206-бап. Күдіктіге оның іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жария ету тәртібі ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы, егер қорғаушының қатысуы заң бойынша міндетті болса немесе бұл туралы күдікті өтінішхат берсе, қорғаушының қатысуымен және қаулы шығарылған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей жария етіледі. Күдікті немесе оның қорғаушысы келмей қалған жағдайда, қаулы жиырма төрт сағат өткеннен кейін де жариялануы мүмкін.
2. Күштеп әкелінген күдіктіге қаулы ол күштеп әкелiнген күнi жарияланады. Бұл ретте сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау кезiнде қорғаушының қатысуы заң бойынша мiндеттi болған жағдайларда қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету шараларын қолдануға тиiс.
3. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктінің жеке басына және қорғаушының қорғауды жүргiзу туралы тапсырмасына көз жеткізгеннен кейiн күдіктіге және оның қорғаушысына күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялайды.
4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіге күдік келтірудің мәнiн түсiндiруге мiндеттi.
5. Осы баптың үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көрсетiлген әрекеттердi орындау күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау күнi мен сағаты көрсетіле отырып, осы қаулыға күдіктінің, қорғаушының және тергеушiнiң қойылған қолдарымен куәландырылады.
6. Күдікті қол қоюдан бас тартқан жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам және егер ол күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау кезінде қатысқан болса қорғаушы күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыда күдіктіге қаулы мәтінінің жария етілгенін куәландырады.
7. Күдіктіге күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулының көшiрмесi табыс етіледі.
8. Күдікті Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болған және қылмыстық қудалау органдарына келуден жалтарған жағдайда – сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам, ал қорғаушы келген жағдайда – қорғаушы да, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыда оның Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болуына және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына келуден жалтаруына байланысты күдікті деп жариялау мүмкін еместігін куәландырады.
Егер күдіктінің тұрып жатқан жері белгілі болса, қаулының көшірмесі оған байланыс құралдарын пайдалану, оның ішінде пошта арқылы да жіберіледі. Қажет болған жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам прокурордың келісімімен республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, күдіктінің тұрып жатқан жері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпыға қолжетімді телекоммуникациялық желілерде күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы хабарламаны жариялауды ұйымдастыруға құқылы.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы