492-бап. Кассациялық сатыдағы сот отырысын тағайындау ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Кассациялық сатыдағы сот кассациялық шағым келіп түскеннен кейін қылмыстық істі тиісті соттан талап етіп алдырады.
Істі алғаннан кейін кассациялық сатыдағы сот он тәулік ішінде тараптарға кассациялық шағымның, наразылықтың көшірмелерін, сондай-ақ сот отырысы өткiзілетін күнді, уақытты, орынды көрсете отырып, iстiң кассациялық сатыдағы сотта қаралатыны туралы хабархат не соттың интернет-ресурсы арқылы олардың электрондық көшірмелерімен танысу мүмкіндігі туралы хабарлама жiбередi.
2. Кассациялық соттың судьясы кассациялық шағымды сотта қарауға дайындау кезінде тиісті маманнан қаралып отырған қылмыстық іс бойынша қолданылған заңдардың нормаларына қатысты ғылыми қорытынды сұратуға және қажет болған кезде оны сот отырысына шақыртуға құқылы.
3. Іс ақылға қонымды мерзімде, бірақ келіп түскен күнінен бастап алты айдан аспайтын мерзімде қаралуға тиіс.
Ескерту. 492-бап жаңа редакцияда - ҚР 31.10.2015 № 378-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді – ҚР 27.12.2021 № 88-VII (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы