201-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуге тиіс. Олар, егер бұл тергеп-тексеру мүдделерiне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкiн деп танылса, сол көлемде жария етiлуi мүмкiн.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қорғаушыға, куәларға, жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге немесе олардың өкiлдерiне, сарапшыға, маманға, аудармашыға, куәгерлерге және тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде қатысқан басқа да адамдарға өзiнiң рұқсатынсыз iстегi мәлiметтердi жария етуге жол берiлмейтiнi туралы ескертедi, бұл туралы көрсетілген адамдардан жауаптылық туралы ескертіле отырып қолхат алынады.
3. Мыналар:
1) осы Кодексте көзделген тәртіппен процеске қатысушылардан шығатын сұрау салуларда, өтінішхаттарда, арыздарда, шағымдарда және өзге де процестік құжаттарда баяндалған қылмыстық іс бойынша мәліметтерді беру;
2) қылмыстық іс бойынша мәліметтерді оған қорғаушы, жәбірленушінің өкілі, шарттық негізде сарапшы, маман ретінде қатысуға тартылатын адамға, ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 423-бабы бойынша жауаптылықпен таныстырылған және тиісті қолхат ресімделе отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның не прокурордың келісуінсіз көрсетілген мәліметтерді жария етпеу туралы жазбаша міндеттемені берген жағдайда, беру;
3) активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға қылмыстық іс жүргізу барысында алынған активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға байланысты мәліметтерді ұсыну сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария ету болып табылмайды.
Ескерту. 201-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 09.06.2021 № 49-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2023 № 23-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы