212-бап. Жауап алу хаттамасы ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Жауап алудың барысы мен нәтижелерi осы Кодекстiң 199-бабының талаптары сақтала отырып жасалатын хаттамада көрсетiледi.
Айғақтар бiрiншi жақтан және мүмкiндiгiнше сөзбе-сөз жазылады. Сұрақтар мен олардың жауаптары жауап алу кезiндегi ретi бойынша жазылады. Хаттамада жауап алуға қатысқан адамдардың сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қабылдамаған немесе жауап алынып отырған адам жауап беруден бас тартқан сұрақтары да, оларды қабылдамаудың немесе олардан бас тартудың уәждерi көрсетiле отырып, қамтылуға тиiс.
2. Бірінші жауап алу хаттамасында жауап алынып отырған адамның жеке басы туралы деректер, оның iшiнде: тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), туған уақыты мен жерi, азаматтығы, ұлты, бiлiмi; отбасылық жағдайы, жұмыс орны, қызмет түрi немесе лауазымы, тұрғылықты жерi, сондай-ақ осы Кодекстің 199-бабы төртінші бөлігінің қағидаларына сәйкес істің мән-жайлары бойынша қажет болуы мүмкін басқа да мәлiметтер көрсетiледi.
Кейiнгi жауап алулар кезінде жауап алынып отырған адамның жеке басы туралы деректердi, егер олар өзгермеген болса, оның тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде) көрсетумен шектелуге болады.
Күдіктiден жауап алу хаттамасында бұрын сотталғандығының бар-жоғы көрсетiледi.
3. Жауап алынып отырған адам схемалар, сызбалар, суреттер, диаграммалар жасай алады, олар хаттамаға қоса тiркеліп, онда бұл туралы белгi жасалады.
4. Хаттамада жауап алуға қатысқан барлық адамдар көрсетіледі. Олардың әрқайсысы хаттамаға, сондай-ақ оған жасалған барлық толықтырулар мен нақтылауларға қол қоюға тиіс.
5. Еркін баяндаудан кейін жауап алынып отырған адам өз айғақтарын өз қолымен жазуға құқылы. Жауап алынып отырған адам айғақтарын өз қолымен жазғаннан және оларға қол қойғаннан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам толықтырушы және нақтылаушы сұрақтар қоюы мүмкін.
6. Жауап алу аяқталғаннан кейiн хаттама оқып шығу үшiн жауап алынып отырған адамға ұсынылады не оның өтiнуi бойынша жарияланады. Жауап алынып отырған адамның хаттамаға толықтыру мен нақтылау енгiзу талабы мiндеттi түрде орындалуға тиіс.
7. Айғақтармен танысу фактiсiн және олардың жазылуының дұрыстығын жауап алынып отырған адам хаттаманың соңында өз қолын қою арқылы куәландырады. Жауап алынып отырған адам сонымен қатар хаттаманың әрбiр бетiне де қол қояды. Жауап алынып отырған адам хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бас тарту себептерiн анықтайды, оларды хаттамаға енгiзедi және хаттаманы өзiнің қолымен куәландырады.
8. Егер жауап алынып отырған адам дене бітімінің кемiстiгiнен немесе өзге де себептердің салдарынан хаттамаға өзi қол қою мүмкіндігінен айырылса, оның өтiнуi бойынша хаттамаға қорғаушы, жауап алынып отырған адам сенетiн өкiл немесе өзге адам қол қояды, бұл туралы хаттамада белгi жасалады.
9. Егер жауап алуға аудармашы не сурдоаударма дағдыларын меңгерген адам қатысса, онда олар да хаттаманың әрбiр бетiне және тұтас хаттамаға қол қояды. Олар жауап алынатын адамның өз қолымен жазған айғақтарының аудармасына да қол қояды.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы