Жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысы
Соттың жасырын тергеу әрекеттерін санкциялауын реттейтін заң нормаларын біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді:
- Жасырын тергеу әрекеті – бұл қылмыстық іс бойынша дәлелденуге жататын мән-жайларды анықтау үшін мүдделеріне қатысы бар адамдарға алдын ала хабарламай сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жүргізілетін әрекет.
Жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде (бұдан әрі – ҚПК) көзделген тәртіппен және жағдайларда жүзеге асырылады.
Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының (бұдан әрі – Бас Прокурор) келісімі бойынша құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар бекіткен Қағидаларда айқындалады.
- Жасырын тергеу әрекеттері іс бойынша дәлелденуге жататын мән-жайларды анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органның іс жүргізуіндегі қылмыстық іс бойынша заң мүлтіксіз сақталып және Қазақстан Республикасының Конституциясында (бұдан әрі – Конституция) көзделген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары қамтамасыз етіліп, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу талаптары сақталған және жүргізуге негіздер болған кезде жүзеге асырылады.
Әдетте жасырын тергеу әрекеттері істің мән-жайлары туралы ақпаратты өзге тергеу әрекеттері арқылы алу мүмкін болмаған жағдайларда жүргізіледі.
- Соттар қылмыстық іс шеңберінде жүргізілетін жасырын тергеу әрекеттерін "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 15 қыркүйектегі № 154-XIII Заңына (бұдан әрі – ЖІҚ туралы Заң) сәйкес жүзеге асырылатын жедел-іздестіру іс-шараларынан (бұдан әрі - ЖІІ) ажырата білулері қажет.
Жасырын тергеу әрекеттеріне ұқсас ЖІҚ туралы Заңның 11-бабы 3-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6) тармақшаларында көзделген арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары (бұдан әрі – АЖІІ) осы Заңның 12-бабы 4-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес прокурордың санкциясымен жүргізіледі.
- ЖІҚ туралы Заңның 14-бабының 1-тармағына сай жедел-іздестіру қызметі процесінде алынған материалдар тергеу әрекеттерін дайындау мен жүзеге асыру және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу жөніндегі ЖІІ жүргізу үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қылмыстық-процестік заңнамасының дәлелдемелерді жинауды, зерттеуді және бағалауды регламенттейтін ережелеріне сәйкес олар тексерілген жағдайда қылмыстық істер бойынша дәлелдеу процесінде пайдаланылуы мүмкін.
Соттар ҚПК-нің 120-бабының екінші бөлігіне сәйкес ЖІҚ туралы Заңның және "Қарсы барлау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 28 желтоқсандағы № 35-VІ Заңының талаптары сақтала отырып алынған, құқыққа қайшы әрекеттер туралы нақты деректер тіркелген материалдардың құжаттар болып табылатынын және қылмыстық процесте дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін екенін назарға алғандары жөн.
- Жасырын тергеу әрекеттері ҚПК-нің 232-бабының төртінші бөлігінде көзделген негіздердің біреуі болған кезде Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арыздар, хабарламалар немесе баянаттар бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу шеңберінде жүргізіледі.
Сотқа дейінгі іс жүргізу басталғанға дейін жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге жол берілмейді. Мұндай жағдайларда қылмыстық процестің міндеттері ЖІК туралы Заңда көзделген жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу жолымен қамтамасыз етілуі мүмкін.
Жасырын тергеу әрекеттері қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тікелей жүзеге асыратын сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының (прокурордың, тергеушінің немесе анықтаушының) бастамасымен жүргізіледі. Өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың мұндай құқығы жоқ.
ҚПК-нің 241-бабының бірінші бөлігіне сәйкес жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы мәліметтер және оны жүргізудің нәтижесінде алынған ақпарат жасырын тергеу әрекеті аяқталғанға дейін құпия болып табылады және жария етуге жатпайды.
- ҚПК-нің 231-бабының 1)-ден бастап 6)-ны қоса алғандағы тармақтарында көзделген жасырын тергеу әрекеттерін санкциялауды мамандандырылған тергеу сотының, мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін органның орналасқан жері бойынша және (немесе) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін тұлғаның тапсырмасын орындайтын құқық қорғау немесе арнайы мемлекеттік органның уәкілетті бөлімшесінің орналасқан жері бойынша не сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілетін орын бойынша жүзеге асырады.
Мамандандырылған тергеу соты немесе мамандандырылған ауданаралық тергеу соты болып табылмайтын аудандық не оған теңестірілген соттың тергеу судьяларының жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау бойынша материалдарды қарауға құқығы жоқ.
Жасырын тергеу әрекетін жүргізуді ұзартуға санкцияны жасырын тергеу әрекетін жүргізуді санкциялаған тергеу судьясы береді.
Ерекше жағдайларда сол тергеу судьясының жасырын тергеу әрекетін жүргізуді ұзартуға санкция беру мүмкіндігі болмаған кезде санкциялауды осы соттың басқа тергеу судьясы жүзеге асырады.
Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда жүргізілген жасырын тергеу әрекетінің заңдылығын мамандандырылған тергеу сотының (мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының) тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін органның орналасқан жері бойынша және (немесе) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін тұлғаның тапсырмасын орындайтын құқық қорғау немесе арнайы мемлекеттік органның уәкілетті бөлімшесінің орналасқан жері бойынша не сотқа дейінгі тергеп-тексеру орны бойынша тексереді.
Судьяға қатысты жасырын тергеу әрекеттерін санкциялауды Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының Бас Прокурор келіскен қаулысы бойынша, ал Бас Прокурорға қатысты – Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының Бас Прокурордың бірінші орынбасары келіскен қаулысы бойынша жүргізеді.
- Соттар жасырын тергеу әрекеттері жүргізілуі мүмкін адамдарға қатысты олардың түпкілікті тізбесі айқындалған ҚПК-нің 232-бабы жетінші бөлігінің 1)-ден бастап 4)-ні қоса алғандағы тармақтарының талаптарын қатаң сақтауы тиіс.
Осы тізбеде көрсетілмеген адамдарға қатысты, сондай-ақ жәбірленушіге қатысты, егер оның бұған жазбаша келісімі болмаса, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге жол берілмейді.
ҚПК-нің 232-бабының сегізінші бөлігінде көрсетілген жәбірленуші мен адвокатты қоспағанда, ҚПК-нің 232-бабы жетінші бөлігінің 4) тармағында көрсетілген үшінші тұлға деп іс үшін маңызы бар ақпаратты алатын немесе беретін кез келген жеке тұлға (мысалы, күдіктінің туған-туыстары, достары, таныстары) түсініледі.
Үшінші тұлғаға қатысты жасырын тергеу әрекеті сотқа дейінгі тергеп-тексеру органында үшінші тұлғаның іс үшін маңызы бар ақпаратты алатыны немесе беретіні туралы мәліметтер болғанда ғана санкциялануы мүмкін.
ҚПК-нің 232-бабы жетінші бөлігінің 5) тармағына қатысты орын деп іс үшін маңызы бар мән-жайлар немесе олардың туындау ықтималдығы болатын материалдық объектілерді (мысалы, параны беру немесе алу жүзеге асырылуы мүмкін кабинетті немесе өзге де үй-жайды, көлік құралын; қылмыстық құқық бұзушылықты дайындайтын, жасайтын немесе оны жасаған қылмыстық құқық бұзушылыққа бірге қатысушылардың кездесуі мүмкін тұрғынжайды) түсінген жөн.
Адвокаттардың ауыр немесе аса ауыр қылмысты жасауға дайындалуы немесе жасағаны жөнінде пайымдауға негіз болатын жағдайларды қоспағанда, кәсіби көмекті жүзеге асыратын адвокаттарға қатысты жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге тыйым салынады.
- Егер бір адамға қатысты жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде басқа адамның заңға қайшы әрекеттері туралы нақты деректер анықталса, онда мұндай деректер осы адамға қатысты айыптау дәлелдемелері ретінде ҚПК-нің 235-бабының талаптары сақталған кезде ғана пайдаланылуы мүмкін. Органның жасырын тергеу әрекетін жүргізу тапсырылған уәкілетті лауазымды тұлғасы, ал пошта жөнелтілімдеріне және өзге де жөнелтілімдерге жасырын бақылау жүргізу жағдайында – тергеуші, анықтаушы кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда басқа адамға қатысты жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы хабарлама мен қаулыны тергеу судьясына жібереді және жасырын тергеу әрекетін жүргізуге тергеу судьясынан тиісті санкцияны сұратады. Бұл ретте тергеу судьясының жүргізілген жасырын тергеу әрекетін заңды деп тану немесе заңсыз деп тану туралы қаулысы алынуы тиіс.
- Жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулы ҚПК-нің 198, 232 және 233-баптарында көрсетілген талаптарға сәйкес болуы және қылмыстық іс фабуласының қысқаша сипаттамасын, жасырын тергеу әрекетін жүргізудің қажеттігі туралы негіздемені, жасырын тергеу әрекеті жүргізілетін орын туралы немесе жасырын тергеу әрекетін жүргізу жоспарланған адамға қатысты мәліметтерді, сондай-ақ ҚПК-нің 233-бабының бірінші бөлігінде санамаланған барлық өзге де деректерді қамтуы тиіс.
Органның жасырын тергеу әрекетін жүргізу тапсырылған уәкілетті лауазымды тұлғасының, ал пошта жөнелтілімдеріне және өзге де жөнелтілімдерге жасырын бақылау жүргізу жағдайында – тергеушінің, анықтаушының қаулыда көрсетілген жасырын тергеу әрекетін жүргізу қажеттігі туралы түйіндері уәжді болуы және қылмыстық істің материалдарымен расталуы тиіс.
Тергеу судьясы қаулыда көрсетілген дәлелдерді тексеру мақсатында қаулыда баяндалған мән-жайларды растайтын материалдарды, соның ішінде ҚПК-нің 233-бабының екінші бөлігіне сәйкес құпияланған жасырын тергеу әрекеті жүргізіліп жатқан немесе жүргізілуі жоспарланған объектінің нақты деректерін сұратуға құқылы.
Сұратылған материалдарды тергеу судьясына ұсынбау жасырын тергеу әрекетін санкциялаудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
- Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу нәтижесінде алынған нақты деректер ҚПК-нің 15 және 16-тарауларының нормаларында көзделген тәртіппен бекітілуге, зерттелуге, бағалануға және дәлелдемелер ретінде танылуға жатады.
ҚПК-нің 239-бабының екінші бөлігіне сәйкес жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін зерттеу хаттамаларындағы заңмен белгіленген тәртіппен бекітілген нақты деректер, дыбыс жазбалары мен бейнелердің жазбалары, фотосуреттер, ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен тіркелген басқа да нәтижелер, алып қойылған заттар мен құжаттар немесе олардың көшірмелері дәлелдемелер ретінде танылуы мүмкін.
- Егер жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері бойынша сот сараптамасын жүргізу арқылы тексеруді талап ететін мән-жайлар анықталса (мысалы, есірткі заттардың заңсыз айналымы туралы істер бойынша), онда сараптама тағайындауды тергеуші немесе оның тапсырмасымен анықтау органы ҚПК-нің 60-бабының тәртібімен жүргізеді. Анықтау органының қаулысымен алынған сарапшының қорытындысы, егер тергеушінің тиісті тапсырмасы болмаса, жол берілетін дәлелдеме ретінде танылуы мүмкін емес.
- Пошта жөнелтілімдерін және өзге де жөнелтілімдерді жасырын бақылауды қоспағанда, жасырын тергеу әрекеттерін сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының тапсырмасы (бұдан әрі – тапсырма) бойынша құқық қорғау органының немесе арнайы органның уәкілетті бөлімшесі жедел-іздестіру қызметінің нысандары мен тәсілдерін пайдалана отырып, Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізеді.
Тапсырмада нақты адамға немесе орынға қатысты жасырын тергеу әрекетін жүргізудің қажеттігі туралы негіздеме болуы және іс материалдарымен расталуы тиіс.
Бір тапсырмада бірнеше жасырын тергеу әрекеттерін және әртүрлі адамдарға қатысты жүргізу қажеттігі туралы көрсетілуі мүмкін, олардың тізбесі ҚПК-нің 232-бабының жетінші бөлігінде көрсетілген.
ҚПК-нің 231-бабының 1), 2), 3) ,4), 6) тармақтарында көзделген жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу туралы қаулыны жасырын тергеу әрекетін жүргізу тапсырылған орындаушы шығарады. Пошта жөнелтілімдеріне және өзге де жөнелтілімдерге жасырын бақылауды жүргізу туралы және жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу мерзімін ұзарту туралы қаулыларды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тергеуші немесе анықтаушы тікелей өздері шығарады.
- Жасырын тергеу әрекетін жүргізудің қажеттігі туралы негіздеме, оның түрі, жүргізілетін орны (жасырын тергеу әрекетін орын бойынша жүргізілген кезде), абонент телефондарының нөмірлері, электрондық поштаның мекенжайы, ақпарат алынуға тиіс уақыт кезеңі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлғаның тапсырмасында көрсетілуі тиіс.
Тапсырмада тыңдалып жатқан абоненттік нөмірлерінің жасырын тергеу әрекеті жүргізіліп отырған адамға тиесілілігін растайтын деректер көрсетілуі тиіс.
Жасырын тергеу әрекетін жүргізетін орындаушы тапсырмада көрсетілмеген өзге жасырын тергеу әрекетін жүргізуге құқылы емес.
Орындаушының қосымша абонент нөмірлерін, электрондық поштаның мекенжайларын, әлеуметтік желілердің аккаунттарын және тапсырмада көрсетілмеген басқа да мәліметтерді жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулыға енгізуіне жол берілмейді.
Егер орындаушы жасырын тергеу әрекетін жүргізу кезінде оған берілген тапсырманың шегінен шығып кетсе, онда тергеу әрекеттерін жүргізу нәтижесінде алынған мәліметтер іс бойынша жол берілетін дәлелдемелер болып танылуы мүмкін емес.
- Жасырын тергеу әрекеттері сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы қылмыс белгілерін, сондай-ақ ҚПК-нің 232-бабында көзделген жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу шарттары мен негіздерін анықтағаннан кейін ғана жүргізілуі мүмкін.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органында жасырын тергеу әрекетін жүргізуге бастамашылық жасаудан бұрын адамның тергеліп жатқан қылмысқа қатысы туралы (қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызда, хабарламада оған дайындық жүргізіп отырған, оны жасап отырған немесе жасаған адам, немесе осы адамның тергеп-тексерудегі құқық бұзушылыққа қатысы бар немесе дайындалып, жасалып жатқан не жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы деректерді біледі деп оған қатысты пайымдауға негіздің бар екендігі көрсетілген) мәліметтер немесе үшінші адамның іс үшін маңызды ақпаратты алатыны не беретіні туралы мәліметтер болуы тиіс.
Осындай ақпарат ретінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанға дейін алынған жедел-іздестіру іс-шараларының материалдары пайдаланылуы мүмкін.
- Тергеу судьясы жасырын тергеу әрекетін санкциялауды сотқа тиісті қаулы түскен сәттен бастап он екі сағаттың ішінде жүргізеді.
Қосымша материалдарды талап етіп алдыру қажет болған жағдайларда қаулыны белгіленген мерзімнен артық, бірақ жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімде қарауға жол беріледі.
Тергеу судьясы жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу туралы қаулыны сот отырысын өткізбей және қылмыстық процеске қатысушыларды хабардар етпей жеке-дара қарайды.
- Тергеу судьясы жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулыны заңды әрі негізді деп танып, оған "Санкциялаймын" деген сөзді, өзінің қолын, сот мөрінің бедерін және күнін қою жолымен санкциялайды.
Шығарылған қаулы негізсіз болған не жасырын тергеу әрекетін жүргізу қажеттігін және негізділігін растайтын материалдар жеткілікті болмаған жағдайда тергеу судьясы санкциялаудан бас тартып, ол туралы уәжді қаулы шығарады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының жасырын тергеу әрекетін жүргізу үшін материалдарды дайындау кезінде заңды бұзғаны анықталған кезде (мысалы, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлғаның тапсырмасының болмауы, жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулыны тиісті емес адамның шығаруы, тапсырмада көзделмеген жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулыда нұсқаудың болуы, жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулыны ұсынудың ҚПК-нің 234-бабының екінші бөлігінде көзделген процестік мерзімінің бұзылуы) тергеу судьясы санкциялаудан бас тартылған жағдайда тиісті ден қою шараларын қабылдау үшін жекеше қаулыны да шығаруға құқылы.
Прокурордың тергеу судьясының жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау не санкциялаудан бас тарту туралы қаулысын қайта қарау жөнінде өтінішхат келтіруі және оны облыстық немесе оған теңестірілген сот судьясының қарауы ҚПК-нің 107-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
- Жасырын тергеу әрекетін санкциялау үшін ұсынылған ақпараттың дұрыстығына күмән болған кезде тергеу судьясы қаулыны ҚПК-нің 234-бабының екінші бөлігіне сәйкес санкциялап, жиырма төрт сағаттың ішінде процестік прокурорға оны тексеруді тапсыруға құқылы.
Процестік прокурор тағайындалмаған қылмыстық істер бойынша да осындай тексеру туралы бастамашылық жасалады. Мұндай жағдайда тергеу судьясының жазбаша хабарламасы іс бойынша прокурорлық қадағалауды жүзеге асыратын прокуратура органы басшысының атына жіберіледі.
Тергеу судьясы сотқа дейінгі іс жүргізу шеңберінде түскен кез келген ақпараттың дұрыстығын, оның ішінде жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы көрсетілген абоненттік нөмірдің, электрондық пошта мекенжайларының, әлеуметтік желілер деректерінің және т.б., дұрыстығын тексеруге бастамашылық жасауы мүмкін.
Прокурор бес тәуліктің ішінде тиісті тексеру жүргізуге және нәтижелері туралы тергеу судьясын хабардар етуге міндетті. Егер тексеру кезінде жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулының заңсыздығы анықталған жағдайда, прокурор тергеу судьясына оны тоқтату туралы тиісті өтінішхатты енгізуге міндетті, тергеу судьясы өтінішхатты ҚК-нің 234-бабының екінші бөлігінде көрсетілген мерзімде қарауы тиіс.
- Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда тергеу судьясын жиырма төрт сағаттың ішінде жазбаша хабардар етіп, одан кейін ҚПК-нің 235-бабында көзделген тәртіппен санкция алып, ҚПК-нің 231-бабының 1)-ден 6)-ны қоса алғандағы тармақтарында көзделген жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге жол беріледі.
Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда, бұл кезде жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу басталғанға дейін тергеу судьясының санкциясын алуға мүмкіндік болмаса, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу ерекше сипатта болуы тиіс.
- Жүргізілген жасырын тергеу әрекеті туралы хабарламаны қарау кезінде оны нақты адамға немесе орынға қатысты жүргізудің негізділігінен басқа жасырын тергеу әрекетін жүргізу басталғанға дейін санкция алу үшін объективті кедергілердің бар-жоғын міндетті түрде тексеру сот зерттеуінің нысанасы болып табылады.
Осындай мән-жайларға, мысалы, жасырын тергеу әрекетін демалыс немесе мереке күні жүргізудің қажеттігі, тәуліктің кешкі (түнгі) уақыты, жасырын тергеу әрекеті жүргізіліп жатқан ауданның қашықтығы, ҚПК-ге сәйкес жасырын тергеу әрекетін жүргізуге жол берілетін үшінші тұлғалардың кенеттен пайда болуы және т.б. жатқызылады.
- ҚПК-нің 235-бабының екінші бөлігіне сәйкес тергеу судьясы ұсынылған материалдарды зерделеп, жүргізілген жасырын тергеу әрекетін кейінге қалдыруға болмайтындығымен келіскен жағдайда, кейінге қалдыруға болмайтын жасырын тергеу әрекетінің жүргізілгенін заңды деп тану туралы қаулы шығарады, онда нақты адамға немесе орынға қатысты жасырын тергеу әрекетін жүргізудің қажеттігі мен негізділігін атап өтіп, қаулы мен хабарламаны қарау уақытын көрсетеді. Келіспеген жағдайда оны тоқтату және жасырын тергеу әрекетінің нәтижелерін жол берілетін дәлелдемелер ретінде пайдалануға болмайтындығы туралы қаулы шығарады.
Кейінге қалдыруға болмайтын жасырын тергеу әрекетін жүргізу мерзімін есептеу ҚПК-нің 236-бабында белгіленген мерзімдер шегінде ол нақты жүргізілген күнінен басталады.
Органның жасырын тергеу әрекетін жүргізу тапсырылған уәкілетті лауазымды тұлғасынан адамға немесе орынға қатысты жасырын тергеу әрекетін одан әрі жүргізу қажеттігі туралы уәжді қаулы түскен жағдайда, тергеу судьясы оны ҚПК-нің 234-бабының тәртібімен санқциялауға құқылы.
- Жасырын тергеу әрекеті тергеу судьясы оны санкциялаған мерзім ішінде, бірақ 30 тәуліктен аспайтын мерзімде жүргізіледі.
Тергеу судьясы жасырын тергеу әрекетін жүргізу мерзімін ұзартуды ҚПК-нің 236-бабының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен санкциялайды.
ҚПК-нің 45-бабының 7-1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзу ЖІҚ туралы Заңға сәйкес іс бойынша қажетті іздестіру іс-шараларын және жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге, олардың нәтижелерін қылмыстық іс материалдарына қосып тігуге кедергі келтірмейді.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері үзілген кезеңде жүргізуге болатын іздестіру іс-шаралары деп ҚПК-нің 7-бабының 56) тармағына сәйкес анықтау органының қылмыстық процесті жүргізетін органнан жасырынып жүрген және (немесе) қылмыстық жауаптылықтан жалтарып жүрген адамдардың, хабарсыз кеткен адамдардың, іс үшін маңызы бар нәрселер мен құжаттардың тұрған жерін анықтауға, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды анықтауға бағытталған, қылмыстық процесті жүргізетін органның тапсырмасы бойынша орындалатын әрекеттері түсініледі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері үзілген қылмыстық іс бойынша не сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы іс бойынша іс жүргізуді ҚПК-нің 50-бабының негізінде (1997 жылғы редакция) тоқтата тұрса, тергеу судьясы ҚПК-нің 45-бабының тоғызыншы бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері қайта басталғаннан кейін не 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрған қылмыстық іс ҚПК-нің 673-бабының 8-1-бөлігіне сәйкес қайта басталғаннан кейін ғана жасырын тергеу әрекеттерін санкциялауды жүргізеді.
- Жасырын тергеу әрекетін жалғастыруды санкциялау мәселесін шешу кезінде оны жалғастырудың негізділігін, оның қандай мақсат үшін қажет екенін және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының нақты адамға немесе орынға қатысты жасырын тергеу әрекетін жүргізу қажеттігі туралы түйіндерінің расталғанын тексерген жөн.
Жасырын тергеу әрекетін жалғастыруға жеткілікті негіздеменің жоқтығы оны санкциялаудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
Жасырын тергеу әрекеттері іс бойынша тергеу әрекеттерінің аяқталғаны туралы хабарланғанға дейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жүргізілуі мүмкін.
- ҚПК-нің 231-бабының 1)-дан бастап 6)-ны қоса алғандағы тармақтарында көзделген жасырын тергеу әрекеттерін тергеу судьясы прокурордың өтінішхаты бойынша тоқтатуы мүмкін.
Өтінішхатқа жасырын тергеу әрекетін тоқтатудың қажеттігі туралы прокурордың дәлелдерінің негізділігін растайтын мәліметтер қоса берілуі тиіс. Ұсынылған ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз ету аталған өтінішхатпен жүгінген прокурорға жүктеледі.
Жасырын тергеу әрекетін тоқтату туралы прокурордың өтінішхаты негізсіз болған кезде оны қанағаттандырудан бас тартылуы мүмкін, ол туралы тергеу судьясы уәжді қаулы шығарады. Оны жоғары тұрған сот прокурордың өтінішхаты бойынша ҚПК-нің 107-бабының қағидаларына сәйкес қайта қарауы мүмкін.
- Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы, ҚПК-нің 240-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзіне қатысты жасырын тергеу әрекеті жүргізілген адамға ол туралы жасырын тергеу әрекетінің нәтижелерімен таныстырмай қылмыстық іс бойынша қорытынды шешім шығарылған сәттен бастап алты ай мерзімнен кешіктірмей хабарлауға тиіс.
Тергеу судьясы бұл мерзімді сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының уәжді өтінішхаты бойынша бір жылға дейін ұзартуы мүмкін.
Жазбаша хабарламада жүргізілген жасырын тергеу әрекетінің түрі мен оны өткізу уақыты, сондай-ақ ҚПК-нің 240-бабының екінші, төртінші, және алтыншы бөліктерінде көзделген құқықтарды түсіндіру туралы мәліметтер қамтылуы тиіс.
Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу сатысындағы қорытынды шешім сотқа дейінгі іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы ғана болып табылады.
Сот үкім шығарған кезде хабарламаның алты айлық мерзімі үкімнің заңды күшіне енген сәтінен бастап есептеледі.
Адам сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жасырын тергеу әрекетін жүргізу фактісі туралы қылмыстық іс материалдарымен таныстыру кезінде ҚПК-нің 295 және 296-баптарында көзделген тәртіппен не ҚПК-нің 239-бабының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен хабарлар етілген жағдайларда бұл адамға жүргізілген жасырын тергеу әрекеті туралы хабарланды деп есептеледі және қайта хабарлау талап етілмейді.
- Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы ҚПК-нің 240-бабы 1-1-бөлігінде көзделген жағдайларда тергеу судьясына адамды оған қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеті туралы хабардар етпеу жөнінде өтінішхат береді.
Тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының уәжді өтінішхаты бойынша:
террористік немесе экстремистік қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша;
қылмыстық топ жасаған қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша;
егер хабардар ету мемлекеттік құпияларды жария ету қаупін төндіретін болса;
егер хабардар ету қызметті құпия негізде және астыртын нысанда жүзеге асыратын адамдардың және өзге де адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндірсе, адамға оған қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеті туралы оған хабарламау жөнінде келісе алады.
Аталған тізбе түпкілікті болып табылады және кеңінен түсіндіруге жатпайды.
- Өзіне қатысты жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген адам жасырын тергеу әрекетін жүргізуді санкциялаған сотқа хабарламаны алған сәттен бастап он бес тәуліктің ішінде тиісті жасырын тергеу әрекеттерінің жүргізілуін заңсыз деп тану және келтірілген залалды (ол болған жағдайда) өтеу туралы арызбен ҚПК-нің 106-бабында көзделген тәртіппен жүгінуге құқылы.
Тергеу судьясы шағымды ҚПК-нің 106-бабының тәртібімен қарау кезінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулыны орындау бойынша әрекеттерінің заңдылығын осы қаулыны санкциялаудың заңдылығын талқыламастан тексеруге тиіс. Тергеу судьясының қаулысына ҚПК-нің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы,прокурордың өтінішхаты бойынша ол қайта қаралуы мүмкін.
- Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы |
Ж. Асанов |
Қазақстан Республикасы |
Г. Әлмағамбетова |
Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Құжатты жүктеп алу
-
№ 5 + ҚР ЖС НҚ Жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау туралы
23 рет жүктеп алынды