419-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым беру, прокурордың өтінішхатын келтіру мерзiмін қалпына келтiру тәртiбi ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Апелляциялық (жекеше) шағым беру, прокурордың өтінішхатын келтіру мерзімі өткізіп алынған жағдайда шағымды, прокурордың өтінішхатын беруге құқығы бар адамдар үкімді, қаулыны шығарған сот алдында өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат бере алады. Апелляциялық (жекеше) шағымды, прокурордың өтінішхатын беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхат жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілуі мүмкін. Мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхатты сот отырысында – істің басты сот талқылауы кезінде төрағалық еткен судья, ал ол ұзақ уақыт (кемінде бес тәулік) болмаған кезде осы соттың басқа судьясы қарайды, ол өтінішхат қозғаған адамды түсініктеме беру үшін шақыртуға құқылы.
2. Судьяның өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тарту туралы қаулысына тиісті облыстық немесе оған теңестірілген сотқа шағым жасалуы, прокурордың өтінішхаты бойынша сонда қайта қаралуы мүмкін, ол өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруге және осы Кодекстің 420-бабында және 421-бабының екінші бөлігінде жазылған талаптарды сақтай отырып, шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша істі қарауға құқылы. Соттың апелляциялық шағым берудің, прокурордың өтінішхатын келтірудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру туралы қаулысымен келіспейтін процеске қатысушылар апелляциялық сатының отырысы басталғанға дейін немесе сонда өз дәлелдерін беруге және осы қаулының күшін жою туралы өтінішхат беруге құқылы. Мұндай өтінішхат қанағаттандырылған жағдайда, апелляциялық саты өз қаулысымен апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын қараусыз қалдырады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген сот процеске қатысушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мүмкіндігін шектейтін заң бұзушылық кезінде (сот отырысының хаттамасын уақтылы дайындамау, іске қатысатын, сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамға сот актісінің көшірмесін аудармасыз табыс ету, сот актісінің қарар бөлігінде шағым жасау мерзімін көрсетудегі дәлсіздіктер), сондай-ақ оның шағымды уақтылы беруіне немесе прокурордың өтінішхатын келтіруіне объективті түрде кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар болған кезде апелляциялық (жекеше) шағым берудің, прокурордың апелляциялық өтінішхатын келтірудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіруге міндетті.
4. Апелляциялық саты судьясының өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы қаулысы шағыммен, прокурордың өтінішхатымен және басқа да материалдармен бірге үкімді, қаулыны шығарған сотқа осы Кодекстің 420 және 421-баптарында көзделген әрекеттерді орындау үшін дереу жіберіледі.
Ескерту. 419-бап жаңа редакцияда - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы