325-бап. Экологиялық тұрғыдан әлеуетті қауіпті химиялық немесе биологиялық заттармен жұмыс істеу кезінде экологиялық талаптарды бұзу ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының
- Экологиялық тұрғыдан әлеуетті қауіпті химиялық немесе биологиялық заттарды өндiру, тасымалдау, сақтау, көму, пайдалану немесе олармен өзге де жұмыс iстеу кезінде экологиялық талаптарды бұзу, егер бұл іс-әрекет айтарлықтай залал келтіруге әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса немесе адамның денсаулығына зиян келтiрсе, –
бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
- Ірі залал келтірген не келтiру қатерін туғызған, сол сияқты төтенше экологиялық ахуал аумағында жасалған дәл сол іс-әрекет –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, аса ірі залал келтіруге не адам өліміне не адамдардың жаппай сырқаттануына әкеп соққан іс-әрекеттер –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1400000226#z1
Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы