202-бап. Адамды күдікті деп тану туралы жариялау ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Адамның қылмыс жасағанын көрсететін, оның ішінде осы Кодекстің 128-бабы екінші бөлігінің 1) – 4) тармақтарында көзделген деректер болған кезде, егер бұл ретте оған процестік ұстап алуды қолданудың қажеттігі болмаса, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы адамды күдікті деп тану туралы қаулы шығарады, ол соның негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарымен бірге дереу прокурорға келісу үшін жіберіледі.
1-1. Прокурор адамды күдікті деп тану туралы қаулыны келісу туралы дереу шешім қабылдайды не уәжді қаулымен оны келісуден бас тартады.
1-2. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам адамды күдікті деп тану туралы қаулыны келісу үшін дереу прокурорға жібере отырып, адамды күдікті деп тану туралы қаулы шығаруға және осы Кодекстің 209 және 216-баптарында көзделген қағидалар бойынша одан жауап алуға құқылы.
Қаулыға қылмыстық іс материалдары және адамнан күдікті ретінде жауап алу хаттамасы қоса беріледі.
Прокурор қылмыстық іс материалдарын және адамнан күдікті ретінде жауап алу хаттамасын зерделеп шығып, дереу:
1) адамды күдікті деп тану туралы қаулыны келіседі;
2) жүргізілген жауап алуды дәлелдеме ретінде қолдануға жол берілмейді деп тани отырып, адамды күдікті деп тану туралы қаулыны келісуден бас тарту туралы уәжді қаулы шығарады және қылмыстық іс материалдарын сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, қажет болған кезде белгілі бір тергеу әрекеттерін және (немесе) процестік әрекеттерді жүргізуін көрсете отырып қайтарады. Прокурор осы қаулыны келісуден бас тартқан кезде адамның күдікті жағдайында болуы тоқтатылады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам прокурор қабылдаған шешім туралы күдіктіні немесе өзіне қатысты прокурор күдікті деп тану туралы қаулыны келісуден бас тартқан адамды хабардар етеді.
2. Адамды күдікті деп тану туралы қаулыда:
1) оның жасалған уақыты мен орны; қаулыны кімнің жасағаны; күдікті деп танылатын адамның тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), оның туған күні, айы, жылы және туған жері;
2) адамға қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілетіні көрсетілуге тиіс.
Кәсіптік және қызметтік міндеттерін орындауға байланысты қылмыстар жасаған кезде адвокатты, прокурорды, тергеушіні, анықтаушыны, тергеу бөлімінің бастығын, анықтау органының бастығын күдікті деп тану туралы қаулы прокуратура органының басшысымен келісіледі.
Адамды күдікті деп тану туралы қаулы сол адамға жарияланады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам өзіне қатысты күдікті деп тану туралы қаулы шығарылған адамға күдіктінің құқықтарын түсіндіруге, бұл туралы қаулыда белгі жасауға және оған сол қаулының көшірмесін табыс етуге міндетті.
3. Алып тасталды - ҚР 19.12.2020 № 384-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Ескерту. 202-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 19.12.2020 № 384-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2021 № 88-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы