491-бап. Өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелерi бойынша қабылданатын шешімдер ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Судьялар өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелерi бойынша:
1) сот актiлерiн қайта қарауға негіздер болған кезде, өтінішхатты іспен бірге кассациялық сатыдағы сот отырысының қарауына беру туралы;
2) сот актiлерiн қайта қарауға негіздердің болмауына байланысты өтінішхатты кассациялық сатыдағы сот отырысының қарауына беруден бас тарту туралы;
3) осы Кодекстің 489-бабы бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша өтінішхатты кері қайтару туралы қаулы шығарады.
2. Судьялардың өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелерi бойынша шығаратын қаулысында:
1) шығарылған датасы мен орны;
2) өтінішхатты қараған судьялардың тегi мен аты-жөні;
3) дау туғызған сот актiсi көрсетіле отырып, қаулы шығарылған iс;
4) өтінішхатты берген адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса);
5) өтінішхатта келтiрiлген дәлелдер;
6) қабылданған процестік шешімнің уәждері;
7) өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша түйіндер көрсетiлуге тиiс.
3. Сот актілерін қайта қарауға негіздер болған кезде қаулы, өтінішхат және оған қоса берілген құжаттар іспен бірге кассациялық сатыдағы сотқа алдын ала қаралған күнінен бастап бес тәуліктен кешіктірілмей беріледі.
4. Өтінішхатты алдын ала қараудың нәтижелері бойынша шығарылған қаулының көшірмесі өтінішхатты берген адамға жіберіледі. Өтінішхат кері қайтарылған жағдайда оған қоса берілген құжаттар кері қайтарылуға жатады.
Ескертпе!
ҚР Конституциялық Сотының 16.05.2023 № 13 нормативтік қаулысын қараңыз.
5. Өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелері бойынша шығарылған қаулы шағым жасалуға жатпайды, бірақ ол нақ сол адамның немесе осы Кодекстің 486-бабында көрсетілген басқа адамдардың, бірақ басқа негіздер бойынша қайтадан өтінішхат беруіне кедергі болмайды.
Ескерту. 491-бап жаңа редакцияда - ҚР 31.10.2015 № 378-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді – ҚР 27.12.2021 № 88-VII (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы