175-бап. Мемлекетке опасыздық жасау ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының
- Мемлекетке опасыздық жасау, яғни Қазақстан Республикасы азаматының қарулы қақтығыс уақытында жау жағына өтiп кетуінен, сол сияқты тыңшылық жасауынан, мемлекеттiк құпияларды шет мемлекетке, халықаралық немесе шетелдiк ұйымға не олардың өкiлдерiне беруінен, сол сияқты Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне қарсы бағытталған әрекетті жүргізуге оның өзге де көмек көрсетуінен көрінген қасақана іс-әрекеттері –
Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- Ұрыс жағдайында жасалған дәл сол іс-әрекеттер –
Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы бапта, сондай-ақ осы Кодекстiң 176 және 179-баптарында көзделген қылмыстарды жасаған адам, егер ол мемлекеттiк органдарға ерiктi түрде және дер кезiнде хабарлауымен немесе өзгеше жолмен Қазақстан Республикасының мүдделерiне нұқсан келтiрудi болдырмауға ықпал етсе және егер оның әрекеттерiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1400000226#z1
Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (коментарии), Жоғарғы Соттың
нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы