындамағаны немесе тиісті түрде орындамағаны үшін төленетін айыппұлды өндірумен байланысты талап арыздар
АК-тің 359-бабына сәйкес, борышқор кінәлі болған кезде, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, міндеттемені орындамағаны және (немесе) тиісті дәрежеде орындамағаны үшін жауап береді. Егер борышқор міндеттемені тиісті дәрежеде орындау үшін өзіне байланысты шаралардың барлығын қолданғанын дәлелдесе, ол кінәсіз деп танылады.
Бұл қағиданың өзгешілігі ретінде, 359-бап, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде міндеттемені орындамауды атап көрсетеді. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде міндеттемені орындамаған немесе тиісті дәрежеде орындамаған адам, егер бой бермейтін күштің, яғни осы жағдайлар кезіндегі төтенше және тойтаруға болмайтын мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, соғыс қимылдары және т.б.) салдарынан тиісті дәрежеде орындауға мүмкіндік болмағандығын дәлелдей алмаса, мүліктік жауаптылықты көтереді. Ондай мән-жайларға, атап айтқанда, міндеттемені орындау үшін қажетті тауарлардың, жұмыстардың немесе қызмет көрсетудің рынокта болмауы жатпайды. Заңдарда немесе шартта жауапкершіліктің және одан босатылудың өзге негіздері ескерілуі мүмкін. Міндеттемені қасақана бұзғаны үшін жауапкершілікті жою немесе шектеу туралы алдын-ала жасалған шарт жарамсыз болады.
Айыппұл сомасын азайтуға мүмкіндік
Судья АІЖК-нің 16-бабының талаптарына сай, келтірілген әр дәлелдемені өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды.
Алайда, сот істің барлық мән-жайларын олардың жиынтығымен іс бойынша алынған барлық басқа да дәлелдемелермен бірге бағалауы қажет.
Айыппұлды азайту мәселесін қарау кезінде, сот төленуге тиісті айыпты борышқордың тарапынан өз міндеттемелерін орындамау немесе тиісінше орындалмағаны салдарынан несие берушінің шеккен залалдарымен салыстырғанда қаншалықты көп екенін анықтап алуы қажет.
Сот отырысы барысында АК-тің 293-бабының талаптары бойынша, несие беруші айып төлеу туралы талап бойынша оған келтірілген залалдарды дәлелдеуге міндетті емес, деп бекітілгенін ескеру керек. Ал, өз кезегінде, АКтің айып төлеу мөлшерін азайтуды көздейтін 297-бабы, сотқа борышқордың міндеттемені орындау дәрежесін және борышқор мен несие берушінің назар аударуға лайықты мүдделерін ескеруді міндеттейтінін назарда ұстаған жөн.
Егер де төленуге тиісті айыппұл несие берушінің шеккен залалдарымен салыстырғанда тым көп болса, сот борышқордың міндеттемені орындау дәрежесін және борышқор мен несие берушінің назар аударуға лайықты мүдделерін егжей-тегжейлі анықтап алуы қажет.
Айыппұлды азайту туралы шешім, тек борышқордың міндеттемені орындау дәрежесі және борышқор мен несие берушінің мүдделері ескерілген жағдайда ғана шығарылуы тиіс.
АК-тің 298-бабына сай, міндеттемені бұзғаны үшін борышқор жауапқа тартылатын жағдай болған кезде міндеттеменің орындалмағаны немесе тиісінше орындалмағаны үшін айып өндіріп алынады.
Шешімнің сипаттау бөлігінде алыс-беріс есебі бойынша айыппұл төлеудің басталу уақыты, қай кезден бастап айыппұл саналатыны және оның аяқталу мерзімі, мерзімін өткізудегі жалпы күндер саны, оның көлемі толығымен көрсетілуі тиіс.
Мысалға алатын болсақ, Алматы облысының Қарасай аудандық сотының 22.08.2014 жылғы шешімімен «KazMikroFinance» МКҰ» ЖШС-нің жауапкер Р. Абдуллаеваға қойылған талаптары толық көлемде қанағаттандырылған. Жауапкер Р. Абдуллаевадан «KazMikroFinance» МКҰ» ЖШС-нің пайдасына 230 724 теңге көлемінде қарыз сомасы және 6 922 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Бірінші сатылы сот АК-тің 272, 715 баптарына сілтеме жасап, 230 724 теңге көлеміндегі заемды алу фактісі банктің тарапынан берілген алыс-беріс есебі бойынша толығымен дәлелденеді, деген тұжырымға келген.
Алайда іс-құжаттарынан анықталғаны, бірінші сатылы сот қарызды өндіру кезінде өз ойын абстракты етіп дәлелдейді.
Талап арызда талап қоюшы барлық қарыз сомасын жіктегеніне қарамастан, сот істі қарау барысында қарыз сомасы неден тұратынын (негізгі қарыз, сыйақы, айыппұл) ешқандай анықтамаған.
Сонымен қатар, сот айыппұлды және айыппұлды өндірудің негіздерін анықтамаған. Алматы қалалық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының қаулысымен (іс №2а-1329/2014) Алматы
қаласының Медеу аудандық сотының 19.12.2013 жылғы талап қоюшы «Premium Finance Credit» МКҰ» ЖШС-нің жауапкерлер С.Б. Карнауховтан, А.С. Карнауховтан, К.Т. Абдикадировтан және Н.Ю. Павлюковадан қарыз сомасын өндіру туралы азаматтық ісі бойынша шешімі өзгертілген. Сот келесідей шешім еткен: талап қоюшы «Premium Finance Credit» МКҰ» ЖШС-нің талабы ішінара қанағаттандырылсын, С.Б. Карнауховтан «Premium Finance Credit» МКҰ» ЖШС-нің пайдасына 14 146 270 теңге қарыз сомасы және 424 388 теңге көлемінде мемлекеттік баж қайтарылсын;
А.С. Карнауховтан «Premium Finance Credit» МКҰ» ЖШС-нің пайдасына 3 112 260 теңге қарыз сомасы және 93 367 теңге көлемінде мемлекеттік баж қайтарылсын; К.Т. Абдикадировтан «Premium Finance Credit» МКҰ» ЖШСнің пайдасына 14 183 960 теңге қарыз сомасы және 465 518 теңге көлемінде мемлекеттік баж қайтарылсын.
Сотпен істі қарау барысында төмендегі мән-жайлар анықталған: 04.11.2010 жылы «Premium Finance Credit» МКҰ» ЖШС-і мен С.Б. Карнауховтың арасында 29 ай мерзімге, айына шағын несие сомасының 5 пайыз көлемінде сыйақы (жылына 60 пайыз) төлеу шартымен 9 000 000 теңге көлемінде несие алу туралы шарт жасалған. Бұл шартқа 1,2,3,4,5 санды қосымша келісімдер жасалған. 18.04.2012 жылғы №4 санды қосымша келісім бойынша, сыйақы мөлшері өзгертіліп, ол шағын несие сомасының жылдық 54 пайызды құрап, бұл тармақ заң талаптарымен сәйкестендірілген.
04.12.2012 жылғы №4 санды қосымша келісім бойынша сыйақы мөлшері жылдық 54 пайыз деп бекітілген. Сонымен қатар, МКҰ мен жауапкер К.Т. Абдикадировтың арасында 26.01.2011 жылы 4 айға, айына 3 пайыз (жылына 36 пайыз) құрайтын 8 300 000 тенгеге шарт жасалып, кейіннен оның мерзімі 6 айға ұзартылған. Сотпен жауапкерлердің тараптарынан алған несие бойынша міндеттемелерін тиісті түрде орындамағандары анықталған. Сот талап қоюшының талабын қанағаттандыра отырып, талап қоюшымен ұсынылған есептер дұрыс деген тұжырымға келген. Сот қойылған талаптың айыппұл өндіру бөлігін қанағаттандырған кезде АК-тің 298-бабының талабын басшылыққа алған.
Бірінші сатылы сот АК-нің 297-бабының талаптарын дұрыс қолдана отырып, талап қоюшымен тағайындалған өсім мөлшерін шамалы ғана азайтқан. Бірақ апелляциялық сот алқасы жауапкерлердің материалдық жағдайларын, талап қоюшының тарапынан сыйақының мөлшерін тым жоғары етіп қойғанын ескеріп, тағайындалған өсімді 10 пайызға дейін азайтуды дұрыс деп санаған. Яғни, С.Б.
Карнауховтан өндірілетін өсім сомасын 500 000 теңгеден 50 000 теңгеге дейін, А.С. Карнауховтан өндірілетін өсім сомасын 200 000 теңгеден 20 000 теңгеге дейін, К.Т. Абдикдировтен өндірілетін өсім сомасын 600 000 теңгеден 60 000 теңгеге дейін, тиісінші өндірілген мемлекеттік баж да азайтылып, шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Егер де несие беруші борышқордің міндеттемені орындауы үшін шаралар қолданса (мысалы, қарызды қайта құрылымдау, борышқормен төленетін қаражаттың көздерін іздеу шаралары бойынша келіссөздер жүргізсе), ал борышқор әрекетсіздік танытса, мұндай жағдайда несие беруші айыппұл сомасын толық көлемде өндіріп алуға құқылы, өйткені айыппұл дегеніміз, бірінші кезекте несие берушінің тарапынан барлық қолдануға болатын шараларды жасаған уақытта, сенім ұялататын қамсыздандандыру шарасы болып табылады.
Заем шарты бойынша сыйақы жөнінде АК-тің 718-бабында көрсетілген, яғни егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, қарыз нысанасын пайдаланғаны үшін қарыз алушы шартта айқындалған мөлшерде арыз берушіге сыйақы төлейді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 297-бабына сай, егер төленуге тиісті айып (айыппұл, өсім) несие берушінің шеккен залалдарымен салыстырғанда тым көп болса, сот борышқордың міндеттемені орындау дәрежесін және борышқор мен несие берушінің назар аударуға лайықты мүдделерін ескере отырып, айып төлеу мөлшерін (айыппұлды, өсімді) азайтуға құқылы.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының ипотекалық несиелеу және қаржылық қызметтердегі тұтынушылардың және инвесторлардың құқықтарын қорғау туралы кейбір нормативтік актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» 15 ақпан 2011 жылғы Заңында тұрақсыздық айыппұлының мөлшері туралы мәселе толығымен қарастырылған. Атап айтқанда, «Банк және банктық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 35 бабына өзгертулер енгізіліп, оның 2-тармағында жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты, оның ішінде иптекалық қарыз шарты бойынша қарыз сомасын қайтару және (немесе) сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері әрбір мерзімі өткен күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,5 пайызынан аспауға, бірақ банктік қарыз шарты қолданылатын әрбір жылға берілген қарыз сомасының он пайызынан артық болмауға тиіс. Заңның бұл талабы бұрын жасалған шарттарға да қолданылады.
«Банк және банктық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 34-бабының 3-тармағында, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банктік қарыз шартының талаптарын оларды қарыз алушы үшін жақсарту жағына қарай біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы екені бекітілген.
АК-тің 366-бабының 3-тармағына сай, ақшалай міндеттеме бойынша борышқор несие берушінің мерзімді өткізіп алғаннан кейінгі уақытына сыйақы (мүдде) төлеуге міндетті емес
Бұзылған құқығын қорғау бұл несие берушінің процессуалдық заң шеңбері аясындағы көзделген құқығы болып табылады, сотқа жүгінбеу салдарын несие берушінің кінәсі, деп оған жүктеуге болмайды. АК-тің 8-бабында азаматтар мен заңды тұлғалар өздеріне берілген азаматтық құқықтарды, соның ішінде өздерін қорғау құқығын өз қалауынша пайдаланады.
Сонымен қатар, істерді зерделеу барысында несие берушілер өздерін әрекеттенбеген, деп санамайды, 31 олар сотқа дейінгі тәртіп бойынша дауды шешу жолдарын қарастырып, тұрақсыздық айыбы мен сот шығындарын төлетпеу үшін азаматтармен жұмыс жасағандарын алға тартады.
Тек ұзақ уақыт бойына борышқор несие шарты бойынша міндеттемесін орындамаған болса, несие беруші сотқа тиісті арызбен жүгінуге мәжбүрлі. АІЖК-нің 16-бабына сай, сот істе бар дәлелдемелерді олардың жиынтығымен әділ, жан-жақты және толық қарауға негізделген өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды.
Егер де несие беруші борышқормен міндеттемені орындау үшін шаралар қолданса (мысалға, қарызды қайта құрылымдау, борышқормен төленетін қаражаттың көздерін іздеу шаралары бойынша келіссөздер жүргізсе), ал борышқор әрекетсіздік танытса, мұндай жағдайда несие беруші айыппұл сомасын толық көлемде өндіріп алуға құқылы, өйткені, айыппұл – дегеніміз, бұл бірінші кезекте, несие берушінің тарапынан барлық қолдануға болатын шараларды жасаған уақытта, сенім ұялататын қамсыздандандыру шарасы болып табылады.
Ал, несие беруші ешқандай тиісті шаралар қолданбай, байытылу мақсатын көздесе, сот бұл жағдайларды анықтаған болса, айыппұл сомасы азайту мәселесін шешсе болады.
АК-тің 268-бабында міндеттемеге сәйкес бір адам (борышқор) басқа адамның (несие берушінің) пайдасына ақша төлеу сияқты әрекеттер жасауға міндетті, ал несие беруші борышқордан өз міндеттерін орындауын талап етуге құқылы.
Нормативтік база
Облыс соттарының заем шарты бойынша шартты (мәмілені) жасау, өзгерту, бұзу және шарттық міндеттемелерді орындаумен байланысты дауларды қарағанда басшылыққа алған материалдық құқық нормаларына қолданыстағы заңнамалық актілері жатады:
- Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі;
- Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі;
- Қазақстан Республикасының «Жылжымайтын мүліктің ипотекасы туралы» Заңы;
- «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығындары туралы заңдарды қолдану туралы» 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 9 нормативтік қаулысы;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот шешімі туралы» 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысы;
- Қазақстан Республикасының «Микроқаржы ұйымдары туралы» 2012 жылғы 26 қарашадағы №56 - V Заңы.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкендігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды.
Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
Құжатты жүктеп алу
-
Споры по исполнению договорных обязательств по договору займа
35 рет жүктеп алынды -
О некоторых вопросах недействительности сделок и применении от 07.07.2016 №7
34 рет жүктеп алынды -
Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы
34 рет жүктеп алынды -
Сот шешімі
58 рет жүктеп алынды -
Решение суда (2)
39 рет жүктеп алынды