13-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің құқықтық жағдайы Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы Заңы
1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері қызметтік міндеттерін орындау кезінде билік өкілдері болып табылады және мемлекеттің қорғауында болады.
2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды алып жүруге, сақтауға және қолдануға, дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін қолдануға құқығы бар. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды және дене күшін қолдану тәртібі "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.
3. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкеріне оның жеке басы мен өкілеттіктерін растау үшін қызметтік куәлік беріледі.
4. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамау, оларды қорлау, қарсылық көрсету, күш қолдану қатерін төндіру немесе олардың өміріне, денсаулығына, ар-намысы мен қадір-қасиетіне, мүлкіне қол сұғу, оларға жүктелген міндеттерді орындауына кедергі келтіретін басқа да іс-әрекеттер, сондай-ақ мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің қызметтік міндеттері мен қызметтік борышын орындауына байланысты олардың отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының өміріне, денсаулығына, ар-намысына, қадір-қасиетіне және мүлкіне қол сұғу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
5. Қазақстан Республикасының заңдарына көрінеу қайшы келетін бұйрықтар, нұсқаулар алған кезде мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкері Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа алуға міндетті.
6. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шектеулер, міндеттер мен тыйым салулар қолданылады.
7. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің өз қызметтік міндеттерін орындауы кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте және тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына және ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан ұйымдарға, хат-хабарды жеткізу орындарына, әуе кемелері, теміржол составтары, автомобиль, теңіз және өзен көлігі тұрақтарының орындарына қызметтік куәлікті көрсету арқылы кедергісіз, өтеусіз және бірінші кезекте, оның ішінде мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің көлік құралдарымен кіруге;
2) халықаралық және республикаішілік қатынастар үшін белгіленген жүру маршруттары бойынша тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын көлік ұйымдарына тиесілі көлік құралдарының барлық түрлеріне жолаушыларды жалпы отырғызу басталғанға дейін атыс қаруымен және өзге де қарумен, арнаулы құралдармен кедергісіз отыруға құқығы бар.
Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің әуе көлігінде атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды алып жүру тәртібін уәкілетті орган айқындайды;
3) "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген өзге де құқықтары бар.
Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Осы Заң Қазақстан Республикасы мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің (бұдан әрі – мемлекеттік фельдъегерлік қызмет) мемлекеттік фельдъегерлік байланыстың көрсетілетін қызметтерін ұсыну саласындағы қызметті жүзеге асыруына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, осындай қызметтің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін, сондай-ақ мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне берілетін әлеуметтік кепілдіктерді айқындайды.
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы