636-бап. Алдын ала тыңдау өткiзудің ерекшелiктерi ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Судья алдын ала тыңдауды сотталушыларды, оның ішінде өздеріне iстi алқабилердiң қатысуымен қарау құқығы тиесілі емес сотталушыларды және олардың қорғаушыларын мiндеттi түрде қатыстыра отырып, жеке-дара өткiзедi.
2. Судья сот отырысының басында қай iстiң қаралуға жататынын хабарлайды, отырысқа қатысатын адамдарға өзiн таныстырады, кiмнiң мемлекеттiк айыптаушы, қорғаушы, хатшы екенiн хабарлайды, сотталушының жеке басын анықтайды, мәлiмделген қарсылық білдірулерді шешедi. Мемлекеттiк айыптаушы айыптау актісін жария етедi. Судья сотталушыға айыптаудың түсiнiктi-түсініксіз екенін анықтайды, қажет болған жағдайларда оған айыптаудың мәнiн түсiндiредi және оның өз iсiн алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы берген өтiнiшхатын растайтын-растамайтынын сұрайды. Егер істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхат мәлімделмесе, судья сотталушыға оның осы сот отырысында тікелей мәлімделуі мүмкін екенін түсіндіреді. Сотталушының ауызша өтінішхаты сот отырысының хаттамасына енгізіледі, жазбаша өтінішхат іске қоса тігіледі. Сотталушының істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өз өтінішхатынан бас тартуы, сондай-ақ оның осындай өтінішхатты мәлімдегісі келмейтіні сот отырысының хаттамасында не іске қоса тігілетін сотталушының жазбаша өтінішхатында көрсетіледі.
3. Егер сотталушы өз ісiн алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы өз өтiнiшхатын растаса, онда судья осы өтiнiшхатты қанағаттандыру туралы шешiм қабылдайды, бұл ретте басқа сотталушылардың пікірі ескерілмейді және мемлекеттiк айыптаушы, жәбiрленушi, сотталушы және оның қорғаушысы мәлiмдеген басқа өтiнiшхаттарды қарауға көшедi.
4. Қажет болған жағдайда, алдын ала тыңдауда дәлелдемелер ретiнде жол берілетінін тексеру үшiн iс материалдары жария етiлуi мүмкiн.
5. Егер сотталушы өз iсiн алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы өз өтiнiшхатын растамаса, судья осы Кодекстiң 321-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген басқа негiздер болмаған кезде алдын ала тыңдау аяқталды деп хабарлайды. Iс бойынша одан әрi іс жүргiзу осы Кодекстiң 42-тарауында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
6. Судьяның iстi алқабилер қатысатын соттың қарауы туралы мәселе жөніндегі қаулысы түпкiлiктi болып табылады. Одан әрі қаулы сотталушының ұстанымының өзгеруіне орай қайта қаралмайды.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы