617-5-бап. Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасқаннан кейін прокурордың, тергеушінің қылмыстық іс бойынша әрекеттері ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы мәміле нысанында процестік келісімге қол қойылғаннан кейін прокурор күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасының күшін жою не оны өзгерту қажеттігі туралы мәселені қарайды. Іс бойынша тергеу әрекеттерін және процестік әрекеттерді жүргізу қажет болған жағдайда прокурор істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына жібереді.
2. Тергеуші күдіктінің, айыпталушының кінәсін растауға жеткілікті көлемде дәлелдемелер жинауды жүзеге асырады.
3. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде қылмыс жасаудың процестік келісімде көзделмеген өзге мән-жайлары анықталған жағдайда, осы келісім осы Кодекстің 617-3 және 617-4-баптарында көзделген тәртіппен және мерзімдерде қайта қаралуға жатады не өзінің қолданысын тоқтатады.
4. Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы мәміле нысанында процестік келісім жасалғаннан кейін тергеу әрекеттерін және процестік әрекеттерді жүргізу қажеттігі болмаған жағдайда, іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды деп есептеледі және прокурор оны айыптау актісінсіз дереу сотқа жібереді, бұл туралы жәбірленушіні және оның өкілін (ол болған кезде) хабардар етеді.
Ескерту. 617-5-баппен толықтырылды – ҚР 12.07.2023 № 23-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы