430-бап. Апелляциялық сатының өкілеттіктері ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Апелляциялық шағыммен немесе прокурордың өтінішхатымен бірге келіп түскен істі қараған кезде сот үкімнің заңдылығын тексеру және істі дұрыс шешу мақсатында тараптардың өтінішхаты бойынша:
1) сотталған адамның, жәбірленушінің және іске қатысатын басқа да адамдардың денсаулық жағдайына, отбасылық жағдайына және бұрынғы сотталғандықтары туралы деректерге байланысты құжаттарды талап етіп алдыруға, тараптардың өтінішхаты бойынша – басқа құжаттарды да талап етіп алдыруға;
2) сот-психиатриялық немесе өзге де сараптаманы тағайындауға;
3) сот отырысына қосымша куәларды, сарапшыларды, мамандарды шақыруға және олардан жауап алуға, тараптар ұсынған немесе олардың өтінуі бойынша сот талап етіп алдырған жазбаша, заттай және өзге де дәлелдемелерді зерттеуге;
4) бірінші сатыдағы сот зерттеген материалдарды жарамсыз дәлелдемелер деп тануға және оларды дәлелдемелер қатарынан алып тастауға;
5) бірінші сатыдағы сот дәлелдемелер қатарынан алып тастаған материалдарды жол берілетін дәлелдемелер деп тануға және оларды зерттеуге;
6) азаматтық талап қоюға қатысты мән-жайларды зерттеуге және азаматтық талап қою бойынша шешім қабылдауға;
7) істің барлық материалдарын толық, жан-жақты және объективті түрде зерттеуді қамтамасыз ету және іс бойынша ақиқатты анықтау үшін қажетті басқа да әрекеттерді орындауға құқылы.
2. Бірінші сатыдағы сот жауап алған, сот отырысының хаттамасында жазылған сотталған (ақталған) адамның, жәбірленушілердің, куәлардың, басқа да адамдардың айғақтарында түрліше түсінуге мүмкіндік беретін түсініксіз жайлар болған кезде сот өз бастамасы немесе тараптардың өтінішхаты бойынша сот отырысында осы мән-жайлар жөнінде жауап алу арқылы олардың айғақтарын нақтылауға құқылы.
3. Бірінші сатыдағы сотта процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасалған кезде апелляциялық сатыдағы сот оларды жасасудың мән-жайларын тексереді.
Ескерту. 430-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы