14-бап. Жеке басқа қолсұғылмаушылық ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Осы Кодексте белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша болмаса, ешкiмдi де қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұстап алуға, күзетпен қамауға алуға немесе өзгеше түрде бас бостандығынан айыруға болмайды.
2. Күзетпен ұстауға және үйқамаққа алуға осы Кодексте көзделген жағдайларда ғана және күзетпен қамауға не үйқамаққа алынған адамға сотқа шағым жасау құқығын бере отырып, соттың санкциясымен ғана жол берiледi.
Осы Кодексте адамды соттың санкциясынсыз жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алуға жол берілетіні тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, адам соттың санкциясынсыз – қырық сегіз сағаттан аспайтын мерзімге, ал кәмелетке толмаған адам жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімге ұсталуға ұшырауы мүмкін.
Күзетпен ұсталмаған адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптамалар жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға соттың шешiмiмен ғана жол берiледi.
3. Әрбiр ұстап алынған адамға ұстап алудың негiздерi, сондай-ақ оған қылмыстық заңда көзделген қандай іс-әрекетті жасады деп күдік келтiрiлгені туралы дереу хабарланады.
4. Сот, қылмыстық қудалау органдары, күзетпен ұстау орны әкімшілігінің, медициналық ұйымның басшысы заңсыз ұстап алынған немесе күзетпен ұсталып отырған немесе медициналық ұйымға заңсыз орналастырылған не заңда немесе үкiмде көзделгендегiден артық мерзiмге күзетпен ұсталып отырған адамды дереу босатуға мiндеттi.
5. Қылмыстық процеске қатысатын адамдардың ешқайсысын азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас немесе жазалау түрлерiне ұшыратуға болмайды.
6. Ешкiмдi де адамның өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төндіретін процестік әрекеттерге қатысуға тартуға болмайды. Жеке басқа қолсұғылмаушылықты бұзатын процестік әрекеттер осы Кодексте тiкелей көзделген жағдайларда және тәртiппен ғана адамның не оның заңды өкiлiнiң еркiне қарсы жүргiзiлуi мүмкiн.
7. Адамды, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған адамды күзетпен ұстау оның өмiрi мен денсаулығына қатер төндірмейтін жағдайларда жүзеге асырылуға тиiс.
8. Азаматқа бас бостандығынан заңсыз айыру, оны өмiрi мен денсаулығына қауiптi жағдайларда ұстау, оған қатыгез қарым-қатынас жасау салдарынан келтiрiлген зиян осы Кодексте көзделген тәртiппен өтелуге жатады.
Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.12.2017 № 118-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы