⁠`

Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кейстер / Салық заңнамаларының бұзылуы туралы даулар бойынша салық қызмет органдарының жеке тұлғадан салық және басқа да міндетті төлемдер өндіру бойынша

Салық заңнамаларының бұзылуы туралы даулар бойынша салық қызмет органдарының жеке тұлғадан салық және басқа да міндетті төлемдер өндіру бойынша

Салық заңнамаларының бұзылуы туралы даулар бойынша салық қызмет органдарының жеке тұлғадан салық және басқа да міндетті төлемдер өндіру бойынша

Салық заңнамаларының бұзылуы туралы даулар бойынша салық қызмет органдарының жеке тұлғадан салық және басқа да міндетті төлемдер өндіру бойынша

              Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің (әрі қарай – АІЖК) 154-бабы 1- бөлігінің 2-тармағына сәйкес, яғни іс осы соттың соттауына жатпауына байланысты және 154-бабы 1-бөлігінің 4-тармағына сәйкес, яғни арызға оған қол қоюға өкілеттігі жоқ адам қол қойуына байланысты кері қайтарылған.

Сонымен қатар, талап арыздар АІЖК-нің 153-бабы 1-бөлігіне сәйкес, яғни арыз азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпауына байланысты қабылдаудан бас тартылған.

АІЖК-нің 247-бабы 3-бөлігіне сәйкес, талап қоюшының талабынан бас тартуына байланысты азаматтық іс өндірістен қысқартылған.

Сондай-ақ азаматтық істер бойынша қараусыз қалдырылған істердің басым көпшілігі АІЖК-нің 249-бабы 3,6,9-бөліктеріне сәйкес, яғни арызға қол қойған және оны берген адамның арызға қол қоюға және оны беруге өкілеттігі жоқ болуына, здерінің қатысуынсыз істі қарауды өтінбеген тараптар екінші шақыру бойынша сотқа келмеуіне және алап арызды қайтару туралы арыз берілуіне байланысты қараусыз қалдырылған.

Талап арыздарды қабылдаудан бас тарту, кері қайтару, азаматтық істерді қысқарту және қараусыз қалдыру туралы соттардың ұйғарымын зерделеу кезінде, аталған мәселені шешкен кезде соттармен процессуалдық заң талаптары сақаталатыны көрінеді, сот актілерінде қабылданған шешімнің себептері мен сілтемелері анық жазылған.

Соттылық бойынша

АК-тің 8-бабына башылыққа алатын болсақ, мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар немесе азаматтар заңда көзделген жағдайларда өзге адамдардың немесе адамдардың белгісіз бір тобының құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау туралы сотқа арыз беріп жүгінуге құқылы.

Аталған даулар, АІЖК-нің 31-тарауында көзделген соттылық талаптарын сақтай отырып, жалпы юрисдикциялы соттар қараған.

АІЖК-нің 31-бабына сәйкес, талап жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотта қойылады. Сот актілерін зерделеу барысында, соттардың талап арызды қабылдаған кезде осы талапты сақтай отырып, қабылдайтындығы анықталды.

Талап арыз

АІЖК-нің 150, 151-баптарында көзделген талаптарға сәйкес келу керек.

Талап арызға, міндетті түрде салық қызмет органдарының өз талабын негіздеп тұрған дәлелді құжаттарды тіркеу қажет.

Талап арызды қабылдаудан бас тарту тек АІЖК-нің 153-бабы 2-бөлігінде көзделген негіздермен жүргізілу керек.

АІЖК-нің 154-бабы 1-бөлігінің 2,7-тармақтарында көзделген негіздермен талап арыз талап қоюшыға қайтарылуы мүмкін. Талап арызды сот өндірісіне қабылдаудағы сот тәжірибесі АІЖК-нің 150,151-баптарына сәйкес келеді, және дұрыс қабылданған.

Сот актілерінің дайындалу сапасы

              АІЖК-нің 218-бабына сәйкес сот шешімі заңды және негізді болуы қажет.

Азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері болып табылатын, яғни азаматтардың, мемлекеттің және ұйымдардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау, заңдылық пен құқық тәртібін нығайту, құқық бұзушылықтың алдын ала отырып шығарылған және Қазақстан Республикасы Конституциясының, басқа да нормативтік құқықтық актілердің талаптарын дәлме-дәл сақтап, әділдік пен парасаттылық өлшемдерін негізге ала отырып шығарылған шешім заңды және негізді болып есептеледі. (АІЖК-нің 5 және 6 бабы).

Сот актілері Азаматтық іс жүргізу колексінің ережелерін, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі №5 «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулысының талаптарын сақтай отырып жасалуы қажет.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының 2010 жылғы 17 наурыздағы өкімімен бектіліген Қазақстан Республикасы соттарының сот актілерін дайындау туралы методикалық ұсыныстарын басшылыққ алады. АІЖК-нің 221-бабына сәйкес шешім кіріспе, сипаттау, дәлелдеу және қарар бөліктерінен тұрады.

Ал, сол баптың 3-бөлігіне сәйкес, шешімнің кіріспе бөлігінде шешімнің шығарылған күні мен орны; шешім шығарған соттың атауы; соттың құрамы; сот отырысының хатшысы; тараптар; іске қатысушы басқа адамдар және өкілдер; даудың нысанасы немесе мәлімделген талап көрсетіледі. Республика соттарымен шығарылған сот шешімдерін зерделеу барысында, шешімдердің процессуалдық заң талаптарына сәйкес келетіндігі, сот талқылау жүргізілген тілде дайындалғандары, түсінікті әрі нақты, заң талаптарына сәйкес 3 бөліктен тұратындығы, сол үш бөліктердің мазмұндары да заң талаптарына сәйкес екендігі анықталды.

Сот актілерінің сапасы АІЖК-нің 217, 218-баптарына сәйкес келеді. Шығарылған сот шешімдерінің мазмұны анық көрсетілген, сот анықтаған мәнжайлары, құқықтар мен міндеттер туралы соттың қорытындылары негізделген дәлелдемелері, сот қабылдамай тастаған белгілі бір дәлелдемелердің негіздері, және сот басшылыққа алған заңдар анық көрсетілген.

Сот шешімдеріндегі сот қорытындысы, заң талаптары мен іс материалдарына сәйкес келеді. Тараптармен ұсынылған дәлелдеме құжаттар толық әрі жан-жақты зерттеледі.

              Аталған істердің қарау және шешу мерзім.

АІЖК-нің 174-бабы 1-бөлігінің талаптарына сәйкес азаматтық істер iстi сот талқылауына әзiрлеу аяқталған күннен сәттен бастап екі айға дейінгі мерзімде қаралып, шешіледі. Жұмысқа қайта алу туралы, алимент өндіріп алу туралы және мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде комиссиялардың шешімдерін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) даулау туралы істер бір айға дейінгі мерзімде қаралып, шешіледі.

Ереуiлдердi заңсыз деп тану туралы азаматтық iстер сотқа талап арыз келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қаралады және шешiледi.

Сот іс жүргізу тілі

              АІЖК-нің 14-бабында көзделген сот іс жүргізу тілі туралы талаптар сақталған.

Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз (арыз) берілген тілге қарай жүргізілген.

Осы санаттағы азаматтық істер бойынша Республика соттарымен жеке ұйғарымдар шығарылмаған.

Салық кодексінің 19-бабы 1-тармағының 12) тармақшасында салық қызметі органдарының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес соттарға талаптар қоюға, оның ішінде Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 49-бабы 2-тармағының 1), 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша заңды тұлғаны тарату туралы талаптар қоюға құқығы белгіленген.

Салық кодексінің 18-бабы 1-тармағының 1) тармақшасынан салық қызметі органдарының негізгі міндеті салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық және уақытылы түсуін қамтамасыз ету болып табылатындығы туындайды.

Салық кодексінің 26-бабының 1-бөлігіне сай салық төлеушінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекет алдында туындайтын міндеттемесі салық міндеттемесі деп танылады.

Оған орай салық төлеуші салық органында тіркелу есебіне тұруға, салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындауға, салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, сондай-ақ олар бойынша аванстық және ағымдағы төлемдерді есептеуге және төлеуге, салықтық нысандарды жасауға, салық тіркелімдерін қоспағанда, салықтық нысандарды салық органына белгіленген мерзімде табыс етуге міндетті Салық кодексінің 405-бабының 1-бөлігіне, 403- бабының 1,2,3-тармағына, 373, 365-баптарына сәйкес жеке тұлғаларға меншік құқығымен тиесілі мүліктерді, жерді, транспортты пайдалану күнінен бастап (бұдан әрі – пайдалану кезінен бастап) мүлік салығын салу объектісі болып табылады. Жеке тұлғаның мүлік салығын салу объектісі мүлік салығын салу объектісі Қазақстан Республикасының аумағында болу қажет.

Салық кодексінің 409-бабының 7-бөлігінде бюджетке салық төлеу жеке тұлғалардың мынадай салық салу объектілері: құқығы алғаш рет ағымдағы салық кезеңінің алдындағы салық кезеңінің ішінде тіркелген салық салу объектілерін қоса алғанда, құқығы ағымдағы салық кезеңінің 1 қаңтарына дейін тіркелген объектілері; пайдалану фактісі ағымдағы салық кезеңінің алдындағы салық кезеңінде анықталған, аяқталмаған құрылыс объектілері бойынша салық салу объектілерінің орналасқан жері бойынша ағымдағы салық кезеңінің 1 қазанынан кешіктірілмей жүргізілетіні көзделген.

Салық кодексінің 391-бабының 3- бөлігіне сай жеке тұлғалар салық органдары есептеген жер салығын бюджетке ағымдағы жылдың 1 қазанынан кешiктiрмей төлейдi.

Салық міндеттемелері ағымдағы жылдың 1 қазанынан кейін туындаған кезде, салық сомасын төлеу салық салу объектісіне меншік құқығы мемлекеттік тіркелгеннен кейін отыз жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

Салық кодексінің 622-бабында жеке кәсіпкер, жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат болып табылмайтын жеке тұлға салық берешегінің сомаларын төлемеген немесе толық төлемеген жағдайда салық органы сот бұйрығын шығару туралы өтінішпен немесе оның мүлкі есебінен салық берешегі сомасын өндіріп алу туралы талап-арызбен сотқа жүгінетіндігі белгіленген.

Салық кодексінің 12-бабы 1-тармағының 32) тармақшасында салық берешегі бересі сомасы, сондай-ақ төленбеген өсімпұл мен айыппұлдар сомасы ретінде айқындалғанын ескеру керек. Есептелген, есепке жазылған және мерзімінде төленбеген салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасы бересі болып табылады (Салық кодексінің көрсетілген нормасының 5) тармақшасы).

Салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түрлері Салық кодексінің 55-бабында белгіленген. Егер салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасын салық төлеушінің өзі салық декларациясында не салық органы немесе уәкілетті мемлекеттік орган Салық кодексінің нормаларына сәйкес есептесе немесе салық органы заңдық күші бар салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламада есептеп жазған жағдайда ғана салық органының талабын судья немесе сот қанағаттандыра алады.

Салық кодексінің 607-бабында салық қызмет органының салық міндеттемесін, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу және аудару, әлеуметтік аударымдарды есептеу мен төлеу бойынша міндеттемелерді орындау қажеттігі туралы салық төлеушіге (салық агентіне) қағаз жеткізгішпен немесе оның жазбаша келісімі бойынша электрондық тәсілмен жіберген хабары хабарлама деп танылады.

Хабарламалардың нысандарын уәкілетті орган белгілейді.

Хабарлама түрлерi төменде аталған түрлермен шектеледi және олар салық төлеушiге (салық агентіне) мынадай мерзiмдерде: 1) осы Кодекстің 32-бабының 2-тармағына сәйкес салық органы есептеген салық сомалары туралы – есептеу күнінен бастап он жұмыс күнiнен кешiктiрмей жіберіледі. Хабарлама салық төлеушiге (салық агентіне) өзiнің қолын қойғызып немесе жөнелту мен алу фактiсiн растайтын өзге де тәсiлмен тапсырылуға тиiс.

Бұл ретте, төменде тізбеленген тәсілдердің біреуімен жіберілген хабарлама мынадай жағдайларда: - почта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хатпен жіберілгенде – салық төлеушінің (салық агентінің) почтаның немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына белгі қойған күннен бастап; - электрондық тәсілмен жіберілгенде – веб-қосымшада хабарламаны салық органы жіберген күннен бастап хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) тапсырылды деп есептеледі.

Бұл тәсіл осы Кодекстің 572-бабында белгіленген тәртіппен электрондық салық төлеуші ретінде тіркелген салық төлеушіге қолданылады. Хабарламаны алғаннан кейін жеке тұлға хабарламада көзделген салықты өздігінен дер кезінде төлеу қажет.

Егер өз беттерімен белгіленген мерзімде төлемесе онда салық қызметі органдары салықты және басқа да міндетті төлемдерді өндіру туралы сотқа талаппен жүгінеді.

Салық қызметі органдарының жеке тұлғалалардан салық және басқа да міндетті төлемдерді өндіру туралы азаматтық істер қарау барысында қиындық тудырмайтын, күрделі емес санаттағы істерге жатады.

Жер және мүлік салығын өндіру туралы азаматтық істерді қарау бойынша сот тәжірибесі

              Салық Кодексінің 405-бабына, 403-бабының 1-бөлігіне, 373-бабы 1- бөлігінің 1,2,3, 365-бабының 1-бөлігіне сәйкес салық салу объектiсi бар жеке тұлғалар жеке тұлғалардың мүлiк салығын төлеушiлер болып табылады.

Жеке тұлғаларға меншік құқығымен тиесілі Қазақстан Республикасының аумағындағы тұрғын үйлер, үйлер, саяжай құрылыстары, гараждар және өзге де құрылыстар, ғимараттар, үй-жайлар, сондай-ақ аяқталмаған құрылыс объектілері қоныстану, пайдалану күнінен бастап (бұдан әрі – пайдалану кезінен бастап) мүлік салығын салу объектісі болып табылады Салық Кодексінің 409-бабы 7-бөлігіне сәйкес, бюджетке салық төлеу пайдалану фактісі ағымдағы салық кезеңінің алдындағы салық кезеңінде анықталған, аяқталмаған құрылыс объектілері бойынша салық салу объектілерінің орналасқан жері бойынша ағымдағы салық кезеңінің 1 қазанынан кешіктірілмей жүргізіледі.

Жеке меншiк құқығындағы, тұрақты жер пайдалану құқығындағы, бастапқы өтеусiз уақытша жер пайдалану құқығындағы салық салу объектiлерi бар жеке және заңды тұлғалар жер салығын төлеушiлер болып табылады.

Салық Кодексінің 391-бабы 3-бөлігіне сәйкес егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, жеке тұлғалар (осы тармақтың екінші бөлігінде аталған тұлғаларды қоспағанда) төлеуге жататын жер салығын есептеудi салық органдары тиiстi салық мөлшерлемелері мен салық базасын негiзге ала отырып, ағымдағы жылдың 1 тамызынан кешіктірмей жүргiзедi.

Сот актілерін зерделеу барысында, республикасы соттарымен осы санаттағы азаматтық істерді қарау барысында бір сот практикасы қолданылатындығы көрінеді.       

Мысалы, «Қазақстан Республикасы қаржы Министрлігінің Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Степногорск қаласының мемлекеттік кірістер басқармасы» ММ-нің (әрі қарай – мемлекеттік кірістер басқармасы) жауапкер А.В.Ремишевскийге талап арызбен жүгінген. Талап арызда жауапкердің атағына жеке меншік тіркелгендігін, алайда 2014 жылға аталған мүлік бойынша салық төлемдерін төлемегендігін, сол себептен 293 тенге көлемінде салық берешегі пайда болғандығын көрсеткен, яғни мүлік салығы 251тенге, өсімпұл 20 тенге, жер салығы бойынша 12 тенге, өсімпұл 10 тенге. 2014 жылғы 14 желтоқсандағы №09000171306 Қазақстан Республикасы Салық заңнамасында көрсетілген кемшіліктерді жөндеу туралы хабарламаға сәйкес, жауапкер салық төлемдері және мемлекет кірісіне өзге де міндетті төлемдер бойынша пайда болған берешек анықталғандығы туралы және оны төлеу қажет екені жөнінде хабарланғандығы сотпен анықталды. Яғни, млік салығы (КБК 104102) бойынша 251 тенге көлемінде, өсімпұл 20 тенге, жер салығы (КБК 104302) бойынша 12 тенге, өсімпұл 10 тенге. Аталған хабарлама салық төлеуші – жауапкерге табысталған.

Хабарламада көрсетілген уақыт ішінде жауапкер салық төлемдері бойынша берешегін төлемеген.

Салық Кодексінің 610-бабына сәйкес, өсiмпұл салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдерді, оның ішінде олар бойынша аванстық және (немесе) ағымдағы төлемдерді төлеу мерзiмi күнiнен кейiнгi күннен бастап, мерзімі өткен әрбiр күн үшiн, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерiнде бюджетке төлеген күндi қоса алғанда, мерзiмi өткен әрбiр күн үшiн есепке жазылады.

Сотқа келіп түскен берекшекті есептеу туралы хабарламаға сәйкес, берешек уақыты Салық қызмет органымен жауапкердің атына мүлік тіркелген уақыттан бастап есептелген. Аталған хабалама жауапкермен дауланбаған.

Әр төленбеген күнін есептегенде, 2014 жылдың 1 қазанынан бастап өсімпұл сомасы мүлік салығы бойынша 20 тенге, жер салығы бойынша 10 тенгені құрады.

Яғни, бірінші саты сотының шешіміне сәйкес Салық қызмет органының салық берешегін және өсімпұлды өндіру туралы талап арызы орынды қанағаттандырылған. «Талдыкорган қаласының мемлекеттік кірістер басқармасы» ММ (әрі қарай - Басқарма) жауапкер Г.Г.Белянскаяға талап арызбен жүгініп, талап арызында, Алматы облысының Әділет департаментінің мәліметіне сәйкес, жауапкер 20.01.2009 жылғы №1-132 сатып алу-сату шарты негізінде, Алматы қаласы, Ауэзов ауданы, Жубанов көшесі, 13 үй, 37А пәтер мекен-жайы бойынша орналасқан пәтерді сатып алғандығын және 27.02.2009 жылғы сатып алу-сату шартына сәйкес аталған мүлікті 2295000 тенге көлемінде сатқандығын көрсетті.

Салық кодексінің 185-бабы 1-бөлігінің 3-тармақшасына және 186-бабына сәйкес, жауапкер құны өсуіне байланысты 2295000 тенге көлемінде мүлік табысын ала отырып, 2009 жылға жеке табыс салығы бойынша декларацияны орналасқан жеріндегi салық органына есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрiлмей табыс ету қажет еді.

Сонымен қатар, Салық кодексінің 158-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жауапкер 229500 тенге көлемінде мүлік салығын төлеу қажет еді. (2295000 х 10% есебіне сәйкес). Сондай-ақ, Салық кодексінің 610-бабының 3-бөлігіне сәйкес жауапкерден 27.11.2014 жылға анықталған 167590 тенге көлемінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерiнде бюджетке төлеген күндi қоса алғанда, мерзiмi өткен әрбiр күн үшiн өсімпұлды өндіруді сұраған.

Салық кодексінің 180-бабы 1-бөлігінің 1-тармағына сәйкес Жеке тұлғаның салық салынуға жататын мүліктік табысына жеке тұлғаның, сондай-ақ шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режімін қолданатын дара кәсіпкердің көрсетілген мүлікті өткізуі кезіндегі құн өсімінен түсетін табыс жатады.

Салық кодексінің 180-1 бабы 1,2-тармақтарына сәйкес, жеке тұлғаның мүлікті өткізуі кезіндегі құн өсімінен түсетін табысы, меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт меншік құқығында болған тұрғын үйлерді, саяжай құрылыстарын, гараждарды, жеке қосалқы шаруашылық объектілерін және меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт меншік құқығында болған, объектілер орналасқан, меншік құқығы туындаған күннен бастап өткізу күніне дейін нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы, саяжай құрылысы, жеке қосалқы шаруашылықты жүргізу, гараж салу болып табылатын жер учаскелерін және (немесе) жер үлестерін өткізу кезінде пайда болады.

Салық кодексінің 158-бабын басшылыққа алсақ, салық төлеушiнiң табыстарына 10 пайыздық мөлшерлеме бойынша салық салынады.

Жауапкер Белянская Г.Г. Алматы қаласы, Ауэзов ауданы, Жубанов көшесі, 13 үй, 37А пәтер мекен-жайы бойынша орналасқан пәтерді 20.01.2009 жылғы сатып алу-сату шартына сәйкес сатып алғандығы, мүлікке жеке меншік құқығын 20.01.2009 жылы тіркегендігі және 27.02.2009 жылғы сатып алу-сату шартына сәйкес аталған мүлікті 2 295 000 тенге көлемінде сатқандығы, яғни мүлікке жеке меншік құқығын тіркегеннен кейін бір жыл өтпей бұрын сатқандығы сотта анықталды.

Жауапкер өзінің салық міндеттерін уақытылы орындамады, атап айтқанда жеке мүлік салығы бойынша декларациясы табысталмаған және 229 500 тенге көлемінде жеке мүлік табысы бойынша салық төлемдері төленбеген.

Салық кодексінің 26-бабына сәйкес, салық төлеушінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекет алдында туындайтын міндеттемесі салық міндеттемесі деп танылады, оған орай салық төлеуші салық органында тіркелу есебіне тұруға, салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындауға, салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, сондай-ақ олар бойынша аванстық және ағымдағы төлемдерді есептеуге және төлеуге, салықтық нысандарды жасауға, салық тіркелімдерін қоспағанда, салықтық нысандарды салық органына белгіленген мерзімде табыс етуге міндетті.

Мемлекеттің салық органы арқылы салық төлеушіден (салық агентінен) оның салық міндеттемесін толық көлемінде орындауын талап етуге, ал салық міндеттемесі орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда осы Кодексте көзделген тәртіппен оларды қамтамасыз ету жөніндегі тәсілдерді және мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға құқығы бар.

Сонымен қатар, Салық кодексінің 610-бабының 3-тармағына сәйкес өсiмпұл салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдерді, оның ішінде олар бойынша аванстық және (немесе) ағымдағы төлемдерді төлеу мерзiмi күнiнен кейiнгi күннен бастап, мерзімі өткен әрбiр күн үшiн, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерiнде бюджетке төлеген күндi қоса алғанда, мерзiмi өткен әрбiр күн үшiн есепке жазылады.

Жоғарыдағылардың негізінде, сот салық қызметі органының талап арызын орынды қанағаттандырған.

Көлік құралдарына салық төлемдерін өндіру туралы азаматтық істер

              Меншік құқығында салық салу объектілері бар жеке тұлғалар және меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында салық салу объектілері бар заңды тұлғалар көлік құралдары салығын төлеушілер болып табылады.

Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiркеуге жататын және (немесе) есепте тұрған, тiркемелердi қоспағанда, көлiк құралдары салық салу объектiлерi болып табылады.

              2013 жылғы 5 желтоқсандағы көлік құралдарына қатысты салық заңнамасына сәйкес негізгі қосымшалар Салық кодексінің 365 және 367 баптарына енізілген.

Мысалы, «Алматы қаласы бойынша салық басқармасы» ММ-нің жауапкер С.Болдыреваға жеке тұлғалардан көлік құралдарына қатысты салық төлемдерін өндіру туралы талап арызы қаралған.

Салық кодексінің 367-бабына сәйкес, Салық комитетімен С.Болдыреваға 2013 жыл бойынша көлік құралдарын пайдалану бойынша 1457 тенге көлемінде, 2014 жыл бойынша 3024 тенге көлемінде салық есептелгендігі анықталды.

Аталған салықты жауапкер салық кезеңінің 1 қазанына дейін төлеу қажет еді. Алайда, жауапкер аталған берешекті өз еркімен уақытыл төлемеген. Жауапкердің, 2011 жылы автокөлікті өзге тұлғаға жекешелендіргені және осы уақыттан бері көлікке қатысты мүлік құқығы тоқтатылғандығы туралы сөздері, сотпен заңды негізге алынбаған.

Азаматтық кодекстің 235, 238, 239-баптарына сәйкес, шарт бойынша мүлiк алушының меншiк құқығы, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, зат берiлген кезден бастап пайда болады.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 1998 жылдғы 12 қазандағы №343 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасында көлік құралдарын және олардың тіркемелерін мемлекеттік тіркеудің Ережелерінде көлік құралдарын иеліктен айыру бойынша негізгі міндеттемелер айқындалған. Аталған міндеттерге сәйкес, көлік құралын тіркеу есебінен шығаруды және көлік құралына берілген төлқұжатты, мемлекеттік нөмірді тапысурды білдіреді.

Жауапкер С.Болодырева аталған көлік құралының өзінің атына тіркелгеніне қарамастан, автокөліктің сатылғандығы туралы өзінің сөздеріне дәлел келтіре алмады. ІІБ Жол полициясының анықтамасына сәйкес, автокөлік жауапкердің атына тіркелген. Аталған мәселені жауапкердің өзі де мойындаған. Осы негізде, жауапкер автокөліктің иесі бола тұра, көлік құралдарына салық төлеуші болып табылады.

Бұл ретте, түскен талап арыз сотпен орынды қанағаттандырылған. Басқа істің мән-жайына қарасақ, салық төлеуші көлік құралын сатқан, алайда Жол көлік полициясының тіркеу есебнен уақытылы алынбаған. Көлік құралы, яғни салық салу нысанасының болмауына байланысты салық төлеуші көлік салығынан босатылдым деп түсінген.

Алайда, Салық қызметі органдары осы көліктің тіркеу есебінде болғандығына сілтеме жасап, салық төлемдерін есептеген. Осы мәселе бойынша соттарда ортақ пікір қалыптасқан. Соттар, Салық кодексінің 366, 367, 368 және 369-баптарына сәйкес, салық салу нысанасы туралы ақпарат, Жол көлік полициясының тіркеу есебінде орналасқан көлік құралдары туралы мәліметтерге сәйкес анықталған.

Яғни, тиісті тіркеу есебінен алынған уақытқа дейін автокөлік салық салу нысанасы болып табылады. Жоғарыдағы негіз дұрыс болып есептеледі, себебі көлік құралдарын кәдеге жарату салық төлемдерін төлеу бойынша міндеттерді тоқтатуға қажетті негіз болып саналмайды.

Соттармен Салық кодексінің 365-бабы 3-бөлігінің 5-тармағы орынды қолданылады. Салық кодексінің 365-бабы 3-бөлігінің 5-тармағына сәйкес, салық салу объектiсi болып табылатын бiр автокөлiк құралы бойынша – меншiгiнде мотоколяскалары мен автомобильдерi бар мүгедектер көлiк құралдары салығын төлеушiлер болып табылмайды.

Жауапкерлердің мүгедектігі зейнетақы құжатымен дәлелденеді, яғни сол құжатқа сәйкес жауапкерлер өздерінің мүгедектігіне байланысты зейнетақы алушылар болып есептеледі. Жоғарыдағыдардың негізінде, Салық кодексінің 365-бабы 3-бөлігінің 5- тармағына сай, жауапкерлер көлiк құралдары салығын төлеушiлер болып табылмайды. Осы орайда, сотпен талап арызы қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім орынды қабылданған.

             Қазақстан Республикасында салық заңнамаларының бұзылу санатындағы істерді қарау мәселелеріне қатысты негізгі нормативтік-құқықтық актілер базасы:

1.Қазақстан Республикасының Конституциясы

2.Қазақстан Республикасының Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)

3.Халықаралық шарттар

  1. Қазақстан Республикасының «Нормативтік құқықтық актілері туралы» Заңы.
  2. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының «Салық заңдарын қолданудың сот тәжирібесітуралы» №1 от 27 ақпан 2013 жылғы қаулысы.

Назар аударыңыз!

«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкендігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды.

Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.

Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.

            Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы  Заң компаниясы